1. Бастамашының және әзірлеуші мемлекеттік органның қатысы бар тараптармен консультацияларды қоса алғанда, трансшекаралық әсерді бағалауға қатысуға құқығы бар.
2. Бастамашы және әзірлеуші мемлекеттік орган:
1) белгіленіп отырған қызметті немесе Құжатты іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі жағымсыз трансшекаралық әсер етуді анықтау;
2) Құжаттың әсеріне скрининг жүргізу, стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есептің қамту саласын айқындау, белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу, қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау үшін ұсынылатын құжаттарда қоршаған ортаға ықтимал елеулі жағымсыз трансшекаралық әсер ету туралы толық және негізді ақпаратты көрсету;
3) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепте немесе ықтимал әсер ету туралы есепте ықтимал елеулі зиянды жағымсыз трансшекаралық әсер етуді тиісінше бағалау;
4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қатысы бар тараптарға беруге арналған, осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін құжаттарды ұсыну;
5) қатысы бар тараптардың жұртшылығы өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізілген жағдайда, тиісті сападағы аударма қызметтерін қамтамасыз ету;
6) трансшекаралық әсерді бағалау жүргізу кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жәрдемдесу;
7) стратегиялық экологиялық бағалау жөніндегі есепті, Құжатты және ықтимал әсер ету туралы есепті дайындау кезінде қатысы бар тараптармен консультациялардың нәтижелерін, сондай-ақ қатысы бар тараптардың мүдделі органдары мен жұртшылығы, оның ішінде қоғамдық тыңдаулар барысында ұсынған барлық ескертпе мен ұсынысты ескеру;
8) қатысы бар тараптарға кейіннен беру үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасының қатысы бар тараптармен консультациялары барысында айқындалған тілге нотариат куәландырған аудармасын қоса бере отырып, мемлекеттік орган бағалау нәтижелері бойынша шешім негізінде берген немесе қабылдаған рұқсаттың немесе хабарламаны қабылдау туралы талонның көшірмелерін ұсыну (егер қоршаған ортаға әсер етуі бағалануға жататын белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін рұқсаттар алу немесе мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес хабарламаларды жіберу қажет болған жағдайда) үшін жауапты болады.
3. Бастамашы, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұндай шығындар бюджет есебінен өтелмесе не, егер трансшекаралық әсер етудің шығу тарапымен консультациялар нәтижесінде мұндай шығындарды осы шығу тарапының өтейтіні белгіленбесе, трансшекаралық әсерді бағалау жүргізуге байланысты шығындардың ауыртпалығын көтереді.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) трансшекаралық әсерді бағалауға байланысты барлық материалды ресми интернет-ресурста орналастыруға және олардың жалпыға бірдей қолжетімілігін қамтамасыз етуге;
2) егер осы Кодексте өзгеше мерзім көзделмесе және трансшекаралық әсерді бағалауға қатысатын қатысы бар тараппен консультациялар барысында өзгеше мерзім келісілмесе, қатысы бар тараптарға одан әрі беруге арналған құжаттарды бастамашыдан немесе әзірлеуші мемлекеттік органнан алған күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне беруге міндетті.
84-бап. Қазақстан Республикасының трансшекаралық әсер етуді бағалауға қатысы бар тарап ретінде қатысуы
1. Қазақстан Республикасы шет мемлекеттің іске асырылуы Қазақстан Республикасында қоршаған ортаға елеулі жағымсыз трансшекаралық әсер етуі мүмкін қызметті жоспарлау немесе Құжатты әзірлеу туралы хабарламасын алған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының трансшекаралық әсерді бағалауға қатысы бар тарап ретінде қатысуын ұйымдастырады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында көрсетілген хабарлама алынған күннен кейінгі екі жұмыс күні ішінде хабарламаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жұртшылығын трансшекаралық әсерді бағалау жүргізу қажеттігі туралы өз пікірін айтуға және белгіленіп отырған қызмет пен әзірленетін Құжатқа байланысты мәселелер бойынша ескертпелер мен ұсыныстар ұсынуға шақыруды ресми интернет-ресурста орналастырады.
3. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру немесе Құжатты іске асыру Қазақстан Республикасының аумағындағы қоршаған ортаға елеулі жағымсыз трансшекаралық әсер етуі мүмкін деп пайымдауға негіздер болған кезде, Қазақстан Республикасының Үкіметі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ұсынуы бойынша осындай трансшекаралық әсер ету шыққан мемлекетке трансшекаралық әсерді бағалау жүргізу туралы өтініші бар жолданым жіберуге құқылы.
4. Трансшекаралық әсерді бағалау басталғаннан кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) қатысы бар аумақтардың мүдделі жұртшылығы мен жергілікті атқарушы органдарын трансшекаралық әсерді бағалау жүргізу туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді;
2) осы Кодекстің 73-бабына сәйкес қоғамдық тыңдаулар өткізуді қамтамасыз етеді;
3) трансшекаралық әсерді бағалау шеңберінде осындай трансшекаралық әсер ету шыққан мемлекетпен консультациялар жүргізеді.
5. Қатысы бар аумақтардың жұртшылығын және жергілікті атқарушы органдарын трансшекаралық әсерді бағалау жүргізу туралы хабардар етуге арналған шығындар, егер трансшекаралық әсер ету шыққан тараппен консультациялар нәтижесінде мұндай шығындарды шығу тарапының өтейтіні белгіленбесе, бюджеттен өтеледі.
8-тарау. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САРАПТАМА
85-бап. Қазақстан Республикасындағы экологиялық сараптама туралы жалпы ережелер
1. Экологиялық сараптама деп экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманың Қазақстан Республикасының экология заңнамасы талаптарына сәйкестігін белгілеуге бағытталған және осындай құжаттаманы іске асырудың халықтың денсаулығына және қоршаған ортаға ықтимал елеулі қолайсыз әсер етуінің алдын алу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының орнықты дамуының экологиялық негіздерін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын сараптама қызметі түсініледі.
2. Экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманы іске асыру деп осы Кодексте тиісті құжаттаманы бекіту, осындай құжаттамада көзделген шешімдерге сәйкес қызметті жүзеге асырудың басталуы мен барысы, ал нормативтік құқықтық актінің жобасына қатысты - осындай нормативтік құқықтық актіні қабылдау және қолданысқа енгізу түсініледі.
3. Осы Кодексте экологиялық сараптаманың мынадай түрлерін:
1) мемлекеттік экологиялық сараптаманы;
2) қоғамдық экологиялық сараптаманы жүргізуге қойылатын талаптар белгіленеді.
86-бап. Экологиялық сараптаманың қағидаттары
Экологиялық сараптама жүргізу осы Кодекстің 5-бабында баяндалған жалпы қағидаттарға қосымша мынадай арнайы қағидаттарға негізделеді:
1) тәуелсіз болу қағидаты: сарапшылар экологиялық сараптаманы жүргізу кезінде өз бағалауы мен тұжырым жасауында еркін болады, Қазақстан Республикасының экология заңнамасын, фактілерді, оларды негіздеудің ғылыми қағидаттарын басшылыққа алады;
2) ғылыми негізділік пен объективтілік қағидаты: экологиялық сараптаманың тұжырымдары аргументтелуге, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, ғылыми білімдер мен ғылыми-техникалық жетістіктердің қазіргі заманғы даму деңгейіне сәйкес келуге және сарапшылардың бейтарап әрі объективті пікіріне негізделуге тиіс.
1-параграф. Мемлекеттік экологиялық сараптама
87-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері
Міндетті мемлекеттік экологиялық сараптамаға мынадай мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері жатады:
1) экологиялық рұқсаттар алу үшін I және II санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасы және осы Кодексте көзделген өзге де жобалау құжаттары;
2) қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны дайындау кезінде қажетті III санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасы және осы Кодексте көзделген өзге де жобалау құжаттары;
3) орталық мемлекеттік органдар және жергілікті мемлекеттік басқару органдары әзірлейтін, іске асырылуы қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуге әкелуі мүмкін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жобалары;
4) «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленетін ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлуді және инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарларын қоса алғанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін босалқы жерлерге ауыстыру, республикалық және жергілікті республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату мен олардың аумақтарын азайту жөніндегі жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелердің, табиғат қорғау ұйымын басқару жоспарларының жобалары;
5) аумақтарды зерттеудің осы аумақтарды экологиялық зілзала немесе төтенше экологиялық жағдай аймақтарына жатқызуды негіздейтін материалдары;
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалған шектес мемлекеттердің қоршаған ортасына әсер етуі мүмкін немесе оны жүзеге асыру үшін шектес мемлекеттермен ортақ табиғи объектілерді пайдалану қажет болатын не шектес мемлекеттердің, оның ішінде «Байқоңыр» кешені бойынша мүдделерін қозғайтын шаруашылық қызметтің жобалары;
Тасымалдағыш зымырандардың бөлінетін бөліктері құлайтын аудандарда қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізудің тәртібі мен тетігі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен әдістеме бойынша айқындалады.
7) бұрын ядролық қаруды сынау жүргізілген, сондай-ақ әскери полигондардың әсеріне ұшыраған жерлерді кешенді экологиялық зерттеп-қарау материалдары;
8) мемлекеттік орман иеліктерінің орман орналастыру жобалары және мемлекеттік орман қорын санаттарға жатқызу, бір санаттан басқасына ауыстыру, сондай-ақ орман пайдалануға тыйым салынатын немесе шектелетін ерекше қорғау учаскелерін бөлу үшін орман орналастыру және (немесе) арнайы зерттеулер;
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9) Қазақстан Республикасының заңдарында мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының міндетті түрде болуы көзделген, экологиялық рұқсатты талап етпейтін қызмет түрлеріне арналған жобалау құжаттары және өзге де құжаттар жатады.
Осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері бойынша мемлекеттік экологиялық сараптама экологиялық рұқсаттар беру рәсімі шеңберінде жүргізіледі және мемлекеттік экологиялық сараптаманың жеке қорытындысы берілмейді.
88-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органдар
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) экологиялық рұқсаттарды беру рәсімі шеңберінде, сондай-ақ кешенді экологиялық рұқсаттарды қайта қарау рәсімі шеңберінде I санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасына;
2) кешенді экологиялық рұқсаттар беру рәсімі шеңберінде II санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасына, операторлар оларды ерікті түрде алған жағдайда;
3) осы Кодекстің 87-бабы бірінші бөлігінің 3) - 8) тармақшаларында көрсетілген мемлекеттік экологиялық сараптама объектілеріне қатысты ұйымдастырады және жүргізеді.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік экологиялық сараптаманың өзге объектілеріне қатысты құзыреті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларында (бұдан әрі - мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидалары) айқындалады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның, оның құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің арасында мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді бөлуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) әсер етуге экологиялық рұқсаттар беру рәсімі шеңберінде II санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасына;
2) қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны дайындау кезінде III санаттағы объектілерді салу және (немесе) пайдалану жөніндегі жобалау құжаттамасына;
3) мемлекеттік экологиялық сараптамасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретіне кірмейтін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік экологиялық сараптаманың өзге де объектілеріне қатысты ұйымдастырады және жүргізеді.
89-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу тәртібі
1. Мемлекеттік экологиялық сараптама осы Кодекске және мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес ұйымдастырылады және жүргізіледі.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптамаға құжаттама мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес электрондық нысанда ұсынылады.
3. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу мерзімдері, сарапшылардың ескертулерін жіберу және өтініш берушінің осындай ескертулерді жою рәсімі мен мерзімдері:
1) кешенді экологиялық рұқсаттар беру рәсімі шеңберінде осы Кодекстің 115-бабында;
2) кешенді экологиялық рұқсаттарды қайта қарау рәсімі шеңберінде осы Кодекстің 118-бабында айқындалады.
4. Әсер етуге экологиялық рұқсаттар беру рәсімі шеңберінде мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу мерзімдері мен сарапшылардың ескертулерін жіберу және өтініш берушінің осындай ескертулерді жою мерзімдері осы Кодекстің 123-бабында айқындалады.
5. Осы Кодекстің 87-бабының 1) және 2) тармақшаларын қоспағанда, осы Кодекстің 87-бабында көрсетілген объектілерге қатысты мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу мерзімдері, сарапшылардың ескертулерін жіберу және өтініш берушінің осындай ескертулерді жою рәсімі мен мерзімдері, мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысын беру үшін негіздер мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларында айқындалады.
6. Осы Кодекстің 87-бабының 2) тармақшасында көрсетілген объектілерге қатысты мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу мерзімі осы баптың 2-тармағына сәйкес құжаттар топтамасы ұсынылған кезден бастап он бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беретін жергілікті атқарушы орган құжаттарды тіркелген күнінен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде олардың толық және жиынтықты болуы тұрғысынан қарайды. Көрсетілген мерзім ішінде өтініш қарауға қабылданады не осындай өтінішті қайтару себептері көрсетіле отырып, құжаттар топтамасы толық және (немесе) толық мәліметтер ұсынылмаған жағдайда қайтарылады.
Мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылатын жобалар мен оларға қоса берілетін материалдар бойынша ескертулер болған кезде, сарапшылар мұндай ескертулерді оларды ұсынған тұлғаға жеті жұмыс күні ішінде жібереді, оларды тапсырыс беруші ескертулер берілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жояды.
Ескертулер жойылмаған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінде айқындалған мерзімде мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысы беріледі.
Бұрын жіберілген ескертулер жойылған жағдайда, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы беріледі.
90-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысында:
1) мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманың Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарына сәйкестігі;
2) мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманы іске асыру туралы шешім қабылдауға жол беруге болатыны туралы тұжырымдар қамтылады.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттама Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысы шығарылады.
3. Мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманы міндетті мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алғанға дейін іске асыруға тыйым салынады.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысына осы Кодекстің 88-бабына сәйкес айқындалған өз құзыреті шегінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының, оның аумақтық бөлімшелерінің немесе жергілікті атқарушы органдардың басшылары қол қояды.
5. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының күшін жоюды оны берген орган осындай қорытынды берілген тұлғаның жазбаша өтініші немесе келісімі негізінде жүзеге асырады.
6. Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын бұзушылық анықталған кезде, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынан айыру (оны кері қайтарып алу) сот тәртібімен жүзеге асырылады.
91-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын бөлімшелер басшыларының құқықтары
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын бөлімшелер басшыларының:
1) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу әдістерін айқындауға;
2) мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған, олардың толық және жиынтықты болуы бөлігінде Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарына сай келмейтін құжаттарды қабылдамауға;
3) мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттарға осы Кодекске сәйкес аргументті ескертпелер жіберуге, оның ішінде есеп-қисаптарында қателер мен басқа да сәйкессіздіктер бар, түзетілуі қосымша зерттеулер, іздестіру жұмыстарын немесе өзге де іс-шаралар жүргізуді талап ететін құжаттарды пысықтауға қайтаруға;
4) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу үшін қажетті, ұсынылуы мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларында регламенттелген қосымша материалдарды сұратуға;
5) осы Кодекске сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптаманың сараптама кеңестерін құруға, оларды басқаруға және олардың қызметін ұйымдастыруға;
6) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу процесінде арнаулы зерттеулер жүргізу үшін сырттан сарапшыларды тартуға;
7) мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын бөлімшелердің және құрылатын сараптама кеңестерінің қызметін бақылауды жүргізуге;
8) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу бөлігінде Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін тұлғаларды жауапқа тарту туралы мәселелерді шешу үшін тиісті материалдарды дайындауға және құқық қорғау органдары мен өзге де органдарға беруге құқығы бар.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу кезінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген бөлімшелердің басшылары тәуелсіз болады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет етеді.
3. Бөлімшелер басшыларының тәуелсіз болуы Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін шарттарды қамтитын, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін өздері туралы ережелермен қамтамасыз етіледі.
