мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары);
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес декларация ұсыну жөніндегі міндет жүктелген адамдар;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында аталған адамдарды қоспағанда, мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері мен олардың жұбайлары (зайыптары), сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен олардың жұбайлары (зайыптары);
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында аталған адамдарды қоспағанда, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары (зайыптары), дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары (зайыптары) болып табылатын жеке тұлғалар активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынады.
2. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, осы баптың 1-тармағында аталған адамдар активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынылатын жылдың алдындағы жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны толтырады.
3. Активтер мен міндеттемелер туралы декларация мынадай түрлерге бөлінеді:
1) бастапқы - активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну жөніндегі белгіленген міндет алғаш туындауға байланысты жеке тұлға ұсынатын осындай декларация;
2) кезекті - жеке тұлға активтер мен міндеттемелер туралы бастапқы декларацияны ұсынғаннан кейін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осындай жеке тұлға ұсынатын активтер мен міндеттемелер туралы декларация;
3) қосымша - өзгерістер және (немесе) толықтырулар жататын, бұрын ұсынылған жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде жеке тұлға ұсынатын активтер мен міндеттемелер туралы декларация;
4) хабарлама бойынша қосымша - жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері бойынша камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органы бұзушылықтарды анықтаған, бұрын ұсынылған активтер мен міндеттемелер туралы декларацияға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде жеке тұлға ұсынатын активтер мен міндеттемелер туралы декларация.
4. Активтер мен міндеттемелер туралы декларация:
1) «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес декларация ұсыну жөніндегі міндет жүктелген адамдардың ұсынуын;
2) осы Кодекстің 211-бабында көзделген қосымша салықтық есептілікті ұсынуды қоспағанда, бір рет ұсынылады.».
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 45-2-баппен толықтырылды
45-2-бап. Салық кодексінің 631-бабының қолданысы 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«631-бап. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны толтыру ерекшеліктері
1. Активтер мен міндеттемелер туралы декларация осы Кодекстің 630-бабының 1-тармағында аталған жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерде мыналардың болуы туралы ақпаратты көрсетуіне арналады:
1) мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлік, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлік;
2) тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі;
3) банктік шоттардағы ақша;
4) «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жария етілген ақшаны қоспағанда, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларация ұсынылатын жылдың алдындағы жылғы 31 желтоқсанға қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 5880 еселенген мөлшері шегінен аспайтын сомада көрсетілетін қолма-қол ақша;
5) Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға берешекті қоспағанда, басқа тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі (дебиторлық берешек) және (немесе) жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдында берешегі (кредиторлық берешек) - міндеттеменің немесе талаптың туындауына негіз болып табылатын шарт немесе өзге де құжат болған кезде республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларация ұсынылатын жылдың алдындағы жылғы 31 желтоқсанға қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 5880 еселенген мөлшеріне тең жиынтық сомадан асқан жағдайда көрсетіледі;
6) осы баптың 4-тармағында көрсетілген өзге де мүлік.
2. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияға қосымшалар салықтық бақылау мақсаттары үшін салық органдары пайдаланатын, осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәліметтер туралы ақпаратты егжей-тегжейлі көрсетуге арналады.
3. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеке тұлғалардың декларацияларын ұсыну жөніндегі міндет жүктелген адамдар активтер мен міндеттемелер туралы декларацияға қосымшаларда мүлікті сенімгерлік басқаруға, трастқа беру туралы мәліметтерді де көрсетеді.
4. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда жеке тұлғаның қалауы бойынша мынадай талаптар ескеріле отырып, басқа да мүлік көрсетілуі мүмкін:
1) асыл тастар мен бағалы металдар, олардан жасалған зергерлік бұйымдар және құрамында асыл тастар мен бағалы металдар бар басқа да заттар, сондай-ақ өнер және антиквариат туындылары - осы мүліктің бір бірлігі үшін бағасы (құны) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынылатын жылдың алдындағы жылғы 31 желтоқсанға қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 5880 еселенген мөлшерінен асқан және осындай мүліктің құнын растайтын құжаттар болған жағдайда көрсетіледі;
2) биологиялық активтер - ветеринариялық паспорт немесе осындай активтерге меншік құқығын растайтын өзге де құжат болған кезде;
3) мәдени құндылықтар - Қазақстан Республикасының мәдениет туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген жағдайда;
4) осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген өзге де мүлік - Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құнды қоса алғанда, осындай мүліктің құнын растайтын және (немесе) осындай мүлікке меншік құқығын растайтын құжаттар болған кезде.».
