Кеден органы кедендік әкелу баждарын төлеу бойынша кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беруден бас тарту туралы шешімді мынадай негіздер бойынша:
төлеуші осы тармақтың үшінші бөлігінің екінші абзацында көрсетілген құжаттарды кеден органына ұсынбаса;
төлеушінің кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу бойынша берешегі болса;
төлеушіге қатысты банкроттық рәсім қозғалса немесе қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалса, қабылдайды.
Кедендік әкелу баждарын төлеу бойынша кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы шешімнің күші кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу іс жүзінде берілгенге дейін мынадай негіздер бойынша:
төлеушінің өтініші бойынша;
кеден органы кедендік әкелу баждарын төлеу бойынша кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беруден бас тарту үшін негіздерді растайтын ақпаратты алған кезде жойылуға жатады.
7. Төлеуші кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы шешімде белгіленген мерзімде кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайларда, кеден органы осы Кодекстің 98-бабының 6-тармағында, 99-бабының 4-тармағында, 100-бабының 5-тармағында, 101-бабының 10-тармағында және 102-бабының 4-тармағында белгіленген бір немесе бірнеше әрекетті жүзеге асырады.
8. Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы шешім:
1) кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу берілген мерзім аяқталған соң;
2) осы баптың 6-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мерзім аяқталған соң;
3) кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу берілген кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі міндет орындалған кезде өзінің қолданысын тоқтатады.
93-бап. Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздар
1. Осы Кодекстің 92-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес берілген кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді пайдаланудың әрбір күні үшін тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне сәйкес шығарылған күннен кейінгі күннен бастап кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі міндет тоқтатылған күнге дейін пайыздар төленуге жатады.
2. Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейтін және пайыздарды есепке жазу үшін қолданылатын қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 1/360 мөлшерінде төленуге жатады. Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздарды есепке жазу үшін кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді іс жүзінде пайдаланудың тиісті кезеңдерінде қолданыста болатын қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесі қолданылады.
3. Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздар кедендік әкелу баждарын төлеу немесе өндіріп алу күнінен кейінгі күннен кешіктірмей төленуге жатады.
4. Кедендік әкелу баждарын төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздарды төлеу немесе өндіріп алу, сондай-ақ есепке жатқызу (қайтару) осы Кодексте кедендік әкелу баждарының сомасын төлеуге немесе өндіріп алуға, сондай-ақ есепке жатқызуға (қайтаруға) қатысты көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
94-бап. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу тәртібі
1. Кедендік баждар, салықтар Қазақстан Республикасында - уәкілетті орган айқындаған тәртіппен не, тауарларды анық емес кедендік декларациялай отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізуді қоспағанда, аумағында тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу фактісі анықталған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетте төленуге жатады.
Осы Кодекстің 202-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген шартты түрде шығарылған тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінде белгіленген кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелері бойынша есептелген кедендік әкелу баждарының сомасы мен тауарларды шығару кезінде төленген не Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда немесе Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарында белгіленген өзге мөлшерде төленген кедендік әкелу баждары сомасының айырмасы, егер бұл Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарында көзделсе, кеден органы тауарларды шығаруды жүргізетін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттен басқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетте төленуі мүмкін.
2. Осы Кодекстің 233-бабының 5-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждары, салықтар, егер осы баптың осы тармағының екінші бөлігінде және 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, кеден органы кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығаруды жүргізген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетте төленуге жатады.
Осы Кодекстің 233-бабының 5-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған халықаралық пошта жөнелтілімдеріне қатысты кедендік әкелу баждары, салықтар межелі кеден органы орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетте төленуге жатады.
3. Егер осы тармаққа сәйкес, кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардың кеден органы кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығаруды жүргізген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттен өзге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында тұрғаны анықталған (расталған) жағдайда, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, кедендік әкелу баждары, салықтар аумағында осындай тауарлар тұрған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетте төленуге жатады.
Егер тауарлардың кеден органы кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығаруды жүргізген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттен өзге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында тұрғаны анықталмаған (расталмаған), бірақ осы тармаққа сәйкес кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан әкетілгені және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына әкелінгені анықталған (расталған), онда кедендік әкелу баждары, салықтар, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, аумағына тауарлардың әкелінуі анықталған (расталған) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетте төленуге жатады.
Тауарлардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында тұрғаны немесе олардың кеден органы кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығаруды жүргізбеген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағына әкелінгені кедендік бақылау жүргізу барысында алынған және (немесе) осындай кедендік бақылау жүргізу нәтижелері бойынша жасалған құжаттардың негізінде, сондай-ақ жүргізілуін (өткізілуін) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден немесе өзге мемлекеттік органдары жүзеге асыратын әкімшілік іс жүргізу, қылмыстық істер бойынша тергеп-тексеру не тексеру барысында анықталады (расталады).
Осы тармақты қолдау мақсатында тауарлардың кеден органы тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес шығаруды жүргізбеген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында тұрғанын немесе олардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше осы мемлекеттің аумағына әкелінгенін анықтауды (растауды) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес шығаруды жүргізген кеден органы тануға тиіс.
Шетелдік тауарлардың кеден органы тауарларды кедендік транзит рәсіміне сәйкес шығаруды жүргізбеген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында тұрғанын немесе олардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше осы мемлекеттің аумағына әкелінгенін анықтау (растау) кезінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының өзара іс-қимыл жасасу тәртібін Комиссия айқындайды.
4. Осы Кодекстің 392-бабының 3-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты кедендік әкету баждары кеден органы кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығаруды жүргізген Еуразиялық экономикалық одаққамүше мемлекетте төленуге жатады.
5. Қазақстан Республикасында төленуге жататын кедендік әкелу баждары, егер Одақ туралы шартта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленеді.
Қазақстан Республикасында төленуге жататын кедендік әкету баждары, салықтар, егер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда, Қазақстан Республикасының екіжақты халықаралық шарттарында және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленеді.
6. Қазақстан Республикасында төленуге жататын кедендік баждарды, салықтарды төлеу нысандары мен тәсілдері, сондай-ақ оларды төлеу жөніндегі міндетті орындау кезі (төлеу күні) осы Кодексте белгіленеді.
7. Кедендік әкелу баждары Одақ туралы шартқа сәйкес айқындалатын шоттарға төленеді.
Кедендік әкету баждары, егер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің екіжақты халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын шоттарға төленеді.
8. Кедендік баждарды, салықтарды бюджетке төлеушінің өзі немесе төлеушінің тапсырмасы бойынша үшінші тұлғалар қолма-қол ақша және қолма-қол ақша емес тәсілмен, сондай-ақ осы Кодексте белгіленген тәртіппен есепке жатқызуды жүргізу арқылы төлейді.
9. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу кедендік баждардың, салықтардың түріне сәйкес Қазақстан Республикасы кірістерінің бірыңғай бюджеттік сыныптамасындағы кірістердің тиісті коды (бұдан әрі - бюджеттік сыныптама кодтары) бойынша жүргізіледі.
10. Кедендік баждарды, салықтарды төлеуді төлеушінің өзі немесе төлеушінің тапсырмасы бойынша үшінші тұлғалар екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жүргізеді. Төлеуші кедендік баждарды, салықтарды төлеуге арналған төлем құжаттарында уәкілетті орган айқындайтын бенефициар органның деректемелерін көрсетеді.
11. Үшінші тұлғалар төлеушінің тапсырмасы бойынша кедендік баждарды, салықтарды төлеген кезде төлем құжатындағы төлемнің тағайындалымында өзінің атынан кедендік баждар, салықтар төленіп жатқан төлеушінің толық атауы, сондай-ақ оның сәйкестендіру нөмірі қосымша көрсетіледі.
12. Төлеуші немесе төлеушінің тапсырмасы бойынша үшінші тұлғалар кедендік баждарды, салықтарды төлеген кезде тауарларды шығару үшін мына мәліметтер мен құжаттардың біреуі немесе бірнешеуі:
1) қазынашылық органдары кеден органына күн сайын ұсынатын бюджеттік сыныптаманың кодтары бойынша түсімдер есептілігінің нысандары бойынша деректер;
2) екінші деңгейдегі банктер мен банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы берген, кедендік баждар мен салықтардың төленген сомасы туралы мәліметтер мен ақпарат;
3) «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы төленген жағдайда - «электрондық үкімет» жүйесінде қалыптастырылатын электрондық чек;
4) кеден органдарының ғимараттарында орналасқан екінші деңгейдегі банктің немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның электрондық терминалдары арқылы төленген жағдайда - екінші деңгейдегі банктің немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның электрондық терминалы беретін чек;
5) кеден органдарының ғимараттарында орналасқан екінші деңгейдегі банктің немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның кассалары арқылы төленген жағдайда - екінші деңгейдегі банктің немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның кассаларының квитанциясы олардың төленгенiн растау болып табылады.
Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінің 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген құжаттар кеден органдарында осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген мәліметтер мен ақпарат болмаған жағдайда ғана талап етіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында санамаланған екінші деңгейдегі банктердің және банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кеден органдарымен жасасқан тиісті шарттары болуға тиіс.
Егер кедендік баждарды, салықтарды төлеуші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе оның филиалдары болса, тауарларды шығару мақсаттары үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлем құжаттары кедендік баждардың, салықтардың бюджетке төленгенін растау болып табылады.
