2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдарға жеке тұлғаның дербес медициналық деректеріне қол жеткізу құқығы дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекіткен цифрлық денсаулық сақтау субъектілерінің қол жеткізу құқықтарының аражігін ажырату қағидаларында айқындалған тәртіппен беріледі.
5. Жеке тұлғаның Ұлттық электрондық денсаулық паспортындағы, электрондық денсаулық паспортындағы өзінің денсаулығы және көрсетілген медициналық көмек туралы ақпаратқа қол жеткізуге, сондай-ақ деректерге қол жеткізу журналын қадағалауға құқығы бар.
6. Медициналық деректер агрегатының денсаулық сақтау субъектілерімен қатынастары Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында реттеледі.
7. Денсаулық сақтау субъектілерінің медицина қызметкерлері мен жұмыскерлері уәкілетті органның электрондық ақпараттық ресурстарына енгізілетін электрондық деректердің сапасы, уақтылылығы, анықтығы және құпиялылығы үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
8. Жеке тұлғалардың жеке өміріне қатысты, оның ішінде медицина қызметкерінің құпиясын құрайтын дербес медициналық деректердің жоғалуына, заңсыз жиналуына және өңделуіне алып келген, дербес медициналық деректерді қорғау жөніндегі шараларды сақтамағаны үшін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Талдамалық, статистикалық қызметті, ғылыми және өзге де зерттеулерді жүзеге асыру үшін медициналық деректер иесіздендірілген түрде пайдаланылады.
62-бап. Жеке тұлғалардың дербес медициналық деректерін қорғауды қамтамасыз ету
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Дербес медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды қорғау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы және дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
2. Дербес медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды мүліктік және (немесе) моральдық зиян келтіру, Қазақстан Республикасының заңдарында кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтардың іске асырылуын шектеу мақсатында пайдалануға жол берілмейді.
3. Жеке тұлғалардың дербес медициналық деректерін қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардан алынған ақпарат тек қана лауазымдық міндеттерді орындау шеңберінде пайдаланылады.
8-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ
63-бап. Денсаулық сақтау субъектілері
1. Денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторларынан тұрады.
2. Денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар денсаулық сақтау субъектілері болып табылады.
3. Денсаулық сақтаудың мемлекеттік секторы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдардан, мемлекеттік меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарынан, сондай-ақ әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелерден және сот медицинасы саласында (сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық) сараптаманы жүзеге асыратын ұйымдардан тұрады.
4. Мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторы жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарынан, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалардан тұрады.
5. Жеке тұлғалардың денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты, тиісті мамандық бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі және медициналық қызметке лицензиясы болған кезде жеке медициналық практикамен айналысуға құқығы бар.
64-бап. Медициналық қызметтің түрлері
Медициналық қызмет мынадай түрлерді қамтиды:
1) медициналық көмек;
2) зертханалық диагностика;
3) патологиялық-анатомиялық диагностика;
4) қан және оның компоненттерін дайындау саласындағы қызмет;
5) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызмет;
6) қоғамдық денсаулықты сақтау саласындағы қызмет;
7) денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылыми қызмет;
8) денсаулық сақтау саласындағы сараптама;
9) осы Кодексте тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлері.
65-бап. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту
1. Денсаулық сақтау саласындағы медициналық, фармацевтикалық және білім беру қызметін жүзеге асыру шеңберінде пайдаланылатын ғимараттар мен құрылысжайлар, мүліктік кешендер денсаулық сақтау инфрақұрылымының объектілері болып табылады.
2. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мынадай қағидаттарға негізделеді:
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) халықтың барлық тобы үшін көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар мен халықтың мүмкіндігі шектеулі басқа да топтары үшін медициналық мақсаттағы объектілерді бейімдеу;
2) көпбейінді стационарлық кешендерді жобалау және салу кезінде озық халықаралық тәжірибені пайдалану;
3) мемлекеттік және жеке инвестициялар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мен отандық және шетелдік инвесторлар үшін денсаулық сақтау секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру;
4) денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуды стратегиялық жоспарлау.
