1. Әкімшілік істерді соттың алқалы құрамымен қарау және шешу кезінде барлық судьялар бірдей құқықтарды пайдаланады. Әкімшілік істі соттың алқалы құрамымен қарау және шешу кезінде туындайтын барлық мәселелерді судьялар көпшілік дауыспен шешеді. Судьялардың ешқайсысы да дауыс беруден қалыс қалуға құқылы емес. Төрағалық етуші ең соңында дауыс береді.
2. Сот актісін қабылдау үшін дауыс берген судьялардың көпшілігінің пікірімен келіспейтін немесе қабылданған сот актісі үшін дауыс берген, бірақ қабылданған сот актісінің қандай да бір басқа мәселесі бойынша немесе уәждемесі бойынша дауыс берген кезде азшылықта қалған судья сот актісіне қол қоюға міндетті және өзінің ерекше пікірін жазбаша түрде баяндауға құқылы.
3. Судья өзінің ерекше пікірін әкімшілік іс бойынша шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде баяндауға тиіс. Судьяның ерекше пікірі әкімшілік істің материалдарына қоса тігіледі, бірақ әкімшілік іс бойынша қабылданған шешімді хабарлау кезінде жария етілмейді, сондай-ақ жариялануға жатпайды.
5-тарау. ӘКІМШІЛІК ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСУШЫЛАР
26-бап. Әкімшілік процеске қатысушылардың құрамы
1. Талап қоюшы, жауапкер, мүдделі тұлға және прокурор әкімшілік процеске қатысушылар болып табылады.
2. Әкімшілік сот ісін жүргізуде өкілдік ету Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
27-бап. Әкімшілік процестік құқық қабілеттілік және әкімшілік процестік әрекет қабілеттілік
1. Егер барлық жеке және заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар осы Кодекске сәйкес өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғату құқығына ие болса, олар үшін әкімшілік сот ісін жүргізуде процестік құқықтарға ие болу және процестік міндеттерді атқару қабілеттілігі (әкімшілік процестік құқық қабілеттілік) тең дәрежеде танылады.
2. Өз әрекеттерімен процестік құқықтарды жүзеге асыру, оның ішінде әкімшілік іс жүргізуді өкілге тапсыру және әкімшілік сот ісін жүргізуде процестік міндеттерді орындау қабілеттілігі (әкімшілік процестік әрекет қабілеттілігі) он сегіз жасқа толған және әрекетке қабілетсіз деп танылмаған жеке тұлғаларға, заңды тұлғаларға, әкімшілік органдарға, лауазымды адамдарға тиесілі.
3. Заңда көзделген негіздер бойынша эмансипацияланған кәмелетке толмағандар эмансипацияланған кезден бастап өздерінің процестік құқықтары мен процестік міндеттерін жеке өздері жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын әкімшілік істер бойынша он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін жеке өздері қорғауға құқығы бар. Кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерін осындай әкімшілік істерге қатысуға тартуға соттың құқығы бар.
5. Он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамның, сондай-ақ әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың заңды өкілдері қорғайды, алайда сот кәмелетке толмаған адамның өзін немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамды, сондай-ақ прокурорды осындай әкімшілік істерге қатысуға тартуға құқылы.
6. Он төрт жасқа жетпеген кәмелетке толмаған адамның, сондай-ақ әрекетке қабілетсіз деп танылған адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың заңды өкілдері, прокурор қорғайды.
28-бап. Талап қоюшы
1. Талап қоюшының:
1) әкімшілік істің материалдарымен танысуға, олардан үзінді-көшірмелер жасауға және көшірмелерін түсіріп алуға;
2) дәлелдемелер ұсынуға және оларды зерттеуге қатысуға;
3) әкімшілік процеске басқа да қатысушыларға, куәларға, сарапшыларға және мамандарға сұрақтар қоюға;
4) берілген талап қою бойынша ауызша және жазбаша түсініктемелер, айғақтар беруге және дәлелдер келтіруге;
5) әкімшілік сот ісін жүргізу барысында туындайтын барлық мәселе бойынша өз дәлелдерін келтіруге;
6) әкімшілік істі қарау барысында туындайтын барлық мәселе бойынша өтінішхаттарды және қарсылық білдірулерді мәлімдеуге, айғақтар, түсініктемелер беруге;
7) аудармашының тегін көмегін пайдалануға, өкілінің болуына;
8) өзінің мүдделерін қозғайтын қабылданған шешімдер туралы білуге және мәлімделген талап қоюға қатысты процестік шешімдердің көшірмелерін алуға;
9) кез келген сот сатысында әкімшілік істі қарауға қатысуға;
10) әкімшілік процеске басқа да қатысушылардың өтінішхаттары мен дәлелдеріне қарсы болуға;
11) сот жарыссөздерінде сөйлеуге, сот актілеріне шағымдар беруге;
12) сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертулер беруге;
13) әкімшілік іс бойынша келтірілген шағымдар, прокурордың өтінішхаттары мен наразылықтары туралы білуге және оларға қарсылықтар беруге;
14) мәлімделген шағымдарды, прокурордың өтінішхаттары мен наразылықтарын сотта қарауға қатысуға құқығы бар.
2. Талап қоюшы сотқа әкімшілік істің шын мәніндегі мән-жайлары туралы толық және шынайы түрде мәлімдеуге, әкімшілік процеске басқа да қатысушылардың растайтын фактілерін теріске шығаратын құжаттарды сотқа айтуға немесе ұсынуға міндетті. Талап қоюшының процестік міндеттерді орындамауы осы Кодексте көзделген процестік салдарлардың басталуына алып келеді.
3. Талап қоюшы сондай-ақ Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында көзделген басқа құқықтарды пайдалана алады және басқа міндеттерді атқарады.
29-бап. Жауапкер
1. Өзіне берілген талап қоюға байланысты өз мүдделерін қорғау мақсатында жауапкердің:
1) талап қоюдың мәнін білуге;
2) талап қоюға қарсы болуға;
3) әкімшілік іс материалдарымен танысуға, олардан үзінді-көшірмелер жасауға және көшірмелерін түсіріп алуға;
4) дәлелдемелер ұсынуға және оларды зерттеуге қатысуға;
5) әкімшілік процестің басқа қатысушыларына, куәларға, сарапшыларға және мамандарға сұрақтар қоюға;
6) әкімшілік сот ісін жүргізу барысында туындайтын барлық мәселе бойынша өз дәлелдерін келтіруге;
7) берілген талап қоюдың мәні бойынша өтінішхаттарды және қарсылық білдірулерді мәлімдеуге, айғақтар, түсініктемелер беруге және дәлелдер келтіруге;
8) аудармашының тегін көмегін пайдалануға, өкілінің болуына;
9) өзінің мүдделерін қозғайтын қабылданған шешімдер туралы білуге және мәлімделген талап қоюға қатысты процестік шешімдердің көшірмелерін алуға;
10) кез келген сот сатысында талап қоюды қарауға қатысуға;
11) әкімшілік процеске басқа қатысушылардың өтінішхаттары мен дәлелдеріне қарсы болуға;
12) сот жарыссөздерінде сөйлеуге, сот актілеріне шағымдар беруге;
13) сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертулер беруге;
14) әкімшілік іс бойынша келтірілген шағымдар, прокурордың өтінішхаттары мен наразылықтары туралы білуге және оларға қарсылықтар беруге;
15) мәлімделген шағымдарды, прокурордың өтінішхаттары мен наразылықтарын сотта қарауға қатысуға құқығы бар.
2. Жауапкер сотқа әкімшілік істің шын мәніндегі мән-жайлары туралы толық және шынайы түрде мәлімдеуге, әкімшілік істі, әкімшілік процеске басқа да қатысушылардың растайтын фактілерін теріске шығаратын құжаттарды сотқа айтуға немесе ұсынуға міндетті. Жауапкердің процестік міндеттерді орындамауы осы Кодексте көзделген процестік салдарлардың басталуына алып келеді.
3. Әкімшілік істі мәні бойынша қарау мен шешу басталғанға дейін жауапкерді ауыстыруға жол беріледі. Сот талап қою бойынша жауап беруге тиісті емес тұлғаға талап қою беріліп отырғанын анықтап, талап қоюшыны шақырады, тиісті емес жауапкерге талап қоюды берудің салдарларын түсіндіреді және талап қоюшының келісуімен тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыруға жол береді. Тиісті емес жауапкер ауыстырылғаннан кейін әкімшілік істі сот отырысында алдын ала тыңдау мен қарау басынан бастап жүргізіледі. Әкімшілік істі қарау мерзімі әкімшілік іс сот отырысында талқылауға тағайындалған күннен бастап есептеледі.
