8. Валюталық құндылықтарды Қазақстан Республикасына әкелуді және Қазақстан Республикасынан әкетуді резиденттер мен бейрезиденттер Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының талаптарын сақтаған кезде шектеусіз жүзеге асырады.
7-бап. Резиденттер мен бейрезиденттердің валюталық операциялары бойынша төлемдері және (немесе) ақша аударымдары
1. Резиденттер мен бейрезиденттердің валюталық операциялары бойынша төлемдері және (немесе) ақша аударымдары уәкілетті банктердегі банктік шоттар арқылы Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Уәкілетті банктерде банктік шоттарды ашпай және (немесе) пайдаланбай:
1) Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық валютамен жеке тұлғалардың төлемдерін және (немесе) ақша аударымдарын, сондай-ақ олардың пайдасына төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын;
2) осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларда жеке тұлғалардың ақша аударымдарын;
3) бажсыз сауда дүкендерінде тауарларды өткізу кезіндегі, сондай-ақ халықаралық тасымалдар кезіндегі жүру жолында жолаушыларға тауарларды өткізу және қызметтерді көрсету кезіндегі есеп айырысуларды;
4) уәкілетті банктермен, сондай-ақ уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттерінде жүзеге асырылатын қолма-қол ұлттық валютамен және шетел валютасымен жеке тұлғалардың операцияларын;
5) заңды тұлғалардың және шетелдік ұйымдар филиалдарының (өкілдіктерінің) жұмыскерлерге жалақы төлеуін;
6) жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге іссапарға шығуына байланысты шығыстарын, оның ішінде өкілдік шығыстарды төлеу кезіндегі операцияларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге іссапарға шығуына байланысты берілген, жұмсалмаған авансты өтеу кезіндегі операцияларды;
7) өз қызметін әуежайларда, порттарда және халықаралық қатынас үшін ашылған шекаралық өткелдерде кедендік бақылаумен жүзеге асыратын жеке тұлғалар мен бейрезидент-заңды тұлғалар арасындағы төлемдерді;
8) Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайлар мен теңіз порттарында шет мемлекеттердің кемелеріне қызмет көрсеткені үшін бейрезиденттер мен резиденттер арасындағы төлемдерді, сондай-ақ бейрезиденттердің халықаралық рейстерге қызмет көрсету бойынша аэронавигациялық қызмет көрсетуге, әуежай қызметі көрсететін қызметтерге және теңіз порттары көрсететін қызметтерге ақы төлеуін;
9) резиденттер мен өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын бейрезиденттер арасындағы, Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасында белгіленген сома шегінде ұлттық валютамен төлемдерді;
10) чек, вексель беру (тапсыру) арқылы жасалатын төлемдерді;
11) қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру мақсаттары үшін уәкілетті банктер мен уәкілетті ұйымдар арасындағы қолма-қол шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату жөніндегі операцияларды;
12) жеке тұлғалардың «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймағының аумағында жасалатын және оларды жасау кезінде орындалатын мәмілелер бойынша тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер үшін төлемдерін;
13) резидент-жеке тұлғалар, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде жүзеге асыратын валюталық операциялар бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын;
14) осы Заңда белгіленген жағдайларда және тәртіппен резиденттер ашқан шетелдік банктердегі шоттар арқылы жүзеге асырылатын бейрезиденттермен операциялар бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын, сондай-ақ уәкілетті банктердің шетелдік банктердегі корреспонденттік шоттары арқылы төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын;
15) Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларда, бейрезиденттердің шетелдік банктердегі шоттарынан олар резиденттің міндеттемелерін орындау есебіне жүзеге асыратын ақша аударымдарын жүргізуге жол беріледі.
2. Қазақстан Республикасының аумағында («Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймағының аумағын қоспағанда) валюталық операцияларды жүргізу кезінде заңды тұлғалар мен шетелдік ұйымдардың филиалдары (өкілдіктері) алған қолма-қол шетел валютасы уәкілетті банктердегі банктік шоттарға есепке жатқызылуға тиіс.
Резиденттер мен бейрезиденттердің қолма-қол шетел валютасын алуға, есепке жатқызуға және пайдалануға байланысты уәкілетті банктегі банктік шот бойынша операцияларды жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
3. Капитал қозғалысы операциялары бойынша төлемдер және (немесе) ақша аударымдары, сондай-ақ осы Заңға сәйкес есептік нөмірді алу қажет болатын валюталық шарттар бойынша төлемдер және (немесе) ақша аударымдары банктік шоттар арқылы ғана жүзеге асырылады.
4. Жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген сома шегінде уәкілетті банкте шот ашпай және (немесе) оны пайдаланбай, валюталық операциялар бойынша мынадай ақша аударымдарын:
1) Қазақстан Республикасының аумағында, Қазақстан Республикасынан және Қазақстан Республикасына өтеусіз ақша аударымдарын;
2) мемлекет пайдасына айыппұлдарды, салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеу үшін Қазақстан Республикасының аумағында, Қазақстан Республикасынан және Қазақстан Республикасына ақша аударымдарын;
3) жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына және осы Заңға сәйкес есептік нөмір алу қажет болатын валюталық шарттар бойынша операцияларға байланысты емес, Қазақстан Республикасынан және Қазақстан Республикасына өзге де ақша аударымдарын жүзеге асыруға құқылы.
Банктік шот ашпай және (немесе) оны пайдаланбай аударым сомасы үшін шекті мәнді қоса алғанда, жеке тұлғалардың уәкілетті банкте банктік шот ашпай және (немесе) оны пайдаланбай ақша аударымдарын жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
8-бап. Резиденттер мен бейрезиденттердің шоттары
1. Резиденттер осы Заңның 16-бабының ережелерін ескере отырып, шетелдік банктерде шоттарды шектеусіз ашады.
2. Резиденттер мен бейрезиденттер Қазақстан Республикасының аумағында уәкілетті банктерде банктік шоттарды ұлттық валютада және (немесе) шетел валютасында шектеусіз ашады.
3. Бейрезиденттер ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жердегі өздерінің шоттарынан уәкілетті банктердегі өздерінің банктік шоттарына, сондай-ақ уәкілетті банктердегі өздерінің банктік шоттарынан Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жердегі өздерінің шоттарына еркін аударуға құқылы.
9-бап. Экспорт немесе импорт бойынша ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын репатриациялау талабы
1. Экспорт немесе импорт бойынша ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын репатриациялау уәкілетті банктердегі банктік шоттарға:
1) экспорттан түсетін ұлттық валютадағы және (немесе) шетел валютасындағы түсімді;
2) бейрезидент міндеттемелерін орындамаған немесе толық емес орындаған жағдайларда, импорт бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру үшін резидент бейрезиденттің пайдасына аударған ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын есепке жатқызуды білдіреді.
2. Резидент (шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шартта көзделген мерзімдерде репатриациялауды қамтамасыз етуге міндетті.
Резиденттің (шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) репатриациялау талабын орындау мерзімі (бұдан әрі - репатриациялау мерзімі) Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт тараптарының міндеттемелерді орындау талаптары негізге алына отырып айқындалады.
Репатриациялау талабы қолданылатын экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттың талаптарында бейрезиденттердің міндеттемелерді орындау мерзімдері көзделуге тиіс. Экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттарға қызмет көрсететін уәкілетті банктер резиденттен репатриациялау мерзімін нақтылауды талап етуге құқылы.
Репатриациялауға жататын және шетелдік банктердегі шоттарға есепке жатқызылған ұлттық валюта және (немесе) шетел валютасы уәкілетті банктердегі резиденттің (шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) шоттарына репатриациялау мерзімі өткенге дейін аударылуға тиіс.
3. Репатриациялау талабы:
1) бейрезиденттен тартылған қаржылай қарыз талаптарына сәйкес резиденттің міндеттемелерін қамтамасыз етуге немесе резиденттің шетелде ашылған филиалдарының (өкілдіктерінің) қызметін қамтамасыз етуге арналған резиденттің шетелдік банктердегі шоттарына ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын есепке жатқызу;
2) резиденттер Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде көрмелерді, спорттық, мәдени және өзге осыған ұқсас іс-шараларды өткізуден алатын шетел валютасын оларды өткізу кезеңінде шығыстарды жабу үшін пайдалану;
3) резидент - көлік ұйымдарының шетелдік банктердегі шоттарына шет мемлекеттердің аумақтарында порттық және өзге де алымдарды төлеуге және осындай көлік ұйымдарының Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі көлік құралдары мен олардың жолаушыларына қызмет көрсетуге байланысты шығыстарды, сондай-ақ осындай көлік ұйымдарының Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жердегі филиалдарының (өкілдіктерінің) қызметін қамтамасыз етуге арналған шығыстарды төлеу мақсатында валюталық түсімді есепке жатқызу;
4) экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттар бойынша қарсы талапты есепке жатқызу арқылы бейрезиденттің міндеттемесін тоқтату;
5) резидент пен бейрезидент арасында болған бастапқы міндеттемені сол тұлғалар арасында өзге нысананы немесе орындау тәсілін көздейтін басқа міндеттемемен ауыстыру арқылы бейрезиденттің міндеттемесін тоқтату;
6) бейрезиденттің міндеттемелерді орындамау тәуекелін сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемін алу жағдайларында ішінара немесе толық орындалды деп есептеледі.
