2. Өсімдіктер дүниесін түгендеу, олардың мемлекеттік мониторингі мен мемлекеттік кадастрын жүргізу орман шаруашылығы саласындағы, жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті органдармен келісу бойынша уәкілетті орган бекіткен өсімдіктер дүниесіне түгендеу жүргізу қағидаларына, өсімдіктер дүниесіне мемлекеттік мониторинг және мемлекеттік кадастр жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
9-тарау. ӨСІМДІКТЕР ДҮНИЕСІН ПАЙДАЛАНУ
27-бап. Өсімдіктер дүниесін пайдалану түрлері
1. Қазақстан Республикасының аумағында өсімдіктер дүниесін пайдаланудың мынадай түрлеріне жол беріледі:
1) жалпыға ортақ пайдалану тәртібімен:
өсімдіктер дүниесін жеке және үй жағдайында қолдану үшін пайдалану;
өсімдіктер дүниесін ғылыми-зерттеу, оқу, мәдени-ағарту, сауықтыру, рекреациялық, эстетикалық, туристік мақсаттар үшін пайдалану;
2) арнайы пайдалану тәртібімен:
өсімдіктер дүниесін мал шаруашылығының мұқтаждары үшін пайдалану;
өсімдіктер дүниесін фармацевтикалық, азық-түліктік және техникалық мұқтаждар үшін пайдалану.
2. Өсімдіктер дүниесін жалпыға ортақ пайдалану өтеусіз және тиісті рұқсаттарсыз жүзеге асырылады.
27-баптың 2-тармағының екінші бөлігі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) тиісті өзгерістер мен толықтырулар қолданысқа енгізілген күннен кейін қолданысқа енгізілді
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес өсімдік ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы төленген және осы Заң мен «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласында хабарлама жіберілген жағдайда өсімдіктер дүниесін арнайы пайдалану жүзеге асырылады.
28-бап. Өсімдіктер дүниесін жеке және үй жағдайында қолдану үшін пайдалану
Жеке тұлғалар, өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін қоспағанда, жабайы өсетін жемістерді, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектерді, дәрілік шикізатты және өзге де өсімдік ресурстарын жинау мақсатында өсімдіктер дүниесін жеке және үй жағдайында қолдану үшін пайдалануды жүзеге асырады.
Жеке тұлғалардың жабайы өсетін жемістерді, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектерді, дәрілік шикізатты және өзге де өсімдік ресурстарын жеке және үй жағдайында қолдану үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының ұсынуы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті өкілді органының шешімімен бекітілген нормалар шегінде жинауына рұқсат етіледі.
29-бап. Өсімдіктер дүниесін ғылыми-зерттеу, оқу, мәдени-ағарту, сауықтыру, рекреациялық, эстетикалық және туристік мақсаттар үшін пайдалану
1. Өсімдіктер дүниесін ғылыми-зерттеу, оқу, мәдени-ағарту, сауықтыру, рекреациялық, эстетикалық және туристік мақсаттар үшін пайдалану жабайы өсетін өсімдіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын алып қою арқылы немесе алып қоймай жүзеге асырылады және бұл өсімдіктер дүниесі мен өсімдіктер өсетін жерлерге теріс әсер етпейтін жағдайларда оған өсімдіктер дүниесін пайдалану қағидаларына сәйкес жол беріледі.
2. Халықтың жаппай демалуы мен туризм үшін пайдаланылатын учаскелерде өсімдіктер дүниесін, табиғи ландшафттарды сақтау мақсатында жергілікті атқарушы органдар, жер учаскелерінің меншік иелері, жер пайдаланушылар, су пайдаланушылар белгіленген тәртіппен бекітілген қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасына, экологиялық және санитариялық талаптарға сәйкес осы учаскелерді абаттандыруды қамтамасыз етуге міндетті.
30-бап. Өсімдіктер дүниесін мал шаруашылығының мұқтаждары үшін пайдалану
1. Жайылым учаскелерінде мал шаруашылығының мұқтаждары үшін өсімдіктер дүниесін пайдалану жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің белгіленген шекті рұқсат етілген нормалары мен жайылым айналымының схемалары ескеріле отырып, жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Өсімдіктер дүниесін жемшөп дайындау, шөп шабу мақсатында пайдалану Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары сақтала отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің, су қорының, мемлекеттік орман қорының, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың осы үшін арнайы бөлінген учаскелерінде жүзеге асырылады.
