2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Валюталық бақылау органдары бақылаудың өзге де нысандарын:
1) уәкілетті ұйымның айырбастау пунктінің үй-жайы мен жабдығын біліктілік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарап-тексеру;
2) валюталық бақылау агентіне валюталық бақылауды тиісінше жүзеге асыру мақсатында орындалуы міндетті тапсырма жіберу;
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасы валюталық заңнамасының талаптарын ықтимал бұзғаны туралы ақпараттың келіп түсуіне байланысты валюталық бақылау органы сұратқан, валюталық операцияның жүргізілуіне байланысты ақпаратты, есептілік пен құжаттарды және Қазақстан Республикасы валюталық заңнамасының талаптарына сәйкес ұсынылатын өзге де ақпаратты (есептілікті) талдау арқылы жүзеге асырады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген бақылаудың өзге де нысандарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ғана жүзеге асырады.
4. Бақылаудың өзге де нысанын жүзеге асыру рәсімдері:
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) рұқсат беру бақылауы шеңберінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы және (немесе) оған қосымша берілгенге дейін, қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан уәкілетті ұйымның айырбастау пунктіне арналған үй-жайға баруды және оны қарап-тексеруді, жабдықты қарап-тексеруді қамтиды. Бару және қарап-тексеру заңды тұлғаның Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясын және (немесе) оған қосымшаны алуға келіп түскен өтініші негізінде жүзеге асырылады. Қарап-тексерудің нәтижелері заңды тұлғаға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясын және (немесе) оған қосымшаны беру не беруден бас тарту туралы шешім қабылдау кезінде ескеріледі;
2) валюталық бақылау агентіне тапсырманың мәні және оны орындау мерзімдері көрсетілген жазбаша сұрау салу нысанында тапсырма жіберуді қамтиды. Валюталық бақылау агенті валюталық бақылау органының жазбаша тапсырмасын сұратылған ақпаратты және (немесе) құжаттарды осындай тапсырмада көрсетілген нысанда және мерзімдерде ұсыну арқылы орындайды;
3) валюталық бақылау органының Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес немесе валюталық бақылау органының сұрау салуы бойынша ұсынылған ақпаратты, есеп тілікті, құжаттарды Қазақстан Республикасы валюталық заңнамасының талаптарын, оның ішінде алынған ақпараттың, есептіліктің, құжаттардың уақтылығы, толықтығы және анықтығы жөніндегі талаптарды сақтау тұрғысынан талдауды жүзеге асыруын қамтиды.
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 20-1-баппен толықтырылды (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
20-1-бап. Мемлекеттік кірістер органының экспорт немесе импорт бойынша ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын репатриациялау бойынша валюталық бақылау жүргізу ерекшеліктері
1. Осы Заңның 9-бабының 2-тармағында көрсетілген резиденттердің (бұдан әрі - тексерілетін резидент) экспорт немесе импорт бойынша ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын репатриациялау талабын орындауын валюталық бақылауды мемлекеттік кірістер органы жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік кірістер органы тексерілетін резиденттің экспорт немесе импорт бойынша ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын репатриациялау талабын орындауына валюталық бақылау жүргізу кезінде тексеру жүргізеді және (немесе) осы Заңның 20-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген бақылаудың өзге де нысанын жүзеге асырады.
3. Тексеру жүргізу оны тағайындау туралы акт ресімдеуді талап етпейді.
Тексеру тексерілетін резидентке бармай, оған валюталық операцияны жүргізуге байланысты, оның ішінде экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт шеңберінде міндеттемелердің орындалуы бойынша ақпаратты және (немесе) құжаттарды беру туралы жазбаша сұрау салуды жіберу жолымен жүзеге асырылады.
Жазбаша сұрау салуда мыналар көрсетіледі:
1) тексерілетін резиденттің атауы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), бизнес-сәйкестендіру нөмірі немесе жеке сәйкестендіру нөмірі, оның тұратын жері;
2) тексерудің негізі;
3) сұратылатын құжаттардың тізбесі (олардың көшірмелері);
4) қажет болған кезде түсіндіруді талап ететін ақпарат (мәліметтер);
5) сұратылатын ақпаратты және (немесе) құжаттарды беру мерзімі.
4. Тексерілетін резиденттің атына мемлекеттік кірістер органының уәкілетті лауазымды адамы қол қойған жазбаша сұрау салудың жіберілуі тексерудің басталуы болып табылады.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген жазбаша сұрау салу тексерілетін резидентке мынадай жағдайларда:
1) хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберілгенде - пошта операторының хабарламасында тексерілетін резиденттің белгісі қойылған күннен бастап;
2) электрондық тәсілмен жіберілгенде:
жазбаша сұрау салу веб-қосымшада жеткізілген күннен бастап табыс етілді деп есептеледі. Көрсетілген тәсіл мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйесін пайдаланушы ретінде тіркелген тексерілетін резидентке қолданылады;
хабарлама пайдаланушының «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинетіне жеткізілген күннен бастап табыс етілді деп есептеледі. Көрсетілген тәсіл «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген тексерілетін резидентке қолданылады.
5. Тексерілетін резидент сұратылған ақпаратты және (немесе) құжаттарды (олардың көшірмелерін) мемлекеттік кірістер органының жазбаша сұрау салуында белгіленген мерзімдерде, бірақ тексерілетін резидент жазбаша сұрау салуды алған күннен кейінгі күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
6. Тексерілетін резидентке қызмет көрсететін уәкілетті банкте бар ақпаратты және (немесе) құжаттарды (олардың көшірмелерін) нақтылау үшін мемлекеттік кірістер органы осы Заңның 20-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген валюталық бақылаудың өзге нысанын пайдалана отырып, осындай банктің атына жазбаша сұрау салуды жібереді.
7. Тексерілетін резидент тарапынан қол қою талап етілмейтін нәтижелер туралы қорытындыға уәкілетті лауазымды адамның қол қойған күні мемлекеттік кірістер органы тексеруінің аяқталуы болып табылады.
21-бап. Жекелеген валюталық операциялар бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүргізуге қойылатын талаптар
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Уәкілетті банктер жүргізілуі Қазақстан Республикасынан ақшаны әкетуге, Қазақстан Республикасы валюталық заңнамасының талаптарын орындаудан жалтаруға бағытталуы мүмкін жекелеген валюталық операциялар бойынша резидент тердің (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) төлемдерін және (немесе) ақша аударымдарын Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында көзделген тәртіппен және ақша жөнелтуші немесе ақша алушы болып табылатын резидент уәкілетті банктің осы төлем және (немесе) ақша аудару туралы ақпаратты валюталық бақылау органдарына және құқық қорғау органдарына беруіне рұқсат берген кезде жүзеге асырады.
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жүргізілуі Қазақстан Республикасынан ақшаны әкетуге, Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасының талаптарын орындаудан жалтаруға бағытталуы мүмкін жекелеген валюталық операциялардың түрлері мен өлшемшарттары Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында белгіленеді.
22-бап. Шектеулі ықпал ету шаралары, қадағалап ден қою шаралары және санкциялар
1. Валюталық бақылау органдары валюталық бақылау субъектілерінің Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзушылықтарын анықтаған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шектеулі ықпал ету шараларын, қадағалап ден қою шараларын және санкцияларды қолдануға құқылы.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзушылықтарды анықтаған кезде:
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) уәкілетті банктерге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жазалар қолданылады, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жəне (немесе) оларды жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы талаптар қойылады;
2) уәкілетті ұйымдарға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жазалар, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес қадағалап ден қою шаралары және санкциялар;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілмеген өзге де резиденттерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын бейрезиденттерге қатысты анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша хабарлама түріндегі шектеулі ықпал ету шаралары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жазалар қолданылады.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша хабарламасы осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген субъектілердің осындай хабарламада белгіленген мерзімде орындауы үшін міндетті болып табылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша хабарламасын орындамау тексеру жүргізу, оның ішінде басқа да валюталық бақылау органдарымен бірлесіп, құзыреті шегінде тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады.
23-бап. Резиденттер мен бейрезиденттердің құқықтары және міндеттері
1. Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын резиденттер мен бейрезиденттер:
1) валюталық бақылау органдары жүргізген тексерулердің нәтижелерімен танысуға;
2) валюталық бақылау органдары мен агенттерінің әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын резиденттер мен бейрезиденттер:
1) валюталық реттеу және валюталық бақылау органдары мен валюталық бақылау агенттеріне осы Заңда және Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында белгіленген талаптарды орындау мақсатында өздері жүргізетін валюталық операциялар бойынша есептілікті, ақпаратты және құжаттарды ұсынуға;
2) валюталық бақылау органдары мен агенттеріне валюталық операцияларды жүргізуге қатысты ақпаратты және сұратылатын құжаттарды валюталық бақылау органының жазбаша сұрау салуында немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген мерзімдерде ұсынуға;
3) валюталық бақылау органдарына тексерулерді және бақылаудың өзге де нысандарын жүргізуі барысында, сондай-ақ олардың нәтижелері бойынша түсініктемелер беруге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім ішінде есептіліктің сақталуын қамтамасыз ете отырып, жүргізілетін валюталық операциялар бойынша есепке алуды жүргізуге және есептілік жасауға;
5) валюталық бақылау органдарының анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптарын (нұсқауларын, нұсқамаларын, хабарламаларын) орындауға;
6) валюталық бақылау органдарына тексерулер жүргізуі барысында өз үй-жайларына кіруді, құжаттарға және автоматтандырылған дерекқорға қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 6-тарау жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6-тарау. ТӨЛЕМ БАЛАНСЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ШАРАЛАР
24-бап. Төлем балансын қорғау жөніндегі шаралар
1. Қазақстан Республикасының төлем балансының орнықтылығына, ішкі валюта нарығының тұрақтылығына жəне экономикалық қауіпсіздігіне елеулі қатер төнген жағдайда, егер жағдайды экономикалық саясаттың басқа шараларымен шешу мүмкін болмаса, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актісімен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен тиісті уəкілетті органдардың бірлескен ұсынуы негізінде жекелеген валюта операцияларын жүргізудің ерекше тəртібін көздейтін шаралар енгізілуі мүмкін.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шаралар Қазақстан Республикасы халықаралық бірлестіктерге (ұйымдарға) қатысу шеңберінде жасасқан жəне Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сəйкес келуге тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шаралар уақытша сипатта болады жəне оларды енгізуді туындатқан мəн-жайлардың жойылуына қарай күшін жояды.
3. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген шаралар рұқсат беру немесе хабарлама жасау тəртібін енгізуді көздейтін болса, онда мұндай рұқсаттар мен хабарламаларға «Рұқсаттар жəне хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші қолданылмайды.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
25-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң 2020 жылғы 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағының жетінші абзацын қоспағанда, 2019 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
2. «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж. № 11, 38-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 13-14, 63-құжат; 2010 ж., № 15, 71-құжат; 2012 ж., № 1, 6-құжат; № 13, 91-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 22-І, 140-құжат; № 22-VІ, 159-құжат; 2016 ж., № 12, 87-құжат; 2017 ж., № 14, 51-құжат; № 23-ІІІ, 111-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2018 жылғы шілденің 2-і.
№ 167-VІ