2. Қылмыстық қудалау органына не сотқа келу туралы жазбаша міндеттеме жәбірленушіден де және куәдан да алынуы мүмкін.
3. Келу туралы міндеттеме орындалмаған кезде осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы және бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін.
4. Келу туралы міндеттеме орындалмаған кезде осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген адамдарға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
157-бап. Күштеп әкелу
1. Күдікті, айыпталушы, сотталушы, сондай-ақ куә, жәбiрленушi шақыру бойынша дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда, олар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, соттың уәждi қаулысы бойынша күштеп әкелінуі (мәжбүрлеп жеткізілуі) мүмкін.
2. Шақырту туралы тиiсті түрде хабарланған адамның келмеуiнiң дәлелдi себептерi болып: адамды келу мүмкiндiгiнен айырған ауруы, жақын туыстарының қайтыс болуы, дүлей зілзала, адамды белгіленген уақытта келу мүмкiндiгiнен айыратын өзге де себептер танылады. Күдікті, айыпталушы, сотталушы, сондай-ақ куә және жәбiрленушi шақыру бойынша белгіленген мерзiмде келуге кедергi келтiретiн дәлелдi себептер туралы өздерiн шақырған органға хабарлауға мiндеттi.
3. Күштеп әкелу туралы қаулы күдіктіге, айыпталушыға, сондай-ақ куәға және жәбiрленушiге оны орындаудың алдында хабарланады, бұл олардың қаулыға қол қоюымен куәландырылады.
4. Күштеп әкелуді түнгi уақытта жүргiзуге болмайды.
5. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар, ал он сегiз жасқа толмаған адамдар - олардың заңды өкiлiне хабарланбастан, жүктi әйелдер, сондай-ақ дәрiгердiң куәландыруына жататын денсаулық жағдайы бойынша өзiнiң жатқан орнынан кете алмайтын немесе кетпеуге тиiс науқастар күштеп әкелінуге жатпайды.
6. Соттың күштеп әкелу туралы қаулысын - сот приставы немесе iшкi iстер органы; прокурордың, анықтаушының, тергеушiнiң қаулысын анықтау, алдын ала тергеу жүргiзетiн орган немесе iшкi iстер органы орындайды.
158-бап. Лауазымынан уақытша шеттету
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде - тергеу судьясы немесе сот ісін жүргізу кезінде сот, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін негіздер болмаған кезде күдікті, айыпталушы, сотталушы осы лауазымда қала отырып, істі тергеп-тексеруге және сотта талқылауға, қылмыспен келтiрiлген залалды өтеуге кедергi келтіреді немесе осы лауазымда болуымен байланысты қылмыстық іс-әрекетпен айналысуды жалғастырады деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде, күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны лауазымынан шеттетуге құқылы.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында лауазымынан уақытша шеттету туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады және оны прокурорға жібереді.
Қаулыға қылмыстық істің лауазымынан шеттету қажеттігін растайтын материалдарының расталған көшірмелері қоса беріледі.
3. Прокурор ұсынылған материалдарды қарап, өтінішхатты қолдайды не оны қолдаудан бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады. Прокурор өтінішхатты қолдаған кезде өтінішхат пен іс материалдарының көшірмесін сотқа жібереді.
4. Тергеу судьясы лауазымнан уақытша шеттетуді санкциялау туралы өтінішхатты ол сотқа келіп түскен кезден бастап үш тәулік ішінде тараптардың қатысуынсыз жеке-дара қарайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Тергеу судьясы өтінішхатты және істің ұсынылған материалдарын қарап шығып, лауазымнан уақытша шеттетуді санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Лауазымнан уақытша шеттетуді санкциялау немесе одан бас тарту туралы қаулыға осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
6. Күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны лауазымынан уақытша шеттету туралы қаулы оның жұмыс орны бойынша ұйым басшысына жiберiледi, ол қаулыны алғаннан кейiн үш тәулiк iшiнде оны орындауға және лауазымынан шеттету туралы өтінішхат мәлімдеген адамға ол туралы хабарлауға мiндеттi.
