2. Егер орындау барысында борышкер-заңды тұлғаның немесе дара кәсiпкердiң мүлкi берешектi өтеу үшiн жеткiлiксiз болатыны анықталса, ал Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында борышкердi дәрменсiз (банкрот) деп тануға жол берiлсе, сот орындаушысы өндiрiп алушыға бұл туралы хабарлауға мiндеттi.
3. Белгiленген тәртiппен банкрот деп танылған борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алуды қолдану Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда, өндіріп алуды мүлікке қолдану Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен борышкердің құқықтық мирасқоры айқындалғанға дейін тоқтатыла тұрады.
57-бап. Кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу
1. Борышкердің өзіне қойылған, кепiлмен қамтамасыз етiлмеген барлық талаптарды толық қанағаттандыруы үшiн басқа да мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда кепiл ұстаушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген құқықтары сақтала отырып, кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу жүргiзiлуi мүмкiн.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Борышкерде кепілге салынбаған мүлкі жеткіліксіз болған кезде борышкердің мүлкіне кепіл құқығы жоқ өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыру үшін, қамтамасыз етілген облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлікті және ипотекалық тұрғын үй қарызы міндеттемесі бойынша қамтамасыз ету болып табылатын жылжымайтын мүлікті қоспағанда, кепілге салынған мүлікке өндіріп алу сот ұйғарымы негізінде талаптары кепіл ұстаушының талабынан басым болатын, кепіл ұстаушылар болып табылмайтын өндіріп алушылардың мүдделеріне қолданылуы мүмкін. Өндіріп алуды кепілге салынған мүлікке қолдану туралы сот ұйғарымы кепіл ұстаушыны, өндіріп алушыны және борышкерді сот отырысының уақыты мен орны туралы хабардар ете отырып, сот орындаушысының өтініші бойынша сот отырысында шығарылады. Мүлікті өткізу кепілге салынған мүлікті өткізу қағидалары бойынша жүзеге асырылады. Бұл жағдайда талаптар осы Заңның 110-112-баптарында белгіленген кезектілік тәртібімен өткізілген мүліктің құнынан қанағаттандырылады.
Кепiл ұстаушы кепілге салынған мүлікті өзінде қалдыру туралы мәлімдеуге құқылы. Бұл жағдайда ол кепiл ұстаушының талабының алдында басым болып табылатын талаптарды өзінде қалдырылған мүліктің құнынан аспайтын мөлшерде қанағаттандыруға міндетті.
3. Егер өндіріп алушының (өндіріп алушылардың) талаптарын қанағаттандыру мақсатында өндіріп алынуы мүмкін өзге мүлік болмаса немесе мұндай мүлік жеткіліксіз болса, кепiл ұстаушының талаптарының алдында басымдығы жоқ осы өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыру мақсатында, кепiлге салынған мүлікті, ипотекалық тұрғын үй қарызының мiндеттемесi бойынша қамтамасыз ету болып табылатын жылжымайтын мүлiктi қоспағанда, өндіріп алуға жол беріледі. Бұл жағдайда кепiлге салынған мүліктен өндіріп алуға кепіл ұстаушының құқықтары сақтала отырып, сот ұйғарымы бойынша жол беріледі.
58-бап. Борышкердiң басқа адамдардағы ақшалай сомалары мен басқа да мүлкiнен өндiрiп алу
2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.12.12. № 114-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Борышкердiң басқа адамдардағы ақшалай сомаларынан, сондай-ақ басқа мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде сот орындаушысы оларға тыйым салады және мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.
Борышкердің мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шотындағы ақшасына, тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктерінде банктік шоттардағы ақшаға, нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаға, клирингтік ұйымның (орталық контрагенттің) кепілдік немесе резервтік қорларына жарналар, маржалық жарналар, қор биржасының сауда жүйесінде ашық сауда-саттық әдісімен және (немесе) орталық контрагенттің қатысуымен жасалған мәмілелер бойынша міндеттемелердің орындалуын толық және (немесе) ішінара қамтамасыз ету болып табылатын қаржы құралдарына тыйым салуға жол берілмейді.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.12.12. № 114-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Борышкердiң банктердегi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшалай сомаларынан өндiрiп алуды сот орындаушысы инкассолық өкiм шығару арқылы жүзеге асырады. Инкассолық өкiмге жеке сот орындаушысының не аумақтық бөлімнің мөрімен расталған атқарушылық құжаттардың көшiрмелерi қоса беріледі. Атқарушылық құжаттар көшiрмелерінің дұрыстығы үшін жеке сот орындаушысы не аумақтық бөлім басшысы - аға сот орындаушысы жауаптылықта болады.
