2) өз құзыреті шегінде кедендік және өзге де бақылау түрлерінің ұйымдастырылуы үшін жауап береді, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасына әкелуге немесе Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге рұқсат беру құжаттарын ресімдеуді жүзеге асырады;
3) осы Заңға және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне Мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасыз етуде жәрдем көрсетеді;
4) өткізу пункттерінде режимді қамтамасыз ету мәселелері, өздерінің құзыретіне кіретін өзге де мәліметтер бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін хабардар етеді;
5) 2014.10.11. № 249-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6) өткізу пункттерінің балансында тұрған инженерлік-техникалық құрылыстарды, бөгеуіштерді, коммуникацияларды күтіп-ұстауды жүзеге асырады, сондай-ақ пайдаланылатын жабдықты пайдалануға беруді және олардың сақталуын қамтамасыз етеді;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
58-бап. Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінің құзыреті Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі:
1) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге байланысты мәселелер бойынша қызметін үйлестіреді, Мемлекеттік шекара режимі туралы шарттарды жасасу бойынша келіссөздерге қатысады;
2) Мемлекеттік шекараның сыртқы саяси, халықаралық-құқықтық жағынан қорғалуын қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
3) өз құзіреті шегінде Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасына кіру және Қазақстан Республикасынан шығу құқығын беретін құжаттарды ресімдейді;
4) Қазақстан Республикасына қатысты шет мемлекеттердiң шекара және виза саясатындағы өзгерістер, басқа мемлекеттердегi мемлекеттік шекаралар арқылы өткізу тәртiбі туралы, шектес мемлекеттермен Мемлекеттік шекараны межелеуді, шегендеуді немесе қайта шегендеуді жүргiзу туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметiн хабардар етеді;
5) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметiнің шекара өкiлдерi реттемеген Мемлекеттік шекара режимін сақтау мәселелерін және шекарадағы тосын оқиғаларды дипломатиялық құралдармен және әдістермен шешедi;
6) дипломатиялық өкiлдiктердiң және консулдық мекемелердiң, сондай-ақ оларға теңестiрiлген, Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлеріне шекаралық және өзге де бақылау түрлері жүзеге асырылатын өткізу пунктеріндегі үй-жайларға және өзге де орындарға жіберу үшін рұқсаттамалар беруді жүзеге асырады;
7) шектес мемлекеттермен шекара өкілдерінің тізімдерімен алмасуды жүзеге асырады;
8) Мемлекеттік шекараны қорғау мәселелері бойынша халықаралық іс-шараларды өткізу кезінде уәкілетті органдардың лауазымды адамдарын шетелге іссапарға жіберуге арналған қаражатты пайдалану жөнінде шешімдер қабылдайды;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
59-бап. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі:
1) дербес немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп адамдардың шекаралық аймаққа кіруіне, онда уақытша болуына, тұруына және жүріп-тұруына бақылауды жүзеге асырады;
2020.13.05. № 327-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) шекаралық аймақта тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға шекаралық аймақ тұрғынының куәлігін беру тәртібін айқындайды, оларды беруді жүзеге асырады;
3) шекаралық аймақта және шекаралық белдеуде қоғамдық-саяси, мәдени және өзге де іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді;
4) шекаралық кеңістіктегі құқық тәртібінің жай-күйі, тұрғылықты жерінен белгісіз мән-жайларда кетіп қалған адамдар, Мемлекеттік шекараға және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қатысты құқыққа қарсы пиғылдары бар қылмыстық топтар мен адамдар туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін хабардар етеді;
5) Мемлекеттік шекараны бұзған адамдарды және өзге де құқық бұзушыларды іздестіруде, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың мән-жайларын анықтауда және тексеруде Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жәрдем көрсетеді;
6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен ішкі істер органдарының күштері мен құралдарының Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысуын қамтамасыз етеді;
7) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың жергілікті жердің жекелеген учаскелеріне немесе шекаралық кеңістікте орналасқан объектілерге баруын уақытша шектейді немесе баруына тыйым салады;
8) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі ұстаған адамдарды Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес ішкі істер органдарының тергеу изоляторларында, уақытша ұстау изоляторларында ұстайды;
9) дербес немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп Қазақстан Республикасының халқына құқықтық тәрбие беруге қатысады, шекаралық кеңістікте құқық бұзушылықтардың профилактикасын жүзеге асырады;
10) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2014.10.11. № 249-V ҚР Заңымен 60-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
60-бап. Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган:
1) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы әуе, теміржол, теңіз (өзен) және автомобиль өткізу пункттерінің инфрақұрылымын құрады;
2) шекаралық аймаққа кіретін жерлерде жол (ақпараттық) белгілерін орнатады;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
61-бап. Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның құзыреті
Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган:
1) өз құзыреті шегінде Мемлекеттік шекараның картографиялық материалдарда бейнеленуін бақылауды жүзеге асырады, шекара белгілерін геодезиялық анықтауды қамтамасыз етеді;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
62-бап. Қазақстан Республикасы жергілікті атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының құзыреті
1. Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары:
1) өз құзіреті шегінде Мемлекеттік шекараны қорғау үшін жағдайлар жасауға бағытталған нормативтік құқықтық актілерді шығарады;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін шекаралық кеңістіктегі ахуалға қатысы бар мәселелер бойынша хабардар етеді;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Мемлекеттік шекараны қорғау және күзету мұқтажы үшін жер учаскелерін береді;
4) Мемлекеттік шекараны қорғауды жүзеге асыратын уәкілетті органдарға көмек көрсетеді, олардың ұсынуларын және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де ден қою актілерін қарайды және орындайды;
2020.16.11. № 375-VІ ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) шекара кеңістігінде құқық бұзушылықтардың жолын кесу кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі алып қойған және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен иесіз деп танылған мүлікті есепке алуды, сақтауды, бағалауды және одан әрі пайдалануды ұйымдастырады;
5) Қазақстан Республикасының шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешу үшін осы Заңның, Мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын органдардың, ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтардың орындауын үйлестіру функцияларын (өз аумақтарында) жүктей отырып, жауапты лауазымды адамдарды тағайындайды және шекара маңы аудандарының (қалаларының) әкімдіктері жанынан құрылатын шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңестерінің қызметін ұйымдастырады;
6) азаматтардың Мемлекеттік шекараны қорғауға ерікті негізде қатысуы үшін жағдайлар жасайды;
7) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2016.25.04. № 505-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды; 2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-1. Көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қамтамасыз етуге тартылған қазақстандық және шетелдік кемелер мен қазақстандық әуе кемелерінің Мемлекеттік шекараны бірнеше рет кесіп өтуіне рұқсаттар беру тәртібін, рұқсаттарды қолданудың кеңістіктік және уақыттық шектерін, сондай-ақ көрсетілген кемелерге бақылауды жүзеге асыру тәртібін әзірлейді.
2. Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне Мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасыз етуде жәрдем көрсетеді.
63-бап. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасауы
1. Осы Заңның 56 - 62-баптарында көрсетілген уәкілетті органдар Мемлекеттік шекараны қорғау бойынша өздеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайды, бірлескен іс-шараларды іске асырады және өздерінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша бір-бірін хабардар етеді.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі:
1) тікелей Мемлекеттік шекарада өз күштерінің және Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын немесе Мемлекеттік шекараны қорғау мүдделерін қозғайтын өз қызметін жүзеге асыратын уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастырады;
2) шет мемлекеттердің тиісті мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады.
9-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ
64-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
Шекара қызметі
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Мемлекеттік шекараның тұтастығын және қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ету, шекаралық кеңістікте заңдылық пен белгіленген тәртіпті ұстап тұру мақсатында құрлықта, аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда (оның ішінде су астындағы ортада) Мемлекеттік шекараны қорғауды және күзетуді жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады.
2020.16.11. № 375-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің өз туы, оның ішінде әскери-теңіз туы және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері пайдаланатын танып айыру белгілері, ал әскери бөлімдердің - белгіленген үлгідегі жауынгерлік тулары болады.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің міндеттері:
1) Мемлекеттік шекара режимін және өткізу пункттеріндегі режимді қамтамасыз ету;
2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы халықаралық шарттарынан туындайтын міндеттемелерді орындау, оны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге қатысу;
3) Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігінің міндеттерін шешуге қатысу;
4) Мемлекеттік шекарада және континенттік қайраңда Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғауға қатысу;
5) шекаралық аймақта, аумақтық суларда (теңізде), ішкі суларда және континенттік қайраңда белгіленген режимдердің сақталуын дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп бақылауды жүзеге асыру;
6) шекаралық кеңістікте азаматтарды, табиғи ресурстарды және қоршаған ортаны қорғауда, Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын сақтауда Қазақстан Республикасының құқық қорғау, табиғат қорғау органдарына жәрдем көрсету болып табылады.
4. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне басқа да міндеттер Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелуі мүмкін.
65-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің іс-әрекеті
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Мемлекеттік шекарада, шекаралық кеңістікте және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау кезінде өз іс-әрекетін Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамасы негізінде жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің Директоры басқарады.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылымы, Шекара қызметі Директорының құқықтары және Шекара қызметінің іс-әрекетін ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Президентінің актісімен бекітілетін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі туралы ережемен реттеледі.
66-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Шекара қызметінің міндеттері
Мемлекеттік шекараны қорғау және күзету кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі:
1) Мемлекеттік шекарадан өтуді өзгертудің, Қазақстан Республикасының аумағын игерудің кез келген әрекеттерінің жолын кесуге;
2) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының қорғанысы бойынша міндеттерді шешуге, сондай-ақ төтенше немесе соғыс жағдайы режимдерін қамтамасыз етуге қатысуға;
3) Қазақстан Республикасының аумағына қарумен басып кіруге тойтарыс беруге, Мемлекеттік шекарада қарумен жасалатын және өзге де арандатушылықтардың жолын кесуге, халықты, мемлекеттік және жеке меншікті аталған қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғауға;
2017.05.05. № 59-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) адамдардың және көлік құралдарының белгіленген өткізу пункттерінен немесе Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындардан тыс жерде Мемлекеттік шекараны кесіп өту, сондай-ақ өткізу пункттерінде немесе Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда заңсыз кесіп өту әрекеттерінің алдын алуға және жолын кесуге, Мемлекеттік шекараны бұзушыларды және шекаралық кеңістікте өзге де құқық бұзушыларды анықтауға және ұстауға;
2017.05.05. № 59-VI ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) тиісінше ресімделген құжаттар болған кезде және белгіленген бақылау түрлерінен өткен кезде адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізуді белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға;
6) Мемлекеттік шекара режимінің және өткізу пункттеріндегі режимнің орындалуын қамтамасыз етуге;
7) шекаралық режимнің, аумақтық сулар (теңіз) мен ішкі сулар режимінің, континенттік қайраң режимінің сақталуын дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп бақылауға, шекаралық аймаққа кіретін орындарда бақылау бекеттерінің қызметін ұйымдастыруға;
8) өз құзыреті шегінде құқық бұзушылықтардың профилактикасын жүзеге асыруға;
9) Мемлекеттiк шекара арқылы жүретін адамдардың Қазақстан Республикасына кіруге немесе Қазақстан Республикасынан шығуға құқық беретiн құжаттарын тексеруге, оларға тиiстi белгiлер соғуға, мұндай құжаттарды уақытша алып қоюға, сондай-ақ жарамсыз құжаттарды алып қоюға;
2016.30.12. № 41-VI ҚР Заңымен 9-1) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
66-баптың 9-1) тармақшасының қолданысы 2023 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
9-1) Мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басты растау рәсімін жүзеге асыруға;
2016.30.12. № 41-VI ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
66-баптың 10) тармақшасының қолданысы 2023 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұрған кезеңде осы тармақша 80-баптың 1-1-тармағының редакциясында қолданылады
10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат етілмеген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басты растау рәсімінен өтуден бас тартқан, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімде айыппұл салу туралы сот шешімдерін және уәкілетті органдардың қаулыларын орындамаған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың кіруін шектеуге;
2017.05.05. № 59-VI ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) шетелде немесе Қазақстан Республикасында болған кезеңде жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен өзге де адамдардың жеке басы анықталғанға дейiн оларды өткізу пункттерінде және Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда қалдыра отырып, өткізбеуге;
12) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адамдарды ұстауды және жеке тексеріп қарауды жүзеге асыруға;
13) шекаралық кеңістікте белгіленген режимдерді бұзуға жол берген көлік құралдарын тоқтатуға, қарап тексеруге және ұстауға, құқық бұзушылық мән-жайларын анықтау үшін оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі бөлімшелерінің қарауына жеткізуге (айдауылмен жеткізуге);
14) Қазақстан Республикасына әкелуге немесе Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынған, Мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін жарылғыш, уландырғыш, радиоактивті, есірткі заттарды, қаруды, оқ-дәрілерді, өзге де жүктер мен тауарларды, сондай-ақ контрабандалық жолмен өткізілетін жүктер мен тауарларды белгіленген тәртіппен дербес немесе уәкілетті органдармен бірлесіп ұстауға және алып қоюға;
15) әуе кеңістігінде Мемлекеттік шекараны күзетуге Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жәрдем көрсетуге;
16) шекаралық кеңістікте азаматтарды, табиғи ресурстарды және қоршаған ортаны қорғауда Қазақстан Республикасының құқық қорғау және табиғат қорғау органдарына жәрдем көрсетуге;
17) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің инженерлік-техникалық құралдарын, құрылыстарын және бөгеуіштерін жабайы жануарлардың қоныс аудару жолдарын ескере отырып, жануарлар дүниесін қорғау, молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның ұсынысы бойынша орнатуға;
2020.16.11. № 375-VІ ҚР Заңымен 17-1) тармақшамен толықтырылды
17-1) шекара кеңістігінде байланыс желілері мен коммуникациялардың сақталуын қамтамасыз етуге;
18) Мемлекеттік шекарадан су астындағы орта арқылы кесіп өтуге бақылауды жүзеге асыруға;
19) Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту қатері туындаған кезде немесе заңсыз кесіп өту кезінде Қазақстан Республикасының аумақтық суларында (теңізінде) және ішкі суларында, сондай-ақ олардың шегінен тыс жерлерде шет мемлекеттердің шекарасына дейінгі суларда су астындағы объектілерді танып айыру (жіктеу) үшін өздерінде бар құралдарды пайдалануға;
20) Мемлекеттік шекараны қорғау мүддесінде су астындағы ортада қайыққа қарсы және диверсияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға;
2020.16.11. № 375-VІ ҚР Заңымен 21) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес өзінің қарауына жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді жүргізуді қамтамасыз етуге және қарауға;
2020.16.11. № 375-VІ ҚР Заңымен 22) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
22) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес өзінің қарауына жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға;
23) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін айқындайтын шет елдердегі мекемелерді физикалық қорғауды жүзеге асыруға міндетті.
Шет елдердегі мекемелерді физикалық қорғауды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне іссапарға жіберілген әскери қызметшілері жүзеге асырады.
Физикалық қорғау қамтамасыз етілетін Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды;
24) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
67-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметінің құқықтары
1. Шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің:
2020.16.11. № 375-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) қажетті инженерлік-техникалық құралдарды, құрылысжайлар мен бөгеуіштерді монтаждауды жүзеге асыруға, салуға және орнатуға;
2020.16.11. № 375-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) коммуникациялар салуды, қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсету, оларды жөндеу, реконструкциялау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға, техника мен қару-жарақты орналастыруға және пайдалануға;
3) Мемлекеттік шекараны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге, шектес мемлекеттермен Мемлекеттік шекара режимін белгілеу мақсатында қажетті құжаттар мен материалдарды әзірлеуге қатысуға;
4) кез келген жергілікті жер учаскелерінде, оның ішінде ерекше қорғалатын аумақтарда және табиғат қорғау аймақтарында болуға (шекаралық нарядтарды орналастыруға), сондай-ақ қызметтік міндеттерді атқару кезінде олар арқылы жүріп-тұруға, жер учаскелерінің меншік иелерінен (жалға алушылардан) шекаралық нарядтардың жүріп-тұруына арналған орындарды бөлуді, қоршалымдар арқылы өтетін немесе өзге де кедергілер арқылы өтетін жерлерді жабдықтауды және тиісті түрде күтіп-ұстауды талап етуге;
5) шекаралық саясат және Мемлекеттік шекараны, аумақтық суларды (теңізді) және континенттік қайраңды күзетуді жедел қамтамасыз ету саласында қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін, сондай-ақ барлау қызметін жүргізуге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қолдануға;
6) өз өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының шекаралық саясатын іске асыру және уәкілетті органдар мен ұйымдардың шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметін үйлестіруге, Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын немесе Мемлекеттік шекараны қорғау мүдделерін қозғайтын қызметті жүзеге асыратын өз күштері мен уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыруға;
7) мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге, ұйымдарға шекаралық кеңістікте құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік қызметі Шекара қызметінің іс-әрекетіне кедергі келтіретін себептер мен жағдайларды жою туралы орындалуы міндетті ұсынулар енгізуге;
8) халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде шет мемлекеттердің шекаралық органдарымен Мемлекеттік шекараны қорғауда өзара іс-қимылды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;