7. Лауазымынан шеттетiлген күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, егер олар өздеріне байланысты емес мән-жайлар бойынша басқа лауазымда iстей алмаса немесе басқа жұмысқа кiре алмаса, ең төмен бір жалақы мөлшерiнен кем емес ай сайынғы мемлекеттiк жәрдемақыға құқығы бар.
8. Лауазымынан уақытша шеттету шарасының күшін жою прокурордың келісімімен қылмыстық қудалау органының уәжді қаулысымен жүзеге асырылады не қылмыстық істі сотта қарау барысында осы шараның қажеттігі болмай қалған кезде сот оның күшін жояды.
159-бап. Ақшалай өндіріп алу
Осы Кодекстiң 71, 78, 80, 81, 82, 90, 142, 144, 156 және 165-баптарында көзделген процестік мiндеттерді орындамағаны және сот отырысында тәртiп бұзғаны үшiн, адвокатты, прокурор мен сотталушыны қоспағанда, жәбiрленушiге, куәға, маманға, аудармашыға және өзге де адамдарға осы Кодекстің 160-бабында белгіленген мөлшерде және тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
160-бап. Ақшалай өндіріп алуды қолдану тәртібі
1. Осы Кодекстің 159-бабында аталған жағдайларда сот ақшалай өндіріп алуды қолданады.
2. Егер тиісті бұзушылыққа сот отырысы барысында жол берілсе, онда сот өндіріп алуды осы бұзушылық анықталған сол бір сот отырысында қолданады, соттың ол туралы қаулысы шығарылады.
3. Тиісті бұзушылыққа сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жол берілген болса, онда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам немесе прокурор бұзушылық туралы хаттама жасап, оны тергеу судьясына жібереді, ол оны сотқа келіп түскен кезден бастап бір тәулік ішінде қарайды. Сот отырысына өзіне ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін тұлға шақыртылады. Бұзушылық жасаған адамның дәлелді себептерсіз келмей қалуы хаттаманы қарауға кедергі болмайды.
4. Судья хаттаманы қарау нәтижесі бойынша елу айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолдану немесе оны қолданудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Қаулының көшірмесі хаттаманы жасаған адамға және ақшалай өндіріп алу қолданылған адамға жіберіледі.
5. Сот ақшалай өндіріп алу қолданылған кезде қаулының орындалуын үш айға дейінгі мерзімге кейінге қалдыруға немесе ұзартуға құқылы.
161-бап. Мүлiкке тыйым салу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам үкiмдi азаматтық талап қою, басқа да мүлiктiк өндіріп алу немесе мүлiктi ықтимал тәркiлеу бөлiгiнде орындауды қамтамасыз ету мақсатында мүлікке тыйым салу шараларын қолдануға міндетті.
Егер азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету негіздері сот тергеуі кезеңінде туындаса, сот үкім заңды күшіне енгенге дейін оны қамтамасыз ету шараларын қолдануға құқылы.
Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурордың келісімімен он күннен аспайтын мерзімге мүлікке билік етуге уақытша шектеу белгілеуге құқылы.
2. Мүлiкке тыйым салу оның меншiк иесiне немесе иеленушiсiне арналған, осы мүлікке билiк етуге, ал қажет болған жағдайларда оны пайдалануға тыйым салудан не мүлiктi алып қоюдан және оны сақтауға беруден тұрады.
3. Тәркіленуге жататын мүлікті қарап-тексеру және сақтау тәртібі осы Кодекстің 221-бабында айқындалады.
4. Үкімді күдіктінің, айыпталушының немесе олардың әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын, Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін заңдарында көзделген жағдайларда міндеттемелері қайта құрылымдануға жататын, қаржы ұйымдарының кредиторлары болып табылатын тұлғалардың мүлкіне тыйым салу туралы азаматтық талап қою бөлігінде орындауды қамтамасыз ету шараларын қолдануға жол берілмейді.
5. Азаматтық талапкер немесе прокурор қойған азаматтық талапты қамтамасыз ету үшін тыйым салынған мүлiктiң құны талап қоюдың бағасынан аса алмайды.
