2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жұмыскерге кәсiптік еңбекке қабiлеттiлiгiнен айырылудың бестен жиырма тоғызға дейінгі пайызды қоса алғандағы дәрежесiн белгілеумен байланысты зиян келтірілген кезде, жұмыс беруші жұмыскерге жоғалтылған табысын және денсаулығының зақымдануынан туындаған шығыстарды өтеуге міндетті.
Еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеу кезеңінде денсаулықтың зақымдануынан туындаған, жұмыс беруші өтейтін шығыстардың мөлшері төлем төленетін кезде республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген екі жүз елу айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
Денсаулықтың зақымдануынан туындаған шығыстарды өтеу бойынша төлем осы шығыстарды шеккен жұмыскер не тұлға ұсынған, осы шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ұсынылатын медициналық көмекке жұмсалатын шығыстар өтелуге жатпайды.
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 123-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
123-бап. Жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тарапқа нұқсан келтіргені үшін жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің материалдық жауаптылығы
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тарапқа нұқсан келтіргені үшін жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің материалдық жауаптылығы осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде және жұмыс берушінің актілерінде немесе қабылдаушы тараптың актілерінде көзделген жағдайларда басталады.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер нұқсан, салдарынан міндеттерді тиісінше орындау мүмкін болмаған еңсерілмейтін күш не аса қажеттілік, қажетті қорғаныс, сондай-ақ жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне берілген мүліктің сақталуы үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі міндетті орындамауы мән-жайларына байланысты туындаса, жұмыскердің, жіберуші тарап жұмыскерінің жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тарапқа келтірілген нұқсан үшін жауаптылығы жойылады.
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Жұмыскер, жіберуші тараптың жұмыскері жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тарапқа келтірілген тікелей іс жүзіндегі нұқсанды өтеуге міндетті.
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Тікелей нақты нұқсан деп жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың қолда бар мүлкінің шынайы азаюы немесе көрсетілген мүліктің (оның ішінде, егер жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап осы мүліктің сақталуы үшін жауаптылықта болса, үшінші тұлғалардың жұмыс берушідегі немесе қабылдаушы тараптағы мүлкінің) жай-күйінің нашарлауы, сондай-ақ жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап үшін мүлікті сатып алуға немесе қалпына келтіруге шығын шығару не артық төлем жүргізу қажеттілігі түсініледі.
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне қалыпты өндірістік-шаруашылық тәуекел санатына жатқызылуы мүмкін нұқсан үшін жауаптылық жүктеуге жол берілмейді.
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2021.01.07. № 61-VII ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап жұмыскерлерге, жіберуші тараптың жұмыскерлеріне сеніп тапсырылған мүліктің толық сақталуын қамтамасыз ету үшін оларға қажетті жағдайлар жасауға міндетті.
Осы тармақтың ережесі, қашықтан аралас жұмыс істеуді қоспағанда, қашықтан жұмыс істеуге қолданылмайды.
7. Жұмыскерлерге берілген мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпегені үшін толық жеке немесе ұжымдық (ортақ) материалдық жауаптылық туралы шарт жасалуы мүмкін жұмыскерлер атқаратын немесе орындайтын лауазымдар мен жұмыстардың тізбесі, сондай-ақ толық материалдық жауаптылық туралы үлгілік шарт жұмыс берушінің актісімен бекітіледі.
8. Мынадай:
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне толық материалдық жауаптылықты өзіне алу туралы жазбаша шарт негізінде берілген мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуы қамтамасыз етілмеген;
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) жұмыскер, жіберуші тараптың жұмыскері біржолғы құжат бойынша есебіне алған мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуы қамтамасыз етілмеген;
3) алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаңдық (оларға ұқсас) жағдайда нұқсан келтірілген;
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) материалдар, жартылай фабрикаттар, бұйымдар (өнімдер), оның ішінде оларды әзірлеу кезінде, сондай-ақ жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне пайдалануға берген құрал-саймандар, өлшеуіш аспаптар, арнайы киімдер мен басқа заттар кем шыққан, қасақана жойылған немесе қасақана бүлдірілген;
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) жұмыс беруші немесе қабылдаушы тарап үшін нұқсан келтіруге әкеп соққан, бейбәсекелестік туралы талап бұзылған жағдайда;
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) еңбек, ұжымдық шарттарда немесе қабылдаушы тараптың актілерінде ескерілген өзге де жағдайларда жұмыс берушіге немесе қабылдаушы тарапқа келтірілген нұқсанның толық мөлшеріндегі материалдық жауаптылық жұмыскерге, жіберуші тараптың жұмыскеріне жүктеледі.
11-тарау. КЕПІЛДІКТЕР МЕН ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕМДЕРІ
124-бап. Жұмыскерлер мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындаған кезде берілетін кепілдіктер
1. Жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жұмыскерлер мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындауға тартылған уақытта оларды жұмыс орнын (лауазымын) сақтай отырып, еңбек міндеттерін орындаудан босатады.
2. Жұмыскерге мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді орындағаны үшін жалақы көрсетілген міндеттерді орындайтын жері бойынша, бірақ жұмыс орнындағы орташа жалақысынан төмен болмай төленеді.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мерзімді әскери қызметке немесе әскери жиындарға шақырылуға жататын жұмыскерлердің медициналық комиссиядан өту кезеңінде жергілікті әскери басқару органдарына шақырту туралы шақыру қағазы болған кезде - жұмыс орны (лауазымы), жұмыс орны бойынша жалақысы сақталады, ал мерзімді әскери қызметті өткеру немесе әскери жиындар кезеңінде жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
Мерзімді әскери қызметті өткеру немесе әскери жиындар кезеңінде жұмыс орны (лауазымы) сақталған жұмыскер әскери қызметтен шығарылуға немесе әскери жиындардың аяқталуына байланысты әскери бөлімнің тізімдерінен алып тасталған күннен бастап бір айдан кешіктірмей өзінің еңбек міндеттеріне кірісуге міндетті.
125-бап. Медициналық қарап-тексеруге жіберілетін жұмыскерлер үшін кепілдіктер
Осы Кодекске не ұжымдық шартқа сәйкес жұмыс берушінің қаражаты есебінен мерзімдік медициналық қарап-тексеруден өтуге міндетті жұмыскерлердің олардан өткен уақытта жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады.
126-бап. Донор болып табылатын жұмыскерлер үшін кепілдіктер
Донор болып табылатын жұмыскердің тексерілу және қан мен оның компоненттерін донациялау уақытында жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады, сондай-ақ оларға Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес өзге де кепілдіктер беріледі.
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 126-1-баппен толықтырылды
126-1-бап. Жүктілігінің мерзімі он екі аптаға дейінгі әйелдерге арналған кепілдіктер
Жүкті әйелдердің қарап-тексеру және он екі аптаға дейін жүктілік бойынша медициналық есепке қою уақытына жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес өзге де кепілдіктер беріледі.
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 126-2-баппен толықтырылды
126-2-бап. Трансплантаттау үшін ағзалардың (ағзалар бөліктерінің) және (немесе) тіндердің (тін бөліктерінің) донорлары болып табылатын жұмыскерлерге арналған кепілдіктер
Трансплантаттау үшін ағзалардың (ағзалар бөліктерінің) және (немесе) тіндердің (тін бөліктерінің) донорлары болып табылатын жұмыскердің қарап-тексеру және ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөліктерін) алу уақытына жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес өзге де кепілдіктер беріледі.
127-бап. Іссапарларға жіберілетін жұмыскерлер үшін кепілдіктер мен өтемақы төлемдері
1. Іссапар уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) мен іссапар күндеріне келетін жұмыс күндері үшін жалақысы сақталады.
2. Іссапарларға жіберілетін жұмыскерлерге:
1) іссапарда болған күнтізбелік күндері үшін, оның ішінде жолдағы уақыты үшін тәуліктік төлемдер;
2) баратын жеріне дейінгі және кері қайтқандағы жол жүру шығыстары;
3) тұрғын үй-жайды жалға алу шығыстары төленеді.
2021.01.07. № 61-VII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Жұмыскерлерді іссапарларға жіберудің шарттары мен мерзімдері еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
Қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыскерді іссапарға жіберу, егер еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде өзгеше көзделмесе, еңбек міндеттерін нақты орындаған жерден жүзеге асырылады.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Егер медициналық көрсетілімдер бойынша он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің, жүкті әйелдердің, сондай-ақ мүгедектігі бар жұмыскерлердің мұндай жұмысына тыйым салынбаған болса, оларды іссапарға жіберуге жол беріледі. Бұл ретте аталған жұмыскерлер іссапарға барудан бас тартуға құқылы.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Үш жасқа дейінгі балалары бар жұмыскерлер, егер медициналық қорытынды негізінде мүгедектігі бар балалар не отбасының науқас мүшелері тұрақты күтімнің жүзеге асырылуына мұқтаж болса, отбасының науқас мүшелеріне күтімді жүзеге асыратын не мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған жұмыскерлер іссапарға барудан бас тартуға құқылы.
2017.30.11. № 112-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу тәртібін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді.
2016.06.04. № 483-V ҚР Заңымен 127-1-баппен толықтырылды
127-1-бап. Экологиялық апат пен радиациялық қатер аймақтарында еңбек қызметін жүзеге асыратын жұмыскерлер үшін кепілдіктер
Экологиялық апат пен радиациялық қатер аймақтарында еңбек қызметін жүзеге асыратын жұмыскерлер үшін кепілдіктер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2016.06.04. № 483-V ҚР Заңымен 127-2-баппен толықтырылды
127-2-бап. Бітімгершілік операцияға қатысқан жұмыскерлер, қызметкерлер үшін кепілдіктер
Бітімгершілік операцияға қатысқан жұмыскерлер, қызметкерлер үшін кепілдіктер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2023.21.12. № 49-VIII ҚР Заңымен 127-3-баппен толықтырылды (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
127-3-бап. Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлер үшін кепілдіктер
1. Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге елу бес жасқа толған және олар үшін жиынтығында кемінде сексен төрт ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген кезде олар еңбек жағдайлары зиянды жұмыстардағы еңбек қызметін тоқтатқан немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысқан жағдайда жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем жүзеге асырылады.
2. Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем алу құқығы жүгінген күннен бастап туындайды.
Жұмыскердің еңбек жағдайлары зиянды жұмыстардағы еңбек қызметін тоқтатуы немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысуы туралы өтініші тіркелген немесе «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді жүзеге асыруға оның келісімі алынған күн жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді жүзеге асыруға жүгінген күн болып есептеледі.
3. Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем осындай төлемді алушы Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 207-бабында белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жүзеге асырылады.
4. Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемнің мөлшері ай сайын республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын құрайды.
Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының өзгеруі ескеріле отырып жүзеге асырылады.
5. Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді ұйымдастыру және жүзеге асыру «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүргізіледі. Алушы қайтыс болған жағдайда жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем - қайтыс болған айды қоса алғанда, ал жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді алушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұрғылықты тұруға кеткен жағдайда кеткен айды қоса алғанда жүзеге асырылады.
Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді ұйымдастырғаны және жүзеге асырғаны үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның қаражаты есебінен жүргізіледі.
6. Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
128-бап. Жұмыскерді жұмыс берушімен бірге басқа жерге ауыстыру кезіндегі өтемақы төлемдері
1. Жұмыскер жұмыс берушімен бірге басқа жерге жұмысқа ауыстырылған кезде жұмыс беруші жұмыскерге:
1) жұмыскер мен оның отбасы мүшелерінің көшуіне;
2) жұмыскер мен оның отбасы мүшелерінің мүлкін тасымалдауға байланысты шығыстарды өтеуге міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген өтемақы төлемдерінің тәртібі мен мөлшері еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
129-бап. Жұмыскердің жеке мүлкін жұмыс берушінің мүддесіне пайдалануына байланысты өтемақы төлемдері
Жұмыскер жеке мүлкін жұмыс берушінің мүддесіне және оның келісімімен пайдаланған кезде жұмыс беруші құрал-саймандарды, жеке көлікті, басқа да техникалық құралдарды пайдаланғаны, тоздырғаны (амортизациясы) үшін және оларды пайдалану шығыстарына тараптардың келісімі бойынша өтемақы төлемін жүргізеді.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 130-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
130-бап. Жұмысы жолда өтетін немесе жүріп-тұру сипаты бар не қызмет көрсету учаскелері, елді мекендер шегіндегі қызметтік сапарлармен байланысты болатын жағдайларда жұмыскерлерге берілетін өтемақы төлемдері
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жұмысы жолда өтетін немесе жүріп-тұру сипаты бар не қызмет көрсету учаскелері, елді мекендер шегіндегі қызметтік сапарлармен байланысты болатын кезде жұмыскерлерге тұрақты тұрғылықты жерінен тыс жерде болған әрбір күні үшін келісімде, ұжымдық, еңбек шарттарында және (немесе) жұмыс берушінің актісінде белгіленген тәртіппен өтемақы төлемдері жүргізіледі.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Тұрақты жұмысы жолда өтетін немесе жүріп-тұру сипаты бар не қызмет көрсету учаскелері, елді мекендер шегіндегі қызметтік сапарлармен байланысты жұмыскерлерге теміржол, өзен, теңіз, автомобиль көлігі, азаматтық авиация, автомобиль жолдары, газ тарату жүйелері (оның ішінде елді мекендер шегіндегі сапарлар кезінде), магистральдық құбыржолдар, магистральдық байланыс желілері және олардағы құрылысжайлар, радиорелелік желілер және олардағы құрылысжайлар, электр берудің әуе желілері және олардағы құрылысжайлар, байланыс объектілері жұмыскерлері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының учаскелеріне қызмет көрсететін жұмыскерлер жатады.
3. Жұмыскерлер айдың барлық жұмыс күндерінде емес, белгілі бір күндерінде сапарда болған жағдайда, төлем жұмыс (жұмыс өндірісі) орнына баруға және кері қайтуға жол жүрген нақты күндер санына пропорционалды түрде жүргізіледі.
131-бап. Жұмысынан айырылуына байланысты берілетін өтемақы төлемдері
1. Жұмыс беруші мынадай жағдайларда:
1) жұмыс беруші заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші жеке тұлға қызметін тоқтатқан жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде;
2) жұмыскерлердің саны немесе штаты қысқартылған жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде;
3) жұмыс беруші еңбек шартының талаптарын орындамаған жағдайда жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемдерін жүргізеді.
2. Жұмыс беруші жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкеп соққан өндіріс, орындалатын жұмыстар және көрсетілетін қызметтер көлемі азайған жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде екі айдағы орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемдерін жүргізеді.
3. Еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемінің неғұрлым жоғары мөлшері көзделуі мүмкін.
132-бап. Далалық жабдықталым ақшасын төлеудің тәртібі мен шарттары
1. Геологиялық барлау, топографиялық-геодезиялық, іздестіру ұйымдарының жұмыскерлеріне:
1) тұрғылықты тұратын жеріне күнделікті қайтып келмей тұрақты тұрғылықты жерінен тысқары жерде;
2) тұрғылықты тұратын жері болып табылмайтын далалық ұйым орналасқан жерге күнде қайтып келгенімен, тұрғылықты тұратын жерінен тысқары жерде;
3) еңбекті вахталық әдіспен ұйымдастыру жолымен тұрғылықты тұратын жерінен тысқары жерде далалық жағдайларда жұмыстар орындаған кезде далалық жабдықталым ақшасы төленеді.
2. Далалық жабдықталым ақшасын төлеу тәртібі, шарттары мен мөлшері, далалық жағдайдағы жұмыс уақытын есепке алу тәртібі келісімдерде, ұжымдық, еңбек шарттарында белгіленеді және жұмыс берушінің актісімен бекітіледі.
133-бап. Жұмыскерлерге жұмыс берушінің қаражаты есебінен еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеу
1. Жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жұмыскерлерге еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті.
2018.02.07. № 165-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
2. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілген еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парақтар еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеу үшін негіз болып табылады.
3. Еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылар жұмыскерлерге еңбекке қабілетсіздіктің бірінші күнінен бастап жұмысқа қабілеттілігі қалпына келген күнге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төленеді.
4. Еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша жәрдемақы:
1) заңды күшіне енген сот үкімімен кінәлі екендігі анықталған жағдайда, өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде алған өндірістік жарақаттарының салдарынан еңбекке уақытша қабілетсіздігі туындаған жұмыскерге;
2) соттың ұйғарымы бойынша жұмыскерді мәжбүрлеп емдеген (психикалық науқастардан басқа) уақыт үшін;
3) заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен жұмыскердің кінәлі екені анықталған жағдайда, ол қамауда болған уақыт үшін және сот-медициналық сараптама жасалған уақыт үшін;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) жұмыскер алкогольді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды тұтынуы салдарынан туындаған аурулардан немесе өндірістік жарақаттардан еңбекке уақытша жарамсыз болған кезде;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысымен сәйкес келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) жалақы сақталмайтын демалысқа тура келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысқа тура келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін төленбейді.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
4-1. Ұлы Отан соғысының жұмыс істейтін ардагерлерін, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерді және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерін қоспағанда, жұмыскерлердің еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшері оның орташа күндік жалақысын еңбекке уақытша қабілетсіздік кезеңіне келетін жұмыс күндерінің санына көбейту арқылы айқындалады.
Жұмыскердің орташа күндік жалақысының мөлшері осы Кодекстің 114-бабының 3-тармағына сәйкес есептелген оның орташа жалақысы есебінен айқындалады.
Егер еңбекке уақытша қабілетсіздік алдыңғы жылы басталып, ағымдағы жылы аяқталса, онда еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшері және оның мөлшерін айлық шектеу алдыңғы және ағымдағы жылдардағы айлық есептік көрсеткішті қолдана отырып айқындалады және алынған сомалар бөлек жинақталады.
Жұмыста мертігуіне немесе кәсіптік ауруға шалдығуына байланысты жұмыскерлерге, Ұлы Отан соғысының жұмыс істейтін ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, сондай-ақ шетелде болу кезеңінде шетелдік валютада жәрдемақы алатын дипломатиялық қызмет персоналына төленетін жәрдемақы мөлшерін қоспағанда, еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша бір айға төленетін әлеуметтік жәрдемақының мөлшері тиісті жыл үшін айлық есептік көрсеткіштің жиырма бес еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Ұлы Отан соғысының жұмыс істейтін ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшері жалақының жүз пайызын құрайды.
Жұмыскердің жұмыста мертігуіне немесе кәсіптік ауруға шалдығуына байланысты төленетін еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшері орташа жалақының жүз пайызын құрайды.
Дипломатиялық қызмет персоналына шетелде болу кезеңінде шетелдік валютада төленетін еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшері орташа жалақының жүз пайызын құрайды.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау және төлеу тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.