1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қаржыландыру;
2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін жобалау, салу, құру, реконструкциялау, жаңғырту және (немесе) пайдалану;
3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын басқару;
4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мақсаттары үшін мүлікті және мүліктік құқықтарды беру;
5) зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды беру;
6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясын құруға және оның қызметіне қатысу нысандарында;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де нысандарда қатысады.
30-бап. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мемлекеттік- жекешелік әріптестікке қатысу нысандары
Квазимемлекеттік сектор субъектілері мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына мынадай:
1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыратын заңды тұлғаларды құруға және (немесе) олардың қызметіне қатысу не заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иеліктен шығару (беру);
2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мақсатында ғылыми-өндірістік аймақтар, венчурлік қорлар, зерттеу орталықтарын құруға және (немесе) олардың қызметіне қатысу;
3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мақсаттары үшін мүлік пен мүліктік құқықтарды беру;
4) зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтар беру;
5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына инвестициялар тарту;
6) сервистік қолдау, оның ішінде технологиялар трансферті, инновацияларды қолдау, консалтинг, инжиниринг, кадрларды оқыту және олардың біліктілігін арттыру бойынша көрсетілетін қызметтер;
7) технопарктердің, бизнес-инкубаторлардың, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың көрсетілетін қызметтерін ұсыну;
8) экспортты ілгерілету;
9) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін салу, құру, реконструкциялау, жаңғырту және (немесе) пайдалану нысандарында;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де нысандарда қатысады.
5-тарау. ЖЕКЕШЕ ӘРІПТЕСТІ АЙҚЫНДАУ ЖӨНІНДЕГІ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
31-бап. Жекеше әріптесті айқындау
1. Жекеше әріптесті айқындау мынадай тәсілдермен:
1) конкурс тәсілімен, оның ішінде оңайлатылған тәртіппен және екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып жүзеге асырылады. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс, тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын объектілерге қатысты жабық болуы мүмкін;
2) тікелей келіссөздер тәсілімен жүзеге асырылады.
2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Оңайлатылған тәртіппен конкурс өткізу тәсілімен жекеше әріптесті айқындау осы Заңның ережелеріне сәйкес жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары үшін ғана жүргізіледі.
Ақпараттандырудың сервистік моделі бойынша жекеше әріптесті айқындау және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу осы Заңның нормалары қолданылмай, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Егер мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар шеңберінде жоспарланатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларында:
1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының базалық параметрлері, оның ішінде мақсаттары мен міндеттері, институционалдық схемасы, бюджет қаражаты есебінен болжанатын төлемдер, мемлекеттік қолдау шаралары, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асырудан пайда алушылар;
2) экономиканың жекелеген салалары (аясы) бойынша жекеше әріптесті айқындаудың және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасудың өзге де тәртібін қолдануға нұсқау көзделсе, осы баптың ережелері оларға қолданылмайды.
32-бап. Әлеуетті жекеше әріптеске қойылатын біліктілік талаптары
1. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа не тікелей келіссөздерге қатысу үшін әлеуетті жекеше әріптес мынадай жалпы біліктілік талаптарына сай келуге тиіс:
1) құқық қабілеттілігінің (заңды тұлғалар үшін) және азаматтық әрекет қабілеттілігінің (дара кәсіпкер үшін) болуы;
2) төлем қабілеттілігінің болуы, салық берешегінің болмауы;
3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша міндеттемелерді орындау үшін қажетті қаржылық және (немесе) материалдық және (немесе) еңбек ресурстарының болуы;
2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) банкроттық не тарату рәсіміне жатпауға, баланстық құны тиісті негізгі қаражат құнының он пайызынан асатын мүлкіне тыйым салынбауға тиіс, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның қаржылық-шаруашылық қызметі тоқтатыла тұрмауға тиіс;
5) соңғы үш жыл ішінде жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша міндеттемелерді орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны үшін жосықсыз әлеуетті жекеше әріптес деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жауаптылыққа тартылмауға тиіс.
2. Әлеуетті жекеше әріптестерге қойылатын қосымша (арнайы) біліктілік талаптары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленуі мүмкін.
3. Конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы әлеуетті жекеше әріптеске осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген біліктілік талаптарын қоюға құқылы емес. Әлеуетті жекеше әріптес біліктілік талаптарына қатысты емес ақпаратты ұсынбауға құқылы.
