4-3-бап. Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының операторы
1. Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылады.
Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының құрауыштарын айқындайды;
2) ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымы құрауыштарының жұмыс істеу жəне оларды басқару қағидаларын, ерекшеліктерін бекітеді;
3) қатысушылардың ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымына қатысу жəне олардың құрауыштарымен өзара іс-қимыл жасау шарттарын айқындайды, сондай-ақ ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымына қатысушылардың оларды сақтауын қамтамасыз етеді;
4) ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының құрауыштарына қатысты киберқауіпсіздік шараларын іске асырады;
5) ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының құрауыштары шеңберінде қатысушылар арасында ақпарат алмасуды ұйымдастырады;
6) ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымына қатысушылармен шарттар жасасады;
7) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде жəне ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымына қатысушылармен жасалған шарттарда көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының жекелеген құрауыштары операторының функцияларын орындауды ұлттық банкаралық орталыққа жүктеуге құқылы.
4-4-бап. Ұлттық төлем жүйесі
1. Ұлттық төлем жүйесі ақша аударымдарының банкаралық жүйесінен, банкаралық клиринг жүйесінен жəне операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заңды тұлғасы болып табылатын басқа да төлем жүйелерінен тұрады.
2. Ұлттық төлем жүйесі:
1) мемлекеттің ақша-кредит саясатының операциялары бойынша төлемдер жəне (немесе) ақша аударымдарын жүргізуді жүзеге асыруға;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған корреспонденттік шоттардағы ақшаны пайдалана отырып, қаржы ұйымдары арасында төлемдерді жəне (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруға;
3) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін төлем жүйелерінің қағидаларында айқындалған осы төлем жүйелеріндегі клирингтің нəтижелері бойынша есеп айырысулардың аяқталуын қамтамасыз етуге;
4) Қазақстан Республикасының резиденттері екінші деңгейдегі банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар шығарған төлем карточкаларын пайдалана отырып, өңдеу мен клирингті қоса алғанда, банкаралық төлем карточкалары жүйесі арқылы Қазақстан Республикасының аумағында банкаралық төлемдерді жəне (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруға;
5) банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қатысушылардың клиенттері арасында лездік мобильді төлемдерді жəне (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыруға бағытталған.
3. Көрсетілетін төлем қызметтерін берушілердің ұлттық төлем жүйесіне қатысу шарттарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
2-тарау. ТӨЛЕМ ЖҮЙЕЛЕРІ
5-бап. Төлем жүйелеріне қойылатын негізгі талаптар
1. Төлем жүйесінің ұйымдастырылу және жұмыс істеу тәртібі осы төлем жүйесінің операторы белгілеген қағидаларында айқындалады.
2. Төлем жүйесінің қағидаларында:
1) төлем жүйесінің жұмыс істеу рәсімдері, оның ішінде төлем жүйесінде ақша аударымдарын жүзеге асыру, төлем хабарларының форматтарын қолдану тәртібі, төлем жүйесінің жұмыс кестесі және төлем жүйесіндегі тәуекелдерді басқару жүйесі;
2) төлем жүйесінің операторы ұсынатын көрсетілетін қызметтердің және төлем жүйесінде жүзеге асырылатын операциялардың сипаты;
3) төлем жүйесіне қатысу шарттары;
4) төлем жүйесіне қатысушылардың оның операторымен өзара іс-қимыл тәртібі;
5) төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша нұсқауды кері қайтарып алу рәсімдері;
6) төлем жүйесіне қатысушылардың төлем қабілетсіздігін реттеу тәртібі;
7) киберқауіпсіздік шараларын сақтау тәртібі;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) төлем жүйесі қағидаларын бұзғаны үшін төлем жүйесіне қатысушыға қолданылатын шаралар;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) алаяқтықты және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды), терроризмді қаржыландыруды және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруды болғызбауға бағытталған ұйымдастырушылық және рәсімдік іс-шараларды төлем жүйесінде қамтамасыз ету және енгізу жөніндегі шаралар қамтылуға тиіс.
3. Төлем жүйесінің қағидаларына осы төлем жүйесіне қатысушылардың басқа төлем жүйелеріне қатысуын (оның ішінде айрықша қатысу туралы шарт түріндегі нормаларды), сондай-ақ басқа төлем жүйелеріне осы төлем жүйесінің инфрақұрылымына қызмет көрсететін тұлғалардың (осы төлем жүйесі операторының жұмыскерлері болып табылатын адамдарды қоспағанда) қызмет көрсетуін шектейтін нормаларды енгізуге тыйым салынады.