Борышкердің мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдем ақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шотындағы ақшасын, тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктерінде банктік шоттардағы ақшаны, нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаны, клирингтік ұйымның (орталық контрагенттің) кепілдік немесе резервтік қорларына жарналар, маржалық жарналар, қор биржасының сауда жүйесінде ашық сауда-саттық әдісімен және (немесе) орталық контрагенттің қатысуымен жасалған мәмілелер бойынша міндеттемелердің орындалуын толық және (немесе) ішінара қамтамасыз ету болып табылатын қаржы құралдарын өндіріп алуға жол берілмейді.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Инкассолық өкім берілген банктік шотта ақша болмаған не жеткіліксіз болған кезде ақшаны өндіріп алу борышкердің теңгедегі не төлем жасалған күні Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы қызметті реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп айқындаған тәртіппен белгіленетін валютаның нарықтық айырбастау бағамықолданыла отырып, шетелдік валютадағы басқа банктік шотынан (шоттарынан) жүргізіледі. Осы тармақта көзделген жағдайларда инкассолық өкімді сақтау және орындау оның толық орындалуына не клиенттің таратылуына немесе клиенттің банктік шотында бір жылдан астам уақыт ақша болмауына байланысты банктің банктік шотты жабуына дейін борышкердің банктік шоттарына ақшаның түсуіне қарай Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Атқарушылық құжат ішінара орындалған кезде сот орындаушысы атқарушылық құжатқа төленген сома туралы белгі қояды.
59-бап. Инкассолық өкімді кері қайтарып алу
Аумақтық орган басшысының жазбаша келісімімен мемлекеттік сот орындаушысының, сондай-ақ жеке сот орындаушысының инкассолық өкімді кері қайтарып алуы:
1) атқарушылық іс жүргізу осы Заңның 47-бабында көрсетілген негіздер бойынша тоқтатылған;
2) соттың немесе құжатты берген басқа органның талабы бойынша атқарушылық құжат орындалмай қайтарылған;
3) осы Заңның 48-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, атқарушылық құжат өндіріп алушыға қайтарылған жағдайларда;
4) өндіріп алушының инкассолық өкімді кері қайтарып алу туралы арызы бойынша жүргізіледі.
60-бап. Ортақ мүліктегі үлестен өндіріп алу
1. Борышкердің ортақ мүліктегі үлесінен өндіріп алу кезінде сот орындаушысы мүліктің меншік иелеріне хабарлауға және оларға борышкердің ортақ мүліктегі үлесін басымдықпен сатып алу құқығын ұсынуға міндетті. Үлестің құны маманның жазбаша қорытындысы негізінде хабарламада көрсетіледі.
2. Тыйым салынған мүліктің қосалқы меншік иесі басымдықпен сатып алу құқығын іске асыра алатын мерзім Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде айқындалады және борышкердің мүлкіне тыйым салынғаны туралы қосалқы меншік иесіне хабарланған күннен бастап есептеледі.
3. Қосалқы меншік иелеріне хабарлау олардың тұрғылықты (болатын) жерінің белгісіздігі, тұрғылықты жерінде болмауы және басқа да дәлелді себептер салдарынан мүмкін болмаса, ортақ мүліктегі үлесті сату мүлікті тізімдегеннен кейін отыз күн өткен соң жүргізілуі мүмкін.
