3. Сот іске қатысатын адамдардың түсініктемелерін тыңдап, олардың пікірлерін ескере отырып, өзге де дәлелдемелерді зерттеу тәртібін белгілейді.
4. Сот іске қатысатын адамдардың түсініктемелерін осы тұлғалардың немесе дәлелдемелердің тұрған жеріндегі сот арқылы бейнеконференцбайланыс құралдарының көмегімен алуы, ал дәлелдемелерді зерттеуі мүмкін.
203-бап. Айғақтар беруден бас тартқаны және көрінеу жалған айғақтар бергені үшін куәға жауаптылық туралы ескерту
1. Куәдан жауап алынғанға дейiн төрағалық етушi куәның жеке басын анықтайды, оның мiндеттерi мен құқықтарын түсiндiредi және оған айғақтар беруден бас тартқаны үшiн және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертедi. Куәға, оның ішінде он алты жасқа толмаған куәға өзіне, өзінің жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы айғақтар беруден, сондай-ақ діни қызметшіге - тәубаға келіп, өзіне сырын ашқандарға қарсы айғақтар беруден бас тарту құқығы түсіндіріледі.
2. Он алты жасқа толмаған куәға судья оған iс бойынша белгілі болғанның бәрiн шынайы түрде айтып беру мiндетiн түсiндiредi, бiрақ оған айғақтар беруден бас тартқаны үшiн және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлмейдi.
204-бап. Куәдан жауап алу тәртiбi
1. Әрбiр куәдан жауап жеке-жеке алынады. Әлi айғақтар бермеген куәлар iстi талқылау кезiнде сот отырысы залында қала алмайды.
2. Төрағалық етушi куәның iске қатысатын тұлғаларға қатысын анықтайды және куәға iс бойынша жеке өзiне белгілінiң бәрiн сотқа хабарлауды ұсынады.
3. Ерікті нысанда айғақтар бергеннен кейiн куәға сұрақтар қойылуы мүмкiн. Бiрiншi болып өзінің арызы бойынша куәны шақырған тұлға мен оның өкiлi, содан соң iске қатысатын басқа тұлғалар мен олардың өкiлдері сұрақ қояды. Судья куәдан жауап алудың кез келген сәтiнде оған сұрақ қоюға құқылы.
4. Қажет болған жағдайда сот нақ сол немесе келесi отырыста куәдан екiншi рет жауап ала алады, сондай-ақ олардың айғақтарындағы қайшылықтарды анықтау үшiн куәлар арасында беттестiру жүргiзе алады.
5. Егер сот ертерек кетуге рұқсат бермесе, жауап алынған куә iстi талқылау аяқталғанға дейiн сот отырысы залында қалады.
205-бап. Куәның жазбаша материалдарды пайдалануы
1. Айғақтар қандай да бір цифрлармен немесе басқа деректермен байланысты болған кезде куә айғақтар беру кезiнде жазбаша материалдарды пайдалана алады. Куә осы құжаттарды сотқа және iске қатысатын тұлғаларға ұсынады және ол iске қоса тiркелуi мүмкiн, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
2. Куәға оның айғақтарына қатысты қолында бар құжаттарды жария етуіне рұқсат етiледi, олар іске қоса тiркелуi мүмкiн, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
206-бап. Кәмелетке толмаған куәдан жауап алу
1. Он төрт жасқа толмаған куәдан жауап алу, ал соттың қалауы бойынша он төрттен он алты жасқа дейінгі куәдан жауап алу сотқа шақырылатын педагогтың және заңды өкілдердің қатысуымен жүргізіледі. Көрсетілген адамдар төрағалық етушiнiң рұқсатымен куәға сұрақтар қоя алады, сондай-ақ куәның жеке басына және оның берген айғақтарының мазмұнына қатысты өз пiкiрiн айта алады.
2. Iстiң мән-жайларын анықтау үшiн қажет болатын ерекше жағдайларда, кәмелетке толмаған куәдан жауап алынған уақытта iске қатысушы қандай да өзге адам сот отырысының хаттамасына енгізілетін сот ұйғарымы бойынша сот отырысы залынан шығарып жіберілуі мүмкiн. Осы адам отырыс залына қайта келгеннен кейін оған кәмелетке толмаған куәның айғақтарының мазмұны хабарлануға және куәға сұрақтар қою мүмкiндiгi берiлуге тиiс.