3. Өсімдіктер дүниесін балара шаруашылығының мұқтаждары үшін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде, мемлекеттік орман қорының, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелерінде және өзге де жерлерде меншік иелерімен және жер пайдаланушылармен келісу бойынша жүзеге асырылады.
31-бап. Өсімдіктер дүниесін фармацевтикалық, азық-түліктік және техникалық мұқтаждар үшін пайдалану
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары бекіткен лимиттер шегінде жүзеге асырылатын, жабайы өсетін өсімдіктерді пайдалану және қайта өңдеу өнімдерін алу үшін оларды дайындау (жинау) өсімдіктер дүниесін фармацевтикалық, азық-түліктік және техникалық мұқтаждар үшін пайдалану түрлеріне жатқызылады.
Өсімдіктер дүниесін фармацевтикалық, азық-түліктік және техникалық мұқтаждар үшін пайдалану қатаң белгіленген мерзімде және өсімдіктер дүниесіне зиян келтірмейтін тәсілдермен жүзеге асырылады.
2. Фармацевтикалық мұқтаждар үшін жабайы өсетін дәрілік өсімдіктерді дайындау (жинау) олардың популяциялары мен қауымдастықтарының, сондай-ақ олар өсетін жерлердің сақталуын қамтамасыз ету ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Фармацевтикалық мұқтаждар үшін жабайы өсетін дәрілік өсімдіктерді сол бір қопада қайта дайындауға (жинауға) олар толық қалпына келгеннен кейін ғана жол беріледі.
Бұл ретте дәрілік өсімдіктің түріне және оның географиялық өсу жағдайларына қарай біржылдық өсімдіктердің гүлшоғырларын және басқа да жерүсті органдарын - бір қопада екі жылда бір реттен жиілетпей, көпжылдық өсімдіктердің жерүсті органдарын - төрт - алты жылда бір реттен жиілетпей және олардың жерасты органдарын он екі - жиырма жылда бір реттен жиілетпей дайындауға (жинауға) жол беріледі.
3. Өсімдік ресурстарын: жемістерді, жидектерді, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, сондай-ақ тамақ өнімдерін қайта өңдеу және өндіру үшін пайдаланылатын жекелеген өсімдіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын дайындау (жинау) өсімдіктер дүниесін азық-түліктік мұқтаждар үшін пайдалану түрлеріне жатқызылады.
4. Құрылыс және қаптама материалдарын, малмалар мен бояғыштарды, кәдеге жарату мақсатындағы бұйымдарды, кәдесыйларды өнеркәсіптік өңдеу, өндіру және өзге де мақсаттар үшін пайдаланылатын жабайы өсетін өсімдік ресурстарын дайындау (жинау) өсімдіктер дүниесін техникалық мұқтаждар үшін пайдалану түрлеріне жатқызылады.
5. Жабайы өсетін өсімдіктердің популяциялары мен қауымдастықтарына антропогендік жүктемені азайту, олардың деградациялануын болғызбау, сондай-ақ қайта өңдеу өндірістерінің қажеттіліктерін тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында осындай өсімдіктерді плантациялық өсіру жүзеге асырылады.
6. Өсімдіктер дүниесін фармацевтикалық, азық-түліктік және техникалық мұқтаждар үшін пайдалану өсімдіктер дүниесін пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
32-бап. Өсімдік ресурстарын пайдалану лимиттері
1. Өсімдік ресурстарын ұтымды пайдалану мақсатында оларды пайдалану лимиттері белгіленеді.
Өсімдік ресурстарын пайдалану лимиттері уәкілетті орган аккредиттеген мамандандырылған ұйымдар жүргізетін ресурстық зерттеп-қараулар негізінде айқындалады және оларды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ресурстық зерттеп-қарау материалдарында айқындалған мерзімге бекітеді.
2. Уәкілетті орган аккредиттеген мамандандырылған ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ресурстық зерттеп-қарауды жүргізуге және анық мәліметтер ұсынуға жауапты болады.
3. Ресурстық зерттеп-қарау өсімдік ресурстарының қорларына ресурстық зерттеп-қарауды жүргізу және оларды пайдалану лимиттерін айқындау әдістемесіне сәйкес өсімдіктер дүниесін пайдаланушылардың өтінімдері бойынша өз қаражаты есебінен жүргізіледі.
10-тарау. ӨСІМДІКТЕР ДҮНИЕСІН КҮЗЕТУ, ҚОРҒАУ, ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ
САЛАСЫНДАҒЫ ХАБАРЛАМАЛАР
33-бап. Өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы хабарламалар
1. Өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы хабарламаға мыналар жатады:
1) фармацевтикалық, азық-түліктік және техникалық мұқтаждар үшін жабайы өсетін өсімдіктерді дайындау (жинау);
2) өсімдіктерді интродукциялау және (немесе) жерсіндіру;
3) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын Биологиялық әралуандық туралы конвенцияға Генетикалық ресурстарға қол жеткізуді және оларды қолданудан алынған пайданы әділетті және тепе-тең негізде бірлесіп пайдалануды реттеу жөніндегі Нагоя хаттамасы бойынша міндеттемелерге сәйкес өсімдіктердің генетикалық ресурстарын Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағына әкелу.
2. Осы Заң мен «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласында хабарлама жіберілген жағдайда осы баптың 1-тармағында көрсетілген қызметті жүзеге асыруға жол беріледі.
3. Жеке және (немесе) заңды тұлғалар хабарламаларды:
фармацевтикалық, азық-түліктік және техникалық мұқтаждар үшін жабайы өсетін өсімдіктерді дайындау (жинау) кезінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына;
мынадай:
өсімдіктерді интродукциялау және (немесе) жерсіндіру;
Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын Биологиялық әралуандық туралы конвенцияға Генетикалық ресурстарға қол жеткізуді және оларды қолданудан алынған пайданы әділетті және тепе-тең негізде бірлесіп пайдалануды реттеу жөніндегі Нагоя хаттамасы бойынша міндеттемелерге сәйкес өсімдіктердің генетикалық ресурстарын Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде уәкілетті орган ведомствосына және оның аумақтық бөлімшелеріне жібереді.
34-бап. Хабарлама жасау тәртібі
1. Өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы хабарламалар осы Заңның 33-бабының 1-тармағында көрсетілген қызметті жүзеге асырудың болжамды күніне дейін кемінде он жұмыс күні бұрын жіберіледі.
Хабарламаға мыналар қоса беріледі:
фармацевтикалық, азық-түліктік және техникалық мұқтаждарға жабайы өсетін өсімдіктерді дайындау (жинау) үшін:
1) жер учаскесі, жабайы өсетін өсімдіктерді дайындау (жинау) көлемі мен кезеңі туралы ақпаратты қамтитын мәліметтер;
2) жер учаскесі меншік иесінің немесе жер пайдаланушының жабайы өсетін өсімдіктерді дайындауға (жинауға) келісімі немесе құқық белгілейтін құжат;
3) ресурстық зерттеп-қарау материалдары;
34-баптың 1-тармағының екінші бөлігінің 4) тармақшасы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) тиісті өзгерістер мен толықтырулар қолданысқа енгізілген күннен кейін қолданысқа енгізілді
4) «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы ақы төлеу жағдайларын қоспағанда, өсімдіктер дүниесін арнайы пайдалану тәртібімен өсімдік ресурстарын пайдаланғаны үшін ақы төленгені туралы түбіртек;
өсімдіктерді интродукциялау және (немесе) жерсіндіру үшін:
1) мыналар:
отырғызылатын материалдың, тұқымдардың шығу тегі мен олардың саны;
өсімдіктерді отырғызу, егу орны, көлемі және мерзімдері (кезеңі) туралы ақпаратты қамтитын мәліметтер;
2) отырғызылатын материалға, тұқымдарға арналған карантиндік сертификат (мемлекетішілік тасымалдау кезінде);
3) өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор (импорттау кезінде) беретін карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау актісі;
4) тұқымға паспорт және (немесе) отырғызылатын материалға паспорт;
5) табиғат қорғау және ғылыми ұйымның өсімдіктерді интродукциялауға және (немесе) жерсіндіруге арналған ұсынымдары;
Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын Биологиялық әралуандық туралы конвенцияға Генетикалық ресурстарға қол жеткізуді және оларды қолданудан алынған пайданы әділетті және тепе-тең негізде бірлесіп пайдалануды реттеу жөніндегі Нагоя хаттамасы бойынша міндеттемелерге сәйкес өсімдіктердің генетикалық ресурстарын Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағына әкелу үшін:
1) тиісті мемлекеттік орган берген өсімдіктердің генетикалық ресурстарына қол жеткізуге арналған негізделген қорытынды;
2) фитосанитариялық сертификат;
3) ұлттық үйлестіру орталығы берген өсімдіктердің генетикалық ресурстарына қол жеткізуге арналған ұлттық сертификат;
4) өсімдіктердің генетикалық ресурстарына қол жеткізу туралы шарт.
2. Өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласында хабарлама қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар он жұмыс күні ішінде осы Заңның 33-бабының 1-тармағында көрсетілген, хабарлама жасау тәртібіне жататын қызметті жүзеге асыруға келісімді не уәжді бас тартуды ұсынуға міндетті.
Мемлекеттік орган уәжді бас тартуды ұсынған жағдайда қызмет бас тарту негіздері жойылған жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
11-тарау. ЖАСЫЛ ЕКПЕЛЕР
35-бап. Жасыл екпелермен жұмыс істеу
1. Жергілікті атқарушы органдар ғылыми ұйымдардың ұсынымдары негізінде жасыл екпелер жасауды жүзеге асырады.
Жеке және заңды тұлғалар жергілікті атқарушы органдар айқындайтын учаскелерде өз қаражаты есебінен жасыл екпелер жасауға құқылы.
2. Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар өз учаскелерінде жасыл екпелерді күтіп-баптауды және қорғауды қамтамасыз етеді.
3. Жергілікті атқарушы органдардың жасыл екпелер алып жатқан аумақтарда, оның ішінде саябақтарда, скверлерде, бульварларда, ұйымдардың санитариялық-қорғаныш аймақтарында және өзге де өнеркәсіптік объектілерде құрылыс салу немесе оларды реконструкциялау туралы шешімдер қабылдауы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және қоғамдық тыңдауларды міндетті түрде өткізу арқылы жүзеге асырылады.
4. Жасыл екпелерді қорғау мақсатында жергілікті атқарушы органдар:
түгендеу және фитопатологиялық зерттеп-қарау жүргізуге;
жасыл екпелерді есепке алуды және тізілімін жүргізуге;
құжаттаманы, оның ішінде елді мекен аумақтарын көгалдандыру жөніндегі жұмыс жоспарларын жүргізуге;
дендрологиялық жоспарды (көгалдандыру жоспарын) әзірлеуге және бекітуге;
жасыл екпелер жай-күйінің мониторингіне цифрландыру жүргізуге міндетті.
36-бап. Өтемдік отырғызулар
1. Жасыл екпелерді жойылған (кесілген) учаскеде не дендрологиялық жоспарда (көгалдандыру жоспарында) айқындалған учаскелерде отырғызу өтемдік отырғызулар болып табылады.
Өтемдік отырғызулар өз мүдделері үшін жасыл екпелерді жоюды (кесуді) жасаған не кінәсінен осы екпелердің бүлінуі немесе құрып кетуі орын алған жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қаражаты есебінен жүргізіледі.
Өз мүдделері үшін жасыл екпелерді жоюды (кесуді) жасаған не кінәсінен осы екпелердің бүлінуі немесе құрып кетуі орын алған жеке және (немесе) заңды тұлғалар өтемдік екпелерге:
ағаштар мен бұталарға: қылқан жапырақты тұқымдастарға - үш жыл бойы, жапырақты тұқымдастарға - екі жыл бойы;
шөптесін өсімдіктерге - бір жылдың вегетациялық маусымы ішінде күтім жасауды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Өтемдік отырғызулар мынадай мөлшерде:
1) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жергілікті атқарушы органның рұқсаты бойынша жасыл екпелер кесілген, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалардың меншігіндегі немесе пайдалануындағы ғимараттарға, құрылысжайларға іргелес аумақта олар қурап қалған кезде - он еселенген мөлшерде;
2) жасыл екпелер заңсыз жойылған (кесілген) кезде не олардың қурап қалуына алып келген бүлінуі кезінде - елу еселенген мөлшерде жүзеге асырылады.
Өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесіне енгізілген жасыл екпелер заңсыз жойылған (кесілген) не олардың қурап қалуына алып келген бүлінген жағдайда өтемдік отырғызулар бір жүз еселенген мөлшерде жүзеге асырылады.
3. Өтемдік отырғызу осы баптың 1-тармағының үшінші бөлігінде көрсетілген күтім жасау мерзімі өткенге дейін қурап қалған жағдайда, жеке және (немесе) заңды тұлғалар жасыл екпелерді қайта отырғызуды және оларға күтім жасауды жүзеге асыруға міндетті.
12-тарау. ЖЕРДІҢ ЖӘНЕ СУ ОБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ЖЕКЕЛЕГЕН УЧАСКЕЛЕРІНДЕ ӨСЕТІН
ӨСІМДІКТЕРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
37-бап. Шекаралық аймақта өсетін өсімдіктермен жұмыс істеу ерекшеліктері
1. Шекаралық аймақта өсетін өсімдіктермен жұмыс істеу ерекшеліктерін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.
2. Шекаралық аймақта өсетін өсімдіктер дүниесін пайдалану, егер бұл осы аумақтардың нысаналы мақсатымен және белгіленген арнаулы режимімен үйлесім таппаса, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шектелуі, тоқтатыла тұруы немесе оған тыйым салынуы мүмкін.
38-бап. Радиоактивті және (немесе) химиялық ластануға ұшыраған жерлерде өсетін өсімдіктермен жұмыс істеу
Радиоактивті және (немесе) химиялық ластануға ұшыраған жерлерде өсетін өсімдіктермен жұмыс істеуге тыйым салынады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы жерлерді меншікке немесе жер пайдалануға беру туралы шешімі негізінде радиоактивті және (немесе) химиялық ластану салдарын жою жөніндегі барлық іс-шаралар мен кешенді экологиялық зерттеп-қарау аяқталғаннан кейін ғана осы жерлердегі өсімдіктер дүниесін пайдалануға рұқсат етіледі.
39-бап. Су өсімдіктерінің таралуын реттеу ерекшеліктері
Су, балық шаруашылығы және электр энергетикасы мұқтаждары үшін пайдаланылатын су объектілерінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мелиорациялық жұмыстар мен артық су өсімдіктеріне қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды жүргізуге жол беріледі.
Балық шаруашылығы су айдындарында артық су өсімдіктерінің таралуын реттеу балық шаруашылығы мелиорациясын жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
13-тарау. ӨСІМДІКТЕР ДҮНИЕСІН КҮЗЕТУ, ҚОРҒАУ, ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ
САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
40-бап. Өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар бойынша міндеттемелеріне негізделеді және:
1) өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласында ақпарат алмасу;
2) өсімдіктер дүниесіне бірлескен зерттеулер мен мониторинг жүргізу;
3) халықаралық маңызы бар өсімдіктерді анықтау және сақтау;
4) өсімдіктердің генетикалық ресурстарына және өсімдіктердің генетикалық ресурстарына байланысты дәстүрлі білімге қол жеткізу арқылы жүзеге асырылады.
41-бап. Өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы халықаралық алмасу (халықаралық сауда)
1. Ғылыми және өзге де мақсаттар үшін өсімдіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын, генетикалық материалды Қазақстан Республикасына әкелу және (немесе) Қазақстан Республикасынан әкету арқылы халықаралық алмасу (халықаралық сауда) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктері мен дериваттарын Қазақстан Республикасына әкелу және (немесе) Қазақстан Республикасынан әкету арқылы халықаралық алмасу (халықаралық сауда) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Өсімдіктер дүниесі гендік қорының репродуктивтік материалымен халықаралық алмасу халықаралық шартқа не Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес өтеулі және (немесе) өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
14-тарау. ӨСІМДІКТЕР ДҮНИЕСІН КҮЗЕТУ, ҚОРҒАУ, ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ
САЛАСЫНДАҒЫ РЕТТЕУДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕТІГІ
42-бап. Өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы реттеудің экономикалық тетігі
Өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы реттеудің экономикалық тетігі мыналарды:
42-баптың 1) тармақшасы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) тиісті өзгерістер мен толықтырулар қолданысқа енгізілген күннен кейін қолданысқа енгізілді
1) өсімдіктер дүниесін арнайы пайдалану тәртібімен өсімдік ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы алуды;
2) өсімдіктер дүниесіне келтірілген зиянды өтеуді;
3) өсімдіктер дүниесінің шығындарын өтеуді қамтиды.
43-бап. Өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы іс-шараларды қаржыландыру
Өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы іс-шараларды қаржыландыру:
1) қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы;
2) инвесторлардың қаражаты;
3) өсімдіктер дүниесін пайдаланушылардың қаражаты;
4) гранттар;
5) жеке және заңды тұлғалардың ерікті жарналары мен қайырмалдықтары;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
44-бап. Өсімдіктер дүниесіне келтірілген зиянды өтеу
1. Өсімдіктер дүниесіне келтірілген зиянды өтеу жабайы өсетін өсімдіктерді заңсыз алып қойғаны, дайындағаны (жинағаны), бүлдіргені немесе олардың қурап қалғаны үшін қылмыстық, әкімшілік немесе азаматтық-құқықтық жауаптылық тәртібімен жүзеге асырылады.
2. Өсімдіктер дүниесіне зиянды өтеу мөлшерін Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзудан келтірілген зиянның мөлшерін есептеуге арналған базалық мөлшерлемелерге сәйкес уәкілетті орган ведомствосының тиісті аумақтық бөлімшелері айқындайды.
45-бап. Өсімдіктер дүниесінің шығындарын өтеу
1. Жер қойнауын пайдалану, ғимараттар, құрылысжайлар, жолдар, құбыржолдар және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған осындай объектілерге арналған жобалау құжаттамасына сәйкес өзге де объектілерді салу (реконструкциялау) мақсаттары үшін басқа санаттарға ауыстырылатын жерлердің барлық санаттағы жер учаскелерінде жабайы өсетін өсімдіктер жойылған (қайтарымсыз жоғалған), сондай-ақ мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесі мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жағдайларда өсімдіктер дүниесінің шығындары өтелуге жатады.
2. Өз мүдделері үшін жабайы өсетін өсімдіктерді жоятын жеке немесе заңды тұлғалар өсімдіктер дүниесінің шығындарын уәкілетті орган бекіткен өсімдіктер дүниесінің шығындарын өтеу нормативтеріне сәйкес өтейді.
3. Өсімдіктер дүниесінің шығындары жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылданған кезден бастап алты ай мерзімде өтелуге жатады.
15-тарау. ЖАБАЙЫ ӨСЕТІН ӨСІМДІКТЕРДІ КҮЗЕТУ, ҚОРҒАУ, ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ
САЛАСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
46-бап. Жабайы өсетін өсімдіктерді күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау
Уәкілетті орган және өзге де мемлекеттік органдар (бұдан әрі - бақылау органдары) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес бақылау субъектілері (объектілері) қызметінің Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеру арқылы жабайы өсетін өсімдіктерді күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
47-бап. Жабайы өсетін өсімдіктерді күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау субъектілері мен объектілері
1. Жеке және (немесе) заңды тұлғалар жабайы өсетін өсімдіктерді күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы бақылау субъектілері болып табылады.
2. Мыналар:
1) осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 1), 2) және 5) тармақшаларында көзделген, өсімдік ресурстары дайындалғанға (жиналғанға) дейін және одан кейінгі реттеу объектілері және олардың ағымдағы жай-күйі;