Осы ережелердің мазмұнына қарағанда, заң консультантының құпиясын сақтау міндетінен алып тастаулар тек заңдарда ғана емес, сонымен бірге заңдық күші темен нормативтік құқықтық актілерде де белгіленуі мүмкін.
Конституциялық Кеңес 2009 жылғы 20 тамыздағы № 5 нормативтік қаулысында клиент өзіне қандастық-туыстық немесе өзге де жақындығы жоқ адамға үшінші бір тұлғаларға белгілі болмайды және өзіне зиян келтірмейді деген сеніммен өзі туралы қандай да болсын мәліметтерді хабарлаған кезде адвокат пен азаматтың өзара қарым-қатынасында орнаған тараптардың бір-біріне деген сенімі білікті заң көмегін алу құқығының негізгі іргетасы болып табылады, деп көрсеткен болатын.
Конституциялық Кеңес осы құқықтық ұстаным кәсіптік құпияны сақтау жөніндегі міндеті әркімнің қадір-қасиетіне, жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына және басқа да конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған заң консультанттарына да қатысты деп пайымдайды. Алып тастауларды белгілеу мәселелері адамның осы құқықтарының мәнін қозғайды, олардың толыққанды іске асырылуы дәрежесіне әсер етеді, сол себепті, адвокаттар сияқты, тек заңдармен реттелуі тиіс.
6.2. Лицензиардың талап қоюы бойынша адвокатты сот арқылы лицензиядан айыру үшін біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан адвокаттың өз кәсіптік міндеттерін орындауының мүмкін болмауы деген негіз - «осы Заңның 55-бабы 2-тармағының 8) тармақшасына сәйкес адвокаттар алқасы жүргізген аттестаттау нәтижелері бойынша анықталған...» деген ережемен толықтырылған (Заңның 1-бабы 9-тармағының 10) тармақшасы).
Сонымен бірге, алқа төралқасының адвокаттың алқадағы мүшелігін тоқтатуы үшін де осындай негіз Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңның 60-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында қамтылған. Бұл ретте, мұндай шешім қабылдау үшін осы бапта аттестаттау рәсімі қарастырылмаған.
Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңның 44-бабы 4-тармағының жаңа редакциядағы 2) тармақшасының және 60-бабының 1-тармағы 1) және 3) тармақшаларының және 2-тармағының өзара байланысты заңнамалық ережелерінен лицензиядан айыру рәсімін және көрсетілген әрекеттердің кезектілігін нақты анықтау мүмкін емес.
6.3. Заңда облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінің атынан өкілдік ететін заң консультанттары палаталарының ерікті мүшелігіне негізделген коммерциялық емес ұйым ретінде алғаш рет Республикалық заң консультанттары алқасын құру көзделеді (Заңның1-бабы 9-тармағының 29) тармақшасы).
Заңда Республикалық заң консультанттары алқасының съезі заң консультанттары палаталары Республикалық алқаның жалпы мұқтаждықтарына аударатын ай сайынғы жарналардың мөлшерін және оларды жүзеге асыру тәртібін айқындайды деп белгіленген. Алайда, адвокаттармен ұқсас, бұл норманың қолданысы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрады. Көрсетілген уақытқа дейін осы жарналардың мөлшерін және оларды жүзеге асыру тәртібін Республикалық заң консультанттары алқасының съезі айқындайды, бұл ретте жарналардың мөлшері әрбір заң консультанты үшін есептелуге және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген кемінде бір айлық есептік көрсеткішті құрауға тиіс.
Конституциялық Кеңес аталған және Заңда қарастырылған мемлекеттік реттеудің басқа да шараларын іске асыру, егер олар заң консультанттарының бүкіл қоғамдастығына қатысты болса (адвокаттарға қатысты жасалатындай), олар көрсететін заң көмегінің сапасын арттыруға ықпал етсе және қызметтің бір саласы өкілдерінің арасында теңдікті бұзу үшін жағдай жасамаса, орынды болуы мүмкін деп пайымдайды.
6.4. Адвокаттар көрсететін заң көмегі түрлерінің тізбесінен құқықтық мәселелер бойынша ауызша да, жазбаша да анықтамалар беру алып тасталған. Солай бола тұра, Қылмыстық-атқару кодексінде сотталғандардың анықтамалар түрінде білікті заң көмегін алу, оның ішінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шеңберінде алу, құқығы сақталған (Заңның 1-бабының 2-тармағы және 9-тармағының 11) тармақшасы).
Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заң - заң көмегінің негізгі қағидаттарын, нысандары мен түрлерін белгілейтін заңнамалық акт болып табылады. Адвокаттық қызметті реттейтін сабақтас заңдар бейінді заңның талаптарымен үйлесуі тиіс.
6.5. Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңның 2-бабының 2-тармағы мынадай редакцияда жазылған:
«2. Заң көмегі осы Заңның нормаларына сәйкес және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып көрсетіледі».
Сөйтсе де, осы заңның ұғымдық аппаратында заң көмегі деп «Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 3-тармағында бекітілген әркімнің білікті заң көмегін алу құқығын іске асыруды қамтамасыз етуге, оның ішінде осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен арнайы заң білімі мен дағдыларын пайдалана отырып қамтамасыз етуге бағытталған қызмет» түсініледі (1-баптың 3) тармақшасы).
Конституциялық Кеңес адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнаманың құрамына заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің де енгізілуіне күмән келтірмейді, дей тұрғанмен, аталған заңнамалық ережелер іштей келісілген болуға және әртүрлі түсінуге жағдайлар жасамауы тиіс. Заңға тәуелді деңгейде белгіленетін заң көмегін көрсету ерекшеліктері заңда бекітілген негізгі қағидаттар мен нормалардың мәніне қол сұқпауға тиіс, ал мұндай құқықтық актілер осы салада қабылданған заңнамалық актілердің негізінде және (немесе) оларды орындау үшін және (немесе) одан әрі іске асыру үшін шығарылуға тиіс.
Конституциялық Кеңес өзінің бірқатар шешімдерінде заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және әкеп соқтыратын салдары болжаулы болуға, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалып, заң ережелерін өзінше пайымдау мүмкіндігін жоққа шығаратын түсінікті өлшемдерге негізделуге тиіс деп атап көрсеткен болатын (2008 жылғы 27 ақпандағы № 2, 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1, 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 5, 2015 жылғы 18 мамырдағы № 3, 2020 жылғы 21 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулылар және басқалар). Сондықтан Конституциялық Кеңес құқықтық анықтылықты қамтамасыз ету мақсатында жоғарыда аталған нормаларды ағымдағы заңшығармашылық қызметі аясында заңнамалық нақтылау қажет, деп санайды.
Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37, 38-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Парламенті 2021 жылғы 8 сәуірде қабылдап, Қазақстан Республикасы Президентінің қол қоюына 2021 жылғы 13 сәуірде ұсынған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.
2. Заң шығарушының назары Конституциялық Кеңестің осы нормативтік қаулысында мазмұндалған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, қосымша заңнамалық шаралар қабылдау қажеттігіне аударылсын.
3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы республикалық ресми баспасөз басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының
Конституциялық Кеңесі