5) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын жалпыға бірдей қабылданған халықаралық талаптармен үндестіру.
2. Санитариялық қағидалар, гигиеналық нормативтер, техникалық регламенттер, Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларға қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптары, нұсқаулықтар, әдістемелік ұсынымдар, әдістемелік нұсқаулар, әдістемелер, бұйрықтар, қағидалар мен стандарттар санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттары болып табылады.
3. Санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарын әзірлеу мен бекіту тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
4. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге санитариялық қағидалар, гигиеналық нормативтер, қағидалар, техникалық регламенттер және Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларға қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптары жатады.
5. Мемлекеттік органдар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мәселелерге қатысты нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен бекіту кезінде оларды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісуге міндетті.
95-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
1. Санитариялық қағидалар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді және мыналарға:
1) объектіні салу үшін жер учаскесін таңдауға;
2) жаңа объектілерді жобалауға, салуға, қолданыстағыларын реконструкциялауға, қайта жабдықтауға, қайта жоспарлауға және кеңейтуге, объектілерді жөндеуге және пайдалануға беруге;
3) өндірістік, қоғамдық, тұрғын және басқа да үй-жайларды, ғимараттарды, құрылысжайларды, жабдықты, көлік құралдарын күтіп-ұстау мен пайдалануға;
4) объектілерді сумен жабдықтауға, су бұруға, жылумен жабдықтауға, жарықтандыруға, желдетуге, ауабаптауға;
5) шикізатты қабылдауға, сақтауға, қайта өңдеуге (өңдеуге);
6) тағамдық өнімдерді өндіру, өлшеп орау, тасымалдау, сақтау, өткізу, кәдеге жарату, темекі өнімін кәдеге жарату жағдайларына;
7) иммунологиялық дәрілік препараттарды (иммундық-биологиялық дәрілік препараттарды) өндіру, өлшеп орау, тасымалдау, сақтау, өткізу, кәдеге жарату және жою жағдайларына;
8) ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды (оның ішінде уытты, радиоактивті, биологиялық және химиялық заттарды, улар мен улы заттарды, биологиялық және микробиологиялық организмдер мен олардың токсиндерін, биологиялық заттар мен материалдарды) қолдануға және пайдалануға, кәдеге жаратуға, тасымалдауға, сақтауға, көмуге және олармен жұмыс істеу жағдайларына;
9) адамға әсер ететін физикалық факторлардың көздерімен жұмыс істеу жағдайларына;
10) дәрілік заттарды өнеркәсіптік өндіру жағдайларына;
11) өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімге;
12) шаруашылық-тұрмыстық және гигиеналық мақсаттағы тауарларға және оларды өндіру, кәдеге жарату технологияларына және жоюға;
13) халықтың әртүрлі топтарын тәрбиелеу, оқыту, олардың өмір сүруі және өндірістік практикасы, дене бітімінің дамуы, еңбек етуі, демалуы, тамақтануы, сумен жабдықталуы және медициналық қызмет көрсетілуі жағдайларына;
14) білім беру ұйымдарындағы оқу-еңбек жүктемесі мен сабақтар режиміне;
15) медициналық бұйымдарды стерилизациялау мен дезинфекциялауды жүргізу жағдайларына;
16) халықтың арнайы (балалар, диеталық емдік және диеталық профилактикалық), емдік-профилактикалық, қоғамдық тамақтануын ұйымдастыруға;
17) су көздеріне (шаруашылық-ауызсу мақсаттары үшін су жинау орындарына), шаруашылық-ауызсумен жабдықтауға және мәдени-тұрмыстық су пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне;
18) өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге;
