Қызметін ядролық қондырғыларды қоспағанда, ықтимал радиациялық қауіптілігі ІІІ және ІV санаттардағы объектілермен жүзеге асыратын субъектілерді тексеру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүргізіледі.
Қызметін ықтимал радиациялық қауіптілігі І, ІІ, ІІІ және ІV санаттардағы объектілермен жүзеге асыратын субъектілерге бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүргізіледі.
Қызметін ықтимал радиациялық қауіптілігі І, ІІ, ІІІ және ІV санаттардағы объектілермен жүзеге асыратын субъектілерге бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы баптың 3 - 11-тармақтарына сәйкес жүргізіледі.
2. Мемлекеттік бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша анықталған Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылыққа қарай лауазымды адамдар мынадай актілер шығарады:
1) тексеру нәтижелері туралы акт - субъектінің Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігіне тексеру нәтижелері бойынша атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адам беретін құжат;
2) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықты жою туралы нұсқама;
3) жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұру немесе оларға тыйым салу туралы нұсқама;
4) бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау қорытындысы бойынша ұсыным.
3. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау алдын алу - профилактикалық сипатта болады.
4. Атом энергиясын пайдалану саласындағы бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау:
1) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес жеке және заңды тұлғалар ұсынатын ақпарат пен есептілікті;
2) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын бұзушылық туралы ақпарат келіп түскен кезде өз құзыреті шегінде уәкілетті органның сұрау салуы бойынша алынған, осы заңнаманы сақтау мәселелері жөніндегі ақпаратты;
3) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын сақтау мәселелеріне қатысты үшінші тұлғалардан келіп түсетін ақпаратты талдау жолымен жүргізіледі.
5. Қызметін ықтимал радиациялық қауіптілігі І, ІІ, ІІІ және ІV санаттардағы объектілермен жүзеге асыратын субъектілер атом энергиясын пайдалану саласындағы бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізу субъектілері болып табылады.
6. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша бақылау және қадағалау субъектісінің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) бұзушылықтар анықталған жағдайда, уәкілетті орган бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсыным ресімдейді және жібереді.
7. Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген ұсыным мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - алғаны туралы белгі қойылғаннан бастап;
2) поштамен - хабарламасы бар тапсырысты хат жіберу арқылы;
3) электрондық тәсілмен - бақылау және қадағалау субъектісі уәкілетті органға бұрын ұсынған құжаттарда көрсетілген бақылау және қадағалау субъектісінің электрондық мекенжайына уәкілетті орган жөнелту арқылы табыс етілді деп есептеледі.
8. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды орындауға арналған мерзім ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап кемінде он жұмыс күнін құрауға тиіс.
9. Бақылау және қадағалау субъектісі ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ұсынымды жіберген уәкілетті органға ұсыным табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.
10. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізудің жартыжылдық графигіне енгізуге алып келеді.
11. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізудің жиілігі қажеттілікке қарай, бірақ Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасында көзделген ақпарат пен есептілік беру кезеңділігінен жиілетпей айқындалады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 7-1-баппен толықтырылды
7-1-бап. Қызметін ядролық қондырғылармен және ықтимал радиациялық қауіптілігі І және ІІ санаттардағы объектілермен жүзеге асыратын субъектілерді тексеруді жүзеге асыру тәртібі
1. Қызметін ядролық қондырғылармен және ықтимал радиациялық қауіптілігі І және ІІ санаттардағы объектілермен жүзеге асыратын субъектілерді (бұдан әрі - қадағалау субъектілері) тексеруді уәкілетті орган кезеңділік негізінде, бірақ тоқсанына бір реттен жиілетпей және жоспардан тыс жүргізеді.
Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында уәкілетті орган қадағалау субъектісіне қатысты тағайындайтын тексеру кезеңділік негізіндегі тексеру болып табылады.
Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнетін тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында нақты қадағалау субъектісіне қатысты тексеру тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша уәкілетті орган тағайындайтын тексеру жоспардан тыс тексеру болып табылады.
