5. Кәсіпкерлік субъектілері Ұлттық палата шығарған есеп шоты негізінде ағымдағы жылғы 25 мамырдан, 25 тамыздан, 25 қарашадан кешіктірмей міндетті мүшелік жарналарды тең үлестермен төлейді.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Съездің шешімі бойынша есепті кезеңде мүгедектігі бар адамдардың саны жұмыскерлерінің жалпы санының кемінде елу бір пайызын құрайтын ұйымдар міндетті мүшелік жарналарды төлеуден босатылуы мүмкін.
2015.12.11. № 391-V ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
7. Міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелері болып табылатын кәсіпкерлік субъектілері үшін міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген, кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым құрылған күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен кешіктірілмей өткізілетін съезд шешімімен олардың Ұлттық палатаға міндетті мүшелік жарналарының мөлшері азайтылады.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық палата туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының Ұлттық палата туралы заңнамасын бұзу Ұлттық палата мен оның лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылығына әкеп соғады.
31-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн өз атауларында «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы», «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы» деген толық сөз тіркестерін пайдалана отырып тiркелген заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап үш ай iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк қайта тiркелуге жатады.
2. Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы мен аумақтық сауда-өнеркәсіп палаталары осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл өткен соң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен таратылуға жатады. Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасы мен аумақтық сауда-өнеркәсіп палаталарын тарату кезінде кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік құрылтай құжаттарында көрсетілген мақсаттарға жіберіледі.
32-бап. Құрылтай кезеңі және өтпелі кезең
1. Ұлттық палатаның құрылуын және жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл құрылтай кезеңі және бес жылға дейін өтпелі кезең белгіленеді.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі және барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада филиалдары, сондай-ақ орталық атқарушы органдарда кемінде бес жыл аккредиттеу тәжірибесі бар қауымдастық (одақ) Ұлттық палатаның құрылтайшылары болып табылады.
3. Ұлттық палатаның құрылтайшылары:
1) Ұлттық палатаның жарғысын бекітеді;
2) лауазымы бойынша төралқаның құрамына кіретін өңірлік кеңестер төрағаларын қоспағанда, бірлескен шешіммен төралқа мүшелерін тағайындайды.
4. Осы Заңмен және Ұлттық палатаның жарғысымен съездің құзыретіне жатқызылған өкілеттіктер құрылтай кезеңі ішінде төралқаға жүктеледі.
2018.13.06. № 160-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Басқарманы және тексеру комиссиясын осы Заңда белгіленген мерзімге төралқа тағайындайды. Басқарманың ұсынуы бойынша төралқа тиісті өңірлік палаталардың дирекциясын және өңірлік кеңестердің мүшелерін тағайындайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес тағайындалған облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың өңірлік кеңес мүшелерінің өкілеттіктері осы Заңның 25-бабына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың өңірлік кеңестерін қалыптастыру аяқталған күннен бастап бітеді.
6. Өңірлік кеңестердің тағайындалған мүшелері өз төрағаларын сайлайды. Өңірлік кеңестердің төрағалары өздерін сайлағаннан кейін төралқаның құрамына кіреді.
7. Төралқа тиісті филиалдардың басшыларын басқарманың ұсынуы бойынша тағайындайды.
8. Съезд осы Заңның талаптары ескеріле отырып, құрылтай кезеңі аяқталғаннан кейін шақырылады. Съездің бірінші шақырылымы ішінде басқару органдары сайланбайды.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Осы Заңның 29-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген кәсіпкерлік субъектілері осы Заңның 29-бабының 4-тармағы қолданысқа енгізілген кезден бастап бес жыл ішінде міндетті мүшелік жарналар төлеуден босатылады.
10. 2018.13.06. № 160-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
11. Өтпелі кезең аяқталған соң Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлттық палатаға қатысушылардың құрамынан шығады.
33-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
1) алғашқы ресми жарияланғанынан кейін бір жыл өткен соң қолданысқа енгізілетін 14-бапты;
2) 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 10-баптың 2-тармағын және 29-баптың 4-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін бір жыл өткен соң «Сауда-өнеркәсiп палаталары туралы» 2005 жылғы 3 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 9, 25-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 17, 80-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 15, 71-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы шілденің 4-і.
№ 129-V