19) дезинфекция, дезинсекция және дератизация құралдарын, жабдықты, материалдар әзірлеуді, сынауды, дайындауды, өндіруді, сақтауды, тасымалдауды, өткізуді, қолдануды, дезинфекциялық қызмет объектілерін күтіп-ұстау мен пайдалануды, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен қауіпсіздігін бақылауды қамтитын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
20) жолаушыларды тасымалдау жағдайларына;
21) объектілерді таратуға, консервациялауға, қайта бейіндеуге;
22) өндірістік бақылауды жүзеге асыруға;
23) еңбек, тұрмыстық қызмет көрсету, медициналық қамтамасыз ету, арнайы диеталық емдік және диеталық профилактикалық тамақтану жағдайларына;
24) халықты гигиеналық тәрбиелеуге және оқытуға;
25) санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғауды жүзеге асыруға, инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын науқастарға қатысты шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізуге, халықты медициналық қарап-тексерулерді, оларға профилактикалық екпелерді жүргізуге;
26) санитариялық қорғау аймақтары мен санитариялық-қорғаныш аймақтарына, санитариялық бөліктерге;
27) жұмыс орындарындағы шудың тұрғын үй, қоғамдық ғимараттардың үй-жайларындағы және тұрғын үй құрылыс салу аумағындағы шудың жол берілетін деңгейінің оңтайлы деңгейлеріне;
28) халыққа профилактикалық екпелерді ұйымдастыруға және жүргізуге, иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер жағдайларын тергеп-тексеруге;
29) инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарының аумағында, сондай-ақ инфекциялық аурулардың ошақтарында дезинфекцияны, дезинсекцияны және дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды қамтиды.
2. Гигиеналық нормативтер зиянды заттардың (химиялық, биологиялық), физикалық әсерлердің жол берілетін шекті шоғырлануының, радиациялық әсердің жол берілетін деңгейлерінің нормативтерін белгілейді, оларды сақтау адамға өмір сүру үшін қолайлы және денсаулыққа қауіпсіз мекендеу жағдайларын қамтамасыз етеді.
3. Гигиеналық нормативтер:
1) жұмыс аймағының микроклиматына, ауа алмасуына, ауасына, өндірістік, тұрғын және басқа да үй-жайлардың, өнеркәсіптік құрылыс салу аумағының физикалық факторларына;
2) өнімнің (тауарлардың) және мекендеу ортасының радиациялық, химиялық, микробиологиялық, токсикологиялық, паразитологиялық қауіпсіздігіне;
3) қалалық және ауылдық елді мекендердегі, өнеркәсіп ұйымдарының аумақтарындағы атмосфералық ауаға;
4) қоршаған ортаға зиянды заттардың физикалық факторларына, жол берілетін шекті шығарындылары мен жол берілетін шекті төгінділеріне;
5) өнімнің, технологиялық жабдықтың жаңа түрлеріне, процестерге белгіленеді.
15-тарау. ИНФЕКЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ ЕМЕС АУРУЛАРДЫҢ ПРОФИЛАКТИКАСЫ
1-параграф. Инфекциялық аурулардың профилактикасы
96-бап. Халықты гигиеналық оқыту
1. Халықтың декреттелген тобын гигиеналық оқыту - инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулардың профилактикасы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер (объектілерді күтіп-ұстау, пайдалану және орналастыру, жеке және қоғамдық гигиенаны сақтау) бойынша білім алушылардың кәсіптеріне сәйкес оқыту.
Гигиеналық оқытуға жататын халықтың декреттелген тобының тізбесін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
2. Гигиеналық оқыту үшін ақы төлеуді декреттелген адамдар дербес не тараптардың келісімі бойынша жұмыс беруші жүзеге асырады.
3. Халықтың декреттелген тобына гигиеналық оқытуды жүргізудің сапасын бақылауды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары:
1) қызметінің басталғаны және тоқтатылғаны туралы хабарламаларды мониторингтеу;
2) гигиеналық оқытуды жүргізу тәртібі мен бағдарламасының сақталуын тексеру;
3) тексерулер, профилактикалық бақылау мен қадағалау барысында декреттелген топқа жататын адамдардың білімін тексеру арқылы жүзеге асырады.
97-бап. Гигиеналық оқыту жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын талаптар
1. Халықтың декреттелген топтарын гигиеналық оқыту жөніндегі қызметті санитариялық-гигиеналық (медициналық-профилактикалық) бейіндегі жоғары білімі бар жеке тұлғалар немесе заңды тұлғалардың өкілдері жүзеге асырады.
2. Жеке және заңды тұлғалар гигиеналық оқытуды жүргізу жөніндегі қызмет басталғанға дейін және тоқтатылғаннан кейін бұл туралы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесін хабардар етуге міндетті.
3. Гигиеналық оқыту жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар:
1) оқытудың сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуге;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді сақтауға;
3) оқытуды халықтың декреттелген топтарының кәсіптеріне сәйкес келетін, оқыту бағдарламаларына сәйкес мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарының негізінде жүргізуге;
4) гигиеналық оқытуды жүргізу тәртібін сақтауға;
5) халықтың әртүрлі декреттелген топтарын гигиеналық оқытуды біріктіруге жол бермеуге міндетті.
98-бап. Туберкулез профилактикасы
1. Туберкулез профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:
1) халық арасында туберкулездің таралуына эпидемиологиялық қадағалау жүргізу;
2) Ұлттық екпелер күнтізбесіне сәйкес вакцина егуді қамтитын өзіндік ерекшелікті профилактика;
3) туберкулезді ерте анықтау;
4) активті туберкулезді және латентті туберкулез инфекциясын емдеу;
5) қоршаған ауа арқылы мекендеу ортасына туберкулез қоздырғышының берілуін болғызбауға бағытталған инфекциялық бақылау шаралары кешенін қолдану;
6) әлеуметтік профилактика: халықтың тұрғын үй-тұрмыстық өмір сүру жағдайларын және тамақтану сапасын жақсарту; психикаға белсенді әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтынуға, темекі шегуге қарсы күрес; халыққа тұрмыста жеке гигиена дағдыларын сіңіру; дене шынықтыру мен спортты дамыту;
7) халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы туберкулез бойынша эпидемиялық ахуал туралы және профилактика шаралары туралы ақпарат беру;
8) халықтың әртүрлі топтары үшін туберкулездің профилактикасы жөніндегі ақпараттық материалдарды әзірлеу мен тарату, оның ішінде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарату;
9) үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік әлеуметтік гранттар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орналастыру және іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
2. Туберкулез профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
99-бап. АИТВ инфекциясының профилактикасы
1. АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:
1) халық арасында, оның ішінде халықтың негізгі топтары арасында АИТВ инфекциясының таралуына эпидемиологиялық қадағалау жүргізу;
2) халықтың әртүрлі топтарына ақпараттық материалдар, әлеуметтік желілер және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы АИТВ инфекциясы мәселелері жөнінде ақпарат беру;
3) АИТВ инфекциясының профилактикасы мәселелерін білім беру жүйесіне және жұмыс орындарында интеграциялау;
4) сенім пункттерінде, достық кабинеттерінде халықтың негізгі топтарына емдеу-профилактикалық көрсетілетін қызметтерді ұсыну арқылы жүзеге асырылады.
Достық кабинеті - АИТВ инфекциясын жұқтырғандарға және халықтың негізгі топтарына жыныстық жолмен берілетін инфекциялық аурулар кезінде еріктілік және құпиялылық қағидаттары бойынша тегін негізде профилактикалық және емдік-диагностикалық көмек берудің арнайы ұйымдастырылған пункті;
5) үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік әлеуметтік гранттар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орналастыру және іске асыру;
6) донорлықтың және трансплантаттаудың, сондай-ақ халыққа тері қабаттары мен сілемейқабық бүтіндігінің бұзылуымен байланысты қызметтер көрсету кезінде инфекциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
7) АИТВ инфекциясының анадан ұрыққа және балаға берілуінің алдын алу;
8) қатынасуға дейінгі және қатынасудан кейінгі профилактиканы ұсыну;
9) АИТВ инфекциясының берілу тәуекелін төмендету үшін диагноз қойылған кезден бастап антиретровирустық терапияны ұсыну арқылы жүзеге асырылады.
2. АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
100-бап. Медициналық қалдықтардың айналысы
1. Медициналық қалдықтар медициналық қызметтер көрсету және медициналық манипуляциялар жүргізу процесінде пайда болатын өндіріс және тұтыну қалдықтарының бір түріне жатады.
2. Медициналық қалдықтар қауіптілік дәрежесі бойынша қауіптіліктің 5 сыныбына бөлінеді:
1) А сыныбы - тұрмыстық қатты қалдықтарға ұқсас, қауіпті емес медициналық қалдықтар;
2) Б сыныбы - қауіпті (эпидемиологиялық жағынан) медициналық қалдықтар;
3) В сыныбы - төтенше (эпидемиологиялық жағынан) қауіпті медициналық қалдықтар;
4) Г сыныбы - құрамы бойынша өнеркәсіптік қалдықтарға жақын, токсикологиялық қауіпті медициналық қалдықтар;
5) Д сыныбы - радиоактивті медициналық қалдықтар.
Б - Д сыныптарының медициналық қалдықтары қауіпті қалдықтар болып табылады.
3. Медициналық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сақтауға, залалсыздандыруға, пайдалануға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін санитариялық қағидаларда айқындалады.
4. Қалдықтардың меншік иелері Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға медициналық қалдықтарды Өндіріс және тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастрына енгізу үшін олармен жұмыс істеу саласындағы жыл сайынғы есеп (бұдан әрі - есеп) түрінде ақпарат береді.
5. Медициналық қалдықтар жөніндегі ақпарат жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 1 наурызға дейін электрондық және (немесе) қағаз жеткізгіштерде беріледі.
6. Қалдықтардың меншік иелері есептер деректерінің толықтығын, үздіксіздігін және анықтығын қамтамасыз етеді.
7. Медициналық қалдықтар жөніндегі ақпаратты беру тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
101-бап. Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, көму және (немесе) пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын талаптар
1. Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, пайдалану жөніндегі қызметті жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2. Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, көму және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар қызмет басталғанға дейін Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен рұқсат беру құжаттарын алуға міндетті.
3. Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, көму және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптарын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
102-бап. Санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар
1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының, халықтың улануының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғауды жүзеге асыру, инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын адамдарға қатысты шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізу бойынша, халықтың декреттелген тобына жататын адамдарды және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін адамдарды медициналық қарап-тексерулерді, профилактикалық екпелерді, гигиеналық оқытуды жүргізу бойынша іс-шаралар жүргізіледі.
2. Санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің әзірленетін құжаттарына енгізілуге жатады.
3. Инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын адамдар, сондай-ақ инфекциялық және паразиттік аурулармен ауырады деп күдік туғызатын адамдар, бактерия таратушылар оқшаулануға және (немесе) емделуге, ал олармен қарым-қатынаста болған адамдар - медициналық байқауға алынуға және қажет болған кезде оқшаулануға және (немесе) емделуге жатады.
4. Айналасындағыларға қауіп төндіретін созылмалы инфекциялық және паразиттік аурулармен (АИТВ инфекциясын жұқтырғандарды қоспағанда) ауыратын адамдар, созылмалы бактерия таратушылар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан уақытша шеттетілуге жатады.
103-бап. Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғау
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде (санитариялық-карантиндік пункттерде) санитариялық-карантиндік бақылауды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері жүргізеді.
2. Әкелуге тыйым салынған қауіпті жүктер мен тауарларды, сондай-ақ санитариялық-карантиндік қадағалау жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелу инфекциялық аурулардың немесе жаппай инфекциялық емес аурулар мен уланулардың пайда болу және таралу қаупін төндіретіні белгіленген жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге жол берілмейді.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде жүк пен тауарды, жолаушыларды радиологиялық бақылауды Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдары жүргізеді.
104-бап. Эпидемиялардың, инфекциялық аурулардың пайда болу қаупі төнген жағдайда шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізу жағдайлары
1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың Қазақстан Республикасының аумағына әкеліну және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралу қаупі төнген жағдайда, Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде немесе Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметтің және халықтың өмір сүруінің ерекше жағдайларымен шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізеді.
2. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) инфекциялық және паразиттік аурулардың таралу қаупі төнген жағдайда, бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметтің және халықтың өмір сүруінің ерекше жағдайларымен шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізеді.
3. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (көліктегі) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың ведомстволық объектілерінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің шешімімен енгізіледі (күшін жояды).
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға (таратылуға) және міндетті түрде орындалуға жатады.
4. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген жағдайларда, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметін үйлестіру жөніндегі жедел басшылық төтенше ахуалдардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияға және төтенше ахуалдар жөніндегі аумақтық комиссияларға жүктеледі.
5. Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру тәртібін және пайда болу және таралу қаупі төнген кезде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілетін инфекциялық аурулардың тізбесін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
6. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин уәкілетті орган белгілейтін, Қазақстан Республикасының аумағына шетелден инфекциялық аурулардың әкеліну және (немесе) инфекциялық аурулар жағдайларының пайда болу тәуекелдерін айқындаудың өлшемшарттарына сәйкес аумақтық ерекшеліктерге, жұқпалылыққа, берілу жолдарына, өлім деңгейіне және инфекциялық аурулар таралуының басқа да эпидемиялық мәні бар факторларына қарай енгізіледі.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды
6-1. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде шектеу іс-шараларының, оның ішінде карантиннің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдар мониторингтік топтар құруы мүмкін.
Құрылған мониторингтік топтар, олардың құрамы және өкілеттіктері туралы ақпарат, сондай-ақ мониторингтік топтың әрекет ету алгоритмі бұқаралық ақпарат құралдарында және жергілікті атқарушы органдардың сайттарында орналастырылады.
Мұндай топтардың қызметі жеке және заңды тұлғалардың инфекциялық аурулардың таралу қатерінің алдын алуға байланысты қоғамдық тәртіпті, санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық және шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді сақтауына мониторинг жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Мониторинг жүргізу тексеру болып табылмайды және мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың өзге нысандарына жатпайды.
Мониторинг жүргізу үшін көрсетілген топтар объектіге барған кезде көрсететін, мониторинг тағайындау туралы электрондық нысандағы актіні алу үшін ақпараттық ресурста алдын ала тіркелуді жүзеге асырады.
Мониторингтік топтардың инфекцияның таралу қатерінің алдын алуға байланысты Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қаулысының және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің бұзылу белгілерін көрсететін фото- және бейнеақпаратты кейіннен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға жіберу үшін, кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысына араласпай және заңды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға кедергі келтірмей, жинауға құқығы бар.
Мониторингтік топтардың құзыретіне әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау жатпайды.
Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде мониторингтік топтың құрамында мониторингтік топтарды құру және мониторинг жүргізу тәртібіне сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның өкілі болған жағдайда, мониторингтік топ шектеу іс-шараларының, оның ішінде карантиннің шарттарын бұзушылықтарды сол жерде, тіпті кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін тоқтата тұруға дейін жолын кесуге құқылы. Бұл жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның өкілі тікелей жүргізеді.
Мониторингтік топтар өз қызметін инфекцияның таралу қатерінің алдын алуға байланысты халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулылары шеңберінде жүзеге асырады.
Кәсіпкерлік субъектісін мониторингтеу нәтижелері бойынша инфекцияның таралу қатерінің алдын алуға байланысты Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның лауазымды адамы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы қаулы береді.
Мониторингтік топтарды құру және мониторинг жүргізу тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
Мониторингтік топтар қызметін жүзеге асырған кезде кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және заңнамасына сәйкес меншікке қол сұғылмаушылықты қоса алғанда, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар.