5. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша тағайындалған негiзгi жазаға жиынтықты құрайтын құқық бұзушылықтар үшiн тағайындалған қосымша жазалар қосылуы мүмкiн. Ішінара немесе толық қосу кезінде түпкiлiктi қосымша жазаны осы Кодекстiң Жалпы бөлiгiнiң осы жаза түрi үшiн белгiленген ең жоғары мерзiмнен немесе мөлшерден асыруға болмайды.
6. Егер сотталған адамның iсi бойынша сот үкiм шығарғаннан кейiн оның бiрiншi iс бойынша үкiм шығарылғанға дейiн жасаған тағы да басқа қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі екенi анықталса, жаза осы баптың қағидалары бойынша тағайындалады. Бұл жағдайда соттың бiрiншi үкiмi бойынша өтелген жаза түпкiлiктi жаза мерзiмiне есептеледi.
59-бап. Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындау
Қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауiптi қайталануы жағдайында жаза тағайындау кезiнде бұрын жасалған қылмыстардың саны, сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi, оның алдындағы жазаның түзету ықпалының жеткiлiксiздiгiне себеп болған мән-жайлар, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi ескерiледi.
60-бап. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау
1. Егер сотталған адам үкiм шығарылғаннан кейiн, бiрақ жазаны толық өтегенге дейiн жаңадан қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, сот соттың соңғы үкiмі бойынша тағайындалған жазаға соттың алдыңғы үкiмi бойынша жазаның өтелмеген бөлiгiн толық немесе iшiнара қосады.
2. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жазаны, егер ол бас бостандығынан айырумен байланысты болмаған жағдайда, осы Кодекстiң Жалпы бөлiгiнің осы жаза түрi үшiн көзделген ең жоғары мерзiмнен немесе мөлшерден асыруға болмайды.
3. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыру түрiндегi түпкiлiктi жазаны жиырма бес жылдан асыруға болмайды. Егер үкiмдердiң жиынтығына адам жасалғаны үшін осы Кодексте жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген ең болмағанда бір аса ауыр қылмыстың жасалуына кінәлі деп танылған үкiм кірсе, онда бас бостандығынан айыру түрiндегi үкiмдер жиынтығы бойынша түпкiлiктi жазаны отыз жылдан асыруға болмайды. Егер жиынтыққа кіретін қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы тағайындалса, онда түпкілікті жаза өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе тиісінше өлім жазасы түрінде тағайындалады.
4. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза жаңадан жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін тағайындалған жазадан да, соттың алдыңғы үкiмi бойынша жазаның өтелмеген бөлiгiнен де артық болуға тиiс.
5. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезiнде жазалардың қосымша түрлерiн қосу қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау қағидалары бойынша жүргiзiледі.
61-бап. Жаза мерзiмдерiн қосу кезiнде мерзімдерді айқындау тәртiбi
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы және үкiмдердiң жиынтығы бойынша жазаларды iшiнара немесе толық қосу кезiнде бас бостандығынан айырудың бiр күнiне:
1) қамаққа алудың бір күні;
2) бас бостандығын шектеудiң бір күнi;
3) қоғамдық жұмыстарға тартудың төрт сағаты сәйкес келедi.
2. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу, мүлiктi тәркiлеу, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары оларды қоғамдық жұмыстарға тартумен, бас бостандығын шектеумен, қамаққа алумен, бас бостандығынан айырумен қосқан кезде дербес орындалады.
62-бап. Жаза мерзiмдерiн есептеу және жазаны есепке алу
1. Белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырудың, бас бостандығын шектеудiң, бас бостандығынан айырудың мерзiмдерi - айлармен және жылдармен, қамаққа алу мерзімдері - тәуліктермен, қоғамдық жұмыстарға тарту мерзімдері сағаттармен есептеледі.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген жазаны ауыстыру немесе жазаларды қосу, сондай-ақ жазаны есепке алу кезінде мерзімдер тәуліктермен есептелуі мүмкін.
3. Үкiм заңды күшiне енгенге дейiн күзетпен ұстау уақыты бас бостандығынан айыру, қамаққа алу, бас бостандығын шектеу түрiндегi жаза мерзiмiне - бiр күнге бiр күн есебiмен, қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жаза мерзiмiне қоғамдық жұмыстардың төрт сағатына күзетпен ұстаудың бiр күні есебiмен есептеледi.
4. Үкiм заңды күшiне енгенге дейiн үйқамақта ұстау уақыты бас бостандығынан айыру, қамаққа алу, бас бостандығын шектеу түрiндегі жаза мерзіміне - бiр күнге екi күн, қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жаза мерзiмiне қоғамдық жұмыстардың екi сағатына үйқамақта ұстаудың бiр күнi есебiмен есептеледi.
5. Сот үкiмi заңды күшiне енгенге дейiн адамды күзетпен ұстау уақыты мен Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерде жасалған қылмыс үшiн сот үкiмiмен тағайындалған бас бостандығынан айыруды өтеу уақыты, адам осы Кодекстiң 9-бабының негiзiнде ұстап берiлген жағдайда, бiр күнге бiр күн есебiмен есептеледi.
6. Сот талқылауына дейiн күзетпен ұсталған сотталушы адамға айыппұл түрiндегi негізгі жазаны тағайындау кезiнде сот күзетпен ұсталған мерзiмдi ескере отырып, тағайындалған жазаны жеңiлдетедi немесе осы жазаны өтеуден оны толық босатады.
7. Қылмыс жасалғаннан кейiн психикалық аурумен науқастанған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған уақыт жаза мерзiмiне есептеледi.
63-бап. Шартты түрде соттау
1. Егер сот бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындағанда сотталған адамның жазаны өтемей түзелуi мүмкiн деген түйінге келсе, ол тағайындалған жазаны шартты деп санауға қаулы шығарады.
2. Шартты түрде соттауды қолдану кезінде сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiн, кінәлі адамның жеке басын, оның iшiнде жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайларды ескередi.
3. Шартты түрде соттауды тағайындау кезінде сот осы Кодекстің 44-бабы екінші бөлігінің қағидалары бойынша бас бостандығынан айырудың барлық тағайындалған мерзіміне, ал кәмелетке толмағандарға алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгiлейдi.
Шартты түрде сотталғандағы пробациялық бақылау кезеңінде онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысты қайталап жасаған кезде де кәмелетке толмағандарға шартты түрде соттау қолданылуы мүмкін.
4. Шартты түрде соттау кезiнде мүлiктi тәркiлеуден басқа, шектеулердің және жазаның қосымша түрлерi тағайындалуы мүмкiн.
5. Шартты түрде соттау кезiнде кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары тағайындалуы мүмкiн.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде, адамды аса ауыр қылмыс, сыбайлас жемқорлық қылмыс, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін соттаған кезде адамдарға шартты түрде соттау қолданылмайды. Көрсетілген шектеу он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.
64-бап. Шартты түрде соттаудың күшiн жою
1. Егер шартты түрде сотталған адам пробациялық бақылау мерзiмi өткенге дейiн өз мінез-құлқымен өзiнiң түзелгенiн дәлелдесе, пробациялық бақылауды жүзеге асыратын органның ұсынуы бойынша сот шартты түрде соттаудың күшiн жою туралы және сотталған адамнан сотталғандықты алып тастау туралы қаулы шығара алады. Бұл ретте шартты түрде соттаудың белгiленген мерзiмiнiң кем дегенде жартысы өткен соң оның күшi жойылуы мүмкiн.
2. Шартты түрде сотталған адам:
1) қоғамдық тәртіп пен имандылыққа, кәмелетке толмағандардың құқықтарына, жеке адамға қол сұғатын және отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшiн өзіне әкiмшiлiк жаза қолданылған әкімшілік құқық бұзушылық жасаған;
2) электрондық бақылау құралдарын қасақана зақымдаған (бүлдірген) не дәлелсіз себептермен тіркелуге келмеген немесе пробациялық бақылауды жүзеге асыратын органға хабарламай тұрғылықты жерін ауыстырған;
3) қылмыстық теріс қылық жасаған жағдайларда, сот пробациялық бақылауды жүзеге асыратын органның ұсынуы бойынша пробациялық бақылау мерзімін ұзарта алады, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартады.
3. Шартты түрде сотталған адам соттың оған жүктеген міндеттерін орындамаған не осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген бұзушылықтарды қайталап жасаған жағдайда, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген органның ұсынуы бойынша сот шартты түрде соттаудың күшін жою және сот үкімімен тағайындалған жазаны орындау туралы қаулы етеді, ал кәмелетке толмаған сотталған адамға қатысты пробациялық бақылау мерзімін қайтадан ұзарта алады, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартады.
4. Шартты түрде сотталған адам пробациялық бақылау мерзiмi iшiнде - абайсызда қылмыс не онша ауыр емес қасақана қылмыс, ал шартты түрде сотталған кәмелетке толмаған адам онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған жағдайларда, шартты түрде соттаудың күшiн жою немесе оны күшінде қалдыру туралы мәселенi сот жаңа қылмыс үшiн жаза тағайындаған кезде шешедi.
5. Шартты түрде сотталған адам пробациялық бақылау мерзiмi iшiнде - ауырлығы орташа қасақана қылмыс, ауыр немесе аса ауыр қылмыс, ал кәмелетке толмаған адам ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, сот шартты түрде соттаудың күшiн жояды және оған үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау қағидалары бойынша жаза тағайындайды. Осы баптың төртiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда жаза осы қағидалар бойынша тағайындалады.
5-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҚТАН ЖӘНЕ ЖАЗАДАН БОСАТУ
65-бап. Шынайы өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Қылмыстық теріс қылық жасаған не алғаш рет қылмыс жасаған адам, кінәлі адамның жеке басы, айыбын мойындап келуі, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, тергеп-тексеруге ықпал еткені, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрген зиянды қалпына келтіруі ескеріле отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері, осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында арнайы көзделген жағдайларды қоспағанда, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыс, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс, жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды. Көрсетілген шектеу он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.
66-бап. Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезінде қылмыстық жауаптылықтан босату
Қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан туындаған үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан қажеттi қорғаныс шегiнен шыққан адам iстiң мән-жайлары ескеріле отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 67-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
67-бап. Процестік келісімнің талаптары орындалған кезде қылмыстық жауаптылықтан босату
Процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
«Соттардың қылмыстық істер бойынша келісімдік тәртіпте іс жүргізу практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі № 4 Нормативтік қаулысын қараңыз
Осы баптың бірінші бөлігінің ережесі, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамға қатысты кәмелетке толмаған жасаған жағдайларды қоспағанда, мұндай қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.
68-бап. Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
2. Қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, егер олар жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Қылмыстық жауаптылықтан босату кезінде кәмелетке толмаған адамға тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
3. Қылмыстық құқық бұзушылықпен қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтірілген жағдайларда, осы баптың бірінші немесе екінші бөлігінде көрсетілген адам, егер ол шынайы өкінсе және қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне келтірілген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың ережелері, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты он төрттен он сегізге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған адамға қатысты кәмелетке толмаған адам жасаған жағдайларды қоспағанда, абайсызда адам өліміне не екі және одан көп адамның өліміне әкеп соққан қылмыс, сыбайлас жемқорлық қылмыс, террористік қылмыс, экстремистік қылмыс, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.
69-бап. Кепiлгерлік белгіленуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Қылмыстық теріс қылықты не қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес, жасалғаны үшін осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабында немесе бабының бөлігінде негізгі жазаның өзге де түрлерімен бірге айыппұл көзделген онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысты алғаш рет жасаған адамды сот кепілгерлік белгілей отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін.
2. Кепiлгерлік белгілеу кепiлгер болатын жеке тұлғаның - жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген айыппұлдың екі еселенген мөлшеріне тең мөлшерінде, ал заңды тұлғаның - он еселенген ең жоғары мөлшерінде кепіл енгізуінен тұрады.
3. Кепiлгерлік мерзімі:
1) қылмыстық теріс қылық жасалған кезде - алты айдан бір жылға дейін;
2) онша ауыр емес қылмыс жасалған кезде - бір жылдан екі жылға дейін;
3) ауырлығы орташа қылмыс жасалған кезде - екі жылдан бес жылға дейін белгіленеді.
4. Егер қылмыстық жауаптылықтан босатылған адам кепілгерлік кезеңі ішінде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасамаған болса, кепілгерлік мерзімі өткеннен кейін кепіл кепілгерге қайтарылады.
5. Егер кепілгерлік кезеңі ішінде адам жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, сот қылмыстық жауаптылықтан босату туралы шешімнің күшін жояды және үкімдердің жиынтығымен жаза тағайындау қағидалары бойынша оған жаза тағайындайды. Бұл ретте кепіл мемлекеттің кірісіне алынады.
6. Осы баптың ережелері сыбайлас жемқорлық қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыстар, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды.
70-бап. Жағдайдың өзгеруiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам, егер iс сотта қаралған уақытта жағдайдың өзгеруi салдарынан ол жасаған іс-әрекет қоғамға қауiптi болудан қалды деп танылса, соттың қылмыстық жауаптылықтан босатуына жатады.
2. Қылмыстық теріс қылықты алғаш рет жасаған не онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысты алғаш рет жасаған адам, егер осы адамның содан кейiнгi мінсіз мiнез-құлқына байланысты iс сотта қаралған уақытта оның қоғамға қауiптi деп есептелмейтіні анықталса, соттың қылмыстық жауаптылықтан босатуына жатады.
71-бап. Ескіру мерзімінің өтуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Егер қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен бастап мынадай мерзiмдер:
1) қылмыстық теріс қылық жасалғаннан кейін бір жыл;
2) онша ауыр емес қылмыс жасалғаннан кейiн екi жыл;
3) ауырлығы орташа қылмыс жасалғаннан кейiн бес жыл;
4) ауыр қылмыс жасалғаннан кейiн он бес жыл;
5) аса ауыр қылмыс жасалғаннан кейiн жиырма жыл өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
2. Ескіру мерзімдері қылмыстық құқық бұзушылық жасалған күннен бастап және сот үкiмi заңды күшiне енген кезге дейiн есептеледi.
3. Қылмыстық теріс қылықтар бойынша ескіру мерзімдерінің өтуi жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына қарамастан тоқтатыла тұрмайды және үзілмейді.
4. Егер қылмыс жасаған адам тергеуден немесе соттан жалтарса, ескіру мерзімдерінің өтуi тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескіру мерзімдерінің өтуi адамның ұсталған немесе оның айыбын мойындап келген кезiнен бастап қайта басталады. Бұл ретте, егер қылмыс жасаған уақыттан берi ескіру мерзімі үзілмесе және мынадай мерзімдер:
1) онша ауыр емес қылмыс жасалғаннан кейін он жыл;
2) ауырлығы орташа қылмыс жасалғаннан кейін он бес жыл;
3) ауыр қылмыс жасалғаннан кейін жиырма жыл;
4) аса ауыр қылмыс жасалғаннан кейін жиырма бес жыл өтсе, адам қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды.
Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мерзiм өткенге дейiн жаңадан қасақана қылмыс жасаса, ескіру мерзімінің өтуі үзіледі. Мұндай жағдайларда ескіру мерзімін есептеу жаңа қылмыс жасалған күннен бастап қайта басталады. Өзге жағдайларда, егер ескіру мерзімі өткенге дейiн адам қайтадан қылмыс жасаса, әрбiр қылмыс бойынша ескіру мерзімі дербес өтедi.
5. Осы Кодекс бойынша өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкін қылмысты жасаған адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселені сот шешеді. Егер сот ескіру мерзімінің өтуіне байланысты адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуға болады деп таппаса, онда өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айырумен ауыстырылады, ал өмір бойына бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.
6. Бейбiтшiлiкке және адамзаттың қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстар, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, сондай-ақ жеке адамға, мемлекеттің конституциялық құрылысының негіздеріне және қауіпсіздігіне қарсы, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы, экономикалық қызмет саласында аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарға ескiру мерзiмдерi қолданылмайды.
72-бап. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату
1. Егер сот адамның түзелуі үшін тағайындалған жазаны толық өтеуі қажет етілмейді деп танитын болса, сот бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамды осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуы мүмкiн.
Бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін, қылмысымен келтірілген залалды толық өтеген және ол жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылуға жатады.
Адамдардың қаза табуына әкеп соқтырмаған және аса ауыр қылмыстың жасалуымен ұштаспаған террористік немесе экстремистік қылмысы үшін тағайындалған бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам, осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін, егер ол террористік немесе экстремистік қылмыстарды болдырмауға, ашуға немесе тергеп-тексеруге, террористік немесе экстремистік топтардың қатысушыларын әшкерелеуге белсенді түрде жәрдемдескен болса, сот оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуы мүмкін.
Бұл ретте адам жазаның қосымша түрін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.
2. Бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған адамға жазасының қалған өтелмеген бөлiгi iшiнде сот осы Кодекстің 44-бабы екінші бөлігінің қағидалары бойынша пробациялық бақылауды белгілейді. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану кезінде адамға сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінде көзделген міндеттер жүктеледі.
3. Сотталған адам:
1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн;
2) ауыр қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде жартысын;
3) аса ауыр қылмыс үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екісiн іс жүзінде өтегеннен кейін, сондай-ақ егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күші осы баптың жетінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген негіздер бойынша жойылған болса;
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші осы баптың жетінші бөлігінің 3) тармағында көзделген негіздер бойынша жойылған болса, жаза мерзімінің кемінде төрттен үшін іс жүзінде өтегеннен кейін;
5) сотталған адам процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған жағдайда, ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен бірін не аса ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде жартысын іс жүзінде өтегеннен кейін ғана шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату қолданылуы мүмкін.
4. Жүкті әйелдерге, жас балалары бар әйелдерге, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектерге жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату:
1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшін сот тағайындаған жаза мерзімінің кемінде төрттен бірін;
2) ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн;
3) адам өміріне қолсұғушылықпен ұштаспаған аса ауыр қылмыс үшін сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде жартысын іс жүзінде өтегеннен кейін, сондай-ақ егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші осы баптың жетінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген негіздер бойынша жойылған болса;
4) адам өміріне қолсұғушылықпен ұштасқан аса ауыр қылмыс не осы Кодекстің 120-бабы үшінші бөлігінің 3) және 5) тармақтарында, 121-бабы үшінші бөлігінің 3) және 5) тармақтарында көзделген қылмыстар үшін сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екісін, сондай-ақ егер бұрын қолданылған шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күші осы баптың жетінші бөлігінің 3) тармағында көзделген негіз бойынша жойылған болса;
5) сотталған адам процестік келісімнің барлық талаптарын орындаған жағдайда, ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде төрттен бірін не аса ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен бірін іс жүзінде өтегеннен кейін қолданылуы мүмкін.
5. Сотталған адамның бас бостандығынан айыруды іс жүзінде өтеген мерзiмi алты айдан кем болмауы керек.
6. Сот тағайындаған өмiр бойына бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам, егер сот оның бұл жазаны одан әрi өтеуін қажет етпейдi деп таныса және ол бас бостандығынан айырудың кемiнде жиырма бес жылын іс жүзінде өтесе, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн. Егер сот тағайындаған өмір бойына бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам процестік келісімнің барлық талаптарын орындаса, ол бас бостандығынан айырудың кемінде он бес жылын іс жүзінде өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.
7. Шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату қолданылған адам, егер жазаның қалған өтелмеген бөлiгi iшiнде:
1) екі және одан да көп әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасап, олар үшiн оған әкiмшiлiк жаза қолданылса немесе шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатуды қолдану кезiнде өзiне жүктелген мiндеттердi орындаудан дәлелсіз себеппен екі реттен артық жалтарса не бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін таңдалған тұрғылықты жері бойынша тіркелу үшін бес жұмыс күні ішінде дәлелсіз себеппен келмесе, сот уәкілетті мемлекеттік органның ұсынуы бойынша шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшiн жою және жазаның қалған өтелмеген бөлiгiн орындау туралы қаулы шығара алады;