4. Егер талап қоюшы жауапкерді басқа тұлғамен ауыстыруға келіспесе, сот талап қоюшының келісуінсіз бұл тұлғаны екінші жауапкер ретінде тарта алады.
5. Жауапкер сондай-ақ Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында көзделген басқа құқықтарды пайдалана алады және басқа міндеттерді атқарады.
30-бап. Әкімшілік процестегі мүдделі тұлға
1. Сот актісі өзінің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғаған немесе қозғауы мүмкін тұлға мүдделі тұлға деп танылады.
2. Мүдделі тұлғалар әкімшілік істі бірінші сатыдағы сотта қарау мен шешу аяқталатын сот актісі қабылданғанға дейін, егер бұл сот актісі олардың құқықтарына, міндеттері мен заңды мүдделеріне әсер етуі мүмкін болса, әкімшілік іске өз бастамасы бойынша талап қоюшының немесе жауапкердің тарапынан кіруге құқылы. Мүдделі тұлғалар соттың бастамасы бойынша немесе әкімшілік процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша әкімшілік іске қатысуға тартылуы мүмкін.
3. Мүдделі тұлғалар талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгерту, талап қоюды кері қайтарып алу, талап қоюды тану немесе татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу құқығын қоспағанда, талап қоюшының немесе жауапкердің процестік құқықтарын пайдаланады және процестік міндеттерін атқарады.
31-бап. Прокурор
1. Әкімшілік істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығына жоғары қадағалауды мемлекет атынан Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры тікелей де, өзіне бағынысты прокурорлар арқылы да жүзеге асырады.
2. Прокурор өзіне заңда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында салықтық, кедендік, бюджеттік қатынастардан, табиғи ресурстарды пайдалануға және қоршаған ортаға әсер етуге байланысты шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру кезінде қоршаған ортаны қорғау, қалпына келтіру және сақтау, табиғи ресурстарды пайдалану және молайту саласындағы қатынастардан туындайтын әкімшілік істер бойынша, мемлекеттен және мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау кезінде мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы әкімшілік істер бойынша қорытынды беру үшін, сайлауға, республикалық референдумға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғап, сондай-ақ әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) физикалық, психикалық және өзге де мән-жайларға орай құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін өзі дербес қорғауды жүзеге асыра алмайтын адамдардың немесе шектелмеген тұлғалар тобының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеуі мүмкін болғанда не прокурордың қатысу қажеттігін сот танығанда процеске кіріседі.
Прокурордың көрсетілген өкілеттіктері соттың интернет-ресурсында тиісті ақпаратты орналастыру арқылы соттың қарауға тағайындалған барлық әкімшілік істер туралы уақтылы хабарлауы арқылы қамтамасыз етіледі.
Әкімшілік істің қаралатын уақыты мен орны туралы хабарланған прокурордың келмеуі әкімшілік іс бойынша сот талқылауына кедергі болмайды.
3. Прокурор Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
1) физикалық, психикалық және өзге де мән-жайларға орай құқықтары мен мүдделерін қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдардың;
2) егер бұл адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас салдарларды болдырмау үшін қажет болса, адамдардың, қоғамның және мемлекеттің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюмен жүгінуге құқылы.
Осы бөліктің 2) тармақшасында көзделген жағдайларда, прокурор адамның өтініші мен талап қоюына қарамастан, сотқа талап қоюды бере алады.
4. Егер талап қоюшы прокурор мәлімдеген талапты қолдамаса, егер мүдделі тұлғалардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері қозғалмайтын болса, сот талап қоюды қайтарады.
5. Әкімшілік орган, лауазымды адам заңға сәйкес келмейтін әкімшілік актіге, сондай-ақ әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) наразылықты қабылдамаған жағдайда, прокурор талап қоюмен сотқа жүгінеді.
6. Талап қоюды берген прокурор татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу құқығынан басқа, талап қоюшының барлық процестік құқығын пайдаланады, сондай-ақ барлық процестік міндетін атқарады. Прокурордың басқа тұлғаның мүдделерін қорғау үшін берілген талап қоюдан бас тартуы осы тұлғаны «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) талаптарына сәйкес мемлекеттік бажды төлегенінен кейін әкімшілік істі мәні бойынша қарауды талап ету құқығынан айырмайды.
7. Сот қарайтын дауда талап қоюшы немесе жауапкер ретінде прокуратура органдарының мүдделерін білдіретін прокурор тараптардың процестік құқықтары мен міндеттерін пайдаланады. Егер әкімшілік іс прокурордың талап қоюы негізінде қозғалған болса, ол әкімшілік іс бойынша қорытынды бермейді.
6-тарау. ӘКІМШІЛІК ІСКЕ ҚАТЫСАТЫН ӨЗГЕ ДЕ АДАМДАР
32-бап. Куә
1. Әкімшілік істі қарау және шешу үшін маңызы бар нақты мән-жайлар туралы қандай да бір мәліметтер белгілі болуы мүмкін адам куә болып табылады.
2. Мыналар:
1) қарауға өзі қатысқан істің мән-жайлары туралы - судья;
2) өз міндеттерін орындауына байланысты өздеріне белгілі болған мән-жайлар туралы - төреші, алқаби;
3) өкілдің немесе қорғаушының міндеттерін орындауына байланысты өздеріне белгілі болған мән-жайлар туралы - азаматтық іс бойынша өкілдер немесе қылмыстық іс, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша өкілдер, қорғаушылар;
4) тәубаға келу үстінде өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы - діни қызметші;
5) өзінің жасының толмауына не психикалық немесе дене кемістіктеріне орай әкімшілік іс үшін маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдауға және олар туралы айғақтар беруге қабілетсіз адам;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, медиацияны жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы - медиатор;
7) ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін жағдайларды қоспағанда, өз қызметін жүзеге асыруға байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы - ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген өзге де адамдар куә ретінде жауап алуға жатпайды.
3. Куәнің:
1) өзіне, жұбайына (зайыбына) және аясы заңда айқындалатын жақын туыстарына қарсы айғақтар беруден бас тартуға;
2) өзінің ана тілінде немесе өзі білетін тілде айғақтар беруге;
3) әкімшілік сот ісін жүргізуде аудармашының тегін көмегін пайдалануға;
4) өзінен жауап алуға қатысатын аудармашыға қарсылық білдіруді мәлімдеуге;
5) әкімшілік органның, лауазымды адамның әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым беруге, өзінің құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне қатысты өтінішхаттар мәлімдеуге құқығы бар.
4. Куә:
1) соттың шақыруы бойынша келуге;
2) әкімшілік іс бойынша белгілі болғанның бәрін шынайы түрде хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге;
3) тыңдау және сот отырысы кезінде белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.
5. Егер куә өзінің хабардар болу көзін көрсете алмаса, ол хабарлаған мәліметтер дәлелдемелер болып табылмайды.
6. Куәнің тыңдауға келуі мүмкін болмаған жағдайда, оның айғақты жазбаша нысанда беруге құқығы бар. Бұл жағдайда куә әрбір бетті өзінің қолымен куәландыруға тиіс. Куәнің қолымен куәландырылған айғақ қол қойылған күні көрсетіле отырып, лауазымды адамның қолымен расталады.
7. Куә ретінде шақырылған адам, осы баптың сегізінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, сотқа белгіленген уақытта келуге, қаралып жатқан әкімшілік істің мәні бойынша жеке өзіне белгілі мәліметтерді хабарлауға, соттың және әкімшілік процеске қатысушылардың қосымша сұрақтарына жауап беруге міндетті.
8. Егер куә сырқатының, кәрілігінің, мүгедектігінің немесе басқа да дәлелді себептерінің салдарынан сотқа шақыру бойынша келуге жағдайы болмаса, сот куәдан оның болатын жерінде жауап алуы мүмкін.
9. Егер куә сотқа шақыру бойынша келе алмайтын болса, ол келе алмау себептерін көрсете отырып, бұл туралы сотқа күні бұрын хабарлауға міндетті.
10. Куә әкімшілік сот ісін жүргізуде көрінеу жалған айғақтар бергені және заңда көзделмеген негіздер бойынша айғақтар беруден бас тартқаны үшін заңда белгіленген қылмыстық жауаптылықта болады.
11. Куәнің сотқа шақыруға байланысты шығыстарды өтеттіруге құқығы бар. Шығыстар мен өтемақының мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
33-бап. Сарапшы
1. Арнайы ғылыми білімі бар және сот осы Кодексте және Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген жағдайларда және тәртіппен, нақты әкімшілік іс бойынша мән-жайларды анықтау мақсатында өзінің алдына қойылған және арнайы ғылыми білімді талап ететін мәселелер бойынша сот сараптамасын жүргізу мен қорытынды беруді тапсырған, әкімшілік істе мүдделі емес адам сарапшы болып табылады.
2. Сот әкімшілік процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша сот сараптамасын тағайындайды.
3. Сарапшының:
1) әкімшілік істің сот сараптамасы нысанасына қатысты материалдарымен танысуға;
2) өзіне қорытынды беруге қажетті қосымша материалдарды беру туралы өтінішхатты мәлімдеуге;
3) соттың рұқсатымен процестік әрекеттерді жүргізуге, сот отырысына қатысуға және әкімшілік іске қатысушыларға сот сараптамасы нысанасына қатысты сұрақтар қоюға;
4) өзі қатысқан процестік әрекеттің хаттамасымен, сондай-ақ тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және хаттамаларға өзінің әрекеттері мен айғақтарының толық және дұрыс тіркеліп-бекітілуіне қатысты енгізілуге жататын ескертулер жасауға;
5) сот сараптамасын тағайындаған сотпен келісу бойынша сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, әкімшілік іс үшін маңызы бар мән-жайлар бойынша, оның ішінде тұжырымдалған мәселелердің шегінен шығатын мән-жайлар бойынша қорытынды беруге;
6) ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; аудармашыға қарсылық білдіруді мәлімдеуге;
7) сот сараптамасын жүргізу кезінде процестік құқықтарды бұзатын тұлғалардың шешімдеріне, әрекеттеріне шағым жасауға;
8) сот сараптамасын жүргізу кезінде шеккен шығыстардың өтемін алуға және егер сот сараптамасын жүргізу өзінің лауазымдық міндеттерінің аясына кірмейтін болса, орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.
4. Сарапшы:
1) сотқа білдірмей, әкімшілік процеске қатысушылармен сот сараптамасын жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге;
2) зерттеу үшін материалдарды өз бетінше жинауға;
3) егер бұған соттың арнайы рұқсаты болмаса, объектілерді толық немесе ішінара жоюға не олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге алып келуі мүмкін зерттеулер жүргізуге құқылы емес.
5. Сарапшы:
1) соттың шақыруы бойынша келуге;
2) өзіне ұсынылған объектілерге жан-жақты, толық және объективті зерттеу жүргізуге, қойылған сұрақтар бойынша негізді және объективті жазбаша қорытынды беруге;
3) қорытынды беруден бас тартуға және қорытынды берудің мүмкін емес екені туралы уәжді жазбаша хабар жасауға және оны сотқа жіберуге;
4) жүргізілген зерттеуге және берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге;
5) зерттеуге ұсынылған объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге;
6) әкімшілік істің мән-жайлары туралы мәліметтерді және сот сараптамасын жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етпеуге;
7) сотқа шығыстар сметасын және сот сараптамасын жүргізуге байланысты шеккен шығыстар туралы есепті ұсынуға міндетті.
6. Сарапшы көрінеу жалған қорытынды бергені үшін заңда белгіленген қылмыстық жауаптылықта болады.
7. Сот сараптамасы органдарының қызметкері болып табылатын сарапшы өз қызметінің түріне қарай өзінің құқықтарымен және міндеттерімен танысқан деп және көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертілген деп есептеледі.
34-бап. Маман
1. Сот консультациялар (түсініктер) беру арқылы дәлелдемелерді жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдемдесу және ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға көмек көрсету мақсатында сот отырысына немесе процестік әрекеттерге қатысу үшін арнаулы білімі және (немесе) дағдылары бар, әкімшілік істің нәтижесіне мүдделі емес, кәмелетке толған адамды маман ретінде тартуы мүмкін.