4. Резидент бейрезидентке талап қою құқығын басқа резидентке берген жағдайда, экспорт немесе импорт бойынша репатриациялауды белгіленген мерзімде қамтамасыз ету жөніндегі тиісті міндет талап қою құқығын қабылдаған резидентке өтеді.
Репатриациялау талабы қолданылатын экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттар бойынша резиденттің бейрезидентке өзінің талап қою құқығын басқа бейрезидентке өтеусіз беруіне жол берілмейді.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқа да валюталық бақылау органдарымен және агенттерімен бірлесе отырып, резиденттердің (шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) репатриациялау талабын орындауын бақылау мақсатында экспорт немесе импорт жөніндегі жекелеген валюталық шарттар шеңберінде ақша қозғалысын және міндеттемелердің өзге де орындалуын мониторингтеуді жүзеге асырады.
Осы мониторингтің мақсаттары үшін экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шартқа қызмет көрсететін уәкілетті банк оған есептік нөмір береді, бұл кейіннен валюталық бақылау органдарына экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт бойынша есептерді ұсыну кезінде көрсетіледі.
6. Экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттар бойынша есептік нөмірлерді алу тәртібін, есептердің нысандары мен оларды ұсыну мерзімдерін және ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын репатриациялау мерзімдеріне және (немесе) талаптарына әсер ететін міндеттемелердің және (немесе) мән-жайдың туындауын, орындалуын және тоқтатылуын растайтын құжаттарды ұсыну мерзімдерін қоса алғанда, осындай шарттар бойынша ақша қозғалысын және міндеттемелердің өзге де орындалуын мониторингтеу тәртібі, сондай-ақ ол болған кезде экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттар репатриациялау талабының орындалуын бақылауға жататын экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт сомасының шекті мәнін қоса алғанда, талаптар мен өлшемшарттар және репатриациялау талабына жатпайтын жағдайлар Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
3-тарау. ІШКІ ВАЛЮТА НАРЫҒЫ
10-бап. Шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату
1. Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығы осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату операцияларын жасауға байланысты резиденттер мен бейрезиденттер қатынастарының жиынтығы ретінде айқындалады.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өздеріне берілген лицензиясына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар уәкілетті банктер шетел валютасын Қазақстан Республикасында және шетелде сатуға және (немесе) сатып алуға құқылы.
3. Заңды тұлғалар және шетелдік ұйымдардың филиалдары (өкілдіктері) (уәкілетті банктерді қоспағанда) Қазақстан Республикасында шетел валютасын қолма-қол ақшасыз сатып алуды және (немесе) сатуды Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен уәкілетті банктердегі банктік шоттар арқылы жүзеге асырады.
Уәкілетті ұйымдар уәкілетті банктермен жасасқан шарттар негізінде өз қызметінің мақсаттары үшін олармен қолма-қол шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға құқылы.
4. Қазақстан Республикасында жеке тұлғалардың қолма-қол шетел валютасын басқа қолма-қол шетел валютасына немесе қолма-қол ұлттық валютаға сатып алуы және (немесе) сатуы тек қана айырбастау пункттері арқылы жүргізіледі.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс көздерін және сатып алынған шетел валютасын пайдалану мақсаттарын мониторингтеуді жүзеге асырады.
Уәкілетті банктер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс көздері және сатып алынған шетел валютасын пайдалану мақсаттары жөнінде ақпарат ұсынады.
