2. Қылмыстық iстi қарайтын соттың құрамына туыстық немесе басқа да жеке тәуелдiлік қатынастарымен байланысқан адамдар кiре алмайды.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Қылмыстық iстi бiрiншi сатыдағы сотта қарауға қатысқан судья бұл iстi апелляциялық және кассациялық сатылардағы сотта қарауға қатыса алмайды, сол сияқты өзінің қатысуымен шығарылған үкімнің немесе істі тоқтату туралы қаулының күші жойылған жағдайда, істі бірінші сатыдағы сотта жаңадан қарауға қатыса алмайды.
4. Істi апелляциялық сатыдағы сотта қарауға қатысқан судья өзінің қатысуымен қабылданған апелляциялық үкімнің, қаулының күші жойылғаннан кейін осы істі бірінші және апелляциялық сатыларда қарауға, сондай-ақ істі кассациялық сатыда қарау кезінде қатыса алмайды.
5. Істi кассациялық сатыдағы сотта қарауға қатысқан судья өзінің қатысуымен қабылданған қаулының күші жойылғаннан кейін бұл iстi бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы сотта қарауға қатыса алмайды.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
6. Iстi алдыңғы сот сатыларында қарауға қатысқан судья сол iсті кассациялық сатыда қарауға қатыса алмайды. Істі кассациялық сатысында қарауға қатысқан судья сол істі төмен тұрған сатылардағы соттарда қарауға, сондай-ақ осы Кодекстің 484-бабының төртінші бөлігіндегі тәртіппен кассациялық сатының қаулыларын қайта қарауға қатыса алмайды.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
7. Істі бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыларда қарауға қатысқан судья осы істі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қарауға қатыса алмайды.
8. Қарсылық бiлдiру қылмыстық процестің кез келген сатысында судьяның іске қатысуын болғызбайтын мән-жайлар туралы белгілі болғанда мәлімделуге тиіс.
9. Судьяға қарсылық бiлдiру, сондай-ақ қарсылық бiлдiрiлуге жататын сот талқылауына қатысушылар туралы мәселенi сот кеңесу бөлмесiнде қаулы шығару арқылы шешедi.
10. Судьяға мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi қалған судьялар қарсылық бiлдiрiлген судьяның қатысуынсыз шешедi, ол судьялар кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн өзіне мәлiмделген қарсылық бiлдiру жөнiнде өзiнiң түсiнiктемесiн көпшiлiк алдында айтуға құқылы. Бiрнеше судьяға немесе соттың бүкiл құрамына мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi сот толық құрамда көпшiлiк дауыспен шешедi. Дауыстар тең болған кезде судьяға қарсылық бiлдiрiлген болып саналады.
11. Бұлтартпау шараларын қолдану немесе тергеу әрекеттерiн жүргiзу туралы өтiнiшхатты шешетiн тергеу судьясына мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi осы тергеу судьясы қаулы шығара отырып жеке-дара шешедi. Iстi осы Кодекстiң 52-бабының бiрiншi бөлiгiне сәйкес жеке-дара қарайтын судьяға мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi сол соттың төрағасы немесе осы соттың басқа судьясы, ал олар болмаған жағдайда, жоғары тұрған соттың судьясы шешедi. Қарсылық бiлдiру туралы мәлiмдеме қанағаттандырылған жағдайда, қылмыстық iс, шағым не өтiнiшхат белгiленген тәртiппен басқа судьяның iс жүргiзуiне берiледi.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 12-бөлік жаңа редакцияда
12. Қарсылық бiлдiрудi қабылдамау немесе қанағаттандыру туралы қаулы шағым жасауға (прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға, наразылық білдіруге) жатпайды. Қаулымен келiспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына немесе сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатқа, наразылыққа енгiзiлуi мүмкiн.
88-бап. Прокурорға қарсылық бiлдiру
1. Прокурор осы Кодекстiң 87-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде қылмыстық процеске қатыса алмайды.
2. Прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қатысуы, сол сияқты оның сотта айыптауды қолдауы оның осы қылмыстық iске одан әрi қатысуына кедергi болып табылмайды.
3. Сотқа дейiнгі тергеп-тексеру кезiнде прокурорға қарсылық бiлдiру туралы мәселенi - жоғары тұрған прокурор, ал сотта iс жүргiзу кезiнде iстi қараушы сот шешедi.
89-бап. Тергеушiге және анықтаушыға қарсылық бiлдiру
1. Осы Кодекстiң 87-бабында көзделген негiздер болған кезде тергеушi және анықтаушы iстi тергеп-тексеруге қатыса алмайды.
2. Осы қылмыстық iс бойынша бұрын жүргiзiлген тергеп-тексеруге тергеушiнің және анықтаушының осындай тиісті түрде қатысуы олардың осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге одан әрi қатысуын болғызбайтын мән-жай болып табылмайды.
3. Тергеушіге немесе анықтаушыға қарсылық білдіру туралы мәселенi тергеу бөлімінің бастығы немесе анықтау органының бастығы не прокурор шешедi.
90-бап. Куәгерге қарсылық бiлдiру
1. Осы Кодекстiң 87-бабында және осы баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде куәгер сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қатыса алмайды.
2. Қылмыстық процестi жүргізетін органға жеке өзі немесе қызметi бойынша тәуелді болса, куәгер сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қатыса алмайды. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының, соттардың қызметкерлері, арнаулы заң оқу орындарының білім алушылары, пробациялық бақылаудағы сотталғандар және басқа қылмыстық істер бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдар куәгер ретінде қатыса алмайды.
3. Куәгерлердiң қандай да бiреуiнiң қатысуы жүйелi сипат алған жағдайларды қоспағанда, куәгердiң осының алдында тергеу әрекеттерiн жүргiзуге қатысуы, оның осы қылмыстық iс бойынша басқа тергеу әрекетiн жүргiзуге қатысуын болғызбайтын мән-жай болып табылмайды.
4. Куәгерге қарсылық бiлдiруді тергеу әрекетiн жүргізетін адам шешедi.
5. Өзінің іс бойынша іс жүргізуге қатысуын болғызбайтын мән-жайларды жасырғаны және іс жүргізуге қатысудан осы Кодекстің 86-бабының бірінші бөлігінде көзделген өзін өзі шеттету міндетін орындамағаны үшін куәгер осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен жауаптылықта болады.
91-бап. Сот отырысының хатшысына және сот приставына қарсылық бiлдiру
1. Сот отырысының хатшысы және сот приставы:
1) осы Кодекстiң 87-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде;
2) олардың құзыреттi еместiгi анықталса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.
2. Адамның осының алдында сот отырысына сот отырысының хатшысы немесе сот приставы ретiнде қатысуы оның сот отырысына осындай тиісті түрде одан әрi қатысуын болғызбайтын мән-жай болып табылмайды.
3. Сот отырысының хатшысына және сот приставына қарсылық бiлдiру туралы мәселенi iстi қараушы сот шешедi.
92-бап. Аудармашыға және маманға қарсылық бiлдiру
1. Аудармашы және маман:
1) осы Кодекстiң 87-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде;
2) егер олардың құзыреттi еместiгi анықталса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.
2. Адамның осының алдында аудармашы немесе маман ретiнде қатысуы олардың осы қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге осындай тиісті түрде одан әрi қатысуын болғызбайтын мән-жай болып табылмайды.
3. Аудармашыға және маманға қарсылық бiлдiру туралы мәселенi қылмыстық процестi жүргізетін орган шешедi.
93-бап. Сарапшыға қарсылық бiлдiру
1. Сарапшы:
1) осы Кодекстiң 87-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде;
2) егер ол анықтаушыға, тергеушiге, прокурорға, судьяға, күдіктіге, айыпталушыға, олардың қорғаушыларына, заңды өкiлдерiне, жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне қызметтiк немесе өзге де тәуелді жағдайда болған болса немесе болып отырса;
3) егер ол нәтижелерi қылмыстық қудалауды бастау үшiн негiз болған ревизия немесе басқа да тексеру әрекеттерiн жүргiзген болса;
4) егер оның құзыреттi еместiгi анықталса;
5) егер ол iске, осы Кодекстiң 222-бабына сәйкес сот медицинасы саласындағы дәрiгер-маманның адамның мәйiтiн қарап-тексеруге қатысу жағдайларын қоспағанда, маман ретiнде қатысса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.
2. Тірі адамға, сондай-ақ мәйітке сараптама жүргізуге сараптама тағайындалғанға дейін тиісті адамға медициналық көмек көрсеткен дәрігер сарапшы ретінде қатыса алмайды.
3. Адамның осы іске осының алдында сарапшы ретінде қатысуы, оның қатысуымен жүргізілген сараптамадан кейін қайталап сараптама тағайындалатын жағдайларды қоспағанда, оған іс бойынша сараптама жүргізуді тапсыруды болғызбайтын мән-жай болып табылмайды.
4. Сарапшыға қарсылық бiлдiру туралы мәселенi қылмыстық процестi жүргізетін орган шешедi.
94-бап. Қорғаушыны, жәбiрленушiнiң (жекеше айыптаушының), азаматтық талапкердің немесе азаматтық жауапкердiң өкiлiн қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысудан шеттету
1. Қорғаушы, сондай-ақ жәбiрленушiнiң (жекеше айыптаушының), азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердiң өкiлi мына мән-жайлардың кез келгенi болған кезде:
1) егер ол бұрын iске судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы, сот отырысының хатшысы, сот приставы, куә, сарапшы, маман, аудармашы немесе куәгер ретiнде қатысса;
2) егер ол осы iстi тергеп-тексеруге немесе соттың қарауына қатысқан немесе қатысып отырған лауазымды адаммен туыстық немесе басқа да жеке тәуелділік қатынастарда болса;
3) егер ол қорғалушымен немесе сенiм бiлдiрушiмен мүдделері қарама-қарсы адамға заң көмегін көрсетiп жүрсе немесе бұрын көмек көрсеткен болса, сол сияқты мұндай адамдармен туыстық немесе өзге де жеке тәуелділік қатынастарда болса;
4) егер ол заңның немесе сот шешiмiнің күшіне орай қорғаушы немесе өкiл болуға құқылы болмаса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қорғаушыны, жәбiрленушiнiң (жекеше айыптаушының), азаматтық талапкердің немесе азаматтық жауапкердiң өкілін қатысудан шеттету туралы мәселенi - прокурор, ал сотта іс жүргізу кезінде істі қарайтын сот шешеді.
12-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСАТЫН АДАМДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
95-бап. Судьялардың, алқабилердiң, прокурорлардың, тергеушiлердiң, анықтаушылардың, қорғаушылардың, сарапшылардың, мамандардың, сот отырысы хатшыларының, сот приставтарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
1. Судья, тергеу судьясы, алқаби, прокурор, тергеушi, анықтаушы, қорғаушы, сарапшы, маман, сот отырысының хатшысы, сот приставы, сол сияқты олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстары мемлекеттiң қорғауында болады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде санамаланған адамдарға мемлекет сотта қылмыстық iстердi немесе материалдарды қарауға, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуге байланысты олардың өмiрiне қолсұғушылыққа немесе өзге де күш қолдануға қарсы қауiпсiздік шараларын қолдануды заңда көзделген тәртiппен қамтамасыз етедi.
96-бап. Жәбірленушілердің, куәлардың, күдіктілердің, айыпталушылардың және қылмыстық процеске қатысатын басқа да адамдардың қауiпсiздiгі шараларын қолдану мiндетi
1. Қылмыстық процестi жүргізетін орган, егер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге байланысты күдіктіге, айыпталушыға, жәбiрленушiге, куәге, қылмыстық процеске қатысатын басқа да адамдарға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарына қатысты күш қолданудың немесе қылмыстық заңда тыйым салынған өзге де іс-әрекеттiң жасалу қатері туралы деректер болса, олардың қауiпсiздiгi шараларын қолдануға мiндеттi.
Мәліметтерге қолжетімділікті шектеу түріндегі қауіпсіздік шарасы мемлекеттік құпияларды не іске қатысатын адамдар өмірінің интимдік жақтары туралы мәліметтерді жария етуден қорғау мақсатында қолданылуы мүмкін.
2. Өздерімен процестік келісім жасалған күдіктінің, айыпталушының, сотталушының не сотталған адамның, оның жақын туыстарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қажет болған кезде, көрсетілген адамдардың келісуі бойынша осы Кодексте және заңдарда көзделген мемлекеттік қорғау және қауіпсіздік шаралары қолданылады.
3. Қылмыстық процестi жүргізетін орган осы баптың бiрiншi және екінші бөлiктерінде көрсетілген адамдардың ауызша (жазбаша) арызының негiзiнде немесе өз бастамасы бойынша олардың қауiпсiздiгi шараларын қабылдап, ол туралы тиiстi қаулы шығарады.
4. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын адамдардың, олардың отбасы мүшелерiнiң және жақын туыстарының өздерінің қауiпсiздiгi шараларын қолдану туралы арыздарын қылмыстық процестi жүргізетін орган оларды алған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей қарауға тиіс. Арыз иесіне тиiстi қаулының көшiрмелері жiберіле отырып, ол қабылданған шешiм туралы дереу хабардар етіледі.
5. Арыз иесі өзiнiң қауiпсiздiгi шараларын қолдану туралы өтiнiшхатын қанағаттандырудан бас тартылғанына орай прокурорға немесе сотқа шағым жасауға құқылы.
6. Қауiпсiздiк шараларын қолданудан бас тарту, егер бұрын берiлген арызда көрiнiс таппаған мән-жайлар туындаса, көрсетілген шараларды қолдану туралы өтінішхатпен қайтадан өтiнiш жасауға кедергi келтiрмейдi.
97-бап. Жәбiрленушiлердiң, куәлардың, күдіктілердің және қылмыстық процеске қатысатын басқа да адамдардың қауiпсiздiгі шаралары
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган куәлардың, күдіктілердің және қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын басқа да адамдардың, олардың отбасы мүшелерiнiң және жақын туыстарының қауiпсiздiгі шараларын қамтамасыз ету мақсатында:
1) күш қолданудың немесе қылмыстық заңда тыйым салынған басқа да іс-әрекеттердің қатерін төндіріп отырған адамға оны қылмыстық жауаптылыққа тарту ықтималдығы туралы ресми ескертпе жасайды;
2) қорғалатын адам туралы мәлiметтерге қолжетімділікті шектейді;
3) оның жеке басының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету туралы тапсырма береді;
4) қылмыстық процеске қатысушыларға қатысты күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық іс-әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) ықтималдығын болғызбайтын бұлтартпау шараларын күдіктіге, айыпталушыға қатысты таңдайды;
5) жақындауға тыйым салу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасын қолданады.
2. Қылмыстық процестi жүргізетін орган шығарған ескертпе адамға қолын қойғыза отырып хабарланады.
3. Қорғалатын адам туралы мәлiметке қолжетімділікті шектеу қылмыстық процестің басынан бастап адамның арызы бойынша орын алуы мүмкін және қылмыстық iстiң материалдарынан адамның сауалнамалық деректерi туралы мәлiметтердi алып, оларды негiзгi iс жүргiзуден бөлек сақтаудан, бұл адамның бүркеншiк ат пайдалануынан тұрады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы шараны қолдану туралы қаулы шығарады, онда қорғалатын адамның жеке басы туралы деректерді құпия сақтау туралы қабылданған шешімнің себептері жазылады, қорғалатын адамның қатысуымен жүргізілетін тергеу әрекеттері хаттамаларында пайдаланылатын бүркеншік аты және қол қою үлгісі көрсетіледі. Қорғалатын адамның қатысуымен процестік әрекеттер қажет болған жағдайда, оны тануды болғызбайтын жағдайларда жүргізіледі. Қаулы және негізгі іс жүргізуден бөлектелген материалдар мөрленген конвертке салынып, ол одан әрі қылмыстық істі тергеген органда сақталады және оның мазмұнымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамнан басқа прокурор және сот таныса алады.
4. Куәгерлердiң, күдіктілердің, айыпталушылардың, жәбірленушілердің және қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын басқа да адамдардың, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының жеке қауiпсiздiгi шараларын қамтамасыз ету тәртiбi заңда айқындалады.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 4-1-бөлікпен толықтырылды
4-1. Қылмыстық қудалау органы «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 9) тармақшасында көзделген қауіпсіздік шараларын қабылдаған кезде құпиялылық сақтала отырып, жиырма төрт сағат ішінде қадағалаушы прокурор хабардар етіледі.
5. Қауiпсiздiк шараларының қолдануына қарамастан, қылмыстық қудалау органы бұған негiздер болған кезде жәбiрленушiге, куәға, күдіктіге, қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын басқа да адамға қатысты қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттің жасалу қатерінің анықталуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға мiндеттi.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Қауіпсіздік шараларының күші оларды қолдануға қажеттілік жойылғанда қылмыстық процесті жүргізетін органның не қорғалатын адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтар анықталған жағдайда, прокурордың немесе соттың уәжді қаулысымен жойылады. Қорғалатын адамға оның қауіпсіздігі шараларының күші жойылғандығы немесе қылмыстық процеске қатысатын адамдарға ол туралы деректердің ашылғандығы туралы дереу хабарлануға тиіс. Қылмыстық процесті жүргізетін органның «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 9) тармақшасында көзделген қауіпсіздік шараларын тағайындау туралы не қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы шешіміне қорғалатын адамның сотқа немесе прокурорға шағым беруі шағым жасалған шешімнің орындалуын тоқтата тұрады.
98-бап. Сот талқылауына қатысатын адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
1. Төрағалық етушi сот талқылауына қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн соттың жабық отырысын өткiзедi, сондай-ақ осы Кодекстiң 97-бабының бiрiншi, екiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көзделген шараларды қолданады.
2. Сот қорғалатын адамның, айыптаушы тараптың өтiнiшхаты бойынша, сондай-ақ адамның, оның отбасы мүшелері мен жақын туыстарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында өз бастамасы бойынша куәдан:
1) қорғалатын адамның жеке басы туралы деректердi жарияламастан, бүркеншiк атты пайдалана отырып;
2) қалған қатысушылардың қорғалатын адамды дауысы, акценті және сыртқы белгілері: жынысы, ұлты, жасы, бойы, дене бітімі, мүсіні, жүрісі бойынша тануы мүмкін болмайтын жағдайларда;
3) оны сот талқылауына басқа қатысушылардың көзiне көрсетпей, оның ішінде бейнебайланыс арқылы да, жауап алу туралы қаулы шығаруға құқылы.
Судья қорғалатын адамның негізгі іс жүргізуден бөлектелген сауалнамалық деректерін және жеке басын куәландыратын құжаттарын жария етпестен, сот отырысының өзге қатысушыларына, оның ішінде сот отырысының хатшысына ұсынбастан және сот отырысының хаттамасында және (немесе) сот актілерінде көрсетпестен, олармен танысу арқылы жауап алынатын адамның жеке басына жеке өзі көз жеткізеді.
3. Төрағалық етуші:
1) бейне-, дыбыс жазуды жүргізуге және жауап алуды түсіріп алудың өзге тәсілдерін жүргізуге тыйым салуға;
2) сот отырысы залынан адвокатты қоспағанда, сотталушыны, қорғаушы тараптың өкілдерін шығарып жіберуге құқылы.
4. Сот процеске қатысушылардың қандай да бiреуi болмағанда немесе олардың көзбен көрiп отыруынан тыс жауап алған қорғалатын адамның айғағын төрағалық етушi осы қорғалатын адам туралы мәлiметтерді көрсетпестен, сотта барлық қатысушылар қатысып отырған кезде хабарлайды.
5. Қажет болған жағдайларда, сот процеске қатысушылардың және заңда көзделген өзге де адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде басқа да шараларды қолданады.
6. Сот талқылауына қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету туралы сот қаулысын орындау қылмыстық қудалау органдарына, жазаны орындайтын мекемеге немесе органға, сондай-ақ сот приставына жүктеледi.
13-тарау. ӨТІНІШХАТТАР. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР МЕН ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРДЫҢ ӘРЕКЕТТЕРІ (ӘРЕКЕТСІЗДІГІ) МЕН ШЕШІМДЕРІНЕ ШАҒЫМ ЖАСАУ
99-бап. Қылмыстық процеске қатысушылардың өтiнiшхаттарын қараудың мiндеттiлiгi
1. Қылмыстық процеске қатысушылар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, судьяға (сотқа) қылмыстық процесс барысында маңызы бар мән-жайларды анықтау, өтiнiшхатпен жүгінген тұлғаның немесе өздері өкілдік ететін тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн процестік әрекеттерді жүргiзу немесе процестік шешiмдерді қабылдау туралы өтiнiшхаттармен жүгінуге құқылы.
2. Өтiнiшхаттар процестiң кез келген сатысында мәлiмделуi мүмкiн. Өтiнiшхатты мәлімдеген тұлға қандай мән-жайларды анықтау үшiн әрекет жүргiзудi немесе шешiм қабылдауды өтінетінін көрсетуге тиiс. Жазбаша өтiнiшхаттар қылмыстық істің материалдарына қоса тiгiледi, ауызша өтiнiшхаттар тергеу әрекетiнiң немесе сот отырысының хаттамасына енгізiледi.
3. Өтiнiшхаттың қабылданбауы оны қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң келесi кезеңдерiнде қайталап мәлімдеуге немесе қылмыстық процестi жүргізетін басқа орган алдында мәлімдеуге кедергi келтiрмейдi.