2026.16.01. № 259-VIII ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 18 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
3-1. Банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қатысушылардың өз клиенттері үшін электрондық төлем құралдарын, мобильді қосымшаларды жəне (немесе) штрих-кодты пайдалана отырып, төлемдерді жəне (немесе) ақша аударымдарын қамтамасыз ететін басқа төлем жүйелерінде осы қатысушылар ұсынатын ұқсас көрсетілетін төлем қызметтеріне арналған тарифтерден асатын осы жүйеде операциялар жасауға арналған тарифтерді белгілеуіне тыйым салынады.
4. Төлем жүйесінің қағидалары, осы қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар, төлем жүйесі операторының тарифтері (көрсетілетін қызметтер құны) туралы және осы тарифтердің (көрсетілетін қызметтер құнының) барлық өзгерістері туралы мәліметтер оларды төлем жүйесінің операторы бекіткеннен кейін он бес жұмыс күні ішінде төлем жүйесі операторының интернет-ресурсында жариялануға жатады.
Төлем жүйесі операторының тарифтеріне (көрсетілетін қызметтер құнына) өзгерістерді ол осындай өзгерістерді негіздейтін қаржылық есеп-қисаптардың негізінде енгізеді.
2026.16.01. № 259-VIII ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 18 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
4-1. Банкаралық мобильді төлемдер жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын, ол көрсететін қызметтерге арналған тарифтерді, сондай-ақ оларды жүйеге қатысушылармен келісу тəртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекітеді.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, төлем жүйесінің операторы Қазақстан Республикасының аумағында төлем жүйесі жұмыс істей бастаған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде мынадай құжаттарды:
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) төлем жүйесі операторының атауы, пошталық мекенжайы және орналасқан жері туралы мәліметтерді;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) төлем жүйесінің атауы қамтылған мәліметтерді;
2) атқарушы органның басшысы (мүшелері) туралы мәліметтерді;
3) осы баптың 4-тармағында көзделген құжаттар орналастырылған, төлем жүйесінің операторы интернет-ресурсының домендік аты туралы мәліметтерді;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) төлем жүйесі операторының капиталында он пайыздан көп үлесі (акциясы) бар төлем жүйесі операторының құрылтайшылары (акционерлері) туралы мәліметтерді;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) Қазақстан Республикасының аумағында төлем жүйесінің жұмыс істей бастаған күні қамтылған мәліметтерді бере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне Қазақстан Республикасының аумағында меншікті төлем жүйесінің құрылғаны немесе Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік төлем жүйесі жұмыс істей бастағаны туралы хабарлайды. Төлем жүйесі операторы төлем жүйесінің бірінші қатысушысымен жасасқан шарт күшіне енген күн жұмыс істеудің басталған күні деп түсініледі.
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.13.05. № 325-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6-тармақ өзгертілді
6. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым төлем жүйесіне, оның ішінде шетелдік төлем жүйесіне қатысқан жағдайда, осы банк (осы ұйым) төлем жүйесінің операторымен төлем жүйесіне қатысуға шарт жасасқан күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде солардың негізінде төлем жүйесіне, оның ішінде шетелдік төлем жүйесіне қатысу жүзеге асырылатын шарттардың көшірмелерін, сондай-ақ төлем жүйесінің атын, төлем жүйесі операторының атауы мен пошталық мекенжайын қамтитын мәліметтерді бере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осындай қатысу туралы жазбаша хабарлайды.
Шетелдік төлем жүйесіне қатысуды жүзеге асыруға негіз болған шартта (шарттарда), төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын қоспағанда, банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша бенефициар мен жөнелтуші туралы мәліметтер мен ақпаратты алу тәртібі көзделуге тиіс.
7. 2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
8. Төлем жүйелеріндегі ақша аударымы клиринг нәтижелері бойынша не бастамашының әрбір нұсқауын жеке-дара орындау арқылы жүргізіледі.
9. Клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымы төлем жүйесіне қатысушылардың қарсы ақшалай талаптары мен міндеттемелерін есепке жатқызу процесі аяқталғаннан кейін орын алады.
10. Банкаралық клиринг жүйесінде клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымы оған қатысушылардың ақшасы банкаралық ақша аударымдары жүйесінде пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
11. Бастамашының әрбір нұсқауын жеке-дара орындау арқылы ақша аударымы басқа нұсқаулар бойынша туындайтын өз құқықтары мен міндеттемелеріне қарамастан жүзеге асырылады.