6. Бiрнеше күдіктінің, айыпталушының немесе олардың әрекеттерi үшін жауап беретiн тұлғалардың әрқайсысынан тыйым салынуға жататын мүлiктiң үлесiн айқындау кезiнде күдіктіге, айыпталушыға таңылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысу дәрежесi ескерiледi, алайда, егер басқаларда мүлік болмаса, азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету үшiн тиiстi тұлғалардың бiрiнiң мүлкiне де толық мөлшерде тыйым салынуы мүмкiн.
2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.05.07. № 88-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 7-бөлік жаңа редакцияда; 2017.12.12. № 114-VI ҚР Заңымен 7-бөлік өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Бiрiншi қажеттiлiк заттары болып табылатын мүлікке және тізбесі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын өзге де заттарға тыйым салынбайды.
Мүлікке билік етуге уақытша шектеу, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеулер белгілеуге, мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға, тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаға, нотариус депозиті шарттарында енгізілген, «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаға, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік орган лицензиядан айырған және (немесе) мәжбүрлеп тарату процесінде тұрған банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ақшасына тыйым салуға жол берілмейді.
8. Егер басқа тұлғалардағы мүлік күдіктінің, айыпталушының қылмыстық әрекеттері нәтижесінде алынған не қылмыстық құқық бұзушылық жасау құралы ретінде немесе экстремизмді, терроризмді, ұйымдасқан топты, заңсыз әскери құралымды, қылмыстық қоғамдастықты қаржыландыру үшін пайдаланылған не пайдаланылуға арналған деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса, ол мүлікке тыйым салынуы мүмкін.
Басқа тұлғалар күдіктінің, айыпталушының, сотталушының әрекеттерімен келтірілген зиян үшін заңға сәйкес материалдық жауаптылықта болған жағдайларда, олардың да мүлкіне тыйым салынуы мүмкін.
9. Тыйым салынуға жататын мүлік жасырылуы немесе жоғалтылуы мүмкін деп пайымдауға негіз болған жағдайларда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам соттың санкциясын алғанға дейін прокурорды және сотты жиырма төрт сағаттың ішінде хабардар ете отырып, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасасуды тоқтата тұру туралы қаулы шығаруға құқылы не осы мүлік алып қойылуы мүмкін.
162-бап. Мүлікке тыйым салу тәртібі
1. Мүлікке тыйым салу қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында күдіктінің немесе олардың әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын тұлғалардың мүлкіне тыйым салу туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулы шығарады.
Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын, қылмыстық істің куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.
Қаулыда қылмыстық құқық бұзушылықтың қысқаша фабуласы, саралануы, күдікті, айыпталушы немесе қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде тыйым салынған іс-әрекетімен келтірілген зиян үшін жауапты тұлға туралы деректер, қойылған талап болған кезде тыйым салу ұсынылатын мүліктің құны, оның тұрған жері және мүлікке тыйым салу қажеттігі туралы түйіндер қамтылады.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатты қозғау туралы қаулысы және оның материалдары тыйым салынуға жататын мүлік анықталған кезден бастап қырық сегіз сағаттан кешіктірілмей прокурорға ұсынылуға тиіс.
3. Прокурор мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатты қолдау туралы мәселені шешкен кезде мүлікке тыйым салу негіздерін қамтитын барлық материалдармен танысуға міндетті. Өтінішхат келіп түскеннен кейін алты сағат ішінде прокурор мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатты қолдау және қаулы мен тиісті материалдарды сотқа жіберу туралы шешім қабылдайды немесе өтінішхатты қолдаудан бас тартады.
4. Мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатты қолдаған жағдайда прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қаулысымен келіседі, ал бас тартқан жағдайда уәжді қаулы шығарады.
5. Прокурордың мүлікке тыйым салу туралы өтінішхатты қолдаудан бас тарту туралы қаулысына сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жоғары тұрған прокурорға не өзінің құқықтары мен мүдделерін немесе өздері өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушылар осы Кодекстің 105-бабының тәртібімен шағым жасауы мүмкін.