92-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшысы
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын бөлімшесінің мемлекеттік қызметшісі мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшысы болып табылады.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың объектісіне тапсырыс берушінің немесе оны әзірлеушінің басшыларымен жақын туыстық немесе жекжаттық қатынаста тұратын адам мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге тартыла алмайды.
3. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшысы өзі орындаған сараптама үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
4. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысының мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуға байланысты қызметіне мемлекеттік органдардың, жеке, заңды тұлғалар мен лауазымды адамдардың араласуына тыйым салынады.
5. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысының бұзылған құқықтары қорғалуға жатады, ал мұндай бұзушылыққа кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
6. Мемлекеттік экологиялық сараптама сарапшысының:
1) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу мерзімі шегінде оны жүргізу үшін қажетті, мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманы жан-жақты және объективті түрде бағалау мақсатында ұсынылуы мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу қағидаларында регламенттелген қосымша материалдарды сұратуға;
2) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу процесінде арнаулы зерттеулер жүргізу үшін сыртқы сарапшыларды тартуға бастама жасауға;
3) мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын бөлімшенің басшысына мемлекеттік экологиялық сараптама жұмысын ұйымдастыруды, әдіснаманы, оны жүргізу тәртібі мен қағидаттарын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
4) мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттама бойынша, мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысына қоса берілетін ерекше пікір қалыптастыруға құқығы бар. Сарапшы қалыптастырған ерекше пікір тек ақпараттық сипатта болады және мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманы іске асыру кезінде сақтау үшін міндетті болып табылмайды.
7. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшысы:
1) мемлекеттік экологиялық сараптаманы кешенді, объективті және сапалы жүргізуді қамтамасыз етуге;
2) Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге;
3) мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізудің белгіленген мерзімдері мен тәртібін сақтауға;
4) мемлекеттік экологиялық сараптаманың аргументті қорытындыларын дайындауға және оларды мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманы іске асыру туралы шешім қабылдайтын органдарға және тапсырыс берушілерге уақтылы беруге;
5) мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттарға жіберілетін ескертпелерді Қазақстан Республикасы экология заңнамасының нақты нормалары мен талаптарын және (немесе), егер осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаға әсер етуге міндетті бағалау жүргізу талап етілетін болса, қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындының тұжырымдарын көрсете отырып, дәлелді түрде негіздеуге;
6) мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманың сақталуын қамтамасыз етуге және құпия құжаттарға қатысты өз әрекеттерін оларды ұсынған адаммен келісуге, өзіне сеніп тапсырылған мәліметтердің жария етілуіне жол бермеуге міндетті.
93-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу процесінде сырттан сарапшыларды тарту
1. Егер мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу процесінде мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшыларында жоқ арнайы білім талап етілсе, мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органдардың сараптама қорытындылары үшін өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдарға, сондай-ақ тиісті білімі мен тәжірибесі бар жекелеген ұлттық және халықаралық сарапшыларға өтініш жасауға құқығы бар.
2. Сыртқы сарапшыларды тарту Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
94-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың сараптама кеңестері
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның жанынан өздері туралы ережелерге сәйкес әрекет ететін тұрақты консультативтік-кеңесші органдар болып табылатын мемлекеттік экологиялық сараптаманың сараптама кеңестері құрылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптамасының сараптама кеңестері туралы ережелерді, олардың дербес құрамдарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының басшысы және оның аумақтық органдарының басшылары бекітеді.
3. Функциялары қоршаған ортаны қорғауға байланысты мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары, ғылыми-зерттеу мекемелерінің, жоғары оқу орындарының ғалымдары, практик-мамандар және жұртшылықтың өкілдері мемлекеттік экологиялық сараптаманың сараптама кеңестерінің мүшелері бола алады.
4. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың сараптама кеңестерінің қарауына:
1) мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемаларын, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану мен молықтыру мәселелерін талқылау;
2) экологиялық қауіптілігі жоғары объектілерге қатысты мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындыларының жобаларын қарау жатады.