15-бап. Діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу
1. Дiни бiрлестiк оны мемлекеттік тіркеген сәттен бастап заңды тұлғаның құқық қабiлеттілігiне ие болады.
2. Республикалық діни бiрлестiктердi және өңірлік діни бірлестіктерді мемлекеттiк тiркеудi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi жүзеге асырады.
Жергілікті діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеуді, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді аумақтық әдiлет органдары жүзеге асырады.
3. Діни бірлестікті құру туралы шешім қабылданған сәттен бастап екі ай мерзім ішінде тіркелу үшін тіркеуші органға өтініш беріледі. Өтінішке:
1) діни бірлестік басшысының қолы қойылған діни бірлестіктің жарғысы;
2) құрылтай жиналысының (съезінің, конференциясының) хаттамасы;
3) құрылатын діни бірлестіктің бастамашы азаматтарының тіркеуші орган белгілеген нысан бойынша электрондық және қағаз жеткізгіштердегі тізімі;
4) дiни бiрлестiктiң орналасқан жерiн растайтын құжат;
5) діни ілімнің пайда болу тарихы мен негіздерін ашып көрсететін және осы ілімге сәйкес келетін діни қызмет туралы мәліметтер қамтылған діни баспа материалдары;
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркегені үшін бюджетке тіркеу алымы төленгенін растайтын түбіртек немесе өзге де құжат;
7) діни бірлестіктің басшысын сайлау туралы шешім не шетелдік діни орталық басшыны тағайындаған жағдайда, уәкілетті органмен келісілгенін растайтын құжат қоса беріледі.
4. Өңірлік діни бірлестікті тіркеу кезінде тіркеуші орган белгілеген нысан бойынша өңірлік діни бірлестіктерді құруға бастамашылық жасаған жергілікті діни бірлестіктердің әрқайсысының қатысушыларының тізімі, сондай-ақ олардың жергілікті діни бірлестіктері жарғыларының нотариат куәландырған көшірмелері қосымша табыс етіледі.
5. Республикалық діни бірлестіктер мәртебесін растау үшін тіркелген күнінен бастап бір жыл өткенге дейін тіркеуді жүзеге асыратын органға олардың құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) аумақтық әділет органдарында есептік тіркеуден өткенін растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.
6. Осы баптың 5-тармағының талаптарын орындамаған жағдайда, республикалық діни бірлестік Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қайта ұйымдастырылуға немесе таратылуға жатады.
7. Діни бірлестіктерді мемлекеттiк тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептiк тiркеу, діни бірлестіктерді қайта тiркеу, тiркеуден бас тарту осы Заңда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртiппен және мерзiмде жүзеге асырылады.
8. Мемлекеттік тіркеудің (қайта тіркеудің) мерзіміне дінтану сараптамасын жүргізу және діни бірлестікті құруға бастамашы азаматтар тізімінің осы Заңның талаптарына сәйкестігін тексеру үшін үзіліс жасалады.
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Тіркеуші орган мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) мерзіміне үзіліс жасау туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға дінтану сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру үшін қажетті құжаттардың көшірмелерін және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарына тексеру үшін діни бірлестіктер құруға бастамашы азаматтар тізімдерінің көшірмелерін жібереді.
10. Ұсынылған құжаттардың заңнамаға сәйкестігін тексерудің, жүргізілген дінтану сараптамасының, діни бірлестікті құруға бастамашы азаматтардың тізімін тексерудің нәтижелері бойынша діни бірлестікті мемлекеттік тіркеу туралы немесе мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылданады.
16-бап. Дiни бiрлестiктiң жарғысы
1. Дiни бiрлестiк өз қызметiн жарғының негiзiнде жүзеге асырады, онда мыналар:
1) атауы, қызметінің мәні мен мақсаттары;
2) орналасқан жерi және оның шегінде өз қызметін жүзеге асыратын аумақ;
3) құрылымы, басқару органдарын қалыптастыру тәртiбi мен олардың құзыреті;
4) қатысушыларының (мүшелерінің) құқықтары мен мiндеттерi;
5) ұстанатын діні, діни ілімінің негіздері және осы ілімге сәйкес келетін діни қызметі туралы мәліметтер;
6) діни бірлестіктің мүшесі етіп қабылдаудың және одан шығудың шарттары мен тәртібі;
7) мүлікті қалыптастыру көздері;
8) құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi;
9) қызметін қайта ұйымдастыру және оны тоқтату шарттары;
10) таратылған жағдайда мүлікті пайдалану тәртібі;
11) филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметтер болуға тиіс.
2. Дiни бiрлестiктiң жарғысында оның қызметіне қатысты және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер болуы мүмкін.
3. Діни ілім негіздері мен діни қызмет туралы мәліметтерде негізгі діни идеялар, діни бірлестік қызметінің нысандары, осы діни бірлестік қатысушыларының (мүшелерінің) және басқа да адамдардың неке мен отбасына, білімге, денсаулыққа көзқарасының ерекшеліктері, оның қатысушылары (мүшелері) мен қызметшілерінің конституциялық құқықтары мен міндеттерін іске асыруға көзқарасы қамтылуға тиіс.
