2019.01.04. № 240-VІ ҚР Заңымен 545-1-баппен толықтырылды
545-1-бап. Кәмелетке толмаған адамды ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру түріндегі тәрбиелiк әсері бар мәжбүрлеу шарасынан мерзімінен бұрын босату
1. Кәмелетке толмаған адам ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру түріндегі тәрбиелiк әсері бар мәжбүрлеу шарасынан кәмелеттік жасқа толуына байланысты, сондай-ақ егер көрсетілген ұйымның қорытындысы негізінде сот кәмелетке толмаған адам өзінің түзелуі үшін осы шараның қолданылуын одан әрі қажет етпейді деген түйінге келсе, мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.
2. Кәмелетке толмаған адам, оның заңды өкілі, қорғаушысы, егер олардың пікірі бойынша кәмелетке толмаған адам өзінің түзелуі үшін осы шараның қолданылуын одан әрі қажет етпейтін болса, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында болуды мерзімінен бұрын тоқтату жөніндегі мәселені қарау туралы өтінішхатты көрсетілген ұйымға мәлімдеуге құқылы.
57-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУДАН АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ МЕН ИММУНИТЕТІ БАР АДАМДАРДЫҢ ІСТЕРІ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
546-бап. Қылмыстық қудалаудан артықшылықтары мен иммунитеті бар адамдардың істері бойынша іс жүргізу ерекшеліктерін қолдану шегі
Осы тарауда көзделген қылмыстық істер бойынша іс жүргізу ерекшеліктері сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуы себебін тіркеу кезінде тиісті лауазымда болуы заңда көзделген негіздер бойынша тоқтатылған адамдарға қолданылмайды.
547-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себебі Бірыңғай тізілімге тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немес аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарлама алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Парламентi депутатының іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.
3. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты өз өкiлеттiктерінің мерзiмi iшiнде қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оны тиiстi Палатаның қолсұғылмаушылықтан айыруға берген келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатын қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентінiң Сенатына немесе Мәжiлiсiне ұсыну енгiзедi. Ұсыну депутатқа күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, депутатты ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатын күзетпен ұстау немесе үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шараларын санкциялау туралы мәселені Нұр-Сұлтан қаласының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысы негізінде шешеді. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
6. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты қылмыстық жауаптылыққа тартуға келiсiм берсе, бұдан кейiнгi тергеп-тексеру осы бапта көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
7. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм берсе, депутатқа осы бұлтартпау, процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселе осы Кодексте белгiленген тәртiппен шешiледi.
8. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты қылмыстық жауаптылыққа тартуға келiсiм бермесе, қылмыстық iс осы негіз бойынша тоқтатылуға жатады.
9. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатқа күзетпен ұстау, үйқамақ, ұстап алу, күштеп әкелу түріндегі бұлтартпау, процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға келiсiм бермесе, оған көрсетілген шараларды қолдануға болмайды. Депутатқа қатысты өзге процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға Парламенттің тиісті Палаталарының келісімі талап етілмейді және олар осы Кодексте белгіленген тәртіппен қолданылуы мүмкін.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 10-бөлік жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен 10-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
10. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты, осы Кодекске сәйкес санкциялануға жататын тергеу әрекеттерін жүргізуге санкцияны Нұр-Сұлтан қаласының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісілген қаулысы негізінде береді.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 11-бөлік жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қараңыз) (бұр.ред.қара)
11. Тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен бірге осы Кодексте белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына беріледі, ол осы Кодекстің 301 - 305-баптарында көзделген әрекеттерді орындайды. Депутатқа қатысты тергеп-тексерілген іс Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жасаған айыптау актісі болған кезде ғана тиісті соттың іс жүргізуіне қабылдануы мүмкін.
Ескертпе. Осы тараудың баптарында қолсұғылмаушылықтан айыру деп қылмыстық жауаптылыққа тартуға және процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға келісім беру түсініледі.
548-бап. Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатқа, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу
1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатқа, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатқа қатысты істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу осы баптың екінші бөлігінде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатты қолсұғылмаушылықтан айыруға келісім беру Орталық сайлау комиссиясынан сұратылады.
549-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себебі Бірыңғай тізілімге тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы немесе мүшесi қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi Төрағасының немесе мүшесiнің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.
3. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы мен мүшесi өз өкiлеттiктерiнiң мерзiмi iшiнде қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оларды Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қолсұғылмаушылықтан айыруға берген келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшесiн қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Парламентiне ұсыну енгiзедi. Ұсыну Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-бөлік өзгертілді
5. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасын немесе мүшесін күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысының негізінде шешеді. Көрсетілген адамдарға қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
6. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмiн алғаннан кейін iс бойынша одан әрі iс жүргiзу осы Кодекстiң 547-бабының алтыншы, жетiншi, сегiзiншi, тоғызыншы, оныншы және он бірінші бөлiктерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
550-бап. Судьяға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себебі Бірыңғай тізілімге тіркелгеннен кейін судьяға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Судья қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.
Судьяға қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры күдік келтірілетін судьяның іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.
3. Судья қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оны - Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз не Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Судьяны қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры - Қазақстан Республикасының Президентіне, ал Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсыну енгiзедi. Ұсыну судьяға күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-бөлік өзгертілді
5. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін судьяны күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысы негізінде шешеді. Судьяға қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
6. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шешімдерін алғаннан кейін іс бойынша одан әрі іс жүргізу осы Кодекстің 547-бабының алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы және он бірінші бөліктерінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
551-бап. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталу себебі Бірыңғай тізілімде тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бірінші орынбасарының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бірінші орынбасарының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бірінші орынбасарының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.
2. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оны Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қолсұғылмаушылықтан айыруға берген келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келісім алу үшін Бас Прокурордың бірінші орынбасары Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсыну енгізеді. Ұсыну Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.
5. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шешімін алғаннан кейін іс бойынша одан әрі іс жүргізу осы Кодекстің 547-бабының алтыншы, жетінші, сегізінші және тоғызыншы бөліктерінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын күзетпен ұстау немесе үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шараларын санкциялау туралы мәселені Нұр-Сұлтан қаласының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары қолдаған қаулысы негізінде шешеді. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен 7-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды оның бірінші орынбасары жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты тергеу мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзартуды Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары жүргізеді.
7-бөліктің екінші абзацы 2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді
Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты, осы Кодекске сәйкес санкциялануға жататын тергеу әрекеттерін жүргізуге санкцияны Нұр-Сұлтан қаласының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарымен келісілген қаулысы негізінде береді.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 8-бөлік жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қараңыз) (бұр.ред.қара)
8. Тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен бірге осы Кодексте белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарына беріледі, ол осы Кодекстің 301 - 304-баптарында көзделген әрекеттерді орындайды. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты тергеп-тексерілген іс Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары жасаған айыптау актісі болған кезде ғана тиісті соттың іс жүргізуіне қабылдануы мүмкін.
2021.29.12. № 91-VII ҚР Заңымен 551-1-баппен толықтырылды
551-1-бап. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталу себебі Бірыңғай тізілімде тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оны бір тәулік ішінде міндетті түрде хабардар ете отырып жалғастырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры хабарламаны алғаннан кейін жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыруға келісім беріп, бұл туралы қаулы шығарады не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелеріне қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жол беруге болмайды.
2. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді, қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа, өзінің өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
3. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді күдікті деп тану, оның іс-әрекеттерін саралау туралы қаулыларды, сондай-ақ ұстап алуды, күштеп әкелуді қолдану, күзетпен ұстау немесе үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шараларын санкциялау туралы өтінішхаттарды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына келісуге жібереді.
4. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді күзетпен ұстау немесе үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шараларын санкциялау туралы мәселені Нұр-Сұлтан қаласының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісілген қаулысы негізінде шешеді. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамаққа алу мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келіскен кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
5. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты тергеу мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзартуды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізеді.
Осы Кодекске сәйкес санкциялануға жататын, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты тергеу әрекеттерін жүргізуге санкцияларды Нұр-Сұлтан қаласының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісілген қаулысы негізінде береді.
6. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен бірге осы Кодексте белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына бередi, ол осы Кодекстің 301 – 305-баптарында көзделген әрекеттерді орындайды. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты тергеп-тексерілген іс Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жасаған айыптау актісі болған кезде ғана тиісті соттың іс жүргізуіне қабылдануы мүмкін.