2. Апелляциялық сатыдағы сот айыптаушы тараптың шағымдарында, наразылығында көрсетілген шектерде және негіздер бойынша ғана сотталған (ақталған) адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдауға құқылы.
3. Осы Кодекстің 405-бабында көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде апелляциялық сатыдағы сот жекеше қаулы шығарады.
432-бап. Апелляциялық сатының қылмыстық процесте азаматтық талап қоюды қарауы
1. Апелляциялық сатыдағы сот істі қараған кезде егер тараптардың шағымдарында, наразылығында осы туралы өтіну болса, үкімнің азаматтық талап қою бөлігінде заңдылығын, негізділігін және әділдігін де тексереді және осы Кодекстің 170-бабының талаптарын сақтай отырып, шешім қабылдайды.
2. Апелляциялық сатыдағы сот үкімді азаматтық талап қою бөлігінде өзгертуге құқылы.
3. Азаматтық талап қою бойынша сотталған адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдауға айыптаушы тараптың шағымдарында немесе прокурордың наразылығында тиісті дәлелдер болған кезде ғана жол беріледі.
433-бап. Yкiмнiң күшiн жою немесе оны өзгерту негiздері
Мыналар:
1) сот тергеуiнiң бiржақтылығы және толық еместiгi;
2) соттың үкiмде, қаулыда айтылған түйіндерінің iстiң нақты мән-жайларына сәйкес келмеуi;
3) қылмыстық-процестік заңның елеулі түрде бұзылуы;
4) қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы;
5) жазаның қылмыстық құқық бұзушылық ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмеуi бiрiншi сатыдағы сот үкiмiнiң күшiн жоюға не оны өзгертуге негiз болып табылады.
434-бап. Сот тергеуiнiң бiржақтылығы немесе толық еместiгi
1. Анықталған жағдайда iстiң дұрыс шешiлуi үшiн елеулi мәнi болуы мүмкiн мән-жайларды ашылмаған күйi қалдырған сот тергеуi бiржақты немесе толық емес жүргізілген болып танылады.
2. Айғақтарының iс үшiн елеулi мәнi бар адамдардан іс бойынша жауап алынбаған немесе заң бойынша жүргiзiлуi мiндеттi болып табылатын сараптама жүргiзiлмеген, сол сияқты елеулi маңызы бар құжаттар немесе заттай дәлелдемелер талап етіп алынбаған барлық жағдайда да сот тергеуi толық емес деп танылады.
3. Сот тергеуі олқылықтарының орнын толтырғаннан кейін апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 431-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген шешімдердің бірін қабылдайды.
4. Осы Кодекстің талаптары сақтала отырып, қысқартылған тәртіппен немесе тараптардың өтінішхаттарына байланысты дәлелдемелерді зерттеуді шектей отырып жүргізілген сот тергеуі толық емес немесе біржақты деп қарастырыла алмайды және ол осы негіздер бойынша сот үкімінің, қаулысының күшін жоюға әкеп соқпайды.
435-бап. Соттың үкiмде, қаулыда айтылған түйіндерінің iстiң нақты мән-жайларына сәйкес келмеуi
1. Егер:
1) соттың түйіндері сот отырысында қаралған дәлелдемелермен расталмаса;
2) сот өз түйіндеріне айтарлықтай әсер ете алатын мән-жайларды ескермесе;
3) соттың түйіндері үшiн елеулi мәнi бар қарама-қайшы дәлелдемелер болса, ал үкiмде, қаулыда соттың қандай негiздер бойынша бұл дәлелдемелердiң бiреуін қабылдап, басқаларын қабылдамай тастағаны көрсетiлмесе;
4) соттың үкiмде, қаулыда айтылған түйіндерінде елеулі қайшылықтар болып, олар iстiң шешiлуiне, оның iшiнде сотталған адамның, ақталған адамның кiнәлiлiгi немесе кiнәсiздiгi туралы мәселенi соттың шешуiне, қылмыстық заңды қолданудың дұрыстығына немесе жазалау шараларын анықтауға ықпал еткен немесе ықпал етуi мүмкiн болса, үкiм, қаулы iстiң нақты мән-жайларына сәйкес келмейдi деп танылады.
2. Сот іс материалдарын, тараптар ұсынған және істі апелляциялық қарау барысында алынған дәлелдемелерді қарап шығып, оларды жаңадан бағалауға және осы Кодекстің 431-бабының бірінші бөлігінде көзделген жаңа шешімді қабылдауға құқылы.
436-бап. Қылмыстық-процестік заңды елеулi түрде бұзу
1. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында немесе істі сотта қарау кезінде жол берілген осы Кодекстiң қағидаттары мен өзге де жалпы ережелерін бұзушылықтар, сондай-ақ iске қатысатын адамдарды заңда кепілдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе олардың құқықтарына қысым көрсету, сот iсiн жүргiзу рәсiмдерін сақтамау немесе iстiң мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге өзгедей жолмен кедергi келтірген, сот төрелігінің үкімін немесе соттың өзге де шешімдерін шығаруға ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін өзге де заң бұзушылықтар қылмыстық-процестік заңды елеулi түрде бұзу болып танылады.
2. Бірінші сатыдағы соттың міндетті түрде зерттелуге жататын дәлелдемелерді зерттемеуі салдарынан жол берген сот тергеуінің біржақтылығы немесе толық еместігі, талқылаудан жол берілетін дәлелдемелерді қателесіп алып тастаудың немесе тарапқа іс үшін маңызы болуы мүмкін дәлелдемелерді зерттеуден негізсіз бас тартудың не жарамсыз дәлелдемелерді зерттеудің нәтижесі болып табылса, үкімнің күші жойылуға немесе ол өзгертілуге жатады.
3. Егер:
1) сот осы Кодекстiң 35-бабында көзделген негiздер болған кезде қылмыстық iсті тоқтатпаса;
2) үкiмдi соттың заңсыз құрамы шығарған болса;
3) осы Кодекстiң 335-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, iс сотталушының қатысуынсыз қаралса;
4) заң бойынша қорғаушы немесе жәбірленушінің өкілі қатысуға мiндеттi болғанда, іс сотта олардың қатысуынсыз қаралса немесе сотталушының қорғалу құқығы өзгедей түрде бұзылса;
5) сотта сотталушының немесе жәбірленушінің ана тiлiн немесе өздері білетін тiлдi не аудармашының көрсететін қызметтерін пайдалану құқығы бұзылса;
6) осы Кодекстің талаптарына сәйкес жарыссөз жүргізілмеген жағдайларды қоспағанда, сотталушыға сот жарыссөзiне қатысу құқығы берілмесе;
7) осы Кодекстің талаптарына сәйкес соңғы сөз сөйлеу көзделмеген жағдайларды қоспағанда, сотталушыға соңғы сөз берiлмесе;
8) үкім шығару құпиясы бұзылса;
9) үкiмге судья қол қоймаса, кез келген жағдайда үкімнің, қаулының күшi жойылуға жатады.
4. Істе сот отырысы хаттамасының болмауы шағым жасалған (наразылық білдірілген) сот актісінің күшін жою үшін негіз болып табылмайды. Мұндай жағдайларда апелляциялық сатыдағы сот істі толық ресімдеу үшін оны бірінші сатыдағы сотқа жібереді.
437-бап. Қылмыстық заңды дұрыс қолданбау
Мыналар:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Жалпы бөлiгiнің талаптарын бұзу;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Ерекше бөлiгiнiң қолданылуға жататынынан басқа бабын, бабының бөлiгiн, бабы бөлiгiнің тармағын қолдану;
3) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Ерекше бөлiгiнiң осы бабындағы санкцияда көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза тағайындау қылмыстық заңды дұрыс қолданбау болып табылады.
438-бап. Сот тағайындаған жазаның қылмыстық құқық бұзушылық ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмеуі
1. Жаза тағайындаудың жалпы бастаулары есепке алынбай тағайындалған және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті бабының санкциясында көзделген шектерден шықпаса да, бірақ өзінің түрі мен мөлшері жағынан шектен тыс жеңілдігі немесе шектен тыс қатаңдығы салдарынан әділетсіз болып табылатын жаза қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмейді деп танылады.
2. Апелляциялық сатыдағы сот жазаны жеңілдетуге немесе неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолданумен байланысты, сол сияқты сотталған адамның әрекеттерін қайта сараламастан неғұрлым қатаң жаза тағайындау туралы шешім қабылдауға құқылы. Айыптаушы тараптың шағымдарында немесе прокурордың наразылығында тиісті дәлелдер бар болған кезде және солардың шегінде ғана сотталған адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдауға жол беріледі. Неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану бірінші сатыдағы сотта сотталушыға тағылған және айыптаушы тараптан қолдау тапқан айыптау шегінен шықпауға тиіс.
