26) 45-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Клиенттердің (клирингтік қатысушылардың, орталық депозитарий депоненттерінің, қор биржасы мүшелерінің) қаржы құралдарын лицензиат, бірыңғай тіркеуші, орталық депозитарий меншікті активтерінен бөлек есепке алады және лицензиат, бірыңғай тіркеуші, орталық депозитарий банкрот болған жағдайда мүліктік массаға және (немесе) таратылатын лицензиаттың, бірыңғай тіркеушінің, орталық депозитарийдің мүлкінің құрамына енгізілмейді.»;
27) 47-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
«3. Қаржы ұйымының және (немесе) банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционер) болу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қылмыстық жаза қолдану туралы өзіне қатысты заңды күшіне енген сот үкімі бар жеке тұлға өтініш берушінің (лицензиаттың) дауыс беретін акцияларына дауыс беретін акцияларының он және одан да көп пайызы мөлшерінде тікелей немесе жанама түрде иелік ете алмайды және (немесе) пайдалана алмайды және (немесе) билік ете алмайды.»;
28) 54-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«54-бап. Өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптар
1. Мыналар:
1) өтініш берушінің (лицензиаттың) басқару органының басшысы мен мүшелері;
2) өтініш берушінің (лицензиаттың) атқарушы органының басшысы (трансфер-агенттің атқарушы органының функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын тұлға) мен мүшелері;
3) трансфер-агенттің бас бухгалтерін қоспағанда, бас бухгалтер;
4) өтініш берушінің (лицензиаттың) оқшауланған бөлімшелерінің басшыларын және олардың бас бухгалтерлерін қоспағанда, өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыратын бір немесе бірнеше құрылымдық бөлiмшенiң қызметiн үйлестiрудi және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын және клиенттермен жасасқан шарттарда және уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актілерінде көзделген әртүрлі есептілік нысандарын қоса алғанда, клиенттермен жасалатын кез келген шарттарға, клиенттерге және (немесе) уәкілетті органға берілетін ақпаратқа, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы клиенттердің шоттарындағы активтердің қозғалысы мен қалдығының салыстырып тексерілгенін растайтын құжаттарға қол қою құқығы бар өзге де басшылары өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкерлері болып танылады.
2. Мыналар:
1) жоғары білімі жоқ;
2) тізбесін уәкілетті орган белгілейтін халықаралық қаржы ұйымдарында осы бапта белгіленген еңбек өтілі және (немесе) қаржылық қызмет көрсету және (немесе) оны реттеу және (немесе) қаржы ұйымдарына аудит жүргізу жөніндегі қызметтер көрсету саласында еңбек өтілі жоқ;
3) мінсіз іскерлік беделі жоқ;
4) уәкілетті органның қаржы ұйымын таратуға және (немесе) қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруды тоқтатуға алып келген қаржы ұйымын консервациялау туралы не оның акцияларын мәжбүрлеп иелену туралы, қаржы ұйымын лицензиясынан айыру туралы шешімі қабылданғанға дейін немесе қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін бір жылдан аспайтын кезеңде бұрын қаржы ұйымының басқару органының басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі (трансфер-агент тіркеушісінің атқарушы органының функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын тұлға және оның орынбасары), бас бухгалтері, ірі қатысушы - жеке тұлға, қаржы ұйымның ірі қатысушысы - заңды тұлғаның басшысы болған адамдар өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкері болып тағайындала (сайлана) алмайды.
Көрсетілген талап уәкілетті орган қаржы ұйымын таратуға және (немесе) қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруды тоқтатуға алып келген қаржы ұйымын консервациялау не оның акцияларын мәжбүрлеп иелену туралы, қаржы ұйымын лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдағаннан кейін немесе қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе оны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бес жыл бойы қолданылады;
5) лицензиаттың не өзге де қаржы ұйымының басшы қызметкері лауазымына тағайындалуға (сайлануға) келісімі кері қайтарып алынған адам өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкері болып тағайындала (сайлана) алмайды. Көрсетілген талап уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімін кері қайтарып алу туралы шешімді қабылдағаннан кейін қатарынан соңғы он екі ай бойы қолданылады.
