2. Зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн 3 жылдағы жұмыстан түскен табыс қатарынан күнтiзбелiк 36 айдағы жұмыстан түскен табыстың жалпы сомасын отыз алтыға бөлу арқылы айқындалады.
2014.31.03. № 180-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2014 ж. 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін есептеу үшін табыс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 41 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
17-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындауға өтiнiш беру тәртiбi
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтініш зейнетақы төлемдерiн есебіне жазу үшiн қажеттi еңбек өтілі мен табысын растайтын құжаттармен қоса азаматтың тұрғылықты жерi бойынша Орталыққа берiледi.
2015.17.03. № 293-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындауды Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін тағайындайтын орган жүргізеді.
2015.17.03. № 293-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін тағайындайтын орган зейнетақылар тағайындау мәселелері бойынша түсіндірме беруге және азаматтарға тиісті құжаттарды ресімдеуде көмек көрсетуге міндетті.
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 18-бап өзгертілді (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2015.17.03. № 293-V ҚР Заңымен 18-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін құжаттарды қарау мерзімдері
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау мерзімі өтініштің қоса берілген құжаттарымен бірге Орталықта тіркелген күнінен бастап он жұмыс күнінен аспайды.
2. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдері Орталықтан төленетін зейнетақы төлемін тағайындауға өтініш жасалған күннен бастап тағайындалады. Өтініш пен қажетті құжаттардың Орталықта тіркелген күні Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш жасалған күн болып есептеледі.
3. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тартылған жағдайда, Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін тағайындайтын орган бас тартудың себептерін жазбаша түрде уәждеуге және өтініш берушіге ұсынылған құжаттарын қайтаруға міндетті.
4. Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін тағайындайтын органның шешіміне сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
19-бап. 2015.17.03. № 293-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
20-бап. Зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы мемлекеттiк монополия
1. Орталық мемлекеттiк монополияға жататын мынадай қызмет түрлерiн жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн, жәрдемақыларды, бiржолғы және өзге де төлемдердi төлеудi ұйымдастыру және жүзеге асыру;
2) салымшылардың (алушылардың) мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша дерекқорын және міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізімін қалыптастыру;
3) салымшы зейнетақы төлемдерiне құқық алу кезінде нақты енгiзген мiндеттi зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерiн келесi қаржы жылына инфляцияның болжамды деңгейiн ескере отырып айқындау;
4) мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды дербестендірілген есепке алу;
5) мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды агенттерден бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару;
6) жеке сәйкестендiру нөмiрi және (немесе) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары жоқ және (немесе) деректемелерiнде қателер жiберiлген адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды агентке қайтару;
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды агентке және (немесе) Орталыққа оның өтініші бойынша қайтару;
8) агенттердiң Орталықтың шотына аударылған және Орталықтан агентке қайтарылған мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының сомалары және (немесе) солардың өсімпұлдары бойынша төлем құжаттарының тiзiлiмдерін қалыптастыру және оларды салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң түсуiн қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органға ұсыну;
2015.17.03. № 293-V ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін тағайындайтын органның төлемді тағайындауы үшін зейнетақы төлемдерін, жәрдемақыларды, біржолғы және өзге де төлемдерді алушылар істерінің макетін қалыптастыру;
10) Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін, жәрдемақыларды, біржолғы және өзге де төлемдерді алушылардың автоматтандырылған орталықтандырылған дерекқорын қалыптастыру және оларды дербестендiрiлген есепке алу;
11) зейнетақы жарналарын және (немесе) солар бойынша өсімпұлдарды есепке алу, аудару, қайтару мәселелерi бойынша агенттермен, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен өзара iс-қимыл жасау;
12) орталық атқарушы органның бiрыңғай ақпараттық жүйесiнiң жұмысқа қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастыру;
13) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қызметтік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жариялауға қойылатын талаптарды сақтай отырып, Орталықтың автоматтандырылған орталықтандырылған дерекқорын пайдаланушылар болып табылатын орталық атқарушы және жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің қолжетімділігін ұйымдастыру;
14) Қазақстан Республикасы заңнамасының зейнетақы жинақтарының құпиялылығын сақтауды қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарын ескере отырып, жеке және заңды тұлғаларға Орталықтың қызмет түрлерi бойынша ақпараттық қызметтер ұсыну;
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 14-1) тармақшамен толықтырылды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
14-1) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен төленетін әлеуметтік төлемдерден ұсталған міндетті зейнетақы жарналарын ұйымдастыру және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару;
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 14-2) тармақшамен толықтырылды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
14-2) баланың бір жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алушыларға бюджет қаражаты есебінен субсидияланатын міндетті зейнетақы жарналарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару;
15) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де қызмет түрлерi.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша орталық атқарушы орган белгілейді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 21-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.17.03. № 293-V ҚР Заңымен 21-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21-бап. Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібі
1. Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және зейнетақы төлемдері ағымдағы айға төленеді.
2. Жұмыс істейтін зейнеткерлердің осы Заңның 15-бабының 5-тармағында және 64-бабында көзделген шектеулер мен жағдайлар ескеріле отырып, Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін толық мөлшерде алуға құқығы бар.
3. Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және зейнетақы төлемдері нотариат куәландырған сенімхат бойынша тағайындалуы және төленуі мүмкін.
4. Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібін орталық атқарушы орган айқындайды.
2015.17.03. № 293-V ҚР Заңымен 22-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
22-бап. Өткен уақыт үшін Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін алу
1. Тағайындалған, бірақ алушы талап етпеген Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің және зейнетақы төлемдерінің сомалары өткен уақыт үшін, бірақ оларды алуға өтініш жасау алдындағы үш жылдан аспайтын уақыт үшін төленеді.
2. Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және зейнетақы төлемдерін тағайындайтын органның, сондай-ақ Орталықтың немесе ХҚО-ның кінәсінен уақытында алынбаған, Орталықтан төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің және зейнетақы төлемдерінің сомалары өткен уақыт үшін мерзімдері шектелмей төленеді.
23-бап. Зейнетақыдан ұстап қалу
1. Зейнетақы тағайындау кезiндегi қателiктер салдарынан зейнетақының артық төленген сомаларын алушының өтiнiшi негiзiнде ұстап қалатын жағдайлардан, сондай-ақ сотталғандардың, бас бостандығынан айырылғандардың табыстарынан ұстап қалатын жағдайлардан басқа, зейнетақыдан ұстап қалу атқарушылық iс жүргiзу тәртiбiмен жүргізілуі мүмкiн.
2. Зейнетақыдан ұстап қалу төленуге тиiстi сомадан жүргізіледі.
3. Төленуге тиiс соманың 50 пайыздан астамын зейнетақыдан ұстап қалуға болмайды.
3-тарау. ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖАРНАЛАРЫН ТӨЛЕУ
24-бап. Мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу
1. Мiндеттi зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын осы Заңда айқындалатын мөлшерлемелер бойынша төлеуге тиiс.
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Мыналар:
1) осы Заңның 11-бабының 1 - 3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған адамдар;
2) егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеу осы тармақшада аталған адамдардың өтініші бойынша жүзеге асырылады.
3. 2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен алып тасталды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықытырлды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1. Агент осы Заңның 11-бабының 1 - 3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған қызметкерлердің пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден әскери қызметшiлер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлген қызметкерлерi, арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар босатылады.
1) зейнетақы төлемдерi 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн тағайындалған;
2) осы Заңның 65-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерi тағайындалған әскери қызметшiлер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлген қызметкерлерi, арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар босатылады.
5. Мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында төленедi.
6. Ұстап қалынған (есебiне жазылған) мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын Орталыққа:
2014.28.11. № 257-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) дара кәсiпкерлер мен заңды тұлғалар (осы тармақтың 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген тұлғалардан басқа), жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және кәсіби медиаторлар қызметкерлерге төленген табыстардан - табыстар төленетін айдан кейiнгi айдың 25-күнiнен кешiктiрмей;
2014.28.11. № 257-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) дара кәсiпкерлер (осы тармақтың 3), 4), 5) тармақшаларында көрсетілген дара кәсіпкерлерден басқа), жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және кәсіби медиаторлар өзінің пайдасына - есептi айдан кейiнгi айдың 25-күнінен кешiктiрмей;
3) арнаулы салық режимiн қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары - Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртiппен және мерзiмдерде;
4) оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолданатын шағын бизнес субъектiлерi - Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мерзiмде;
5) патент негiзiнде арнаулы салық режимiн қолданатын дара
кәсiпкерлер - Қазақстан Республикасының салық заңнамасында патент құнын төлеу үшiн көзделген мерзiмде;
6) Орталық - әлеуметтiк төлемдер жүзеге асырылатын айдан кейiнгi айдың 15-інен кешiктiрмей аударады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) осы Заңның 28-бабының 1-тармағына сәйкес есебіне жазылған өсiмпұлды төлеудің толық және уақтылы жүзеге асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.
8. Мiндеттi зейнетақы жарналарын басқа адамдардың пайдасына төлеуге болмайды.
9. 2005 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әлеуметтiк жеке кодының және (немесе) салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiнiң және (немесе) жинақтаушы зейнетақы қорларымен жасалған зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартының болмауына байланысты тұрған жері белгiсiз бұрынғы қызметкерлердiң табыстарынан агенттер ұстап қалған және аудармаған мiндеттi зейнетақы жарналарын агенттер 2005 жылғы 1 қаңтарға дейiн есебіне жазылған өсiмпұлмен қоса, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен 2014 жылғы 1 қаңтарға дейiн бюджетке аударады. Бұл ретте 2005 жылғы 1 қаңтардан кейiн есебiне жазылған өсiмпұл есептен шығаруға жатады.
Бюджетке аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары және (немесе) өсiмпұлдар сомаларын - бұрынғы қызметкерлер, ал олар қайтыс болған немесе қайтыс болды деп жарияланған жағдайда мұрагерлерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес талап ете алады.
10. Резидент заңды тұлғаның шешімі бойынша оның филиалдары, өкілдіктері агенттер ретінде қаралуы мүмкін.
25-бап. Мiндеттi зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын мiндеттi зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен зейнетақы жарналарын есептеу үшiн алынатын қызметкердiң ай сайынғы табысының 10 пайызы мөлшерiнде белгiленедi. Бұл ретте мiндеттi зейнетақы жарналарын есептеу үшiн алынатын ай сайынғы табыс республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген ең төмен жалақының 75 еселенген мөлшерінен аспауға тиiс.
2. Қазақстан Республикасының судьялары үшiн бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бюджет қаражаты есебiнен судьяның ай сайынғы табысының 10 пайызы мөлшерiнде мiндеттi зейнетақы жарналары қосымша белгiленедi.
Судья терiс себептер бойынша қызметiнен босатылған кезде көрсетілген жарналар алып қойылады және бюджетке аударылады.
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықытырлды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Баланың бір жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді алушылар үшін бюджет қаражаты есебінен субсидиялауға жататын міндетті зейнетақы жарналары қосымша белгіленеді.
Аталған алушылар үшін міндетті зейнетақы жарналарының жиынтық мөлшерлемесі Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың 10 пайызын құрайды.
Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарының жалпы сомасы бюджет қаражаты есебінен субсидиялауға жататын міндетті зейнетақы жарналарының сомаларынан және баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерден ұсталатын міндетті зейнетақы жарналарының сомаларынан тұрады.
Агент міндетті зейнетақы жарналарын аударған кезде бюджет қаражаты есебінен қосымша белгіленген міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау тоқтатылады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жекеше нотариустар, кәсіби медиаторлар, сондай-ақ дара кәсiпкерлер үшiн өзінің пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын, салық кезеңiнiң әрбiр айы үшiн есептелетiн, мiндеттi зейнетақы жарналары мәлiмделетiн кірістің 10 пайызы мөлшерiнде, бiрақ республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген ең төмен жалақы мөлшерiнiң 10 пайызынан кем емес және ең төмен жалақының жетпіс бес еселенген мөлшерiнiң 10 пайызынан аспайтын мөлшерде белгiленедi.
Арнаулы салық режимiн қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары үшiн шаруа немесе фермер қожалығының кәмелетке толған мүшесiнiң (қатысушысының) және басшысының пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын, салық кезеңiнiң әрбiр айы үшiн есептелетiн мiндеттi зейнетақы жарналары республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген ең төмен жалақы мөлшерiнiң 10 пайызынан кем емес және ең төмен жалақының 75 еселенген мөлшерiнiң 10 пайызынан аспайтын мөлшерде белгiленедi. Шаруа немесе фермер қожалығының кәмелетке толған мүшелерiнiң (қатысушыларының) пайдасына мiндеттi зейнетақы жарналары олар кәмелетке толған жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдан бастап есептелуге және төленуге жатады.
Адвокаттың, жеке сот орындаушысының, жекеше нотариустың, кәсіби медиатордың, сондай-ақ дара кәсiпкердің өзінің пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын есептеу үшiн өзі дербес айқындайтын табысы мәлiмделетiн табыс болып табылады.
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
26-бап. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі және оларды жүзеге асыру тәртібі
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен зейнетақы жарналарын есептеу үшін алынатын қызметкердің ай сайынғы табысының 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
2. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын меншікті қаражаты есебінен еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын, кәсіптері өндірістердің, жұмыстардың, қызметкерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген қызметкерлердің пайдасына жүзеге асырады.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары өндірістік объектілерді аттестаттау нәтижелерімен расталған зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайлары жойылған кезде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді жүзеге асырмайды.
27-бап. Ерiктi зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі
1. Салымшы - жеке тұлғалар ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан кезде өзінің пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына ерiктi зейнетақы жарналарын өзінің табысы есебiнен енгiзедi.
2. Ерікті зейнетақы жарналарының салымшысы ерікті зейнетақы жарналарын төлеу үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын таңдауға құқылы.
3. Жеке және заңды тұлғалар алушының пайдасына ерiктi зейнетақы жарналарының салымшылары болуы мүмкiн.
4. Ерiктi зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу тәртiбi, сондай-ақ зейнетақы төлемдерiн төлеу тәртiбi ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келiсуi бойынша белгiленедi.
28-бап. Мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарын уақтылы ұстап қалмағаны және аудармағаны үшiн жауаптылық
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Нақты төлем жасалған және жұмыскер табыс алған жағдайда агент уақтылы ұстап қалмаған (есебіне жазбаған) және (немесе) аудармаған міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе оларды мерзімін өткізіп алған әрбір күнге (Орталыққа төлейтін күнді қоса алғанда) уәкілетті орган белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде есебіне жазылған өсімпұлмен бірге міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының пайдасына, өздерінің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленетін жұмыскерлердің пайдасына агенттер аударуға тиіс.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.17.03. № 293-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары толық және (немесе) уақтылы аударылмаған жағдайларда, мемлекеттік кіріс органдары мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жинақталып қалған берешек шегiндегi ақшаны агенттердiң банктік шоттарынан өндiрiп алуға құқылы.
Мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектi өндiрiп алу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртiппен агентке жiберiлетiн хабарлама негiзiнде жүргiзiледi.
Егер мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгiленген бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiндегi сомадан аспаған жағдайда, мұндай хабарлама жiберiлмейдi.
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.28.11. № 257-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Агент хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік кіріс органына өздерінің пайдасына міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешек өндіріп алынатын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының тізімдерін, сондай-ақ өздерінің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек өндіріп алынатын жұмыскерлердің тізімдерін ұсынуға міндетті.
Агенттердiң банктік шоттарынан мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектi өндiрiп алу мемлекеттік кіріс органының инкассолық өкiмi негiзiнде жүргiзiледi.
Клиентке қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыру үшiн банк шотында (шоттарында) ақша болмаған немесе жеткiлiксiз болған жағдайда клиенттiң ақшасын алып қоюды банк Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген кезектiлiк тәртiбiмен жүргiзедi.
Агенттiң банк шотында ұлттық валютада ақша болмаған жағдайда, мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектi өндiрiп алу мемлекеттік кіріс органдарының ұлттық валютада шығарған инкассолық өкiмдерi негiзiнде агенттiң шетел валютасындағы банк шоттарынан жүргiзiледi.
28-баптың 4-тармағының қолданысы 2014 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды. Тоқтата тұру кезеңінде көрсетілген тармақ мынадай редакцияда қолданылады
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік кіріс органдарының өкiмi бойынша банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар агенттердің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдар мен салық берешегін аударуға қатысты нұсқауларды орындауға міндетті.