3. Он алты жасқа толмаған куә, сот бұл куәны сот отырысы залында болуы қажет деп таныған жағдайларды қоспағанда, одан жауап алу аяқталған соң сот отырысы залынан шығарылады.
207-бап. Куәның айғақтарын жария ету
Куәлардың осы Кодекстiң 69, 71, 74, 75 және 199-баптарында көзделген тәртiппен жиналған айғақтары сот отырысында жария етiледi, iске қатысатын тұлғалар осыдан кейін олар бойынша түсiнiктемелер беруге құқылы.
208-бап. Құжаттарды зерттеу
Осы Кодекстiң 71, 75-баптарында және 165-бабының 12) тармақшасында көзделген тәртiппен жасалған құжаттар немесе оларды қарап-тексеру хаттамалары сот отырысында жария етiледi және iске қатысатын тұлғаларға, өкiлдерге, ал қажет болған жағдайларда сарапшыларға, мамандарға және куәларға көрсетiледi. Іске қатысатын адамдар осыдан кейін құжаттар мен хаттамалардың мазмұны бойынша түсiнiктемелер бере алады.
209-бап. Азаматтардың жеке хат жазысуын және телеграфтық хабарларын жария ету және зерттеу
Азаматтардың жеке хат жазысу және жеке телеграфтық хабарлар беру құпиясын қорғау мақсатында хат жазысу мен телеграфтық хабарлар тек олардың арасында жүрген тұлғалардың келiсiмiмен ғана ашық сот отырысында жария етiлуi және зерттелуi мүмкiн. Осы тұлғалардың жеке хат жазысулары мен жеке телеграфтық хабарламалары жабық сот отырысында олардың келісімінсіз жария етiледi және зерттеледi. Іске қатысатын адамдар осыдан кейін олар бойынша түсiнiктемелер бере алады.
210-бап. Заттай дәлелдемелердi зерттеу
1. Сот заттай дәлелдемелердi қарайды және олар iске қатысатын тұлғаларға, өкiлдерге, ал қажет болған жағдайларда - сарапшыларға, мамандарға және куәларға көрсетiледi. Заттай дәлелдемелер ұсынылған тұлғалар қарап-тексеруге байланысты мән-жайларға сот назарын аудара алады, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
2. Осы Кодекстiң 71, 75, 96, 97-баптарында және 165-бабының 12) тармақшасында көзделген тәртiппен жасалған заттай дәлелдемелердi қарап тексеру хаттамалары сот отырысында жария етiледi, осыдан кейін iске қатысатын тұлғалар, олардың өкілдері түсiнiктемелер бере алады.
211-бап. Орнында қарап-тексеру
1. Сотқа ұсынылуы қиын немесе жеткiзуге болмайтын құжаттар мен заттай дәлелдемелер тұрған орнында қарап тексеріледі және зерттеледi. Сот орнында қарап-тексеру туралы ұйғарым шығарады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
2. Қарап-тексеру уақыты мен орны туралы iске қатысатын тұлғаларға, олардың өкiлдерiне хабарланады, алайда олардың келмеуi қарап-тексеруді жүргiзуге кедергi болмайды. Қажет болған жағдайларда сарапшылар, мамандар және куәлар да шақырылады.
3. Қарап-тексерудің нәтижелерi сот отырысының хаттамасына енгiзiледi. Хаттамаға қарап-тексеру кезiнде жасалған немесе тексерiлген жоспарлар, схемалар, сызбалар, есептеулер, құжаттардың көшiрмелерi, сондай-ақ қарап-тексеру кезiнде жасалған құжаттардың және заттай дәлелдемелердiң фотосуреттерi, бейнежазбалар мен киноматериалдар қоса тiркеледi.
212-бап. Дыбысжазбаны тыңдау, бейнежазбаны, фото- және киноматериалдарды көрсету және оларды зерттеу
1. Жеке сипаттағы дыбысжазбаны тыңдау, бейнежазбаны, фото- және киноматериалдарды көрсету, сондай-ақ оларды зерттеу кезiнде осы Кодекстiң 19-бабының үшінші бөлігінде және 209-бабында көзделген қағидалар қолданылады.
2. Дыбысжазбаны тыңдау, бейнежазбаны, фото- және киноматериалдарды көрсету сот отырысы залында не осы мақсат үшiн арнайы жабдықталған өзге үй-жайда сот отырысының хаттамасында материалдың ерекше белгiлерi жазылып және көрсету уақыты көрсетiлiп жүргiзiледi. Осыдан соң сот iске қатысушы тұлғалардың, олардың өкілдерінің түсiнiктемелерiн тыңдайды.
3. Қажет болған жағдайда дыбысжазбаны тыңдау және бейнежазбаны, фото- және киноматериалдарды көрсету толығымен немесе олардың қандай да бір бөлiктерi қайталануы мүмкiн.
4. Дыбысжазбалардағы және бейнежазбалардағы, фото- және киноматериалдардағы мәлiметтердi анықтау мақсатында сот маманды тартуы, сондай-ақ сараптама тағайындауы мүмкiн.
213-бап. Сарапшының қорытындысын зерттеу
1. Сарапшының қорытындысы сот отырысында жария етiледi. Қорытындыны түсiндiру және толықтыру мақсатында сарапшыға сұрақтар қойылуы мүмкiн.
2. Бiрiншi болып арызы бойынша сараптама тағайындалған тұлға және оның өкiлi, ал содан соң iске қатысатын басқа тұлғалар мен өкiлдер сұрақтар қояды. Сот тағайындаған сараптаманы жүргiзу тапсырылған сарапшыға бiрiншi болып талап қоюшы мен оның өкiлi сұрақтар қояды. Сот сарапшыға одан жауап алудың кез келген сәтiнде сұрақтар қоюға құқылы.
3. Осы Кодекстiң 90-бабында көзделген жағдайларда сот қосымша немесе қайта сараптама тағайындауға құқылы.
214-бап. Маманның консультациясы (түсiндiрмесi)
1. Арнайы зерттеулер жүргiзу талап етiлмейтiн жағдайларда маман coтқa ауызша немесе жазбаша нысанда консультация (түсiндiрме) бередi.
Маманның жазбаша нысанда берген консультациясы сот отырысында жарияланады, зерттеледі және іске тіркеледі. Ауызша консультация тiкелей сот отырысының (процестік әрекеттің) хаттамасына енгiзiледi.
2. Консультацияны түсiндiру және толықтыру мақсатында маманға сұрақтар қойылуы мүмкiн. Бiрiншi болып өтінішхаты бойынша маманды қатыстырған тұлға және оның өкiлi, ал содан соң iске қатысатын басқа тұлғалар мен өкiлдер сұрақтар қояды. Сот қатыстырған маманға бiрiншi болып талап қоюшы және оның өкiлi сұрақ қояды. Сот маманға кез келген сәтте сұрақтар қоюға құқылы.
215-бап. Мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қорытындылары
Осы Кодекстiң 56-бабының негiзiнде сот iске қатысуға рұқсат берілген мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жазбаша қорытындылары сот отырысында жария етіледі және зерттеледі. Сот, сондай-ақ iске қатысатын тұлғалар мен олардың өкiлдері қорытындыларды түсiндiру және толықтыру мақсатында осы органдардың уәкiлеттi өкiлдерiне сұрақтар қоя алады.
216-бап. Iстi мәнi бойынша қараудың аяқталуы
Барлық дәлелдемелер зерттелгеннен кейiн судья iске қатысатын тұлғалар мен өкiлдерден толықтырулардың бар-жоғын анықтайды. Төрағалық етуші мұндай мәлiмдемелер болмаған жағдайда iстi зерттеу аяқталды деп жариялайды және сот жарыссөздеріне көшеді.
217-бап. Сот жарыссөздерi
1. Сот жарыссөздері іске қатысатын адамдардың және олардың өкілдерінің сөздерінен тұрады.
Сот жарыссөздеріне қатысушылар өз сөздерінде сот анықтамаған мән-жайларға, сондай-ақ сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге сілтеме жасауға құқылы емес.
2. Алдымен - талап қоюшы мен оның өкiлi, ал содан кейін жауапкер мен оның өкiлi сөйлейдi.
3. Басталып кеткен процесте даудың нысанасына өз бетінше талап қойған үшiншi тұлға мен оның өкiлi тараптар мен олардың өкiлдерiнен кейiн сөйлейдi. Даудың нысанасына өз бетiнше талаптар қоймаған үшiншi тұлға мен оның өкiлi үшiншi тұлға iске қатысатын жақтағы талап қоюшыдан немесе жауапкерден кейiн сөйлейдi.
4. Прокурор, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының өкiлдерi, басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау үшiн сотқа жүгiнген заңды тұлғалар мен азаматтар сот жарыссөздерiнде соңында сөйлейдi.
218-бап. Репликалар
Сот жарыссөздеріне қатысушылардың барлығы сөйлеп болғаннан кейін олар айтылған сөздерге байланысты реплика айтып, сөз сөйлей алады. Соңғы реплика құқығы әрдайым жауапкер мен оның өкiлiне тиесілі.
219-бап. Прокурордың қорытындысы
Іс бойынша тарап болып табылмайтын және осы Кодекстiң 54-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген тәртіппен процеске қатысқан прокурор сот жарыссөздері аяқталғаннан кейін тұтастай алғанда, даудың мәні бойынша жазбаша қорытынды береді, ол азаматтық істің материалдарына қоса тіркеледі.
220-бап. Iстi мәнi бойынша қараудың қайта басталуы
Сот істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды қосымша анықтау немесе дәлелдемелерді зерттеу қажет деп тапса, сот жарыссөздері кезінде немесе одан кейін істі мәні бойынша қарауды қайта б стау туралы хабарлайды. Істі мәні бойынша қарауды қайта бастау туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі. Істі мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін сот қайтадан сот жарыссөздерін, ал осы Кодекстің 219-бабында көзделген жағдайда прокурордың қорытындысын да тыңдайды.
221-бап. Соттың шешiм шығару үшiн шығып кетуi
Сот жарыссөздерiнен кейiн, ал осы Кодекстiң 219-бабында көзделген жағдайда, прокурор іс бойынша қорытынды бергеннен кейін сот актісін шығару үшін сот кеңесу бөлмесiне кетедi, төрағалық етушi бұл туралы сот отырысы залындағы адамдарға жариялайды және сот шешімі жария етілетін уақыт туралы хабарлайды.
222-бап. Шешiмдi жария ету
1. Соттың шешiмi қабылданғаннан және оған қол қойылғаннан кейiн судья сот отырысы залында сот шешiмiнiң қарар бөлiгiн жария етедi.
2. Төрағалық етуші сот шешімінің қарар бөлігі жария етілгеннен кейін шешімге шағым жасаудың тәртібі мен мерзімдерін түсіндіреді, шешімнің түпкілікті нысаны дайын болатын және іске қатысатын адам оның көшірмесін ала алатын күнді жариялайды.
3. Төрағалық етушi осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер жасалғаннан кейiн сот отырысын жабық деп жариялайды.
19-тарау. СОТТЫҢ ШЕШІМІ ЖӘНЕ ОНЫ ОРЫНДАУ
223-бап. Шешiм шығару
1. Iстi мәнi бойынша шешетiн бiрiншi сатыдағы соттың сот актісі шешiм нысанында шығарылады.
2. Шешiм кеңесу бөлмесiнде шығарылады. Бұл бөлмеде өзге адамдардың болуына жол берiлмейдi. Жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, сондай-ақ жұмыс күнi iшiнде сот (судья) кеңесу бөлмесiнен шығып демалу үшiн үзiлiс жасауға құқылы.
3. Шешім іс талқыланғаннан кейін дереу шығарылады. Уәжді шешімді жасау кейінге қалдырылуы мүмкін, бірақ шешімнің қарар бөлігін сот істі талқылау аяқталған отырыста жария етуге тиіс. Шешімнің жария етілген қарар бөлігіне судья қол қоюға және ол іс материалдарына қоса тіркелуге тиіс.
4. Түпкілікті нысандағы шешім шешімнің қарар бөлігі жарияланғаннан кейін бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде дайындалуға тиіс.
5. Істі мәні бойынша оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шешкен кезде сот кіріспе, уәждеу және қарар бөліктерінен тұратын қысқаша шешім шығарады.
Тараптардың шешім заңды күшіне енгенге дейін мәлімдеген жазбаша өтінішхаты бойынша не өзінің қалауы бойынша сот кіріспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөліктерінен тұратын уәжделген шешім шығарады.
224-бап. Шешiмнiң заңдылығы және негiздiлiгi
1. Сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.
2. Сот шешiмдi тараптар ұсынған және сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негiздейдi.
225-бап. Шешiм шығару кезінде шешiлетiн мәселелер
1. Шешiм шығарған кезде сот дәлелдемелерді бағалайды, iс үшiн маңызы бар қандай мән-жайлардың анықталғанын және қандай мән-жайлардың анықталмағанын, тараптардың құқықтық қатынастарының қандай екенiн, осы iс бойынша қандай заң қолданылуға тиiс екенiн және мәлімделген талаптың қанағаттандырылуға жататынын-жатпайтынын айқындайды.
2. Сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешеді.
3. Сот кеңесу бөлмесіне кеткеннен кейін iс үшiн маңызы бар мән-жайларды қосымша анықтауды немесе дәлелдемелердi зерттеудi қажет деп тауып, iстi мәнi бойынша қарауды қайта бастау туралы ұйғарым шығарады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Сот iстi мәнi бойынша қарау аяқталғаннан кейiн сот жарыссөздерiн, ал осы Кодекстiң 219-бабында көзделген жағдайда прокурордың қорытындысын да қайта тыңдайды.
226-бап. Шешiмнiң мазмұны
1. Шешiм Қазақстан Республикасының атынан шығарылады.
2. Шешiм кiрiспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөлiктерiнен тұрады.
3. Шешiмнiң кiрiспе бөлiгiнде шешiмнiң шығарылған күнi мен орны; шешiм шығарған соттың атауы; соттың құрамы; сот отырысының хатшысы; тараптар; iске қатысатын басқа тұлғалар мен өкiлдер; даудың нысанасы немесе мәлiмделген талап көрсетiледi.
4. Шешiмнiң сипаттау бөлiгiнде талап қоюшының талаптарының, жауапкердің түсініктемелерінің және iске қатысатын үшінші тұлғалардың түсініктемелерінің қысқаша мазмұны, олар дәлелдерін негіздеген дәлелдемелер көрсетіле отырып, баяндалуға тиіс.
5. Шешiмнiң уәждеу бөлiгiнде iстiң сот анықтаған мән-жайлары; соттың құқықтар мен міндеттер туралы түйіндері негізделген дәлелдемелер; соттың ол немесе өзге дәлелдемелерді қабылдамау дәлелдері және сот басшылыққа алған заңдар қысқаша көрсетіледі. Жауапкер талап қоюды мойындаған жағдайда уәждеу бөлігінде талап қоюдың мойындалғаны және оны соттың қабылдағаны ғана көрсетілуі мүмкін.
6. Шешiмнiң қарар бөлiгiнде соттың талап қоюды қанағаттандыру туралы немесе талап қоюдан толық немесе бір бөлігінде бас тарту туралы түйіні, сот шығыстарын бөлуді, шешімге шағым беру мерзімін көрсету және оның тәртібі, сондай-ақ өзге де түйіндер қамтылуға тиіс.
7. Сот шешімді орындаудың белгілі бір тәртібі мен мерзімін белгілеген немесе шешімді дереу орындауға жіберген немесе оның орындалуын қамтамасыз етуге шаралар қолданған жағдайда, бұл туралы шешімде көрсетіледі.
8. Судья шешімді жазбаша түрде шығарады және оған қол қояды.
227-бап. Мемлекеттік органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің әрекеттерiнің (әрекетсiздiгiнің) және шешiмдерiнің заңдылығын даулау туралы арыз бойынша шешім
1. Сот мемлекеттік органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің әрекеттерiнің (әрекетсiздiгiнің) және шешімдерінің заңсыздығы туралы арызды негізді деп танып, арызды қанағаттандыру туралы шешім шығарады. Шешімде осы әрекеттің (әрекетсіздіктің), шешімнің қандай заңдарға қайшы келетіндігі және сот шешімі орындалуға тиісті мерзім көрсетіледі.
Сот мемлекеттік органды, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органын, қоғамдық бірлестікті, ұйымды, лауазымды адам мен мемлекеттік қызметшіні жол берілген бұзушылықты толық көлемде жоюға және азаматтың немесе заңды тұлғаның бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге, тұлғаға қолданылған жауаптылық шараларының күшін жоюға не бұзылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді өзге де тәсілмен қалпына келтіруге міндеттейді.
2. Сот арызды қарау кезінде дауланып отырған әрекеттің (әрекетсіздіктің) құзыретке және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалғанын, шешімнің қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.
228-бап. Нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы арыз бойынша шешім
1. Сот нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы арызды негізді деп тани отырып, арызды қанағаттандыру туралы шешім шығарады. Шешімде дауланып отырған нормативтік құқықтық актінің қай заңдарға және қай бөлігінде қайшы келетіні және нормативтік құқықтық актіні толық немесе оның жекелеген бөлігін акт қабылданған кезден бастап жарамсыз деп тану туралы көрсетіледі.
2. Соттың нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы шешімі немесе ол туралы хабар нормативтік құқықтық акт жарияланған бұқаралық ақпарат құралдарында оны қабылдаған (шығарған) органның қаражаты есебінен жариялануға тиіс. Жариялау соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап он күннен кешіктірмей жүзеге асырылуға тиіс.
3. Сот арызды негізсіз деп тани отырып, оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарады.
229-бап. Ақша сомаларын өндiрiп алу туралы шешiм
Сот ақша сомаларын өндiрiп алу туралы шешiм шығара отырып, шешiмнiң қарар бөлiгiнде өндiрiп алынатын ақша сомасының мөлшерiн цифрлармен және сөздермен, валюта түрiн және ақша өндіріп алу туралы шешім қай тараптың пайдасына шығарылғанын көрсетедi.
230-бап. Шартты жасасу немесе өзгерту туралы шешiм
Шартты жасасу немесе өзгерту кезiнде туындаған дау бойынша қарар бөлiгiнде шарттың әрбiр даулы жағдайы бойынша шешiм көрсетiледi, ал шарт жасасуға мәжбүрлеу туралы дау бойынша шарттың түрi және тараптар шарт жасасуға мiндеттi талаптар көрсетiледi.
231-бап. Мүлiктi немесе оның құнын алып беру туралы шешiм
Мүлiкті заттай алып берген кезде сот шешiмде оның жеке белгілі бір белгiлерiн және, егер шешiмдi орындау кезiнде алып берiлетін мүлiк болмай қалса, жауапкерден өндiрiп алынуға тиiс мүлiктiң құнын көрсетедi.
232-бап. Жауапкердi белгiлi бiр әрекеттер жасауға мiндеттейтiн шешiм
Сот жауапкердi мүлiкті немесе ақша беруге байланысты емес белгiлi бiр әрекеттер жасауға мiндеттейтiн шешiм шығарған кезде азаматтың, заңды тұлғаның бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қалпына келтіру үшін жауапкер жасауға міндетті әрекеттер мен оларды жасау мерзімін көрсетеді.
Сот шешімі орындалмаған жағдайда, шешімнің қарар бөлігінде әрекеттерді жауапкер ғана жасауы мүмкін жағдайлардан басқа, талап қоюшы жауапкерден келтірілген шығыстарды өндіріп ала отырып, бұл әрекеттерді өз бетінше жүргізуге құқылы екендігі көрсетіледі.
233-бап. Бiрнеше талап қоюшының пайдасына немесе бiрнеше жауапкерге қарсы шешiм
1. Бiрнеше талап қоюшының пайдасына шешiм шығарған кезде сот шешiмнiң қарар бөлігінде олардың әрқайсысына қандай бөлігі қатысты екенiн немесе өндiрiп алу құқығы ортақ болып табылатындығын көрсетедi.
2. Бiрнеше жауапкерге қарсы шешiм шығарған кезде сот шешімнің қарар бөлігінде әрбір жауапкердiң талап қоюшының пайдасына қандай әрекеттер және қандай көлемде жасауға тиіс екенін немесе олардың жауаптылығы ортақ болып табылатындығын көрсетеді.
234-бап. Іске қатысатын адамдарға сот шешімінің көшірмелерін салып жіберу және беру
Сот отырысына келмеген тараптарға және іске қатысатын басқа тұлғаларға шешімнің көшірмелері шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып, салып жіберіледі немесе беріледі.
235-бап. Шешiмдегi қате жазулар мен анық арифметикалық қателердi түзету
1. Iс бойынша шешiм жарияланғаннан кейiн шешiм шығарған сот өзі оның күшін жоюға немесе өзгертуге құқылы емес.
2. Сот шешiмде жiберiлген қате жазуларды немесе анық арифметикалық қателердi өз бастамасы бойынша немесе iске қатысатын тұлғалардың арызы бойынша түзете алады.
Сот қате жазулар мен анық арифметикалық қателерді түзету туралы арызды сотқа арыз келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде сот отырысында қарайды. Iске қатысатын адамдарға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмеуi түзетулер енгiзу туралы мәселенi қарау үшін кедергi болмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Түзетулер енгізу туралы мәселе бойынша соттың ұйғарымына шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
236-бап. Қосымша шешiм
1. Iс бойынша шешiм шығарған сот iске қатысатын адамдардың арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша мынадай жағдайларда:
1) егер iске қатысатын адамдар дәлелдемелер ұсынған және түсiнiктемелер берген қандай да бiр талап бойынша шешiм шығарылмаса;
2) егер сот құқық туралы мәселенi шешіп, алып берiлген соманың, берiлуге тиiстi мүлiктiң мөлшерін немесе жауапкер жасауға міндетті әрекеттердi көрсетпесе;
3) егер сот шығыстары туралы мәселенi сот шешпесе;
4) егер сот шешiмінiң орындалуын бұрып жіберу туралы мәселенi сот шешпесе, қосымша шешiм шығара алады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қосымша шешім шығару туралы мәселе шешімді орындау мерзімдері шегінде қойылуы мүмкін.
Сот қосымша шешім шығару туралы мәселені арыз сотқа келіп түскен күннен бастап не осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.
Талаптарды қанағаттандыру туралы қосымша шешімді бірінші сатыдағы сот мәселені сот отырысында қарағаннан кейін шығарады. Іске қатысатын адамдар сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуі арызды қарауға кедергі болмайды.
Қосымша шешімге апелляциялық шағым берілуі, прокурордың апелляциялық өтінішхаты келтірілуі мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қосымша шешім шығарудан бас тарту туралы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
237-бап. Шешiмдi түсiндiру
1. Шешiм түсiнiксiз болған жағдайда істi қараған сот iске қатысатын тұлғалардың арызы бойынша, сондай-ақ сот орындаушысының өтінішхаты бойынша шешiмнің мазмұнын өзгертпей, оны түсiндiруге құқылы. Егер шешім әлi орындалмаса және оның мәжбүрлi түрде орындалуы мүмкiн мерзiмі өтпесе, шешiмді түсіндіруге жол беріледі.
Сот шешiмдi түсiндiру туралы арызды, өтінішхатты олар сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және шешеді.
2. Сот шешімді түсіндіру туралы мәселені сот отырысында шешеді. Іске қатысатын адамдар, сондай-ақ сот орындаушысы, қарау және шешу нысанасы оның түсіндіру туралы өтінішхаты болған жағдайда, сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуі шешімді түсіндіру туралы мәселені қарау үшін кедергі болмайды.