1) Қазақстан Республикасының жер қойнауынан, оның аумағында не оның аумақтық теңізінде (өзге де ішкі су айдындарында) немесе оның түбінен не Қазақстан Республикасының аумағындағы атмосфералық ауадан өндірілген табиғи ресурстар (пайдалы қазбалар мен минералдық ресурстар, су, жер ресурстары);
2) Қазақстан Республикасында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері;
3) Қазақстан Республикасының аумағында жиналған немесе пайда болған түсті жəне қара металдардың сынықтары мен қалдықтары.
2. Кең таралған пайдалы қазбаларды, Қазақстан Республикасының аумағында жиналған немесе пайда болған түсті жəне қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының жер қойнауы жəне жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сəйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензиялар немесе келісімшарттар туралы мəліметтерді пайдалы қатты қазбалар саласындағы уəкілетті орган тізілімге енгізу үшін ұсынады.
3. Қазақстан Республикасының жер қойнауы жəне жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сəйкес көмірсутектерді немесе уранды өндіруге арналған келісімшарттар туралы мəліметтерді көмірсутектер саласындағы уəкілетті орган тізілімге енгізу үшін ұсынады.
4. Қазақстан Республикасының жер қойнауы жəне жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сəйкес кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензиялар немесе келісімшарттар туралы мəліметтерді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары тізілімге енгізу үшін ұсынады.
5. Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері туралы мəліметтерді агроөнеркəсіптік кешенді дамыту саласындағы уəкілетті орган тізілімге енгізу үшін ұсынады.
6. «Рұқсаттар жəне хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес түсті жəне қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу жəне өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған рұқсаттар туралы мəліметтерді жергілікті атқарушы органдар тізілімге енгізу үшін ұсынады.
7. Толығымен Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарлар туралы мəліметтерді тізілімге осы баптың 2, 3, 4, 5 жəне 6-тармақтарына сəйкес ұсынылған мəліметтер негізінде өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган енгізеді.
2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 51-4-баппен толықтырылды (2025 ж. 31 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
51-4-бап. Тізілімді мониторингтеу
1. Қазақстандық тауар өндіруші тізілімге енгізілгеннен кейін өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган тоқсанына бір реттен кем болмайтындай кезеңділікпен цифрлық верификация арқылы мониторингтеуді жүзеге асырады.
2. Мониторинг қорытындысы бойынша осы Заңның 51-1-бабының 3-тармағында айқындалған өлшемшарттарға сəйкессіздіктер анықталған жағдайда, анықталған сəйкессіздіктерді жою қажеттілігі туралы «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісінің веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне хабарлама жіберіледі.
Анықталған сəйкессіздіктер жойылмаған жағдайда қазақстандық тауар өндіруші тізілімнен шығарылады.
2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 51-5-баппен толықтырылды (2025 ж. 31 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
51-5-бап. Апелляциялық комиссия
1. Цифрлық верификация арқылы мониторинг нəтижелері бойынша тізілімнен шығару жөніндегі қазақстандық тауар өндірушілердің қарсылықтарын, шағымдарын апелляциялық комиссия қарайды.
2. Апелляциялық комиссияның құрамы мен ол туралы ережені өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган бекітеді.
3. Қазақстандық тауар өндірушілердің қарсылықтары, шағымдары апелляциялық комиссияға тізілімнен шығарылған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде беріледі.
4. Апелляциялық комиссия берілген қарсылық, шағым бойынша шешімді қажетті құжаттарды сұрату жəне (немесе) тыңдау өткізу жəне (немесе) көшпелі комиссия өткізу арқылы қабылдайды.
5. Апелляциялық комиссия қарсылықты, шағымды қарау нəтижелері бойынша:
қарсылықты, шағымды толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;
қарсылықты, шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімнің қабылдануын негіздей отырып, осындай шешімдердің бірін шығарады.
6. Апелляциялық комиссияның шешімі жазбаша түрде шығарылады жəне өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті органның орындауы үшін міндетті болып табылады.
7. Апелляциялық комиссияның шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
8. Қарсылықтар, шағымдар қанағаттандырылған кезде өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган осындай қарсылық, шағым берген қазақстандық тауар өндірушіні осы Заңның 51-1-бабында көзделген кезеңдерден өткізбей тізілімге енгізеді.