163-бап. Мүлікке тыйым салуды санкциялау тәртібі
1. Мүлікке тыйым салуды санкциялау құқығы - аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясына, ал осы Кодекстің 107-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда облыстық және оған теңестірілген соттың судьяларына тиесілі.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның мүлiкке тыйым салу туралы өтінішхатты қозғау туралы прокурор қолдаған қаулысы материалдар сотқа келіп түскен кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген жері бойынша не күдіктінің, айыпталушының мүліктері анықталған жері бойынша прокурордың қатысуымен сот отырысында аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясының жеке-дара қарауына жатады. Сот отырысына, сондай-ақ күдіктінің, айыпталушының қорғаушысы және мүлік құнын айқындайтын маман қатысуға құқылы. Сот процеске қатысушыларға сот отырысының орны мен уақыты туралы уақтылы хабарлаған жағдайда, олардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.
Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.
3. Тергеу судьясы отырыстың басында қандай өтінішхаттың қаралуға жататынын хабарлайды, сот отырысына келген тұлғаларға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Содан кейін прокурор мүлікке тыйым салуды санкциялау қажеттігін негіздейді, содан кейін сот отырысына келген басқа да тұлғалар тыңдалады.
4. Тергеу судьясы мүлікке тыйым салуды санкциялау туралы өтінішхатты қарап, мүлікке тыйым салуды санкциялау туралы не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Мүліктің ықтимал тәркіленуін қамтамасыз ету үшін мүлікке тыйым салу туралы мәселені шешу кезінде тергеу судьясы мүліктің күдіктіге, айыпталушыға тиесілі екенін немесе оның қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде пайдаланылғанын не қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынғанын куәландыратын нақты мән-жайларды көрсетуге тиіс.
Мүліктің қылмыстық жолмен алынғаны туралы анық деректер бар болған, бірақ бұл мүлікті анықтау мүмкін болмаған кезде тергеу судьясы оған құны бойынша баламалы басқа мүлікке тыйым салуға құқылы.
5. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулыда тыйым салынуға жататын мүлiк, сотқа дейінгі iс жүргiзу барысында оның қаншалықты анықталғаны, сондай-ақ азаматтық талап қоюды қамтамасыз етуде тыйым салу жеткiлiктi болатын мүлiктiң құны, іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғанға дейін мүлікті сақтау орны туралы мәлімет көрсетiлуге тиiс.
Қажет болған кезде мүлікке тыйым салу туралы қаулы орындалуы үшін тиісті уәкілетті органға жіберілуі мүмкін.
6. Тергеу судьясының мүлікке тыйым салу туралы қаулысы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, күдіктіге немесе қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде тыйым салынған іс-әрекетімен келтірілген зиян үшін жауаптылықта болатын тұлғаға, сондай-ақ прокурорға, азаматтық талапкерге, жәбірленушіге жіберіледі.
7. Судьяның мүлiкке тыйым салу туралы қаулысын сот орындаушысы орындайды.
8. Сот орындаушысы судьяның мүлiкке тыйым салу туралы қаулысын орындау үшін мүліктің бар-жоғын тексереді, оның тізімдемесін жасайды, билігінде осы мүлік жатқан тұлғаларға мүлікті талан-таражға салуға немесе онымен өзге де әрекеттер жасауға жол берілмейтіні туралы жазбаша түрде ескертеді не тыйым салынуы мүмкін мүліктің жоқ екені туралы акт жасайды.
9. Мүлiкке тыйым салған кезде мүлiктiң құнын айқындайтын маман қатысуы мүмкін.
10. Мүліктің меншiк иесi немесе иеленушiсі қандай нәрселерге бiрiншi кезекте тыйым салу қажеттiгiн ұсынуға құқылы.
11. Тыйым салынған мүлiк алып қойылуы не тергеу судьясының қалауы бойынша жергiлiктi әкiмшiлiктiң, тұрғынжай-пайдалану ұйымының өкiлiне, осы мүлiктiң иеленушiсіне немесе өзге де тұлғаға сақтауға берiлуi мүмкiн, оларға мүлiктiң сақталуына жауапты екендігі ескертiлуге тиiс, бұл туралы қолхат алынады.
12. Банктердегi және кредиттік мекемелердегi шоттар мен салымдардағы ақшаға және өзге де құндылықтарға тыйым салу кезiнде осы шот бойынша шығыс операциялары тыйым салынған қаражат шегiнде тоқтатылады.
13. Мүлікке тыйым салуға қажеттілік жойылған кезде бұл шараның күші жойылады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде тергеу судьясы санкциялаған мүлiкке тыйым салудың күшін жою қылмыстық қудалау органының уәжді қаулысы негізінде прокурордың келісімімен жүргізіледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 164-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
164-бап. Тергеу судьясының мүлiкке тыйым салуды санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы қаулысын прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау және оған шағым жасау
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Тергеу судьясының күдіктінің, айыпталушының, оның әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын тұлғаның мүлкіне тыйым салуды санкциялау немесе одан бас тарту туралы қаулысына осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, сондай-ақ ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
2. Аудандық немесе оған теңестірілген соттың тергеу судьясының мүлiкке тыйым салуды санкциялаудан бас тарту туралы қаулысының күші жойылған жағдайда, облыстық немесе оған теңестірілген соттың мүлiкке тыйым салуды санкциялау туралы мәселені қарауы осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
165-бап. Жақындауға тыйым салу
1. Жақындауға тыйым салу жәбірленушіні және іске қатысатын өзге адамдарды қорғау мақсатында күдіктінің, айыпталушының, сотталушының оларды іздестіруін, олардың ізіне түсуін, оларға баруын, олармен телефон арқылы сөйлесуін және өзге де тәсілдермен қарым-қатынас жасауын шектеуден тұрады.
Жақындауға тыйым салуды тергеу судьясы санкциялайды не оны сот қолданады.
2. Күш қолданумен немесе оны қолданамын деп қорқытумен байланысты, отбасыға және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтың нақты қатері болған не оны күдікті, айыпталушы жасаған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жәбірленушінің немесе қорғалуға жататын өзге адамның жазбаша арызы бойынша сот алдында жақындауға тыйым салуды санкциялау туралы өтінішхат қозғау туралы қаулы шығарады және оны прокурорға жібереді.
Қаулыға қылмыстық істің жақындауға тыйым салу қажеттігін растайтын материалдарының расталған көшірмелері қоса беріледі.
3. Прокурор ұсынылған материалдарды қарап, өтінішхатты қолдайды не оны қолдаудан бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады. Прокурор өтінішхатты қолдаған кезде өтінішхатты және іс материалдарының көшірмесін сотқа жібереді.
4. Жақындауға тыйым салуды санкциялау туралы өтінішхатты тергеу судьясы өтінішхат сотқа келіп түскен кезден бастап үш тәулік ішінде прокурордың, күдіктінің, айыпталушының, оның қорғаушысының, жәбірленушінің немесе қорғалуға жататын өзге адамның қатысуымен қарайды.
Сот отырысының орны мен уақыты туралы сот уақтылы хабардар еткен жағдайда, процеске көрсетілген қатысушылардың келмей қалуы сот отырысын өткізуге кедергі болмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Тергеу судьясы өтінішхатты және істің ұсынылған материалдарын қарап шығып, жақындауға тыйым салуды санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Жақындауға тыйым салуды санкциялау немесе одан бас тарту туралы қаулыға осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
6. Жақындауға тыйым салу туралы қаулыда осы процестік мәжбүрлеу шарасын қолданудың негіздері және жақындауға тыйым салу түрлері, сондай-ақ оның сақталуын бақылау жүктелетін орган көрсетілуге тиіс. Жақындауға тыйым салу туралы қаулының көшірмесі прокурорға, күдіктіге, айыпталушыға, қорғаушыға, қорғалатын адамға және бақылауды жүзеге асыратын органға тапсырылады.