3. Уәкілетті орган бекітетін, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарлары негізінде әзірленген республикалық жоспар инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай перспективалық жоспары болып табылады. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарларын әзірлеу шеңберінде белгіленетін талаптар мыналар болып табылады:
1) денсаулық сақтау ұйымдарының желісін денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативіне сәйкес келтіру;
2) денсаулық сақтау объектілерін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына және жарақтандыру нормаларына сәйкес келтіру;
3) стационарлардың төсек қорын және медициналық-санитариялық алғашқы көмек және (немесе) консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін ұйымдардың өндірістік қуатын халықтың қажеттіліктеріне сәйкес келтіру;
4) халықтың қажеттілігін, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуді негізге ала отырып, денсаулық сақтау инфрақұрылымы объектілерін ашу.
4. Орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар және дербес білім беру ұйымы өздерінің қарамағындағы медициналық ұйымдарды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына және жарақтандыру нормаларына сәйкес күтіп-ұстау мен пайдалану жөніндегі шараларды қабылдайды.
5. Денсаулық сақтау ұйымдарының желісін инвестициялық жоспарлау және дамыту денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың перспективалық жоспарлары онжылдық кезеңге әзірленеді.
66-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік
1. Денсаулық сақтау саласындағы концессиялық жобаны іске асыру нәтижесінде құрылған (реконструкцияланған) денсаулық сақтау объектісін (бұдан әрі - концессия объектісі) пайдалану - концессия объектісін пайдалану, ол денсаулық сақтау саласындағы концессия шартында (бұдан әрі - концессия шарты) айқындалған тәртіппен және шарттарда техникалық және функционалдық қызмет көрсетуді көздеуі мүмкін.
2. Концессия объектісіне техникалық қызмет көрсету - концессия шартында айқындалған тәртіппен және шарттарда концессия объектісін оған функционалдық қызмет көрсету үшін ақаусыз, қауіпсіз, жарамды күйде ұстауға бағытталған, технологиялық және ұйымдастырушылық іс-шаралар кешенін жүзеге асыра отырып, концессия объектісін пайдалану, сондай-ақ оны ағымдағы және (немесе) күрделі жөндеуді жүзеге асыру, сервистік және (немесе) қосалқы қызметті басқару, орындау.
3. Концессия объектісіне функционалдық қызмет көрсету - концессия шартында айқындалған тәртіппен және шарттарда концессия объектісін концессия объектісінің нысаналы мақсатына сәйкес, оның ішінде тауарларды өндіру және (немесе) жұмыстарды орындау және (немесе) қызметтерді көрсету мақсаттарында пайдалану.
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператор - жарғылық қызметі медициналық көмек көрсету болып табылатын, концессия шартының тарапы болып табылмайтын, концессия объектісіне функционалдық қызмет көрсетуге байланысты қызметті жүзеге асыруға арналған мемлекеттік заңды тұлға не мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға немесе дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы оған меншік құқығымен тиесілі оның еншілес ұйымы.
5. Денсаулық сақтау объектілерін құру (реконструкциялау) және пайдалану Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы және концессиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын, оның ішінде концессиялық жобаларды іске асыру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Концессия объектісін пайдалануды концессионермен қатар денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператор да жүзеге асыра алады.
Мұндай жағдайда концессионердің концессия объектісіне техникалық қызмет көрсету шеңберінде өндірілген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу үшін шығындарды өтетуге және кірістер алуға құқығы бар.
7. «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-1-бабы 1-тармағының 1-1) тармақшасы негізінде концессия шартын жасасуды көздейтін концессиялық жобаларды іске асыру кезінде:
1) концедент құрылған концессия объектісін концессия шартында айқындалған тәртіппен функционалдық қызмет көрсетуді жүзеге асыру үшін мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты бойынша денсаулық сақтау саласындағы функционалдық операторға береді;
2) концессионер концессия шартында көзделген тәртіппен және шарттарда концессия объектісіне техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді;
3) концессионерді таңдау жөніндегі конкурс өткізілгенге дейін айқындалатын денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператор концессия шартында көзделген тәртіппен және шарттарда концессия объектісіне функционалдық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
8. «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-1-бабы 1-тармағының 1-1) тармақшасы негізінде жасалған концессия шартында денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператор туралы ережелер, сондай-ақ концессионер мен денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператордың концессия объектісін бірлесіп пайдалану тәртібі қамтылуға тиіс.
9. Денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператордың осындай қызмет үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген рұқсат беру құжаттары болуға тиіс не оларды концессия объектісін нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану басталғанға дейін алуға тиіс.
10. Денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператор:
1) концессия объектісіне функционалдық қызмет көрсету мақсатында жасалған, мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шартында көзделген талаптарда концессия объектісіне қатысты құқықтарды жүзеге асыруға;
2) концессия шартында көзделген тәртіппен және шарттарда концессия объектісін концессионермен бірлесіп пайдалануға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
11. Денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператор:
1) концессия объектісінің бейінін сақтауға;
2) мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шартында көзделген тауарларды өндіруге және (немесе) жұмыстарды орындауға және (немесе) қызметтерді көрсетуге;
3) Қазақстан Республикасының еңбек, халықты жұмыспен қамту және қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамасын сақтауға;
4) концессия объектісіне өз кінәсінен келтірілген залалды өтетуге;
5) концессия шартында көзделген тәртіппен концессия объектісін концессионермен бірлесіп пайдалану шарттарын сақтауға;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында және мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шартында белгіленген өзге де талаптар мен шарттарды сақтауға міндетті.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 12-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12. Денсаулық сақтау объектілерін құруды (реконструкциялауды) және (немесе) пайдалануды көздейтін ерекше маңызы бар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары, оның ішінде концессиялық жобалар бойынша әлеуетті жекеше әріптестерге, концессионерлерге немесе жобаны іске асыру мақсатында құрылған жаңа заңды тұлғаның (консорциумның) құрылтайшыларына (қатысушыларына) техникалық жағынан күрделі денсаулық сақтау объектілерін салу немесе пайдалану жөніндегі жобаларды іске асыру тәжірибесінің (құрылтайшылардың (қатысушылардың) бірінің тәжірибесінің) болуы туралы қосымша (арнайы) біліктілік талабы қойылады.
9-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІН ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
67-бап. Денсаулық сақтау жүйесін қаржылық қамтамасыз ету көздері
Мыналар:
1) бюджет қаражаты;
2) әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері;
3) ерікті медициналық сақтандыру қаражаты;
4) ақылы қызметтер көрсеткені үшін алынған қаражат;
5) бірлесіп төлеуден алынған қаражат;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5-1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жеке тұлғалардың біржолғы зейнетақы төлемдері;
6) жеке және заңды тұлғалардан ерікті қайырмалдықтар ретінде түскен қаражат;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер денсаулық сақтау жүйесін қаржылық қамтамасыз ету көздері болып табылады.
68-бап. Медициналық көмектің көлемдерін қаржыландыру
1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыру:
1) бюджет;
2) азаматтардың бірлесіп төлеу кезіндегі қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті қаржыландыру:
1) әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері;
2) азаматтардың бірлесіп төлеу кезіндегі қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
3. Медициналық көмектің қосымша көлемін қаржылық қамтамасыз ету осы Кодекстің 195-бабының 3) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.
69-бап. Денсаулық сақтау жүйесін қаржылық қамтамасыз ету көздерін пайдалану
1. Денсаулық сақтау саласындағы қаржы қаражаты:
1) қоғамдық денсаулық сақтауды нығайту мен дамыту бағдарламаларын іске асыруға;
2) денсаулық сақтау саласындағы кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыруға;
3) медицина және фармацевтика ғылымдарын дамытуға және жетістіктерін ендіруге;
4) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуге;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке тұлғаларға емделуге біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен ақы төлеуге;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 4-2) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
4-2) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға медициналық көмек көрсету жөніндегі қызметтердің ақысын төлеуге;
5) дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, қан мен оның компоненттерін, вакциналарды және басқа да иммундық-биологиялық дәрілік препараттарды сатып алуға;
6) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге;
7) денсаулық сақтаудың мемлекеттік мекемелерін күтіп-ұстауға;
8) денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға;
9) денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де шығыстарға бағытталады.
2. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі бойынша шарттық міндеттемелер мониторингінің нәтижелері ескеріле отырып жүргізіледі.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде денсаулық сақтау субъектілері көрсететін қызметтерге ақы төлеу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелерге мониторинг нәтижелері ескеріле отырып жүргізіледі.
3. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде фармацевтикалық көрсетілетін қызметтердің құнын төлеуді уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері немесе әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүзеге асырады.
4. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және (немесе) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жүзеге асырады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүзеге асырады.
2021.24.06. № 52-VII ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерін есепке алуды жүргізуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүзеге асырады.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қалыптастырады.
5. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету кезінде көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және (немесе) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жүзеге асырады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүзеге асырады.
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5-1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінің қызметтерін сатып алу және оларға ақы төлеу үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бөлінетін нысаналы жарна қаражаты мен қор активтерін біріктіруді жүргізеді.
6. Аккредиттелген денсаулық сақтау ұйымдарының тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде шарттар жасасуға артықшылық құқығы болады.
70-бап. Ұлттық денсаулық сақтау шоттары
1. Аурулардың алдын алу мен халықты емдеуге бағытталған шаралар арасында денсаулық сақтау ресурстарын тең және тиімді бөлу мақсатында олардың бөлінуін бағалау үшін пайдаланылатын, елдің денсаулық сақтау жүйесіндегі қаржылық ағындарды ұдайы, жан-жақты және дәйекті мониторингтеу жүйесі ұлттық денсаулық сақтау шоттары болып табылады.
2. Ұлттық денсаулық сақтау шоттары жыл сайын халықаралық әдіснама негізінде:
1) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның статистикалық бюллетендері;
2) бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органның деректері;
3) медициналық ұйымдар бөлінісінде бюджеттің атқарылуы жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың деректері;
4) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ресми интернет-ресурстарында жарияланған статистикалық деректер пайдаланыла отырып қалыптастырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген деректер негізінде уәкілетті орган көрсетілетін қызметтер мен медициналық көрсетілетін қызметтерді берушілер бойынша шығыстар сипатталған талдамалық есепті, сондай-ақ оларды қаржыландыру көздері туралы ақпаратты қалыптастырады.
3. Ұлттық денсаулық сақтау шоттарының деректерін қалыптастыру және пайдалану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
10-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
71-бап. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық
1. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде жүзеге асырылады.
2. Халықаралық ынтымақтастық мемлекеттердің, халықаралық ұйымдар мен халықаралық интеграциялық бірлестіктердің ресми өкілдерімен денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзара іс-қимылды, халықаралық сипаттағы іс-шараларға қатысуды, халықаралық шарттар әзірлеуді қамтиды.
3. Денсаулық сақтауды басқару органдарының, денсаулық сақтау субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердің денсаулық сақтауды басқару органдарымен, шетелдік кәсіпорындармен, мекемелермен және ұйымдармен тікелей байланыстар орнатуға құқығы бар.
4. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық шеңберінде жасалатын, оның ішінде денсаулық сақтауды басқару органдары, денсаулық сақтау субъектілері жасасатын келісімдер, шарттар адамның және Қазақстан Республикасы азаматтарының халықтың денсаулығын сақтау саласындағы құқықтары мен бостандықтарын шектемеуге тиіс.
72-бап. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың басым бағыттары
Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтары:
1) денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының мүдделерін және Қазақстан Республикасының мүдделерін қорғау;
2) денсаулық сақтау саласындағы халықаралық бастамаларға қатысу;
3) мемлекетаралық деңгейде денсаулық сақтау саласында инвестициялар тарту және техникалық көмек көрсету;
4) шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек көрсету;
5) халықаралық инновациялық технологияларды ендіру және денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту арқылы медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру;
6) әлемдік медицина және фармацевтика ғылымына интеграциялану;
7) еңбекші көшіп-қонушыларды медициналық көмекпен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге жәрдемдесу;
8) денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі, ғылым мен практиканың қазіргі заманғы жетістіктері негізінде медицина кадрларын даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелері бойынша мемлекетаралық өзара іс-қимыл;
9) төтенше ахуалдар туындаған кезде денсаулық сақтау саласында халықаралық көмек көрсету және алу;
10) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың айналысы саласында ақпарат, технологиялар алмасу және фармацевтикалық және медициналық өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын талаптарды үндестіру;
11) халықаралық медициналық-санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес шекараны санитариялық қорғау, әкелінетін өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
73-бап. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың экономикалық және құқықтық негіздері
1. Денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың экономикалық негізін:
1) халықаралық ұйымдарға міндетті және ерікті мүшелік жарналар;
2) гранттарды, техникалық көмекті тарту және пайдалану;
3) жасалған халықаралық шарттарға сәйкес қаржыландыру құрайды.
2. Халықаралық шарттар денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың құқықтық негізі болып табылады.