13. Мыналар:
1) осы баптың 12-тармағы бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген құжат және (немесе) мәліметтер кедендік баждардың, салықтардың төленгенін растау болып табылатын жағдайларда, екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар төлеушінің банктік шотынан ақшаны есептен шығарған күн немесе төлеуші банкоматтар немесе өзге де электрондық құрылғылар арқылы төлемді жүзеге асырған күн;
2) осы баптың 12-тармағы бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген құжат кедендік баждардың, салықтардың төленгенін растау болып табылатын жағдайларда, төлеуші екінші деңгейдегі банкке немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға қолма-қол ақшаны енгізген күн;
3) егер төлем осы баптың 12-тармағы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген құжаттармен және (немесе) мәліметтермен расталмаған жағдайда, қазынашылық органдары кеден органдарына күн сайын ұсынатын бюджеттік сыныптама кодтары бойынша түсімдер есептілігінің нысандарын кеден органы алған күн тауарларды шығару үшін кедендік баждарды, салықтарды төлеу күні (төлеу жөніндегі міндеттің орындалған кезі) болып табылады.
14. Кедендік әкету баждарын төлеу ерекшеліктері Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда және (немесе) Қазақстан Республикасының екіжақты халықаралық шарттарында белгіленуі мүмкін.
95-бап. Екінші деңгейдегі банктердің және банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың бюджетке кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, өсімпұлдарды, пайыздарды аудару бөлігіндегі міндеттері
Екінші деңгейдегі банктер және банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар:
1) кедендік баждарды, салықтарды, кедендік алымдарды, өсімпұлдарды, пайыздарды бюджетке төлеу үшін Қазақстан Республикасының резиденттерінен төлем құжаттарын қабылдаған кезде сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру қағидаларына және Қазақстан Республикасының сәйкестендіру нөмірлерін қалыптастыруды және сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жүргізуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органының деректеріне сәйкес төлеушінің сәйкестендіру нөмірінің көрсетілу дұрыстығын бақылауға;
2) кедендік баждарды, салықтарды, кедендік алымдарды, өсімпұлдарды, пайыздарды бюджетке төлеу үшін Қазақстан Республикасының бейрезиденттерінен төлем құжаттарын қабылдаған кезде жеке басты куәландыратын құжаттардың және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге құжаттардың көрсетілу дұрыстығын бақылауға;
3) төлеушінің банктік шоттарында ақша жеткілікті болған кезде төлеушінің кедендік баждар, салықтар, кедендік алымдар, өсімпұлдар, пайыздар сомасын аударуға берген тапсырмасын орындауды кідіртпеуге және көрсетілген тапсырманы оған төлеуші бастама жасаған күні орындауға;
4) кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, өсімпұлдарды, пайыздарды операциялық күн ішінде, бірақ төлеуші қолма-қол ақшаны екінші деңгейдегі банкке немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға енгізген күннен бастап келесі операциялық күннен кешіктірмей аударуға;
5) кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу екінші деңгейдегі банктердің немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың электрондық терминалдары арқылы төлем карточкалары пайдаланыла отырып жүргізілген жағдайларда, оларды операциялық күн ішінде, бірақ төлеушінің банктік шотынан ақша есептен шығарылған күннен бастап келесі операциялық күннен кешіктірмей аударуға міндетті.
10-тарау. КЕДЕНДІК БАЖДАРДЫ, САЛЫҚТАРДЫ ТӨЛЕУ ЖӨНІНДЕГІ МІНДЕТТІҢ ОРЫНДАЛУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
96-бап. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етудің жалпы шарттары
1. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы, егер осы Кодекстің 91, 194, 195, 196, 223, 257 және 387-баптарына сәйкес өзгеше белгіленбесе, көрсетілген баптарда көзделген, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында белгіленген жағдайларда қамтамасыз етіледі.
2. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы, сондай-ақ мынадай:
1) уәкілетті экономикалық операторлар декларант ретінде әрекет ететін жағдайларды қоспағанда, тауарларды кеден қоймасына іс жүзінде орналастырмай, кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру;
2) уәкілетті экономикалық оператор декларант ретінде әрекет ететін жағдайларды қоспағанда, кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларды баламалы тауарлармен алмастыру;
3) уәкілетті экономикалық оператор декларант ретінде әрекет ететін жағдайларды қоспағанда, мерзiмдi кедендiк декларациялау;
4) осы Кодекстің 170-бабына сәйкес тауарға қатысты өкілеттігі бар тұлғаның өтініші бойынша тауарларды орындарға уақытша сақтауға орналастыру;
5) осы Кодекстің 397-бабына сәйкес ұсынылған құжаттардың тиісті түрде ресімделмеу және (немесе) анық емес мәліметтерді қамту белгілерін анықтау жағдайларында да қамтамасыз етiледi.
3. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын кедендік баждарды, салықтарды төлеуші не осы Кодексте белгіленген жағдайларда өзге тұлға қамтамасыз етеді.
Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын төлеуші үшін экспедитор және (немесе) егер өзге тұлға өздеріне қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы қамтамасыз етілетін тауарларды иеленуге, пайдалануға және (немесе) оларға билік етуге құқылы болса, осы өзге тұлға қамтамасыз етуі мүмкін.
Кеден өкілі, егер осы Кодекстің 494-бабына сәйкес кеден өкілі кедендік баждарды, салықтарды төлеушімен бірге кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша ынтымақты міндет атқаратын болса, сондай-ақ осы Кодекстің 195-бабының 3-тармағында және 196-бабының 3-тармағында көзделген шарттар сақталған кезде, осы тарауға сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуге құқылы. Егер кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын кеден өкілі қамтамасыз еткен болса, осы Кодекске сәйкес көзделген, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет орындалуға жататын мән-жайлар басталған кезде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі осындай міндетті осы Кодекстің 494-бабы 5-тармағының ережелеріне қарамастан, кеден өкілі өзі атынан өкілдік ететін тұлғамен ынтымақты түрде орындайды.
4. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету, осы Кодекстің 226-бабында көрсетілген жағдайды қоспағанда, тауарларды шығаруды жүргізетін кеден органына беріледі.
5. Осы Кодекстің 410-бабының 4-тармағына сәйкес құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұрату кезінде, кедендік баждарды, салықтарды, кедендік әкелу баждарының төленуін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздар есепке жазылған жағдайда, осындай пайыздарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету мөлшерінің есеп-қисабын кеден органы жүргізеді және ол осы Кодекстің 410-бабының 6-тармағына сәйкес декларантқа жіберіледі.
6. Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға міндеттерінің орындалуын, сондай-ақ уәкілетті экономикалық оператор міндеттерінің орындалуын қамтамасыз ету, тиісінше, осы Кодекстің 486 және 535-баптарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
97-бап. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері
1. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы мынадай:
1) ақша;
2) банк кепілдігі;
3) кепілгерлік;
4) мүлік кепілі;
5) сақтандыру шарты тәсілдерімен қамтамасыз етіледі.
2. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы, осы баптың 3-тармағының ережелері ескеріле отырып, осы баптың 1-тармағында көрсетілген тәсілдердің кез келгенімен қамтамасыз етіледі.
3. Осы Кодекстің 535-бабының 5-тармағында көрсетілген жағдайда кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген бір немесе бірнеше тәсілмен беріледі.
4. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы, осы баптың 3-тармағының ережелері ескеріле отырып, осы Кодекстің 96-бабының 3-тармағында көрсетілген тұлғалардың таңдауы бойынша бірнеше тәсілмен қамтамасыз етілуі мүмкін.
Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ететін тұлға, егер кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуының алмастырылатын қамтамасыз етілуіне осы Кодекстің 12-тарауына сәйкес өндіріп алу қолданылмаса және (немесе) кеден органы осы тарауға сәйкес кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың, пайыздардың тиесілі сомасын төлеу туралы талап жібермеген болса және (немесе) кепіл нысанасына Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өндіріп алу қолданылмаса, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етудің бір тәсілін осы баптың 3-тармағының ережелерін ескере отырып, басқа тәсілмен алмастыруды жүзеге асыруға құқылы.
5. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуы осы Кодекске сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тоқтатылғанға дейін үздіксіз қамтамасыз етілуге тиіс.
6. Осы баптың 1-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен берілетін, оның ішінде бұрын кеден органы қабылдағанның орнына ұсынылатын тәсілмен берілетін кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі кеден органының кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз еткен тұлғаға осы тәсілдер шеңберінде қабылданған міндеттемелерді орындау туралы талапты уақтылы жіберуі үшін жеткілікті болуға тиіс.
7. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында беріледі.
8. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын ақша арқылы қамтамасыз ету тәсілі деп аванстық төлемдерді кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету есебіне пайдалану және (немесе) кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шотына ақша енгізу түсініледі.
9. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын ақша арқылы қамтамасыз ету тәсілі осындай қамтамасыз етуді қабылдаған кеден органының алдында төлеушіде туындайтын міндеттемелерге ғана қолданылады.
Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын мүлік кепілі түрінде қамтамасыз ету тәсілі төлеушімен мүлік кепілі шартын жасасқан кеден органының алдында төлеушіде туындайтын міндеттемелерге ғана қолданылады.
10. Кедендік транзит кедендік рәсімі кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін қолдану ерекшеліктері осы Кодекстің 226-бабының 8-тармағында көзделген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шартпен айқындалуы мүмкін.
98-бап. Ақшаны кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдалану
1. Ақша қамтамасыз ету сомасын кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шотына енгізу жолымен не аванстық төлемдерді кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде қолдану жолымен кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдаланылуы мүмкін.