17-бап. Діни бірлестікті тіркеуден бас тарту
1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, сондай-ақ құрылтай құжаттарындағы және өзге де ұсынылған құжаттардағы мәліметтер дәйексіз болса және (немесе) құрылатын бірлестік дінтану сараптамасының нәтижелері негізінде діни бірлестік ретінде танылмаған жағдайларда діни бірлестікті мемлекеттік тіркеуден, оның құрылымдық бөлімшесін (филиалы мен өкілдігін) есептік тіркеуден бас тартылады.
2. Тіркеуден бас тартылған жағдайда сотқа шағымдануға болады.
18-бап. Дiни бiрлестiктi қайта ұйымдастыру және тарату
1. Діни бірлестіктерді қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қосылу, бiрiгу, бөлiну, қайта құру және бөлiнiп шығу жолымен діни бірлестіктің құрылтай құжаттары уәкілеттік берген органның шешiмi бойынша не сот шешімі бойынша жүзеге асырылады. Діни бірлестік тек басқа діни бірлестік болып немесе жеке мекеме болып қайта құрылуы мүмкін. Діни бірлестіктерді қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған ұйымдар осы Заңның талаптарына сәйкес келген жағдайда діни бірлестіктер ретінде тіркелуі мүмкін.
2. Діни бірлестіктің қызметін тоқтата тұру және оны тарату Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргізіледі.
19-бап. Мемлекет және шетелдік діни бірлестіктер
1. Шетелдік діни орталық уәкілетті органмен келіспей тағайындаған діни бірлестік басшысының қызметін жүзеге асыруына жол берілмейді.
2. Шетелдік діни орталық діни бірлестіктің басшысы лауазымына кандидатты келісу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) кандидат туралы, оның шетелдік діни орталықтағы бұрынғы қызметі туралы мәліметтер қамтылған қолдаухатты;
2) кандидатты Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін діни бірлестіктің басшысы етіп тағайындау туралы шешімді;
3) діни бірлестіктің басшысы лауазымына кандидаттың паспортының немесе жеке куәлігінің көшірмесін ұсынады.
Құжаттар қазақ және орыс тілдеріне аудармасының дұрыстығын Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған және аударманы жүзеге асырған аудармашы қолының түпнұсқалығын Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған түрінде табыс етіледі.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттарды уәкілетті орган олардың ұсынылған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.
4. Егер Қазақстан Республикасындағы діни бірлестік басшысының қызметі конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, адам құқықтары мен бостандықтарына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қатер төндіретін болса, уәкілетті орган шетелдік діни орталықтың оны тағайындауына келісуден бас тартады.
5-тарау. ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ МҮЛІКТІК ҚҰҚЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫ
20-бап. Дiни бiрлестiктердiң меншiгi
1. Дiни бiрлестiктердiң өз қаражаты есебінен сатып алынған немесе жасалған, Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, ұйымдардың қайырмалдықтарға берген немесе Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да негiздер бойынша сатып алынған мүлiкке меншiк құқығы бар.
2. Меншік құқығындағы жылжымайтын және жылжымалы мүлік діни бірлестіктердің меншігі болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі мүлік те дiни бiрлестiктердің меншiгiнде болуы мүмкiн.
4. Дiни бiрлестiктер ерiктi түрде қаржылай және басқа да қайырмалдықтар сұрауға және оларды алуға құқылы.
5. Дiни бiрлестiктердiң меншiк құқығы заңмен қорғалады.
21-бап. Мемлекеттiң, ұйымдар мен жеке тұлғалардың меншiгi болып табылатын мүлiктi пайдалану
1. Дiни бiрлестiктер өздерiне шарттық негiзде берілген үйлердi, аумақты және мүлiктi пайдалануға құқылы.
2. Діни мақсаттағы тарих және мәдениет ескерткіштері діни бiрлестiктердің пайдалануына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілуі мүмкін.
22-бап. Таратылған дiни бiрлестiктiң мүлкiне иелiк ету
1. Діни бірлестік таратылған немесе қызметі тоқтатылған кезде оның меншігінде болған мүлікке иелік ету оның жарғысына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Құқық мирасқорлары болмаған кезде мүлік Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес мемлекет меншігіне өтеді.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
23-бап. Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзушылық Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
24-бап. Өтпелі ережелер
1. Діни бірлестіктер осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жылдың ішінде осы Заңның талаптарына сәйкес өздерінің құрылтай құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге міндетті. Сонымен бір мезгілде тіркеуші органға діни бірлестіктің мәртебесін растайтын құжаттар табыс етіледі.
2. Діни мүдделері мен қажеттіліктерін қанағаттандырумен айналысатын және осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін діни бірлестіктен басқа өзгеше ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жылдың ішінде өздерінің құрылтай құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге міндетті.
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Көрсетілген мерзім өткен соң өздерінің құрылтай құжаттарын осы Заңның талаптарына сәйкес келтірмеген заңды тұлғалар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарының өтініші бойынша сот тәртібімен таратылады.
25-бап. Қорытынды ережелер
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» 1992 жылғы 15 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1992 ж., № 4, 84-құжат; 1995 ж., № 20, 120, 121-құжаттар; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 13-14, 205-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 13, 53-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы қазанның 11-і
№ 483-ІV ҚРЗ