Мемлекеттік кіріс органдары қарайтын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар бойынша, сондай-ақ салық салу саласындағы өзге де әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар бойынша айыппұл салу туралы қаулыны Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттік кіріс органдары орындайды.
2. Банк немесе банк операцияларының өзге түрлерін жүзеге асыратын ұйым айыппұл сомасын белгіленген тәртіппен бюджетке аударуға міндетті.
3. Заңды тұлғаның шоттарында ақша болмаған жағдайда, сот орындаушысы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес борышкерге тиесілі басқа мүліктен өндіріп алуды қолданады.
896-бап. Айыппұл салу туралы қаулыны мәжбүрлеп орындатуға жіберу тәртібі
1. Айыппұл салу туралы қаулы немесе айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама сот орындаушыларына айыппұл салу туралы қаулыны ерікті түрде орындау мерзімі өткеннен кейін он күн ішінде жіберіледі.
Айыппұл салу туралы қаулы немесе айыппұл төлеу қажеттiгi туралы нұсқама сот орындаушысына жіберілген кезде оған айыппұл сомасының мемлекет кірісіне түспегені туралы мәліметтер қоса беріледі.
2. Осы Кодекстің талаптары бұзыла отырып, мәжбүрлеп орындатуға жіберілген айыппұл салу туралы қаулы, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама әкімшілік жазаны қолданған мемлекеттік органға қайтарылуға жатады.
3. Айыппұл салу туралы қаулыны, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы әкімшілік жаза қолданған органға қайтару, олардың кемшіліктерін жоя отырып, мәжбүрлеп орындатуға қайта жіберу үшін кедергі болмайды.
897-бап. Әкімшілік жазалардың жекелеген түрлерін орындау тәртібі
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органы жіберген (тапсырған) мемлекеттік кіріс органына келу туралы алынған хабарлама және (немесе) хабардар ету негізінде құқық бұзушылықты жасау фактісін мойындаған және айыппұлды төлеумен келіскен адам хабарлама немесе хабардар ету алынған (тапсырылған) күннен кейінгі күннен бастап он тәулік ішінде айыппұлды төлейді.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттар олардың берілген күні, жаза қолданған лауазымды адамның лауазымы, тегі, аты-жөні туралы мәліметтерді, әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға, осы Кодекстің осы құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін бабы, әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалу уақыты мен орны, әкімшілік айыппұл сомасы, айыппұлды төлеу үшін деректемелер туралы мәліметтерді де қамтиды.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген талаптар орындалмаған жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
898-бап. Айыппұл салу туралы қаулыны орындау бойынша iс жүргiзудi аяқтау
Айыппұл толық өндіріп алынған айыппұл салу туралы қаулы орындалғаны туралы белгi соғылып, қаулы шығарған органға (лауазымды адамға) қайтарылады.
899-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған нәрсені, сол сияқты әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған мүлікті тәркілеу туралы қаулыны орындау
1. Судьяның әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралы не нысанасы болған нәрсені, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған мүлікті, оның ішінде кірістерді (дивидендтерді), ақша мен бағалы қағаздарды тәркілеу туралы қаулысын заңнамада көзделген тәртіппен - сот орындаушысы, ал қаруды, оқ-дәрiлерді, арнаулы жедел-iздестiру iс-шараларын жүргiзуге арналған арнаулы техникалық құралдар мен ақпаратты қорғаудың криптографиялық құралдарын және есірткі заттарын тәркілеу туралы қаулысын iшкi iстер органы орындайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралы не нысанасы болған тәркіленген нәрсені өткізу немесе одан әрі пайдалану Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргiзiледi.
900-бап. Арнайы құқықтан айыру туралы қаулыны орындайтын органдар
1. Тракторларды, өздiгiнен жүретiн машиналар мен техниканың басқа да түрлерiн қоспағанда, көлiк құралдарын басқару құқығынан айыру туралы судьяның қаулысын iшкi iстер органдарының лауазымды адамдары орындайды.
2. Тракторды, өздiгiнен жүретiн машинаны немесе техниканың басқа да түрлерiн басқару құқығынан айыру туралы судьяның қаулысын өздiгiнен жүретiн машиналар мен техниканың басқа да түрлерiнiң техникалық жай-күйiне мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары орындайды.
3. Кемелердi, оның iшiнде шағын көлемдi кемелердi басқару құқығынан айыру туралы судьяның қаулысын кемелердi, оның iшiнде шағын көлемдi кемелердi пайдалану қағидаларының сақталуына мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары орындайды.
4. Радиоэлектрондық және жоғары жиiлiктi құралдарды пайдалану құқығынан айыру туралы судьяның қаулысын байланысқа мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары орындайды.
5. Аң аулау құқығынан айыру туралы судьяның қаулысын аң аулау қағидаларының сақталуына мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары орындайды.
6. Қаруды алып жүру және сақтау құқығынан айыру туралы соттың қаулысын iшкi iстер органдарының лауазымды адамдары орындайды.
901-бап. Арнайы құқықтан айыру туралы қаулыны орындау тәртiбi
1. Көлiк құралдарын, кемелердi немесе техниканың өзге де түрлерiн басқару құқығынан айыру туралы қаулыны орындау, егер жүргiзушi, кеме жүргiзушiсi немесе тракторшы-машинист (тракторшы) көлiк құралдарының, кемелердiң (оның iшiнде шағын көлемдi кемелердiң) және басқа да техниканың барлық түрлерiн басқару құқығынан айырылған болса, тиiстi жүргiзушi куәлiгiн, кемелердi, оның iшiнде шағын көлемдi кемелердi басқару құқығына куәлiктi немесе тракторшы-машинист (тракторшы) куәлiгiн алып қою арқылы жүргiзiледi.
2. Егер жүргiзушi, кеме жүргiзушiсi немесе тракторшы-машинист (тракторшы) көлiк құралдарының, кемелердiң, оның iшiнде шағын көлемдi кемелердiң немесе өзге де техниканың барлық түрлерiн басқару құқығынан айырылмаған болса, онда жүргiзушi куәлiгiнде, шағын көлемдi кеменi басқару құқығына куәлiкте немесе тракторшы-машинист (тракторшы) куәлiгiнде олардың көлiк құралдарының, шағын көлемдi кемелердiң, өздiгiнен жүретiн құрылғылардың қандай түрлерiн басқару құқығынан айырылғаны туралы атап көрсетіледі.
3. Көлiк құралдарын немесе кемені басқару құқығына куәлiктi алып қою тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
4. Көлiк құралдарын, кеменi басқару құқығынан не тракторды немесе өзге де өздiгiнен жүретiн машинаны басқару құқығынан айырылған жүргiзушi (кеме жүргiзушiсi) немесе тракторшы-машинист (тракторшы) жүргiзушi куәлiгiн, кеме басқару құқығына куәлiктi немесе тракторшы-машинист (тракторшы) куәлiгiн тапсырудан жалтарған жағдайда, iшкi iстер органдары, кемелердi, оның iшiнде шағын көлемдi кемелердi пайдалану қағидаларының сақталуына мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдар, сондай-ақ өздiгiнен жүретiн машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің техникалық жай-күйiне мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдар белгiленген тәртiппен жүргiзушi куәлiгiн, кеме басқару құқығына куәлiктi немесе тракторшы-машинист (тракторшы) куәлiгiн алып қоюды жүргізеді.
5. Әкiмшiлiк жазаның осы түрi қолданылған адамға арнайы құқығынан айыру мерзiмi өткеннен кейiн алып қойылған құжаттары белгiленген тәртiппен қайтарылады.
902-бап. Аң аулау құқығынан айыру туралы қаулыны орындау тәртiбi
1. Аң аулау құқығынан айыру туралы қаулыны орындау аңшылық билеттi алып қою арқылы жүргізіледі.
2. Аң аулау құқығынан айырылған тұлға аңшылық билетiн тапсырудан жалтарған жағдайда, аңшылық билетті алып қоюды аң аулау қағидаларының сақталуына мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдар белгiленген тәртiппен жүргізеді.
903-бап. Радиоэлектрондық құралдарды немесе жоғары жиiлiктi құрылғыларды пайдалану құқығынан айыру туралы қаулыны орындау тәртiбi
1. Радиоэлектрондық құралдарды немесе жоғары жиiлiктi құрылғыларды пайдалану құқығынан айыру туралы қаулыны орындау радиоэлектрондық құралдарды немесе жоғары жиiлiктi құрылғыларды пайдалануға арнайы рұқсатты алып қою арқылы жүргiзiледi.
2. Радиоэлектрондық құралдарды немесе жоғары жиiлiктi құрылғыларды пайдалану құқығынан айырылған тұлға радиоэлектрондық құралдарды немесе жоғары жиiлiктi құрылғыларды пайдалануға арнайы рұқсатты тапсырудан жалтарған жағдайда, тиiстi уәкiлеттi мемлекеттiк орган радиоэлектрондық құралдарды немесе жоғары жиiлiктi құрылғыларды пайдалануға арнайы рұқсатты алып қоюды белгiленген тәртiппен жүргізеді.
3. Радиоэлектрондық құралдарды немесе жоғары жиiлiктi құрылғыларды пайдалануға арнайы рұқсатты алып қою тәртiбiн ақпараттандыру және байланыс саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
904-бап. Қаруды алып жүру және сақтау құқығынан айыру туралы қаулыны орындау тәртiбi
Қаруды алып жүру және сақтау құқығынан айыру туралы қаулыны орындау iшкi iстер органдарының тиiстi куәлiкті және қаруды заңнамада көзделген тәртiппен алып қоюы арқылы жүргізіледі.
905-бап. Рұқсаттан айыру не оның қолданылуын тоқтата тұру туралы қаулыны орындау
Жеке тұлғаны, дара кәсiпкердi немесе заңды тұлғаны рұқсаттан айыру не оның қолданылуын тоқтата тұру туралы қаулы осы Кодексте және рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңнамада белгiленген тәртiппен орындалады.
906-бап. Рұқсаттан айыру не оның қолданылуын тоқтата тұру туралы қаулыны орындайтын органдар
Жеке тұлғаны, дара кәсiпкердi немесе заңды тұлғаны рұқсаттан айыру не оның қолданылуын тоқтата тұру туралы қаулыны рұқсат берген органдардың лауазымды адамдары орындайды.
907-бап. Рұқсаттан айыру не оның қолданылуын тоқтата тұру туралы қаулыны орындау тәртiбi
1. Жеке тұлғаны, дара кәсiпкердi немесе заңды тұлғаны рұқсаттан айыру туралы қаулыны орындау рұқсатты алып қою және (немесе) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен рұқсатты алып тастау арқылы жүргізіледі.
2. Жеке тұлға, дара кәсiпкер немесе заңды тұлға рұқсатты тапсырудан жалтарған жағдайда, рұқсат берген орган - рұқсатты алып қою және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен рұқсатты алып тастау үшін заңнамада көзделген шараларды қолданады.
908-бап. Рұқсаттан айыру не оның қолданылуын тоқтата тұру мерзiмдерiн есептеу
1. Рұқсаттан айыру не оның қолданылуын тоқтата тұру мерзімі рұқсаттан айыру (қолданылуын тоқтата тұру) туралы қаулы заңды күшiне енген күннен бастап есептеледi.
2. Белгiлi бiр қызмет түрiне рұқсаттан айыру мерзiмi өткеннен кейiн әкiмшiлiк жазаның осы шарасы қолданылған тұлға лицензияны заңнамада белгiленген тәртiппен алады.
Рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұру мерзiмi өткеннен кейiн әкiмшiлiк жазаның осы шарасы қолданылған тұлғаға алынып қойылған рұқсат белгiленген тәртiппен қайтарылады.
3. Рұқсаттың қолданылуы әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулыда көрсетілген күннен бастап және сонда көрсетiлген мерзiмге тоқтатыла тұрады.
909-бап. Қызметтi тоқтата тұру не оған тыйым салу туралы қаулыны орындау
1. Заңды тұлғаның немесе дара кәсiпкердiң қызметiн тоқтата тұру не оған тыйым салу түрiнде әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулыны судья шығарады және шешiм заңды күшiне енгеннен кейін заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе дара кәсiпкер дереу орындауға тиiс.
2. Өміріне және денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, алименттерді өндіріп алу бойынша, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін тұлғалардың еңбегіне ақы мен өтемақы төлеу, әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша, айыппұлдарды төлеу бойынша төлемдерді қоспағанда, заңды тұлғаның және дара кәсiпкердiң қызметi тоқтатыла тұрған кезеңде олардың банк шоттарындағы ақшаларын пайдалану құқығы тоқтатыла тұрады. Қоғамдық бiрлестiктiң қызметi тоқтатыла тұрған кезеңде оған бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға, үгiт және насихат жүргiзуге, митингiлер, демонстрациялар және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткiзуге, сайлауға қатысуға тыйым салынады. Егер қызметiн тоқтата тұрудың белгiленген мерзiмі iшiнде қоғамдық бiрлестiк бұзушылықты жойса, онда қаулыда көрсетілген мерзiм өткеннен кейiн қоғамдық бiрлестiк өз қызметiн қайта бастайды.
3. Заңды тұлға құрылтайшысы (басқарушы орган, лауазымды адам) немесе дара кәсiпкер олардың қызметiн тоқтата тұру не оған тыйым салу түрiндегi судья қолданған әкiмшiлiк жазаны өз еркiмен орындамаған жағдайда, қаулыны уәкiлеттi орган атқарушылық iс жүргiзу тәртiбiмен орындайды.
910-бап. Қызметті тоқтата тұру не оған тыйым салу туралы қаулыны орындау тәртiбi
1. Уәкiлеттi лауазымды адам ұйымдардың, жекелеген өндiрiстердiң жұмысын iшiнара немесе толық тоқтата тұрады, ғимараттарды, құрылыстарды, жекелеген үй-жайларды, қоймаларды, электр желiлерiн, жылыту аспаптарын пайдалануға тыйым салады.
2. Заңды тұлғаларды тiркеудi жүзеге асыратын орган заңды тұлғаның қызметiне тыйым салу (тарату) туралы шешiмдi ала отырып, заңнамада көзделген қызметке тыйым салу (тарату) тәртiбiнiң сақталуын тексередi және он тәулік iшiнде заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылғанын тiркейді, бұл жөнінде мемлекеттiк статистика саласындағы уәкілетті органға хабарланады.
911-бап. Құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы қаулыны орындау
1. Заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы соттың қаулысын өзiне қатысты осы әкiмшiлiк жаза шығарылған тұлға орындайды.
2. Заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу түрiнде сот қолданған әкiмшiлiк жаза өз еркiмен орындалмаған жағдайда, қаулыны уәкiлеттi орган атқарушылық iс жүргiзу тәртiбiмен орындайды.
912-бап. Құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы қаулыны орындау бойынша шығыстар
Заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзып тастау құқық бұзушының есебiнен жүзеге асырылады.
913-бап. Әкiмшiлiк қамаққа алу туралы қаулыны орындау
1. Судьяның қамаққа алу туралы қаулысын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен iшкi iстер органдары және әскери полиция органдары орындайды.
2. Әкiмшiлiк қамаққа алынған тұлғалар iшкi iстер органдары айқындайтын орындарда күзетпен ұсталады. Әкiмшiлiк қамаққа алу туралы қаулыны орындау кезiнде қамаққа алынғандардың жеке басы жете тексеріледі.
Әскери қызметшiлер әкiмшiлiк қамаққа алуды гауптвахталарда өтейдi.
3. Әкiмшiлiк қамаққа алу жазасын өтеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген қағидалар бойынша жүргізіледі.
914-бап. Әкiмшiлiк қамаққа алу жазасын өтеуден жалтару салдары
Егер әкiмшiлiк қамаққа алынған тұлға әкiмшiлiк қамаққа алу мерзiмi өткенге дейiн оны өтейтiн орынды өз бетiмен тастап кетсе, өтеген мерзімі судьяның қаулысымен әкімшілік қамаққа алу мерзiмiне толық немесе iшiнара есептелмеуi мүмкiн. Бұл ретте судья әкiмшiлiк қамаққа алуды өтеу мерзiмiнiң басталуын жаңадан белгiлейдi.
915-бап. Мүлiктiк залалды өтеу бөлiгiнде қаулыны орындау
Осы Кодекстiң 59-бабына сәйкес өндiрiп алуға жататын мүлiктiк залалды өтеу бөлiгiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы заңнамада белгiленген тәртiппен орындалады.
916-бап. Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасынан әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны орындау
1. Шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасынан әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны орындау Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлетiн адамға бақылау жасала отырып, өздігінен кетуi арқылы жүргiзiледi.
Шығарып жіберу бойынша шығыстарды шығарып жіберілетін заңсыз көшіп келушілер, көшіп келушіні Қазақстан Республикасына шақырған жеке немесе заңды тұлғалар көтереді. Аталған адамдардың шығарып жіберу бойынша шығыстарды жабуға қаражаты болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда, тиісті іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес, осы адамдарды жеткізген көлік ұйымы келу құқығынсыз келген адамдарды Қазақстан Республикасының аумағынан әкету үшін жауапты болып табылады.
2. Шығарып жіберу туралы сот шешімін орындамаған және шешімде көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының аумағынан кетпеген адам сот шешімі бойынша мәжбүрлеу тәртібімен шығарып жіберілуге жатады.
3. Егер шығарып жiберiлетiн адамды шет мемлекеттің өкiлiне беру Қазақстан Республикасының аталған мемлекетпен шартында көзделмесе, шығарып жiберу Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі айқындайтын орында жүзеге асырылады.
4. Егер шығарып жiберу Қазақстан Республикасының аталған мемлекетпен шартында көзделсе, шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пунктінен шығарып жiберу туралы аумағына (аумағы арқылы) аталған адам шығарып жiберiлетiн шет мемлекеттiң билігi хабардар етiледi.
5. Әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны орындау екiжақты немесе бiржақты акт түрiнде ресiмделедi.
917-бап. Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасынан әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны орындауды жүзеге асыратын органдар
Шетелдiктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасынан әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны:
1) осы Кодекстiң 513 (екiншi бөлiгi), 514 (екінші бөлігі), 516 (екінші бөлігі), 517 (екінші, төртінші, алтыншы, жетінші бөліктері)-баптарында көзделген құқық бұзушылықтар жасалған кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметi;
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) осы Кодекстiң 109, 449 (үшінші бөлігі), 490 (үшінші, жетінші бөліктері), 495 (екінші бөлігі), 517 (екінші, төртінші, бесінші бөліктері)-баптарында көзделген құқық бұзушылықтар жасалған кезде iшкi iстер органдары орындайды.
918-бап. Жол жүрiсi қағидаларын бiлудi тексеру туралы қаулыны орындау
Жол жүрiсi қағидаларын бiлудi тексеру туралы қаулыны заңнамада белгiленген тәртiппен ішкi iстер органдары орындайды.
53-тарау. Қорытынды ережелер
919-бап. Осы Кодексті қолдану тәртібі
Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген сот, органдар (лауазымды адамдар) шығарған және орындалмаған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулылар, заң әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жеңілдететін немесе күшін жоятын не әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаның жағдайын өзгеше жолмен жақсартатын жағдайда әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңның кері күшін белгілейтін осы Кодекстің 5-бабына оларды сәйкес келтіру мақсатында қайта қаралуға жатады. Бұрын шығарылған қаулыларды қайта қарауды өзіне қатысты қаулы шығарылған тұлғаның арызы бойынша қаулы шығарған сот судьясы, органның лауазымды адамы жүргізеді.
920-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап:
2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 5-6, 24-құжат; № 17-18, 241-құжат; № 21-22, 281-құжат; 2002 ж., № 4, 33-құжат; № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 1-2, 3-құжат; № 4, 25-құжат; № 5, 30-құжат; № 11, 56, 64, 68-құжаттар; № 14, 109-құжат; № 15, 122, 139-құжаттар; № 18, 142-құжат; № 21-22, 160-құжат; № 23, 171-құжат; 2004 ж., № 6, 42-құжат; № 10, 55-құжат; № 15, 86-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 139, 140-құжаттар; № 24, 153-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 7-8, 19-құжат; № 9, 26-құжат; № 13, 53-құжат; № 14, 58-құжат; № 17-18, 72-құжат; № 21-22, 86, 87-құжаттар; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 19, 20-құжаттар; № 3, 22-құжат; № 5-6, 31-құжат; № 8, 45-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; № 12, 72, 77-құжаттар; № 13, 85, 86-құжаттар; № 15, 92, 95-құжаттар; № 16, 98, 102-құжаттар; № 23, 141-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 16, 18-құжаттар; № 3, 20, 23-құжаттар; № 4, 28, 33-құжаттар; № 5-6, 40-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 12, 88-құжат; № 13, 99-құжат; № 15, 106-құжат; № 16, 131-құжат; № 17, 136, 139, 140-құжаттар; № 18, 143, 144-құжаттар; № 19, 146, 147-құжаттар; № 20, 152-құжат; № 24, 180-құжат; 2008 ж., № 6-7, 27-құжат; № 12, 48, 51-құжаттар; № 13-14, 54, 57, 58-құжаттар; № 15-16, 62-құжат; № 20, 88-құжат; № 21, 97-құжат; № 23, 114-құжат; № 24, 126, 128, 129-құжаттар; 2009 ж., № 2-3, 7, 21-құжаттар; № 9-10, 47, 48-құжаттар; № 13-14, 62, 63-құжаттар; № 15-16, 70, 72, 73, 74, 75, 76-құжаттар; № 17, 79, 80, 82-құжаттар; № 18, 84, 86-құжаттар; № 19, 88-құжат; № 23, 97, 115, 117-құжаттар; № 24, 121, 122, 125, 129, 130, 133, 134-құжаттар; 2010 ж., № 1-2, 1, 4, 5-құжаттар; № 5, 23-құжат; № 7, 28, 32-құжаттар; № 8, 41-құжат; № 9, 44-құжат; № 11, 58-құжат; № 13, 67-құжат; № 15, 71-құжат; № 17-18, 112, 114-құжаттар; № 20-21, 119-құжат; № 22, 128, 130-құжаттар; № 24, 146, 149-құжаттар; 2011 ж., № 1, 2, 3, 7, 9-құжаттар; № 2, 19, 25, 26, 28-құжаттар; № 3, 32-құжат; № 6, 50-құжат; № 8, 64-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 13, 115, 116-құжаттар; № 14, 117-құжат; № 16, 128, 129-құжаттар; № 17, 136-құжат; № 19, 145-құжат; № 21, 161-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 9, 11, 13, 14, 16-құжаттар; № 3, 21, 22, 25, 26, 27-құжаттар; № 4, 32-құжат; № 5, 35, 36-құжаттар; № 8, 64-құжат; № 10, 77-құжат; № 12, 84, 85-құжаттар; № 13, 91-құжат; № 14, 92, 93, 94-құжаттар; № 15, 97-құжат; № 20, 121-құжат; № 23-24, 125-құжат; 2013 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 2, 10, 11, 13-құжаттар; № 4, 21-құжат; № 7, 36-құжат; № 8, 50-құжат; № 9, 51-құжат; № 10-11, 54, 56-құжаттар; № 13, 62, 63, 64-құжаттар; № 14, 72, 74, 75-құжаттар; № 15, 77, 78, 79, 81, 82-құжаттар; № 16, 83-құжат; № 23-24, 116-құжат; 2014 ж., № 1, 6, 9-құжаттар; № 2, 10, 11-құжаттар; № 3, 21-құжат; № 4-5, 24-құжат; № 7, 37-құжат; № 8, 44, 46, 49-құжаттар; 2014 жылғы 14 маусымда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Осы Кодекс, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 281-баптың бесiншi бөлiгiнiң 8) тармақшасын және 282-баптың үшінші бөлігінің 6) тармақшасын қоспағанда, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2014 жылғы шілденің 5-і.
№ 235-V