Комиссияның құрамы Алматы қаласының жергілікті өкілді органының депутаттары, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері және өзге де адамдар қатарынан қалыптастырылады.
4. Комиссия Алматы қаласының аумағындағы, құқықтары ресімделмеген жылжымайтын мүлікке құқықтарды ресімдеу мәселелері бойынша қорытынды шығарады.
Қорытындыны дайындау кезінде комиссия осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жылжымайтын мүліктің сәулет, қала құрылысы, құрылыс талаптарына, экологиялық және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген басқа да талаптарға сәйкес келетіні немесе сәйкес келмейтіні туралы мәселелерді қарайды.
Комиссияның жұмысы туралы ақпарат Алматы қаласы атқарушы органының интернет-ресурсында тоқсан сайын орналастырылады.
5. Комиссияның қорытындысына комиссияның барлық мүшесі қол қояды және ол ұсынымдық сипатта болады.
Комиссия мүшесінің ерекше пікірі болған жағдайда, ол қорытындыға қол қоймайды және ерекше пікірі комиссия төрағасына жазбаша түрде ұсынылады.
6. Алматы қаласының атқарушы органы комиссияның оң қорытындысы негізінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды ресімдеу туралы шешім қабылдайды.
2023.01.01. № 182-VІІ ҚР Заңымен 4-2-баппен толықтырылды (2023 ж. 16 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-2-бап. Алматы қаласының бюджеті
Үш жылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау кезінде бюджеттік даму бағдарламалары бойынша шығындардың болжамды көлеміне мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен арттыру коэффициенті қолданылады.
2024.01.07. № 107-VIII ҚР Заңымен 4-3-баппен толықтырылды (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
4-3-бап. Тұрғынжайды реновациялау
1. Тұрғынжайды реновациялау бағдарламасында оны іске асыру тетігі мен өлшемшарттары, оның ішінде реновациялауға жататын объектілердегі тұрғынжайдың меншік иелеріне өтеу тәртібі мен шарттары, сондай-ақ қаржыландыру, оның ішінде тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын іске асыру жөніндегі уәкілетті ұйымды тарта отырып қаржыландыру тетіктері белгіленеді.
2. Тұрғынжайды реновациялау бағдарламасына енгізілген көппәтерлі тұрғын үйлердегі тұрғынжайдың меншік иелеріне қазіргі пәтерлерінің орнына онда тұрып жатқан адамдар санына қарамастан, техникалық паспорттарға сәйкес «бір бөлмеге бір бөлме» қағидаты бойынша жаңа пәтерлер меншікке берілетін болады. Бұл ретте жаңа тұрғынжайдағы тұрғын бөлмелердің саны қазіргі тұрғын бөлмелер санынан кем болмауға тиіс.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген шарттар бойынша берілген және бұзылатын тұрғынжай көлемінен асатын, тұрғынжайды реновациялау бағдарламаларын іске асыру жөніндегі уәкілетті ұйымның тұрғын үй қорынан берілетін тұрғынжай алаңы артық деп есептелмейді.
4. Тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелеріне олардың құны өтеледі не тараптардың келісімі бойынша салынып жатқан объектілерден тең дәрежелі тұрғын емес үй-жайлар беріледі.
5. Тұрғынжайды реновациялауға жататын объектілердің тізбесін ғимараттар мен құрылысжайлардың сейсмикалық орнықтылығы саласындағы ғылыми-зерттеу институттарының қорытындысы негізінде Алматы қаласының атқарушы органы айқындайды.
6. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 84-бабында көзделген жағдайлардан басқа, тұрғынжайды реновациялауға жататын көппәтерлі тұрғын үйлер орналасқан жер учаскелерінде жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жол берілмейді.
7. Тұрғынжайды реновациялау бағдарламасы шеңберінде барлық меншік иелерінің келісімі болған жағдайда ғана тұрғынжайларды бұзуға жол беріледі.
8. Алматы қаласының атқарушы органы тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын іске асыру үшін уәкілетті ұйымды айқындайды және қаржыландырады.
Тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын қаржыландыру жергілікті бюджет және өзге де көздер есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.
9. Алматы қаласының атқарушы органы тұрғынжайды реновациялау бағдарламасы бойынша бұзылған тұрғынжайдың орнына тұрғынжай салуды жүзеге асырады. Бұл ретте бұзу жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
5-бап. 2004.20.12 № 13-III алып тасталды (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
6-бап. 2004.20.12 № 13-III алып тасталды (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
7-бап. Алынып тасталды
8-бап. Алынып тасталды
Қазақстан Республикасының