292-бап. Тауарларды толық емес кедендік декларациялау
1. Егер де декларантта оған байланысы жоқ себептер бойынша кедендік декларацияны толтыруға қажетті барлық ақпарат толық болмаған жағдайда, декларанттың толық емес кедендік декларацияны беруі жолымен тауарларды шығару, кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу және төлеу үшін қажетті мәліметтерді мәлімдеу шартымен тауарларды толық емес кедендік декларациялауға жол беріледі.
Көрсетілген мәліметтер тыйым салулар мен шектеулерді сақтауды растауға, сондай-ақ кеден органдарына тауарлардың сандық және сапалық сипаттамаларының жиынтығы бойынша оларды сәйкестендіруге мүмкіндік беруге тиіс.
2. Тауарларды толық емес кедендік декларациялау, егер әкелінетін тауарларды өткізу:
1) ашық көлік құралдарында - тауарлардың дәл салмағын кеден органының кедендік декларацияны тіркеу күніне мәлімдеу мүмкін болмаған;
2) арнайы контейнерлер мен көлік құралдарында - тауарлармен технологиялық операциялар жүргізбей тауарлардың дәл санын мәлімдеу мүмкін болмаған кезде жүзеге асырылған жағдайда қолданылуы мүмкін.
3. Декларант толық емес кедендік декларацияны табыс еткен кезде, егер бастапқыда толық және тиісінше толтырылған кедендік декларация берілген жағдайда қолданылатын кедендік баждарды, салықтарды есептеу және төлеу тәртібін қоса алғанда, осы Кодексте көзделген шарттар мен талаптар қолданылады.
4. Тауарларды толық емес кедендік декларациялауды қолдану кезінде декларант кеден органы толық емес кедендік декларацияны тіркеген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде олар түзеткен және нақтылаған мәліметтерді ескере отырып, толық кедендік декларацияны табыс етуге міндетті.
293-бап. Тауарларды мерзімдік кедендік декларациялау
1. Белгілі бір тұлға белгілі бір тауарды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тұрақты өткізген кезде кеден органы күнтізбелік отыз күн ішінде Кеден одағының кедендік шекара арқылы өткізілетін барлық тауарларға кедендік декларацияны табыс етуге рұқсат беруі мүмкін.
2. Егер тауарлардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша бірдей сыныптау коды болса, олар белгілі бір тауар ретінде қарастырылады.
3. Егер белгілі бір тұлға белгілі бір тауар түрін күнтізбелік отыз күн ішінде үш және одан да көп рет жеткізіп берсе, тауарды белгілі бір тұлға Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тұрақты өткізген тауарлар ретінде қарастырылады.
4. Кедендік мақсаттар үшін:
тауарларды Кеден одағының кедендік аумағынан әкеткен кезде - белгілі бір өткізу пункті арқылы өткізілетін және оларды кедендік декларациялау жеке жеткізілім санына қарамастан бір сыртқы сауда шарты (келісімшарты) бойынша белгілі бір кеден органында күнтізбелік отыз күн ішінде жүргізілетін белгілі бір тауарлар;
тауарларды Кеден одағының кедендік аумағына әкелген кезде - кедендік декларациялау жеке жеткізілім санына қарамастан бір сыртқы сауда шарты (келісімшарты) бойынша белгілі бір кеден органында күнтізбелік отыз күн ішінде жүргізілетін белгілі бір тауарлар бірыңғай партия ретінде қарастырылады.
5. Акцизделетін тауарларды қоспағанда, кедендік баждар, салықтар толық кедендік декларация бойынша тауарларды шығарғанға дейін төленеді.
6. Акцизделетін тауарлар бойынша кедендік баждар мен салықтар мерзімдік кедендік декларация бойынша тауарларды шығарғанға дейін төленеді.
7. Мерзімдік кедендік декларациялау кезінде кеден органы мерзімдік кедендік декларацияны тіркеген күні қолданыстағы Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілері қолданылады.
8. Мерзімдік кедендік декларациялау, кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз еткен жағдайда жеткізілім кезеңі басталғанға дейін мерзімдік кедендік декларация беру жолымен жүргізіледі. Кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету осы Кодекстің 6-тарауына сәйкес уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізілген сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қолданылмайды. Бұл ретте мерзімдік кедендік декларация тауарлардың бірыңғай партиясына толтырылады.