4. Әлеуетті жекеше әріптес өзінің біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушыға растау құжаттарын табыс етеді, олардың тізбесі мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру қағидаларында көзделеді.
5. Әлеуетті жекеше әріптес-Қазақстан Республикасының бейрезиденті өзінің осы бапта белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін Қазақстан Республикасының резиденті ұсынатындай құжаттарды не әлеуетті жекеше әріптес-Қазақстан Республикасы бейрезидентінің біліктілігі туралы ұқсас мәліметтерді қамтитын құжаттарды ұсынады.
6. Әлеуетті жекеше әріптес біліктілік талаптарына сәйкестігіне анық емес ақпарат ұсынған жағдайда, сот оны жосықсыз әлеуетті жекеше әріптес деп таныған кезден бастап кейінгі үш жыл бойы жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа не тікелей келіссөздерге қатысуға жіберілмейді.
Әлеуетті жекеше әріптес ұсынатын біліктілік талаптары бойынша ақпараттың анықтығын конкурстық комиссия, конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы, уәкілетті мемлекеттік органдар жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты не тікелей келіссөздерді өткізудің кез келген сатысында анықтай алады.
7. Әлеуетті жекеше әріптестің біліктілік талаптары бойынша анық емес ақпарат ұсыну фактісін анықтаған тұлғалар осындай факт анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушыны және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органды анық емес ақпарат ұсыну фактісін растайтын құжаттардың көшірмелерін хабарламаға қоса бере отырып, бұл туралы жазбаша хабардар етуге міндетті.
Конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы осындай факт анықталған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей сотқа біліктілік талаптары бойынша анық емес ақпарат ұсынған әлеуетті жекеше әріптесті жосықсыз әлеуетті жекеше әріптес деп тану туралы талап қою береді.
8. Конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға соттардың әлеуетті жекеше әріптесті жосықсыз әлеуетті жекеше әріптес деп тану туралы заңды күшіне енген шешімдерін мұндай шешімдерді алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде жібереді.
33-бап. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа не тікелей келіссөздерге қатысуға байланысты шектеулер
1. Әлеуетті жекеше әріптес, егер:
1) осы әлеуетті жекеше әріптес басшыларының және (немесе) осы әлеуетті жекеше әріптестің уәкілетті өкілінің жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) немесе жекжаттарының жекеше әріптесті айқындау туралы шешім қабылдау құқығы болса не конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушының өкілі болып табылса;
2) әлеуетті жекеше әріптестің баланстық құны тиісті негізгі қаражат құнының он пайызынан асатын мүлкіне тыйым салынса;
3) әлеуетті жекеше әріптестің атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері болса және атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізсе;
4) әлеуетті жекеше әріптестің қаржылық-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына не әлеуетті жекеше әріптес-Қазақстан Республикасының бейрезиденті мемлекетінің заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрса, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа не тікелей келіссөздерге қатысуға құқылы емес.
2. Әлеуетті жекеше әріптес пен әлеуетті жекеше әріптестің үлестес тұлғасының жекеше әріптесті айқындау жөніндегі бір конкурсқа қатысуға құқығы жоқ.
34-бап. Біліктілік іріктеу
1. Біліктілік іріктеу әлеуетті жекеше әріптестің белгіленген біліктілік талаптарына сай келуін айқындау мақсатында жүргізіледі.
2. Біліктілік іріктеуді конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру қағидаларына сәйкес жүргізеді.
3. Біліктілік іріктеуден өткен әлеуетті жекеше әріптес жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа не тікелей келіссөздерге қатысушы деп танылады.
35-бап. Жекеше әріптесті конкурс тәсілімен айқындау
1. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Конкурсты ұйымдастырушы жекеше әріптесті айқындау үшін конкурстық комиссия құрады.
3. Мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс нәтижелері, сондай-ақ жекеше әріптесті айқындау жөніндегі жабық конкурс нәтижелері туралы мәліметтерді конкурсты ұйымдастырушы қазақ және орыс тілдерінде өзінің ресми интернет-ресурсында орналастырады және мерзімді баспасөз басылымдарында жариялайды.
36-бап. Конкурсты өткізу туралы хабарлама
Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты өткізу туралы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде конкурсты ұйымдастырушының ресми интернет-ресурсында орналастырылады және мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланады. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты өткізу туралы ақпарат мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы туралы, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың өткізілетін күні, орны және уақыты туралы мәліметтерді қамтиды.
37-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасы
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын конкурсты ұйымдастырушы бекітеді.
2. Конкурсты ұйымдастырушы осы Заңның 20-бабының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және осы Заңның 21-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайларда бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісілген, мынадай ақпаратты қамтитын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын барлық әлеуетті жекеше әріптестерге ұсынады:
1) әлеуетті жекеше әріптестердің қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарға қойылатын талаптар;
2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының сипаттамасын қамтитын ақпараттық парақ;
2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің орналасқан жері;
3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік қолдаудың көзделетін түрлері мен көлемдері, сондай-ақ шығындарды өтеу мен кірістерді алу көздері;
4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасы;
5) үздік конкурстық өтінімді айқындау өлшемшарттарының сипаты;
6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының өлшемдері көрсетілуге тиіс валютаны (валюталарды) көрсету және оларды салғастыру мен бағалау мақсатында бірыңғай валютаға келтіру үшін қолданылатын валюта (валюталар) бағамы;
7) конкурстық өтінім берілетін тілге қойылатын талаптар;
8) әлеуетті жекеше әріптестің өз конкурстық өтінімін конкурстық өтінімдер ұсыну мерзімі өткенге дейін өзгерту немесе кері қайтарып алу құқығына нұсқау;
9) конкурстық өтінімнің мазмұны, конкурстық өтінімдерді ұсыну тәсілі, орны, мерзімі және олардың күші, сондай-ақ конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізу шарттары;
10) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасының мазмұны бойынша түсіндірулерді алу тәсілдері;
11) конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімдері, орны, күні мен уақыты.
3. Конкурсты ұйымдастырушы ұсынылған мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасы үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын көшіруге жұмсалған шығыннан аспайтын төлемақы алуға құқылы.
4. Әлеуетті жекеше әріптес конкурсты ұйымдастырушыға мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын түсіндіру туралы сұрау салумен, бірақ конкурстық өтінімдерді ұсыну мерзімі өткенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей өтініш білдіруге, ал жекеше әріптесті айқындау жөнінде қайталап конкурс өткізген кезде - конкурстық өтінімдерді ұсыну мерзімі өткенге дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей өтініш білдіруге құқылы.
Конкурсты ұйымдастырушы мұндай сұрау салу тіркелген кезден бастап үш күн мерзімде әлеуетті жекеше әріптестерге түсіндіру береді.
5. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтінімдерді ұсыну мерзімі өткенге дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірілмейтін мерзімде өз бастамасы бойынша немесе әлеуетті жекеше әріптестің сұрау салуына жауап ретінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге, ал жекеше әріптесті айқындау жөніндегі қайталап конкурс өткізген кезде күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде енгізуге құқылы.
Конкурсты ұйымдастырушы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасына енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулардың мәтінін барлық әлеуетті жекеше әріптестерге ұсынады. Бұл ретте конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтінімдер ұсыну мерзімін конкурстық өтінімдерде осы өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды әлеуетті жекеше әріптестердің ескеруі үшін күнтізбелік отыз күннен кем емес мерзімге, ал қайта конкурс кезінде күнтізбелік он бес күннен кем емес мерзімге ұзартады.
6. Конкурсты ұйымдастырушы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын түсіндіру үшін әлеуетті жекеше әріптестермен кездесу өткізуге құқылы.
38-бап. Конкурстық өтінім
1. Конкурстық өтінім әлеуетті жекеше әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасында белгіленген талаптар мен шарттарға келісім білдіру нысаны болып табылады.
2. Әлеуетті жекеше әріптес конкурстық өтінімді конкурсты ұйымдастырушыға мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасында көрсетілген оны ұсыну мерзімі өткенге дейін ұсынады.
3. Әлеуетті жекеше әріптестің конкурстық өтінімі мынадай:
1) әлеуетті жекеше әріптес жекеше әріптесті айқындау жөніндегі осы конкурсқа қатысуға конкурстық өтінімді бұрын берген;
2) конкурстық өтінім жекеше әріптесті айқындау жөніндегі осы конкурсқа қатысуға конкурстық өтінімдерді қабылдау мерзімі өткеннен кейін келіп түскен жағдайларда қабылданбайды.
4. Әлеуетті жекеше әріптес конкурстық өтінімдерді ұсыну мерзімінің аяқталуынан кешіктірмей:
1) енгізілген конкурстық өтінімді өзгертуге және (немесе) толықтыруға;
2) өзі енгізген конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді қайтару құқығын жоғалтпастан, өзінің конкурстық өтінімін кері қайтарып алуға құқылы.
5. Конкурстық өтінімнің қолданылу мерзімі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасында белгіленген талап етілетін мерзімге сәйкес келуге тиіс.
39-бап. Конкурстық өтінімді қамтамасыз ету
1. Әлеуетті жекеше әріптес конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді:
1) конкурстық өтінімдерді ұсыну мерзімі өткеннен кейін өзінің конкурстық өтінімін кері қайтарып алмайтынына не өзгертпейтініне және (немесе) толықтырмайтынына;
2) өзін жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың жеңімпазы деп айқындаған жағдайда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасатындығына кепіл ретінде енгізеді.
2. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа қатысуға конкурстық өтінімді қамтамасыз ету мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша көзделетін инвестициялар құнының оннан бір пайызы мөлшерінде енгізіледі.
3. Егер әлеуетті жекеше әріптес екі кезеңдік рәсімдер пайдаланыла отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың бірінші кезеңіне қатысса, ол конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізбейді.
4. Әлеуетті жекеше әріптес конкурстық өтінімді қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің бірін:
1) конкурсты ұйымдастырушы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шотқа енгізілетін кепілдікті ақшалай жарнаны;
2) банк кепілдігін таңдауға құқылы.
Әлеуетті жекеше әріптестің конкурстық өтінімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін енгізілген кепілдікті ақшалай жарнаға тұтастай не оның бір бөлігін талап ету құқығының үшінші тұлғаларда туындауына әкеп соқтыратын әрекеттер жасауына жол берілмейді.
Осы баптың 5-тармағында көрсетілген әрекеттерді қоспағанда, конкурсты ұйымдастырушының әлеуетті жекеше әріптес енгізген кепілдікті ақшалай жарнаны пайдалануына жол берілмейді.
5. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді мынадай жағдайлардың бірі орын алған кезде:
1) әлеуетті жекеше әріптес конкурстық өтінімдер ұсынудың соңғы мерзімі өткеннен кейін конкурстық өтінімді кері қайтарып алғанда не өзгерткенде және (немесе) толықтырғанда;
2) конкурс жеңімпазы деп айқындалған әлеуетті жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасудан жалтарғанда қайтармайды.
6. Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайлардың бірі орын алған кезде конкурстық өтінімді қамтамасыз ету сомасы тиісті бюджет кірісінің есебіне жатқызылады.
7. Конкурсты ұйымдастырушы әлеуетті жекеше әріптеске ол енгізген конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді мынадай жағдайлардың бірі орын алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қайтарады:
1) осы әлеуетті жекеше әріптестің конкурстық өтінімдер ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін өзінің конкурстық өтінімін кері қайтарып алуы;
2) жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа қатысуға рұқсат ету туралы хаттамаға қол қойылғанда қайтарады. Көрсетілген жағдай жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа қатысушылар деп танылған әлеуетті жекеше әріптестерге қолданылмайды;
3) жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылғанда қайтарады. Көрсетілген жағдай жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс жеңімпазы деп айқындалған жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа қатысушыға қолданылмайды;
4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының күшіне енуі;
5) әлеуетті жекеше әріптестің конкурстық өтінімінің қолданылу мерзімінің өтуі.
40-бап. Конкурстық өтінімдерді қарау
1. Конкурстық өтінімдерді қарауды және іріктеуді конкурстық комиссия жүзеге асырады.
Конкурстық комиссияның жұмыс органы конкурсты ұйымдастырушы болып табылады.
2. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдер салынған конверттерді мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасында көрсетілген мерзімде ашады.
3. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтінімдерге қажетті сараптамалар жүргізуді қамтамасыз етеді.
4. Конкурстық комиссия барлық конкурстық өтінімдерді қарайды.
Егер бір конкурстық өтінім ғана ұсынылған жағдайда, бұл өтінімді конкурстық комиссия осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес қарайды.
5. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімі үздік деп танылған әлеуетті жекеше әріптеспен не жалғыз әлеуетті жекеше әріптеспен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарын нақтылау бойынша келіссөздер жүргізеді.
6. Келіссөздер жүргізуге дайындық кезеңінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша ескертулер мен ұсыныстарды конкурстық комиссия жазбаша нысанда әлеуетті жекеше әріптеске жіберуге тиіс.
Келіссөздер жүргізу қорытындылары бойынша конкурстық комиссия шешім қабылдайды.
Келіссөздер барысында жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс шарттарына өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
7. Егер конкурстық өтінімі үздік деп танылған әлеуетті жекеше әріптес конкурстық комиссияның ескертулері мен ұсыныстарына сәйкес конкурстық өтінімді және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарын талқылаудан және нақтылаудан бас тартқан не оның ұсыныстары жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс шарттары тұрғысынан қолайсыз болып табылған жағдайда, онда конкурстық комиссия бұл конкурстық өтінімді қарамайды және үздік конкурстық өтінімді жаңадан таңдайды.
8. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс қорытындылары бойынша конкурстық комиссияның шешімімен үздік конкурстық өтінім айқындалады, ал өтінім беруші жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс жеңімпазы деп танылады.
9. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық комиссияның шешімі негізінде жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың жеңімпазымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасады.
10. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу мерзімі жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс қорытындылары шығарылған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен аспауға тиіс.
41-бап. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі жабық конкурс өткізудің ерекшеліктері
Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі жабық конкурс осы Заңның ережелері ескеріле отырып, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өткізіледі.
Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі жабық конкурс өткізудің шарттары, күні, орны мен уақыты туралы ақпаратты, сондай-ақ оның нәтижелері туралы мәліметтерді конкурсты ұйымдастырушы әлеуетті жекеше әріптестерге жазбаша нысанда жібереді.
42-бап. Екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты өткізудің ерекшеліктері
1. Конкурсты ұйымдастырушы қолданылу аясын және (немесе) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін техникалық жағынан күрделі және (немесе) бірегей ретінде айқындаған жағдайларда, екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс өткізіледі. Конкурсты ұйымдастырушы біліктілік іріктеуден өткен әлеуетті жекеше әріптестердің техникалық ұсыныстары негізінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің техникалық-экономикалық және пайдалану сипаттамаларын қалыптастыруды жүзеге асырады.
2. Екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс екі кезеңді қамтиды.
Бірінші кезеңде мынадай іс-шаралар жүзеге асырылады:
1) техникалық тапсырманы қалыптастыру;
2) екi кезеңдiк рәсiмдердi пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөнiндегi конкурсты өткiзу туралы хабарландыруды жариялау;
3) конкурсты ұйымдастырушының әлеуетті жекеше әріптестерге техникалық тапсырма беруі;
4) әлеуетті жекеше әріптестердің техникалық тапсырмаға сәйкес әзірленген техникалық ұсыныстарды беруі;
5) конкурсты ұйымдастырушының техникалық ұсыныстарды қарауы және әлеуетті жекеше әріптестермен мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің техникалық-экономикалық және пайдалану сипаттамаларына және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жобасының талаптарына қатысты мәселелерді талқылау;
6) конкурсты ұйымдастырушының мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын әзірлеуі және бекітуі;
7) бірінші кезеңде техникалық ұсыныстарды берген әлеуетті жекеше әріптестерге конкурсты ұйымдастырушының жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың екiншi кезеңiне қатысуға шақыру жiберуi.
Екінші кезеңде осы Заңның 40-бабының ережелеріне сәйкес жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты өткізу үшін көзделген іс-шаралар жүзеге асырылады.
43-бап. Оңайлатылған конкурстық рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс өткізудің ерекшеліктері
1. Оңайлатылған конкурстық рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс мынадай шарттардың барлығы сақталған кезде өткізіледі:
1) жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының іске асырылуы жүзеге асырылады;
2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының үлгілік конкурстық құжаттамасы пайдаланылады;
3) мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің үлгілік шарты пайдаланылады;
4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы табиғи монополиялар саласына жатпайды;
5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің құны төрт миллион айлық есептік көрсеткіштен аспайды.
2. 2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Оңайлатылған конкурстық рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты өткізу кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын бекіту, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына қол қою осы Заңда көзделген сараптамалар жүргізілместен жүзеге асырылады.