1. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуда (тапсырмада, өтінішхатта):
1) сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) берiп отырған органның атауы;
2) сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) жiберiлiп отырған органның атауы мен мекенжайы;
3) тиісті халықаралық шартқа немесе өзара түсіністік қағидаттарын сақтауға сілтеме;
4) құқықтық көмек сұратылып отырған қылмыстық істің атауы;
5) қылмыстық іс жүргізу нысанасы болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылықтың қысқаша сипаттамасы және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті баптарының толық мәтіні жазылған оның құқықтық саралануы, қажет болған кезде - iс-әрекетпен келтiрiлген залалдың мөлшерi туралы деректер;
6) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті баптарының толық мәтіні жазыла отырып, хабарланып отырған күдік келтіру, айыптау туралы мәліметтер;
7) тиісті адам туралы, атап айтқанда, оның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), процестік мәртебесі, тұрғылықты немесе келген жері, азаматтығы туралы, заңды тұлғалар үшін - олардың атауы мен орналасқан жері туралы мәліметтер, сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындауға ықпал ете алатын өзге де мәліметтер, сондай-ақ осы адамның қылмыстық іс жүргізу нысанасымен байланысы;
8) анықталуға жататын мән-жайларды баяндау, сондай-ақ сұрау салынып отырған процестік әрекеттердің, құжаттардың, заттай және басқа да дәлелдемелердің тізбесі және олардың қылмыстық іс жүргізу нысанасымен байланысын негіздеу;
9) процестік әрекеттерді орындау кезінде қатысуы қажет деп есептелетін адамдар туралы мәліметтер және осы қажеттілікті негіздеу қамтылуға тиіс.
2. Адамға процестік құқықтары мен міндеттерін түсіндіру мақсатында, адамнан куә, жәбірленуші, сарапшы, күдікті немесе айыпталушы ретінде жауап алу туралы сұрау салуға (тапсырмаға, өтінішхатқа) осы Кодекстің тиісті баптарының құзыретті орган куәландырған үзінді көшірмесі қоса беріледі. Сондай-ақ адамға қойылуы керек сұрақтардың немесе адамнан алынуы қажет мәліметтердің тізбесі де сұрау салуға (тапсырмаға, өтінішхатқа) қоса беріледі.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы Кодекске сәйкес тергеу судьясының (сотының) санкциясын алуды не мүлікті тәркілеуді талап ететін процестік әрекеттерді жүргізу туралы сұрау салуға (тапсырмаға, өтінішхатқа) құзыретті органның оларды жүргізу туралы уәжді шешімдерінің түпнұсқалары немесе куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.
566-бап. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қарау
1. Қазақстан Республикасының орталық органы немесе қарым-қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орган құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қарау нәтижелері бойынша:
1) оның орындалуын сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына, прокуратураға немесе сотқа тапсыруға;
2) сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) шет мемлекеттің процестік заңнамасының нормаларын қолдана отырып орындау мүмкіндігіне;
3) егер бұл Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық іс жүргізуге кедергі келтіретін болса, сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындауды кейінге қалдыруға;
4) сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындаудан осы Кодекстің 569-бабында көзделген негіздер бойынша бас тартуға;
5) егер сұрау салуды орындаудың шығыстары қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зияннан айқын түрде асатын немесе қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына айқын жауап бермейтін болса, егер бұл Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының ережелеріне қайшы келмесе, осы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау мүмкіндігіне қатысты шешім қабылдайды.
2. Сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қанағаттандыру туралы шешім қабылданған жағдайда, Қазақстан Республикасының орталық органы немесе қарым-қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орган сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау үшін Қазақстан Республикасының құзыретті органына жібереді. Халықаралық шартта көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының орталық органы құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау кезінде сұрау салушы тараптың құзыретті органы өкілінің қатысуына қатысты шешімді де қабылдайды.
3. Тиісті прокурор өз өкілеттіктерінің шегінде құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салудың (тапсырманың, өтінішхаттың) тиісінше, толық және уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге қатысты нұсқау беруге құқылы. Прокурордың берген нұсқаулары Қазақстан Республикасының тиісті құзыретті органының орындауы үшін міндетті болып табылады.
567-бап. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қарау нәтижелері туралы хабар
1. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) қанағаттандырылған жағдайда, Қазақстан Республикасының орталық органы немесе қарым-қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орган сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау нәтижесінде алынған материалдардың сұрау салушы тарапқа берілуін қамтамасыз етуге міндетті.
2. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қанағаттандырудан бас тартылған жағдайда, Қазақстан Республикасының орталық органы немесе қарым-қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орган сұрау салушы тарапқа бас тарту себептерін, сондай-ақ сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) қайтадан қаралуы мүмкін шарттарды хабарлайды және сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қайтарады.
3. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қанағаттандырудан бас тарту немесе оны орындауды кейінге қалдыру үшін негіздер болған кезде Қазақстан Республикасының орталық органы немесе қарым-қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орган сұрау салушы тараппен белгілі бір шектеулерде сұрау салуды орындау тәртібін келісе алады. Егер сұрау салушы тарап белгілі бір шарттармен келіссе, сұрау салушы тарап осы шарттарды орындағаннан кейін сұрау салу қанағаттандырылады.
568-бап. Құпиялық
1. Қазақстан Республикасының орталық органы немесе қарым-қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орган сұрау салушы тараптың өтінуі бойынша құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) алу фактісінің, оның мазмұнының және оны орындау нәтижесінде алынған мәліметтердің құпиялығын қамтамасыз ету үшін қосымша шараларды қолдануға құқылы.
2. Қажет болған кезде сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау нәтижесінде алынған құпия мәліметтерді сақтау шарттары мен мерзімдері келісіледі.
3. Қазақстан Республикасының орталық органы немесе қарым-қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орган шет мемлекеттің құзыретті органына материалдарды беру кезінде осы Кодекске және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес осындай материалдарды пайдалануға қатысты шектеулерді белгілей алады.
4. Егер құқықтық көмек туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) Қазақстан Республикасында орындау нәтижесінде мемлекеттік құпияларды қамтитын мәліметтер алынса, бұл мәліметтер Қазақстан Республикасының немесе оларды Қазақстан Республикасына берген өзге де мемлекеттің мүдделеріне зиян келтірмейтін жағдайда, құпия ақпаратты өзара қорғау туралы шарт болған кезде ғана және оларда көзделген талаптар мен қағидаларға сәйкес сұрау салушы тарапқа берілуі мүмкін.
569-бап. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындаудан бас тарту
1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда, сұрау салушы тарапқа құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қанағаттандырудан бас тартылуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болмаған кезде, егер:
1) сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін болса немесе Қазақстан Республикасының егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін болса;
2) сұрау салушы тарап осы саладағы өзара түсіністікті қамтамасыз етпесе;
3) сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) Қазақстан Республикасында қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайтын іс-әрекетке қатысты болса;
4) сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) адамды оның шығу тегі, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы, нанымы, тұрғылықты жері немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қудалау, соттау немесе жазалау мақсатында жіберілді деп есептеуге негіздер жеткілікті болса, сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындаудан бас тартылуға тиіс.
570-бап. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау тәртібі
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган өзіне белгіленген тәртіппен берілген құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) осы Кодекстің жалпы қағидалары бойынша орындайды.
2. Сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау кезінде, бұл Қазақстан Республикасының шет мемлекетпен халықаралық шартында көзделсе, осы мемлекеттің процестік заңнамасының нормалары қолданылуы мүмкін.
3. Егер құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) орындалмайтын болса, алынған құжаттар оны орындауға кедергі болған себептер көрсетіле отырып, сұрау салушы тарапқа белгіленген тәртіппен қайтарылады.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 571-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
571-бап. Арнайы рұқсатты қажет ететін процестік әрекеттер
Егер сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау үшін тергеу судьясының (сотының) санкциясын талап ететін процестік әрекетті жүргізу қажет болса, сұрау салушының заңнамасында бұл көзделмесе де, мұндай әрекет осы Кодексте көзделген тәртіппен тиісті санкция алынған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Сұрау салушы тараптың өтініш жасаған материалдары осындай процестік әрекеттерді санкциялау туралы мәселені шешу үшін негіз болып табылады.
572-бап. Сұрау салушы мемлекеттің құзыретті органдары өкілдерінің қатысуы
1. Осы Кодекстің талаптарына сәйкес қатысуға рұқсат берілген шет мемлекеттің құзыретті органының өкілі Қазақстан Республикасының аумағында қандай да бір процестік әрекеттерді өз бетінше жүргізуге құқылы емес. Мұндай өкілдер процестік әрекеттерді жүргізу кезінде қатысқан жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға тиіс.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген адамдардың процестік әрекеттерді жүргізу кезінде қатысуға және процестік әрекеттердің хаттамасына енгізілуге жататын, олардың жүргізілу тәртібі туралы арыз беруге және ескертулер енгізуге, тергеушінің, анықтау органының, прокурордың немесе соттың рұқсатымен сұрақтар қоюға, сондай-ақ жазбалар жасауға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдарды қолдана отырып жасауға құқығы бар.
573-бап. Құжаттарды табыс ету
1. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) бойынша осы сұрау салуға (тапсырмаға, өтінішхатқа) қоса тігілген құжаттар мен шешімдер сұрау салуда (тапсырмада, өтінішхатта) көрсетілген адамға осы бапта белгіленген тәртіппен табыс етіледі.
2. Тергеуші, анықтау органы, прокурор немесе сот құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау тұрғысынан құжаттарды тапсыру үшін адамды шақырады. Егер адам дәлелді себептерсіз келмесе, оған осы Кодексте көзделген тәртіппен күштеп әкелу қолданылуы мүмкін.
3. Тергеуші, анықтау органы, прокурор немесе сот құжаттардың адамға табыс етілгендігі туралы олардың табыс етілген жері мен күнін көрсете отырып хаттама жасайды. Хаттамаға құжаттар табыс етілген адам құжаттарды алу кезіндегі мәлімдемелерін немесе ескертулерін жазып, қол қояды. Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген жағдайларда бөлек растау қағазы да жасалады, оған құжаттарды алған адам және оны табыс етуді жүзеге асырған адам қолдарын қояды.
4. Адам табыс етілуге жататын құжаттарды алудан бас тартқан жағдайда, бұл туралы хаттамада көрсетіледі. Бұл ретте табыс етілуге жататын құжаттар табыс етілді деп есептеледі, бұл туралы хаттамада көрсетіледі.
5. Егер табыс етілуге жататын құжаттардың қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасы болмаса және сұрау салуда (тапсырмада, өтінішхатта) көрсетілген адам білмейтін тілде жасалса, ол адамның құжаттарды алудан бас тартуға құқығы бар. Мұндай жағдайда құжаттар табыс етілген жоқ деп есептеледі.
574-бап. Уақытша беру
1. Егер қылмыстық іс бойынша айғақтар беру немесе өзге де процестік әрекеттерге қатысу үшін шет мемлекеттің аумағында күзетпен ұсталып отырған немесе бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жатқан және осы қылмыстық іс бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылмаған адамның қатысуы қажет болса, қылмыстық процесті жүргізетін орган осы адамды Қазақстан Республикасына уақытша беру туралы өтінішхат жасайды.
2. Сұрау салынған тарап адамды уақытша беру туралы өтінішхатты қанағаттандырған жағдайда, мұндай адам ол берілген процестік әрекеттер жүргізілгеннен кейін шет мемлекетпен келісілген мерзімде қайтарылуға тиіс.
Уақытша берудің келісілген мерзімі жеткіліксіз болған кезде қылмыстық процесті жүргізетін орган ол аяқталардан жиырма тәулік бұрын Қазақстан Республикасының орталық органына шет мемлекетпен келісу үшін көрсетілген мерзімді ұзарту туралы өтінішхат жібереді.
3. Шет мемлекеттің құзыретті органының адамды күзетпен ұстау немесе оған бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындау туралы шешімі Қазақстан Республикасына уақытша берілген адамды Қазақстан Республикасында күзетпен ұстауға негіз болып табылады.
4. Қазақстан Республикасының аумағында жазасын өтеп жатқан адамды осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген шарттарды сақтай отырып, шет мемлекеттің құзыретті органының өтінішхаты бойынша шет мемлекетке уақытша беруге болады.
5. Адамды уақытша беру осы адамның жазбаша келісімі болған кезде ғана жүзеге асырылады.
575-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жердегі адамды шақыру
1. Қазақстан Республикасынан тыс жердегі адам Қазақстан Республикасының аумағында процестік әрекеттерді жүргізу үшін, құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салудың (тапсырманың, өтінішхаттың) негізінде шақыру қағазымен шақыртылады. Мұндай адам шақырту туралы күнібұрын хабардар етіледі. Күдіктіден, айыпталушыдан, сотталушыдан және сотталған адамнан басқа, шақыртылған адамға шақыруға байланысты шығыстардың мөлшері және оларды өтеу тәртібі туралы хабарланады.
2020.16.11. № 375-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасынан тыс жерде жүрген, шақырту бойынша келген куә, жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың өкілдері, сарапшы өзінің азаматтығына қарамастан, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткенге дейін орын алған іс-әрекет үшін немесе үкімдердің негізінде Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды, күзетпен қамауға алынбайды немесе оларға басқа да процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылмайды.
Мұндай адамдар, өздері шақырылған қылмыстық іске байланысты куә, жәбірленуші ретінде берген айғақтарына байланысты немесе сарапшылар ретіндегі қорытынды үшін сондай-ақ жауаптылыққа тартылмайды, күзетпен қамауға алынбайды немесе жазалауға ұшырамайды.
3. Шақыртылған адам, егер ол қылмыстық процесті жүргізетін органның оның қатысуымен процестік әрекеттерді жүргізудің қажеті жоқтығы туралы жазбаша хабарламасын алған кезден бастап он бес тәуліктің немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген өзге мерзімнің ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан кетпесе, немесе егер ол осы жерге өз еркімен қайтып келсе, осы бапта көзделген кепілдіктерден айырылады. Осы адам мүмкіндігі болып тұрса да, өз кінәсіне байланысты емес себеппен Қазақстан Республикасының аумағынан кете алмаған уақыт бұл мерзімге есептелмейді.
576-бап. Бейнебайланыс орнату арқылы процестік әрекеттерді жүргізу
1. Шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы бойынша процестік әрекеттер мынадай жағдайларда:
1) шақыртылатын адамдардың шет мемлекеттің құзыретті органына келуі мүмкін болмаған;
2) адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін;
3) Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген өзге де негіздер бойынша бейнебайланыстың көмегімен адамның тұрған жері бойынша жүргізіледі.
2. Бейнебайланыс жолымен процестік әрекеттер мұндай тәртіп Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасының қағидаттарына қайшы келмейтін шамада, сұрау салушы тараптың процестік заңнамасында көзделген тәртіппен орындалады.
3. Сұрау салушы тараптың құзыретті органы бейнебайланысты жүргізу кезінде аудармашының қатысуын қамтамасыз етуге тиіс.
4. Егер процестік әрекетті жүргізу уақытында осы баптың екінші бөлігінде көзделген тәртіптің бұзылғандығы белгіленсе, қылмыстық процесті жүргізетін орган бұл туралы процестік әрекеттерге қатысушыларға хабарлайды және жол берілген бұзушылықтарды жою үшін шаралар қабылдау мақсатында оны тоқтата тұрады. Процестік әрекеттер рәсімге қажетті өзгерістерді сұрау салушы тараптың құзыретті органымен келіскеннен кейін ғана жалғастырылады.
5. Процестік әрекеттердің хаттамасы және бейнеақпаратты жеткізгіштер сұрау салушы тараптың құзыретті органына жіберіледі.
6. Қазақстан Республикасы құзыретті органының сұрау салуы бойынша процестік әрекеттер осы бапта көзделген қағидалар бойынша бейнебайланыстың көмегімен жүргізіледі.
577-бап. Мүлікті іздестіру, оған тыйым салу және оны тәркілеу
1. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салудың (тапсырманың, өтінішхаттың) негізінде Қазақстан Республикасының құзыретті органдары қылмыстық жолмен алынған мүлікті, ақша мен құндылықтарды, сондай-ақ күдіктілерге, айыпталушыларға немесе сотталған адамдарға тиесілі мүлікті анықтау және оған тыйым салу мақсатында осы Кодексте көзделген процестік әрекеттерді жүргізеді.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мүлікке тыйым салынған кезде сот осы мүлікке қатысты шешім қабылдағанға дейін оны сақтау мақсатында қажетті шаралар қамтамасыз етіледі, бұл туралы сұрау салушы тарапқа хабарланады.
3. Табылған мүлік сұрау салушы тараптың сұрау салуы бойынша:
1) осы Кодекстің 573-бабының талаптары сақтала отырып, оған тыйым салынуы және қылмыстық іс жүргізу бойынша дәлелдеме ретінде немесе иесіне қайтару үшін сұрау салушы тараптың құзыретті органына берілуі мүмкін;
2) егер бұл сұрау салушы тарап сотының заңды күшіне енген үкімінде немесе өзге де шешімінде көзделсе, тәркіленуі мүмкін.
Сұрау салушы тарап сотының мүлікті тәркілеу туралы үкімін немесе өзге де шешімін тану осы Кодекстің 608-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Осы баптың үшінші бөлігінің 1) тармағына сәйкес тыйым салынған мүлік сұрау салушы тарапқа берілмейді немесе бұл мүлік Қазақстан Республикасында азаматтық немесе қылмыстық істі қарау мақсатында қажет болса, оны беру кейінге қалдырылуы немесе ол уақытша берілуі мүмкін немесе ол заңда көзделген өзге де негіздер бойынша шетелге шығарылмауы мүмкін.
5. Осы баптың үшінші бөлігінің 2) тармағына сәйкес тәркіленген мүлік осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген жағдайлардан басқа кезде, Қазақстан Республикасының кірісіне беріледі.
6. Қазақстан Республикасы орталық органының өтінішхаты бойынша сот осы баптың үшінші бөлігінің 2) тармағына сәйкес тәркіленген мүлікті, сондай-ақ оның ақшалай баламасын:
1) қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залалды жәбірленушіге өтеу үшін тәркілеу туралы шешім қабылдаған сұрау салушы тарапқа;
2) тәркіленген мүлікті немесе оның ақшалай баламасын бөлу мәселесін реттейтін Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес беру туралы шешім қабылдауы мүмкін.
578-бап. Бірлескен тергеу, жедел-тергеу топтарын құру және олардың қызметі
1. Бірнеше мемлекеттің аумағында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың мән-жайларына сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу үшін немесе осы мемлекеттердің мүдделері бұзылған болса, бірлескен тергеу, жедел-тергеу топтары құрылуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қазақстан Республикасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының және шет мемлекеттердің құзыретті органдарының сұрау салуы бойынша бірлескен тергеу, жедел-тергеу топтарын құру туралы мәселені қарап, шешеді.
3. Бірлескен тергеу, жедел-тергеу тобының мүшелері тікелей өзара іс-қимыл жасасады, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің, процестік әрекеттерді жүргізудің негізгі бағыттарын келіседі, алынған ақпаратпен алмасады. Олардың қызметін үйлестіруді бірлескен тергеу, жедел-тергеу тобын құрудың бастамашысы немесе оның мүшелерінің біреуі жүзеге асырады.
4. Тергеу (іздестіру) және өзге де процестік әрекеттерді аумағында іс жүргізіліп отырған нақ сол мемлекеттің бірлескен тергеу, жедел-тергеу тобының мүшелері орындайды.
60-тарау. АДАМДАРДЫ ҰСТАП БЕРУ (ЭКСТРАДИЦИЯЛАУ)
579-бап. Адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салуды жіберу
1. Адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салу, егер өздеріне байланысты адамды ұстап беру (экстрадициялау) сұратылып отырған қылмыстардың ең болмағанда біреуі үшін бір жылдан кем емес мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген немесе адам бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотталған және өтелмеген мерзімі кемінде алты айды құрайтын болса жіберіледі.
2. Шет мемлекеттің құзыретті органының адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салуы осы баптың бірінші бөлігінде көзделген талаптар сақталған жағдайда ғана қаралуы мүмкін.
3. Адамды уақытша ұстап беру (экстрадициялау) және транзиттік тасымалдау туралы сұрау салулар адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салулар сияқты тәртіппен жіберіледі.
4. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қазақстан Республикасының құзыретті органына осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген, адамды ұстап беруге (экстрадициялауға) кедергі болуы мүмкін мән-жайлар болған кезде шет мемлекетке сұрау салуды жіберуден бас тартуға құқылы.
580-бап. Адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы құжаттарды дайындау және сұрау салуларды жіберу тәртібі
1. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайда және тәртіппен, қылмыстық процесті жүргізетін орган Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасаған және оның аумағын тастап кеткен адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы өтінішхатқа қажетті құжаттарды қоса бере отырып, осы өтінішхатпен Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына өтініш жасайды.
2. Адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы өтінішхат жазбаша нысанда жасалады және онда:
1) іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органның атауы;
2) күдіктінің (сотталған адамның) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), туған жылы, азаматтығы туралы деректер, фотосуреттері;
3) жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылық көзделетін заңның мәтінін келтіріп, санкциясын міндетті түрде көрсете отырып, осы қылмыстың нақты мән-жайларының жазылуы;
4) заңды күшіне енген үкімнің не күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулының шығарылған жері мен уақыты туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
3. Адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы өтінішхатқа:
1) егер адамды ұстап беру (экстрадициялау) қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін сұратылса, күдіктінің іс-әрекетін алдын ала саралауды айқындау туралы қаулының, айыптау актісінің, тергеу судьясының немесе соттың адамды күзетпен ұстау туралы қаулысының куәландырылған көшірмелері;
2) егер адамды ұстап беру (экстрадициялау) үкімді орындауға келтіру үшін сұратылса, оның заңды күшіне енгендігі туралы анықтамамен бірге үкімнің көшірмесі;
3) Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен қылмыс сараланып отырған және олар бойынша ескіру мерзімдері көзделген бапты қамтитын үзінді көшірмелер;
4) Қазақстан Республикасының уәкілетті органының ұстап беру (экстрадициялау) сұратылып отырған адамның азаматтығы туралы қорытындысы;
5) егер сот тағайындаған жазаның бір бөлігін өтеген адамды ұстап беру (экстрадициялау) сұратылса, жазаның өтелмеген бөлігі туралы анықтама;
6) аумағында іздестіріліп жатқан адам анықталған шет мемлекет үшін де қолданылатын Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген өзге де мәліметтер қоса берілуге тиіс.
4. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе оның орынбасары Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген негіздер болған кезде шет мемлекеттің құзыретті органына Қазақстан Республикасына адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы сұрау салумен жүгінеді.