6. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның Ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бюро функцияларын жүзеге асыратын ведомстволық бағынысты ұйымы 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ең үздік қолжетімді техникаларды қолданудың барлық саласы бойынша ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтарды әзірлеуді қамтамасыз етеді.
Елді мекендердің орталықтандырылған су бұру жүйелерін пайдалана отырып, сарқынды суларды тазартуға немесе басым түрде елді мекендерді энергиямен жабдықтау мақсатында жылу және (немесе) электр энергиясын өндіруге арналған, жұмыс істеп тұрған I санаттағы объектілерге қатысты ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтарды әзірлеу кезінде осындай объектілердің техникалық және технологиялық ерекшеліктері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының көрсетілген I санаттағы объектілерде енгізу үшін ең үздік қолжетімді техникалардың техникалық және экономикалық қолжетімділігін негіздейтін экономикалық және әлеуметтік жағдайлары қосымша ескерілуге тиіс.
7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган 2023 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей қолданылуының барлық саласы бойынша ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларды бекітуді қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларды бекіткенге дейін объектілердің операторлары кешенді экологиялық рұқсат алған және технологиялық нормативтерді негіздеген кезде Қоршаған ортаның ластануын кешенді бақылау және болғызбау жөніндегі Еуропа бюросы шеңберінде әзірленген, қолдануының тиісті салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі анықтамалықтарға, сондай-ақ қолданылуының тиісті салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларды бекіту туралы Еуропа комиссиясының шешімдеріне сілтеме жасауға құқылы.
Осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес берілген кешенді экологиялық рұқсаттар оларда белгіленген технологиялық нормативтер қолдануының тиісті салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі бекітілген қорытындыларда белгіленген ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты технологиялық көрсеткіштерге сәйкес келген жағдайда жарамды болады және қолданылу мерзімі ішінде өз күшін сақтайды.
8. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап І немесе II санаттағы объектілерге жатқызылған объектілерде қызметін жүзеге асыратын операторлар 2021 жылғы 1 шілдеге дейін алған қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар, эмиссиялар нормативтері (бұдан әрі - рұқсаттар мен құжаттар) осындай рұқсаттар мен құжаттардың қолданылу мерзімі өткенге дейін не осы Кодекске сәйкес экологиялық рұқсат алынған күнге дейін қолданылады.
9. 2021 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген және осы баптың 3-тармағына сәйкес осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап III санаттағы объектілерге жатқызылған объектілердің операторлары 2021 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны ұсынуға міндетті.
10. Осы баптың 3-тармағына сәйкес:
IІІ санаттағы объектілерге жатқызылған объектілердің операторлары алған қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттардың, эмиссиялар нормативтерінің қолданысы - осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация берілген күннен бастап тоқтатылады;
IV санаттағы объектілерге жатқызылған объектілердің операторлары алған қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттардың, эмиссиялар нормативтерінің қолданысы - 2021 жылғы 1 шілдеге бастап тоқтатылады.
11. Стационарлық көздің және (немесе) жұмыс істеп тұрған I санаттағы объектіде орналасқан стационарлық көздер жиынтығының осы Кодекске сәйкес кешенді экологиялық рұқсатта белгіленген эмиссиялар нормативтерін (мемлекет қоршаған орта сапасының неғұрлым қатаң нормативтерін немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін енгізген кезде) және (немесе) технологиялық нормативтерді сақтауы мүмкін болмаған кезде кешенді экологиялық рұқсатқа қосымша ретінде он жылдан аспайтын мерзімге экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасы келісіледі. Осындай I санаттағы объектіге қатысты экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын орындау кезеңіне кешенді экологиялық рұқсат алуға өтініш берілген күнге қолданыста болатын экологиялық рұқсатқа және мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысына (ол болған кезде) сәйкес эмиссиялар нормативтері қолданылады. Осы Кодекстің 119-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген жағдайда мұндай эмиссиялар нормативтері экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасында көзделген қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді кезең-кезеңімен төмендету көрсеткіштері ескеріле отырып қолданылады. Қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді кезең-кезеңімен төмендетудің әрбір тиісті көрсеткішіне қол жеткізілгеннен кейін мұндай көрсеткіш оператор үшін міндетті норматив болады.
Стационарлық көздің және (немесе) жұмыс істеп тұрған I немесе II санаттағы объектіде орналасқан стационарлық көздер жиынтығының осы Кодекске сәйкес әсер етуге арналған экологиялық рұқсатта белгіленген эмиссиялар нормативтерін (мемлекет қоршаған орта сапасының неғұрлым қатаң нормативтерін немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін енгізген кезде) сақтауы мүмкін болмаған кезде әсер етуге арналған экологиялық рұқсатқа қосымша ретінде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары келісіледі. Осындай объектіге қатысты қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау кезеңіне әсер етуге арналған экологиялық рұқсат алуға өтініш берілген күнге қолданыста болатын экологиялық рұқсатқа және мемлекеттік экологиялық сараптаманың (ол болған кезде) қорытындысына сәйкес эмиссиялар нормативтері қолданылады. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарында қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының қолданылу кезеңінде объектінің операторы қол жеткізуге тиіс қоршаған ортаға теріс әсер етуді төмендету көрсеткіштері және осындай көрсеткіштерге кезең-кезеңімен қол жеткізу графигі қамтылуға тиіс. Қоршаған ортаға теріс әсер етуді кезең-кезеңімен төмендетудің әрбір тиісті көрсеткішіне қол жеткізілгеннен кейін мұндай көрсеткіш оператор үшін міндетті норматив болады.
Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау мерзімі әсер етуге экологиялық рұқсат беру мерзіміне сәйкес келуге тиіс және ұзартылуға жатпайды.
Осы Кодекске сәйкес кешенді экологиялық рұқсатта белгіленген эмиссиялар нормативтерін және (немесе) технологиялық нормативтерді сақтау тиісті эмиссиялар нормативтеріне, технологиялық нормативтерге қол жеткізу мерзімі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап жұмыс істеп тұрған I санаттағы объектінің операторы үшін міндетті болады.
Осы Кодекске сәйкес әсер етуге арналған экологиялық рұқсатта белгіленген эмиссиялар нормативтерін сақтау тиісті эмиссиялар нормативтеріне қол жеткізу мерзімі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап оператор үшін міндетті болады.
Осы бапта жұмыс істеп тұрған объектілер деп осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін пайдалануға берілген объектілер түсініледі.
12. Тиісті экологиялық рұқсатқа қосымша болып табылатын бекітілген графикке сәйкес осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап I санаттағы объектілер үшін - он жыл немесе II санаттағы объектілер үшін үш жыл ішінде пайдаланудан түпкілікті шығарылуға жататын I немесе II санаттағы объектілерге қатысты 2021 жылғы 1 шілдеге қолданыста болатын қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатқа сәйкес эмиссиялар нормативтері қолданылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес І немесе II санаттағы объектілерді пайдаланудан шығару жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру кезеңіне қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларына эмиссиялар нормативтеріне қол жеткізу жөніндегі іс-шараларды енгізу және экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламаларын әзірлеу талап етілмейді.
13. Осы Кодекстің 22-бабының 5-тармағы 3) тармақшасының мақсаттары үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган 2024 жылғы 1 шілдеден кешіктірілмейтін мерзімде тиісті нұсқаулық-әдістемелік құжаттарды, оның ішінде ауыр металдар мен жойылуы қиын органикалық ластағыштардың эмиссияларын есептеу әдістемесін бекітеді.
14. Осы Кодекстің міндетті стратегиялық экологиялық бағалауды жүргізуге қатысты ережелері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
15. Жұмыс істеп тұрған І санаттағы объектілерге қатысты осы Кодекстің 147-бабының 5 және 6-тармақтарында белгіленген мерзімдер 2021 жылғы 1 шілдеден басталады.
16. 2021 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген объектілерге қатысты осы Кодекстің эмиссиялардың автоматтандырылған мониторингі жүйесінің міндетті болуы туралы талабы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.
17. 2021 жылғы 1 шілдеге дейін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындылары берілген металлургиялық бөліністің қалдықтарын көмудің жұмыс істеп тұрған полигондарына қатысты осы Кодекстің 353-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларының талаптарын полигон шекарасынан тұрғын және рекреациялық аймақтарға, су объектілеріне, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге және елді мекендерге дейінгі қашықтықты, жерасты, жерүсті суларының және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінің болуын ескеру бөлігінде қолдану 2036 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрады.
2021 жылғы 1 шілдеге дейін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындылары берілген тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын жинап қоюдың жұмыс істеп тұрған объектілеріне, металлургиялық бөліністің қалдықтарын жинақтау орындары мен көму полигондарына қатысты осы Кодекстің 238-бабы 5-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларының талаптарын елді мекендерде орналастыруға тыйым салу, су объектілері мен олардың су қорғау аймақтарына, ызасудың тұру деңгейіне қатысты орналастыру, сүзуі әлсіз топырақтың, жергілікті жерде беткейдің және инженерлік сүзуге қарсы қорғаудың болуы бөлігінде қолдану 2036 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрады.
Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген қалдықтардың полигондары мен жинап қою объектілерін реконструкциялауға (кеңейтуге) қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізілгеннен, экологиялық рұқсат алынғаннан (кешенді экологиялық рұқсат болған кезде - оны қайта қарағаннан) кейін және оператордың қоршаған ортаға әсер етуге мониторинг жүргізу туралы міндеттемесі ескеріле отырып, қоршаған ортаға жағымсыз әсер ету анықталған кезде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен осындай әсер етуді болғызбау мақсатында қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қосымша шаралар келісілгеннен кейін жол беріледі.
18. 2021 - 2025 жылдар аралығындағы кезеңге арналған көміртегі бюджеті 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін әзірленеді және бекітіледі.
2022 - 2025 жылдар аралығындағы кезең 2021 жылғы 1 шілдеден кейін бекітілетін алғашқы Көміртегі квоталарының ұлттық жоспарының кезеңі болып табылады.
19. Қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, залалсыздандыру, кәдеге жарату және (немесе) жою жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері осы Кодекстің 336-бабының 1-тармағына сәйкес лицензияны 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін алуға міндетті.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 2 қаңтар
№ 400-VІ
2021 жылғы 2 қаңтардағы
№ 400-VI ҚРЗ Қазақстан
Республикасының
Экология кодексіне
1-қосымша
1-бөлім. Қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізу міндетті болып табылатын
белгіленіп отырған қызмет түрлері мен объектілердің
тізбесі
1. Энергетика:
1.1. мұнай өңдеу зауыттары (шикі мұнайдан жағармай материалдарын ғана өндіру жөніндегі кәсіпорындарды қоспағанда);
1.2. газ өңдеу зауыттары;
1.3. өнімділігі тәулігіне 500 тонна және одан көп болатын газдандыруға және көмір мен битумдық тақтатастарды сұйылтуға арналған қондырғылар;
1.4. күйдіру немесе графиттеу арқылы көмірді немесе электрографитті жоғары температурада карбондау (құрғақ айдау) арқылы көміртегін өндіруді қоса алғанда, тас көмірді немесе битумдық тақтатастарды термиялық немесе химиялық қайта өңдеу жөніндегі қондырғылар;
1.5. жылу қуаттылығы 300 мегаватт (МВт) және одан көп болатын жылу электр станциялары және отынды жағуға арналған басқа да қондырғылар;
1.6. атом электр станциялары және басқа да атом реакторлары, оларға осындай электр станцияларын немесе реакторларды бөлшектеу немесе пайдаланудан шығару (барынша қуаттылығы 1 киловатт (кВт) тұрақты жылу жүктемесінен аспайтын, бөлінетін және жаңартылатын материалдарды өндіруге және конверсиялауға арналған зерттеу қондырғыларын қоспағанда) кіреді;
1.7. сәулеленген ядролық отынды қайта өңдеуге арналған қондырғылар;
1.8. мыналарға:
1.8.1. ядролық отын өндіруге немесе байытуға;
1.8.2. сәулеленген ядролық отынды немесе жоғары радиоактивті қалдықтарды өңдеуге;
1.8.3. сәулеленген ядролық отынды түпкілікті жоюға;
1.8.4. тек қана радиоактивті қалдықтарды түпкілікті жоюға;
1.8.5. сәулеленген ядролық отынды немесе радиоактивті қалдықтарды өндіріс объектісі аумағының шегінен тыс басқа жерлерде тек қана ұзақ мерзімді (10 жылдан да астам кезеңге жоспарланған) сақтауға арналған қондырғылар.
2. Жер қойнауын пайдалану:
2.1. мұнай мен табиғи газды коммерциялық мақсаттарда өндіру, бұл ретте алынатын көлемі мұнайға қатысты тәулігіне 500 тоннадан және газға қатысты тәулігіне 500 мың м3 асады;
2.2. карьерлер және 25 га асатын аумақта пайдалы қатты қазбаларды ашық өндіру немесе 150 га асатын аумақта шымтезек алу;
2.3. жер қойнауынан алынған пайдалы қатты қазбаларды бастапқы қайта өңдеу (байыту);
2.4. асбест өндіру жөніндегі объектілер;
2.5. бүлінген жерлерді және жер қойнауын пайдаланудың басқа да объектілерін рекультивациялау жөнінде жұмыстар жүргізу.
3. Металдарды өндіру және өңдеу:
3.1. металл кендерін (сульфидті кенді қоса алғанда) күйдіруге немесе агломерациялауға арналған қондырғылар;
3.2. шойын мен болатты бастапқы балқыту жөніндегі интеграцияланған кәсіпорындар (комбинаттар);
3.3. металлургиялық, химиялық немесе электролиттiк процестер арқылы кеннен қышқылданбаған түсті металдарды, концентраттарды немесе қайталама шикiзат материалдарын өндiру жөніндегі қондырғылар.
4. Кендік емес минералдық заттарды қайта өңдеу:
4.1. асбестті және құрамында асбест бар бұйымдарды өңдеуге және түрлендіруге арналған объектілер:
4.1.1. асбест-цемент бұйымдары үшін - жылдық өндірісі 20 мың тонна дайын өнімнен көп;
4.1.2. фрикциялық материалдар үшін - жылдық өндірісі 50 тонна дайын өнімнен көп;
4.1.3. асбестті өзге де пайдалану үшін - жылына 200 тоннадан көп тұтыну.
5. Химия өнеркәсібі:
5.1. интеграцияланған химиялық кәсіпорындар (зауыттар) - бірнеше технологиялық кезеңдер қосылған және химиялық өзгерту процестерін қолдана отырып, мынадай заттарды өнеркәсіптік ауқымда өндіру үшін бір-бірімен функционалды байланысқан технологиялық қондырғылардың жиынтығы:
5.1.1. негiзгi органикалық химиялық заттар, олар:
қарапайым көмiрсутектер (желілік немесе циклдiк, қаныққан немесе қанықпаған, алифаттық немесе хош иісті);
құрамында оттегі бар көмірсутектер: спирттер, альдегидтер, кетондар, карбон қышқылдары, күрделi эфирлер, ацетаттар, қарапайым эфирлер, асқын тотықтар, эпоксидтi шайырлар;
күкiрттi көмiрсутектер;
азотты көмірсутектер: аминдер, амидтер, азот қосылыстары, нитро қосылыстар немесе нитратты қосылыстар, нитрилдер, цианаттар, изоцианаттар;
құрамында фосфор бар көмірсутектер;
галогенделген көмiрсутектер;
органометал қосылыстар;
негiзгi пластикалық материалдар (полимерлер, синтетикалық талшықтар және целлюлоза базасындағы талшықтар);
синтетикалық каучук;
бояулар мен пигменттер;
беткi-белсенді заттар;
5.1.2. негізгі органикалық емес химиялық заттар, олар:
газдар: аммиак, хлор немесе хлорлы сутек, фтор немесе фторлы сутек, көмiртегі оксидтері, күкiрт қосылыстары, азот оксидтері, сутегі, күкiрт диоксиді, көмiртегінің хлор тотығы;
қышқылдар: хром қышқыл, фторлы сутек қышқылы, фосфор қышқылы, азот қышқылы, хлорлы сутек қышқылы, күкiрт қышқылы, олеум, күкiртті қышқыл;
сiлтiлер: аммоний гидрототығы, калий гидрототығы, натрий гидрототығы;
тұздар: хлорлы аммоний, хлор қышқылды калий, көмiрқышқылды калий, көмiрқышқылды натрий, перборат, азотқышқылды күмiс;
бейметалдар, металл оксидтері немесе басқа органикалық емес қосылыстар: кальций карбиді, кремний карбиді;
5.1.3. фосфор, азот немесе калий минералдық тыңайтқыштар (қарапайым немесе күрделi тыңайтқыштар);
5.1.4. пестицидтер мен биоцидтер;
5.1.5. биологиялық немесе химиялық процестер қолданылатын негізгі фармацевтикалық өнімдер;
5.1.6. жарылғыш заттар;
6. Қалдықтарды басқару:
6.1. өртеу (инсинерациялау), химиялық өңдеу немесе полигонда көму арқылы қауіпті қалдықтарды жою жөніндегі объектілер;
6.2. өнімділігі тәулігіне 100 тоннадан асатын, өртеу (инсинерациялау) немесе химиялық өңдеу арқылы қауіпті емес қалдықтарды жою жөніндегі объектілер.
7. Целлюлоза-қағаз өндірісі:
7.1. өнеркәсіптік қондырғылар, олар:
7.1.1. ағаштан немесе соған ұқсас талшықты материалдардан целлюлоза өндiруге;
7.1.2. өндiрiстiк қуаттылығы тәулігіне 200 тонна және одан көп болатын қағаз және картон өндiруге арналған.
8. Автомобиль, теміржол және әуе көлігі:
8.1. алыс қатынастағы теміржол желілерін салу;
8.2. негiзгi ұшу-қону жолағының ұзындығы 2100 м немесе одан көп болатын әуежайлар салу;
8.3. үздіксіз ұзындығы 10 км және одан көп болатын, І техникалық санаттағы ортақ пайдаланылатын жаңа автомобиль жолдарын салу және (немесе) қолданыстағыларын реконструкциялау.
9. Су көлігі:
9.1. суығыстырымдылығы 1350 тоннадан көп болатын кемелердің өтуіне жол беретін ішкі су жолдары және ішкі кеме қатынасына арналған порттар;
9.2. суығыстырымдылығы 1350 тоннадан көп болатын кемелерді қабылдай алатын жағалау және шығару порттарымен (паром өткелдерінің айлақтарын қоспағанда) байланысты сауда порттары, тиеуге және түсіруге арналған айлақтар.
10. Су ресурстарын басқару:
10.1. өзен бассейндері арасында су ресурстарын бұру жөніндегі жұмыстар, бұл ретте бұрылатын су көлемі жылына 100 млн.текше метрден асады (су құбыры ауызсуын бұруды қоспағанда);
10.2. ұсталатын немесе сақталатын судың жаңа немесе қосымша көлемі 10 млн.м3 асатын, суды ұстауға немесе тұрақты сақтауға арналған бөгеттер мен басқа да объектілер;
10.3. алынатын немесе толықтырылып отыратын судың жыл сайынғы көлемі 10 млн. м3-ге балама немесе одан асатын жерүсті және жерасты суларын жинау немесе жерасты суын жасанды толықтыру жүйесін пайдалану;
10.4. өнімділігі тәулігіне 30 мың м3 және одан көп болатын, елді мекендердің сарқынды суын тазартуға арналған қондырғылар.
11. Мыналарға:
11.1. ауыл шаруашылығы құсы үшін 50 мың бастан көп;
11.2. шошқа (салмағы 30 кг көп) үшін 2 мың бастан көп;
11.3. мегежіндер үшін 750 бастан көп құсты немесе шошқаны қарқынды асырау.
12. Өзге де қызмет түрлері:
12.1. диаметрі 800 мм-ден көп немесе ұзындығы 40 км-ден көп, газ, мұнай немесе химиялық заттар тасуға арналған құбырлар;
12.2. қайта өңдеу көлемі тәулігіне 12 тонна өңделген өнімнен асатын, былғары мен терілерді илеуге арналған қондырғылар;
12.3. кернеуі 220 киловатт және одан көп және ұзындығы 15 км-дан көп әуедегі электр беру желілерін салу;
12.4. тамақ өнімдерін мыналардан өндіру мақсатында өңдеу және қайта өңдеу:
12.4.1. дайын өнімді өндіру жөніндегі қуаттылығы тәулігіне 75 тоннадан асатын мал шикізаты (сүттен басқа);
12.4.2. көлемі тәулігіне 200 тоннадан асатын сүт (жыл сайынғы негіздегі орташа көрсеткіш);
12.5. қайта өңдеу қуаттылығы тәулігіне 1 тоннадан асатын, жануарлардың өлекселерін немесе мал шаруашылығы қалдықтарын жоюға және (немесе) кәдеге жаратуға арналған қондырғылар;
12.6. сыйымдылығы 200 мың тонна және одан көп болатын, мұнай, мұнай-химия немесе химия өнімдерін сақтауға арналған қондырғылар, сондай-ақ белсенді сақтау көлемі 150 млн. м3-ден көп болатын табиғи газды жерасты сақтау.
12.7. өндiрiстiк қуаттылығы сағатына 150 кг-ден көп немесе жылына 200 тоннадан көп болатын, органикалық ерiткiштердi пайдалана отырып заттарды, нәрселерді немесе өнiмдердi беткi өңдеуге арналған, атап айтқанда әрлеуге, басып шығаруға, жабуға, майсыздандыруға, гидрооқшаулауға, калибрлеуге, бояуға, тазартуға немесе сіңіруге арналған қондырғылар.
2-бөлім. Белгіленіп отырған қызметтің әсер етуін скринингтеу рәсімін жүргізу міндетті
болып табылатын белгіленіп отырған қызмет түрлері мен объектілердің
тізбесі
1. Энергетика:
1.1. өнімділігі тәулігіне 50 тонна және одан көп болатын, газдандыруға және көмірді, битумдық тақтатастарды, отынның өзге де түрлерін сұйылтуға арналған қондырғылар;
1.2. тас көмірді термиялық және химиялық қайта өңдеуді қоспағанда, өнімділігі жылына 1 млн. тонна және одан көп болатын, көмірді (тас және қоңыр) қайта өңдеу жөніндегі қондырғылар;
1.3. жылу қуаттылығы 50 мегаватт (МВт) және одан көп болатын жылу электр станциялары және отынды жағуға арналған басқа да қондырғылар;
1.4. қуаттылығы 50 мегаватт (МВт) және одан көп болатын, электр энергиясын, бу мен ыстық суды өндіруге арналған өнеркәсіптік қондырғылар;
1.5. жалпы белгіленген қуаттылығы 50 мегаватт (МВт) және одан көп немесе жеке энергетикалық қондырғының белгіленген қуаттылығы 10 мегаватт (МВт) және одан көп болатын су электр станциялары;
1.6. діңгегінің биіктігі 50 метрден асатын, электр энергиясын өндіру үшін жел энергиясын пайдалануға арналған құрылысжайлар (жел диірмендері);
1.7. тас және қоңыр көмірді өнеркәсіптік брикеттеу;
1.8. радиоактивті қалдықтарды өңдеуге және сақтауға арналған құрылысжайлар.
2. Жер қойнауын пайдалану:
2.1. көмірсутектерді барлау және өндіру;
2.2. карьерлер және пайдалы қатты қазбаларды ашық өндіру; жылына 100 мың тоннадан көп көмірді ашық өндіру, жылына 200 мың тоннадан көп лигнит өндіру;
2.3. пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын барлау мақсаттары үшін тау-кен массасын алу және топырақтың орнын ауыстыру арқылы пайдалы қатты қазбаларды барлау;
2.4. механикаландыру құралдарын қолдана отырып, өзен арналарында немесе су қорының жерінде жүргізілетін кен іздеушілік бойынша кез келген жұмыстар;
2.5. жылына 10 мың тоннадан жоғары кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру және қайта өңдеу;
2.6. пайдалы қатты қазбаларды жерасты өндіру;
2.7. топырақты қазу арқылы пайдалы қазбаларды теңізде немесе өзенде өндіру;
2.8. тас көмірді, мұнайды, табиғи газ бен кенді, сондай-ақ жанғыш тақтатастарды өндіруге арналған жерүсті өнеркәсіптік құрылысжайлар;
2.9. терең бұрғылау (топырақтың орнықтылығын зерттеуге арналған бұрғылауды қоспағанда), атап айтқанда:
2.9.1. тереңдігі 200 м және одан көп болатын геотермальдық ұңғымаларды бұрғылау;
2.9.2. ядролық қалдықтарды сақтау үшін бұрғылау;
2.9.3. 200 м және одан көп тереңдікте сумен жабдықтау үшін бұрғылау;
2.10. бүлінген жерлерді және жер қойнауын пайдаланудың басқа да объектілерін рекультивациялау бойынша жұмыстар жүргізу.
3. Металдарды өндіру және өңдеу:
3.1. өнімділігі сағатына 2,5 тонна және одан көп болатын, үздіксіз құюды қоса алғанда, қайта құйылған шойын немесе болат (бастапқы немесе қайталама балқыту) өндіруге арналған қондырғылар;
3.2. қара металдарды өңдеуге арналған қондырғылар:
3.2.1. қуаттылығы сағатына 20 тонна шикі болаттан асатын ыстықтай илемдейтін орнақтар;
3.2.2. бір балғаға энергиясы 50 килоджоульден (кДж) асатын, ал тұтынылатын жылу қуаттылығы 20 мегаваттан (МВт) асатын ұста балғалары;
3.2.3. сағатына 2 тоннадан асатын, шикі болат бере отырып, қорғаныш бүркілген металл жабындарды жағу;
3.2.4. өндірістік қуаттылығы тәулігіне 20 тоннадан асатын қара металдарды құю;
3.3. мыналарға:
3.3.1. легирлеуді қоса алғанда, балқыту қуаттылығы:
қорғасын және кадмий үшін - тәулігіне 4 тоннадан;
барлық басқа да түсті металдар үшін тәулігіне 20 тоннадан асатын, түсті металдарды (бағалы металдарды қоспағанда), оның ішінде рекуперациялық өнімдерді балқытуға (рафинирлеу, құю өндірісі және т. б.) арналған қондырғылар;
3.3.2. өңдеу үшін пайдаланылатын кеспектердің көлемі 30 м3-ден асатын, электролиттік немесе химиялық процестерді пайдалана отырып, металдар мен пластикалық материалдарды беткі өңдеуге арналған қондырғылар;
3.4. автомобильдерді жасап шығару және өнеркәсіптік құрастыру жөніндегі кәсіпорындар;
3.5. автомобиль қозғалтқыштарын жасап шығару жөніндегі кәсіпорындар;
3.6. верфьтер (кеме жасау және кеме жөндеу өндірістері);
3.7. ұшақтар, тікұшақтар жасап шығару және жөндеу жөніндегі кәсіпорындар;
3.8. теміржол көлік құралдарын, цистерналарды жасап шығару жөніндегі кәсіпорындар;