2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 51-6-баппен толықтырылды (2025 ж. 31 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
51-6-бап. Тізілімнен шығару
Қазақстандық тауар өндірушіні тізілімнен шығаруды өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган:
1) тізілімді мониторингтеуді жүргізу кезіндегі цифрлық верификация нəтижелері;
2) бағдарламалық қамтылымды өндірушілерді мониторингтеу нəтижелері;
3) қазақстандық тауар өндірушінің тізілімнен шығару туралы өтініші негізінде жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес заңды тұлға таратылған немесе қайта құру нысанында қайта ұйымдастыруды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда қазақстандық тауар өндірушіні тізілімнен шығару автоматты түрде жүзеге асырылады.
Қайта ұйымдастыру кезінде жаңадан құрылған заңды тұлға тізілімге қайта енгізу үшін өтінім береді.
Тізілімнен шығарылған қазақстандық тауар өндірушілердің осы Заңның 51-1-бабына сəйкес тізілімге енгізу үшін қайта өтінім беруге құқығы бар.
2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 51-7-баппен толықтырылды (2025 ж. 31 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
51-7-бап. Өндіріс шарттары, өндірістік жəне технологиялық операциялар
1. Мақсаты тауарды алу болып табылатын шикізатты немесе материалды қайта өңдеу, өңдеу, сондай-ақ материалды жинау өндірістік жəне технологиялық операциялар болып табылады.
2. Өндіріс шарттарында бір немесе бірнеше өлшемшарттар:
тауарды шикізаттың жəне (немесе) жиынтықтау материалдарының белгілі бір түрінен өндіру;
өнімді сынақтан өткізу;
нормативтік-техникалық немесе рұқсат беру құжаттарының болуы қамтылуға тиіс.
3. Өндіріс шарттарын, өндірістік жəне технологиялық операцияларды өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган салалық мемлекеттік органдармен келісу бойынша əзірлейді жəне бекітеді.
Салалық мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде өндіріс шарттарын, өндірістік жəне технологиялық операцияларды əзірлеуге қатысады.
Өндіріс шарттарында, өндірістік жəне технологиялық операцияларда Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген өндірістік жəне технологиялық операциялар туралы, сондай-ақ əрбір тауар үшін өндірістік жəне технологиялық операциялардың ең төмен шегі туралы мəліметтер қамтылуға тиіс.
4. Тауар өндірісінің өндіріс шарттарына, өндірістік жəне технологиялық операцияларына өзгерістер жəне (немесе) толықтырулар енгізу кезінде өндірістің бұрын белгіленгеннен гөрі неғұрлым қолайлы шарттарын белгілеуге жол берілмейді.
52-бап. Импортты реттеу
Импортты реттеу Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тауарлардың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету жөніндегі талаптар ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында өндірілетін импортталатын тауарлардың бағаларына тұрақты мониторинг жүзеге асырылады.
53-бап. Өнеркәсіптік өнімді өндірушілер мен ішкі сауда субъектілерінің өзара іс-қимылы
Жергілікті атқарушы органдар тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде, оның ішінде өнеркәсіптік өнімді өндірушілермен және ішкі сауда субъектілерімен тиісті келісімдер жасасу арқылы сауда қызметіне қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шараларды әзірлейді.
Сауда қызметін реттеу «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
4-тарау. ӨНЕРКӘСІПТІҢ ТИІМДІЛІГІ МЕН БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІГІН АРТТЫРУ
1-параграф. Өнеркәсіпті дамытудың жүйелі шаралары
54-бап. Еңбек өнімділігін арттыру
Еңбек өнімділігін арттыру мыналар арқылы жүзеге асырылады:
осы Заңның 29-бабында көзделген өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету;
оқыту және кадр әлеуетін арттыру;
өңдеу өнеркәсібін технологиялық дамыту;
осы Заңға сәйкес өнеркәсіптік саясат жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ұсынымдары мен ұсыныстары негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де шаралар.
55-бап. Оқыту және кадр әлеуетін арттыру
1. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету экономиканың басым секторлары үшін мамандар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы жүзеге асырылады.
Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру және инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органдар өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері ұсынатын мамандарға деген қажеттілік туралы мәліметтер негізінде экономиканың басым секторлары үшін мамандар даярлау талап етілетін мамандықтар тізбесін айқындау бойынша ұсыныстарды қалыптастырады және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
Білім беру саласындағы уәкілетті орган халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган ұсынатын өнеркәсіптік-инновациялық қызмет бойынша мамандарға деген қажеттілік негізінде экономиканың басым секторлары үшін мамандар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастырады.
Өнеркәсіптің кадр әлеуетін нығайту және өндірістік талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету мақсатында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары білім беру бағдарламаларын жаңартып отыруды жүзеге асырады.
2. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын дуальды оқытуды ұйымдастыру процесіне тартуға жәрдем көрсетеді, оның ішінде дуальды оқыту туралы үшжақты шарттар жасасуға жәрдемдеседі.
56-бап. Өңдеу өнеркәсібін технологиялық дамыту
1. Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары мен оның жоғары технологиялық салаларының технологиялық даму деңгейін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 23-1-тарауына сәйкес технологиялық тұғырнамалар мен технологиялық құзыреттердің салалық орталықтары құрылады.
2. Технологиялық тұғырнама өңдеу өнеркәсібін технологиялық дамыту мақсатында өзара байланысты және өзара толықтырылатын білім беру, ғылыми және өнеркәсіптік-инновациялық инфрақұрылымның элементтерінен, технологияларды генерациялау мен жетілдірудің, кадрлар даярлаудың, инновациялық жобаларды іске асырудың үздіксіз процесін қамтамасыз ету үшін қажетті ғылыми, ғылыми-техникалық, инновациялық және өнеркәсіптік қызмет субъектілерінен және (немесе) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, ғылыми ұйымдардың, білім беру ұйымдарының, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының коммуникация жасауына және оларды нарыққа бағдарланған үйлестіруге арналған құралдардан тұратын кешенді білдіреді.
3. Технологиялық құзыреттердің салалық орталықтары өңдеу өнеркәсібін кешенді технологиялық дамыту пайымын тұжырымдау үшін өзіне тиісті білімді, шеберліктерді, дағдылар мен тәжірибені шоғырландыруға, сондай-ақ салалық және салааралық сипаттағы тиісті құзыреттері бар сарапшыларды тарту арқылы оны іске асырудың институционалдық жадын қамтамасыз етуге тиіс.
4. Технологиялық құзыреттердің салалық орталықтарын айқындау Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 23-1-тарауына сәйкес Технологиялық саясат жөніндегі кеңестің отырысында мақұлданады.
5. Өңдеу өнеркәсібін технологиялық дамыту мақсаттары үшін осы бапта көзделгеннен бөлек, өнеркәсіптің цифрлық трансформациясын ынталандыру, Индустрия 4.0 мен цифрлық технологияларды ендіру жүзеге асырылады.
57-бап. Өнеркәсіптегі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру
Өнеркәсіптегі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мақсатында, сондай-ақ өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілерін технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету үшін өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілерінің ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге деген қажеттіліктері туралы ақпарат жинауды жүзеге асырады. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган көрсетілген ақпаратты ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді жүзеге асыру үшін ғылыми ұйымдарды тарту мақсатында ғылым саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында және мерзімді баспасөз басылымдарында орналастыру үшін жібереді.
58-бап. Өңдеу өнеркәсібінің өнімін техникалық реттеу және стандарттау
1. Техникалық реттеу және стандарттау жүйесі өнеркәсіптік өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету, саудадағы техникалық кедергілерді жою және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру құралы болып табылады.
2. Өнеркәсіптік саясаттың техникалық реттеу және стандарттау саласындағы басымдықтары мыналар болып табылады:
1) өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің ғылыми-техникалық әлеуетін пайдалануды жақсарту;
2) өндірілетін тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
3) саудадағы бар кедергілерді алып тастау;
4) халықаралық сауданы жүзеге асыру кезінде шығындарды төмендету;
5) өндірілетін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жаңа нарықтарға шығуы және игерілген нарықтардағы жағдайды нығайту.
59-бап. Өнеркәсіпке инвестицияларды тарту
Өнеркәсіпке инвестицияларды тарту шеңберінде мемлекеттік органдар мен ұйымдар өз құзыреті шегінде мыналарды жүзеге асырады:
1) әлеуетті инвесторларды, оның ішінде шетелдік инвесторларды өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыруға қатысуға тарту мақсатында оларды іздестіру және олармен келіссөздер жүргізу;
2) өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін инвестициялық тақырып бойынша бизнес-форумдарға, конференциялар мен семинарларға қатысуға тарту;
3) бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде шетелдегі мекемелер арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдік дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктер мен консулдық мекемелер арқылы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында өнеркәсіптік-инновациялық жобалар туралы ақпарат тарату;
4) жұмыс істеп жүрген инвесторларды қайта инвестициялауды жүзеге асыруға ынталандыру;
5) бірлескен өндірістерді құру үшін инвесторларды, оның ішінде шетелдік инвесторларды тарту;
6) қосылған құнның жаһандық тізбектеріне кіру үшін трансұлттық корпорацияларды тарту.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 60-бап жаңа редакцияда (2024 ж. 9 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
60-бап. Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету
1. Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету отандық шикізат тауарын өндірушілер, өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындары мен өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган арасында жасалатын өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі келісімдер негізінде жүзеге асырылады.
Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі үлгілік келісімнің нысанын өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган бекітеді.
Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету тəртібі өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидалармен регламенттеледі.
Осы баптың мақсаттары үшін отандық шикізат деп Қазақстан Республикасында өндірілген, өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган бекітетін отандық шикізат тауарларының тізбесіне енгізілген тауарлар түсініледі.
Отандық шикізат тауарларының тізбесінде:
отандық шикізат тауарының;
отандық шикізат тауарын өндірушілердің атаулары қамтылады.
2. Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындары отандық шикізат тауарларының тізбесін қалыптастыру үшін өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларға сəйкес өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті органға өтінімдер береді.
3. Өңдеу өнеркəсібі кəсіпорындарының өтінімдерін қабылдаудан бас тартуға:
толық емес құжаттар топтамасы;
қажетті отандық шикізатты өндірушілердің Қазақстан Республикасында болмауы негіз болып табылады.
4. Отандық шикізат тауарын өндірушілер:
Қазақстан Республикасының аумағында қызметін үш жылдан аз жүзеге асыратын кəсіпорындар деп түсінілетін жаңа өндірістерді;
өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларда айқындалатын шикізат тауары өндірісінің шағын көлемін өндірушілерді қоспағанда, отандық шикізат тауарларының тізбесіне енгізіледі.
5. Отандық шикізат тауарын өндірушілер өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету үлесін елдегі шикізат тауарын өндірудің жалпы көлеміндегі шикізат тауарын өндірушінің өндіріс көлемінің үлесін негізге ала отырып айқындайды.
6. Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөнінде келісімдер жасасу отандық шикізат тауарларының тізбесіне енгізілген отандық шикізат тауарын өндірушілер үшін міндетті болып табылады.
7. Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі келісімдер ерекше бəсекеге қабілетті баға белгілеу шарттарымен жасалады, бірақ отандық шикізат тауарын нақты өндірушінің осы шикізат түрі экспортының ең төмен бағасынан жоғары болмауы керек.
8. Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындары отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі келісімдерді жасасу кезінде өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларға сəйкес міндеттемелерді, оның ішінде:
отандық шикізатты өңдеп жасауды ұлғайту;
өндірушіден алынған отандық шикізат тауарын үшінші тұлғаларға өткізуге тыйым салу міндеттемелерін қабылдайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің екінші абзацында белгіленген міндеттемелерді орындау жəне мониторингтеу тəртібі өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидалармен регламенттеледі.
Өңдеу өнеркəсібі кəсіпорындарының осы тармақта белгіленген тыйымды бұзуы өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі тиісті келісімді бұзуға жəне мұндай келісімдерге қатысуға тыйым салуға алып келеді.
9. Отандық шикізат тауарларының тізбесіне енгізілген отандық шикізатты Қазақстан Республикасының аумағынан əкетуге өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган беретін лицензиялар негізінде жол беріледі.
Лицензияларды беру отандық шикізат тауарын өндіруші осы Заңға сəйкес өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындаған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Бұл ретте лицензия алудың алдындағы кезеңде өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі келісімдерді жасасу жəне өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі жасалған келісімдер шеңберінде міндеттемелерді орындау өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелердің орындалуы болып табылады.
10. Өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі келісімдердің орындалуын мониторингтеу өңдеу өнеркəсібінің кəсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларға сəйкес жүргізіледі.
61-бап. Өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етудің өзге де тәсілдері
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің өзара тиімді шарттармен өнімді қарсы беру мәселелері бойынша шет мемлекеттердің үкіметтерімен келіссөздер жүргізеді.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтерімен мемлекеттік тапсырысты не мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты іске асыратын өңдеу өнеркәсібінің отандық кәсіпорындарын мүше мемлекеттердің ішкі бағасы бойынша шикізатпен қамтамасыз ету мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізеді.
2025.19.05. № 188-VIII ҚР Заңымен 61-1-баппен толықтырылды (2025 ж. 20 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
61-1-бап. Елішілік құндылықты дамыту
1. Ірі тапсырыс берушілер елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын əзірлеу, келісу, бекіту, іске асыру жəне мониторингтеу қағидаларына жəне олардың үлгілік нысанына сəйкес елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын əзірлеуге, бекітуге жəне іске асыруға міндетті.
2. Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын, кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының жер қойнауы жəне жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сəйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіру құқығына ие жер қойнауын пайдаланушылар өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті органмен келісу бойынша үш жылдан басталатын мерзімге əзірлейді жəне бекітеді.
Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті органмен келісу бойынша үш жылдан басталатын мерзімге əзірлейді жəне бекітеді.
Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын қуаты аз табиғи монополиялар субъектілерін қоспағанда, табиғи монополиялар субъектілері өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті органмен, сондай-ақ табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісу бойынша үш жылдан басталатын мерзімге əзірлейді жəне бекітеді.
Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын жүйе құраушы кəсіпорындар өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті органмен келісу бойынша үш жылдан басталатын мерзімге əзірлейді жəне бекітеді.
Тиісті мемлекеттік органдардың елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын келісуден бас тартуына негіздер:
1) тауарларды сатып алудағы елішілік құндылық үлесі бойынша төмендетілген нысаналы индикаторлар;
2) өнеркəсіптік-инновациялық қызмет субъектілері өтінімдерінің санын ескере отырып, өнеркəсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау, жасасу бойынша сай келмейтін индикаторлар;
3) шағын жəне орта кəсіпкерлікті дамыту жөніндегі іс-шаралардың болмауы.
3. Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларында мынадай бағыттар көзделеді:
1) тауарларды сатып алудағы елішілік құндылық үлесін арттыру;
2) өнеркəсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау, жасасу жəне орындау;
3) шағын жəне орта кəсіпкерлік субъектілерін дамыту;
4) өзге де бағыттар.
4. Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларының əрбір бағыты бойынша ірі тапсырыс берушілердің нақты іс-қимылдары, сондай-ақ осындай субъектілерге қатысты Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексінде айқындалатын жеке кəсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары жəне нақты нысаналы көрсеткіштері бар өзге де іс-шаралар қамтылатын іс-шаралар жоспарлары көзделеді.
5. Елішілік құндылықты дамыту бағдарламасының іске асырылуын мониторингтеу мақсатында ірі тапсырыс берушілер елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын əзірлеу, келісу, бекіту, іске асыру жəне мониторингтеу қағидаларына жəне олардың үлгілік нысанына сəйкес олардың іске асырылуы туралы ақпарат береді.
Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларының іске асырылуын мониторингтеуді өнеркəсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уəкілетті орган елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын əзірлеу, келісу, бекіту, іске асыру жəне мониторингтеу қағидаларына жəне олардың үлгілік нысанына сəйкес жүзеге асырады.
6. Осы бапта белгіленген міндеттемелерді орындалған деп тану тəртібі елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын əзірлеу, келісу, бекіту, іске асыру жəне мониторингтеу қағидаларына жəне олардың үлгілік нысанына сəйкес айқындалады.
Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын орындамау, мұндай орындамау ірі тапсырыс берушінің кінəсінан болмаған жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
2-параграф. Өнеркәсіп салаларын дамыту
62-бап. Өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім
1. Көлік құралдары және (немесе) олардың құрамдастары, ауыл шаруашылығы техникасы және (немесе) оның құрамдастары өндірісінің дамуын ынталандыру мақсатында өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларымен үлгілік нысандарға сәйкес көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім, ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім, көлік құралдарына және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасына құрамдастарды өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасады.