Барлық адамдардың өздерінің кәсiптік немесе өзге де арнаулы даярлығына және қызмет бабына қарамастан, олардың тең дәрежеде қажеттi қорғануға құқығы бар. Қоғамға қауiптi қолсұғушылықтан құтылу не басқа адамдардың немесе мемлекеттiк органдардың көмегiне жүгiну мүмкiндiгiне қарамастан, бұл құқық адамға тиесiлi болып табылады.
2. Қажеттi қорғаныс жағдайында, яғни қорғанушының немесе өзге де адамдардың жеке басын, тұрғынжайын, меншiгiн, жер учаскесiн және басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн қолсұғушыға зиян келтiру арқылы қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан қорғау кезiнде қолсұғушы адамға зиян келтiру, егер бұл ретте қажеттi қорғаныс шегінен шығуға жол берілмеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
3. Нәтижесiнде қолсұғушыға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтiрiлетiн, қолсұғушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне қорғанудың анық сай келмеуi қажеттi қорғаныс шегiнен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығу қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Адамның өміріне қол сұғушы адамға не қорғанушының немесе басқа адамдардың өміріне қауіпті қарулы шабуылмен немесе зорлық-зомбылықпен не осындай зорлық-зомбылықтың тікелей қатерімен, не тұрғын үйге, үй-жайға басып кірумен ұштасқан өзге де қолсұғушылыққа тойтарыс беру кезінде адамға зиян келтіру, сондай-ақ егер қорғанушы қолсұғушылықтың кенеттен болуы салдарынан шабуыл қаупінің дәрежесі мен сипатын объективті бағалай алмаса, қажетті қорғаныс шегінен шығу болып табылмайды.
33-бап. Қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу кезiнде зиян келтiру
1. Қылмыстық жазаланатын іс-әрекет жасаған адамды мемлекеттiк органдарға жеткiзу және оның жаңа қолсұғушылық жасау мүмкiндiгiн тыю үшiн ұстап алу кезiнде оған зиян келтiру, егер мұндай адамды өзге амалдармен ұстау мүмкiн болмаса және бұл ретте осы үшiн қажеттi шаралар шегінен шығуға жол берiлмеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Адамға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін қажетсіз зиян келтiрілген кезде, ұсталатын адам жасаған құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне және ұстап алудың мән-жайларына олардың анық сай келмеуі, қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу үшін қажетті шаралар шегінен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығу қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алуға бұған арнайы уәкiлеттiк берілген адамдармен бірге жәбiрленушiлер мен басқа азаматтардың да құқығы болады.
34-бап. Аса қажеттiлiк
1. Осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге аса қажеттілік жағдайында, яғни осы адамның немесе өзге де адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделерiне, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне тiкелей қатер төндiретiн қауiптi жою үшiн зиян келтiру, егер бұл қауiптi өзге амалдармен жою мүмкiн болмаса және бұл ретте аса қажеттiлiк шегiнен шығуға жол берiлмесе, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Төнген қауіптің сипаты мен дәрежесіне және қауіп жойылған жағдайға анық сәйкес келмейтін зиян келтіру, құқық қорғау мүдделеріне болдырмай тасталған зиянға тең немесе оған қарағанда неғұрлым елеулі зиян келтірілген жағдайда, аса қажеттілік шегінен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығу тек қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана жауаптылыққа әкеп соғады.
35-бап. Жедел-іздестіру іс-шараларын немесе жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыру
1. Уәкілетті мемлекеттік орган қызметкерінің не осындай органның тапсырмасы бойынша осы органмен ынтымақтасып жұмыс істейтін өзге адамның Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жедел-іздестіру іс-шараларын немесе жасырын тергеу әрекеттерін орындау кезінде жасаған, осы Кодексте қорғалатын мүдделерге зиян келтірген іс-әрекеті, егер бұл іс-әрекет адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы, қылмыстық топ жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтарды болғызбау, анықтау, ашу немесе тергеп-тексеру мақсатымен жасалса, сондай-ақ егер құқық қорғау мүдделеріне келтірілген зиян көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар келтіретін зиянға қарағанда аздау болса және егер оларды болғызбауды, ашуды немесе тергеп-тексеруді, сол сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға кінәлі адамдарды әшкерелеуді өзге тәсілмен жүзеге асыру мүмкін болмаса, ол қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері адамның өміріне немесе денсаулығына қатер төндірумен, экологиялық апат, қоғамдық күйзеліс немесе өзге де ауыр зардаптар қатерімен ұштасқан іс-әрекет жасаған адамдарға қолданылмайды.
36-бап. Негізді тәуекел ету
1. Қоғамға пайдалы мақсатқа қол жеткiзу үшін негізді тәуекел ету кезінде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Егер көрсетілген мақсатқа тәуекелмен байланыссыз әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) қол жеткiзiлмейтiн болса және тәуекелге жол берген адам осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлуiн болғызбау үшiн жеткiлiктi шаралар қолданған болса, тәуекел ету негізді деп танылады.
3. Егер тәуекел ету адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қатер төндірумен, экологиялық апат, қоғамдық кесапат немесе өзге де ауыр зардаптар қатерімен көрінеу ұштасқан болса, тәуекел ету негізді деп танылмайды.
37-бап. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу
1. Егер күштеп немесе психикалық мәжбүрлеудiң салдарынан адам өзiнiң әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) ие бола алмаса, мұндай мәжбүрлеудiң нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлуінің салдарынан адам өзiнiң әрекеттерiне ие бола алу мүмкiндiгiн сақтаған болса, ол үшін қылмыстық жауаптылық туралы мәселе осы Кодекстiң 34-бабының ережелерi ескерiле отырып шешiледi.
38-бап. Бұйрықты немесе өкiмдi орындау
1. Өзi үшiн мiндеттi бұйрықты немесе өкiмдi орындау үшін әрекет жасаған адамның осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiруi қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды. Мұндай зиян келтiрiлгенi үшiн заңсыз бұйрық немесе өкiм берген адам қылмыстық жауаптылықта болады.
2. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындау үшiн қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам жалпы негiздерде қылмыстық жауаптылықта болады. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындамау қылмыстық жауаптылықты болдырмайды.
3-БӨЛІМ. ЖАЗА
39-бап. Жаза ұғымы мен оның мақсаттары
1. Жаза дегенiмiз ─ сот үкiмi бойынша тағайындалатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кiнәлi деп танылған адамға қолданылады және ол осы адамды құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодексте көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады.
2. Жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.
40-бап. Жаза түрлерi
1. Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негiзгi жазалар:
1) айыппұл;
2) түзеу жұмыстары;
3) қоғамдық жұмыстарға тарту;
4) қамаққа алу қолданылуы мүмкiн.
2. Қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негізгі жазалар:
1) айыппұл;
2) түзеу жұмыстары;
3) бас бостандығын шектеу;
4) бас бостандығынан айыру;
5) өлiм жазасы қолданылуы мүмкiн.
3. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазамен қатар мынадай қосымша жазалар:
1) мүлкін тәркілеу;
2) арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру;
3) белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру;
4) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу қолданылуы мүмкін.
41-бап. Айыппұл
1. Айыппұл осы Кодексте көзделген шекте, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр санына сәйкес келетiн мөлшерде не пара сомасына немесе құнына еселенген мөлшерде тағайындалатын ақшалай өндiрiп алу.
2. Айыппұл қылмыстық теріс қылықтар үшін - айлық есептік көрсеткіштің жиырма бестен бес жүзге дейінгі шегінде, қылмыстар үшін - айлық есептік көрсеткіштің бес жүзден он мыңға дейінгі шегінде, ал осы Кодекстің 366, 367 және 368-баптарында көзделген қылмыстар үшін осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабының санкциясында белгіленген мөлшерде белгіленеді. Айыппұл мөлшерін жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығын және сотталған адамның мүліктік жағдайын ескере отырып, сот айқындайды.
3. Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда, осы Кодекстің 43 және 45-баптарының ережелері ескеріле отырып, ол бір айлық есептiк көрсеткiш үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты есебімен қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін бір тәулікке қамаққа алу есебімен қамаққа алуға ауыстырылады.
Қылмыс жасағаны үшін тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда, осы Кодекстің 46-бабының ережелері ескеріле отырып, ол төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Бұл ретте осы Кодекстің 366, 367 және 368-баптарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін айыппұл осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабының санкциясы шегінде бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
42-бап. Түзеу жұмыстары
1. Түзеу жұмыстары дегеніміз - сотталған адамның жалақысынан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр санына сәйкес келетiн мөлшерде мемлекет кірісіне ақша өндiрiп ала отырып, оны негізгі жұмыс орны бойынша еңбекке тарту және ол сотталған адамның жалақысының (ақшалай үлесінің) жиырмадан қырық пайызға дейінгісін ай сайын мемлекет кірісіне аударып отыру арқылы орындалады. Түзеу жұмыстары қылмыстық теріс қылықтар үшін - айлық есептік көрсеткіштің жиырма бестен бес жүзге дейінгі шегінде, қылмыстар үшін айлық есептік көрсеткіштің бес жүзден он мыңға дейінгі шегінде белгіленеді.
2. Еңбекке қабілетсіз деп танылған, тұрақты жұмысы жоқ немесе өндірістен қол үзіп оқу орындарында оқитын адамдарға түзеу жұмыстары тағайындала алмайды.
3. Түзеу жұмыстарын орындауға кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған жағдайларда, қылмыстық теріс қылық үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігі - осы Кодекстің 43 және 45-баптарының ережелері ескеріле отырып, бір айлық есептік көрсеткіш үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты есебімен қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бір тәулікке қамаққа алу есебімен қамаққа алуға, ал қылмыс үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігі осы Кодекстің 46-бабының ережелері ескеріле отырып, төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
43-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту
1. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады.
2. Қоғамдық жұмыстар алпыс сағаттан үш жүз сағатқа дейiн белгiленедi және сотталған адам оларды өтеу уақытына негізгі жұмыс орны бойынша еңбек міндеттерін орындаудан босатыла отырып не оқудан бос уақытында күнiне төрт сағаттан асырылмай, ал егер сотталған адамның тұрақты жұмыс орны болмаса және ол оқуда болмаса - күніне сегіз сағатқа дейін, бірақ аптасына қырық сағаттан асырылмай өтеледi. Қоғамдық жұмыстардан жалтарған жағдайда осы Кодекстің 45-бабының ережелері ескеріле отырып, олар қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты үшін бір тәулікке қамаққа алу есебімен қамаққа алуға ауыстырылады.
3. Қоғамдық жұмыстарға тарту жүктi әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектерге, әскери қызметшілерге тағайындалмайды.
44-бап. Бас бостандығын шектеу
1. Бас бостандығын шектеу сотталған адамға бiр жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгілеуден тұрады. Бас бостандығын шектеу сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша қоғамнан оқшауланбай өтеледі. Тұрақты жұмыс орны жоқ және оқуда жоқ бас бостандығын шектеуге сотталғандар жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда, бірақ жылына екі жүз қырық сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке тартылуға жатады. Бас бостандығын шектеуге сотталған кәмелетке толмағандар, жүктi әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер мәжбүрлі еңбекке тартылмайды. Өзге жазаны бас бостандығын шектеуге ауыстырған жағдайда, ол бір жылға жетпейтін мерзімге тағайындалуы мүмкін, бұл ретте сотталған адам мәжбүрлі еңбекке тартылмайды. Мәжбүрлі еңбекке тарту күніне сегіз сағатқа дейін, бірақ аптасына қырық сағаттан асырылмай өтеледi.
2. Пробациялық бақылауды уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады және сот шешімі бойынша сотталған адамның: сотталған адамның мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай, тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын ауыстырмау; белгілі бір орындарға бармау; алкоголизмнен, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, жыныс жолдары арқылы берілетін аурулардан емделу курсынан өту; отбасын материалдық қолдауды жүзеге асыру мiндеттерiн; сотталған адамның түзелуіне және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға ықпал ететін басқа да міндеттерді орындауды қамтиды.
3. Бас бостандығын шектеуге сотталған адам жазаны өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, бас бостандығын шектеудiң өтелмеген мерзiмi дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаға ауыстырылады. Бұл ретте бас бостандығын шектеудi өтеу уақыты осы Кодекстің 46-бабының ережелері ескеріле отырып, бас бостандығын шектеудiң бiр күнi үшiн бас бостандығынан айырудың бiр күнi есебiмен бас бостандығынан айыру мерзiмiне есептеледi.
45-бап 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
45-бап. Қамаққа алу
1. Қамаққа алу сотталған адамды тағайындалған жазаның бүкіл мерзімінде қоғамнан қатаң оқшаулау жағдайларында ұстауды білдіреді.
2. Қамаққа алу отыз тәуліктен тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге белгіленеді. Ұстап алу мерзімі қамаққа алу мерзіміне қосылады
3. Қамаққа алу кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдерге, жас балалары бар әйелдерге, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектерге тағайындалмайды.
4. Әскери қызметшілер қамақта болуды гауптвахтада өтейді.
46-бап. Бас бостандығынан айыру
1. Бас бостандығынан айыру сотталған адамды колония-қонысқа жiберу немесе жалпы, қатаң, ерекше режимдегi түзеу колониясына немесе түрмеге отырғызу арқылы оны қоғамнан оқшаулауды білдіреді.
2. Үкiм шығару кезінде он сегiз жасқа толмаған, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жалпы немесе күшейтiлген режимдегi тәрбиелеу колонияларына орналастырылады.
3. Осы Кодексте көзделген қылмыстарды жасағаны үшiн бас бостандығынан айыру - алты айдан он бес жылға дейiнгі, ал аса ауыр қылмыстар үшiн жиырма жылға дейiнгi мерзiмге не өмiр бойына белгiленедi. Абайсызда жасалған қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыру он жылдан аспайды. Айыппұл салуды, түзеу жұмыстарын немесе бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыруға ауыстырған жағдайда, ол алты айға жетпейтiн мерзiмге тағайындалуы мүмкiн. Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезiнде бас бостандығынан айыру мерзiмдерiн iшiнара немесе толық қосқан жағдайда және осы Кодекстің 47-бабының бесінші бөлігінде, 71-бабының бесінші бөлігінде және 77-бабының бесінші бөлігінде көзделген жағдайларда, бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзiмi - жиырма бес жылдан, ал үкiмдердiң жиынтығы бойынша отыз жылдан аспауға тиіс.
4. Өмір бойына бас бостандығынан айыру аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ өлім жазасына балама ретінде белгіленуі мүмкін. Өмір бойына бас бостандығынан айыру он сегіз жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға, әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге тағайындалмайды. Кешірім жасау тәртібімен өмір бойына бас бостандығынан айыру белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкін.
5. Бас бостандығынан айыруды:
1) абайсызда жасаған қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған, сондай-ақ қасақана қылмыс жасағаны үшiн бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жаза тағайындалған, алғаш рет сотталған адамдарға - колония-қоныстарда;
2) қасақана онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар және ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бiр жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдарға және айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдарға - жалпы режимдегi түзеу колонияларында;
3) аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдарға, сондай-ақ егер сотталған адам бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген болса, қылмыстардың қайталануы кезінде және әйелдерге қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде - қатаң режимдегi түзеу колонияларында;
4) қылмыстардың қауiптi қайталануы кезiнде, сондай-ақ өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға - ерекше режимдегi түзеу колонияларында өтеу тағайындалады.
6. Аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың қауiптi қайталануы кезiнде жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн, бiрақ бес жылдан аспайтын мерзiмді түрмеде өтеу тағайындалуы мүмкiн.
7. Үкiммен тағайындалған түзеу мекемесiнiң түрін өзгертудi Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес сот жүргiзедi.