9. Кеден органы мерзімдік кедендік декларация қолданылуының бүкіл кезеңі ішінде тауарлар партиясының әрбір жеткізілімінің өткізілуін іс жүзінде есепке алуды және бақылауды жүзеге асырады.
10. Мерзімдік кедендік декларациялауды пайдалана отырып, тауарларды өткізу жүргізілген жеткізілім кезеңі аяқталғаннан кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей әкелінген немесе әкетілген тауарлардың іс жүзіндегі саны ескеріле отырып толтырылған толық кедендік декларация табыс етіледі.
Мерзімдік кедендік декларацияда мәлімделген көлемнен өзгеше көлемде тауарлар әкелінген (әкетілген) жағдайда толық кедендік декларация әкелінген (әкетілген) тауарлардың іс жүзіндегі саны ескеріле отырып толтырылады. Бұл ретте мерзімдік кедендік декларация жеткізіліп берудің келесі кезеңіне осындай өзгерістер ескеріле отырып толтырылады.
11. Кеден органы мерзімдік декларациялауды қолданудан:
1) тауарларды болжамды өткізу мерзімдік кедендік декларациялау рәсімдерін пайдалану талаптарына сай келмеген жағдайда;
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2) кедендік төлемдер мен салықтар бойынша берешегі бар тұлғаларға;
3) банкроттық туралы іс қозғалған тұлғаларға қатысты бас тартады.
294-бап. Тауарларды уақытша кедендік декларациялау
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Мынадай:
1) тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен өткізілген;
2) тауарларға қатысты саны және (немесе) кедендік құны туралы дәл мәліметтерді ұсыну мүмкін болмайтын жағдайларда, тауарларға уақытша декларация беру арқылы уақытша кедендік декларациялауға жол беріледі.
2. Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкету кезінде кедендік операциялар жүргізілетін немесе тауарлар жөнелтілетін орыннан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келетін немесе әкелінетін орыннан мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес шығарылған тауарлар жеткізілімі жүзеге асырылатын уақыт кезеңі күнтізбелік айдан аспауға тиіс. Бұл ретте осы Кодекстің 449-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды есептеу аспаптарын орнату орындары жөнелту немесе әкелу орындары болып табылады. Тауарларға уақытша декларацияны кеден органдары көрсетілген кезең басталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен ерте қабылдамайды.
3. Тауарлар жеткізілімінен кейін декларант уақыттың мәлімделген кезеңінде жеткізілген тауарларға толық декларацияны беруге міндетті.
Толық декларацияны беру уақытша кедендік декларацияда мәлімделген тауарлар жеткізілімі үшін көзделген уақыт кезеңі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
4. Уақытша кедендік декларацияда тауарлардың болжамды саны, тауарлар өткізуді жүзеге асыру үшін негізге алынатын сыртқы сауда шартында (келісімшартында) көзделген тауарлардың есептік бағасы негізінде анықталған уақытша кедендік декларацияны беру күніне олардың алдын ала кедендік құны туралы мәліметтерді мәлімдеуге жол беріледі.
Өткізілген тауарлардың саны тауарларға уақытша кедендік декларацияда мәлімделген саннан аспауға тиіс.
5. Уақытша кедендік декларациялау рәсімін пайдалана отырып, тауарларды кедендік декларациялау кезінде кеден органы тауарларға уақытша декларацияны тіркеген күні қолданыста болған Кеден одағының және Қазақстан Республикасының заңнамалары қолданылады.
6. Егер уақытша кедендік декларацияны беру кезінде нақты сатып алушы (алушы) анықталмаса, онда декларант нақты сатып алушылардың (алушылардың) саны бойынша бірнеше толық кедендік декларацияны кейіннен табыс ете отырып, бір сыртқы сауда шарты (келісімшарт) шеңберінде тауарлар жеткізіліміне арналған бір уақытша кедендік декларацияны береді.