2. Мыналар жоспардан тыс тексерудің негіздері болып табылады:
1) ядролық қондырғы жүйелеріндегі, жабдықтарындағы, құжаттамасындағы ядролық, радиациялық немесе ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзгерістер туралы ақпарат;
2) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікпен байланысты авариялар мен оқыс оқиғалар туралы ақпарат;
3) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын бұзу мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері.
3. Тексеруді тағайындау туралы акт негізінде тексеру жүргізіледі, онда мыналар көрсетіледі:
1) актінің нөмірі мен күні;
2) уәкілетті органның атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және лауазымы;
4) тексеру жүргізу үшін тартылатын мамандар, консультанттар және сарапшылар туралы мәліметтер;
5) қадағалау субъектісінің атауы, оның өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның орналасқан жері, сәйкестендіру нөмірі және қадағалау объектісі;
6) тексеру нысанасы;
7) тексеру жүргізу мерзімі;
8) тексеру жүргізу негіздері;
9) актіге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы және уәкілетті органның мөрі;
10) қадағалау субъектісі басшысының не оның уәкілетті адамының тексеруді тағайындау туралы актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы.
4. Тексеру қадағалау субъектісін алдын ала хабардар етпестен, бірақ тексеруді тағайындау туралы актіні құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда міндетті түрде тіркей отырып жүргізіледі.
5. Уәкілетті органның лауазымды адамдарының тексеру жүргізу кезінде:
1) осы баптың 6-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсеткен кезде қадағалау субъектісінің аумағына және үй-жайына кедергісіз кіруге;
2) қағаз және электрондық жеткізгіштерде құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін тексеру нәтижелері туралы актіге қосып тіркеу үшін алуға, сондай-ақ тексерудің міндеттері мен нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік алуға;
3) мемлекеттік органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандарын, консультанттарын және сарапшыларын тартуға құқығы бар.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2020 ж. 30 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Лауазымды адамдар тексеру кезінде қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын және тексеруді тағайындау туралы актіні көрсетуге міндетті.
7. Тексеруді тағайындау туралы акт қадағалау субъектісіне табыс етілген кез тексеру жүргізудің басталғаны деп есептеледі.
8. Тексеру жүргізу мерзімі алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және он бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
9. Тексеру жүргізу мерзімін уәкілетті органның басшысы (не оны алмастыратын адам):
1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары шеңберінде шетелдік мемлекеттік органдардан ақпарат алу;
2) күрделі және (немесе) ұзаққа созылатын сараптамалар (талдаулар, сынақтар) жүргізу;
3) өзіне қатысты тексеру жүргізілетін тұлғаның тұрған жерін анықтау қажет болған жағдайларда ғана осы баптың 8-тармағында айқындалған мерзімдерге бір рет қана ұзарта алады.
Тексеру жүргізу мерзімдерін ұзарту қадағалау субъектісін хабардар етіп және құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркете отырып, тексеруді ұзарту туралы қосымша актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің тіркеу нөмірі мен күні және ұзарту себебі көрсетіледі.
10. Тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартылған немесе тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың тексеру жүргізу үшін қажет субъектілерге (объектілерге) және (немесе) материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайларда хаттама жасалады, оған тексеруді жүзеге асырған лауазымды адамдар және қадағалау субъектісі не оның уәкілетті өкілі қол қояды.
11. Қадағалау субъектісі бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме бере отырып, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тарту тексеруді жүргізбеу үшін негіз болып табылмайды.
12. Тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдар тексеру нәтижелері бойынша екі данада тексеру нәтижелері туралы акт жасайды.
Тексеру нәтижелері туралы актіде:
1) актінің нөмірі, жасалған күні, уақыты мен орны;
2) уәкілетті органның атауы;
3) тексеру жүргізуге негіз болған тексеруді тағайындау туралы актінің күні мен нөмірі;
4) тексеру жүргізген адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және лауазымы;
5) тексеру жүргізу үшін тартылатын мамандар, консультанттар және сарапшылар туралы мәліметтер;
6) қадағалау субъектісінің атауы, оның өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның орналасқан жері, сәйкестендіру нөмірі және қадағалау объектісі;
7) тексеру жүргізілген күн, орын және кезең;
8) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы мәліметтер;
9) қадағалау субъектісінің, сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан адамдардың тексеру нәтижелері туралы актімен танысуы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартуы туралы жазба;
10) тексеру жүргізген лауазымды адамның қолтаңбасы көрсетіледі.
13. Қадағалау субъектісі тексеру нәтижелеріне жоғары тұрған лауазымды адамға немесе сотқа Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
14. Тексеру нәтижелері туралы актіге жүргізілген зерттеулердің (сынақтардың), сараптамалардың қорытындылары және тексеру нәтижелерімен байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері (олар болған кезде) қоса беріледі.
15. Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, қадағалау субъектісі оларды жазбаша түрде баяндайды.
Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тіркелуі мүмкін, бұл жөнінде тиісті белгі жасалады.
Қадағалау субъектісінде түпнұсқа түрінде болатын құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, қосымшалардың көшірмелерімен бірге тексеру нәтижелері туралы актінің бір данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау және басқа да әрекеттер үшін қадағалау субъектісіне не оның уәкілетті өкіліне табыс етіледі.
16. Тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірілмей тексеру нәтижелері туралы акт қадағалау субъектісіне табыс етілген күн тексеру мерзімінің аяқталуы деп есептеледі.
17. Тексеру нәтижелері туралы акт мынадай тәсілдермен:
1) қолма-қол - алғаны туралы белгі қойылғаннан бастап;
2) поштамен - хабарламасы бар тапсырысты хат жіберу арқылы табыс етіледі.
18. Тексеру жүргізілген кезде Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар болмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы актіге тиісті жазба жасалады.
19. Тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда, лауазымды адамдар анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама береді, сондай-ақ қадағалау субъектісінің жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұру немесе оларға тыйым салу түрінде жедел ден қою шараларын қабылдайды.
20. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада мыналар көрсетіледі:
1) нөмірі мен күні;
2) тексеру жүргізген адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және лауазымы;
3) қадағалау субъектісінің атауы, оның өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның орналасқан жері, сәйкестендіру нөмірі және қадағалау объектісі;
4) тексеру нәтижелері туралы актінің нөмірі мен күні;
5) анықталған бұзушылықтар және оларды жою туралы талап;
6) нұсқаманы орындау мерзімдері;
7) шағым жасау тәртібі.
21. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін айрықша жағдайларда лауазымды адамның қадағалау субъектісінің жекелеген қызмет түрлерін соттың шешімінсіз үш тәуліктен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға немесе оларға тыйым салуға құқығы бар. Көрсетілген мерзімде уәкілетті орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдарды сотқа жіберуге міндетті.
Қадағалау субъектісінің жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұру немесе оларға тыйым салу туралы нұсқама сот қаулысы шығарылғанға дейін қолданылады.
22. Қадағалау субъектісінің жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұру немесе оларға тыйым салу туралы нұсқамада мыналар көрсетіледі:
1) нөмірі, жасалу күні мен орны;
2) осы нұсқаманы берген адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және лауазымы;
3) қадағалау субъектісінің атауы, оның өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның орналасқан жері, сәйкестендіру нөмірі және қадағалау объектісі;
4) тексеру нәтижелері туралы актінің нөмірі мен күні;
5) осы шараны қолдану негізі;
6) қызметті жүзеге асыруы уақытша тоқтата тұруға немесе оған тыйым салуға жататын объект;
7) қызметтің іс жүзінде тоқтатыла тұру уақыты;
8) тұлғаның түсініктемелері;
9) істі дұрыс шешу үшін қажет өзге де деректер.
23. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама және қадағалау субъектісінің жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұру немесе оларға тыйым салу туралы нұсқама қадағалау субъектісіне немесе оның өкіліне осы баптың 17-тармағында көрсетілген тәсілдердің бірімен табыс етіледі.
24. Нұсқамалар қадағалау субъектілерінің орындауы үшін міндетті болып табылады.
25. Лауазымды адамдар беретін нұсқамаларға жоғары тұрған лауазымды адамға немесе сотқа Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
3-тарау. АТОМ ЭНЕРГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ШАРТТАРЫ МЕН ТӘРТІБІ
8-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асырудың жалпы шарттары
1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар:
1) атом энергиясын пайдалану саласындағы тиісті қызмет түріне лицензиясы болуға;
2) атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен нысаналы жұмыс істеуді қамтамасыз етуге;
3) атом энергиясы пайдаланылатын объектінің жобалау және пайдалану сипаттамалары мен өлшемдерінің ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік экспорттық бақылау талаптарына және (немесе) ядролық қаруды таратпау режимінің талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге;
4) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленген ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық құрылымы және ішкі құжаттарының жүйесі болуға;
5) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес ядролық материалдарды есепке алу жөніндегі талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық құрылымы және ішкі құжаттарының жүйесі болуға;
6) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу жөніндегі талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық құрылымы және ішкі құжаттарының жүйесі болуға;
7) ядролық материалдарды есепке алу мен бақылауды қамтамасыз етуге және уәкілетті органға олардың бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы есептер ұсынуға;
8) иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу мен бақылауды қамтамасыз етуге және уәкілетті органға олардың бар-жоғы, орын ауыстыруы және орналасқан жері туралы есептер ұсынуға;
9) уәкілетті органға ядролық, радиациялық немесе ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты жүйелердегі, жабдықтардағы, ядролық қондырғы құжаттамасындағы кез келген өзгерістер туралы хабарлауға;
10) уәкілетті органға ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікке байланысты авариялар мен оқыс оқиғалар туралы хабарлауға;
11) өмірлік циклінің бүкіл кезеңі ішінде ядролық қондырғыны қауіпсіз пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету үшін қажетті ұйымдастырушылық, қаржылық, материалдық-техникалық ресурстарына ие болуға және білікті персоналы болуға;
12) ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару, көму пунктін жабу, кейіннен кәдеге жарату, радиоактивті қалдықтарды көму, радиациялық авариялардың салдарын жою, адамдардың өмірі мен денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеу бойынша жұмыстарды қамтамасыз ету үшін қаржы құралдарын көздеуге;
13) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленген ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарын сақтауға;
14) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде ядролық және радиациялық қауіпті жұмыстарға жіберілген жұмыскерлердің сәуле алу мөлшерін есепке алу мен талдауды жүргізуге және олардың өтемақы алу құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етуге;
15) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды даярлауды, біліктілігін сақтауды және уақтылы аттестаттауды жүзеге асыруға міндетті.
2. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың және (немесе) мұндай объектілердің меншік иелерінің атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді басқа жеке және заңды тұлғаларға, егер бұл тұлғалардың атом энергиясын пайдалану саласындағы тиісті қызмет түріне лицензиялары болмаса, беруге құқығы жоқ.
3. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар қызметін тоқтатқан кезде қызметті қауіпсіз тоқтату жөніндегі мынадай іс-шараларды орындауға:
1) ядролық материалдарды және (немесе) иондандырушы сәулелену көздерін атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын, олармен жұмыс істеуге тиісті лицензиялары бар жеке және заңды тұлғаларға беруге;
2) радиоактивті қалдықтарды және (немесе) пайдаланылған радионуклидті көздерді сақтау немесе көму пункттеріне беруге;
3) пайдаланылып болған ядролық отынды сақтау немесе көму пункттеріне не атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын, ядролық материалдармен жұмыс істеуге тиісті лицензиялары бар заңды тұлғаларға беруге;
4) қоршаған ортаны қалпына келтіру, аумақтарды рекультивациялау, тоқтатылатын қызметті жүзеге асыру кезінде ластанған жабдықтар мен үй-жайларды активсіздендіру бойынша жұмыстар жүргізуге міндетті.
9-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау
1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау осы Заңға және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Алып қою деңгейінен жоғары атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен қызмет лицензиялануға жатады.
2. Қызметтің түрлері: атом энергиясы пайдаланылатын объектілердің өмірлік циклінің кезеңдеріне байланысты жұмыстарды орындау; ядролық материалдармен жұмыс істеу; радиоактивті заттармен, құрамында радиоактивті заттар бар аспаптармен және қондырғылармен жұмыс істеу; иондандырушы сәулеленуді генерациялайтын аспаптармен және қондырғылармен жұмыс істеу; радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу; ядролық материалдарды, радиоактивтi заттарды, иондандырушы сәулеленудің радиоизотоптық көздерiн, радиоактивтi қалдықтарды транзиттiк тасымалдауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде тасымалдау үшін лицензия және (немесе) лицензияға қосымша алуға өтінішті қарау мерзімі - ол ұсынылған күннен бастап:
1) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғылар, көму пункттері үшін - он айдан аспайды;
2) радиациялық қауіптілігі 3 және 4-санаттардағы ядролық қондырғылар, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы радиациялық және электрофизикалық қондырғылар үшін - бес айдан аспайды;
3) радиациялық қауіптілігі 3-санаттағы радиациялық және электрофизикалық қондырғылар үшін - алпыс жұмыс күнінен аспайды;
4) радиациялық қауіптілігі 4-санаттағы радиациялық және электрофизикалық қондырғылар үшін - қырық жұмыс күнінен аспайды;
5) пайдаланылып болған ядролық отынды, активтілігі жоғары радиоактивті қалдықтарды тасымалдау үшін - төрт айдан аспайды;
6) ядролық материалдарды тасымалдау үшін - елу жұмыс күнін;
7) активтілігі орташа, активтілігі төмен радиоактивті қалдықтарды, радиоактивті заттар мен жабық радиоактивті көздерді тасымалдау үшін - отыз жұмыс күнін құрайды.
3. Ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғыларға қатысы жоқ иондандырушы сәулелену көздерімен немесе радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, сондай-ақ қызметтің түрлері: атом энергиясын пайдалану саласында қызметтер көрсету; бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарындағы және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа аумақтардағы қызмет; ядролық қондырғылар мен ядролық материалдарды физикалық қорғау; ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты персоналды арнайы даярлау үшін лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру туралы өтініштерді қарау мерзімі отыз жұмыс күнін құрайды.
4. Лицензияға қосымшада лицензия берудің ерекше шарттары ретінде аспаптардың, қондырғылардың, материалдардың, заттардың, қалдықтардың түрі көрсетіледі, бұлармен лицензиат мынадай тізбе бойынша жұмыс жүргізеді:
1) ядролық отын және оның компоненттерін дайындайтын қондырғылар;
2) атом энергетикалық станциялары;
3) ядролық (атом) зерттеу реакторлары;
4) термоядролық реакторлар;
5) табиғи уран өндіретін және қайта өңдейтін қондырғылар;
6) активтілігі жоғары радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттері;
7) активтілігі орташа радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттері;
8) активтілігі төмен радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттері;
9) пайдаланылып болған ядролық отынды сақтау пункттері;
10) радионуклидті көздерді сақтау пункттері;
11) активтілігі жоғары радиоактивті қалдықтарды көму пункттері;
12) активтілігі орташа радиоактивті қалдықтарды көму пункттері;
13) активтілігі төмен радиоактивті қалдықтарды көму пункттері;
14) пайдаланылып болған ядролық отынды көму пункттері;
15) пайдаланылған радионуклидті көздерді көму пункттері;
16) изотоптық құрамы көрсетілген ядролық материалдар;
17) радиоактивті заттар;
18) радиофармпрепараттар;
19) нейтрон генераторлары;
20) құрамында уран бар заттар;
21) құрамында торий бар заттар;
22) табиғи уранның қайта өңделген өнімдері;
23) белсенділігі көрсетілген жабық радионуклидті көздер;
24) активтілігі жоғары радиоактивті қалдықтар;
25) активтілігі орташа радиоактивті қалдықтар;
26) активтілігі төмен радиоактивті қалдықтар;
27) радиоизотоптық спектрометрлер, талдағыштар, датчиктер, өлшеуіштер;