Есептердің нысандарын және оларды ұсыну мерзімдерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс көздері және сатып алынған шетел валютасын пайдалану мақсаттары жөніндегі ақпаратты уәкілетті банктердің ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс көздерін мониторингтеу қағидаларында айқындалады.
6. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында шетел валютасын ұлттық валютаға сатып алу мақсаттарын және оның мәлімделген мақсаттарда пайдаланылуын растау бойынша резидент - заңды тұлғаларға (уәкілетті банктерді қоспағанда) қойылатын талаптарды белгілейді.
7. Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату тәртібі, Қазақстан Республикасының ішкі валюта нарығында шетел валютасын ұлттық валютаға сатып алу мақсаттарын және оның пайдаланылуын растау бойынша резидент - заңды тұлғаларға (уәкілетті банктерді қоспағанда) қойылатын талаптар, сондай-ақ одан асып кеткен кезде осы талаптар қолданылатын сатып алу сомасы үшін шекті мән Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
11-бап. Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру
1. Қолма-қол шетел валютасын басқа қолма-қол шетел валютасына немесе қолма-қол ұлттық валютаға сатып алуды және (немесе) сатуды қоса алғанда, Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өздеріне берілген лицензиясына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар уәкілетті ұйымдар немесе уәкілетті банктер жүзеге асырады. Өзге тұлғалар Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату бойынша қаржы қызметтерін көрсетуге құқылы емес.
2. Айырбастау пункттерінде қолма-қол шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату, қолма-қол шетел валютасын басқа қолма-қол шетел валютасына немесе қолма-қол ұлттық валютаға сатып алу және (немесе) сату бағамдарын белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларында айқындалады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша қолма-қол шетел валютасын қолма-қол ұлттық валютаға сатып алу бағамдарының сату бағамдарынан ауытқу шектерін белгілеуге құқылы. Шетел валюталарының түрлерін және оларға сәйкес келетін бағамдардан ауытқу шектерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.
12-бап. Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өзіне берілген лицензиясына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар уәкілетті банк Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін айырбастау пункттері қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабардар етеді.
Уәкілетті банк айырбастау пункті қызметінің басталғаны туралы хабардар етуді айырбастау пункті операцияларды жүргізуді бастаған күннен кешіктірмей жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі хабардар етілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті банкке хабарламаны алғанын растайды.
2. Уәкілетті ұйым Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі берген қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға арналған лицензияның және уәкілетті ұйым әрбір айырбастау пунктіне беретін лицензияға қосымшаның негізінде қызметін жүзеге асырады.
Уәкілетті ұйым Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған, құймалардағы аффинирленген алтынды сатып алу және (немесе) сату жөніндегі операцияларды өзінің айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыруға құқылы.
Уәкілетті ұйымның басқа заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуына жол берілмейді.
3. Уәкілетті ұйымдарға құрылтайшыларға қойылатын талаптарды, оның ішінде уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына олардың салымдарының шығу көздерін ашып көрсетуді, ұйымдық-құқықтық нысанына, жарғылық капиталдың мөлшеріне және оны қалыптастыру тәртібіне, сондай-ақ айырбастау пункттерінің үй-жайына, жабдығына және персоналына қойылатын талаптарды қамтитын біліктілік талаптары қойылады.
4. Уәкілетті ұйымда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға арналған лицензиясын және (немесе) оған қосымшаны алу үшін айырбастау пунктін орналастыруға арналған үй-жайдың болуы міндетті.
Уәкілетті ұйымдар лицензияны және (немесе) оған қосымшаны алу үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған құжаттардан басқа, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне шетел валютасындағы шотының бар екені туралы уәкілетті банктің анықтамасын ұсынады.
Құжаттар Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларында айқындалған шарттарда және тәртіппен ұсынылады.
5. Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға арналған лицензияны (оған қосымшаны қоса алғанда) беру немесе лицензияны (оған қосымшаны қоса алғанда) беруден бас тарту уәкілетті ұйым осы Заңда және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген барлық құжаттар мен мәліметтерді ұсынған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Жарамды лицензияға қосымшаны беру, лицензияны және (немесе) оған қосымшаны қайта ресімдеу немесе осындай құжаттарды беруден бас тарту уәкілетті ұйым осы Заңда және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген барлық құжаттар мен мәліметтерді ұсынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Лицензияны және (немесе) оған қосымшаны беруден, қайта ресімдеуден бас тартылған кезде өтініш берушіге уәжді жауап беріледі.
6. Лицензияны және (немесе) оған қосымшаны беруден, қайта ресімдеуден бас тарту үшін:
1) осы Заңда және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынбау;
2) өтініш берушінің және (немесе) ұсынылған құжаттардың және (немесе) мәліметтердің осы Заңда және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі негіз болып табылады.
7. Уәкілетті ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын қоса алғанда, оларды лицензиялау, уәкілетті банктің айырбастау пункттері қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабардар ету тәртібі, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметке қойылатын талаптар және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған, құймалардағы аффинирленген алтынды сатып алу және (немесе) сату жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібі, сондай-ақ осындай қызмет туралы есептердің нысандары және уәкілетті банктер мен уәкілетті ұйымдардың оларды ұсыну мерзімдері Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларында айқындалады.
4-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАРДЫ МОНИТОРИНГТЕУ.
ВАЛЮТАЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАР ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК БАНКТЕРДЕГІ ШОТТАР ЖӨНІНДЕГІ АҚПАРАТТЫ ҰСЫНУ
13-бап. Валюталық операцияларды мониторингтеу
1. Валюталық операцияларды мониторингтеуді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталық операцияларға қатысушы - резиденттерден және валюталық операциялар бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыратын уәкілетті банктерден валюталық операциялар, сондай-ақ шетелдік банктердегі шоттар туралы ақпарат алу арқылы жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталық операцияларды мониторингтеу мақсаттары үшін:
1) капитал қозғалысы операциялары солардың негізінде және (немесе) оларды орындау үшін жүргізілетін валюталық шарттарды (бұдан әрі - капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттар) есептік тіркеуді жүзеге асырады және олар бойынша жүргізілетін валюталық операциялар мен оларға байланысты бейрезиденттерге қойылатын талаптар және бейрезиденттер алдындағы міндеттемелер туралы ақпарат алады;
2) валюталық операциялар бойынша жүргізілген төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы ақпаратты қоса алғанда, жүргізілген валюталық операциялар туралы хабарламалар алады;
3) резиденттер (банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) ашқан шетелдік банктердегі шоттар туралы хабарламалар алады және осындай шоттарды есептік тіркеуді жүзеге асырады;
4) шетелдік қаржылық емес ұйымдардың Қазақстан Республика сында қызметін жүзеге асыратын филиалдарынан (өкілдіктерінен) тұрақты негізде ақпарат алады.
2. Валюталық операцияларды мониторингтеуді ұйымдастыру және жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе уәкілетті банктер осы Заңда белгіленген жағдайларда, солардың негізінде және (немесе) оларды орындау үшін валюталық операциялар жүзеге асырылатын валюталық шарттарға, сондай-ақ резиденттердің (банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) шетелдік банктердегі шоттарына есептік нөмірлер береді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттарға, резиденттердің (банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) шетелдік банктердегі шоттарына, сондай-ақ есеп айырысулар осындай шоттар арқылы жүзеге асырылатын экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттарға есептік нөмірлер береді. Уәкілетті банктер есеп айырысулар уәкілетті банктердегі шоттар арқылы жүзеге асырылатын экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарттарға есептік нөмірлер береді.
Егер капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт экспорттың немесе импорттың жүзеге асырылуын да көздейтін болса және ол бойынша есеп айырысулар уәкілетті банктердегі банктік шоттар арқылы жүзеге асырылатын болса, онда резидент (уәкілетті банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) осындай валюталық шартқа есептік нөмір беруі үшін уәкілетті банкке өтініш жасайды.
3. Валюталық шартқа есептік нөмір берілген кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе уәкілетті банк валюталық шартқа қатысушы - резиденттен валюталық шарттың ұсынылған көшірмесіне қосымша мынадай ақпаратты және (немесе) құжаттарды:
1) сәйкестендіру деректерін, тіркелу елін, валюталық шарт тарапының валюталық шарттың басқа тарапының капиталына қатысуы туралы мәліметтерді қоса алғанда, валюталық шартқа қатысушылар туралы мәліметтерді;
2) валюталық шарттың деректемелері мен сомасын, валюталық шарттың және ол бойынша есеп айырысулардың валютасын, валюталық шарт бойынша міндеттемелерді орындауды аяқтау күнін қоса алғанда, мәміле туралы мәліметтерді;