2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Соттың әрбiр шешiмi бойынша бiр атқару құжаты берiледi. Атқару құжаты өндіріп алушыға беріледі не оның арызы бойынша сот аумағы бойынша тиісті әділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына орындау үшін жібереді.
Өндіріп алушының өтініші бойынша ортақ жауапкерлерден ақшалай сомаларды өндіріп алу туралы соттың шешімі немесе үкімі негізінде ортақ жауапкерлердің санына сәйкес келетін бірнеше атқару парағы берілуге тиіс. Әрбір атқару парағында өндіріп алынатын жалпы сома, барлық жауапкерлер және олардың ортақ жауаптылығы көрсетілуге тиіс.
Егер сот талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдаса, талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде қолданған шаралар және талап қоюды қамтамасыз ету үшiн тыйым салынған мүліктің тұрған жерi және оның сақталуына жауапты адамдар туралы мәлiметтердi қамтитын құжаттардың көшiрмелерi атқару құжатына қоса беріледі. Атқару құжаты электрондық атқару құжаты нысанында жазып берілген жағдайда, талап қоюды қамтамасыз ету туралы құжаттар судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжаттар нысанында қоса беріледі.
Егер атқару әртүрлi орындарда жүргiзiлуге тиіс болса не егер шешiм бiрнеше талап қоюшының пайдасына немесе бiрнеше жауапкерге қарсы шығарылса, сот өндiрiп алушылардың өтiнiшi бойынша атқару орнын не осы атқару құжаты бойынша орындалуға тиiс шешiмнiң сол бөлiгiн дәл көрсете отырып, бiрнеше атқару құжатын жазып береді.
Сот атқару құжатына сот актiсiнiң көшiрмесiн не соттың мөрiмен куәландырылған оның үзiндi көшірмесін қоса береді. Атқару құжаты электрондық атқару құжаты нысанында жазып берілген жағдайда, сот актісінің көшірмесі не оның үзiндi көшірмесі судьяның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында қоса беріледі.
6. Сот процестік құқық мирасқорлығы туралы ұйғарым шығарған жағдайда сот шешімі шығарылғаннан және ол орындауға жіберілгеннен кейін жаңа борышкер көрсетіле отырып, атқару құжаты жазып беріледі.
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 7-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Сот орындаушысы атқару құжаты орындалған жағдайда шешiм шығарған сотты бұл туралы он жұмыс күнi iшiнде хабардар етуге не «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген орындау мерзімі өткен соң орындалмау себептерi туралы ақпарат беруге міндетті. Мәжбүрлеп орындатуға атқару құжаты ұсынылғанға дейін сот шешімін орындаған борышкер шешім шығарған сотты бұл туралы үш жұмыс күні ішінде хабардар етуге тиіс.
Сот атқарушылық құжатты аумағы бойынша тиісті әділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жіберген немесе егер атқарушылық құжат өндіріп алушыға сот шешімінің орындалуы туралы хабарланғанға дейін берілген жағдайда, борышкер өндіріп алушыны хабардар етеді.
8. Соттың заңды күшіне енген шешімін орындамау заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
242-бап. Соттың атқару парағының немесе сот бұйрығының телнұсқасын беруі
1. Атқару парағының немесе сот бұйрығының төлнұсқасы (бұдан әрі - атқару құжаттары) жоғалған жағдайда шешім немесе сот бұйрығын шығарған сот өндіріп алушының арызы немесе сот орындаушысының ұсынымы, әділет органының өтінішхаты бойынша атқару құжаттарының телнұсқаларын бере алады.
2. Атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арыз атқару құжатын орындауға ұсыну үшін белгіленген мерзім өткенге дейін сотқа берілуі мүмкін.
Егер атқару құжаты орындау барысында жоғалған болса және бұл туралы өндіріп алушыға оны орындауға беру үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін белгілі болса, атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арыз атқару құжатының жоғалғаны туралы өндіріп алушыға белгілі болған күннен бастап бір ай ішінде сотқа берілуі мүмкін.
3. Сот атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арызды ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.
Атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арыз іске қатысатын адамдарға отырыстың өткізілетін уақыты мен орны хабарлана отырып, сот отырысында қаралады, алайда олардың келмеуі телнұсқаны беру туралы мәселені шешуге кедергі болмайды.
4. Атқару құжатының телнұсқасын беру туралы арызды қарау кезінде сот атқару құжатының жоғалғаны туралы дәлелдемелерді тексереді және зерттейді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
243-бап. Дереу орындалуға жататын шешiмдер
Мынадай:
1) алименттер алып беру туралы;
2) қызметкерге жалақыны, бiрақ үш айдан аспайтын жалақыны алып беру туралы;
3) жұмысқа қайта орналастыру туралы;
4) денсаулыққа зақым келуден, сондай-ақ асыраушысынан айрылуынан келтірілген зиянды, бiрақ үш айдан аспайтын зиянды өтеу туралы;
5) ереуiлдi заңсыз деп тану туралы;
6) қаржы ұйымдарын және банк конгломератына бас ұйым ретінде кiретiн және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы;
7) Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремистік немесе террористік әрекетті жүзеге асыратын ұйымды экстремистік немесе террористік деп тану туралы, оның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы;
8) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда басып шығарылатын, әзірленетін және (немесе) таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы;
9) астық қабылдау кәсіпорнын немесе мақта өңдеу ұйымын уақытша басқаруды енгізу, ұзарту және мерзімінен бұрын аяқтау туралы;
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10) берешекті қайта құрылымдау туралы;
11) борышкерді банкрот деп тану туралы шешiмдер дереу орындалуға тиiс.
244-бап. Соттың шешiмдi дереу орындауға жiберу құқығы
1. Егер айрықша мән-жайлардың салдарынан шешiмдi орындаудағы кiдiрiс өндiрiп алушы үшін елеулi нұқсан келтіруі мүмкін болса немесе шешiмдi орындау мүмкiн болмайтын болса, сот талап қоюшының өтiніші бойынша шешiмдi дереу орындауға жiбере алады.
2. Шешiмді дереу орындауға жол берілген кезде сот талап қоюшыдан сот шешiмiнiң күшi жойылған жағдайда шешiмнiң орындалуын бұруды қамтамасыз етудi талап ете алады.
3. Шешiмдi дереу орындауға жіберу туралы мәселе, егер ол шешiм шығарылған кезде шешiлмесе, сот отырысында қаралады. Iске қатысатын тұлғалар отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуi сот шешiмiн дереу орындау туралы мәселені шешу үшін кедергi болмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Шешiмдi дереу орындау туралы мәселе бойынша соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкiн, оның шешімі түпкілікті болып табылады. Шешiмдi дереу орындау туралы ұйғарымға жеке шағым беру, прокурордың өтінішхат келтіруі осы ұйғарымның орындалуын тоқтата тұрады.
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 245-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
245-бап. Шешiмнiң орындалуын қамтамасыз ету
Сот дереу орындалуға жiберiлмеген шешiмдi орындауды осы Кодекстің 15-тарауының қағидалары бойынша қамтамасыз ете алады.
Сот атқару парағын аумақ бойынша тиiстi әділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына орындау үшiн жiбергенге дейiн осы әрекеттердi жүргiзедi.
246-бап. Сот шешiмiн орындауды кейiнге қалдыру және оның мерзiмiн ұзарту, оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту, татуласу келiсiмiн немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекiту
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Іс бойынша шешім немесе сот бұйрығын шығарған сот, сондай-ақ шешім орындалатын жердегі сот, егер атқарушылық әрекеттер жасауды қиындататын немесе мүмкiн емес ететiн мән-жайлар туындаса, сот орындаушысының өтінішхаты бойынша және (немесе) тараптардың арызы бойынша атқарушылық iс жүргiзуде оны орындау тәсiлiн немесе тәртiбiн өзгертуі, атқарушылық iс жүргiзуде тараптардың арызы бойынша сот шешімін орындауды кейінге қалдыруы немесе оның мерзімін ұзартуы мүмкін.
2. Атқарушылық іс жүргізу тараптарының арызы бойынша сот олардың арасында жасалған татуласу келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітуге құқылы.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Атқарушылық іс жүргізуде сот орындаушысының өтінішхаты немесе тараптардың арызы, сондай-ақ олардың арасында жасалған татуласу келісімі немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сот отырысында қаралады. Іске қатысатын адамдар отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуі өтінішхатты немесе арызды шешуге кедергі болып табылмайды.
Сот шешiмiн орындауды кейiнге қалдыру және оның мерзiмiн ұзарту, оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту, татуласу келiсiмін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекiту туралы арызды, өтінішхатты сот арыз сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Соттың осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген:
осы Кодекстің 238-бабының үшінші бөлігінде белгіленген тәртіппен сот шешiмiн орындауды кейiнге қалдыру, оның мерзiмiн ұзарту туралы, оны орындау тәсілі мен тәртiбiн өзгерту туралы;
осы Кодекстің 177-бабының жетінші бөлігіне сәйкес татуласу келiсiмін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекiту туралы ұйғарымдарына жеке шағымдар берілуі, прокурор өтінішхаттар келтіруі мүмкін.
247-бап. Сот шешiмiн орындауды бұру
1. Заңды күшіне енген, толық немесе бір бөлігінде орындалған бірінші сатыдағы сот шешiмiнің, апелляциялық және кассациялық сатылардағы сот қаулысының күшi жойылған және сот талап қоюдан толық немесе оның бір бөлігінен бас тарту туралы жаңа шешiм шығарған жағдайда талап қоюшыдан күшi жойылған шешiм бойынша ол алғанның барлығы өндiрiп алынады (шешiмнiң орындалуын бұру).
2. Шешiмнiң орындалуын бұру орындалған сот шешімі толық немесе бір бөлігінде күшін жойған және іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы ұйғарым немесе талапты қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылған жағдайда да жүргізіледі.
248-бап. Сот шешiмінiң орындалуын бұру туралы арызды қарау
1. Бұрын шығарылған шешім толық немесе бір бөлігінде орындалған іс бойынша жаңа шешiм шығарған сот шешімнің орындалғаны туралы дәлелдемелер ұсынылған кезде жаңа шешімде жауапкердің орындалуды бұру туралы арызын қарайды және шешеді.
2. Егер сот iстi жаңадан қараған кезде күшi жойылған шешiм бойынша орындалуды бұру туралы мәселені шешпесе, жауапкер шешiмнің орындалуын бұру туралы арызбен бірінші сатыдағы сотқа жүгінуге құқылы.
3. Сот шешiмінiң орындалуын бұру туралы арызды ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. Арыз талап қоюшы мен жауапкерді, ал қажет болған кезде, сотқа күші жойылған сот шешімінің орындалуы туралы мәліметтерді табыс етуге тиіс әділет органын да хабарландыра отырып, жеке сот отырысында қаралады.
Көрсетілген тұлғалардың сот отырысына келмеуі орындалуды бұру туралы арызды шешу үшін кедергі болмайды. Сот шешімі орындауда жатқан жағдайда іс жүргізуінде тиісті атқарушылық ісі жатқан сот орындаушысы сот отырысына келуге және оны сотқа ұсынуға міндетті.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Шешiмнiң орындалуын бұру туралы бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкiн, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
249-бап. Сот орындаушысының ұсынымдарын қарау
1. Сот орындаушысының ұсынымында атқарушылық іс жүргізу тараптарының деректемелері мен орналасқан жері, оны қозғау күні, атқарушылық құжаттың орындалу барысы туралы мәліметтер, өтініштің негіздері қамтылуға тиіс.
Ұсыным көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген, сондай-ақ сот орындаушысы ұсынымды қайтарып алу туралы арыз берген жағдайда, сот ұсынымды оған қоса берілген құжаттармен қоса қайтарады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік өзгертілді
2. Сот орындаушысының ұсынуын борышкердің тұрғылықты (тұрған) жері бойынша судья ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде шешеді. Сот борышкерді және өндіріп алушыны сот орындаушысының келіп түскен ұсынуы туралы хабарландырады, сот отырысының өткізілетін уақыты мен орнын хабарлайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісінше хабарландырылған борышкердің немесе өндіріп алушының келмей қалуы істі қарауға кедергі болып табылмайды. Судья сот орындаушысының ұсынуын қарап, ұйғарым шығарады, оған жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
Сот ұйғарымының көшірмесі борышкер мен өндіріп алушыға үш жұмыс күні ішінде салып жіберіледі.
250-бап. Сот орындаушысының әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасау
1. Өндiрiп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық iс жүргiзу процесіндегi атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі, оның ішінде сауда-саттықты даулау жөніндегі әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) не осындай әрекеттерді жасаудан бас тартуына шағым беруі мүмкiн.
Шағым әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабардар етілмеген өндiрiп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгiлi болған күннен бастап он жұмыс күні iшiнде аумақтық учаскенің сот орындаушысы қызмет көрсететін аудандық (қалалық) сотқа не жеке сот орындаушысының тіркелген жері бойынша берiледi. Егер сот орындаушысы қызмет көрсететін аумақтық учаске не жеке сот орындаушысы тіркелген жер атқарушылық әрекеттер жасалатын жермен бір елді мекенде болса, шағым атқарушылық әрекеттер жасалатын жер бойынша беріледі.
Жоғары тұрған органдарға және жоғары тұрған лауазымды адамға бағыныштылық тәртiбiмен алдын ала жүгiну сотқа шағым беруге кедергі болмайды.
2. Сот шағымды істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. Істі сот талқылауына дайындау осы Кодекстің 165-бабының қағидалары бойынша он жұмыс күні ішінде жүргізіледі, оны ұзартуға жол берілмейді.
Сот өндіріп алушыны, борышкерді және сот орындаушысын сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырады, алайда олардың келмеуі шағымды шешу үшін кедергі болмайды.
2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Сот шағымды негізді деп танып, сот орындаушысының әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тану туралы шешім шығарады және оны жол берілген бұзушылықты толық көлемде жоюға не өндіріп алушының немесе борышкердің бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін өзге тәсілмен қалпына келтіруге міндеттейді.
Шешімнің көшірмесі аумағы бойынша әділет органына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жіберіледі.
Егер көрсетілген әрекеттерді тек сот орындаушысы ғана жасауы мүмкін болса, сот шешімде жол берілген бұзушылықтар жойылуға тиіс мерзімді белгілейді.
4. Сот, егер шағым жасалып отырған әрекеттер (әрекетсiздiк) сот орындаушысының өкiлеттiктерi шегiнде заңға сәйкес жасалғанын және борышкер мен өндiрiп алушы құқықтарының, бостандықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерiнiң бұзылмағанын анықтаса, сот шағымды қанағаттандырудан бас тартады.
5. Шешiмнiң орындалғаны туралы сотқа, өндіріп алушыға немесе борышкерге сот белгілеген мерзімде не соттың шешімі алынған күннен бастап бiр айдан кешіктірмейтін мерзiмде хабарлануға тиiс.
6. Сот орындаушысының мүлікті бағалауға байланысты, сондай-ақ мүлікті бағалау туралы есепті қабылдау не қабылдаудан бас тарту туралы әрекетіне осы бапта белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 250-1-баппен толықтырылды
250-1-бап. Атқарушылық іс жүргізуде борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану
1. Сот шешімін мәжбүрлеп орындау барысында берешекті өзге мүлік есебінен өтеу мүмкін болмаған кезде не мүлік жеткіліксіз болған кезде өндіріп алушы не сот орындаушысы борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
Сот борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы арызды осы мүліктің орналасқан жеріндегі сотқа арыз келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. Сот өндіріп алушыға, борышкерге және сот орындаушысына сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарлайды, алайда олардың келмеуі арызды шешу үшін кедергі болып табылмайды. Сот арызды қарау нәтижелері туралы ұйғарым шығарады.
2. Өндіріп алушының немесе сот орындаушысының арызы мазмұны бойынша осы Кодекстің 148-бабының екінші бөлігі 1), 2), 3), 5), 7) және 8) тармақшаларының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
Өндіріп алушының немесе сот орындаушысының сотқа берілген арызы осы баптың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, ол осы Кодекстің 152-бабының екінші бөлігінде белгіленген тәртіппен қараусыз қайтарылуға жатады.
3. Осы баптың қағидалары бойынша, борышкер болып табылмайтын кепіл берушінің жылжымайтын мүлкіне не егер жылжымайтын мүлікті борышкер ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша сатып алған болса, өндіріп алуды қолдану туралы өндіріп алушының арызы қаралуға жатпайды.
4. Борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану не өндіріп алуды қолданудан бас тарту туралы сот ұйғарымына жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін.
251-бап. Шешiмдi орындаған кезде басқа тұлғалардың құқықтарының қорғалуы
1. Сот орындаушысы мүлiкке тыйым салу iсiн жүргiзу кезiнде мүлiктiң борышкерге немесе басқа тұлғаларға тиесiлi болуына қарамастан тыйым салудың күшiн жоюға негiз болып табылатын заң бұзушылыққа жол берген жағдайда, сот басқа да тұлғалардың мүлiкке тыйым салудың күшiн жою туралы арыздарын осы Кодекстiң 250-бабында көзделген тәртiппен қарайды. Мұндай арыздар тыйым салынған мүлiктi өткізгенге дейiн берiлуi мүмкiн.
Өндiрiп алу қолданылған мүлiктiң тиесiлiлігiне байланысты құқық туралы дауды басқа тұлғалар әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап он жұмыс күні ішінде немесе адамға бұл туралы белгілі болған күннен бастап мәлiмдеуі мүмкін. Мұндай талаптарды сот талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша қарайды.
2. Меншiк иелерi немесе мүлiкке шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару, жалға алу, тұрақты жер пайдалану құқығымен не заңда немесе шартта көзделген өзге де негiз бойынша иелiк ететiн тұлғалар мүлiкті тыйым салудан босату (тізімдемеден алып тастау) туралы талап қоюлар бере алады.
3. Мүлiкті тыйым салудан босату туралы талап қоюлар борышкерге және өндiрiп алушыға беріледі.
4. Егер сот орындаушысы мүлiкке тыйым салуды тәркiлеуге жататын нәрселер көрсетілмеген, мүлiктi тәркiлеу туралы үкімді, қаулыны орындау шеңберінде жүргiзсе, сотталған адам және мемлекеттік меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға уәкiлеттi тиiстi орган жауапкер ретiнде тартылады.
Талап қою талаптары негiздi деп танылған жағдайда, егер тәркiленуге тиiсті мүлiк мемлекеттік меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруға уәкiлеттi органда болса және ол оны сауда ұйымдарына, басқа ұйымдарға сату, қайта өңдеу үшiн не өтеусiз берілсе, онда осы мүлiк заттай түрде қайтарылуға жатады. Мұндай жағдайда мемлекеттік меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға уәкiлеттi органнан басқа көрсетілген сауда ұйымдары және басқа да ұйымдар iске қатысуға тартылады. Егер осы ұйымдар тізімдемеден алып тасталуға тиісті мүлікті сатпаған болса, онда оларға мүлікті заттай түрінде қайтару жөнінде міндет жүктеледі.
5. Судья мүдделi тұлғалардың арызына қарамастан, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мән-жайларды анықтап, арызды осы Кодекстің осы бабында және 250-бабында белгіленген тәртіппен қараған кезде мүлікті тыйым салудан босатуға (тізімдемеден алып тастауға) міндетті.
6. Егер мүлiктi тәркiлеуге байланысты тыйым салу жүргiзiлген мүлiк өткізілген немесе қайта өңдеуге жiберiлген болса, арызды осы Кодекстің осы бабында және 250-бабында белгіленген тәртіппен қараған кезде талап қоюшыға мүлiктi өткізуден түскен сома өтеледi.
252-бап. Сот орындаушысының қаулысын санкциялау
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2019 ж. 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Заңда белгіленген жағдайларда сот орындаушысы соттың не прокурордың санкциялауына жататын атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулы шығарады. Қаулыда санкцияланатын әрекеттерді қабылдау қажеттілігін туғызған уәждер мен негіздер жазылуға тиіс.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2019 ж. 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Соттың не прокурордың санкциялауына жататын қаулыны сот орындаушысы атқарушылық әрекеттер жасалған жердегі сотқа не прокурорға ұсынады. Қаулыға санкцияланатын әрекеттерді қабылдаудың негізділігін растайтын атқарушылық іс жүргізу материалдары қоса беріледі.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2019 ж. 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Сот орындаушысының қаулысын сот не прокурор материалдар санкциялауға келіп түскен кезден бастап үш жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (2019 ж. 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Сот орындаушысының қаулысын және оған қоса берілген атқарушылық іс жүргізу материалдарын қарап, сот немесе прокурор атқарушылық әрекеттерді жасауға санкция береді не санкция беруден бас тартады.
Санкция беру сот орындаушысының қаулысына судьяның не прокурордың қолтаңбасымен расталатын «Санкциялаймын» деген сот, прокурор мөртабанын басу арқылы жүзеге асырылады. Санкция беруден бас тартқан жағдайда, атқарушылық әрекеттерді жүргізуге санкция беруден бас тарту туралы - судья ұйғарым, ал прокурор қаулы шығарады.
Сот орындаушысының электрондық құжат нысанында ұсынылған қаулысына санкция беруді сот немесе прокурор судьяның не прокурордың электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландыру арқылы жүзеге асырады. Санкция беруден бас тартқан жағдайда, электрондық құжат нысанында судья - санкция беруден бас тарту туралы уәжді ұйғарым, ал прокурор қаулы шығарады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 24 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-бөлік өзгертілді
5. Сот орындаушысының атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы сот не прокурор санкциялаған қаулысына осы Кодекстің 250-бабында көзделген қағидалар бойынша шағым жасалуы мүмкін.
Атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулыға санкция беруден бас тарту туралы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
Прокурордың қаулысына заңда белгіленген тәртіппен жоғары тұрған прокурорға не сотқа шағым жасалуы мүмкін.
20-тарау. ТӨРЕЛІК ШЕШІМДІ ОРЫНДАУ
253-бап. Төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату
1. Егер төрелік шешiм онда белгiленген мерзiмде ерiктi түрде орындалмаған жағдайда, өз пайдасына төрелік шешім шығарылған төрелік талқылау тарапы (өндiрiп алушы) төрелік шешімді мәжбүрлеп орындату туралы арызбен төреші дауды қараған жердегi не борышкердің тұрғылықты жеріндегі немесе заңды тұлғаның органы орналасқан жердегі, егер тұрғылықты жері немесе орналасқан жері белгісіз болса, онда борышкердің мүлкі орналасқан жердегі сотқа жүгiнуге құқылы.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Атқару парағын беру туралы арыз осы Кодекстің 148-бабының екінші бөлігі 1), 2), 3), 5), 7) және 8) тармақшаларының және төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес келуге тиіс.
Атқару парағын беру туралы арызға:
1) төрелік шешімнің төлнұсқасы немесе көшірмесі қоса тіркеледі. Тұрақты жұмыс істейтін төрелік шешімінің көшірмесін осы төрелік басшысы куәландырады, төрелік шешімнің көшірмесі нақты дауды шешу үшін нотариаттық куәландырылуға тиіс;
2) заңда белгіленген тәртіппен жасалған төрелік келісімінің төлнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі қоса беріледі.
Сотқа берілген арыз осы баптың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, ол осы Кодекстің 152-бабының екінші бөлігінде белгіленген тәртіппен қараусыз қайтарылуға жатады.
3. Атқару парағын беру туралы арыз төрелік шешімді ерiктi түрде орындауға арналған мерзiм аяқталған күннен бастап үш жылдан кешiктiрмей берiлуi мүмкiн.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)