Ашық деректердің интернет-порталының қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істеуін қамтамасыз етуді «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы жүзеге асырады.
7. Соттың заңды күшіне енген шешімімен немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынған, сондай-ақ қолжетімділігі Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарларының уәкілетті органға заңның бұзушылықтарын жою туралы енгізген нұсқамасымен уақытша тоқтатыла тұрған ақпарат телекоммуникациялар желілері арқылы таратылған жағдайда, уәкілетті органдар, интернет-ресурстардың меншік иелері немесе иеленушілері тыйым салынған ақпаратқа қолжетімділікті шектеу жөнінде дереу шаралар қолдануға міндетті.
36-бап. Дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар
1. Дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар жалпыға бірдей қолжетімді дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға және қолжетімділігі шектелген дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға бөлінеді.
Жалпыға бірдей қолжетімді дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға дербес деректер субъектісінің келісуі бойынша өздеріне қол жеткізу еркін болып табылатын немесе өздеріне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құпиялылықты сақтау талаптары қолданылмайтын дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар жатады.
Қолжетімділігі шектелген дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға өздеріне қол жеткізуді дербес деректердің субъектісі немесе Қазақстан Республикасының заңдары шектеген электрондық ақпараттық ресурстар жатады.
2. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардың меншік иесі немесе иеленушісі дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды ақпараттық жүйенің меншік иесіне немесе иеленушісіне беру кезінде дербес деректер субъектісінің немесе оның заңды өкілінің дербес деректерді ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жинауға және өңдеуге келісімін алуға міндетті.
3. Мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсеткен кезде дербес деректерді ақпараттық жүйелер арқылы жинауға және өңдеуге дербес деректер субъектісінің келісімі электрондық құжат нысанында не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін қорғау әрекеттерінің элементтерін қолдана отырып өзгеше тәсілмен беріледі.
Дербес деректер субъектісі дербес деректерді жинауға және өңдеуге «электрондық үкіметтің» веб-порталында тіркелген өзінің ұялы байланыс абоненттік нөмірі арқылы, сондай-ақ бір реттік парольді беру жолымен немесе «электрондық үкіметтің» веб-порталының хабарламасына жауап ретінде қысқаша мәтіндік хабарды жіберу жолымен келісім беруге құқылы.
4. Дербес деректер субъектілері «электрондық үкіметтің» веб-порталында тіркелген жағдайда, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің меншік иелері немесе иеленушілері дербес деректер субъектілерін дербес деректерді ақпараттық іс-қимыл шеңберінде пайдаланудың, өзгертудің және толықтырудың барлық жағдайлары туралы «электрондық үкіметтің» веб-порталындағы пайдаланушының кабинеті арқылы автоматты режимде хабардар етуге міндетті.
5. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген негіздерден басқа, мемлекеттік орган мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардың нақты қателері және дәлсіздіктері анықталған жағдайларда, оларды жою мақсатында дербес деректер субъектісінің немесе оның заңды өкілінің сұрау салуын алғаннан кейін оларды өзгертуді және толықтыруды жүзеге асыруы мүмкін.
6. Жеке тұлғалар туралы дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды оларға мүліктік және (немесе) моральдық зиян келтіру, Қазақстан Республикасының заңдарында кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын іске асыруды шектеу мақсатында пайдалануға жол берілмейді.
6-тарау. АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕЛЕР
37-бап. Ақпараттық жүйелердiң түрлерi
1. Ақпараттық жүйелер меншік нысаны бойынша - мемлекеттiк және мемлекеттiк емес, қолжетiмдiлiк дәрежесі бойынша - жалпыға бірдей қолжетiмдi және қолжетiмдiлiгi шектелген болып табылады.
2. Бюджет қаражаты есебiнен құрылатын немесе дамытылатын, сондай-ақ мемлекеттiк заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдермен алған ақпараттық жүйелер мемлекеттiк болып табылады.
3. Жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебiнен құрылатын немесе дамытылатын, сондай-ақ олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдермен алған ақпараттық жүйелер мемлекеттiк емес болып табылады.
Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жатқызылған, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланатын және мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйелер ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтау бөлігінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне теңестіріледі.
4. Жалпыға бірдей қолжетiмдi электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын ақпараттық жүйелер жалпыға бірдей қолжетiмдi болып табылады.
5. Қолжетімділігі шектелген электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын ақпараттық жүйелер қолжетiмдiлiгi шектелген ақпараттық жүйелер болып табылады.
6. Қолжетімділігі шектелген ақпараттық жүйелер:
1) құпиялылық режимінің талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік шифрлау құралдарын және (немесе) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді өзге де қорғау құралдарын қолдана отырып қорғалуы жүзеге асырылатын мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалатын ақпараттық жүйелер;
2) құпия ақпараттық жүйелер болып бөлінеді.
7. Мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалатын ақпараттық жүйелерді құру, пайдалану, қолдап отыру, дамыту, интеграциялау, пайдаланылуын тоқтату және қорғау, егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалатын ақпараттық жүйелер аудиті және ақпараттық жүйелерді аттестаттау жүргізілмейді.
38-бап. Мемлекеттiк органның ақпараттық жүйесіне қойылатын талаптар
1. Мемлекеттiк органдар мемлекеттік органның бекітілген архитектурасы және сарапшылық кеңестің ұсыныстары негізінде мемлекеттік функцияларды автоматтандыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету мақсатында өздеріне жүктелген функцияларды іске асыруға бағытталған ақпараттық жүйелерді құрады.
2. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын стандарттарға, ақпараттық жүйенің өмірлік цикліне сәйкес және:
1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды;
2) «электрондық үкiметтiң» архитектурасын және «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарды;
3) мемлекеттік органның бекітілген архитектурасын;
4) басқа да ақпараттық жүйелермен шлюздер арқылы интеграцияны (қажет болғанда);
5) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінің ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларын мониторингтеу жүйесінің мемлекеттік техникалық қызметтің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мониторингтеу жүйесімен ақпараттық өзара іс-қимылын;
6) еркін бағдарламалық қамтылымның басымдығын;
7) сақтауға берілген бастапқы бағдарламалық кодтарды, бағдарламалық өнімдерді және бағдарламалық қамтылымды қайталап пайдалану мүмкіндігін;
8) сыныптауышқа сәйкес сынып беруді;
9) мүмкіндіктері шектеулі пайдаланушылардың қол жеткізуін қамтамасыз етуді ескере отырып құрылады, пайдаланылады және дамытылады.
3. Электрондық ақпараттық ресурста қамтылған ақпарат, нормативтік-техникалық құжаттама, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің басқа да ілеспе құжаттары қазақ және орыс тiлдерiнде жасалады және сақталады.
4. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінің меншік иесі немесе иеленушісі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестатын алғаннан кейін мемлекеттік техникалық қызметке ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің жұмыс істеу және функционалдылығы шарттарының өзгермеуіне мониторингті жүзеге асыруға бағытталған ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды жүргізуі үшін мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіне қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
39-бап. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру немесе дамыту
1. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі:
1) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен автоматтандыру объектісін талдау негізінде мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру немесе дамыту туралы инвестициялық ұсыныс әзірлеу;
2) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру немесе дамыту туралы инвестициялық ұсынысты уәкілетті органның қарауы;
3) сыныптауышқа сәйкес берілген сыныпты ескере отырып, бюджеттік инвестициялардың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу;
4) бюджеттік инвестициялардың техникалық-экономикалық негіздемесіне ақпараттандыру саласында сараптама қорытындысын алу;
5) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру немесе дамыту бойынша жұмыстарды ұйымдастыру туралы мемлекеттік орган басшысының шешім қабылдауы;
6) «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында есепке алу үшін «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына құрылатын ақпараттық жүйе туралы мәліметтерді ұсыну;
7) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырманы әзірлеу;
8) ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған техникалық ерекшелікті әзірлеу;
9) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырманы уәкілетті органмен келісу;
10) ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру;
11) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін тәжірибелік пайдалануды жүргізу ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады, ол оның ішінде мыналарды:
тәжірибелік пайдалануды жүргізу рәсімдерін құжаттауды;
ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынауды;
оңтайландыруды және анықталған ақаулар мен кемістіктерді кейіннен түзете отырып жоюды;
ақпараттық жүйені тәжірибелік пайдаланудың аяқталғаны туралы актіні ресімдеуді қамтиды.
Тәжірибелік пайдалануды жүргізу мерзімі бір жылдан аспауға тиіс;
12) «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін тіркеу;
13) Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын стандарттарға сәйкес мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін ендіру;
14) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізу:
аттестаттау жүргізуді;
уәкілетті органның, мүдделі мемлекеттік органдардың және ұйымдардың өкілдері қатысатын қабылдау комиссиясының ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу туралы актіге қол қоюын қамтиды;
15) «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің әзірленген бағдарламалық қамтылымын, бастапқы бағдарламалық кодтарын (болған кезде) және лицензиялық бағдарламалық қамтылымының баптау кешенін есепке алу және сақтау үшін беру тәртібімен құрылады немесе дамытылады.
Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құру рәсімдерін құжаттандыру ақпараттық жүйенің өмірлік циклінің әрбір кезеңінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін ақпараттық жүйені тәжірибелік пайдалануға немесе ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу ақпараттық жүйенің меншік иесінің немесе иеленушісінің нормативтік құжаттарының негізінде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін дамыту ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға ақпараттық жүйе енгізілгеннен кейін жүзеге асырылады.
3. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің республикалық және жергілікті жобалары шеңберінде мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құрған немесе дамытқан жағдайда, осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшалары қолданылмайды.
Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің республикалық және жергілікті жобалары шеңберінде мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін құрған немесе дамытқан кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының тұжырымдамасы уәкілетті органмен келісіледі.
4. «Электрондық үкіметтің» сервистік интеграторына мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің әзірленген бағдарламалық қамтылымын, бастапқы бағдарламалық кодтарын (болған кезде) және лицензиялық бағдарламалық қамтылымының баптау кешенін есепке алу және сақтау үшін беру міндетті болып табылады және ол уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
Бастапқы бағдарламалық кодтарды, бағдарламалық өнімдер мен бағдарламалық қамтылымды заңсыз түрлендіруге, жария етуге және (немесе) пайдалануға тыйым салынады.
40-бап. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалану
1. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізу ақпараттық жүйені тәжірибелік пайдалану дұрыс аяқталған жағдайда, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақтардың оң нәтижелері бар акті, техникалық құжаттаманың сараптамасы және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестаты болған кезде техникалық құжаттама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалану кезінде:
1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың сақталуы;
2) электрондық ақпараттық ресурстардың сақталуы, қорғалуы, олардың іркіліс болған немесе бүлінген жағдайда қалпына келтірілуі;
3) электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік көшіру және олардың уақтылы жаңартылып отырылуын бақылау;
4) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіне жасалған өтініштер туралы мәліметтердің автоматтандырылған есебін алу, сақталуы және мезгіл-мезгіл архивтелуі;
5) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінің ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларын мониторингтеу және оның нәтижелерін мемлекеттік техникалық қызметтің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мониторингтеу жүйесіне беру;
6) ақпараттық жүйені қолдап отыру;
7) ақпараттық жүйеде пайдаланылатын лицензиялық бағдарламалық қамтылымға техникалық қолдау жасау;
8) мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде қағаз жеткізгіштегі құжаттардың пайдаланылуын, сондай-ақ оларды ұсыну жөніндегі талаптарды қысқарту (болғызбау);
9) ақпараттық жүйенің кепілді мерзім кезеңінде анықталған қателері мен кемшіліктерін жоюды қамтитын әзірлеушінің ақпараттық жүйеге кепілдікті қызмет көрсетуі қамтамасыз етіледі. Кепілдікті қызмет көрсету ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізген күннен бастап кемінде бір жыл мерзімге қамтамасыз етіледі.
41-бап. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануды тоқтату
1. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін одан әрі пайдалану қажеттігінің болмауы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес өнеркәсіптік пайдалануды тоқтатуға және «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында ақпараттық жүйе туралы мәліметтерді өзгертуге әкеп соғады.
2. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерін одан әрі пайдалану қажеттігінің болмауы туралы шешімді мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі интеграцияланған ақпараттық жүйелердің меншік иелерін және (немесе) иеленушілерін, сондай-ақ «электрондық үкіметтің» сервистік интеграторын пайдаланудың тоқтатылу тәртібі мен мерзімдері туралы хабардар ете отырып, меншік иесі немесе иеленуші қабылдайды.
3. Мемлекеттік органның есептен шығарылатын ақпараттық жүйесінің электрондық ақпараттық ресурстары, техникалық құжаттамасы және бастапқы бағдарламалық кодтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес архивке тапсырылуға жатады.
4. Мемлекеттік органның есептен шығарылатын ақпараттық жүйесінің техникалық құралдарын есептен шығару және (немесе) кәдеге жарату Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
42-бап. Мемлекеттiк органның ақпараттық жүйелеріндегi электрондық ақпараттық ресурстарды өңдеу, сақтау және резервтiк көшiру құралдарына қойылатын мiндеттi талаптар
1. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің жұмыс iстеу сенiмдiлiгi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау, өңдеу және беру үшiн пайдаланылатын техникалық құралдар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиiс.
2. Ақпараттық жүйенiң меншік иесі немесе иеленушiсі, сондай-ақ оператор ақпараттық жүйеде қамтылатын мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды сақтауды және қажет болған кезде оларды қалпына келтiрудi жүзеге асырады және мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстардың жоғалғаны, түрленгені немесе сақталуын өзге де қамтамасыз етпегені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында және тараптардың келісімінде белгiленген тәртiппен жауапты болады.
3. Мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстардың резервтiк көшiрмесiн дайындауды қамтамасыз ету ақпараттық жүйенiң иеленушiсі немесе оператор үшiн мiндеттi болып табылады.
Мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды қамтитын резервтiк көшiрменi дайындау және сақтау тәсiлi келесi резервтiк көшiрменi дайындағанға дейiн электрондық ақпараттық ресурстардың сақталуын қамтамасыз етуге тиiс.
Мемлекеттiк электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік көшірудің мерзімділігі ақпараттық жүйеге арналған нормативтік-техникалық құжаттамада белгіленеді.
43-бап. Ақпараттық жүйелердің интеграциясы
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «электрондық үкімет» шлюзінің, «электрондық үкіметтің» төлем шлюзінің ақпараттық жүйелермен интеграциясы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыруға, қорғаныс қабілеттілігі мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері «электрондық үкіметтің» шлюзіне қосылмастан интеграциялануы мүмкін.
2. Мемлекеттік органдар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің «электрондық үкімет» шлюзі арқылы интеграциясын уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде және тәртіппен қамтамасыз етуге міндетті.
3. Мемлекеттік емес ақпараттық жүйені мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен бөлек немесе мемлекеттік органның өзге ақпараттық жүйесімен бір мезгілде интеграциялаған жағдайда, қолжетімділік «электрондық үкімет» шлюзінің, «электрондық үкіметтің» төлем шлюзінің ақпараттық жүйелермен интеграциясы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
44-бап. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграцияланатын мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерге қойылатын талаптар
1. Мемлекеттік емес ақпараттық жүйенің мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграциясы «электрондық үкімет» шлюзінің, «электрондық үкіметтің» төлем шлюзінің ақпараттық жүйелермен интеграциясы қағидаларына сәйкес тек қана «электрондық үкіметтің» шлюзі немесе «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы (төлемдерді жүзеге асыру мақсатында) жүзеге асырылады.
Мемлекеттік емес ақпараттық жүйе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарға тек меншік иелері арасындағы келісімде көрсетілген көлемде ғана қол жеткізе алады.
2. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграцияланатын немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйенің электрондық ақпараттық ресурстары, интерфейсі, нормативтік-техникалық құжаттамасы және басқа да ілеспе құжаттары қазақ және орыс тiлдерiнде жасалады және сақталады.
3. Ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға қабылдау туралы акті, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтардың оң нәтижелері бар акті, техникалық құжаттаманың сараптамасы және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестаты болған кезде мемлекеттік емес ақпараттық жүйе мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграцияланады.
7-тарау. АҚПАРАТТАНДЫРУДЫҢ СЕРВИСТІК МОДЕЛІ
45-бап. Ақпараттандырудың сервистік моделі
1. Ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру осы Заңға және Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Ақпараттандырудың сервистік моделі «электрондық үкіметтің» архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға, сондай-ақ ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларына сәйкес реттеледі.
3. Ақпараттандырудың сервистік моделі ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтер каталогына сәйкес «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы базасында мемлекеттік органдарға оператордың орталықтандырылған ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді көрсетуіне негізделген.
4. Ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету (алу) кезіндегі оператордың және мемлекеттік органдардың міндеттері және жауапкершілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында және тараптардың келісімінде белгіленеді.
46-бап. Оператордың мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсетуі
1. Мемлекеттік органдарға оператор көрсететін ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді іске асыру ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді құру және дамыту бюджет қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржыландыру көздері есебінен, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жүзеге асырылады.
Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы арқылы құрылатын және дамытылатын ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтің құнын есептеу ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтер құнын есептеу әдістемесі негізінде және Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Оператор, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның, сервистік бағдарламалық өнімдердің меншік иелері осы тұлғаларға тиесілі объектілерде орналастырылған мемлекеттік органдардың электрондық ақпараттық ресурстарын пайдалану және оларға билік ету құқығын иемденбейді.
4. Оператор уәкілетті орган бекіткен әдістеме негізінде ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтің құнын есептейді және уәкілетті органға келісу үшін ұсынады.
Мемлекеттік органдар үшін ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтердің сипаттамасы және олардың құны туралы ақпарат оператордың интернет-ресурсында орналастырылады.
5. Ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтер каталогына енгізілетін ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтер осы көрсетілетін қызметтерді алу түрлері мен субъектілеріне қарай сыныпталады.
6. Мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді көрсету сапасын мониторингтеу және осы көрсетілетін қызметтерді алушыларды консультациялық тұрғыдан қолдап отыруды қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган және оператор Бірыңғай байланыс орталығын тартады.
7. Оператор ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсеткен кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында және тараптардың келісімінде белгіленген тәртіппен электрондық ақпараттық ресурстардың сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және ол үшін мемлекеттік органдар алдында жауапты болады.