4. Борышкердің үлесінің мөлшері туралы құжаттар болмаған және (немесе) борышкердің ортақ мүліктегі үлесіне балама нақты мүлікті айқындау мүмкіндігі болмаған кезде ортақ мүлікті бөлу, сондай-ақ осы мүліктегі үлестерді айқындау және борышкердің үлесін бөліп шығару сот орындаушысының арызы не өндіріп алушының талап-арызы бойынша сот тәртібімен жүргізіледі.
5. Ортақ мүліктегі борышкердің үлесін сату осы Заңда көзделген қағидалар бойынша жүргізіледі.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 61-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
61-бап. Өндiрiп алуды қолдануға болмайтын мүлiк
Борышкерге меншiк құқығы негiзiнде тиесiлi немесе оның ортақ меншiктегi үлесi болып табылатын, борышкерге және оның асырауындағы адамдарға қажеттi мүлiктiң мына түрлерiне атқарушылық құжаттар бойынша өндiрiп алуды қолдануға болмайды:
1.Yй жасауының заттары, керек-жарақтар:
1) аң терiсiнен тігілген және басқа да бағалы киім-кешектер (егер ең төмен күнкөрiс деңгейiн қамтамасыз ету үшiн оны алмастыра алатын өзге де киім-кешек бар болса), асхана сервиздерiн, бағалы металдардан жасалған, сондай-ақ көркемдiк құндылығы бар заттарды қоспағанда, пайдаланылып жүрген киім-кешек, аяқ киім, іш киім, төсек-орын жабдығы, ас үй және асхана керек-жарақтары;
2) борышкерге және оның отбасы мүшелерiне ең аз мөлшерде қажеттi жиhаз (әрбір адамға бір төсек пен бір орындықтан, отбасына бір үстел, бір шкаф және бір сандық);
3) балаларға арналған барлық жабдықтар.
2. Егер борышкердiң негiзгi кәсiбi ауыл шаруашылығы болса, борышкер мен оның отбасы үшiн жаңа астыққа дейiн қажетті мөлшердегі тамақ өнiмдерi, шаруашылық құрылыстары және борышкер мен оның отбасының қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға қажеттi мөлшердегі үй малы, сондай-ақ малға арналған жем-шөп, ал басқа жағдайларда - тамақ өнiмдерi және жалпы сомасы ең төменгi жалақыдан аспайтын мөлшердегi ақша.
3. Тамақ даярлауға және отбасының тұрғын үй-жайын жылытуға арналған отын.
4. Борышкер соттың үкімімен белгiлi бір қызметпен айналысу құқығынан айырылған немесе ол құрал-сайманды қылмыс жасау үшiн пайдаланған жағдайларды қоспағанда, борышкердiң кәсiби қызметiн жалғастыруына қажеттi құрал-сайман (оның iшiнде оқу құралдары мен кiтаптар).
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
5. Мүгедектердің жүріп-тұруына арналған арнайы көлік құралдары, мүгедектердің техникалық көмекшi (компенсаторлық) құралдары мен арнайы жүріп-тұру құралдары.
6. Борышкер марапатталған халықаралық, мемлекеттік және өзге де жүлделер.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Клирингтік ұйымның (орталық контрагенттің) кепілдік немесе резервтік қорларына жарналар, маржалық жарналар, қор биржасының сауда жүйесінде ашық сауда-саттық әдісімен және (немесе) орталық контрагенттің қатысуымен жасалған мәмілелер бойынша міндеттемелерді орындалуын толық және (немесе) ішінара қамтамасыз ету болып табылатын мүлік.
Сауда-саттық ұйымдастырушылардың сауда жүйелерінде ашық сауда-саттық әдісімен және (немесе) орталық контрагенттің қатысуымен жасалған репо операциялары бойынша нысана болып табылатын мүлікке осы репо операциялары жабылғаннан кейін ғана өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
2-параграф. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу
62-бап. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында борышкердің мүлкіне, оның ішінде заңда көзделген жағдайларда соттың санкциясымен тыйым салуға міндетті. Бұл ретте, сот орындаушысы өндіріп алуды борышкердің мүлкіне қолданудың кезектілік кағидаларын қолданбауға құқылы.
2. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу осы мүлiкке иелік етуге тыйым салудан, сондай-ақ борышкердiң банктердегi және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақша сомаларын пайдалануға және оларға иелік етуге тыйым салынғанын хабарлаудан тұрады, бұл жөнiнде борышкердiң мүлкiне тыйым салу туралы қаулы шығарылады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.12.12. № 114-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Борышкерге меншiк, шаруашылық жүргiзу және оралымды басқару құқығында тиесiлi мүлiкке, оның қайда және iс жүзiнде кiмнiң пайдалануында екендiгiне қарамастан (Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгiленген шектеулер ескерiле отырып), тыйым салынуы мүмкiн.
Клирингтік ұйымның (орталық контрагенттің) кепілдік немесе резервтік қорларына жарналар, маржалық жарналар, қор биржасының сауда жүйесінде ашық сауда-саттық әдісімен және (немесе) орталық контрагенттің қатысуымен жасалған мәмілелер бойынша міндеттемелердің орындалуын толық және (немесе) ішінара қамтамасыз ету болып табылатын қаржы құралдарына тыйым салуға жол берілмейді.
Банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшаға және басқа да мүлікке тыйым салу туралы сот орындаушысының қаулысында тыйым салынатын ақша сомасы көрсетіледі.
Борышкердің банктік шоттарының бар екендігі туралы ақпарат болған кезде банктік шоттардағы (мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, тұрғын үй төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттарды, тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаны, нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаны қоспағанда) ақшаға және борышкердің банктегі басқа да мүлкіне тыйым салуды сот орындаушысы сот санкциясымен ғана қолданады.
Сауда-саттық ұйымдастырушылардың сауда жүйелерінде ашық сауда-саттық әдісімен және (немесе) орталық контрагенттің қатысуымен жасалған репо операциялары бойынша нысана болып табылатын мүлікке азаматтық сот ісін жүргізу барысында осы репо операциялары жабылғаннан кейін ғана тыйым салынуы мүмкін.
Бұл ретте сот орындаушыларының ақшаға және басқа да мүлікке тыйым салуды қолдану туралы сот санкциялаған қаулылары банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қағаз жеткізгіште немесе атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда жіберілуі мүмкін.
4. Егер борышкер мүлкiнiң басқа тұлғаларда болуы олардың арасында жасалған шартқа байланысты болған жағдайда, басқа адамдардың шарттан туындайтын құқықтарын сақтау мүмкiндiгi туралы және мүлiктi алып қою туралы мәселенi талап-арыз iсін жүргiзу тәртібімен сот шешедi.
5. Сот орындаушысының мүліктен өндіріп алу жөніндегі әрекеттерді жасауына кедергі келтіру, сот орындаушысының тыйым салынған мүлікке билік етуге немесе оны пайдалануға тыйым салуын бұзу, сондай-ақ тыйым салынған мүлікке қатысты өзге де заңсыз іс-әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Борышкердің банктік шотындағы ақшасына атқарушылық санкцияны, орындау жөніндегі шығыстарды және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуді ескере отырып, атқарушылық құжатты орындау үшін қажетті сомада тыйым салынады.
Егер инкассолық өкім негізінде ақшаны өндіріп алу толық көлемде жүргізілген жағдайда, инкассолық өкім орындалған атқарушылык іс жүргізу шеңберінде бүдан бүрын салынған тыйым алып тасталды деп есептеледі, ал тыйым салу туралы қаулы оның бастамашысына қайтарылуға тиіс.
63-бап. Мүлiкке тыйым салу тәртібі
1. Мүлiкке өндiрiп алуды қолдану кезiнде сот орындаушысы оның борышкерге тиесiлi екендiгiн, нақты құнын және ондағы ауыртпалықты анықтайды. Мемлекеттік тiркеуге жатпайтын мүлiктiң кiмге тиесiлi екенiн анықтау қиын болған және бұл мүлiк борышкерге тиесiлi деп жорамалдауға негiздер болған жағдайда, сот орындаушысы оның кімге тиесiлi екендігі анықталғанға дейiн мүлiкке тыйым салуға құқылы.
Егер мүлік борышкерге тиесілі болмаса, онда ол сот орындаушысына тыйым салынған мүліктің тиесілігін белгілейтін қажетті дәлелдемелерді ұсынуға міндетті.
2014.15.01. № 164-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сот орындаушысы мүліктің борышкерге тиесілі екеніне көз жеткізіп, мүлікті тізімдемеге енгізеді, өндіріп алудың мөлшеріне қарай бүкіл мүлікке немесе оның бір бөлігіне тыйым салуды қолданады және тыйым салуды қолдану туралы қаулыны мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын тиісті органдарға қағаз жеткізгіште немесе атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда жібереді.
Бұл ретте жылжымайтын мүлікке қатысты тізімдеме жүргізілмейді.
3. Сот орындаушысы кепiлге салынған мүлiкке тыйым салынғандығы туралы кепiл ұстаушыға хабарлайды.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
4. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындау кезінде сот орындаушысы талап қою талаптарына қарай бүкіл мүлікке немесе мәлімделген талаптың мөлшеріне сәйкес келетін оның бір бөлігіне тыйым салады.
64-бап. Тыйым салынған мүлікті пайдалану тәртібін айқындау
1. Қажет болған жағдайда сот орындаушысы тыйым салынған мүлiкті алып қоюды жүргізуге немесе борышкердің тыйым салынған мүлiкті пайдалану жөніндегі құқықтарын шектеуге құқылы. Шектеудің түрлерін, көлемдері мен мерзімдерін сот орындаушысы әрбір нақты жағдайда осы мүлікке тыйым салудың мақсаттарын, мүліктің ерекшеліктерін, оның меншік иесі немесе қожасы үшін маңызын, шаруашылық, тұрмыстық немесе өзгедей пайдаланылуын және басқа да факторларды ескере отырып айқындайды.
2. Сот орындаушысының мүлiкке билік етуге салған тыйымын бұзу немесе борышкердің тыйым салынған мүлкін пайдалану құқықтарын шектеуді сақтамау атқарушылық құжатта қамтылған талаптарды орындамағаны үшін осы Заңда көзделген салдарларға әкеп соғады.
3. Вексельдерге, түбіртектерге, ұсынушының жинақ кітапшаларына, депозиттік және жинақ сертификаттарына, облигацияларға және борышкерге ақша сомасын төлеу міндеттемесі бар өзге де мүлікке тыйым салу кезінде сот орындаушысы алып қою туралы хаттаманы толтыра отырып, аталған мүлікті алып қояды.
65-бап. Бағалы қағаздарға тыйым салу
1. Құжаттық бағалы қағаздарға тыйым салу олардың тұрған орны бойынша жүргізіледі. Құжатсыз бағалы қағаздарға тыйым салу осы қағаздар иелерінің құқықтарын есепке алу орны бойынша жүргізіледі.
2. Сот орындаушысы бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулы шығарады. Құжаттық бағалы қағаздарға тыйым салу туралы сот орындаушысы осы Заңның 67-бабында белгіленген тәртіппен хаттама да жасайды.
3. Бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулыда тыйым салынған бағалы қағаздардың жалпы саны, олардың түрі, сәйкестендіру нөмірі, осы бағалы қағаздардың эмитенті туралы мәліметтер, бағалы қағаздарды сәйкестендіруге, сондай-ақ олардың борышкерге тиесілілігін анықтауға мүмкіндік беретін басқа да деректер көрсетіледі.