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 45-3-баппен толықтырылды
45-3-бап. Салық кодексінің 633-бабының қолданысы 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«633-бап. Кірістер мен мүлік туралы декларация
1. Кірістер мен мүлік туралы декларацияны осы Кодекстің 630-бабының 1-тармағында аталған жеке тұлғалар жыл сайын, активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынылатын жылдан кейінгі жылдан бастап есепті салықтық кезеңнің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша ұсынады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған жеке тұлғалар есепті салықтық кезең ішінде бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келген кезде:
1) жеке тұлғалар:
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес активтер мен міндеттемелер туралы декларация, кірістер мен мүлік туралы декларация ұсыну жөніндегі міндет жүктелген адамдар;
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес декларация ұсыну жөніндегі міндет жүктелген адамдар;
дара кәсіпкерлер;
жеке практикамен айналысатын адамдар болып табылмаса;
2) жеке тұлғалар:
мүліктік кіріс;
жеке тұлғаның дербес салық салуына жататын кірістер алмаса;
3) жеке тұлғалардың кез келген кірістері болмаса немесе жеке тұлғалар кірістерді:
төлем көзінен салық салуға жататын кірістер;
өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянның өтемі;
алименттер түрінде ғана алса;
4) жеке тұлғалар салық агентіне төлем көзінен салық салынатын кірісті өзге шегерімдердің алдын ала сомасына азайтуға өтініш бермесе;
5) жеке тұлғалардың жеке табыс салығы бойынша асып кетуді есепке жатқызуға және (немесе) қайтаруға құқығы болмаса немесе олар жеке табыс салығы бойынша асып кетуді есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізу құқығын іске асыруды қаламаса;
6) жеке тұлғалар мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлікті, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлікті, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде сатып алмаса, иеліктен шығармаса, өтеусіз алмаса, кірістер мен мүлік туралы декларацияны оңайлатылған нысан бойынша қосымшаларсыз (бұдан әрі - кірістер мен мүлік туралы қысқаша декларация) ұсынуға міндетті.».
46-бап. Салық кодексінің 645-бабы 9-тармағы 5) тармақшасы бірінші бөлігі үшінші абзацының және 8) тармақшасы үшінші бөлігінің қолданысы 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы нормалар мынадай редакцияда қолданылады деп белгiленсін:
1) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін:
«дивидендтер төлейтін резидент болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы-заңды тұлға дивидендтер есепке жазылған айдың бірінші күнінің алдындағы он екі айлық кезең ішінде Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өзінің және (немесе) өзара байланысты тарап болып табылатын резидент-заңды тұлғаға тиесілі өндірістік қуаттарда көрсетілген кезеңде көмірді қоса алғанда, өндірілген минералды шикізаттың кемінде 35 пайызын кейінгі қайта өңдеуді (бастапқы қайта өңдеуден кейін) жүзеге асырады деген шарттар орындалған кезде төлейтін дивидендтер.»;
«Жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы, сондай-ақ акциялар немесе қатысу үлестері өткізілген айдың бірінші күнінің алдындағы он екі айлық кезең ішінде Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өзінің және (немесе) өзара байланысты тарап болып табылатын резидент-заңды тұлғаға тиесілі өндірістік қуаттарда көрсетілген кезеңде көмірді қоса алғанда, өндірілген минералды шикізаттың кемінде 35 пайызын кейінгі қайта өңдеуді (бастапқы қайта өңдеуден кейін) жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы осы тармақшаның мақсатында жер қойнауын пайдаланушы деп танылмайды.»;
2) 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін:
«дивидендтер төлейтін резидент болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы-заңды тұлға дивидендтер есепке жазылған айдың бірінші күнінің алдындағы он екі айлық кезең ішінде Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өзінің және (немесе) өзара байланысты тарап болып табылатын резидент-заңды тұлғаға тиесілі өндірістік қуаттарда көрсетілген кезеңде көмірді қоса алғанда, өндірілген минералды шикізаттың кемінде 40 пайызын кейінгі қайта өңдеуді (бастапқы қайта өңдеуден кейін) жүзеге асырады деген шарттар орындалған кезде төлейтін дивидендтер.»;
«Жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы, сондай-ақ акциялар немесе қатысу үлестері өткізілген айдың бірінші күнінің алдындағы он екі айлық кезең ішінде Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өзінің және (немесе) өзара байланысты тарап болып табылатын резидент-заңды тұлғаға тиесілі өндірістік қуаттарда көрсетілген кезеңде көмірді қоса алғанда, өндірілген минералды шикізаттың кемінде 40 пайызын кейінгі қайта өңдеуді (бастапқы қайта өңдеуден кейін) жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы осы тармақшаның мақсатында жер қойнауын пайдаланушы деп танылмайды.»;
3) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін:
«дивидендтер төлейтін резидент болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы-заңды тұлға дивидендтер есепке жазылған айдың бірінші күнінің алдындағы он екі айлық кезең ішінде Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өзінің және (немесе) өзара байланысты тарап болып табылатын резидент-заңды тұлғаға тиесілі өндірістік қуаттарда көрсетілген кезеңде көмірді қоса алғанда, өндірілген минералды шикізаттың кемінде 50 пайызын кейінгі қайта өңдеуді (бастапқы қайта өңдеуден кейін) жүзеге асырады деген шарттар орындалған кезде төлейтін дивидендтер.»;
«Жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы, сондай-ақ акциялар немесе қатысу үлестері өткізілген айдың бірінші күнінің алдындағы он екі айлық кезең ішінде Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өзінің және (немесе) өзара байланысты тарап болып табылатын резидент-заңды тұлғаға тиесілі өндірістік қуаттарда көрсетілген кезеңде көмірді қоса алғанда, өндірілген минералды шикізаттың кемінде 50 пайызын кейінгі қайта өңдеуді (бастапқы қайта өңдеуден кейін) жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы осы тармақшаның мақсатында жер қойнауын пайдаланушы деп танылмайды.».
47-бап. Салық кодексінің 685-бабы 1-тармағының қолданысы 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгiленсін:
«1. Патент негізінде арнаулы салық режимін осы Кодекстің 683-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында шағын бизнес субъектілері үшін белгіленген шарттарға сай келумен қатар:
1) жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
2) қызметiн жеке кәсіпкерлiк нысанында жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер қолдануға құқылы.».
48-бап. Салық кодексінің 686-бабы 2-тармағының қолданысы 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгiленсін:
«2. Патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеу, сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың салық салу объектісін қоспағанда, салық салу объектісіне 1 пайыз мөлшердегі мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізіледі.
Сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеуді, 1 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салынатын қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар арқылы алынатын кірістерді қоспағанда, салық салу объектісіне 2 пайыз мөлшерінде мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
Сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер жеке табыс салығының әртүрлі мөлшерлемелері бойынша салық салынатын кірістерді бөлек есепке алуды жүзеге асырады. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар арқылы алынатын кірістерді есепке алу банктік шоттардан үзінді көшірмелерді қоса алғанда, бастапқы құжаттар негізінде, уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салықтық тізілімде жүргізіледі.».