Сыбайлас жемқорлық қылмысты жасаған не тағайындалу (сайлану) күніне дейінгі үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған адам да өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкері болып тағайындалмайды (сайланбайды);
6) қатарынан төрт және одан да көп кезең бойы шығарылған эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша купондық сыйақы төлеу бойынша дефолтқа жол берген не шығарылған эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша купондық сыйақы төлеу бойынша берешегінің сомасы купондық сыйақының төрт еселенген және (немесе) одан да көп мөлшерін құрайтын не шығарылған эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша негізгі борышты төлеу бойынша дефолт мөлшері төлеу күніне республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштен он мың есе асып түсетін соманы құрайтын дефолтқа жол берген, бұрын қаржы ұйымының басқару органының басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері, ірі қатысушы (ірі акционер) жеке тұлға, ірі қатысушы (ірі акционер) - заңды тұлға - эмитенттің басқару органының басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері болған адам өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкері болып тағайындала (сайлана) алмайды. Көрсетілген талап осы тармақшада көзделген мән-жайлар туындаған кезден бастап бес жыл бойы қолданылады.
3. Акционерлік қоғамның ұйымдастырушылық-құқықтық нысанында құрылған және қызметін жүзеге асыратын өтініш берушінің (лицензиаттың) атқарушы органы мүшелерінің саны кемінде үш адам болуға тиіс.
4. Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген талапқа сәйкес келу үшін:
1) өтініш берушінің (лицензиаттың) атқарушы органының басшысы (тіркеушінің, трансфер-агенттің атқарушы органының функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын тұлға), бас бухгалтері лауазымдарына кандидаттар үшін - кемінде үш жыл;
2) өтініш берушінің (лицензиаттың) басқару органының бірінші басшысы, атқарушы органының мүшелері лауазымдарына кандидаттар үшін - кемінде екі жыл;
3) өзге де басшы қызметкерлер лауазымдарына кандидаттар үшін кемінде бір жыл еңбек өтілі болуы қажет.
Өтініш берушінің (лицензиаттың) тек қауіпсіздік мәселелеріне, әкімшілік-шаруашылық мәселелеріне ғана жетекшілік ететін басқару органының мүшелері, сондай-ақ атқарушы органның мүшелері лауазымдарына кандидаттар үшін осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген еңбек өтілінің болуы талап етілмейді.
Осы тармақта айқындалған еңбек өтіліне қаржы ұйымы бөлімшелеріндегі шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты жұмыс кірмейді.
5. Басшы қызметкер тағайындалған (сайланған) күннен бастап өз лауазымын уәкілетті органның келісімінсіз күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзім бойы атқаруға құқылы.
Осы тармақта көрсетілген мерзім өткеннен кейін және құжаттардың толық топтамасы уәкілетті органға келісуге ұсынылмаған не уәкілетті орган келісуден бас тартқан жағдайларда өтініш беруші (лицензиат) осы адаммен еңбек шартын бұзуға не еңбек шарты болмаған жағдайда осы басшы қызметкердің өкілеттігін тоқтату жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.
Уәкілетті органның келісімінсіз өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкерінің міндеттерін осы тармақта белгіленген мерзімнен артық атқаруға (уақытша болмағанда оны алмастыруға) тыйым салынады.
Уәкілетті орган өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкерлерін тағайындауға (сайлауға) келісім беру үшін ұсынылған құжаттарды уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес құжаттардың толық топтамасы ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды.
6. Өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) уәкілетті органның келісім беру тәртібі, келісім алу үшін қажетті құжаттар уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленеді.
7. Уәкілетті орган өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкерлерін тағайындауға (сайлауға) келісім беруден мынадай негіздер бойынша бас тартады:
1) басшы қызметкерлердің осы Заңның осы бабында, 63-бабының 5-тармағында, «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 20) тармақшасында, 54-бабының 4-тармағында, 59-бабының 2-тармағында және «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
2) тестің теріс нәтижесі.
Мыналар тестің теріс нәтижесі болып табылады:
кандидаттың тест нәтижесі дұрыс жауаптың жетпіс пайызынан аз болуы;
кандидаттың не аудармашының (егер осы аудармашыны кандидаттың өзі ұсынса) уәкілетті орган белгілеген тест тәртібін бұзуы;
кандидаттың келісу мерзімі өткенге дейін уәкілетті орган белгілеген уақытта тестке келмеуі;
3) өтініш берушінің (лицензиаттың) уәкілетті органның ескертулерін жоймауы немесе өтініш берушінің (лицензиаттың) уәкілетті органның ескертулерін ескере отырып пысықталған құжаттарды осы баптың 5-тармағында белгіленген уәкілетті органның құжаттарды қарау мерзімі өткеннен кейін ұсынуы;
4) басшы қызметкер уәкілетті органның келісімінсіз өзінің лауазымын атқарып жүрген, осы баптың 5-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін құжаттардың ұсынылуы;
5) уәкілетті орган кандидатқа қолданған санкциялардың және (немесе) шектеулі ықпал ету шараларының болуы.
Осы талап өтініш берушінің (лицензиаттың) кандидатты келісу туралы өтінішхатты беру күніне дейін бір жыл бойы қолданылады;
6) басшы қызметкер лауазымын атқаратын (атқарған) не басшы қызметкердің міндеттерін орындайтын кандидаттың өз өкілеттігіне кірген мәселелер бойынша кандидат қаржы ұйымының, банк немесе сақтандыру холдингінің Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуына алып келген және сол үшін уәкілетті орган осы қаржы ұйымына, банк немесе сақтандыру холдингіне қатысты шектеулі ықпал ету шарасын және (немесе) санкция қолданған шешімдер қабылдауы фактілері туралы мәліметтердің уәкілетті органда болуы.
Осы талап уәкілетті орган бұзушылықты анықтаған күннен бастап бір жыл бойы қолданылады;
7) уәкілетті органда кандидаттың бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп танылған және (немесе) үшінші тұлғаға (үшінші тұлғаларға) нұқсан келтіруге алып келген мәміле тарапы болып табылғандығы туралы мәліметтердің (фактілердің) болуы бойынша бас тартады.
Осы талап санамаланған оқиғалардың ең алдыңғысы басталған:
уәкілетті орган ұйымдастырылған және (немесе) ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында жасалған мәмілелерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп таныған;
уәкілетті орган осы мәмілені жасау нәтижесінде үшінші тұлғаға (үшінші тұлғаларға) нұқсан келтірілгенін растайтын фактілерді алған күннен бастап бір жыл бойы қолданылады;
8) кандидаттың уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп танылған мәмілелерді жасағаны үшін оған қатысты санкциялар және (немесе) шектеулі ықпал ету шараларын қолданған қаржы ұйымының қызметкері және (немесе) әрекеттері мәмілеге қатысушы қаржы ұйымына және (немесе) үшінші тұлғаға (үшінші тұлғаларға) нұқсан келтіруге алып келген қаржы ұйымының қызметкері болып табылатындығы туралы мәліметтердің уәкілетті органда болуы.
Осы талап санамаланған оқиғалардың ең алдыңғысы басталған:
уәкілетті орган ұйымдастырылған және (немесе) ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында жасалған мәмілелерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп таныған;
уәкілетті орган осы мәмілені жасау нәтижесінде қаржы ұйымына және (немесе) үшінші тұлғаға (үшінші тұлғаларға) нұқсан келтірілгенін растайтын фактілерді алған күннен бастап бір жыл бойы қолданылады.
Осы тармақшаның мақсаты үшін қаржы ұйымының қызметкері деп жоғарыда аталған бұзушылықтарға алып келген мәселелер бойынша шешімдер қабылдау құзыретіне кірген қор биржасының басшы қызметкері не оның міндетін атқарған адам және (немесе) трейдері түсініледі.
8. Уәкілетті орган өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) келісім беруден бас тартқан не ол өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкері лауазымынан босатылған немесе осы өтініш берушідегі (лицензиаттағы) өзге лауазымға ауыстырылған жағдайларда, осы адам оны тағайындауға (сайлауға) келісім беруден бас тартылғаннан не ол босатылғаннан не өзге лауазымға ауыстырылғаннан кейін кемінде күнтізбелік тоқсан күн өткен соң, бірақ қатарынан он екі ай ішінде екі реттен көп емес, осы өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкері лауазымына қайтадан тағайындалуы (сайлануы) мүмкін.
9. Уәкілетті орган өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісім беруден қатарынан екі рет бас тартқан жағдайда, осы адам уәкілетті органның оны өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісім беруден екінші рет бас тарту туралы шешімі қабылданған күннен бастап қатарынан он екі ай өткеннен кейін өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкері лауазымына тағайындалуы (сайлануы) мүмкін.
10. Өтініш берушінің (лицензиаттың) көрсетілген басшы қызметкерінің (қызметкерлерінің) әрекеттерін (әрекетсіздігін) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сай келмейді деп тану үшін жеткілікті деректер негізінде уәкілетті орган осы бапта көрсетілген адамдарды қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетуге құқылы.
11. Уәкілетті орган өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) берген келісімін:
1) келісім беруге негіз болған мәліметтердің анық еместігі анықталуы;
2) уәкілетті органның басшы қызметкерге және (немесе) осы басшы қызметкер тиісті қызметті атқаратын (соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде атқарған) лицензиатқа санкцияларды жүйелі түрде (соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) қолдануы;
3) өтініш берушінің (лицензиаттың) аталған басшы қызметкерінің (қызметкерлерінің) әрекеттерін (әрекетсіздігін) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сай келмейді деп тану үшін жеткілікті деректер негізінде уәкілетті органның осы бапта көрсетілген адамдарды қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетуі;
4) өтініш берушінің (лицензиаттың) аталған басшы қызметкерінің (қызметкерлерінің) әрекеттерін Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сай келмейді деп тану үшін жеткілікті деректер негізінде уәкілетті органның осы бапта көрсетілген адамдарды қызметтік міндеттерін орындаудан шеттеткенге дейін өтініш берушінің (лицензиаттың) оларды шеттеткен немесе жұмыстан босатқан жағдайларда, уәкілетті органның осы адамдарды қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетуі;
5) алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының болуы негіздері бойынша кері қайтарып алуға құқылы.
Уәкілетті органның лицензиаттың басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) келісімін қайтарып алуы осы басшы қызметкерге өзге де қаржы ұйымдарында бұрын берілген келісімді (келісімдерді) қайтарып алуға негіз болып табылады.
Уәкілетті орган өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімін кері қайтарып алған жағдайда, өтініш беруші (лицензиат) ол адаммен еңбек шартын бұзуға не еңбек шарты болмаған жағдайда осы басшы қызметкердің өкілеттіктерін тоқтату жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.»;
29) 56-бапта:
2-тармақтағы «бағалы қағаздармен мәмiлелердi» деген сөздер «бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелердi» деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақ «жасалған» деген сөзден кейін «бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен» деген сөздермен толықтырылсын;
5-тармақта:
1) және 3) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«1) орындалуы уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген шарттармен және тәртіппен бағалы қағаздарды сатып алу-сату мәмілелері тараптарындағы осындай бағалы қағаздардың және (немесе) ақшаның мөлшерінің елеулі өзгеруіне алып келмеген осындай мәмілелері;»;
«3) бағалы қағаздар нарығында осындай мәміле жасалғанға дейін қалыптасқан осы бағалы қағаздардың бағаларынан елеулі айырмашылығы бар баға бойынша ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында жасалған мәміле;»;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Өзге қаржы құралдарымен мәмілелер айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп анықтау тұрғысынан мониторингтеуге және талдауға жататын шарттар уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде айқындалады.»;
6-тармақ «жасалған» деген сөзден кейін «бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен» деген сөздермен толықтырылсын;
7-тармақтағы «бағалы қағаздар рыногы» деген сөздер «бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдары нарығы» деген сөздермен ауыстырылсын;
8-тармақ «жасалған» деген сөзден кейін «бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен» деген сөздермен толықтырылсын;
30) 56-1-баптың 3-тармағының 5) және 6) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«5) қор биржасы директорлар кеңесінің, қор биржасы листинг комиссиясының және сауда жүйесінде эмитенттің бағалы қағаздарымен және өзге де қаржы құралдарымен мәмілелер жасалатын, бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен жасалған мәмілелерді айлы-шарғы жасау мақсатында жасалды деп тану мәселелерін қарау мақсатында құрылған қор биржасы сараптама комитетінің мүшелері;
6) өздеріне берілген функциялар мен өкілеттіктерге қарай инсайдерлік ақпаратқа қолжетімділігі бар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер;»;
31) 61-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Номиналды ұстаушы болып табылатын брокердің клиенті кастодианға өтініш жасауға және кастодиандық қызмет көрсетуге берілген өзіне тиесілі бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдары туралы үзінді көшірмені алуға құқылы.
Үзінді көшірмені берудің шарттары мен тәртібі осы Заңда, уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актілерінде, кастодианның ішкі құжаттарында белгіленеді.»;
32) 63-бап мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
«3-1. Номиналды ұстаушы болып табылатын брокер және (немесе) дилер уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және шарттар бойынша өзінің клиенттеріне электрондық қызметтер көрсетуге құқылы.»;
33) 64-2-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Бірыңғай тіркеушінің қағидалар жинағын директорлар кеңесі бекітеді.»;
34) 66-бап мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:
«9-1) инвесторларға нақты уақыт режимінде басқа инвесторлардың бағалы қағаздармен мәмілелер жасасуға өтінімдері туралы, сондай-ақ биржадан тыс нарықта эмитенттердің бағалы қағаздарымен жасалған мәмілелер туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ететін биржадан тыс бағалы қағаздар нарығының ақпараттық жүйесін құру және қолдау;»;
35) 69-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде және (немесе) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.»;
36) 72-1-бапта:
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін алу бойынша талаптар мемлекетке, сондай-ақ мыналардың:
көрсетілген инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесі бар басқа қаржы ұйымының;
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабының 5-1-тармағына сәйкес ірі қатысушы мәртебесін иеленуге уәкілетті органнан келісім алу талап етілмейтін басқа заңды тұлғаның акцияларды иеленуі (дауыс беру, шешімдерді айқындау және (немесе) қабылданатын шешімдерге шарттың күшіне қарай немесе өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігінің болуы) арқылы инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын жанама иеленуші (дауыс беру, шешімдерді айқындау және (немесе) қабылданатын шешімдерге шарттың күшіне қарай немесе өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігі бар) деп танылатын тұлғаға қолданылмайды.»;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушылары - жеке тұлғалар инвестициялық портфельді басқарушының акцияларына өздеріне меншік құқығында тиесілі мүліктің құнынан аспайтын мөлшерде ақы төлейді. Бұл ретте мүліктің құны (инвестициялық портфельді басқарушының бұрын иеленген акцияларының құнын шегергенде) инвестициялық портфельді басқарушының бұрын иеленген және иеленетін акцияларының жиынтық құнынан кем болмауға тиіс.»;
мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:
«6-1. Егер жеке тұлға уәкілетті органның алдын ала жазбаша келісімін алмай, сыйға тарту шарты негізінде инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының белгілеріне сәйкес келген жағдайда, ол осы баптың 14-тармағында белгіленген талапқа сәйкес тиісті мәртебені иелену туралы өтініш берген кезде мыналарды:
1) растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын сыйға тартудың шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді;
2) осы баптың 6-тармағы бірінші бөлігінің 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген құжаттарды;
3) бағалаушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындаған, сыйға тарту шартының нысанасы болып табылатын акциялардың құны туралы мәліметтерді қосымша ұсынады.
Бұл ретте инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім алу үшін сыйға тарту шарты нәтижесінде инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын иеленген жеке тұлға инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін алу туралы өтінішті беру күніне мына шарттарды орындайды:
1) жеке тұлғаға тиесілі мүліктің құны (инвестициялық портфельді басқарушының бұрын иеленген акцияларының құнын шегергенде) сыйға тарту шартының нысанасы болып табылатын акциялардың және ол инвестициялық портфельді басқарушының бұрын иеленген акцияларының жиынтық құнынан кем болмауға тиіс;
2) жеке тұлғаның кәсіпкерлік, еңбек немесе басқа да ақылы қызметінен алынған кірістер, сондай-ақ оның құжатпен расталған ақша жинақтары инвестициялық портфельді басқарушының сыйға тартылған акцияларының бағалаушы айқындаған құнының кемінде жетпіс бес пайызын құрайды.»;
8-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) осы баптың 6-тармағы бірінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында және 7-тармағының 1), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды табыс етеді.
Осы баптың 6-тармақтың 3) тармақшасының және осы баптың 7-тармақтың 5) және 7) тармақшаларының өтініш берушінің құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелерін және соңғы аяқталған тоқсанға қаржылық есептілікті ұсыну бөлігіндегі талаптары, тізбесін уәкілетті орган белгілейтін халықаралық рейтингтік агенттіктердің бірі тағайындаған «А»-дан төмен емес кредиттік рейтингі болған кезде, Қазақстан Республикасының бейрезидент заңды тұлғасына қолданылмайды;»;
12-тармақ мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:
«Уәкілетті орган құжаттарды алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді. Ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда, уәкілетті орган көрсетілген мерзімдерде өтінішті одан әрі қараудан уәжді бас тартуды береді және құжаттар топтамасын қарамастан өтініш берушіге қайтарады.
Уәкілетті орган инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін алу үшін ұсынылған өтінішті және құжаттарды қарау мерзімін, егер оларды қарау процесінде осы құжаттарда өтініш беруші немесе оның қызметі туралы анық емес мәліметтер қамтылғаны, ұсынылған құжаттар мазмұнының заңнама талаптарына сәйкес келмеуі анықталған болса, сондай-ақ уәкілетті органға ұсынылған мәліметтердің анықтығын тексеру қажет болған кезде, тоқтата тұруға құқылы. Өтініш беруші ескертулерді жойғаннан және құжаттарды ұсынғаннан кейін оларды қарау мерзімі қайта басталады. Уәкілетті органның құжаттарды әрі қарай қарауы осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде жүзеге асырылады.»;