3. Бірінші сатыдағы сот қылмыстық құқық бұзушылықты мемлекеттік және жекеше айыптаушылардың айыпты онша ауыр емес айыпқа өзгертуіне байланысты осы Кодекстің 337-бабы жетінші бөлігінің негізінде саралау туралы шешім қабылдаған жағдайларда, апелляциялық саты неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға құқылы емес, алайда ол жазаның мерзімін немесе мөлшерін шағымдардағы, наразылықтағы дәлелдер шегінде ұлғайтуға не сотталған адамға үкімде көрсетілгеннен гөрі неғұрлым қатаң жаза түрін тағайындауға құқылы.
439-бап. Істі тоқтата отырып айыптау үкімінің күшін жою
1. Апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық шағымдарды, наразылықты қараған кезде осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 3) - 10) тармақтарында және 36-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде үкімнің күшін жояды және істі тоқтатады.
2. Іс осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 9) тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған кезде апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 520-бабында көрсетілген мәселелерді шешеді және осы Кодекстің 521-бабына сәйкес қаулы шығарады.
3. Тараптар сотталған адамның жәбірленушімен татуласуына байланысты істі тоқтату туралы өтінішхат беруге құқылы. Мұндай жағдайларда апелляциялық сатыдағы сот өтінішхаттарда көрсетілген мән-жайлардың бар болуын және анықтығын тексереді. Іс оларға сәйкес тоқтатылуға жататын немесе тараптардың татуласуына орай тоқтатылуы мүмкін негіздер анықталған кезде, сот көрсетілген негіз бойынша үкімнің күшін жою және істі тоқтату туралы қаулы шығарады.
440-бап. Ақтау үкiмiнiң күшiн жою
1. Апелляциялық саты тек прокурордың наразылығы бойынша не жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң, сондай-ақ сот арқылы ақталған, ақталу негiздерiмен келiспеген адамның шағымы бойынша ғана ақтау үкімiнiң, істі тоқтату туралы қаулының немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешiмнiң күшiн жоя алады.
2. Егер ақталған адамның кiнәсiздiгiне, ақтау негіздеріне немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешiмнiң мәнiне дау айтылмаса, осы Кодекстің 436-бабында көрсетілген қылмыстық-процестік заң елеулi түрде бұзылды деген уәжбен ақтау үкiмiнiң, iстi тоқтату туралы қаулының немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешiмнiң күшiн жоюға болмайды.
3. Істі апелляциялық тәртіппен қарау кезінде мемлекеттік айыптаушының және жәбірленушілердің айыптаудан бас тартуына байланысты соттың істі тоқтату туралы қаулысының күші жойылуға жатпайды.
441-бап. Жаңа үкім шығара отырып, үкімнің күшін жою
1. Апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 46-тарауының талаптарын сақтай отырып:
1) осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген негіздер болған кезде айыптау үкімінің күшін жоюға және ақтау үкімін шығаруға;
2) айыптаушы тараптың шағымы немесе наразылығы бойынша ақтау үкімінің күшін жоюға және айыптау үкімін шығаруға;
3) айыптау үкімінің күшін жоюға және жаңа айыптау үкімін шығаруға;
4) ақтау үкімінің күшін жоюға және жаңа ақтау үкімін шығаруға құқылы.
2. Жаңа айыптау үкімін шығарған кезде апелляциялық сатыдағы сот тағылған айыптың шегінен, сондай-ақ басты сот талқылауы кезінде мемлекеттік немесе жекеше айыптаушы қолдаған айыптаудың және жаза мөлшерінің шегінен шығуға құқылы емес.
442-бап. Yкiмдi өзгерту
1. Апелляциялық сатыдағы сот үкімді былайша өзгертуге:
1) сот тағайындаған жазаны немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрiн жеңiлдетуге;
2) онша ауыр емес қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға және өзгертілген саралануға сәйкес жаза тағайындауға;
3) егер жаза мөлшерiн ұлғайту арифметикалық қателердi немесе алдын ала күзетпен ұстауды есептеу кезiндегi қателердi жоюға байланысты болса, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша немесе үкiмдер жиынтығы бойынша, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы кезiнде жаза тағайындауды реттейтiн қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауын жоюға байланысты болса, жаза мөлшерiн ұлғайтуға;
4) мән-жайлар дұрыс анықталған, дәлелдемелер толық зерттелген және талданған, сотталған адамның әрекеттері дұрыс құқықтық сараланған және негізгі жаза дұрыс тағайындалған жағдайда, қосымша жаза қолдануға;
5) сотталған адамға қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің заңда көзделгенiнен неғұрлым жеңіл түрiн тағайындаудың күшiн жоюға және қылмыстық-атқару жүйесі мекемесiнiң түрiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес тағайындауға;
6) егер бiрiншi сатыдағы сот оны жасамаса немесе дұрыс жасамаса, қылмыстардың тиiстi қайталануының орын алғандығын тануға;
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
6-1) шартты түрде соттаудың не жазаны өтеуді кейінге қалдырудың күшін жоюға;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) алдыңғы үкiм бойынша шартты түрде соттаудың күшiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 64-бабының бесiншi бөлiгiне сәйкес жоюға не Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 69-бабының бесінші бөлігіне сәйкес алдыңғы үкім бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатудың күшін жоюға және осыған байланысты, егер бiрiншi сатыдағы сот мұны жасамаған болса, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 60-бабының қағидалары бойынша жаза тағайындауға;
8) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 72-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда, шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жоюға және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 60-бабының қағидалары бойынша жаза тағайындауға;
9) азаматтық талап қою бөлігінде, сондай-ақ процестік шығындарды өндіріп алу мәселелері бойынша, заттай дәлелдемелер туралы шешім бөлігінде үкімге өзгерістер енгізуге;
10) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 98-бабына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.
2. Апелляциялық сатыдағы сот сотталған адамның жағдайын нашарлататын шешімдерді, егер осы негiздер бойынша прокурор наразылық келтірсе немесе жекеше айыптаушы, жәбiрленуші, олардың өкiлдерi шағым берсе ғана қабылдауға құқылы.
443-бап. Апелляциялық үкімнің, қаулының мазмұны
1. Осы Кодекстің 431-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) 3) және 8) тармақтарында көзделген жағдайларда (бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдыру, үкімді өзгерту, істі тоқтата отырып үкімнің күшін жою, үкімнің күшін жою және істі осы Кодекстің 323-бабына сәйкес прокурорға жіберу туралы) апелляциялық қаулы шығарылады.
Апелляциялық қаулы кiрiспе, сипаттау-уәждеу және қарар бөлiктерінен тұрады.
2. Қаулының кiрiспе бөлiгiнде:
1) қаулы шығарылған уақыт пен орын;
2) қаулыны шығарған соттың атауы және соттың құрамы;
3) апелляциялық наразылық немесе шағым берген адамдар;
4) iстi апелляциялық сатыда қарауға қатысқан адамдар көрсетiлуге тиiс.
3. Қаулының сипаттау-уәждеу бөлiгiнде сот актісінің, берiлген шағымдардың, наразылықтың, оларға қарсылықтардың дәлелдері мәнінің қысқаша мазмұндамасы, сондай-ақ процеске басқа қатысушының шағымына, наразылығына қарсылықтармен қатар ұсынылған процестің шағым бермеген қатысушыларының сот актісімен келісетіні немесе келіспейтіні туралы дәлелдері, апелляциялық сатыдағы сотқа қатысқан адамдардың пікірлері, сондай-ақ қабылданған шешiмнің уәждері қамтылуға тиiс.
4. Жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым, наразылық қанағаттандырусыз қалдырылған кезде апелляциялық қаулының сипаттау- уәждеу бөлiгiнде сот актісіне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Апелляциялық шағымда бірінші сатыдағы сотта қарау нысанасы болып табылмаған жаңа дәлелдер келтірілген жағдайда, сипаттау-уәждеу бөлiгiнде жаңа дәлелдер негізді немесе негізсіз деп танылған негіздер көрсетілуге тиіс.
5. Yкiмнiң күшi жойылған немесе ол өзгертiлген кезде қаулыда қылмыстық немесе қылмыстық-процестік заңның қай нормаларының талаптары бұзылғаны, бұл бұзушылықтардың неден тұратындығы, бiрiншi сатыдағы соттың үкiмiне олар бойынша өзгерiстер енгiзілген негiздер көрсетiлуге тиiс.
6. Апелляциялық қаулының қарар бөлімінде апелляциялық сатыдағы соттың шағым немесе наразылық бойынша шешімі, қаулының заңды күшіне ену уақыты, оған шағым жасаудың тәртібі мен мерзімдері көрсетіледі.
7. Сот осы Кодекстің 441-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) 3) және 4) тармақтарында көзделген жағдайларда (айыптау үкімінің күшін жою және ақтау үкімін шығару туралы, ақтау үкімінің күшін жою және айыптау үкімін шығару туралы, айыптау үкімінің күшін жою және жаңа айыптау үкімін шығару туралы, ақтау үкімінің күшін жою және жаңа ақтау үкімін шығару туралы), бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жою туралы қаулы шығарады және осы Кодекстің 46-тарауының қағидалары бойынша апелляциялық үкім шығарады.
8. Апелляциялық үкімнің құрылымы мен мазмұны осы Кодекстің 393 - 401-баптарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
9. Егер апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстiң 442-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген шешiмдердi қабылдаса, қаулының сипаттау-уәждеу бөлiгiнде бiрiншi сатыдағы соттың шешiмi олар бойынша дұрыс емес деп танылған уәждер, сондай-ақ сотталған адамның жағдайын нашарлату негiздерi көрсетiлуге тиiс.
10. Апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық үкімнің немесе қаулының мәнін өзгертпей, жіберілген айқын қате жазуларды түзету және олардағы түсініксіз тұстарды түсіндіру туралы қосымша қаулы шығаруға құқылы.
444-бап. Апелляциялық үкім, қаулы шығару және олардың заңды күшіне енуі
1. Апелляциялық үкім, қаулы кеңесу бөлмесінде шығарылады, оған судья (судьялар) қол қояды және ол судья (судьялар) кеңесу бөлмесінен қайта оралғаннан кейін отырыс залында жария етіледі.
2. Егер қаулыны жасау айтарлықтай уақытты талап ететін болса, сот осы баптың бірінші бөлігінің талаптарын сақтай отырып, апелляциялық қаулының кіріспе және қарар бөлімдерін шығара алады. Бұл жағдайда судья (судьялар) апелляциялық қаулының толық мәтінін іс қаралған күннен бастап он тәулік ішінде жасап, оларға қол қояды.
Сот қаулының қарар бөлімінде қаулыны толық көлемде жария ету уақытын көрсетеді. Қаулының толық мәтіні дайын болған соң ол хабарланған уақытта процеске қатысушыларға жария етілуге тиіс.
3. Апелляциялық қаулы оның толық мәтіні жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді.
4. Апелляциялық сатының қаулылары кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
445-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың үкімін, қаулысын орындауға енгізу
1. Апелляциялық сатының үкімі немесе қаулысы - ол шығарылған күннен бастап үш тәулiктен кешiктiрiлмей, ал осы Кодекстiң 444-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайда, оның толық мәтiнi дайындалған күннен бастап орындауға енгізу үшін iспен бiрге бірінші сатыдағы сотқа жiберiледi.
2. Сотталған адам оған сәйкес күзетілуден босатылуға жататын үкім, қаулы, егер сотталған адам апелляциялық сатыдағы соттың отырысына қатысып отырған болса, осы бөлігінде дереу орындалады. Өзге жағдайларда апелляциялық үкімнің, қаулының көшірмесі немесе олардың қарар бөлімінен үзінді-көшірме сотталған адамды күзетілуден босату туралы шешімді орындау үшін қамау орнының әкімшілігіне дереу жіберіледі.
446-бап. Істі апелляциялық сатыда қайтадан қарау
1. Егер:
1) белгіленген мерзімде берілген, кейбір сотталғандарға қатысты апелляциялық шағымдар, наразылық, үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасау құқығы берілген процестің басқа қатысушыларының шағымдары апелляциялық сатыдағы сотқа істі процестің басқа қатысушыларының шағымдары бойынша қарағаннан кейін келіп түссе;
2) шағым жасаудың, наразылық білдірудің өткізіп алынған мерзімін сот істі апелляциялық сатыда процестің басқа қатысушыларының шағымдары бойынша қарағаннан кейін осы Кодексте көзделген тәртіппен қалпына келтірсе, бірінші сатыдағы сот үкімінің заңдылығын тексеру кезінде шығарылған бірінші апелляциялық үкімнің, қаулының күші жойылмастан, істі апелляциялық сатыда қайтадан қарауға жол беріледі.
2. Апелляциялық сатыдағы сот сотталған адамның, оның қорғаушысының немесе өкілінің шағымдарын осы адамға қатысты іс процестің басқа қатысушыларының апелляциялық шағымдары, наразылығы бойынша қаралған жағдайларда да қарауға міндетті.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Егер жаңадан шығарылған үкім, қаулы апелляциялық сатының бұрын шығарылған үкіміне, қаулысына қайшы келсе, облыстық сот төрағасы кассациялық сатыға туындаған қайшылықтарды жою туралы ұсыну енгізеді.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 447-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
447-бап. Алқабилердің қатысуымен шығарылған бастапқы үкiмнiң күшi жойылғаннан кейiн iстi бiрiншi саты бойынша қарау
Бастапқы үкiмнiң күшi жойылғаннан кейiн iс осы Кодекстің 65-тарауында көзделген тәртiппен қаралуға жатады.
Егер алқабилердің қатысуымен қаралған іс бойынша шығарылған үкімінің күші басты сот талқылауын тағайындау сатысында істі жаңадан қарауға жолдай отырып, жойылған болса, сот істі жаңадан қараған кезде істі алдын ала тыңдауды жүргізеді және сотталушының ерік білдіруіне қарай істі алқабилердің қатысуымен не олардың қатысуынсыз жаңадан қарау туралы шешім қабылдайды. Егер бастапқы үкімнің күші істі басты сот талқылауын жүргізу сатысында соттың жаңадан қарауына жолдай отырып, жойылған болса, сот басты сот талқылауын тағайындайды, алқабилердің жаңа алқасын қалыптастыруды жүргізеді және істі осы Кодекстің 65-тарауының ережелеріне сәйкес қарайды.
Бұл ретте сот сотталған адамның жағдайын осы Кодекстің 67, 68-тарауларының және 658-бабының талаптарын төрағалық етушінің бұзуына байланысты күші жойылған алдыңғы айыптау үкiмімен салыстырғанда нашарлатуға құқылы емес.
50-тарау. 2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
9-БӨЛІМ. СОТТЫҢ ШЕШІМДЕРІН ОРЫНДАУ
51-тарау. СОТТЫҢ ҮКІМДЕРІ МЕН ҚАУЛЫЛАРЫН ОРЫНДАУ
470-бап. Үкімнің заңды күшіне енуі және оны орындауға енгізу
1. Аудандық және оларға теңестірілген соттар, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, гарнизонның әскери соты шығарған бірінші сатыдағы соттың үкімдері, егер оларға шағым жасалмаса немесе наразылық білдірілмесе, апелляциялық шағым жасау немесе наразылық білдіру мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді және орындауға енгізуге жатады.
2. Іс апелляциялық сатыда қайта қаралған жағдайда, егер үкімнің күші жойылмаса, ол апелляциялық қаулы шығарылған күні күшіне енеді. Егер апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылық апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейін кері қайтарып алынса, апелляциялық саты шағымның, наразылықтың кері қайтарып алынуына байланысты іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарған күні үкім заңды күшіне енеді.
3. Бірінші сатыдағы сот, үкімнің заңды күшіне енген немесе іс жоғары тұрған соттан қайтарылған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірмей үкімді орындауға енгізеді.
4. Қылмыстық құқық бұзушылық үшін сотталған адам, егер айыптау үкімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 77-бабында белгіленген мерзімде орындауға келтірілмесе, жазаны өтеуден босатылады.
5. Соттың қаулысы сотталған адамды, ақталған адамды күзетілуден босату бөлігінде дереу орындауға енгізілуге жатады.
471-бап. Сот қаулысының заңды күшiне енуi және оны орындауға енгізу
1. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысы шағым жасау немесе наразылық бiлдiру мерзiмi өткен соң не жекеше шағымдар немесе наразылық келтірілген жағдайда, iстi жоғары тұрған сот қарағаннан кейiн заңды күшiне енедi және орындауға енгізіледі.