12. Төлем жүйелеріне қатысушылардың төлем қабілетсіздігін реттеу тәртібі төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын аяқтау үшін ақша тарту әдістерін айқындауға тиіс.
Төлем жүйелеріне қатысушылардың төлем қабілетсіздігін реттеу тәртібіне қойылатын негізгі талаптар төлем жүйесінің операторы оларды бекіткеннен кейін он бес жұмыс күні ішінде төлем жүйесі операторының интернет-ресурсында жариялануға жатады.
13. Төлем жүйесінің қағидаларын, осы қағидаларға өзгерістермен толықтыруларды, төлем жүйесі операторының тарифтерін (көрсетілетін қызметтер құнын) және осы тарифтердің (көрсетілетін қызметтер құнының) барлық өзгерістерін төлем жүйесінің операторы және оған қатысушылар төлем жүйесі операторының интернет-ресурсында жарияланған күнінен ерте болмайтындай етіп қолданады.
2026.16.01. № 259-VIII ҚР Заңымен 14-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 18 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
14. Операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заңды тұлғасы болып табылатын электрондық төлем құралдарын, мобильді қосымшаларды жəне (немесе) штрих-кодты пайдалана отырып банкаралық төлемдерді жəне (немесе) ақша аударымдарын қамтамасыз ететін төлем жүйелеріне қатысушылардың клиенттерге банкаралық төлем қызметтерін көрсету тəртібі мен шарттарына қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
6-бап. Төлем жүйелерінің түрлері, олардың маңыздылығын айқындаудың өлшемшарттары мен тәсілдері
1. Төлем жүйелері, оның ішінде шетелдік төлем жүйелері мынадай түрлерге бөлінеді:
1) жүйелік маңызы бар төлем жүйесі;
2) маңызды төлем жүйесі;
3) өзге төлем жүйесі.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем жүйесі жиынтығында мынадай өлшемшарттарға сәйкес келген кезде оны жүйелік маңызы бар төлем жүйесіне жатқызады:
1) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығына және (немесе) Қазақстан Республикасының валюта нарығына қатысушылардың ақшалай міндеттемелері бойынша төлемдер және (немесе) ақша аударымдары осы төлем жүйесі арқылы жүргізіледі;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік ақша-кредит саясатын жүргізуі мақсатындағы төлемдер және (немесе) ақша аударымдары осы төлем жүйесі арқылы жүргізіледі.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүйелік маңызы бар төлем жүйелеріне жатқызылған жүйелерді қоспағанда, төлем жүйесін ол мынадай өлшемшарттардың кез келгеніне сәйкес келген кезде маңызды төлем жүйесіне жатқызады:
1) Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде жыл бойы ұлттық валютада төлемдер және (немесе) ақша аударымдары осы төлем жүйесі арқылы жүзеге асырылады;
2) Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде жыл бойы шетел валютасында төлемдер және (немесе) ақша аударымдары осы төлем жүйесі арқылы жүзеге асырылады;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде жыл бойы халықаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары осы төлем жүйесі арқылы жүзеге асырылады;
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша аударымдары жүйелері үшін белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде жыл бойы төлемдер және (немесе) ақша аударымдары осы төлем жүйесі арқылы жүзеге асырылады;
5) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштен кем емес көлемде жыл бойы төлем карточкаларымен есеп айырысулар бойынша банкаралық төлемдер осы төлем жүйесі арқылы жүзеге асырылады;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) күнтізбелік жылдың басында айналыста болған төлем карточкаларының жалпы санынан осы төлем жүйесі шеңберінде шығарылған төлем карточкалары санының үлесі, сондай-ақ осындай төлем жүйесінде шығарылған төлем карточкалары пайдаланыла отырып, күнтізбелік жыл ішінде осы төлем жүйесі арқылы жүргізілген төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының жалпы көлемі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген көрсеткіштерден кем болмайды.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем жүйесін жүйелік маңызы бар, маңызды немесе өзге төлем жүйесіне мынадай тәсілдердің бірінің негізінде:
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) күнтізбелік жыл аяқталғаннан кейін жүргізілген төлем жүйелерінің жұмыс істеуін талдау қорытындысы бойынша дербес;
2) төлем жүйесінің белгіленген маңыздылық өлшемшарттарына сәйкестігін растайтын құжаттар қоса беріле отырып, төлем жүйесі операторының жазбаша өтінішінің негізінде жатқызады.
5. Төлем жүйесі жүйелік маңызы бар, маңызды немесе өзге төлем жүйесіне жатқызылған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бес жұмыс күні ішінде:
1) осы төлем жүйесін жүйелік маңызы бар, маңызды немесе өзге төлем жүйесі ретінде төлем жүйелерінің тізіліміне енгізеді;
2) осы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында жариялайды;
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, төлем жүйесінің операторын төлем жүйесінің жүйелік маңызы бар, маңызды не өзге төлем жүйесіне жатқызылғаны туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
6. Төлем жүйесі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мәліметтерді төлем жүйелерінің тізіліміне енгізген күннен бастап жүйелік маңызы бар, маңызды немесе өзге төлем жүйесіне жатқызылады.
7-бап. Төлем жүйелерінде төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының аяқталуы (түпкілікті болуы)
1. Төлем және (немесе) ақша аударымы осы төлем және (немесе) аударым пайдасына жүзеге асырылған төлем жүйесіне қатысушыға ақша есепке жатқызылғаннан кейін төлем жүйесінде аяқталды (түпкілікті болды) деп есептеледі.
2. Жүйелік маңызы бар төлем жүйесінің операторы төлем және (немесе) ақша аударымы төлем жүйесіне келіп түскен кезде нұсқауларды дереу өңдеу мен орындауды көздейтін нақты уақыт режимінде немесе ағымдағы операциялық күннің соңына дейін төлем жүйесінде олардың аяқталуына (түпкілікті болуына) кепілдік береді.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Клиентке қатысты шығарылған соттың борышкер берешегін қайта құрылымдау рәсімін, оңалту рәсімін қолдану, борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып тарату туралы шешімінің көшірмелерін алғанға дейін төлем жүйесіне өз қатысушысы жіберген төлемдер және (немесе) ақша аударымдары кері қайтарып алынбайтын және түпкілікті болып табылады, орындалуға және аяқталуға жатады.
8-бап. Төлем жүйесінің операторы және оған қатысушылар
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Төлем жүйесінің операторы болып табылмайтын заңды тұлғаның өз атауында «төлем жүйесі» деген сөздерді және одан туындайтын, өзінің төлем жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыратынын көздейтін сөздерді пайдалануға құқығы жоқ.
Төлем жүйелері операторының функцияларын электрондық ақша жүйесі операторының функциясымен қоса атқаруға жол беріледі.
2. Төлем жүйесінің операторы:
1) төлем жүйесінің қағидаларын белгілейді және оларды төлем жүйелеріне қатысушылардың сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
2) төлем жүйесіне қатысушылардың (қатысушыларға) төлем және ақпараттық хабарларын өңдеуді және беруді, нұсқауларды жеке орындауды немесе клирингті жүзеге асырады;
3) төлем жүйесіне қатысушымен төлем жүйесіне қатысу туралы шарт жасасады;
4) төлем жүйесіндегі тәуекелдерді басқару жүйесін айқындайды;
5) төлем жүйесі инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
6) киберқауіпсіздік шараларының және қызметтің үздіксіз болуының сақталуын қамтамасыз етеді;
7) төлем жүйесіне қатысушылардың өздері көрсететін қызметтерге тең және ашық қол жеткізуін қамтамасыз етеді;
8) төлем жүйесі операторының қызметін басқару жөніндегі ішкі құжаттарды бекітеді;
9) төлем жүйесіне қатысушылармен жасалған шарттардың негізінде өзге де міндеттерді орындайды.
3. Төлем жүйесі операторының төлем жүйесінің операциялық орталығына операциялық және технологиялық функцияларды жүзеге асыруға тапсырма беруіне жол беріледі.
Операциялық функциялар осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген функцияларды қамтиды. Технологиялық функциялар осы баптың 2-тармағының 5) және 6) тармақшаларында көзделген функцияларды қамтиды.
4. Шетелдік төлем жүйесінің операторы төлем жүйесіне қатысушылар арасында ақша аударымдарын жүзеге асыруды Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында банкаралық ақша аударымдары жүйесі не банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы қамтамасыз етеді.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, жүйелік маңызы бар төлем жүйесінің не маңызды төлем жүйесінің операторы төлем жүйесінің жұмыс істеу процесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне:
1) төлем жүйесінің қағидаларына бекітілген өзгерістер мен толықтырулар қолданысқа енгізілген күнге дейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей, осындай өзгерістер мен толықтырулар туралы;
2) төлем жүйесі операторы тарифтерінің (көрсетілетін қызметтер құнының) өзгеруі қолданысқа енгізілген күнге дейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей, осындай өзгерістер туралы мәліметтерді ұсынады.
9-бап. Жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінің операторларына арналған талаптар
1. Жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінің операторы ішкі құжаттарда:
1) басқару органының өкілеттіктерін және жұмыс регламентін;
2) жоғары, атқарушы басқару органдарының өкілеттіктерін;
3) төлем жүйесіндегі тәуекелдерді басқару жүйесін;
4) төлем жүйесіне қатысушылармен және төлем жүйесінің жұмыс істеуі үшін көрсетілетін қызметтерді ұсынушы үшінші тұлғалармен дауларды сотқа дейін шешу тәртібін;
5) көрсетілетін қызметтердің сапасымен төлем жүйесіне қатысушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру солар бойынша бағаланатын төлем жүйесі жұмысының тиімділігін қамтамасыз ету өлшемшарттарын айқындайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарды жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінің операторы олар бекітілгеннен кейін он бес жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында жариялайды.
3. Төлем жүйесіндегі тәуекелдерді басқару жүйесі:
1) тәуекелдерді анықтау, өлшеу, тәуекелдер мониторингі және оларды басқару;
2) төлем жүйесі қызметінің үздіксіз болуын қамтамасыз ету рәсімдерін айқындайды және төлем жүйесі операторының қызметін қалпына келтіру жоспарын қамтиды.
4. Жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінің операторы немесе операциялық орталығы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған нысандар бойынша және тәртіппен мәліметтер мен есептерді, оның ішінде төлем жүйесіне қатысушының маңызды клиенттері жүзеге асырған төлемдердің көлемдері бойынша мәліметтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Төлем жүйесіне қатысушы клиент, егер осы төлем жүйесі арқылы бір жылда жүзеге асырылған төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының жалпы көлеміндегі оның үлесі он немесе оннан көп пайызды құраса, жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесіне қатысушының маңызды клиентіне жатады.
6. Жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінің операторы немесе операциялық орталығы:
1) төлем жүйелеріне қатысушылардың көрсетілетін қызметтерді ұсыну сапасына қанағаттануы тұрғысынан олардың қажеттіліктеріне талдау жүргізеді;
2) төлем жүйелеріне қатысушылармен кері байланыс тетігінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
7. Жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінің операторы немесе операциялық орталығы жылына бір рет есепті кезеңнен кейінгі бірінші тоқсаннан кешіктірмей, есепті жылда келіп түскен өтініштер мен сұрау салуларды кері байланыс тетігі арқылы қарау нәтижелерін ескере отырып, қатысушылардың көрсетілетін қызметтерді ұсыну сапасына қанағаттануы тұрғысынан төлем жүйесінің жұмыс істеу тиімділігіне жүргізілген талдау нәтижелерін өзінің интернет-ресурсында жариялайды.
8. Жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінің операторы төлем жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан оның жұмыс істеуін:
1) жүйелік маңызы бар төлем жүйелері бойынша үш жылда бір реттен сиретпей;
2) маңызды төлем жүйелері бойынша бес жылда бір реттен сиретпей, өзіндік бағалауды жүргізеді.
Операциялық және технологиялық функцияларды жүзеге асыру жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінің операциялық орталығына тапсырылған жағдайда, төлем жүйелерінің жұмыс істеуін өзіндік бағалауды жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінің операторы және операциялық орталығы бірлесіп жүргізеді.
Төлем жүйелерінің жұмыс істеуіне жүргізілген өзіндік бағалаудың нәтижелерін жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесінің операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі төлем жүйесінің операторы болатын жағдайларды қоспағанда, оны жүргізу аяқталғаннан кейін он бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынады.
9. Төлем жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігі туралы ақпаратты көрсететін, төлем жүйесінің жұмыс істеуіне жүргізілген өзіндік бағалаудың негізгі нәтижелері жүйелік маңызы бар немесе маңызды төлем жүйесі операторының бағалау аяқталғаннан кейін он бес жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында жариялауына жатады.
3-тарау. КӨРСЕТІЛЕТІН ТӨЛЕМ ҚЫЗМЕТТЕРІ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ
10-бап. Көрсетілетін төлем қызметтерін берушілер
1. Көрсетілетін төлем қызметтерін мынадай берушілер:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі;
2) банктер;
3) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар;