2. Апелляциялық сатыдағы сот осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мәселелер бойынша арыздарды осы Кодекстің 170-бабында және 17-тарауында көзделген тәртіппен қарайды.
3. Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюдан бас тартуды қабылдаған жағдайда сот шешімінің күшін жояды және осы Кодекстің 277-бабының 4) тармақшасында белгіленген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
Апелляциялық сатыдағы сот татуласу келісімі, тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім бекітілген жағдайда сот шешімінің күшін жояды және осы Кодекстің 277-бабының 5), 6) тармақшаларында белгіленген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
4. Егер апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын қабылдамаса, татуласу келісімін, тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін немесе партисипативтік рәсім тәртібімен дауды реттеу туралы келісімді бекітпесе апелляциялық шағым мәні бойынша қаралады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 411-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
411-бап. Шешімнің орындалуын тоқтата тұру
Іс қаралғанға дейін апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық шағым берген адамның, өтінішхат келтірген прокурордың арызы бойынша, осы Кодекстiң 243-бабында санамаланған істер бойынша шешімдерден басқа, бірінші сатыдағы сот қабылдаған және осы Кодекстің 244-бабында көзделген тәртіппен дереу орындауға жіберілген шешімнің орындалуын тоқтата тұруға құқылы.
Шешімнің орындалуын тоқтата тұру қажеттілігі өткен соң тоқтата тұру туралы қаулының күші жойылады.
Шешімнің орындалуын тоқтата тұру туралы немесе тоқтата тұрудың күшін жою туралы қаулы сот орындаушысына және тараптарға жіберіледі (табыс етіледі).
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 53-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
53-тарау. АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМ, ПОКУРОРДЫҢ ӨТІНІШХАТЫ БОЙЫНША ІСТЕРДІ ҚАРАУ
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 412-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
412-бап. Апелляциялық қараудың нысанасы
Апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша апелляциялық сатыдағы сот істе бар және осы Кодекстің 413-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларының анықталуының, материалдық құқық нормаларының қолданылуы мен түсіндірілуінің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау мен шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.
413-бап. Апелляциялық қараудың шектерi
1. Сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi.
2. Апелляциялық сатыдағы сот істе бар, сондай-ақ осы Кодекстің 404-бабының екінші бөлігіне сәйкес ұсынылған дәлелдемелерге мәлімделген талап қою шегінде баға береді.
Егер апелляциялық сатыдағы сот жаңа дәлелдемелердің бірінші сатыдағы сотқа ұсынылуы дәлелді себептермен мүмкін болмағанын таныса, оның ішінде егер адам бірінші сатыдағы сотта іске қатысуға тартылмаса, сондай-ақ егер бірінші сатыдағы сотта дәлелдемелерді зерттеу және (немесе) талап етіп алу туралы өтінішхат мәлімделсе, бірақ ол қанағаттандырусыз қалдырылса, сот жаңа дәлелдемелерді қабылдайды.
Апелляциялық сатыдағы сотқа дәлелдемелерді ұсынатын тұлғалар олардың қандай жолмен алынғанын және оларды ұсыну қажеттілігі қандай мән-жайларға байланысты туындағанын көрсетуге міндетті.
3. Бірнеше талап қою талаптарын біріктіру және бөлу, талап қою талаптарының мөлшерін өзгерту, талап қою нысанасы мен негізін өзгерту, тиісті емес жауапкерді ауыстыру, қарсы талап қою туралы қағидалар апелляциялық сатыдағы сотта қолданылмайды.
Егер осы Кодекстің 427-бабы төртінші бөлігінің 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша шешімнің күші жойылса және үшінші тұлғалардың қатысуынсыз істі мәні бойынша қарау мүмкін емес деп танылса, апелляциялық сатыдағы сот өз алдына бөлек талаптарды мәлімдемеген үшінші тұлғаларды іске қатысуға тарта алады.
414-бап. Істі апелляциялық сатыдағы сотта қарауға дайындау
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-бөлік жаңа редакцияда
1. Істі апелляциялық шағыммен, прокурордың өтінішхатымен бірге алған апелляциялық сатыдағы соттың судьясы бірінші сатыдағы соттың осы Кодекстің 405-бабының талаптарын орындағанын тексереді. Бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 405-бабының талаптарын орындамаған жағдайда, кемшіліктерді апелляциялық сатыдағы сот жоя алатын жағдайларды қоспағанда, іс кемшіліктерді жою үшін бірінші сатыдағы сотқа қайтарылуы мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік жаңа редакцияда
2. Судья іс сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде өз бастамасы бойынша немесе іске қатысатын адамдардың өтінішхаты бойынша, істі қарауға дайындау тәртібімен осы Кодекстің 165-бабында көзделген әрекеттерді жүргізуге құқылы.
3. Апелляциялық сатыдағы сот іске қатысатын адамдарға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарлайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 415-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
415-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың істі қарау мерзімі
Осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, іс апелляциялық сатыдағы сотта ол сотқа келіп түскен күннен бастап екі ай мерзімде қаралады.
Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдерін, қорытындыларын, нұсқамаларын даулау туралы іс сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасында іс сотқа келіп түскен күнінен бастап екі ай мерзімде қаралады.
416-бап. Апелляциялық сатыдағы сотта іс жүргізу
1. Осы Кодекстің 54-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда апелляциялық сатыдағы соттың отырысына прокурор қатысады, ол іс бойынша қорытынды береді.
Апелляциялық сатыдағы сот прокурорға апелляциялық сатыда қаралуға тиіс істер, апелляциялық сатыда қаралған істер бойынша қабылданған шешімдер туралы хабарлайды.
2. Бірінші сатыдағы сот үшін көзделген қағидалар бойынша апелляциялық сатыдағы сот істі дұрыс шешу үшін маңызы бар, тараптар ұсынған немесе олардың өтінішхаттары бойынша талап етіліп алынған қосымша материалдарды, алынған сараптамалық қорытындыларды зерттейді, отырысқа шақырылған тұлғалардан жауап алады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды
3. Егер бірінші сатыдағы сотта электрондық формат қолданылған болса, апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша іс жүргізуді осындай форматта жүргізеді.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды
4. Электрондық форматты пайдалану мүмкін болмаған жағдайда, апелляциялық сатыдағы сот қағаз форматқа көшеді, бұл туралы уәжді ұйғарым шығарылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 417-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
417-бап. Істі талқылаудың басталуы
1. Төрағалық етуші апелляциялық сатыдағы соттың сот отырысын ашады және қандай іс, кімнің апелляциялық шағымы, өтінішхаты бойынша және қай соттың шешімі қарауға жататынын, апелляциялық сатыдағы сот құрамын, сот отырысының хатшысын, сондай-ақ істі қарауға қатысатын болса, прокурорды хабарлайды. Төрағалық етуші іске қатысатын адамдардың және өкілдердің қайсысы келгенін анықтайды, келгендердің жеке басын анықтайды, лауазымды адамдар мен өкілдердің өкілеттіктерін тексереді және іске қатысатын адамдардың құқықтарымен және міндеттерімен таныстырылғанына көз жеткізеді. Құқықтарымен және міндеттерімен таныстырылмағаны анықталған жағдайда, сот бұл жөнінде мәлімдеген адамдарды таныстырады. Егер қарсылық білдірулер мәлімделсе, олар осы Кодекстің 41-бабында белгіленген тәртіппен шешіледі.
2. Сот отырысына келген, іске қатысатын адамдардың және өкілдердің түсініктемелерін сот тыңдайды. Шешімге екі тарап шағым жасаған жағдайда, талап қоюшы бірінші болып сөйлейді. Апелляциялық шағым берген адамның, өтінішхат келтірген прокурордың және іске қатысатын басқа да адамдардың, олардың өкілдерінің түсініктемелерінен кейін апелляциялық сатыдағы сот дәлелдемелерді зерттеуге көшеді.
418-бап. Іске қатысатын адамдардың сот отырысына келмеуінің салдарлары
1. Істі қараудың уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілмеген іске қатысатын адамдардың қайсыбіреуі апелляциялық сатыдағы соттың сот отырысына келмеген жағдайда сот істі талқылауды кейінге қалдырады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген, істі қараудың уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген тұлғалардың келмеуі істі талқылауға кедергі болмайды. Алайда, сот бұл жағдайларда да келмеу себептерін дәлелді деп тани отырып, істі талқылауды кейінге қалдыруға құқылы.
3. Iстi талқылау кейiнге қалдырылған кезде апелляциялық сатыдағы сот iске қатысатын тұлғаларға iстi қараудың уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарлайды. Егер іске қатысатын адамдар істі басынан бастап талқылауды талап етпесе, істі қайта отырыста талқылау жалғастырылады.
419-бап. Соттың іске қатысатын адамдардың арыздары мен өтінішхаттарын шешуі
1. Іске қатысатын адамдардың апелляциялық сатыдағы істі талқылауға байланысты барлық мәселелер бойынша арыздары мен өтінішхаттарын сот іске қатысатын басқа да тұлғалардың пікірлерін тыңдағаннан кейін шешеді.
2. Тараптар бірінші сатыдағы сот қанағаттандырудан бас тартқан дәлелдемелерді зерттеу және (немесе) талап етіп алу туралы өтінішхаттарды мәлімдеуге құқылы.
3. Істің мән-жайларын зерттеуге байланысты арыздар мен өтінішхаттарды шешу осы Кодекстің 195-бабының қағидалары бойынша жүргізіледі. Бұл ретте апелляциялық сатыдағы сот өтінішхатты бірінші сатыдағы сот қанағаттандырмаған деген негізде оны қанағаттандырудан бас тартуға құқылы емес.
420-бап. Дәлелдемелерді зерттеу
1. Дәлелдемелерді зерттеу тәртібі мен шектерін іске қатысатын адамдардың пікірлерін ескере отырып сот айқындайды.
2. Тараптардың, іске қатысатын басқа да адамдардың түсініктемелерінен кейін сот істе бар дәлелдемелерді, сондай-ақ осы Кодекстің 413-бабының екінші бөлігінің қағидаларына сәйкес ұсынылған дәлелдемелерді тексереді.
3. Сот іске қатысатын, сот отырысына келмей қалған адамдардың түсініктемелерін, сондай-ақ апелляциялық сатыдағы сот отырысына шақырылмаған куәлардың айғақтарын жария етуге құқылы.
4. Тараптар бірінші сатыдағы сот куәлардан жауап алудан және дәлелдемелерді зерттеуден бас тартқан куәларды шақырту мен олардан жауап алу және дәлелдемелерді зерттеу және (немесе) талап етіп алу туралы өтінішхаттарды мәлімдеуге құқылы. Егер куәлардың айғақтарын тараптар даулайтын болса, көрсетілген адамдар апелляциялық сатыдағы сотқа шақырылуы мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Апелляциялық шағым берген адам, апелляциялық өтінішхат келтірген прокурор қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы тұрғысынан дау айтқан дәлелдемелер істегі басқа дәлелдемелердің жиынтығымен бірге сотта зерттеуге және бағалауға жатады.
421-бап. Сот жарыссөздері
1. Төрағалық етушi іс мәні бойынша қарау аяқталған соң іске қатысатын адамдардан өтінішхаттардың бар-жоғы туралы сұрайды. Сот осы өтінішхаттарды шешіп, содан соң сот жарыссөздеріне көшеді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сот жарыссөздері осы Кодекстің 217-бабында көзделген қағидалар бойынша өткізіледі, бұл ретте апелляциялық шағым берген адам немесе өтінішхат келтірген прокурор және (немесе) оның өкілі бірінші болып сөз сөйлейді. Шешімге екі тарап шағым жасаған жағдайда, талап қоюшы бірінші болып сөз сөйлейді.
3. Сот жарыссөздері және прокурордың қорытынды сөзiн тыңдау аяқталғаннан кейін сот қаулы шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді.
422-бап. Сот отырысының хаттамасы
Апелляциялық сатыдағы сотта сот отырысының хаттамасы осы Кодекстің 281-бабы үшінші бөлігінің қағидалары бойынша жүргізіледі.
423-бап. Сот актісін шығару және оны жариялау
1. Сот актісін шығару және оны жариялау осы Кодекстің 222, 223 және 224-баптарында көзделген қағидалар бойынша жүргізіледі.
2. Сот осы баптың бірiншi бөлiгiнiң талаптарын сақтай отырып, сот актісін түпкілікті нысанда дайындау мерзімін көрсете отырып, оның қарар бөлiгiн шығарып, жариялай алады. Сот актісінің қарар бөлігі іс материалдарына қоса тігіледі.
Уәжді сот актісін іс қаралған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде судья дайындап, оған қол қояды. Уәжді сот актісінің көшірмесі ол дайындалғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде іске қатысатын адамдарға жіберілуге (табыс етілуге) тиіс.
424-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың өкілеттіктері
Апелляциялық сатыдағы сот:
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) шешімді - өзгеріссіз, ал шағымды, прокурордың өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдыруға;
2) бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуге;
3) бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюға және жаңа шешім шығаруға;
4) шешімнің күшін толық немесе бір бөлігін жоюға және іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға не осы Кодекстің 277-бабында және 279-бабының 2), 3), 4), 5), 9) және 10) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша арызды қараусыз қалдыруға;
5) осы Кодекстің 427-бабы төртінші бөлігінің 1), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген процестік құқық нормаларының бұзылғандығы белгіленген жағдайда, шешімнің күшін жоюға және істі бірінші сатыдағы соттың жаңадан қарауына жіберуге;
6) осы Кодекстің 427-бабы төртінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша сот шешімінің күші жойылған жағдайда, бірінші сатыдағы сот қағидалары бойынша мәніне қарай қарау үшін істі өзінің іс жүргізуіне қабылдауға құқылы.
425-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың актілері
Апелляциялық сатыдағы сот мынадай актілерді:
1) бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша іс мәні бойынша қаралғаннан кейін жаңа шешім қабылданған жағдайда, осы Кодекстің 424-бабының 1), 2), 3), 5) тармақшаларында, сондай-ақ 6) тармақшасында көзделген жағдайларда қаулы;
2) сот шешімінің күші жойылған және бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша іс мәні бойынша қарау үшін апелляциялық сатыдағы соттың іс жүргізуіне қабылданған жағдайда, осы Кодекстің 409-бабының екінші бөлігінде, 424-бабының 4) тармақшасында, сондай-ақ 6) тармақшасында көзделген жағдайларда, сондай-ақ іс мәні бойынша қаралмаған, сот актісін шығару талап етілетін өзге де жағдайларда ұйғарым шығарады.
426-бап. Апелляциялық қаулының мазмұны
1. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысында:
1) қаулының шығарылған күні мен орны;
2) қаулыны шығарған соттың атауы және сот құрамы;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын берген адам, іске қатысатын басқа да адамдар және өкілдер;
4) даудың нысанасы немесе мәлімделген талап;
5) бірінші сатыдағы сот анықтаған істің мән-жайлары, шешімді немесе ұйғарымды шығарған кезде ол басшылыққа алған уәждер; бірінші сатыдағы сот шешімінің қысқаша мазмұны;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) апелляциялық шағымның, прокурор өтінішхатының және оларға пікірдің қысқаша мазмұны;
7) апелляциялық сатыдағы соттың бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдыру, күшін жою не өзгерту негіздері;
8) апелляциялық сатыдағы соттың өз түйіндерін жасауға алып келген уәждер және сот басшылыққа алған заңдарға сілтеме;
9) істі қарау нәтижелері бойынша апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері;
10) сот шығыстарының бөлінуі;
11) қаулыға шағым жасаудың, наразылық білдірудің мерзімдері мен тәртібі көрсетілуге тиіс.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Апелляциялық шағымда, прокурордың өтінішхатында бірінші сатыдағы сотта қараудың нысанасы болып табылмайтын дәлелдерге сілтеме жасалған жағдайда, апелляциялық қаулының уәждеу бөлігінде көрсетілген сілтемелер мен дәлелдердің сот отырысында қарауға және зерттеуге қабылданбау негіздері көрсетілуге тиіс.
3. Апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 235, 237-баптарында көзделген жағдайларда және тәртіппен апелляциялық сатыдағы соттың қаулысында кеткен қате жазуларды және анық арифметикалық қателерді түзету туралы немесе апелляциялық қаулының мәнін өзгертпестен, ұйғарым шығару арқылы қаулыны түсіндіру туралы мәселені қарауға құқылы.
Апелляциялық сатыдағы соттың көрсетілген мәселелер бойынша ұйғарымы шығарылған күнінен бастап күшіне енеді және оған шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
4. Осы Кодекстің 236-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен апелляциялық сатыдағы сот қосымша қаулы шығаруға құқылы.
427-бап. Апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жою не оны өзгерту негіздері
1. Апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жоюға не оны өзгертуге:
1) іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы және анықталмауы;
2) бірінші сатыдағы сот анықтаған, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дәлелденбеуі;
3) шешімде баяндалған бірінші сатыдағы сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуі;
4) материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы;
5) сот отырысының хаттамасын жүргізу міндеттілігі осы Кодексте көзделген сот отырысы, жеке процестік әрекет хаттамасының істе болмауы негіз болып табылады.
2. Егер сот:
1) қолданылуға жататын заңды қолданбаса;
2) қолданылуға жатпайтын заңды қолданса;
3) заңды дұрыс түсіндірмесе, материалдық құқық нормалары бұзылған немесе дұрыс қолданылмаған деп есептеледі.
3. Мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы, егер осы бұзушылық дұрыс шешім қабылдамауға әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз болып табылады.
Егер сот дұрыс шешім қабылдаса, бірақ көрсетілген бұзушылықтарға жол берілсе, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары келтіріледі, оларға сәйкес шешім өзгеріссіз қалдырылуға жатады.
4. Егер:
1) істі соттың заңсыз құрамы немесе соттылық туралы қағидаларды бұзып қараған;
2) осы Кодекстің 133-бабының қағидалары бойынша қаралған істерді қоспағанда, сот істі сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылмаған іске қатысатын адамдардың қайсыбіреуі болмағанда қараған;
3) істі қарау кезінде сот ісін жүргізу тілі туралы қағида бұзылған;
4) сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселені шешкен;
5) судья шешімге қол қоймаған немесе істі қарап, шешкен судьядан басқа судья қол қойған кез келген жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.
5. Осы баптың төртінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіздер болған кезде апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жояды, бұл туралы ұйғарым шығарады. Ұйғарымда істі бірінші сатыдағы сотта іс жүргізу қағидалары бойынша қарауға көшу туралы, іске қатысатын адамдар жасауға тиіс әрекеттер және оларды жасау мерзімдері көрсетіледі. Көрсетілген әрекеттер аяқталғаннан кейін істі әдеттегідей апелляциялық сатыдағы соттың сол құрамы қарайды.
Қалған жағдайларда, оның ішінде жаңа шешім шығарылып, сот шешімінің күші жойылған кезде, апелляциялық сатыдағы сот істі бір сот актісін қабылдап, бір сот отырысында қарайды.
6. Сот шығыстарын бөлу туралы мәселенің шешілмеуі немесе дұрыс шешілмеуі сот шешімінің күшін жою немесе оны өзгерту үшін негіз болып табылмайды. Сот шығыстарын бөлу қаулының қарар бөлігінде көрсетіледі.
428-бап. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтата отырып немесе арызды қараусыз қалдыра отырып, сот шешімінің күшін жою
Бірінші сатыдағы сот шешімі осы Кодекстің 277-бабында және 279-бабының 2), 3), 4), 5), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға немесе талап қоюды қараусыз қалдыруға байланысты апелляциялық тәртіппен күші жойылуға жатады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 429-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
429-бап. Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымдарына (қаулыларына) шағым жасау, прокурордың өтінішхат келтіру тәртібі мен мерзімдері
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, сондай-ақ соттың ұйғарымы істің одан әрі қозғалу мүмкіндігіне бөгет болатын жағдайларда бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына осы Кодекстің 401-бабында аталған адамдар жеке шағым беруі, өтінішхат келтіруі мүмкін. Егер ұйғарым іске қатыспайтын адамдардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты болса, олар да соттың ұйғарымына шағым жасауға құқылы.
Жеке шағым, прокурордың өтінішхаты ұйғарым түпкілікті нысанда дайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде беріледі.
2. Бірінші сатыдағы соттың қалған ұйғарымдарына, оның ішінде сол жерде сот отырысының хаттамасына енгізіле отырып шығарылған ұйғарымдарға жеке шағым, прокурордың өтінішхаты берілмейді, бірақ қарсылықтар апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына енгізілуі мүмкін.
3. Шешім шығарумен аяқталған сот талқылауы кезінде шығарылған ұйғарымға жеке шағым берілген, прокурор өтінішхат келтірген жағдайда, шешімге шағым жасау үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін ғана іс жоғары тұрған сот сатысына жіберіледі. Бұл ретте, егер шешімге апелляциялық шағым берілсе, прокурор апелляциялық өтінішхат келтірсе, жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын тексеруді істі апелляциялық тәртіппен қарайтын сот сатысы жүргізеді.
4. Жеке шағым, прокурордың өтінішхаты осы ұйғарымды шығарған сотқа іске қатысатын адамдардың санына қарай құжаттардың көшірмелерімен қоса беріледі, бұларды судья оларға жібереді немесе тапсырады. Судья жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын алғаннан кейін азаматтық істі немесе материалдарды апелляциялық сатыдағы сотқа жібереді.
5. Жеке шағым, прокурордың өтінішхаты апелляциялық шағымдар мен прокурордың өтінішхаттарын қабылдау және қарау үшін осы тарауда белгіленген тәртіппен қабылданады және қаралады.
Осы Кодекстің 414-бабында көзделген тәртіппен апелляциялық сатыдағы сот іске қатысатын адамдарға жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын қарау уақыты мен орны туралы хабарлайды. Іске қатысатын адамдардың апелляциялық сатыдағы соттың сот отырысына келмеуі оларды қарауға кедергі болмайды.
6. Жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын қарау нәтижелері бойынша апелляциялық сатыдағы сот:
1) соттың ұйғарымын - өзгеріссіз, ал жеке шағымды, прокурордың өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдыру;
2) сот ұйғарымының толық немесе бір бөлігінде күшін жою және мәселені бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға беру;
3) сот ұйғарымының толық немесе бір бөлігінде күшін жою және мәселені мәні бойынша шешу;
4) ұйғарымды өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
7. Талап арыздарды қайтару, іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру, талап арыздарды қараусыз қалдыру мәселелері жөніндегі жеке шағым немесе прокурордың өтінішхаты бойынша шығарылған апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымдары шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда апелляциялық сатыдағы соттың істің одан әрі қозғалу мүмкіндігіне бөгет болатын ұйғарымдарына шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін.
430-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың жеке ұйғарымы
Апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 270-бабында көзделген негіздер бойынша жеке ұйғарым шығара алады.
Жеке ұйғарымға осы Кодекстің 429-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін.
431-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың сот актілерінің заңды күші
Апелляциялық сатыдағы соттың сот актілері олар жария етілген күннен бастап заңды күшіне енеді.
432-бап. Сот актісін жіберу және істі бірінші сатыдағы сотқа қайтару
Апелляциялық сатыдағы сот істі қарағаннан және іске қатысатын адамдарға сот актісінің көшірмелерін жібергеннен (табыс еткеннен) кейін істі бірінші сатыдағы сотқа қайтарады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 433-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
433-бап. Іс апелляциялық тәртіппен қаралғаннан кейін келіп түскен апелляциялық (жеке) шағымды, прокурордың өтінішхатын қарау тәртібі
1. Белгіленген мерзімде немесе өткізіп алынған мерзім қалпына келтірілгеннен кейін берілген апелляциялық (жеке) шағым, прокурордың өтінішхаты апелляциялық сатыдағы сотқа іс басқа шағымдар бойынша қаралғаннан кейін келіп түскен жағдайда, сот мұндай шағымды, прокурордың өтінішхатын өзінің іс жүргізуіне қабылдауға міндетті.