2. Сот өз бастамасы бойынша талап қою нысанасын немесе негізін өзгертуге құқылы емес. Егер бұл әрекеттер заңға қайшы келсе немесе қандай да біреудің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын, жауапкердің талап қоюды тануын қабылдамайды және тараптардың татуласу келісімін немесе тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекітпейді.
3. Талап қоюдың негізі немесе нысанасы өзгерген, талап қою талаптарының мөлшері ұлғайған немесе азайған кезде істерді қарау мерзімінің өтуі бастапқы талап қойылған күннен бастап есептеледі.
49-бап. Бірнеше талап қоюшының немесе жауапкердің іске қатысуы
1. Бірнеше талап қоюшы бірлесіп бір немесе бірнеше жауапкерге талап қою беруі мүмкін. Талап қоюшылардың немесе жауапкерлердің әрқайсысы екінші тарапқа қатысты процесте дербес әрекет етеді. Тараптар іс жүргізуді тиісінше тең талап қоюшылардың немесе тең жауапкерлердің біреуіне сенімхат негізінде тапсыра алады.
2. Егер:
1) бірнеше талап қоюшының немесе бірнеше жауапкердің ортақ құқықтары мен міндеттері даудың нысанасы болып табылса;
2) бірнеше талап қоюшының немесе бірнеше жауапкердің құқықтары мен міндеттерінің негізі бір болса;
3) бірнеше талап қоюшының немесе бірнеше жауапкердің біртекті (ұқсас) құқықтары мен міндеттері даудың нысанасы болып табылса, іске бірнеше талап қоюшының немесе жауапкердің қатысуына жол беріледі.
50-бап. Тиісті емес жауапкерді ауыстыру
1. Істі бірінші сатыдағы сотта мәні бойынша қарау басталғанға дейін жауапкерді ауыстыруға жол беріледі. Сот талап қою бойынша жауап беруге тиісті емес тұлғаға талап қою беріліп отырғанын анықтап, істі тоқтатпай, талап қоюшының өтінішхаты бойынша тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыра алады. Тиісті емес жауапкерді ауыстырғаннан кейін істі дайындау және оны сот отырысында қарау басынан бастап жүргізіледі. Істі қарау мерзімі істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап есептеледі.
2. Егер талап қоюшы тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыруға келіспесе, сот істі берілген талап қою бойынша қарайды және шешеді.
51-бап. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар
1. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар бір немесе екі тарапқа да талап қою арқылы істі сот талқылауына дайындау аяқталғанға дейін процеске кірісе алады. Олар барлық құқықтарды пайдаланады және талап қоюшының барлық міндеттерін орындайды.
2. Сот істі сот талқылауына дайындау кезінде және қойылып отырған талаптар үшінші тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғауы мүмкін екендігі туралы анық деректер болған кезде көрсетілген тұлғаларға осындай арыздың қабылданғаны туралы хабарлайды.
3. Егер үшінші тұлға іске қатысу немесе бірінші сатыдағы сотта дербес талап қою құқығын іске асырмаса, сот істі талап қоюшының қойған талабы бойынша қарайды және шешеді.
52-бап. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар
1. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар, егер іс тараптардың біреуіне қатысты олардың құқықтарына немесе міндеттеріне әсер етуі мүмкін болса, бірінші сатыдағы сот іс бойынша шешім шығарғанға дейін талап қоюшының немесе жауапкердің жағында процеске кірісе алады. Олар тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың өтінішхаты бойынша немесе соттың бастамасы бойынша іске қатысуға тартылуы мүмкін.
2. Сот істі сот талқылауына дайындаған және қойылған талаптар үшінші тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғауы мүмкін екендігі туралы анық деректер болған кезде көрсетілген тұлғаларға осындай арыздың қабылданғаны туралы хабарлайды.
Даудың нысанасына дербес талабын мәлімдемейтін үшінші тұлғаның іске кірісуі туралы шешімді сот істі сот талқылауына дайындау сатысында қабылдайды, бұл туралы істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда немесе сот отырысында ұйғарыммен көрсетіледі, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
3. Дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар процестік құқықтарды пайдаланады және өзі қай тараптың жағында қатысса, сол тараптың процестік міндеттерін атқарады. Көрсетілген тұлғалар талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгертуге, талаптардың мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға, талап қоюдан бас тартуға, талап қоюды тануға, татуласу келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасуға, қарсы талап беруге, соттың шешімін мәжбүрлеп орындатуды талап етуге құқылы емес.
Дербес талабын мәлімдемейтін үшінші тұлға іске кіріскен кезде осы тұлғаға іс материалдарымен, оның ішінде іске қатысатын адамдардың бұрын берген түсініктемелерімен танысу мүмкіндігі беріле отырып, істі қарау жалғастырылады.
53-бап. Процестік құқық мирасқорлығы
1. Даулы немесе сот шешімімен белгіленген құқықтық қатынастардан тараптардың біреуі шығып қалған жағдайда (адамның қайтыс болуы, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы, таратылуы, талапты басқаға беру, борышты аудару және даулы материалдық құқықтық қатынастардағы тұлғалардың басқа да ауысу жағдайлары) сот сол тарапты оның құқық мирасқорымен ауыстыруға жол береді. Құқық мирасқорлығы процестің кез келген сатысында мүмкін болады.
2. Құқық мирасқоры процеске кіріскенге дейін жасалған барлық әрекеттер құқық мирасқорын ауыстырған тұлға үшін қаншалықты міндетті болса, құқық мирасқоры үшін сондай шамада міндетті болады.
3. Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда істі қарау кезінде тараптардың біреуі шығып қалған жағдайда іс бойынша іс жүргізу осы Кодекстің 272-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес тоқтатыла тұрады.
4. Кассациялық сатыдағы сотта сот актілерін қайта қарау сатысында тараптардың біреуі шығып қалған жағдайда, шығып қалған тараптың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаты қараусыз қалдырылады. Құқық мирасқоры өтінішхатты қайта беруі мүмкін.
Прокурордың бастамасы бойынша наразылық келтіру жағдайларынан басқа, егер наразылық шығып қалған тараптың, іске қатысатын басқа да тұлғаның өтінішхаты бойынша келтірілсе, ол қараусыз қалдыруға жатады.
5. Құқық мирасқорының, прокурордың сот актілеріне шағым жасауға, наразылық білдіруге арналған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхаттарын кассациялық сатыдағы сот осы Кодексте белгіленген тәртіппен қарайды.
54-бап. Прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуы
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Азаматтық істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығына мемлекет атынан жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры тікелей де, өзіне бағынысты прокурорлар арқылы да жүзеге асырады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Прокурор осы Кодексте көзделген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында іс бойынша қорытынды беру үшін процеске кірісуге құқылы.
Мемлекет мүдделерін қозғайтын істер бойынша, қоғамдық мүдделерді немесе өздерін өз бетінше қорғай алмайтын азаматтарды қорғау талап етілгенде, сондай-ақ прокурордың қатысу қажеттігін сот танығанда прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуы міндетті.
Прокурордың көрсетілген өкілеттіктері тиісті ақпаратты соттың интернет-ресурсында орналастыру арқылы қарауға тағайындалған істердің барлығы туралы соттың уақтылы хабарлауы арқылы қамтамасыз етіледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Прокурор:
1) физикалық, психикалық және өзге де мән-жайларға байланысты өз бетінше құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыра алмайтын тұлғалардың;
2) шектелмеген тұлғалар тобының;
3) адамдардың, қоғамның және мемлекеттің, егер бұл адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас салдарларды болғызбау үшін қажет болса, бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және мүдделерін қорғау үшін заңнамаға сәйкес сотқа талап қоюмен, арызбен жүгінуге құқылы.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-1-бөлікпен толықтырылды
3-1. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген жағдайларда, прокурор талап арызды сотқа мүдделі тұлғаның өтінуі мен арызына қарамастан беруі мүмкін.
4. Егер талап қоюшы прокурор мәлімдеген талапты қолдамаса, егер үшінші тұлғалардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері қозғалмаса, онда сот талап қоюды (арызды) қараусыз қалдырады.
5. Талап қою берген прокурор барлық процестік құқықтарын пайдаланады, сондай-ақ татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім және дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу құқығынан басқа, талап қоюшының барлық процестік міндеттерін атқарады. Прокурордың басқа тұлғаның мүдделерін қорғау үшін берілген талап қоюдан (арыздан) бас тартуы осы тұлғаны ол «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) талаптарына сәйкес мемлекеттік бажды төлегеннен кейін істі мәні бойынша қарауды талап ету құқығынан айырмайды.
6. Сот қарайтын дауда прокуратура органдарының мүдделерін талап қоюшы немесе жауапкер ретінде білдіретін прокурор тараптың процестік құқықтары мен міндеттерін пайдаланады.
55-бап. Басқа тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін сотқа жүгіну
1. Заңда көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар немесе азаматтар сотқа басқа тұлғалардың өтініші бойынша олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, сол сияқты қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін талап қойып, жүгіне алады.
2. Әрекетке қабілетсіз азаматтың мүдделерін қорғау үшін мүдделі тұлғаның өтінішіне қарамастан талап қою берілуі мүмкін.
3. Бөгде мүдделерді қорғау үшін талап қойған адамдар барлық процестік құқықтарды пайдаланады және талап қоюдан бас тарту, татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім және дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу құқығынан басқа, талап қоюшының барлық процестік міндеттерін атқарады.
4. Егер өз мүддесінде іс қозғалған тұлға мәлімделген талапты қолдамаса, егер үшінші тұлғалардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері қозғалмаса, сот талап қоюды (арызды) қараусыз қалдырады.
56-бап. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының іс бойынша қорытынды беру үшін процеске қатысуы
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Заңда көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары өз бастамасы бойынша, іске қатысатын адамдардың өтінішхаты бойынша, сондай-ақ соттың бастамасы бойынша іс бойынша жазбаша қорытынды беру үшін процеске кірісе алады.
Қорытынды ұсыну талап етілетін мәселелер мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жіберіледі.
2. Қорытынды осы органдарға азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау жөнінде жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында және мемлекеттік органның немесе жергілікті өзін-өзі басқару органының құзыреті шегінде беріледі және іс материалдарына қоса тіркеледі.
Мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары қорытындысының күні бұрын белгіленген күші болмайды. Соттың қорытындымен келіспегені туралы сот шешімінде көрсетілуге тиіс.
3. Осы бапта көрсетілген органдар өз өкілдері арқылы осы Кодекстің 46-бабында көзделген іске қатысатын адамдардың барлық құқықтарын пайдаланады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 5-1-тараумен толықтырылды
5-1 тарау. ІСТІ ҚАРАУҒА ҚАТЫСАТЫН ӨЗГЕ АДАМДАР
56-1-бап. Консультант
1. Істі қалыптастыруды қамтамасыз ететін, судьяның сот процесін дайындауға және ұйымдастыруға бағытталған заңды тапсырмаларын орындайтын мемлекеттік қызметші консультант болып табылады.
2. Консультант:
1) азаматтық іс материалдарының жүргізілуін және тиісінше ресімделуін қамтамасыз етуге;
2) істі мәні бойынша шешетін сот актілерін қоспағанда, судьяның тапсырмасы бойынша процестік құжаттардың жобаларын дайындауға;
3) соттың ұйғарымдарын орындау бойынша сұрау салуларды жіберуге және басқа да әрекеттерді жасауға;
4) іске қатысатын адамдарды істің материалдарымен таныстыруға, осы Кодексте көзделген жағдайларда оларға сот актілерінің және басқа да құжаттардың көшірмелерін жіберуге;
5) осы Кодексте белгіленген талаптарды сақтай отырып, істі апелляциялық сатыға жіберуге;
6) істі архивке беруді қамтамасыз етуге;
7) судьяның тапсырмасы бойынша сот процесін дайындауға және ұйымдастыруға бағытталған өзге де әрекеттерді жасауға міндетті.
3. Консультант өз өкілеттіктерін іске асыру кезінде сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі фукцияны орындауға, іске қатысатын адамдардың құқықтары мен міндеттерінің туындауына, өзгеруіне не тоқтатылуына әкеп соғатын әрекеттерді жасауға, процестік құжаттардың жобаларын дайындаумен, жабық сот отырысына қатысумен байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы мәліметтерді, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын кез келген мәліметтерді жария етуге құқылы емес.
Консультант судьяның тапсырмасы бойынша сот отырысы хатшысының өкілеттігін жүзеге асыра алады.
56-2-бап. Сот отырысының хатшысы
1. Сот отырысының хаттамасын жүргізетін, сондай-ақ сот отырысын аудио-, бейнетіркеуді жүргізетін мемлекеттік қызметші сот отырысының хатшысы болып табылады.
2. Сот отырысының хатшысы:
1) оның хаттама жасауды қамтамасыз етуі қажет болатын барлық уақытта сот отырысының залында болуға және төрағалық етушінің рұқсатынсыз сот отырысынан шығып кетпеуге;
2) соттың әрекеттері мен шешімдерінің, сот отырысына қатысатын барлық адамның өтінішхаттарының, қарсылықтарының, түсініктемелерінің, сондай-ақ сот отырысының хаттамасында көрсетілуге жататын басқа да мән-жайлардың хаттамаға толық және анық бекітілуін қамтамасыз етуге;
3) сот отырысының хаттамасын осы Кодексте көзделген мерзімдерде және қағидалар бойынша жазбаша немесе электрондық нысанда жасауға;
4) төрағалық етушінің заңды өкімдеріне бағынуға;
5) өзінің жабық сот отырысына қатысуына байланысты белгілі болған мән-жайлар туралы мәліметтерді, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын кез келген мәліметтерді жария етпеуге;
6) сот приставы болмаған кезде сот залында тәртіпті қамтамасыз етуге;
7) осы Кодексте белгіленген өзге де талаптарды орындауға міндетті.
6-тарау. СОТТА ӨКІЛДІК ЕТУ
57-бап. Сотта істі өкілдер арқылы жүргізу
1. Азаматтар өз істерін сотта жеке өздері немесе өкілдері арқылы жүргізуге құқылы. Азаматтың іске өзінің қатысуы оны бұл іс бойынша өкілінің болу құқығынан айырмайды.
2. Заңды тұлғалардың істерін сотта өздеріне заңмен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен немесе құрылтай құжаттарымен берілген өкілеттіктер шегінде әрекет ететін олардың басшылары және (немесе) олардың өкілдері жүргізеді. Заңды тұлғаның басшысы сотқа өзінің қызмет бабын немесе өкілеттігін куәландыратын құжаттарды ұсынады.
Сенімхатқа, Қазақстан Республикасының заңнамасына, сот шешіміне не әкімшілік актіге негізделген істі сотта жүргізуге тиісті түрде ресімделген өкілеттіктері бар әрекетке қабілетті адам осы баптың үшінші бөлігіне сәйкес сотта өкіл бола алады.
3. Мыналар:
1) осы Кодекстің 58-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда;
2) осы Кодекстің 58-бабы бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 4) және 6) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар кассациялық сатыдағы сотта осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген тұлғалардың өкілдері болып табылады.
2018.05.07. № 177-VІ ҚР Заңымен 58-бапқа енгізілетін өзгерістерді қараңыз (осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл өткен соң қолданысқа енгізіледі)
58-бап. Тапсырма бойынша өкілдік ету
1. Мына тұлғалар:
1) адвокаттар;
2) заңды тұлғалардың істері бойынша - осы заңды тұлғалардың жұмыскерлері, ал мемлекеттік органдардың және олардың аумақтық бөлімшелерінің істері бойынша - осы мемлекеттік органдардың жұмыскерлері;
3) кәсіптік одақтардың - құқықтары мен мүдделерін қорғауды осы кәсіптік одақтар жүзеге асыратын жұмысшылардың, қызметшілердің, сондай-ақ басқа да адамдардың істері бойынша уәкілетті өкілдері;
4) заңмен, жарғымен немесе ережемен осы ұйымдар мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін, сондай-ақ басқа да адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген ұйымдардың уәкілетті өкілдері;
5) басқа тең қатысушылардың тапсырмасы бойынша тең қатысушылардың біреуі;
6) іске қатысатын адамдардың өтініші бойынша сот рұқсат еткен, жоғары заң білімі бар басқа да адамдар тапсырма бойынша сотта өкіл бола алады.
2. Өкілдің процестік өкілеттіктері тиісті түрде ресімделген сенімхатпен расталады.
2018.05.07. № 177-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Адвокат өкілдік ету кезінде адвокат куәлігіне және қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарламаға сәйкес қажетті процестік әрекеттерді жасауға құқылы. Адвокаттың осы Кодекстің 60-бабының бірінші бөлігінде санамаланған процестік әрекеттердің әрқайсысын жасауға өкілеттіктері сенімхатта көрсетілуге тиіс.
2018.05.07. № 177-VІ ҚР Заңымен 59-бапқа енгізілетін өзгерістерді қараңыз (осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл өткен соң қолданысқа енгізіледі)
59-бап. Сотта өкіл бола алмайтын тұлғалар
1. Судьялар, тергеушілер, прокурорлар және Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе жергілікті өкілді органдардың депутаттары, олардың процеске тиісті ұйымдардың өкілдері немесе заңды өкілдері ретінде қатысуынан басқа жағдайларда, сотта өкіл бола алмайды.
2. Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет туралы заңнамасының талаптарын бұза отырып, заң көмегін көрсету туралы тапсырма қабылдаған адвокаттар сотта тапсырма бойынша өкіл бола алмайды.
3. Тұлға, егер:
1) мүдделері өзі өкілі болып отырған тұлғаның мүдделеріне қайшы келетін тұлғаларға осы іс бойынша заң көмегін көрсетсе немесе бұрын көрсеткен болса;
2) бұрын істі қараған және шешкен кезде судья, прокурор, сарапшы, маман, аудармашы, куә немесе куәгер ретінде қатысса;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) басқа тараппен немесе үшінші тұлғамен, судьямен, прокурормен, консультантпен, сот отырысының хатшысымен, іс бойынша қорытынды берген сарапшымен, маманмен, аудармашымен туыстық қатынастарда болса;
4) психикалық денсаулық жағдайына не жасына байланысты және басқа да себептер бойынша өз бетінше өкілдікті жүзеге асыруға мүмкіндігі болмаса, тапсырма бойынша өкіл бола алмайды.
4. Сот осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде санамаланған тапсырма бойынша өкілдерді іске қатысатын адамның өтінішхаты бойынша немесе соттың бастамасы бойынша іске қатысудан шеттетеді. Сот бұл туралы ұйғарым шығарады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
5. Тапсырма бойынша өкілдерді іске қатысудан шеттеткен кезде сот істі талқылауды басқа өкілдің өкілеттіктерін ресімдеу және оның іс материалдарымен танысуы үшін қажетті, бірақ бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге кейінге қалдырады.
60-бап. Өкілдің өкілеттіктері
1. Тапсырма бойынша өкіл талап қою арызына қол қоюдан, iстi төрелікке беруден; татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасаудан, талап қоюдан немесе талап қоюды танудан толық немесе ішінара бас тартудан, талап қою талаптарының нысанасын ұлғайтудан немесе азайтудан, талап қоюдың нысанасын немесе негізін өзгертуден, өкілеттіктерді басқа тұлғаға беруден (сенімді басқаға аударудан); сот актісіне апелляциялық, кассациялық тәртіптермен шағым жасаудан, жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актісін қайта қарау туралы арыз беруден, сот актісін мәжбүрлеп орындатуды талап етуден, сот алып берген мүлікті алудан, апелляциялық шағымнан, өтінішхаттан бас тартудан басқа, осы Кодексте көзделген барлық процестік әрекеттерді өзі өкілі болып отырған тұлғаның атынан жасауға құқылы.
2018.05.07. № 177-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Осы Кодекстің 58-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген тапсырма бойынша өкіл осы баптың бірінші бөлігінде көзделген құқықтармен қатар мемлекеттік органдардан, қоғамдық бірлестіктерден, заңды тұлғалардан анықтамаларға немесе өзге де құжаттарға сұрау салуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен заң көмегін көрсету үшін өзге де әрекеттерді жасауға құқылы.
3. Өкілдің осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген процестік әрекеттердің әрқайсысын жасауға өкілеттіктері өкілдік беруші берген сенімхатта арнайы көзделуге тиіс.
61-бап. Өкілдің өкілеттіктерін ресімдеу
1. Өкілдің өкілеттіктері заңға сәйкес берілген және ресімделген сенімхатта көрсетілуге тиіс.
Сенімхат сотқа жазбаша нысанда немесе сенім білдірушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында беріледі.
2. Кәсіптік одақтар мен басқа да ұйымдардың уәкілетті өкілдері осы Кодекстің 58-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) тармақшаларына сәйкес осы іс бойынша өкілдікті жүзеге асыруға арналған тапсырманы куәландыратын құжаттарды сотқа беруге тиіс.
2018.05.07. № 177-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Адвокаттың нақты істі жүргізуге өкілеттіктері «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген адвокат куәлігімен және қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарламамен расталады.
Адвокаттың осы Кодекстің 60-бабының бірінші бөлігінде көзделген процестік әрекеттерді жасауы сенімхатпен куәландырылады.
4. Заңды тұлғаның атынан сенімхатты тиісті заңды тұлғаның басшысы немесе осыған уәкілеттік берілген өзге де тұлға береді.
2018.05.07. № 177-VІ ҚР Заңымен 5-бөлікке енгізілетін өзгерістерді қараңыз (осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл өткен соң қолданысқа енгізіледі)
5. Осы Кодекстің 58-бабы бірінші бөлігінің 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген өкілдердің өкілеттіктері сенімхатта немесе сот отырысына жеке өзі қатысқан жағдайда сенім білдірушінің сот отырысының хаттамасына енгізілген ауызша мәлімдемесінде көрсетілуі мүмкін. Осы Кодекстің 58-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көрсетілген өкіл жоғары заң білімі туралы дипломның расталған көшірмесін ұсынады.
2018.05.07. № 177-VІ ҚР Заңымен 6-бөлікпен толықтырылады (осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл өткен соң қолданысқа енгізіледі)
62-бап. Заңды өкілдер
1. Әрекетке қабілетсіз азаматтардың, кәмелетке толмағандардың және сот тәртібімен әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың
ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары, қамқоршылары, патронат тәрбиешілері немесе оларды алмастыратын басқа да тұлғалар қорғайды, олар сотқа өздерінің өкілеттіктерін куәландыратын құжаттарды ұсынады.
2. Хабарсыз кетті деп белгіленген тәртіппен танылған азамат қатысуға тиісті іс бойынша хабарсыз кеткен азаматтың мүлкіне қорғаншылықты жүзеге асыратын тұлға оның өкілі ретінде әрекет етеді.
3. Қайтыс болған немесе қайтыс болды деп заңда белгіленген тәртіппен жарияланған адамның мұрагері қатысуға тиісті іс бойынша, егер мұраны әлі ешкім қабылдамаса, мұрагерлік мүлік өзіне сенімгерлік басқаруға берілген тұлға мұрагердің өкілі ретінде әрекет етеді.
4. Заңды өкілдер өкілдік берушілерге жасау құқығы тиесілі барлық процестік әрекеттерді заңда көзделген шектеулермен өкілдік етушілердің атынан жасайды. Заңды өкілдер істі сотта жүргізуді басқа өкілге тапсыра алады.
Кәмелетке толмағанның, сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамның не сот тәртібімен хабарсыз кетті деп танылған адамның заңды өкілі қорғаншылыққа алынған адамның мүлкі олардың нысанасы болып табылатын даулар бойынша істерді қарау кезінде өзі өкілі болып отырған адамның мүддесінде барлық процестік әрекеттерді жасайды.