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 48-1-баппен толықтырылды
48-1-бап. Салық кодексінің 686-бабы 2019 жылғы 1 қаңтардан 2022 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
1) 2019 жылғы 1 қаңтардан 2020 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде:
«2-1. Осы баптың 2-тармағына сәйкес есептелген жеке табыс салығының сомасы деректерді тіркеу және беру функциясы бар бір бақылау-касса машинасын не үш құрамдасты интеграцияланған жүйені сатып алуға 60 000 теңге сомасына, бірақ есептелген салық сомасының 50 пайызынан асырмай азайту жағына түзетілуге жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген салықты азайту деректерді тіркеу және беру функциясы бар осындай бақылау-касса машинасы салық органдарында алғаш рет есепке қойылған немесе үш құрамдасты интеграцияланған жүйе орнатылған салықтық кезең үшін патент құнының соңғы есеп-қисабында жеке табыс салығының сомасын есептеу кезінде бір мезгілде бүкіл салықтық кезең үшін тұтас жүргізіледі.»;
2) 2020 жылғы 1 қаңтардан 2022 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде:
«2-1. Осы баптың 2-тармағына сәйкес есептелген жеке табыс салығының сомасы үш құрамдасты интеграцияланған жүйені сатып алуға 60 000 теңге сомасына, бірақ есептелген салық сомасының 50 пайызынан асырмай азайту жағына түзетілуге жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген салықты азайту осындай үш құрамдасты интеграцияланған жүйе алғаш рет орнатылған салықтық кезең үшін патент құнының соңғы есеп-қисабында жеке табыс салығының сомасын есептеу кезінде бір мезгілде бүкіл салықтық кезең үшін, сондай-ақ осындай сатып алудың салықтық кезеңінен кейінгі салықтық кезең үшін тұтас жүргізіледі.».
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 48-2-баппен толықтырылды
48-2-бап. Салық кодексінің 687-бабы 2019 жылғы 1 қаңтардан 2022 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
1) 2019 жылғы 1 қаңтардан 2020 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде:
«2-1. Салық төлеуші деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасын немесе үш құрамдасты интеграцияланған жүйені салық органдарында есепке қойған күнтізбелік жылдың екінші жартыжылдығы үшін оңайлатылған декларацияда есептелген жеке табыс салығының сомасы осы салық төлеушінің 60 000 теңге сомасына, бірақ осындай күнтізбелік жылдың екі жартыжылдығы үшін есептелген салық сомасының 50 пайызынан асырмай азайту жағына түзетуіне жатады.
Салық төлеуші осындай үш құрамдасты интеграцияланған жүйе орнатылған жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың екінші жартыжылдығы үшін жеке табыс салығын есептеген және оңайлатылған декларацияны тапсырған кезде де осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесін қолданады.»;
2) 2020 жылғы 1 қаңтардан 2022 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде:
«2-1. Салық төлеуші үш құрамдасты интеграцияланған жүйені орнатқан күнтізбелік жылдың екінші жартыжылдығы үшін оңайлатылған декларацияда есептелген жеке табыс салығының сомасы осы салық төлеушінің 60 000 теңге сомасына, бірақ осындай күнтізбелік жылдың екі жартыжылдығы үшін есептелген салық сомасының 50 пайызынан асырмай азайту жағына түзетуіне жатады.
Салық төлеуші осындай үш құрамдасты интеграцияланған жүйе орнатылған жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың екінші жартыжылдығы үшін жеке табыс салығын есептеген және оңайлатылған декларацияны тапсырған кезде де осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесін қолданады.».
49-бап. Салық кодексінің 697-бабы 6-тармағының қолданысы 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгiленсін:
«6. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін арнаулы салық режимдерін қолданатын салық төлеушілер осындай салық режимдерінің күші қолданылмайтын қызмет түрлерін жүзеге асырған жағдайда, кірістер мен шығыстарды, мүлікті бөлек есепке алуды жүргізуге, сондай-ақ көрсетілген қызмет түрлері бойынша тиісті салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеуді және төлеуді жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізуге міндетті.
Бұл ретте осы тармақта көзделген бөлек есепке алуды салық төлеушілер өздері бекіткен салықтық есепке алу саясатының ережелеріне сәйкес жүзеге асыруға тиіс.».
50-бап. Салық кодексінің 703 және 704-баптарының қолданысы 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы баптар мынадай редакцияда қолданылады деп белгiленсін:
«703-бап. Салық салу объектiсі
Жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган берген жер учаскелерінің бағалау құнын айқындау актісі негізінде белгіленген жер учаскесінің бағалау құны бірыңғай жер салығын есептеу үшін салық салу объектіcі болып табылады.
Жер учаскелерінің бағалау құнын айқындаудың осындай актісі болмаған кезде жер учаскесінің бағалау құны жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ұсынған деректер бойынша аудан, қала бойынша орташа есеппен 1 гектар жердің бағалау құны және жер учаскесінің алаңы негізге алына отырып айқындалады.
704-бап. Бірыңғай жер салығын есептеу тәртібі
1. Егістік бойынша бірыңғай жер салығын есептеу жер учаскелерінің жиынтық бағалау құнына жер учаскелерінің жиынтық алаңын негізге ала отырып, мынадай мөлшерлемелерді қолдану арқылы жүргізіледі:
р/с № | Жер учаскелерінің алаңы (гектар) | Салық мөлшерлемесі |
1. | 500-ге дейін | 0,15% |
2. | 501-ден 1000-ды қоса алғанға дейін | 500 гектардан бағалау құнының 0,15 % + 500 гектардан асатын жер алаңынан бағалау құнының 0,3 % |
3. | 1001-ден 1500-ді қоса алғанға дейін | 1000 гектардан бағалау құнының 0,3 % + 1000 гектардан асатын жер алаңынан бағалау құнының 0,45 % |
4. | 1501-ден 3000-ды қоса алғанға дейін | 1500 гектардан бағалау құнының 0,45 % + 1500 гектардан асатын жер алаңынан бағалау құнының 0,6 % |
5. | 3000-нан жоғары | 3000 гектардан бағалау құнының 0,6 % + 3000 гектардан асатын жер алаңынан бағалау құнының 0,75 % |
2. Жайылымдар, табиғи шабындықтар және арнаулы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын басқа да жер учаскелері бойынша бiрыңғай жер салығын есептеу осындай жер учаскелерінің жиынтық бағалау құнына 0,2 % мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізіледі.
3. Жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде жергілікті өкілді органдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге бірыңғай жер салығының мөлшерлемесін он еседен асырмай арттыруға құқығы бар.
4. Шаруа немесе фермер қожалықтары бірыңғай жер салығын салықтық кезеңде арнаулы салық режимі қолданылатын нақты кезең үшін, оның ішінде жер учаскесін жер пайдалануға алған (меншікке сатып алған) және (немесе) жер учаскесін жер пайдаланудан (өткізуден) бас тартқан жағдайда есептейді.
5. Әрбір жер учаскесі орналасқан жер бойынша бірыңғай жер салығының бюджетке төлеуге жататын сомасы барлық жер учаскелерінің жалпы алаңына осындай жер учаскелері алаңының үлес салмағына пропорционал айқындалады.
6. Бірыңғай жер салығының сомасы арнаулы салық режимі қолданылатын нақты кезең үшін:
салық төлеуші барлық жер учаскелері бойынша осы арнаулы салық режимін толық емес салықтық кезең қолданған жағдайда - салықтың жалпы сомасын он екіге бөліп, осындай нақты кезеңнің ай санына көбейту;
салық төлеуші арнаулы салық режимін осы ауданда толық емес салықтық кезең қолданған жағдайда - осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын жер учаскелері аумағында орналасқан аудан бюджетіне төлеуге жататын салықтың жалпы сомасын он екіге бөліп, нақты кезеңнің ай санына көбейту;
салық төлеуші салықтық кезең ішінде осындай жер учаскесін жер пайдалануға алған (меншікке сатып алған) және (немесе) жер пайдаланудан бас тартқан (осы жер учаскесін өткізген) жағдайда - осы арнаулы салық режимі қолданыла отырып пайдаланылатын жер учаскесі бойынша толық салықтық кезең үшін төлеуге жататын салық сомасын он екіге бөліп, нақты кезеңнің ай санына көбейту арқылы айқындалады.
Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінің төртінші абзацында көрсетілген жағдайларда жер учаскесі бойынша арнаулы салық режимі қолданылатын нақты кезең үшін салықты есептеу:
жер учаскесі салықтық кезең ішінде берілген (өткізілген) жағдайда - егер осындай жер учаскесі бойынша арнаулы салық режимі салықтық кезеңнің басынан бастап қолданылса, салықтық кезеңнің бірінші айынан бастап осындай жер учаскесі берілген (өткізілген) айдың бірінші күніне дейін;
осындай жер учаскесі жер пайдалануға алынған (меншікке сатып алынған) айдың бірінші күнінен бастап салықтық кезеңнің соңына дейін немесе осындай жер учаскесі жер пайдалануға берілгеннен (өткізілгеннен) кейінгі айдың бірінші күніне дейін жүргізіледі.