7. Кедендік баждар, салықтар кеден органдары тауарларды шығарғанға дейін төленеді. Егер төлеуге жататын кедендік баждардың, салықтардың сомасы осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәліметтерді нақтылау нәтижесінде көбейтілсе, қосымша ақы төлеу тауарларға толық декларацияны берген кезде, оларды кеден органдары шығарғанға дейін жүзеге асырылады. Көрсетілген жағдайда өсімпұлдар есептелмейді. Кедендік төлемдер мен салықтардың артық немесе қате төленген сомаларын қайтару осы Кодекстің 17-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Егер уақытша кедендік декларацияда мәлімделген тауарлар жеткізілімі үшін көзделген уақыт кезеңі аяқталғаннан кейін күнтізбелік тоқсан күн өткен соң тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілмесе, осындай тауарларға мәлімделген уақытша кедендік декларация осы Кодекстің 290-бабында анықталған тәртіппен кері қайтарып алынуға жатады.
295-бап. Белгіленген уақыт кезеңі ішінде өткізілетін тауарды жиналмаған немесе бөлшектелген түрінде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрінде кедендік декларациялау ерекшеліктері
1. Осы Кодекстің 268-бабында айқындалған мерзімнен асатын уақыт кезеңі ішінде түрлі тауарлар партияларымен әкелу болжанатын жиналмаған немесе бөлшектелген түрдегі, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрдегі тауар, кеден органының рұқсаты болған кезде, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша бір сыныптама коды көрсетіле отырып, декларациялануы мүмкін.
2. Рұқсатты тауар әкелінгенге дейін декларанттың жазбаша дәлелді өтініші негізінде кеден органы береді.
3. Рұқсатта:
1) декларант туралы мәлімет;
2) декларантқа кеден ісі саласындағы уәкілетті орган берген, жасалып біткен немесе жиынтықталған тауардың сыныптама коды бойынша жиналмаған немесе бөлшектелген түрдегі, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрдегі тауарлардың сыныптамасын растайтын, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауарлардың сыныптамасы жөніндегі алдын ала шешім;
3) тауарды әкелу мерзімі;
4) кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайтын өзге де мәліметтер көрсетіледі.
4. Рұқсаттың қолданылу мерзімі бір жыл, ол декларанттың жазбаша дәлелді өтініші бойынша алты айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Рұқсатты беру, ұзарту, тоқтата тұру және оны кері қайтарып алу тәртібін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
6. Тауарды кедендік декларациялау мәлімделген кедендік рәсім талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Белгіленген уақыт кезеңі ішінде өткізілетін жиналмаған немесе бөлшектелген түрдегі, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрдегі тауарды кедендік декларациялау және кедендік тазарту тәртібін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
33-тарау. Тауарларды шығару
296-бап. Тауарларды шығару үшін негіздер және тауарларды шығару тәртібі
1. Кеден органдары мынадай талаптар сақталған кезде:
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1) кеден органына осы Кодекске және (немесе) Кеден одағына мүше мемлекеттердің өзге де халықаралық шарттарына сәйкес тауарларды шығару үшін қажетті лицензиялар, сертификаттар, рұқсаттар және (немесе) өзге де құжаттар, көрсетілген құжаттар осы Кодекске сәйкес тауарлар шығарылғаннан кейін табыс етілуі мүмкін жағдайларды қоспағанда, табыс етілгенде;
Бұл ретте, егер осы Кодекстің 281-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген құжаттарды мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алу мүмкін болса, олар кедендік декларация электрондық құжат нысанында берілген жағдайда ұсынылмайды.
2) тұлғалар тауарларды осы Кодекске сәйкес, ал кедендік рәсімді белгілеу кезінде, осы Кодекстің 306-бабының 2-тармағына сәйкес Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес таңдалған кедендік рәсіммен орналастыру үшін қажетті талаптар мен шарттарды сақтағанда;
3) тауарларға қатысты кедендік баждар, салықтар төленгенде не оларды төлеу осы Кодекске сәйкес қамтамасыз етілгенде тауарларды шығаруды жүзеге асырады.
2. Кеден органдары тауарларды шығаруды осы Кодекстің 297-бабында көрсетілген мерзімнен аспайтын мерзімде жүзеге асырады.
2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Тауарлар шығаруды кеден органының лауазымды адамы осы Кодексте көзделген тәртіппен, егер Комиссияның шешімімен өзгеше тәртіп белгіленбесе, кедендік декларацияға, шот-фактураға (инвойсқа), олар болмаған кезде сыртқы экономикалық мәміленің жасалғанын растайтын құжатқа, пайдаланылатын көлік түріне қарай көлік (тасымалдау) құжатына тиісті белгілер енгізу (қою), сондай-ақ кеден органының ақпараттық жүйесіне тиісті мәліметтер енгізу арқылы жүргізеді.
Кедендік декларацияны электрондық құжат түрінде ұсынған кезде, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген кеден органы лауазымды адамының әрекеттері электрондық түрде жүзеге асырылады және оның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.
Кедендік декларация декларантқа немесе кеден өкіліне, сондай-ақ тасымалдаушыға және өзге мүдделі адамдарға кеден органдарының ақпараттық жүйелері пайдаланыла отырып, электрондық нысанда жіберіледі.
297-бап. Тауарларды шығару мерзімі
1. Тауарларды шығаруды кеден органы, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік декларацияны тіркеген күннен кейінгі күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей аяқтауы тиіс.
Тізбесін Комиссия анықтайтын кедендік әкету баждары қолданылмайтын, экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларды және уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларды шығаруды кеден органы тауарларға декларацияны тіркеген кезден бастап төрт сағаттан кешіктірмей, ал тауарларға декларация тіркелген жағдайда кеден органының жұмыс уақыты аяқталғанға дейін төрт сағаттан аспайтын уақыт қалғанда - осы кеден органының жұмыс уақыты басталған кезден бастап төрт сағаттан кешіктірмей аяқтауы тиіс.
Көрсетілген мерзімдер кедендік бақылауды жүргізу уақытын қамтиды.
2. Осы Кодекстің 291-бабына сәйкес тауарларды алдын ала декларациялауды қолдану кезінде кеден органы тауарларды шығаруды кедендік декларацияны тіркеген кеден органына тауарларды көрсеткен күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей аяқтауы тиіс.
3.Тауарларды шығару осы Кодекстің 440 және 441-баптарына сәйкес тоқтатыла тұруы мүмкін.
4. Тауарларды шығару мерзімдері кеден органы басшысының, ол уәкілеттік берген кеден органы басшысы орынбасарының не оларды алмастыратын адамдардың жазбаша рұқсатымен кедендік бақылаудың нысандарын жүргізу немесе аяқтау үшін қажетті уақытқа ұзартылуы мүмкін және, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік декларация тіркелген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күнінен асыруға болмайды.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган жекелеген кедендік рәсімдерге қатысты, сондай-ақ кедендік декларациялаудың ерекшеліктерін қолдануға және тәуекелдерді басқару жүйесінде айқындалған кедендік бақылау нысандарына қарай тауарлар шығарудың осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген мерзімдерден ұзақтығы қысқа мерзімдер белгілейді.
298-бап. Кедендік декларацияны бергенге дейін тауарларды шығару
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, осы Кодекстің 276-бабында көрсетілген, Кеден одағының кедендік аумағына әкелінетін (әкелінген) тауарлардың жекелеген санаттарын кедендік рәсімдермен орналастыру кезінде, сондай-ақ осы Кодекстің 65-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті экономикалық операторларға қатысты арнайы оңайлатуды қолдану кезінде тауарларды шығару декларант:
1) тауарларды жөнелтуші және алушы, тауарларды жөнелтуші және жеткізілу межеленген ел туралы мәліметтер, тауардың атауы, сипаттамасы, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша кемінде алғашқы төрт белгі деңгейіндегі сыныптау коды, тауарлардың саны, брутто салмағы және құны бар коммерциялық немесе өзге де құжаттарды;
2) оның кедендік декларацияны бергені және тауарларды шығару айынан кейінгі айдың оныншы күнінен кешіктірмей тауарларды пайдалану мақсаты және тауарлар орналастырылатын кедендік рәсім туралы мәліметтер қамтылған қажетті құжаттар мен мәліметтерді табыс еткені туралы жазбаша нысандағы міндеттемені;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) тыйым салулар мен шектеулердің сақталғанын растайтын құжаттар мен мәліметтерді табыс еткен жағдайда кедендік декларацияны берген кезге дейін жүзеге асырылуы мүмкін.
Кедендік декларациялау және кедендік декларация берілгенге дейін тауарларды шығару кезінде кедендік операцияларды жасау қағидаларын кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2. Тауарлар кедендік декларация берілгенге дейін шығарған кезде осы тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет:
1) декларантта мұндай шығару кезінен бастап туындайды;
2) осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағының 1) - 7), 9) және 10) тармақшаларында белгіленген жағдайларда және кедендік декларацияға тауарларды шығару туралы белгілер енгізу (қою) кезінде тоқтатылады.
3) мыналар:
осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген мерзім өткенге дейін орындалуға жатады. Бұл ретте кедендік әкелу баждарын, салықтарды есептеу мақсатында Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленетін, кедендік декларацияны тіркеген күні қолданыста болған кедендік баждардың, салықтардың ставкалары және валютаның нарықтық бағамы қолданылады;
егер осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген мерзім ішінде кедендік декларацияны бергенге дейін шығарылған тауарларға қатысты кеден органы кедендік декларацияда тауарларды шығару туралы белгі енгізбеген (қоймаған) жағдайда - осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген мерзімнің соңғы күні орындалуға жатады. Бұл ретте кедендік әкелу баждарын, салықтарды есептеу мақсатында Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленетін, осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген мерзімнің соңғы күні қолданыстағы кедендік баждардың, салықтардың ставкалары және нарықтық валюта бағамы қолданылады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Осы Кодекстің 276-бабында көрсетілген тауарларға қатысты, дүлей зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарларын жою үшін қажетті тауарларды, бейбітшілікті сақтау не оқу-жаттығулар өткізу жөніндегі акцияларды орындау үшін қажетті әскери мақсаттағы өнімді, Қазақстан РеспубликасыныңҰлттық Банкі мен оның филиалдары әкелетін валюта (оның ішінде шетел валютасы) және тазартылған алтын түріндегі құндылықтарды, сондай-ақ гуманитарлық және техникалық көмекті қоспағанда, оларды кедендік декларацияны бергенге дейін шығару кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету ұсынылады.
4. Уәкілетті экономикалық оператор декларанты болып әрекет ететін тауарларды кедендік декларация бергенге дейін шығару, төленуге жататын кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасы осы Кодекстің 62-бабына сәйкес уәкілетті экономикалық оператор берген кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету сомасынан аспаған жағдайда қолданылады.
299-бап. Құжаттарды, тауарлардың сынамалары мен үлгілерін зерттеу не сарапшының қорытындысын алу қажет болған кезде тауарларды шығару
1. Егер кеден органдары тауарлардың сынамаларын немесе үлгілерін, егжей-тегжейлі техникалық құжаттамасын зерттеу немесе кедендік декларацияда немесе кеден органдары табыс еткен өзге де құжаттарда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын тексеру мақсатында сараптама жүргізу қажеттілігі туралы шешім қабылдаса, тауарларды шығару мұндай зерттеулердің немесе сараптамалардың жүргізілу нәтижелері бойынша қосымша есепке жазылуы мүмкін кедендік баждардың, салықтардың сомасында кедендік баждар, салықтар төлеуді қамтамасыз етуді декларант ұсынған жағдайда кедендік сараптама нәтижелері алынғанға дейін жүргізіледі.
2. Тауарларды шығару кеден органдары тауарларға тыйым салулар мен шектеулер қолданылуы мүмкін екендігін көрсететін белгілерді тапқан және декларант олардың сақталғанын растайтын дәлелдемелерді табыс етпеген жағдайда ғана жүргізілмейді.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 300-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
300-бап. Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық анықталған кезде тауарлар шығару
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық анықталған жағдайда тауарлар шығару іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға немесе әкімшілік процесс аяқталғанға дейін, егер мұндай тауарлар алып қойылмаса немесе оларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тыйым салынбаса, жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Осы Кодекстің 16-тарауында қосымша есепке жазылуы мүмкін кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз етуді ұсыну қажеттігі көзделуі мүмкін.
301-бап. Шартты түрде шығарылған тауарлар
1. Мыналарға қатысты:
1) тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулермен ұштасқан кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер берілсе;
2) пайдалану және (немесе) билік ету жөніндегі шектеулер тауарлар шығарылғаннан кейін осы Кодекстің 296-бабының 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген құжаттарды табыс етуге байланысты болса;
3) мөлшері Бірыңғай кедендік тарифпен белгіленген кедендік әкелу баждары ставкаларының мөлшерінен аз кедендік әкелу баждарының ставкалары қолданылса, ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар шартты түрде шығарылған тауарлар болып саналады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шартты түрде шығарылған тауарлар жеңілдіктер беру шарттарына сәйкес келетін мақсатта ғана пайдаланылуы мүмкін.
Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген, шартты түрде шығарылған тауарларды үшінші тұлғаларға, оның ішінде оларды сату немесе өзге де тәсілмен иеліктен шығару жолымен беруге тыйым салынады, ал егер көрсетілген тауарларды әкелуге шектеулер осы тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін тексеруге байланысты белгіленсе, оларды кез келген нысанда пайдалануға (қолдануға, тұтынуға) тыйым салынады.
Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген, шартты түрде шығарылған тауарлар Қазақстан Республикасының аумағы шегінде ғана пайдаланылуы мүмкін.
3. Шартты түрде шығарылған тауарлардың шетелдік тауарлар мәртебесі бар және олар кедендік бақылауда болады.
4. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тауарлар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, кедендік баждардың, салықтардың тиісті сомаларын төлеу бойынша міндет тоқтатылған кезге дейін шартты түрде шығарылған болып саналады.
5. Шартты түрде шығарылған тауарлар:
осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарының, салықтардың тиісті сомасын төлеу жөніндегі міндеттерді тоқтатқаннан кейін;
осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты осы Кодекстің 296-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген құжаттарды табыс еткеннен кейін;
осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты Бірыңғай кедендік тарифпен белгіленген кедендік әкелу баждарының ставкалары бойынша есептелген кедендік әкелу баждары сомаларының және тауарларды шығарғаннан кейін төленген кедендік әкелу баждары сомаларының айырмасы мөлшерінде кедендік әкелу баждарын төлегеннен кейін Кеден одағы тауарлары мәртебесіне ие болады.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен және (немесе) Комиссияның шешімімен өзге де жағдайлар белгіленуі мүмкін, ол кезде шартты түрде шығарылған тауарлар Кеден одағы тауарлары мәртебесіне ие болады.
6. Кеден одағы тауарларының мәртебесін алу үшін шартты түрде шығарылған тауарлар ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен қайта орналастырылуға жатпайды.
Кедендік баждарды, салықтарды төлеу тәртібі не осы Кодекстің 296-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген құжаттарды табыс ету осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда осы Кодексте айқындалады.
7. Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарымен немесе Қазақстан Республикасының кеден заңнамасымен тауарларды шартты түрде шығарылғандар қатарына жатқызудың өзге де жағдайлары мен тәртібі белгіленуі мүмкін.
302-бап. Тауарларды шығарудан бас тарту
1. Осы Кодекстің 296-бабының 1-тармағында белгіленген тауарларды шығарудың шарттары сақталмаған кезде, сондай-ақ осы Кодекстің 291-бабының 7-тармағында және осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларда кеден органы тауарларды шығару мерзімінің өтуінен кешіктірмей мұндай бас тарту үшін негіздеме болған барлық себептерді және оларды жою жөніндегі ұсынымдарды көрсете отырып, жазбаша нысанда тауарларды шығарудан бас тартады.
Тауарларды шығарудан бас тартуды ресімдеу тәртібі Комиссияның шешімімен айқындалады.
2. Кеден органы, егер:
анықталған, құқық бұзушылық құрамы жоқ бұзушылықтар жойылса;
анықталған бұзушылықтар жойылған, ал декларацияланатын тауарлар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алып қойылмаған немесе оларға тыйым салынбаған жағдайларды қоспағанда, егер тауарларға кедендік бақылау жүргізу кезінде кеден органдары Кеден одағының кеден заңнамасын бұзуды анықтаған болса, тауарларды шығарудан бас тартады.
3. Кеден органы, егер декларанттың кедендік төлемдер мен салықтар сомаларының мөлшерін анықтауға ықпал ететін дұрыс емес мәліметтерді мәлімдегенін, оның ішінде Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының, шығарылған елінің, кедендік төлемдер мен салықтардың ставкалары мен мөлшерінің, төлем тәсілдерінің және кедендік төлемдер мен салықтарды төлеумен байланысты басқа да мәліметтерін, тауарлардың кедендік құнын түзетуді қоспағанда, дұрыс көрсетпегенін анықтаса тауарларды шығарудан бас тартады.