Сот әкімшілік процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша да мамандарды тартуға құқылы. Әкімшілік процеске қатысушылар соттан арнаулы білімі және (немесе) дағдылары бар нақты адамды маман ретінде тартуды өтіне алады.
2. Маманның:
1) әкімшілік істің зерттеу нысанасына қатысты материалдарымен танысуға;
2) өзіне қорытынды беруге қажетті қосымша материалдарды беру туралы өтінішхатты мәлімдеуге;
3) өзінің шақырылу мақсатын білуге;
4) егер тиісті арнаулы білімі мен дағдылары болмаса, әкімшілік іс бойынша іс жүргізуге қатысудан бас тартуға;
5) әкімшілік процеске қатысушыларға соттың рұқсатымен сұрақтар қоюға; олардың назарын дәлелдемелерді жинауға, зерттеу мен бағалауға және ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға, әкімшілік істің материалдарын зерттеуге, сараптама тағайындау үшін материалдарды дайындауға жәрдем көрсету кезіндегі өзінің әрекеттеріне байланысты мән-жайларға аударуға;
6) өзі қатысқан процестік әрекеттің хаттамасымен, сондай-ақ тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және хаттамаға өзі қатысқан кезде жүргізілген әрекеттердің барысы мен нәтижелерінің толық және дұрыс тіркеліп-бекітілуіне қатысты енгізілуге жататын мәлімдемелер мен ескертулер жасауға;
7) ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және консультация (түсінік) беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; аудармашыға қарсылық білдіруді мәлімдеуге;
8) сот әрекеттерін жүргізуге қатысуына байланысты өзі шеккен шығыстардың өтемін алуға және егер әкімшілік іс бойынша іс жүргізуге қатысу өзінің лауазымдық міндеттерінің аясына кірмейтін болса, орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.
3. Маман:
1) сотқа білдірмей, әкімшілік іске қатысушылармен зерттеулер жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге;
2) зерттеу материалдарын өз бетінше жинауға құқылы емес.
4. Маман:
1) соттың шақыруы бойынша келуге;
2) дәлелдемелерді жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдем көрсету үшін арнаулы білімді, дағдылар мен ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, процестік әрекеттерді жүргізуге және сот талқылауына қатысуға;
3) өзі орындайтын әрекеттер бойынша түсінік беруге;
4) әкімшілік істің мән-жайлары туралы мәліметтерді және әкімшілік іске қатысуына байланысты өзіне белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етпеуге;
5) сот отырысы кезінде тәртіп сақтауға;
6) зерттеуге ұсынылған объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
5. Маман көрінеу жалған қорытынды берген жағдайда, заңда белгіленген қылмыстық жауаптылықта болады.
35-бап. Аудармашы
1. Әкімшілік іске мүдделі емес, әкімшілік сот ісін жүргізу жүзеге асырылатын тілді білетін, бір тілден екінші тілге аудару үшін қажетті білімі бар адам не саңыраумен, мылқаумен, керең-мылқаумен қарым-қатынас жасау техникасын еркін білетін адам аудармашы ретінде шақырылады.
2. Аудармашының:
1) аударманы жүзеге асыру кезінде қатысушы адамдарға аударманы нақтылау үшін сұрақтар қоюға;
2) іс жүргізуде өзі қатысқан процестік әрекеттің хаттамасымен, сондай-ақ тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және аударманың толықтығына және дұрыстығына қатысты хаттамаға енгізілуге жататын ескертулер жасауға;
3) егер оның аударма үшін қажетті білімі болмаса, әкімшілік іске қатысудан бас тартуға;
4) сот әрекеттерін іс жүргізуге қатысуына байланысты өзі шеккен шығыстардың өтемін және егер іс бойынша іс жүргізуге қатысу өзінің лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындаған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.
3. Аудармашы:
1) соттың шақыруы бойынша келуге;
2) толық және дұрыс аударманы жүзеге асыруға;
3) әкімшілік іске қатысушыларға олардың ана тіліне немесе олар білетін тілге аударылып табыс етілетін құжаттардағы аударманың дұрыстығын өз қолтаңбасымен куәландыруға;