7. Жақындауға тыйым салу бұзылған кезде күдіктіге, айыпталушыға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы, сондай-ақ бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін.
8. Жақындауға тыйым салудың күшін жою бұл шараға қажеттілік болмай қалған кезде прокурордың келісімімен қылмыстық қудалау органының уәжді қаулысымен жүзеге асырылады не оны қылмыстық істі сотта қарау барысында сот жүзеге асырады.
5-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ МҮЛІКТІК МӘСЕЛЕЛЕР
20-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ АЗАМАТТЫҚ ТАЛАП ҚОЮ
166-бап. Қылмыстық процесте қаралатын азаматтық талап қоюлар
1. Қылмыстық процесте жеке және заңды тұлғалардың тікелей қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есi дұрыс емес адамның қоғамға қауiптi іс-әрекетiмен келтiрiлген мүлiктiк және моральдық зиянды өтеу туралы, сондай-ақ жәбірленушіні жерлеуге, емдеуге кеткен шығыстарды, оған сақтандыру өтемі, жәрдемақы немесе зейнетақы ретiнде төленген сомаларды, сондай-ақ өкiлдiк етуге жұмсалған шығыстарға қоса, анықтау, алдын ала тергеу iсiн жүргізуге және сотқа қатысуға байланысты шеккен шығыстарды өтеу туралы азаматтық талап қоюлары қаралады.
2. Қылмыстық iс бойынша берілген азаматтық талап қоюды дәлелдеу осы Кодексте белгiленген қағидалар бойынша жүргiзiледi.
Егер азаматтық талап қоюға байланысты туындаған құқықтық қатынастар осы Кодексте реттелмеген болса, онда азаматтық іс жүргізу заңнамасының нормалары осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
3. Егер, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар қылмыстық іс бойынша іс жүргізу барысында азаматтық талап қоймаса немесе оны қойғаннан кейін кері қайтарып алса немесе оны сот қараусыз қалдырса, олар оны азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қоюға құқылы. Талапкердің азаматтық талап қоюды кері қайтарып алу туралы немесе оны қараусыз қалдыру туралы арызын сот осы Кодекске және азаматтық іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес шешеді.
4. Азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қабылданған азаматтық талап қою бойынша шешім қылмыстық сот ісін жүргізу барысында нақ осы талапты нақ осы адамдарға нақ осы негіздер бойынша қою үшін кедергі келтіретін негіз болып табылады.
167-бап. Азаматтық талап қою
1. Азаматтық талапты қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есi дұрыс емес адамның қылмыстық жазаланатын іс-әрекетімен тікелей мүліктік немесе моральдық зиян келтірілген тұлға не оның өкiлi сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап сот тергеуі аяқталғанға дейін қоюы мүмкін.
Осы Кодекстің 58-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, прокурор азаматтық талап қоюға құқылы.
Салдарында адам қайтыс болған қылмыстар туралы істер бойынша азаматтық талапты қайтыс болған адамның осы Кодексте көзделген жәбірленуші құқықтарын жүзеге асыратын жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) қоя алады.
2. Азаматтық талап күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға немесе оның әрекеттері немесе есі дұрыс емес адамның әрекеттері үшін материалдық жауаптылықта болатын тұлғаларға қойылады.
Азаматтық талап қойған тұлға - азаматтық талапкер деп, өзіне талап қойылған тұлға азаматтық жауапкер деп аталады. Көрсетілген тұлғалар қылмыстық іс бойынша іс жүргізу барысында процестік құқықтарды пайдаланады және осы Кодексте азаматтық талапкер мен тиісінше азаматтық жауапкер үшін белгіленген процестік міндеттерді көтереді.
3. Талапкер қылмыстық істе азаматтық талап қойған кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
4. Азаматтық талап қоюдың соттылығы ол берілген қылмыстық істің соттылығымен айқындалады және қылмыстық іспен бірге қаралады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
5. Азаматтық талап қою азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын талап қоюларға қойылатын талаптарға сәйкес жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында қойылады.