4. Борышкерге тиесілі бағалы қағаздарға тыйым салу борышкердің оларға билік етуіне (сатуға, өз міндеттемелерін немесе үшінші бір адамдардың міндеттемелерін қамтамасыз ету ретінде беруге, өзге де түрде ауыртпалық түсіруге) тыйым салуды білдіреді. Өзге де шектеулерді, оның ішінде борышкердің кіріс алуға құқықтарын және бағалы қағаздармен бекітілген басқа да құқықтарын шектеу кезінде сот орындаушысы белгіленген шектеулерді бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулыда санамалап көрсетуге міндетті.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
5. Бағалы қағаздарға тыйым салу:
1) эмитенттiң (басқарушы компанияның) оларды өтеу, олар бойынша кiрiстердi төлеу, оларды өзге бағалы қағаздарға айырбастау немесе алмастыру жөнiндегi әрекеттер жасауына, егер мұндай әрекеттер тыйым салынған бағалы қағаздарды шығару шарттарында (инвестициялық пай қордың қағидаларында) көзделсе және бағалы қағаздарға тыйым салу туралы қаулыда тыйым салынбаса, кедергi келтiрмейдi. Көрсетілген әрекеттердiң жасалуы туралы эмитент (басқарушы компания, басқарушы) сот орындаушысына дереу хабарлайды;
2) бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамада және осы қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген шарттарда және тәртіппен есеп айырысу кезеңі ішінде мүлікке тыйым салу туралы соттың тиісті ұйғарымын алған кезге дейін қор биржасының сауда жүйесінде жасалған мәмілелер бойынша барлық міндеттемелерді орындауға (немесе барлық есеп айырысуларды, аударымдарды аяқтауға) кедергi келтiрмейдi.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
6. Айырбастау, алмастыру немесе қор биржасында жасалған мәмілелерді орындау нәтижесiнде алынған өзге де қаржы құралдары, егер бұл тыйым салу мақсаттарына қайшы келмесе, тыйым салу туралы қаулы бойынша тыйым салынған бағалы қағаздар секiлдi дәл сол шарттармен тыйым салуда тұрған болып есептеледi. Сот орындаушысы бұрын шығарылған қаулыға қосымша осы Заңның 55-бабының 5-тармағына сәйкес айқындалған берешектiң мөлшерiн ескере отырып, айырбастау, алмастыру немесе қаржы құралдарымен жасалған мәмілелерді орындау нәтижесiнде алынған қаржы құралдарына тыйым салу туралы қаулы шығаруға мiндеттi.
2014.19.03. № 179-V ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды; 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 6-1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6-1. Біріктіру нысанында қайта ұйымдастыру кезінде қайта ұйымдастырылатын банктің акцияларына қамақ салу қайта ұйымдастыру бойынша әрекеттер (өзіне біріктіру жүзеге асырылатын банктің оларды сатып алуы бойынша әрекетті қоса алғанда) жасауға кедергі келтірмейді, сондай-ақ қамақ салынған акциялар бойынша құқықтарды есепке алуды жүзеге асыратын тіркеушінің, орталық депозитарийдің және (немесе) номинал ұстаушылардың тиісті әрекеттер жасауына кедергі келтірмейді.
Өзіне біріктіру жүзеге асырылатын банк біріктірілетін банктің қамақта тұрған акцияларын алғаннан кейін дереу бұл жөнінде сот орындаушысына хабарлайды.
Қамақ салу туралы қаулы бойынша бұрын қамақ салынған акциялардың орнына өзіне біріктіру жүзеге асырылатын банктің қайта ұйымдастырылатын банк акционерлері арасында орналастырылған акциялары, егер бұл қамақ салу мақсаттарға қайшы келмесе, қайта ұйымдастырылатын банктің акцияларына қамақ салу шарттарымен бірдей қамақта деп есептеледі.
Сот орындаушысы бұрын шығарылған қаулыға толықтыру ретінде осы Заңның 55-бабының 5-тармағына сәйкес айқындалатын берешекті ескере отырып, бұрын қамақ салынған акциялардың орнына өзіне біріктіру жүзеге асырылатын банктің орналастыру нәтижесінде алынған акцияларына қамақ салу туралы қаулы шығаруға міндетті.
7. Егер атқарушылық құжатта борышкердің бағалы қағаздар бойынша кіріс алуға құқықтарын шектеу белгіленсе, онда осы бағалы қағаздар бойынша барлық кірістер аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына есептелуге тиіс.
8. Сот орындаушысы тыйым салынған құжаттық бағалы қағаздарды алып қояды және бағалы қағаздарға тыйым салу туралы хаттамаға қол қойғыза отырып, осы хаттаманың көшірмесін сақтаушыға сақтауға береді. Сот орындаушысы осы бағалы қағаздарды кастодианға сақтауға беру туралы шешім қабылдай алады.