5. Егер мұндай қараудың нәтижелері кедендік мақсаттар үшін пайдаланылатын болса, кеден органдарының лауазымды адамдары қарау нәтижелері бойынша Комиссияның шешімімен белгіленген нысан бойынша акт жасайды.
Тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғаның талабы бойынша кеден органының лауазымды адамдары кедендік қараудың жүргізу фактісі туралы акт жасауға, не көліктік (тасымалдау), коммерциялық немесе кедендік құжатта белгі қоюға міндетті.
Кедендік қарау жүргізілгені туралы актінің екінші данасы тауарларға қатысты өкілеттіктері бар адамға бұзушылық анықталған жағдайда немесе оның талап етуі бойынша табыс етіледі.
205-бап. Кедендік тексеріп қарау
1. Кеден органдары лауазымды адамдарының тауарлардың орамдарын немесе көлік құралының жүк тиелетін жайларын не ыдыстарды, контейнерлерді және тауарлар бар немесе болуы мүмкін өзге де орындарды салынған кедендік пломбаларын немесе өзге де сәйкестендіру құралдарын бұза отырып ашуға, тексерілетін объектілер мен олардың бөліктерін бөлшектеуге және өзге де тәсілдермен бүтіндігін бұзуға байланысты іс-әрекеттері кедендік тексеріп қарау болып табылады.
2. Кедендік тексеріп қарауды жүргізуге уәкілетті кеден органының лауазымды адамы, мұндай тұлғалар белгілі болса, декларантты немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге де тұлғаны кедендік тексеріп қараудың жүргізілетін жері және уақыты туралы хабардар етеді.
Декларант, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге де адамдар және олардың өкілдері, осы баптың 4-тармағында белгіленген жағдайды қоспағанда, өз бастамасы бойынша кедендік тексеріп қарау кезінде қатысуға құқылы.
Кедендік тексеріп қарауды жүргізудің басталу уақыты мұндай адамдардың келуінің ақылға қонымды мерзімдерін ескеруге тиіс.
3. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік тексеріп қарау барысында және (немесе) көшпелі кедендік тексеру барысында жүзеге асырылатын кедендік тексеріп қарау кедендік бақылау аймақтарын құрмай жүргізілуі мүмкін.
4. Кеден органы лауазымды адамдарының талабы бойынша декларант немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге де тұлғалар және олардың өкілдері кедендік тексеріп қарау кезінде қатысуға және кеден органының лауазымды адамдарына қажетті жәрдем көрсетуге міндетті. Тасымалдаушы арнайы уәкілеттік берген өкіл болмаған жағдайда, көлік құралын жүргізетін жеке тұлға осы міндетті атқарушы болып табылады
5. Кеден органы декларант, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге де тұлғалар және олардың өкілдері болмаған кезде, мынадай жағдайларда:
1) көрсетілген тұлғалар келмеген не мұндай тұлғалар белгісіз болған кезде;
2) ұлттық (мемлекеттік) қауіпсіздікке, адамның, жануарлардың өмірі мен денсаулығына, эпизоотиялық ахуал туындау қаупі, қоршаған ортаға, Қазақстан Республикасының ұлттық мәдени игілігі объектілерін сақтауға қауіп болған кезде және кейінге қалдыруға болмайтын өзге де мән-жайларда, соның ішінде егер тауарлар тез тұтанғыш заттар, жарылғыш қауіпті нәрселер, жарылғыш, уландырғыш, қауіпті химиялық және биологиялық заттар, есірткі құралдары, психотроптық, қатты әсер ететін, улы, уытты, радиоактивті заттар, ядролық материалдар және басқа да ұқсас тауарлар болып табылатын белгілері бар болса, сондай-ақ егер тауарлар жағымсыз иіс шығаратын болса;
3) тауарларды халықаралық почта жөнелтімдерімен жөнелту кезінде;
4) тауарлардың әкетілуін көздейтін кедендік режимді бұза отырып, оларды Кеден одағының кедендік аумағында қалдыру кезінде кедендік тексеріп қарауды жүргізуге құқылы.
Көрсетілген жағдайларда кедендік тексеріп қарау екі куәгердің қатысуымен жүргізіледі.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Кедендік тексеріп қарау нәтижелері бойынша Комиссияның шешімімен белгіленген нысан бойынша екі дана етіп кедендік тексеріп қарау актісі жасалады. Кедендік тексеріп қарау актісінде мынадай мәліметтер:
1) кедендік тексеріп қарауды жүргізген кеден органының лауазымды адамдары және оны жүргізу кезінде қатысқан тұлғалар туралы мәліметтер;
2) декларант немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге де адамдар болмаған кезде кедендік тексеріп қараудың жүргізілу себептері;
3) кедендік тексеріп қарау нәтижелері;
4) акт нысанында көзделген өзге де мәліметтер көрсетіледі.
Актінің екінші данасы тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғаға не оның өкіліне бұзушылық анықталған жағдайда немесе оның талап етуі бойынша тапсырылады (жіберіледі).
206-бап. Жеке кедендік тексеріп қарау
1. Жеке кедендік тексеріп қарау Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өтетін не кедендік бақылау аймағындағы немесе халықаралық әуежайдың транзит аймағындағы жеке тұлғаның Кеден одағының кеден заңнамасын бұза отырып өткізілетін тауарларды өзінде жасырып және ерікті түрде бермей тұр деп ойлауға жеткілікті негіздер болған кезде, кеден органы басшысының (оны алмастыратын адамның) жазбаша шешімі бойынша жүргізілетін кедендік бақылаудың ерекше нысаны болып табылады.
Жеке кедендік тексеріп қарауды жүргізу туралы шешім кеден органы лауазымды адамының баянхатына бұрыштама қою арқылы жазбаша нысанда қабылданады не жеке құжатпен ресімделеді.
2. Жеке кедендік тексеріп қарау басталар алдында кеден органының лауазымды адамы жеке тұлғаға тексеріп қарауды жүргізу туралы шешімді көрсетуге, жеке тұлғаны мұндай тексеріп қарауды жүргізу кезіндегі құқықтарымен таныстыруға және жасырған тауарларын өз еркімен беру туралы ұсыныс жасауға міндетті.
Жеке тұлғаның жеке кедендік тексеріп қарау туралы шешіммен танысу фактісін көрсетілген тұлға мұндай тексеріп қарауды жүргізу туралы шешімдегі тиісті жазбамен куәландырады. Мұндай әрекеттерді жасаудан бас тартқан жағдайда бұл туралы жеке кедендік тексеріп қарауды жүргізу туралы шешімге осындай тексеріп қарауды жүргізу туралы шешімді жариялаған кеден органы лауазымды адамының қолымен куәландырылатын белгі қойылады.
3. Жеке кедендік тексеріп қарауды жүргізу кезінде кеден органы лауазымды адамының әрекеті жеке тұлғаның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтірмеуге, тексеріліп қаралатын тұлғаның денсаулығына заңсыз зиян және мүлкіне залал келтірмеуге тиіс.
4. Өзіне қатысты жеке кедендік тексеріп қарау жүргізіліп отырған жеке тұлғаның:
1) жеке кедендік тексеріп қарауды жүргізу басталғанға дейін кедендік тексеріп қарауды жүргізу шешімімен және тәртібімен танысуға;
2) өз құқықтары мен міндеттерімен танысуға;
3) түсініктемелер беруге және қолдаухаттарды мәлімдеуге;
4) өзінде жасырған, Кеден одағының кеден заңнамасын бұза отырып өткізілмек тауарларды өз еркімен беруге;
5) жеке кедендік тексеріп қарауды жүргізетін кеден органы лауазымды адамы жеке кедендік тексеріп қарауды жүргізу туралы актіге міндетті түрде енгізе отырып, мәлімдеме жасауға;
6) ана тілін пайдалануға, сондай-ақ аудармашының қызметтерін пайдалануға;
7) кедендік тексеріп қарауды жүргізу туралы акт жасалып болған соң онымен танысуға және актіге енгізуге жататын мәлімдемелер жасауға;
8) жеке кедендік тексеріп қарау жүргізетін кеден органы лауазымды адамдарының әрекеттеріне осы Кодекске сәйкес шағымдануға құқығы бар.
5. Жеке кедендік тексеріп қарау барысында тексеріліп қаралатын тұлға немесе оның заңды өкілі жеке кедендік тексеріп қарау жүргізетін кеден органы лауазымды адамының заңды талаптарын орындауға міндетті.
6. Жеке кедендік тексеріп қарауды тексеріліп қаралатын адаммен бір жыныстағы кеден органының лауазымды адамдары сол жыныстағы екі куәгердің қатысуымен санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келетін оқшауланған үй-жайда жүргізеді. Бұл үй-жайға басқа жеке тұлғалардың кіруіне және олардың тарапынан жеке кедендік тексеріп қараудың жүргізілуін қадағалау мүмкіндігіне жол берілмеуге тиіс. Тексеріп қаралатын адамның денесін тексеріп зерттеуді, қажет болған жағдайда арнайы медициналық техниканы пайдалана отырып, медицина қызметкері ғана жүргізуге тиіс.
Медициналық қызметкер жеке кедендік тексеріп қарау туралы шешімді орындаудан жалтаруға құқылы емес.
Кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз жеке адамды жеке кедендік тексеріп қарау кезінде оның заңды өкілдері (ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары, қамқоршылары) немесе оны алып жүретін адамдар қатысуға міндетті.
7. Жеке кедендік тексеріп қарауды жүргізу туралы Комиссияның шешімімен бекітілетін нысан бойынша екі дана етіп акті жасалады. Бұл акт жеке кедендік тексеріп қарау барысында не тікелей ол аяқталғаннан кейін жасалуға тиіс.
Актіге жеке кедендік тексеріп қарауды жүргізген кеден органының лауазымды адамы, оған қатысты тексеріп қарау жүргізілген жеке адам не оның заңды өкілі немесе оны алып жүрген адам, куәгерлер, ал тексеріп зерттеу жүргізілген кезде - медициналық қызметкер қолдарын қояды.
Өзіне қатысты жеке кедендік тексеріп қарау жүргізілген жеке адамға не оның заңды өкіліне немесе оны алып жүрген адамға жеке кедендік тексеріп қарау туралы актінің екінші данасы ол жасалғаннан кейін дереу табыс етіледі.
207-бап. Тауарлардың арнайы таңбалармен таңбалануын, оларда сәйкестендіру белгілерінің болуын тексеру
1. Кеден органдары тауарларда немесе олардың орамдарында арнайы таңбалардың, сәйкестендіру белгілерінің немесе Кеден одағының кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, олардың Кеден одағының кедендік аумағына әкеліну заңдылығын растау үшін пайдаланылатын өзге де тәсілдермен тауарларды белгілеулердің болуына тексеру жүргізеді.
2. Тауарларда арнайы таңбалардың, сәйкестендіру белгілерінің немесе тауарларды өзге де тәсілдермен белгілеудің болмауы, егер мұндай тауарлар табылған адам, декларант не өзге де мүдделі тұлға керісінше екенін дәлелдемесе, Кеден одағының кедендік аумағына кедендік операцияларды жасамай және тауарларды шығармай жүзеге асырылған тауарларды әкелу ретінде қаралады.
208-бап. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарау
1. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарау кедендік бақылаудағы, оның ішінде шартты шығарылған уақытша сақтау орындарындағы, кеден қоймаларындағы, бажсыз сауда дүкендеріндегі және кедендік бақылаудағы тауарлар болуы мүмкін өзге де жерлердегі тауарлардың, сондай-ақ адамдарда осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдердің талаптарына сәйкес болуға тиіс тауарлардың болуын растау мақсатында жүргізіледі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарауды кеден органдары тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу орындарында, шекара аймағында, сондай-ақ тауарлардың көтерме немесе бөлшек саудасын жүзеге асыратын, тауарларды кедендік бақылау аймағы болып табылмайтын жерлерде сақтайтын тұлғаларда, тауарларға иелік ететін және (немесе) оларды пайдаланатын өзге де тұлғаларда, осы тұлғалардың үй-жайларында немесе аумақтарында осы Кодексте көзделеген тәртіпті бұза отырып Кеден одағының кедендік аумағына әкелінген және (немесе) онда тұрған тауарлардың болуы туралы ақпарат болған кезде, мұндай ақпаратты тексеру үшін жүргізуі мүмкін.
3. Кеден органдары үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарауды осы үй-жайлар мен аумақтардың осы Кодекстің 40, 47, 54, 185, 260, 334 баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген талаптар мен шарттарға сәйкестігін тексеру мақсатында да жүзеге асыруы мүмкін.
4. Тұрғын үй-жайларға кедендік қарау жүргізуге жол берілмейді.
5. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарау ұйғарымды (нұсқауды) және кеден органы лауазымды адамының қызметтік куәлігін көрсеткен кезде жүргізіледі.
Үй-жайлар мен аумақтарды қарауға арналған ұйғарымның (нұсқаудың) нысанын кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
6. Аумаққа және үй-жайларға жіберуден бас тартылған жағдайда, кеден органдарының лауазымды адамдары аумаққа және үй-жайларға екі куәгердің қатысуымен қарсылықтың жолын кесу және жабық үй-жайларды ашу арқылы кіруге құқылы. Үй-жайларға қарсылықтың жолын кесу және жабық үй-жайларды ашу арқылы кірудің барлық жағдайлары туралы кеден органдары жиырма төрт сағаттың ішінде прокурорды хабардар етеді. Кеден органдары лауазымды адамдарының аумақтарға және үй-жайларға кіруіне кедергі келтірген адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
7. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының жекелеген объектілерге кіруін арнайы тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
8. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарау оны жүргізу үшін қажетті ең аз уақыт кезеңінде жүргізілуге тиіс және бір жұмыс күнінен аспауға тиіс. Кедендік қарауды жүргізу уақытының кезеңі бес жұмыс күнінен артық ұзартыла алмайды.
9. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарау нәтижелері бойынша Комиссияның шешімімен бекітілген нысан бойынша акт жасалады. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарау актісінің екінші данасы үй-жайлары немесе аумақтары қаралған тұлғаға табыс етілуге (жіберілуге) жатады.
209-бап. Кедендік бақылаудағы тауарларды есепке алу
1. Кеден органдары кедендік бақылаудағы тауарлардың және олармен жасалатын кедендік операциялардың есебін, оның ішінде ақпараттық жүйелер мен технологияларды пайдалана отырып жүргізеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кедендік бақылаудағы тауарларды есепке алу тәртібі мен нысанын кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
210-бап. Тауарларды есепке алу жүйесін және олар бойынша есептілікті тексеру
1. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын, арнайы оңайлатуларды пайдаланатын, сондай-ақ шетелдік тауарларды пайдаланатын және (немесе) иеленетін тұлғалар кеден органдарының талабы бойынша кеден органдарына сақталатын, тасымалданатын, өткізілетін, қайта өңделетін және (немесе) пайдаланылатын тауарлар туралы есептілікті табыс етуге міндетті.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Есептілікті ұсыну нысанын және тәртібін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
3. Кедендік бақылау нысаны ретінде тауарларды есепке алу жүйесін тексеру мынадай жағдайларда:
1) осы Кодекске сәйкес арнайы оңайлатуларды қолданған кезде;
2) тауарларды шартты түрде шығарған кезде;
3) кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға қатысты;
4) осындай тауарлардың есебін жүргізуді көздейтін кедендік рәсімдермен орналастырылған тауарларға қатысты жүргізіледі.
211-бап. Кедендік тексеру
1. Кеден органдары кедендік тексеруді тұлғалардың Кеден одағының кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауын тексеру мақсатында жүргізеді.
2. Кеден органы кедендік тексеруді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және (немесе) тіркелген тексерілетін тұлғаларға қатысты жүргізеді.
Тексерілетін тұлғалар деп:
1) декларант;
2) кеден өкілі;
3) тасымалдаушы, оның ішінде кедендік тасымалдаушы;
4) тауарлар шығарылғаннан кейін оларға қатысты өкілеттіктері бар тұлға немесе оның өкілі;
5) тауарларды уақытша сақтауды жүзеге асыратын тұлға;
6) бажсыз сауда дүкендерінің, кеден қоймасының және өзге де қоймалардың иелері;
7) уәкілетті экономикалық оператор;
8) тиісті кедендік рәсімдермен орналастырылған тауарлармен жасалған мәмілелерге тікелей немесе жанама қатысқан өзге де тұлғалар;
9) иелігінде және (немесе) пайдалануында Кеден одағының кеден заңнамасында және осы Кодексте көзделген тәртіпті бұза отырып, оның ішінде кедендік шекара арқылы заңсыз өткізілген тауарлардың болуы (болғандығы) туралы оған қатысты ақпарат бар тұлға түсініледі.
3. Кеден органдары кедендік тексеру кезінде:
1) тауарлардың кедендік рәсіммен орналастырылу фактісін;
2) кедендік декларацияда және тауарларды кедендік декларациялау кезінде табыс етілген өзге де құжаттарда мәлімделген, тауарларды шығару туралы шешім қабылдауға әсер еткен мәліметтердің дұрыстығын;
3) шартты шығарылған тауарларды пайдалану және оларға билік ету бойынша шектеулердің сақталуын;
4) кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың Кеден одағының кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауын;
5) тұлғалардың уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін беру үшін қажетті талаптарға сәйкестігін;
6) кедендік рәсімдер шарттарының сақталуын;
7) осы Кодексте белгіленген мерзімдердің ішінде құжаттарды сақтау бойынша міндеттеменің орындалуын тексереді.
4. Кедендік тексеру тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру кезінде табыс етілген құжаттардағы мәліметтерді және кеден органында бар өзге де мәліметтерді бухгалтерлік есеп және есептілік деректерімен, шоттармен және Кеден одағының кеден заңнамасында және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен алынған басқа ақпаратпен салыстыру арқылы жүргізіледі.
5. Кедендік тексеру жүргізу кезінде осы Кодекстің 199-бабында белгіленген кедендік бақылаудың өзге де нысандары пайдаланылуы мүмкін.
6. Кедендік тексеруді жүргізу алдында тексеруге жататын мәселелердің тізбесі анықталатын дайындық жұмысы болуға тиіс, қажет болғанда оны жүргізу бағдарламасы әзірленеді.
7. Кедендік тексеру камералдық кедендік тексеру немесе көшпелі кедендік тексеру нысанында жүзеге асырылады.
8. Арнаулы білім мен дағдыларды талап ететін мәселелерді зерттеу және консультация алу үшін кеден органдары кедендік тексеруге Қазақстан Республикасының басқа да бақылаушы мемлекеттік органдарының лауазымды тұлғаларын тартуы мүмкін.
Кедендік тексеруге қатысушы болып табылатын кедендік органның лауазымды тұлғасының жазбаша сауалы бойынша кедендік тексеруге тартылған лауазымды тұлға кедендік тексеру барысында пайдаланылатын қорытынды жасайды. Мұндай қорытындылардың көшірмелері кедендік тексеру актісіне қоса тіркеледі.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Кедендік тексеру барысында қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған кезде, кеден органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қолданады.
10. Кедендік тексеру жүргізу тәртібі осы Кодекстің 24-тарауында айқындалады.
11. Кедендік тексеру нәтижелері және кедендік тексеру нәтижелері бойынша шешімдер қабылдау тәртібі осы Кодекстің 18 және 24-тарауларында айқындалады.
22-тарау. Кеден органдарының өзара әкімшілік көмегі
212-бап. Өзара әкімшілік көмек
1. Осы тараудың мақсаттары үшін өзара әкімшілік көмек деп Кеден одағының кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және Кеден одағының кеден заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу, оларды тергеу мақсатында кеден органының Кеден одағына мүше басқа мемлекет кеден органының тапсырмасы бойынша немесе онымен бірлесіп жасаған әрекеттері түсініледі.
2. Өзара әкімшілік көмек:
1) кеден органдарының кеден органына мүше мемлекеттер кеден органдарымен ақпарат алмасуын;
2) кеден органдары қабылдаған шешімдерді өзара тануды;
3) Кеден одағына мүше мемлекеттердің бірінің кеден органының Кеден одағына мүше басқа мемлекеттің кеден органының тапсырмасы бойынша осы Кодексте белгіленген кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын жүргізуін қамтиды.
Өзара әкімшілік көмек Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес кеден органдарының өзара іс-қимыл жасауының өзге де түрлерін қамтуы мүмкін.
213-бап. Кеден органдары арасындағы ақпарат алмасу
Кеден органдарының Кеден одағына мүше мемлекеттер кеден органдарымен ақпарат алмасуы Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес, оның ішінде ақпараттық жүйелерді және ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жүргізіледі.
214-бап. Кеден органдары қабылдаған шешімдерді өзара тану
Кеден одағының кедендік аумағына әкелінетін не одан тыс жерлерге әкетілетін, кедендік бақылаудағы, кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес Кеден одағының кедендік аумағы бойынша тасымалданатын, уақытша сақталатын тауарларға қатысты кедендік операцияларды жасау кезінде, сондай-ақ кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдары қабылдаған шешімдерді Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары өзара таниды және Кеден одағының кеден заңнамасымен белгіленген жағдайларда Кеден одағының кедендік аумағында оның тең заңды күші болады.
215-бап. Кеден одағына мүше мемлекеттердің бірінің кеден органының тапсырмасы бойынша кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын жүргізуі
Кеден одағы кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ Кеден одағының кеден заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында Кеден одағына мүше мемлекеттердің бірінің кеден органы кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын жүргізуді кеден органына тапсыруға құқылы.
Кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын жүргізу туралы тапсырманы жіберу және орындау негіздемелері, нысаны, тәртібі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айындалады.
23-тарау. Тәуекелдерді басқару жүйесі
216-бап. Тәуекелдерді басқару жүйесінің жалпы ұғымдары және қолданылу мақсаттары
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Кеден органдары тауарларды, халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын, кедендік бақылауға жататын құжаттар мен тұлғаларды, осындай тауарларға, халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарына, құжаттар мен тұлғаларға қолданылатын кедендік бақылау нысандарын және кедендік бақылау жүргізу дәрежесін айқындау үшін тәуекелдерді басқару жүйесін қолданады.
Қазақстан Республикасының кеден органдарында тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану тәртібін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2. Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану мақсаттары:
1) кеден органдарының құзыреті шегінде ұлттық (мемлекеттік) қауіпсіздікті, адам өмірі мен денсаулығын қорғау, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларды қамтамасыз ету;
2) назарды жоғары тәуекел салаларына шоғырландыру және иелікте бар ресурстарды неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;
3) Кеден одағының кеден заңнамасын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды анықтау, болжау және оларды болғызбау;
4) декларанттарға және кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтайтын тұлғаларға тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу үшін қолайлы жағдайлар жасау;
5) тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде кедендік операциялар жүргізуді жеделдету болып табылады.
3. Кеден органдары тәуекелдерді азайту бойынша қолданылатын шаралар туралы ақпаратпен, сондай-ақ кедендік бақылау жүргізудің тиімділігін арттыруға ықпал ететін өзге де ақпаратпен өзара алмасуды Қазақстан Республ(икасының халықаралық шартында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
4. Комиссия тәуекелдерге қатысты кеден органдары міндетті түрде оларды азайту бойынша шаралар әзірлейтін және қолданатын тәуекелдердің саласын айқындай алады.
217-бап. Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану кезінде пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы тараудың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) анықталған тәуекел - кеден ісі саласындағы құқық бұзушылық жасалған және кеден органдарында мұндай құқық бұзушылық туралы ақпарат бар белгілі тәуекел;
2) жасырын тауарлар - тәуекел тауарларының орнына декларациялануы мүмкіндігі жеткілікті дәрежедегі тауарлар;
3) кездейсоқ іріктеу әдісі - белгісіз тәуекелді анықтау мақсатында кедендік бақылау объектілерін белгіленген кезеңділікпен еркін іріктеу;
4) тәуекел - Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтамау ықтималдығының дәрежесі;
5) тәуекел бейіні - тәуекел саласы, тәуекел индикаторлары туралы мәліметтердің жиынтығы, сондай-ақ тәуекелдердің алдын алу немесе оларды азайту жөнінде қажетті шаралар қолдану туралы нұсқаулар.
Қолданылу өңіріне қарай тәуекел бейіндері екі түрлі болуы мүмкін: республикалық (қолданылу өңірі - Қазақстан Республикасының аумағы), өңірлік (қолданылу өңірі - кеден ісі саласындағы уәкілетті органның бір немесе бірнеше аумақтық бөлімшесінің қызмет аймағы);
6) тәуекел деңгейі - тәуекелдің туындау мүмкіндігінің және мүмкін болатын тәуекел салдарларының дәрежесі;
7) тәуекелдердің индикаторлары - бақылау объектісін таңдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, кеден органдары алдын ала белгілеген өлшемдері бар тәуекел көрсеткіштері;
8) тәуекелді бағалау - тәуекел деңгейін бағалау және кеден органдары алдын ала анықтаған көрсеткіштермен салыстыру арқылы тәуекелді басқару басымдықтарын жүйелі анықтау;
9) тәуекелді басқару - тәуекелдердің алдын алу және оларды азайту бойынша шараларды әзірлеу және практикалық іске асыру, оларды іске асыру тиімділігін бағалау, сондай-ақ кедендік рәсімдердің жүргізілуін бақылау бойынша, кеден органдарында бар ақпаратты үздіксіз жаңартуды, талдауды және түзетуді көздейтін жүйелі жұмыс;
10) тәуекелді талдау - тәуекелдің туындау жиілігін және тәуекел туындаған кезде мүмкін болатын салдарлардың көлемін анықтау үшін қолда бар ақпаратты жүйелі пайдалану. Тәуекелдер анықталған және ықтимал болып екі түрге бөлінеді;
11) тәуекел саласы - кеден органдары топтастырған тәуекелді талдау объектілері, оларға қатысты кедендік бақылаудың жекелеген нысандарын қолдану немесе оларды жинақтап қолдану талап етіледі;
12) тәуекел тауарлары - Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, оларға қатысты тәуекелдер анықталған немесе ықтимал тәуекелдер бар тауарлар;
13) ықтимал тәуекел - анықталмаған, бірақ оның туындауы үшін жағдайлар бар тәуекел.