47-бап. Өлiм жазасы
1. Өлім жазасы - ату жазасы адамдардың қаза табуымен ұштасқан террористік қылмыстар үшін, сондай-ақ соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін ең ауыр жаза ретінде белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамға кешірім жасау туралы өтінішхат беру құқығы беріледі.
2. Өлiм жазасы он сегiз жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға, әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге тағайындалмайды.
3. Қазақстан Республикасының Президенті өлім жазасын орындауға мораторий енгізген кезде, өлім жазасы туралы үкімді орындау мораторий қолданылған уақытқа тоқтатыла тұрады.
4. Өлiм жазасы туралы үкiм күшiне енген кезінен бастап ерте дегенде бiр жыл өткеннен кейiн, сондай-ақ өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылған соң ерте дегенде бір жыл өткеннен кейін орындалады.
5. Өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен өмір бойына бас бостандығынан айыруға немесе белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға ерекше режимдегі түзеу колониясында жазасын өтей отырып ауыстырылуы мүмкін. Өлім жазасына кесілген адамдардың, өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылған жағдайда, мораторий енгізілгенге дейін олардың өтінішхат бергеніне немесе бермегеніне қарамастан, кешірім жасау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.
48-бап 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
48-бап. Мүлiктi тәркiлеу
2015.13.11. № 400-V ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мүлікті тәркілеу дегеніміз - сотталған адамның меншігіндегі, қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлікті, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлікті мәжбүрлеп өтеусіз алып қою және мемлекеттің меншігіне айналдыру.
2. Тәркілеуге мынадай:
1) заңды иесіне қайтарылуға жататын мүлікті және одан түскен табыстарды қоспағанда, қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған ақша мен өзге мүлiк және осы мүліктен алынған кез келген табыс;
2) қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған мүлiк пен осы мүліктен алынған табыстар ішінара немесе толығымен ауыстырылған немесе айналдырылған;
3) экстремистік немесе террористік әрекетті не қылмыстық топты қаржыландыруға немесе өзге де қамтамасыз етуге пайдаланылатын немесе арналған;
2015.13.11. № 400-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын;
2015.13.11. № 400-V ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) сотталған адам басқа адамдардың меншігіне берген ақша және өзге де мүлiк жатады.
3. Егер осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген мүлікке кіретін белгілі бір затты тәркілеу осы затты тәркілеу туралы сот шешімі қабылданған кезде оның пайдаланылуы, сатылуы немесе өзге де себептері бойынша мүмкін болмаса, сот шешімі бойынша осы заттың құнына сәйкес келетін ақшалай сома тәркіленуге жатады.
4. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 15-бөлімінде көзделген жағдайларда мүлікті тәркілеу соттың шешімі бойынша қылмыстық-құқықтық ықпал ету шарасы ретінде қолданылуы мүмкін.
2015.13.11. № 400-V ҚР Заңымен 5-бөлікпен толықтырылды
5. Мыналар:
1) қылмыстық-атқару заңнамасында көзделген тізбеге сәйкес сотталған адамға немесе оның асырауындағы адамдарға қажетті мүлік;
2) егер олар осы Заңда қылмыстық жауаптылықтан босату көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынса, «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жария етілген ақша және өзге де мүлік тәркіленуге жатпайды.
Осы баптың бесінші бөлігі екінші тармағының ережелері 2014 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша заңды күшіне енген сот актілеріне қолданылмайды, сондай-ақ жария етуге жатпаған, жария етілген мүлікке және ақшаға қолданылмайды.
49-бап. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру
1. Қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн соттаған кезде сот кінәлі адамның жеке басын ескере отырып, оны арнаулы, әскери, құрметтi немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан айыра алады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары, сол сияқты Қазақстан Республикасының Президентi берген арнаулы, әскери, құрметтi немесе өзге де атағы, сыныптық шенi, дипломатиялық дәрежесi немесе бiлiктiлiк сыныбы бар адамды қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн соттаған кезде сот үкiм шығарғанда сотталған адамды осы наградалардан, атақтардан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы ұсыныс енгізе алады, ал сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгiзеді.