2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасында экологиялық қауіпсіз (жанбайтын және (немесе) өрт қауіптілігі төмен және түтін мен газ аз бөлінетін), қалдықтары Қазақстан Республикасының аумағында қайта өңделетін кәбілді-өткізгіш өнімді өндіруді ынталандыру қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді және осы қағидалар:
1) қаржыландыру мерзімдері мен көлемдерін көрсете отырып, кәбілді-өткізгіш өнімді өндірушілер мен өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы арасындағы үлгілік шарттың нысанын;
2) кәбілді-өткізгіш өнімді өндіру туралы есептілік нысанын және оны өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторына ұсыну мерзімдерін;
3) кәбілді-өткізгіш өнімді өндірушілерге қойылатын талаптарды және олардың сақталуын растау тәртібін;
4) өнім мен технологиялық процестерге қойылатын талаптарды және олардың сақталуын растау тәртібін;
5) қаржыландыру шарттары мен тәртібін белгілейді.
Кәбілді-өткізгіш өнімнің (жанбайтын және (немесе) өрт қауіптілігі төмен және түтін мен газ аз бөлінетін) экологиялық қауіпсіздігі жөніндегі талаптар техникалық регламенттерге сәйкес айқындалады.
389-бап. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторының өкілеттіктері
1. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторының өкілеттіктеріне мыналар жатады:
1) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін түзілетін қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы үлгілік шарт негізінде өндірушілермен (импорттаушылармен) өндірушілердің импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін түзілетін қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы шарт жасасу;
2) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін түзілетін қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы шарт негізінде өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторының банктік шотына өндірушілер (импорттаушылар) аударатын кәдеге жарату төлемін жинау;
3) кәдеге жарату төлемін өндірушілердің (импорттаушылардың) дұрыс есептеуіне, толық және уақтылы аударуына бақылауды жүзеге асыру;
4) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы кәдеге жарату төлемі енгізілген есепті кезең үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны ұсынатын мерзімге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, артық төленген сомалар расталған жағдайда, өндірушілер мен импорттаушылардың жолданымдары негізінде өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы белгілеген тәртіппен жүргізілетін артық төленген сомаларды қайтару және (немесе) алдағы төлемдердің есебіне есепке жатқызу;
5) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қаптау үшін қолданылатын полимер, шыны, қағаз, картон және (немесе) металл қаптамаларды, аралас материалдардан жасалған қаптамаларды өндірушілердің (импорттаушылардың) кәдеге жарату төлемін енгізуіне байланысты шығыстардың бір бөлігіне өтемақы алуға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілердің құжаттарды дұрыс ұсынуын бақылауды жүзеге асыру;
6) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің іске асырылу барысы туралы есепті ұсыну;
7) автомобиль көлік құралдарын, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығарушылар мен импорттаушыларды қоспағанда, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімді (тауарларды) Қазақстан Республикасының аумағында өндіруді және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді жүзеге асыратын өндірушілердің (импорттаушылардың) тізілімін қалыптастыру, бекіту, жүргізу;
8) автомобиль көлік құралдарын, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығарушылар мен импорттаушыларды қоспағанда, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімді (тауарларды) Қазақстан Республикасының аумағында өндіруді және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді жүзеге асыратын өндірушілердің (импорттаушылардың) тізілімін тіркеу және жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;
9) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелеріне қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен, оның ішінде Қазақстан Республикасының кеден және салық заңнамалары саласында өзара іс-қимыл жасау;
10) Қазақстан Республикасында қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта пайдалануға дайындау, өңдеу, сұрыптау, қайта өңдеу және (немесе) кәдеге жарату технологияларын енгізу, қалдықтарды қайта пайдалануға дайындау, сұрыптау, өңдеу, қайта өңдеу және (немесе) кәдеге жарату бойынша зауыттар (өндірістер) салу, қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді және (немесе) кәдеге жаратуды жүзеге асыратын ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жетілдіру, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды ұйымдастыру;
11) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес іс жүргізілуі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретіне жатқызылған, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар әрекеттер анықталған кезде, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы мұндай құқық бұзушылықтар бойынша қолда бар материалдарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға беруге міндетті;
12) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің қағидатын іске асыру мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын жеке және заңды тұлғалардың қызметі туралы ақпараттан кәдеге жарату төлемін есептеу үшін деректер алуға құқылы;
13) пайдаланудан шығып қалған көлік құралының және (немесе) өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының кәдеге жаратуға тапсырылғанын растайтын, оның ішінде Қазақстан Республикасында жасап шығарылған көлік құралын Қазақстан Республикасының аумағында сатып алуға жеңілдіктер алу құқығын көздейтін құжатты беру;
14) пайдаланудан шығып қалған көлік құралының және (немесе) өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының кәдеге жаратуға тапсырылғанын растайтын, оның ішінде Қазақстан Республикасында жасап шығарылған көлік құралын Қазақстан Республикасының аумағында сатып алуға жеңілдіктер алу құқығын көздейтін құжатты беру қағидалары мен шарттарын әзірлеу және бекіту;
15) кәдеге жарату төлемі түрінде өзінің банктік шотына келіп түскен ақшаны осы Кодекстің 388-бабында көзделген бағыттарға сәйкес жіберу;
16) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауарлардың) және оның (олардың) қаптамасының тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін түзілетін қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы үлгілік шарттың нысанын әзірлеу және бекіту.
2. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы осы Кодекстің 388-бабына, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілген кәдеге жарату төлемін елді мекендердегі тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтер бойынша жеке және заңды тұлғалар төлейтін қаражат есебінен өзін-өзі ақтамайтын мақсаттарға пайдалану басымдығын қамтитын өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы қызметінің даму стратегиясына сәйкес кәдеге жарату төлемін жұмсауды жүргізеді.
390-бап. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелеріне қатысушылардың жауапкершілігі
1. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторымен өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін түзілетін қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы шарт жасаспаған, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидаларына сәйкес өтінім бермеген, сондай-ақ өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторының банктік шотына кәдеге жарату төлемі түріндегі ақшаны енгізбеген немесе уақтылы енгізбеген өндірушілер (импорттаушылар) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Осы баптың 1-тармағының кәдеге жарату төлемін есептеу бөлігіндегі талаптары қалдықтарды жинаудың, қайта өңдеудің және кәдеге жаратудың меншікті жүйесі бар өндірушілерге (импорттаушыларға) қолданылмайды.
Қалдықтарды жинаудың, тасымалдаудың, қайта пайдалануға дайындаудың, сұрыптаудың, өңдеудің, қайта өңдеудің, залалсыздандырудың және (немесе) кәдеге жаратудың меншікті жүйесі бар өндірушілер (импорттаушылар) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін түзілетін қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
3. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы кәдеге жарату төлемдерін мақсатсыз пайдаланғаны, өзіне жүктелген міндеттер мен функцияларды орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
391-бап. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы қызметінің айқындығын қамтамасыз ету
Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы:
1) өз қызметінің даму стратегиясын және инвестициялық саясатын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келіседі;
2) кәдеге жарату төлемі түрінде түсетін ақшаны жинақтау үшін өлшемшарттар мен екінші деңгейдегі банктерге қойылатын талаптарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келіседі.
3) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің іске асырылу барысы туралы жыл сайынғы есепті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жібереді.
392-бап. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындау
1. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерін орындау осы Кодекске сәйкес өндірушілер (импорттаушылар) мен өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы арасында өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін түзілетін қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, қайта пайдалануға дайындауды, сұрыптауды, өңдеуді, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастыру туралы шарт жасау арқылы жүзеге асырылады.
Шарт өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы - ресми интернет-ресурсында орналастыру арқылы, өндіруші (импорттаушы) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімді (тауарларды) әкелген немесе өндірген кезден бастап қол қойған жағдайда жасалды деп есептеледі.
2. Қалдықтарды жинаудың, тасымалдаудың, қайта пайдалануға дайындаудың, сұрыптаудың, өңдеудің, қайта өңдеудің, залалсыздандырудың және (немесе) кәдеге жаратудың меншікті жүйесі бар өндірушілер (импорттаушылар) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері жөніндегі міндеттемелердің орындалғанын растау ретінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнімнің (тауарлардың) тұтынушылық қасиеттері жоғалғаннан кейін түзілген қалдықтардың жиналғанын, тасымалданғанын, қайта пайдалануға дайындалғанын, сұрыпталғанын, өңделгенін, қайта өңделгенін, залалсыздандырылғанын және (немесе) кәдеге жаратылғанын растайтын құжаттарды ұсынады.
20-БӨЛІМ. ЖЕКЕЛЕГЕН ҚЫЗМЕТ ТҮРЛЕРІ БОЙЫНША ЕРЕКШЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛАПТАР
393-бап. Ғимараттарды, құрылысжайларды және олардың кешендерін жобалау кезіндегі жалпы экологиялық талаптар
1. Қызмет түрлерін жүзеге асыруға арналған, осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаға әсер етуін міндетті бағалау жүргізілетін ғимараттарды, құрылысжайларды және олардың кешендерін салу жобалары қоршаған ортаға әсер етуді бағалау нәтижелері бойынша тиісті қорытындыда көзделген талаптар мен шаралардың орындалуын қамтамасыз ететін шешімдерді қамтуға тиіс.
2. I және II санаттағы объектілерге жататын ғимараттарды, құрылысжайларды және олардың кешендерін салу жобалары оларды пайдаланудан қауіпсіз шығаруды, кейіннен кәдеге жаратуды, жерді рекультивациялауды қамтамасыз ететін шешімдерді және көрсетілген операциялар нәтижесінде түзілетін қалдықтарды қайта өңдеу, кәдеге жарату немесе жою жөніндегі шараларды қамтуға тиіс.
394-бап. Ғимараттарды, құрылысжайларды және олардың кешендерін пайдалануға беру және пайдалану кезіндегі жалпы экологиялық талаптар
1. Ғимараттарды, құрылысжайларды және олардың кешендерін пайдалануға беру Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Егер I және II санаттағы объектілерге жататын ғимараттарды, құрылысжайлар мен олардың кешендерін пайдалануға беру кезінде экологиялық рұқсатта белгіленген қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер етудің тиісті нормативтерінің сақталуы қамтамасыз етілмесе, осындай объектілерді пайдалануға беруге жол берілмейді.
3. І немесе ІІ санаттағы объектінің құрамына кіретін ғимараттарды, құрылысжайларды және олардың кешендерін құрылыс жобасында көзделген, шығарындылар мен төгінділерді тазартуға және (немесе) залалсыздандыруға, сондай-ақ қалдықтарды басқаруға арналған құрылысжайларсыз, қондырғылар мен жабдықтарсыз пайдалануға беруге және пайдалануға тыйым салынады.
395-бап. Авариялар кезіндегі жалпы экологиялық талаптар
1. Авариялық шығарындылардан немесе төгінділерден туындаған және содан адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қауіп төнетін қоршаған ортаның сапасы нашарлаған кезде Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес халықты қорғау жөніндегі шұғыл шаралар қабылданады.
2. І және ІІ санаттағы объектілерде авариялық жағдай туындап, соның салдарынан белгіленген экологиялық нормативтердің бұзылуы орын алған немесе орын алуы мүмкін болған кезде объектінің операторы дереу, бірақ кез келген жағдайда авариялық жағдай анықталған кезден бастап екі сағаттан аспайтын мерзімде бұл туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабарлауға және қоршаған ортаның ластануын болғызбау бойынша, тіпті, тиісті стационарлық көздерді немесе тұтас объектіні пайдалануды ішінара немесе толық тоқтатуға дейін, сондай-ақ қоршаған ортаға осындай авариялық жағдайдан туындаған жағымсыз салдарларды жою жөнінде барлық қажетті шараны қабылдауға міндетті.
396-бап. Әскери және қорғаныс объектілеріне, әскери қызметке қойылатын экологиялық талаптар
Осы Кодексте белгіленген экологиялық талаптар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, әскери және қорғаныс объектілері мен әскери қызметке қолданылады.
397-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған жобалау құжаттары қоршаған ортаны қорғауға бағытталған мынадай:
1) бүлінетін және иеліктен шығарылатын жер алаңының барынша мүмкін болатын қысқаруын қамтамасыз ететін жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу әдістерін, технологияларын және тәсілдерін (оның ішінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу басталғанға дейін ұтымды схема бойынша кірме автомобиль жолдарын оза салу, ұңғымаларды салудың тармақтық тәсілін қолдану, ішкі үйінді түзетін технологияларды қолдану, өндіріс қалдықтарын қайталама ресурстар ретінде пайдалану, оларды қайта өңдеу және кәдеге жарату, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын прогрессивті жою және басқа да әдістер)техникалық, технологиялық, экологиялық және экономикалық тұрғыдан орынды болатындай шамада қолдану жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған жобалау құжатында негізделуге тиіс;
2) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде жердің техногендік шөлейттенуін болғызбау жөніндегі;
3) жер қойнауының ластануын, оның ішінде жер қойнауы кеңістігін пайдалану кезінде ластануын болғызбау жөніндегі;
4) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұру, тоқтату, кен орындарын игеру объектілерін консервациялау және жою кезінде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі;
5) топырақтың жел эрозиясын, аршылған және жанасқан жыныстардың үйінділерін, өндіріс қалдықтарын, олардың тотығуы мен өздігінен жануын болғызбау жөніндегі;
6) сіңіргіш және тұщы су белдеулерінің ластануын болғызбау үшін оларды оқшаулау жөніндегі;
7) жерасты суының сарқылуы мен ластануын болғызбау жөніндегі, оның ішінде жуу сұйықтықтарын дайындау кезінде уытты емес реагенттерді қолдану;
8) бұрғылау ерітінділерін тазарту және қайта пайдалану жөніндегі;
9) бұрғылау және жанар-жағармай материалдарының қалдықтарын экологиялық қауіпсіз тәсілмен жою жөніндегі;
10) көмірсутектер кен орындарының қабатішілік қысымын ұстап тұру жүйесінде мұнай кәсіпшілігі ағындарын тазарту және қайта пайдалану жөніндегі шараларды көздеуге тиіс.
2. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған жобалау құжаттарында көзделген шешімдердің, сондай-ақ мынадай талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті:
1) ұңғымалар мен тау-кен қазындыларының конструкциялары жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге тиіс;
2) дизель-генераторлы және дизель жетекті қондырғыларды қолдана отырып, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу шеңберінде бұрғылау және өзге де жұмыстарды орындау кезінде мұндай қондырғылардан тазартылмаған түтін газдың атмосфералық ауаға шығарылуы олардың техникалық сипаттамалары мен экологиялық талаптарына сәйкес келуге тиіс;
3) құнарлы жерлерде және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде жер қойнауын пайдалану жөнiндегi құрылысжайларды салу кезiнде жабдықтарды монтаждауға дайындық жұмыстарын жүргiзу процесiнде аумақты кейіннен рекультивациялау үшін құнарлы қабат алынады және жеке сақталады;
4) ластағыш заттардың суға және топыраққа өтуін (шығып кетуін) болғызбау үшiн алаңдарды гидрооқшаулай отырып, өндіріс қалдықтарын ұйымдасқан түрде жинақтау мен сақтаудың инженерлiк жүйесi көзделуге тиiс;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ұңғымалар салынған жағдайларда қамбасыз технологияны ғана қолдану қажет;
6) көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру көлемін азайту және оның қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуін төмендету жөніндегі шаралар көзделуге тиіс;
7) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргізу кезiнде белгiленген талаптарға сәйкес бұрғылау процесiнде қайтадан пайдалану, қоршаған ортаға қайтару үшiн шламдарды кәдеге жарату және пайдаланылған бұрғылау ерiтiндiлерiн, бұрғылаудың, карьердің және шахтаның сарқынды суын бейтараптандыру жөнiндегi жұмыстар жүргiзiлуге тиiс;
8) көмiрсутек негiзiнде (әктас-битум, инвертті-эмульсиялық және басқа да) бұрғылау ерiтiндiлерiн қолданған кезде ауа қабатының газдануының алдын алу жөнiндегi шаралар қабылдануға тиiс;
9) пирофорлық шөгiндiлердің, шлам мен керннің жану немесе адамдарды улау мүмкіндігін болғызбау мақсатында оларды көму жобаға сәйкес және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттығы саласындағы мемлекеттік органмен және жергiлiктi атқарушы органдармен келiсу бойынша жүргізілуге тиіс;
10) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi құрылысжайларды пайдалануға беру жобада көзделген барлық экологиялық талаптар толық көлемде орындалған жағдайда жүргiзiледi;
11) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялар және жабдықтарды бөлшектеу аяқталғаннан кейiн жою жоспарында (жобасында) көзделген жобалық шешiмдерге сәйкес жерді қалпына келтiру (рекультивациялау) жөніндегі жұмыстар жүргiзiледi;
12) бұрғылау ұңғымалары, оның ішінде өздігінен төгілетін ұңғымалар, сондай-ақ пайдалануға жарамсыз немесе пайдаланылу тоқтатылған ұңғымалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдаланушының реттегіш құрылғылармен жабдықтауына, консервациялауға немесе жоюға жатады;
13) қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы, жер қойнауын зерттеу жөнiндегi уәкілетті мемлекеттік органдардың, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттiк органның сіңіргіш ұңғымаларды болжамды бұрғылау ауданында арнайы зерттеп-қараулар жүргiзілгеннен кейiн берілетiн оң қорытындылары болған кезде осы ұңғымаларды бұрғылауға жол беріледі;
14) келісімшарт аумағы шегінде ұңғымаларды консервациялау және жою Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Мыналарға:
1) шаруашылық-ауызсу бар қабаттарға бұрғылау ерiтiндiлері мен материалдарын жiберуге;
2) өнеркәсiптiк, емдiк минералдық және жылу-энергетикалық сарқынды суды төгуге арналған сіңіргіш ұңғымалар шаруашылық ауыз-суымен жабдықтау немесе емдiк мақсаттарға жарамды немесе сол үшiн пайдаланылатын сулы белдеуді ластау көзі болуы мүмкiн жағдайларда осы ұңғымаларды бұрғылауға;
3) сумен жабдықтау көздерiн санитариялық қорғау аймақтарында сiңiргіш ұңғымалар мен құдықтарды орнату;
4) құрамында радиоактивтi заттар бар пайдаланылған суды сіңіргіш ұңғымалар мен құдықтарға төгуге тыйым салынады.
398-бап. Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында барлау және өндіру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Ұңғымаларды бұрғылау теңізде көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық практикада қабылданған сынақтан өткен озық қағидаттар мен әдістер негізінде жүзеге асырылуға тиіс.
2. Келісімшарт аумағы шегінде теңіз бұрғылау платформаларын орналастыруға арналған орындар балық аулау кәсіпшілігі, балықтардың бағалы түрлерін және су кәсіпшілігінің басқа да объектілерін сақтау және олардың өсімін молайту үшін перспективалық маңызы бар теңіз аудандарының қоршаған ортасын барынша сақтау мүмкіндігі ескеріле отырып таңдалуға тиіс.
3. Кеме қатынасы үшін қолжетімді акваторийде мұз жабыны болған кезде бұрғылау баржасынан немесе платформасынан бұрғылау жұмыстарын жүргізу көмірсутектердің ықтимал төгілуін оқшаулау үшін қажетті жабдықтары бар мұзжарғыш типтегі корабльдің ұдайы болуымен жүзеге асырылуға тиіс. Осы тармақта көрсетілген талап жасанды аралдарда ұңғымаларды бұрғылауға қолданылмайды.