Декларанттың электрондық цифрлық қолтаңбасы кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайды.
279-бап. Тауарларға арналған декларация
1. Кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, кедендік рәсімдерге орналастыру кезінде кеден органына тауарларға арналған декларация табыс етіледі.
2. Тауарларға арналған декларацияда, оның ішінде кодталған түрде мына негізгі мәліметтер көрсетіледі:
1) мәлімделетін кедендік рәсім;
2) декларант, кеден өкілі, тауарды жөнелтуші және алушы туралы мәліметтер;
3) тауарларды халықаралық тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралдары және (немесе) оларды Кеден одағының кедендік аумағы арқылы кедендік бақылаумен тасымалдау туралы мәліметтер;
4) халықаралық тасымалдау көлік құралдары және (немесе) олармен тауарлар Кеден одағының кедендік аумағы арқылы кедендік бақылаумен тасымалданған (тасымалданатын) көлік құралдары туралы мәліметтер;
5) тауарлар туралы мәліметтер:
атауы;
сипаты;
Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша тауарлардың сыныптау коды;
шығарылған елінің атауы;
жөнелткен (жеткізу межеленген) елдің атауы;
орамдардың сипаты (саны, түрі, таңбалануы және реттік нөмірлері);
килограм (брутто салмағы және нетто салмағы) және басқа да өлшем бірліктеріндегі мөлшері;
кедендік құн;
статистикалық құн;
6) кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу туралы мәліметтер:
кедендік төлемдер мен салықтардың ставкалары;
кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктерді қолдану;
есептелген кедендік төлемдер мен салықтардың сомалары;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленетін және осы Кодекске сәйкес кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу үшін қолданылатын валюталардың нарықтық бағамы;
7) сыртқы экономикалық мәміле және оның негізгі шарттары туралы мәліметтер;
8) шектеулерді сақтау туралы мәліметтер;
9) тауарларды өндіруші туралы мәліметтер;
10) тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру шарттарын сақтауды растайтын мәліметтер;
11) осы Кодекстің 281-бабына сәйкес ұсынылатын құжаттар туралы мәліметтер;
12) тауарларға арналған декларацияны жасаған тұлға туралы мәліметтер;
13) тауарларға арналған декларацияны жасау орны және күні.
2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Тауарларға арналған декларацияны электрондық құжат түрінде берген кезде, тауарларға арналған декларацияның жазбаша нысанын ұсыну талап етілмейді.
280-бап. Транзиттік декларация
1. Тауарлар кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған кезде тауарларды жөнелткен кеден органына транзиттік декларация табыс етіледі.
2. Транзиттік декларация ретінде көлік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалған, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтер бар құжаттар табыс етілуі мүмкін.
3. Транзиттік декларацияда:
1) көлік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес тауарларды жөнелтуші, алушы;
2) тауарды жөнелтуші ел, оларды жеткізу межеленген ел;
3) декларант;
4) тасымалдаушы;
5) тауарлар тасымалданатын халықаралық тасымалдаудың көлік құралы;
6) коммерциялық құжаттарға, көлік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес тауарлардың атауы, мөлшері, құны;
7) Тауарларды сипаттаудың және кодтаудың үйлестірілген жүйесіне немесе Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауарлардың алғашқы алты белгіден кем емес деңгейдегі коды;
8) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының немесе Тауарларды сипаттаудың және кодтаудың үйлестірілген жүйесінің әрбір коды бойынша тауарлардың брутто салмағы немесе көлемі, сондай-ақ қосымша өлшем бірліктеріндегі мөлшері (мұндай мәліметтер болған жағдайда);
9) жүк орындарының саны;
10) көлік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес тауарларды жеткізу межеленген пункт;
11) егер мұндай өткізу осы құжаттар болған кезде жол берілсе, тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты шектеулердің сақталуын растайтын құжаттар;
12) жолда тауарларды жоспарланған қайта тиеу немесе жүк операциялары туралы мәліметтер болуға тиіс.
Егер осы баптың 2-тармағында көрсетілген транзиттік декларация ретінде қабылданатын құжаттарда осы тармақта көрсетілген барлық мәліметтер болмаса, жетіспейтін мәліметтер кеден органына табыс етілетін, мұндай транзиттік декларацияға қоса берілетін не онымен бірге жүретін құжаттарда болуға тиіс.
4. Кеден органы осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда, декларанттан басқа да мәліметтерді талап етуге құқылы емес.
5. Транзиттік декларацияны кеден органы тіркейді, оның ішінде кеден органдары қолданатын ақпараттық жүйелерді және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып тіркейді.
Транзиттік декларацияны беру және тіркеу тәртібі Комиссияның шешімімен айқындалады.
281-бап. Тауарларды кедендік декларациялау кезінде құжаттарды табыс ету
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік декларацияны беру кеден органына олардың негізінде кедендік декларация толтырылған құжаттардың табыс етілуімен бірге жүруге тиіс.
Мұндай құжаттарға:
1) шот-фактура (инвойс), олар болмаған кезде сыртқы экономикалық мәміленің жасалғанын растайтын құжат;
2) пайдаланылатын көлік түріне қарай көліктік (тасымалдау) құжаты жатады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Төменде көрсетілген талаптар қолданылатын тауарлар мен мәмілелерге қатысты осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарға қосымша мынадай құжаттар:
1) Қазақстан Республикасының валюта заңнамасындакөзделген жағдайда валюталық бақылау саласындағы талаптардың сақталуын растайтын құжат;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, Комиссияның шешімдерінде және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шығарылған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда тыйым салулар мен шектеулердің, сондай-ақ арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдануға байланысты шектеулердің сақталуын растайтын құжаттар;
3) 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) егер тауарлар мұндай қамтамасыз етуді ұсыну шартымен шығарылған жағдайда, кедендік баждар, салықтар төлеудің қамтамасыз етілгенін растайтын құжаттар;
5) осы Кодексте, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда, кедендік рәсімдерге сәйкес кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден толық немесе ішінара босатуды растайтын құжаттар табыс етіледі.
2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Кедендік декларацияны электрондық құжат түрінде беру кеден органына олардың негізінде тауарлар туралы мәліметтер мәлімделген құжаттарды ұсынумен бірге жүргізілмейді.
Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген құжаттарды мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алу мүмкін болмаған жағдайларда, осы тармақтың ережелері қолданылмайды.
Кедендік декларацияны электрондық құжат нысанында ұсыну, пайдалану және сақтау тәртібін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
4. Егер кедендік декларация толтыру үшін негізге алынған жекелеген құжаттар кедендік декларацияны беру кезінде табыс етіле алмайтын болса, декларанттың дәлелді өтініші бойынша кеден органы мұндай құжаттарды тауарлар шығарылғанға дейін табыс етуге рұқсат етеді.
Егер жекелеген құжаттар декларанттың дәлелді өтініші бойынша көрсетілген мерзімдерде табыс етіле алмайтын болған жағдайда, егер құжат тауарларды шығару туралы шешім қабылдау үшін міндетті болып табылмаса, кеден органдары кейін құжаттарды алу үшін қажетті мерзімдерде, бірақ оларды кедендік декаларация тіркелгеннен кейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей бере отырып, олардың көшірмелерін беруге рұқсат етеді. Декларант құжаттарды белгіленген мерзімдерде табыс етпегені не құжаттардың бұрын берілген көшірмелерінде мәліметтерді дұрыс мәлімдемегені үшін жауапты болады.
5. Тауарларды кедендік декларациялау кезінде құжаттардың түпнұсқалары не олардың көшірмелері табыс етіледі. Кеден органы табыс етілген құжаттар көшірмелерінің олардың түпнұсқаларына сәйкестігін тексеруге құқылы.
Егер тауарларды кедендік декларациялау кезінде кеден органына кедендік декларациялау кезінде пайдаланылатын құжаттар бұрын табыс етілсе, мұндай құжаттардың көшірмелерін табыс ету не кеден органына мұндай құжаттарды табыс ету туралы мәліметтерді көрсету жеткілікті.
6. Тауарларды кедендік декларациялау кезінде құжаттар осы Кодекске сәйкес электронды құжаттар түрінде табыс етілуі мүмкін.
Электронды құжаттарды табыс ету және пайдалану тәртібі Кеден одағының кеден заңнамасында айқындалады.
7. 2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
8. Кеден органдары кедендік декларациялау кезінде Кеден одағына мүше мемлекеттердің мемлекеттік тілдерінде және шет тілдерде жасалған құжаттар мен мәліметтерді қабылдауы және пайдалануы мүмкін. Кеден органы құжаттарда бар мәліметтердің қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасын талап етуге құқылы.
9. Декларанттың немесе кеден өкілінің электронды (автоматтандырылған) түрдегі есебін алу мақсатында кеден органына мына құжаттар:
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 1) тармақша өзгертілді
1) заңды тұлғалар үшін:
заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама немесе оның құрылымдық бөлімшесі үшін есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 2) тармақша өзгертілді
2) жеке тұлғалар үшін:
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі;
банктен банк шотын ашқаны туралы анықтама (ол болған жағдайда);
282-бап. Кедендік рәсімдердің шарттарына сәйкес кедендік декларациялау кезінде табыс етілетін қосымша құжаттар
Тауарларды мәлімделген кедендік рәсімдердің шарттарына сәйкес кедендік декларациялау кезінде осы Кодекстің 281-бабында көрсетілген құжаттарға қосымша:
1) кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімі кезінде - осы Кодекстің 344-бабының 1-тармағына сәйкес тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеудің шарттары туралы құжат;
2) кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі кезінде - қайта өңдеу мақсаты жөндеу болып табылатын жағдайларды қоспағанда, тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеудің шарттары туралы құжат;
3) ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімі кезінде - тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің шарттары туралы құжат;
4) кері импорттың кедендік рәсімі кезінде - тауарларды әкету кезінде қабылданған кедендік декларация және тауарларды әкету кезінде оларды кедендік шекара арқылы өткізген күнді растайтын құжаттар;
5) ішкі тұтыну үшін бұрын кедендік шығару рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты кері экспорттың кедендік рәсімі кезінде - мыналар:
тауарларды Кеден одағының кедендік аумағына әкелу жағдайы (сыртқы экономикалық мәмілені жасағанын растайтын құжаттарды негізге ала отырып);
сыртқы экономикалық мәміленің шарттарын орындамау;
осы тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру;
осы тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылғаннан кейін пайдалану туралы мәліметтер бар құжаттар;
6) жою кедендік рәсімі кезінде - қоршаған ортаны қорғау саласындағы органның тауарларды жою мүмкіндігі туралы қорытындысы;
7) еркін кедендік аймақ және еркін қойма кедендік рәсімдері кезінде - Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес құжаттар табыс етіледі.
283-бап. Кедендік декларацияны беру мерзімдері
1. Кеден одағының кедендік аумағына әкелінген тауарларға арналған кедендік декларация, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, тауарларды уақытша сақтау мерзімі аяқталғанға дейін беріледі.
2. Кеден одағының кедендік аумағынан әкетілетін тауарларға кедендік декларация, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, олар Кеден одағының кедендік аумағынан кеткенге дейін беріледі.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасау қаруы, құралы немесе нысанасы болып табылған, қайтару туралы шешім қабылданған және осы Кодекске сәйкес кедендік декларациялауға жататын тауарларға қатысты кедендік декларация:
1) қылмыстық (әкімшілік) жауапкершіліктен босату туралы сот шешімі;
2) әкімшілік жауапкершіліктен босату туралы кеден органының (лауазымды адамның) шешімі;
3) соттың немесе кеден органының (лауазымды адамның) қылмыстық (әкімшілік) іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы шешімі;
4) соттың немесе кеден органының (лауазымды адамның) әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде беріледі.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген тауарларға қатысты кедендік декларация белгіленген мерзімде берілмеген тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес ұстайды.
284-бап. Декларант
Мыналар:
1) Кеден одағына мүше мемлекеттің:
сыртқы экономикалық мәміле жасасқан тұлғасы не оның атынан (тапсырмасы бойынша) осы мәміле жасалған;
сыртқы экономикалық мәміле болмаған кезде тауарларды иемдену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығы бар тұлғасы;
2) шетелдік тұлғалар:
жеке пайдалануға арналған тауарларды алып өтетін жеке тұлға;
осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кедендік жеңілдіктерді пайдаланатын тұлға;
Кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында белгіленген тәртіппен құрылған өкілдігі бар ұйым, - уақытша әкелу, кері экспорт кедендік рәсімдерін, сондай-ақ осы өкілдіктердің жеке мұқтаждары үшін әкелінетін тауарларға ғана қатысты ішкі тұтыну үшін кедендік шығару рәсімін мәлімдеген кезде;
Кеден одағына мүше мемлекеттің тұлғасы мәміле тараптарының бірі болып әрекет ететін, мәміле шеңберінен тыс тауарларға билік ету құқығы бар тұлға;
3) кедендік транзит кедендік рәсімін мәлімдеу үшін - осы баптың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар, сондай-ақ:
тасымалдаушы, оның ішінде кедендік тасымалдаушы;
экспедитор, егер ол Кеден одағына мүше мемлекеттің тұлғасы болып табылса, декларант бола алады.
285-бап. Декларанттың құқықтары
Тауарларды кедендік декларациялау және тауарларды кедендік рәсімге орналастыру үшін қажет өзге де кедендік операцияларды жасау кезінде декларант:
1) кедендік бақылаудағы тауарларды қарауға, өлшеуге және жүк операцияларын орындауға;
2) кедендік бақылаудағы тауарлардың сынамалары мен үлгілерін осы Кодекстің 247-бабында көзделген шарттар сақталған кезде кеден органының рұқсатымен алуға;
3) кеден органдарының лауазымды адамдары тауарларды кедендік қарау мен кедендік тексеріп қарау кезінде және тауарлардың сынамалары мен үлгілерін алған кезде қатысуға;
4) өздері декларациялайтын тауарлардың кеден органдарында бар сынамалары мен үлгілерін зерттеу нәтижелерімен танысуға;
5) осы Кодекске сәйкес құжаттар мен мәліметтерді электронды құжаттар түрінде ұсынуға;
6) кеден органдарының шешімдеріне, кеден органдарының немесе олардың лауазымды адамдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануға;
7) өзі декларациялайтын тауарлар туралы мәліметтерді нақтылау үшін сарапшыларды тартуға;
8) осы Кодексте көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
286-бап. Декларанттың міндеттері
Тауарларды кедендік декларациялау және тауарды кедендік рәсіммен орналастыру үшін қажет өзге де кедендік операцияларды жасау кезінде декларант:
1) тауарларды кедендік декларациялауды жүргізуге;
2) егер Кеден одағының кеден заңнамасында өзгеше белгіленбесе, кедендік декларация толтыру үшін негізге алынған құжаттарды кеден органына табыс етуге;
2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) кедендік декларацияны электрондық құжат түрінде тапсырған кезде, тәуекелдерді басқару жүйесі кеден органына онда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды беруді көздейтін тәуекелдерді болғызбау және барынша төмендету жөніндегі шараларды берген жағдайда, осындай құжаттарды қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық түрде ұсынуға;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-2) тармақшамен толықтырылды
2-2) кеден органы талабының негізінде тауарлар шығарылғаннан кейін кедендік бақылау кезінде электрондық құжат түрінде берілген, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды қағаз түрінде кеден органына табыс етуге;
3) декларацияланатын тауарларды осы Кодексте белгіленген жағдайларда не кеден органының талабы бойынша көрсетуге;
4) осы Кодекске сәйкес кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуге және (немесе) олардың төленуін қамтамасыз етуге;
5) тиісті кеден рәсімінде тауарларды пайдаланудың талаптары мен шарттарын сақтауға;
6) осы Кодексте көзделген өзге де талаптарды орындауға міндетті.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 287-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
287-бап. Декларанттың жауаптылығы
Декларант, осы баптың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 286-бабында көзделген міндеттерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін кедендік декларацияда көрсетілген анық емес мәліметтерді мәлімдегені үшін, сондай-ақ кеден өкіліне көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді және (немесе) қолдан жасалған құжаттарды табыс еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
Декларант мынадай жағдайларда:
1) тауарлар шығарылғанға дейін кеден органы лауазымды адамының тауарларды дұрыс сыныптамауы фактісі анықталған жағдайда, тауарлар шығарылғаннан кейін оларды сыныптау жөніндегі шешімдерді қайта қарау кезінде тауарлардың коды өзгертілген;
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2) камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарлама тексерілетін тұлғаға табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жойған;
3) тауарлар шығарылғаннан кейін бұзушылықтарды өз бетінше анықтаған және көшпелі кедендік тексерудің жүргізілуі басталғанға дейін бір жыл ішінде өз еркімен жойған кезде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жауаптылыққа тартылмайды.
288-бап. Кедендік декларацияны беру және тіркеу
1. Кедендік декларацияны декларант немесе кеден өкілі Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кедендік декларацияны тіркеуге құқылы кеден органына береді.
2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды; 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 1-1-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1-1. Электрондық құжат нысанындағы кедендік декларация кеден органдарының ақпараттық жүйесіне ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы беріледі.
Декларант тауарларға арналған декларацияны берген кезде, электрондық құжат нысанындағы кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтердің толықтығын тексеру кеден органдарының ақпараттық жүйелерінде жүзеге асырылады.
2. Кеден органы кедендік декларацияның, оның электрондық көшірмесінің және қажетті құжаттардың берілген күні мен уақытын, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, белгілеп қояды.
3. Кеден органы кедендік декларацияны Комиссияның шешімінде айқындалатын тәртіппен кедендік декларация берілген кезден бастап екі сағаттан аспайтын мерзімде тіркейді немесе тіркеуден бас тартады.
4. Кеден органы кедендік декларацияны тіркеуден, егер:
1) кедендік декларация кедендік декларацияны тіркеуге құқылы емес кеден органына берілсе;
2) кедендік декларацияны уәкілетті емес тұлға берсе;
3) кедендік декларацияда осы Кодекстің 278 - 280-баптарында көзделген қажетті мәліметтер көрсетілмесе;
4) кедендік декларацияға қол қойылмаса не тиісті түрде куәландырылмаса немесе белгіленген нысан бойынша жасалмаса;
5) декларацияланатын тауарларға қатысты осы Кодекске сәйкес кедендік декларация берілгенге дейін немесе берілуімен бір мезгілде жасалуға тиіс әрекеттер жасалмаса, бас тартады.
5. Кедендік декларацияны тіркеуден бас тартуды кеден органының лауазымды адамы жазбаша нысанда бас тарту себебін көрсете отырып ресімдейді.
Кедендік декларацияны тіркеуден бас тартылған жағдайда кедендік декларация және табыс етілген құжаттар декларантқа не кеден өкіліне қайтарылады.
6. Егер кедендік декларацияны кеден органы тіркемесе, ондай декларация кедендік мақсаттар үшін берілмеген болып саналады.
7. Кедендік декларация тіркелген кезден бастап заңдық маңызы бар фактілер туралы куәландыратын құжатқа айналады.
8. Осы баптың 2 және 3-тармақтарының ережелері кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларды кедендік декларациялау кезінде қолданылмайды.
289-бап. Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту және толықтыру
1. Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтер кеден органының рұқсатымен декларанттың дәлелді жазбаша өтініші бойынша тауарлар шығарылғанға дейін бір мезгілде мына шарттар сақталған кезде:
егер енгізілген өзгерістер мен толықтырулар тауарларды шығару туралы шешім қабылдауға ықпал етпесе және тауарлардың кедендік құнын түзету және тыйым салулар мен шектеулерді сақтау жағдайларын қоспағанда, кедендік төлемдер мен салықтар сомаларының мөлшерін анықтауға әсер ететін мәліметтерді өзгерту қажеттігіне әкеп соқтырмаса;
декларанттың өтінішін алған кезде кеден органы оны кедендік тексеріп қарауды өткізу орны мен уақыты туралы хабардар етпесе және (немесе) тауарларға қатысты кедендік бақылаудың өзге нысандарын жүргізу туралы шешім қабылдамаса, өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін.
Тіркелген кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту және толықтыру тіркелген кедендік декларацияда көрсетілгеннен өзге тауарлар туралы мәліметтерді мәлімдеуге әкеп соқпайды.
2. Кедендік декларацияға тауарларды шығарғаннан кейін өзгерістер мен толықтырулар енгізуге Комиссияның шешімімен айқындалатын жағдайларда және тәртіппен жол беріледі.
3. Кеден органдарының өз бастамасы, тұлғаның тапсырмасы немесе өтініші бойынша кеден декларациясын толтыруға, енгізілуі кеден органдарының құзыретіне жататын мәліметтерді, тауарлардың кедендік құнын түзетуді және (немесе) тауарларды шығарғаннан кейін кедендік төлемдер сомасының мөлшерін анықтауға ықпал ететін өзге де мәліметтерді өзгертуді және Кеден одағы кеден заңнамасының ережелеріне сәйкес жүргізілетін тыйым салулар мен шектеулерді сақтауды қоспағанда, кеден декларациясында көрсетілген мәліметтерді өзгертуге немесе толықтыруға құқылы емес.
290-бап. Кедендік декларацияны кері қайтарып алу
1. Декларант жазбаша өтініші бойынша шетел тауарларына тіркелген кедендік декларацияны кеден органы тауарларды шығару туралы шешім қабылдағанға дейін оларды кері қайтарып алуы мүмкін.
Кедендік декларацияны кері қайтарып алу кезінде жаңа кедендік декларация тауарларды уақытша сақтау мерзімі шегінде берілуі тиіс.
Кедендік декларация осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзімде берілмеген кезде тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес ұстайды.
2. Декларанттың жазбаша өтініш бойынша Кеден одағының тауарларына кедендік декларация тауарлар Кеден одағының кедендік аумағынан нақты шыққанға дейін, оның ішінде тауарларды шығару туралы шешім қабылданғаннан кейін кері қайтарып алынуы мүмкін.
Кеден одағының тауарларына кедендік декларацияны кері қайтарып алу үшін кері қайтарып алу туралы өтініште тауардың тұрған жері көрсетілуі тиіс.
3. Егер декларанттың өтінішін алғанға дейін кеден органы декларантты кедендік декларацияда мәлімделген тауарларды кедендік тексеріп қарауды жүргізу орны мен уақыты туралы хабардар етпесе және (немесе) Кеден одағының кеден заңнамасын әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын бұзуды анықтамаса, кедендік декларацияны кері қайтарып алуға кеден органының жазбаша рұқсатымен жол беріледі.
Кедендік декларация тауарды кедендік тексеріп қараудан кейін, егер мұндай тексеріп қарау барысында әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын Кеден одағының кеден заңнамасын бұзушылықтар анықталмаған болса, кері қайтарып алынуы мүмкін.
291-бап. Тауарларды алдын ала кедендік декларациялау
1. Кедендік декларация шетелдік тауарларға қатысты олар Кеден одағының кедендік аумағына әкелінгенге дейін берілуі мүмкін.
2. Егер кедендік мақсаттар үшін тауарларға ілеспе көлік (тасымалдаушы) немесе коммерциялық құжаттардың пайдаланылуы тиіс болса, тауарларды алдын ала кедендік декларациялау кезінде кеден органы бұл құжаттардың декларант растаған көшірмелерін немесе бұл құжаттардағы мәліметтерді электрондық түрде қабылдайды және тауарларды кеден органына көрсеткеннен кейін көрсетілген құжаттардың көшірмелеріндегі мәліметтерді құжаттардың түпнұсқаларындағы, соның ішінде электрондық құжаттардағы мәліметтермен салыстырады.
3. Алдын ала кедендік декларациялау кезінде кедендік декларацияда өз сипаты бойынша тауарларды Кеден одағының кедендік аумағына әкелгенге және (немесе) оларды кеден органына көрсеткенге дейін декларантқа белгілі бола алмайтын мәліметтер жоқ болуы мүмкін.
Мұндай мәліметтер кедендік декларацияға Комиссияның шешімінде белгіленген тәртіппен тауарларды шығару туралы шешім қабылданғанға дейін енгізілуі тиіс.