4. Өтiнiшхат ол мәлiмделген бойда қаралуға және шешілуге жатады. Өтiнiшхат бойынша шешiмдi дереу қабылдау мүмкiн болмаған жағдайларда, ол мәлiмделген күннен бастап үш тәулiктен кешiктiрiлмей шешiлуге тиiс.
5. Егер өтінішхат iстiң мән-жайларын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге, процеске қатысушылардың немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге ықпал ететін болса, ол қанағаттандырылуға тиiс. Өзге жағдайларда өтiнiшхатты қанағаттандырудан бас тартылуы мүмкiн. Қылмыстық процесті жүргізетін орган келуін тараптар қамтамасыз еткен адамдардан мамандар немесе куәлар ретінде жауап алу туралы өтінішхаттарды қанағаттандырудан бас тартуға құқылы емес. Қылмыстық процесті жүргізетін орган тараптың көрсеткен адамдарының жауап алуға келуін қамтамасыз етуіне жәрдем көрсетуге, оның ішінде заңда көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдана отырып, жәрдем көрсетуге міндетті.
6. Қылмыстық процестi жүргізетін орган өтiнiшхатты қанағаттандырудан толық немесе iшiнара бас тарту туралы уәждi қаулы шығарып, ол өтiнiшхатты мәлімдеген тұлғаға жеткiзiледi. Өтiнiшхат жөнiндегi шешiмге осы Кодексте белгiленген шағым беру мен оны қараудың жалпы қағидалары бойынша шағым жасалуы мүмкiн.
100-бап. Органдар мен лауазымды адамдардың шешiмдерi мен әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) шағым жасау
1. Егер жүргiзiлген процестік әрекеттер процеске қатысушылардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiн қозғайтын болса, олар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, прокурордың, соттың немесе судьяның шешiмдерi мен әрекеттерiне осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасауы мүмкiн.
2. Шағымдар осы қылмыстық iс бойынша шағымдарды қарауға және шешiм қабылдауға заңмен уәкiлеттік берiлген мемлекеттiк органға немесе лауазымды адамға берiледi.
3. Шағымдар ауызша және жазбаша болуы мүмкiн. Ауызша шағымдар арыз иесі және шағымды қабылдап алған лауазымды адам қол қоятын хаттамаға кiргiзiледi. Тиiстi лауазымды адамдардың қабылдауында азаматтар ауызша айтқан шағымдар жазбаша түрде ұсынылатын шағымдармен бірдей жалпы негiзде шешiледi. Шағымға қосымша материалдар қоса тiркелуi мүмкiн.
4. Қылмыстық процесс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамның шағымды ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде беру құқығы қамтамасыз етiледi.
5. Шағым берген тұлға оны кері қайтарып алуға құқылы. Күдікті, айыпталушы қорғаушының шағымын кері қайтарып алуға құқылы; азаматтық талапкер, жәбiрленушi (жекеше айыптаушы), азаматтық жауапкер өзінің заңды өкiлден басқа өкiлiнiң шағымын кері қайтарып алуға құқылы. Күдіктінің, айыпталушының мүддесінде берiлген шағым тек солардың келiсуiмен ғана кері қайтарылып алынуы мүмкiн. Шағымды кері қайтарып алу, осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 102-бабында көрсетiлген мерзiмдер өткенге дейiн оны қайтадан беруге кедергi келтiрмейдi.
101-бап. Ұстап алынған немесе күзетпен ұсталатын адамдардың шағым жолдау тәртiбi
1. Алдын ала қамауға алу орындарының әкiмшiлiгi қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған немесе бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұсталатын адамдардың қылмыстық процестi жүргізетін органға жолданған шағымдарын оған дереу беруге мiндеттi.
2. Ұстап алынған немесе күзетпен ұсталатын адамдардың азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлеріне, сондай-ақ тергеушiнiң, анықтаушының, анықтау органы бастығының әрекеттерiне немесе шешiмдерiне шағымдарын қамауға алу орындарының әкiмшiлiгi - дереу прокурорға, ал прокурордың әрекеттерi мен шешiмдеріне шағымдарды жоғары тұрған прокурорға беруге мiндеттi. Өзге шағымдарды қамауға алу орындарының әкiмшiлiгi олар келiп түскен кезден бастап бiр тәулiктен кешiктiрмей іс жүргізуінде іс жатқан адамға немесе органға бередi.
102-бап. Шағымдарды берудiң мерзiмдерi