Уәкілетті орган мен бірыңғай үйлестіру орталығы арнайы экономикалық аймақтың даму стратегиясын келіп түскен күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қарайды.
Уәкілетті орган мен бірыңғай үйлестіру орталығы тарапынан ескертулер мен ұсыныстар болған жағдайда арнайы экономикалық аймақтың пысықталған даму стратегиясы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға және бірыңғай үйлестіру орталығына келісу үшін қайта енгізілуге жатады.
Бұл стратегия арнайы экономикалық аймақтың даму динамикасы ескеріле отырып, әрбір үш жыл сайын қайта бекітілуге жатады.
Арнайы экономикалық аймақтың кейіннен тартылған басқарушы компаниялары өз қызметін арнайы экономикалық аймақтың бұрын бекітілген даму стратегиясына сәйкес жүзеге асырады.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 39-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
39-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының функциялары
Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларына:
1) арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасасу;
2) арнайы экономикалық аймақтың басым қызмет түрлерін жүзеге асыратын қатысушыларына және қосалқы немесе бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға), кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға), уақытша пайдалануға (жалға) немесе уақытша кейінгі пайдалануға (қосалқы жалға) беру және инфрақұрылым объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) немесе қосымша жалдауға (қосалқы жалға) беру;
3) мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің салынған объектісі мемлекеттік меншікке берілген жағдайда мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша жекеше әріптес болып табылатын арнайы экономикалық аймақ қатысушысының пайдасына уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын иеліктен шығару;
4) қызметті жүзеге асыру туралы шарттарды және бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасасу және бұзу;
5) уәкілетті органға және бірыңғай үйлестіру орталығына арнайы экономикалық аймақтар қызметінің нәтижелері туралы есептілікті уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының жыл сайынғы есептері негізінде ұсыну;
6) арнайы экономикалық аймақтың әлеуетті қатысушыларын және бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларды тарту;
7) инфрақұрылым объектілерін салу және арнайы экономикалық аймақтардың өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін инвестициялар тарту;
8) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына берілмеген жер учаскелерінде бекітілген техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес инфрақұрылым объектілерін салуды жүзеге асыру;
9) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуі үшін қабылдау орындарын ұйымдастыру;
10) қызметті жүзеге асыру туралы шарттар және бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеу;
11) арнайы экономикалық аймақта жаңа өндірістерді құру бойынша маркетингтік зерттеулер жүргізу;
12) арнайы экономикалық аймақтарды дамыту және ілгерілету жөніндегі іс-шараларды өткізу;
13) арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетті қатысушыларын, өтініш берушілерді, арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларын ақпараттық қолдап отыруды қамтамасыз ету, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетті қатысушыларының, өтініш берушілердің, арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының мемлекеттік органдардың, жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің өкілдерімен кездесулерін ұйымдастыру;
14) арнайы экономикалық аймақта өнеркәсіптік-инновациялық және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инвестициялар тарту;
15) арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетті қатысушыларымен, өтініш берушілермен, арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларымен «бір терезе» қағидаты бойынша өзара іс-қимыл жасасу мен жұмыс жүргізу және осы қағидатты іске асыру шеңберінде, оның ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алған кезде мемлекеттік органдармен және өзге көрсетілетін қызметтерді алған кезде өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасу кезінде арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының мүдделерін білдіру;
16) коммуналдық, логистикалық және сервистік көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
17) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қатысу;
18) бизнес-жоспарларды, техникалық-экономикалық негіздемені, жобалау-сметалық құжаттаманы және өзге де жобалау құжаттамасын әзірлеу бойынша қызметтер көрсету;
19) арнайы экономикалық аймақтың аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру және арнайы экономикалық аймақ тың қатысушыларына немесе бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға осындай көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
20) арнайы экономикалық аймақтың аумағын абаттандыру және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
21) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына және бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға консалтингтік және маркетингтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
22) арнайы экономикалық аймақтың аумағында тұрғызылатын инфрақұрылым және кәсіпкерлік қызмет объектілері бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында техникалық қадағалауды жүзеге асыру және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
23) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де функциялар жатады.
40-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясын басқару үшін адамдарды іріктеу
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясын құрған жағдайда, арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының басшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі арнайы экономикалық аймақты құру туралы шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде уәкілетті орган тиісті мүдделі мемлекеттік органдармен және бірыңғай үйлестіру орталығымен бірлесе отырып өткізген конкурстық іріктеу қорытындылары бойынша тағайындалады.
2. Конкурстық комиссияның оң шешімі конкурстық іріктеуден өткен адаммен еңбек шартын жасасуға негіз болып табылады.
Конкурстық комиссияның оң шешімі болған жағдайда, Бірыңғай үйлестіру орталығы конкурстың қорытындылары шығарылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде басқарушы компанияның директорлар кеңесінің отырысына конкурстық іріктеуден өткен адамды басқарушы компанияның басшысы лауазымына тағайындау туралы ұсыныс енгізеді.
Басқарушы компанияның директорлар кеңесі (жалғыз қатысушының немесе қатысушылардың жалпы жиналысының шешімімен) конкурстық іріктеуден өткен адаммен еңбек шартын жасасу туралы шешім қабылдайды, онда оның қызметінің шешуші көрсеткіштері қамтылуға тиіс.
3. Қызметтің шешуші көрсеткіштеріне қол жеткізбеу арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының басшысымен еңбек қатынастарын тоқтатуға негіз болып табылады.
4. Басқарушы компанияның бірінші басшысы қызметтің шешуші көрсеткіштеріне қол жеткізбеген жағдайда, уәкілетті орган директорлар кеңесінің қарауына еңбек шартын бұзу туралы ұсыну енгізеді.
Директорлар кеңесі еңбек шартын бұзу бойынша тиісті шаралар қабылдамаған жағдайда, мұндай басқарушы компаниямен арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларын тиісінше орындау жөніндегі шарт бұзылады.
41-бап. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларының құқықтары мен міндеттері
1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құқықтық қорғау кепілдіктерін, салықтық және өзге де жеңілдіктерді пайдалануға;
2) Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және осы Заңда белгіленген тәртіппен басым қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін жер учаскелерін алуға және инфрақұрылым объектілерін салуға;
3) қызметті жүзеге асыру туралы шартта бірыңғай технологиялық процеске кіретін және арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттары мен басым қызмет түрлеріне сәйкес келетін қызмет түрлерін айқындауға;
4) басым қызмет түрлерін жүзеге асыру процесінде қосалқы қызмет түрін жүзеге асыратын тұлғаларды тартуға;
5) қосалқы қызмет түрлерін айқындауға;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
2. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары:
1) арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясына өз қызметі туралы жыл сайынғы есепті ұсынуға;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында және қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген міндеттерді адал және тиісінше орындауға міндетті.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 41-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
41-1-бап. Бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалардың құқықтары мен міндеттері
1. Бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құқықтық қорғау кепілдіктерін пайдалануға;
2) Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және осы Заңда белгіленген тәртіппен бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін жер учаскелерін алуға және инфрақұрылым объектілерін салуға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
2. Бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар:
1) арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясына өз қызметі туралы жыл сайынғы есепті ұсынуға;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында және бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген міндеттерді адал және тиісінше орындауға міндетті.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 42-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
42-бап. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарттар және бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеу
Қызметті жүзеге асыру туралы шарттар және бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеуді:
арнайы экономикалық аймақтардың басқарушы компаниялары тұрақты түрде қызметті жүзеге асыру туралы шартты және бейінді емес қызметті жүзеге асыру туралы шартты орындау шеңберінде арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының және бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалардың бастапқы құжаттамасы, сондай-ақ жыл сайынғы есептері негізінде;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары және бірыңғай үйлестіру орталығы арнайы экономикалық аймақтардың басқарушы компаниялары есептілік нысанында ұсынатын ақпарат, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары және бейінді емес қызметті жүзеге асыратын тұлғалар туралы ақпарат негізінде осы Заңға сәйкес жүргізеді.
43-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының қызметін қаржыландыру
Басқарушы компанияның қызметін қаржыландыру:
1) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына басқарушы компания ұсынатын көрсетілетін қызметтер үшін сыйақы;
2) нысаналы қарыздық қаржыландыру;
3) инфрақұрылым объектілерін, жер учаскелерін, сондай-ақ өзге де мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) және қосымша жалдауға (қосалқы жалға) беруден түсетін кірістер;
4) жарғылық капиталды толықтыру ретінде енгізілген қаражат;
5) бюджет қаражаты;
6) басқарушы компанияның қызметінен түсетін Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де кірістер есебінен жүзеге асырылады.
Осы баптың бірінші бөлігінің 5) тармақшасы жарғылық капиталға қатысу үлесінің (акцияларының) жүз пайызы мемлекетке тиесілі арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясына қатысты ғана қолданылады.
7-тарау. ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫ БАСҚАРУ
44-бап. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясын құру
1. Жергілікті атқарушы органның мемлекеттік индустриялық аймақты құру туралы шешімі қолданысқа енгізілгеннен кейін жергілікті атқарушы орган индустриялық аймақтың басқарушы компаниясын құру және (немесе) құруға қатысу туралы шешім қабылдауға тиіс. Жекеше индустриялық аймақтың басқарушы компаниясын қоспағанда, индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі - республикалық маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының құрылтайшысы;
2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы - республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының құрылтайшысы;
3) осы Заңға сәйкес жекеше индустриялық аймақтың меншік иесі индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының құрылтайшылары бола алады.
3. Республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, мемлекеттік емес заңды тұлғаның, оның ішінде басқа елдерде немесе Қазақстан Республикасында индустриялық аймақтарды басқару тәжірибесі бар шетелдік заңды тұлғаның қатысуымен де құрылуы мүмкін.
Бұл ретте құрылған басқарушы компанияда жарғылық капиталға қатысу үлестерінің (дауыс беретін акциялардың) жиырма алты пайызынан аспайтыны мемлекетке тиесілі болуға тиіс.
Мемлекеттік емес заңды тұлғаға, оның ішінде шетелдік заңды тұлғаға акционерлік қоғамдар акцияларының мемлекеттік пакетін немесе жауапкер шілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталға қатысу үлестерін сату тәртібі «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 105-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Басқарушы компаниялардың мемлекетке тиесілі жарғылық капиталға қатысу үлестері (дауыс беретін акциялары) бірыңғай үйлестіру орталығына сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.
4. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы болып осындай басқарушы компанияның жарғылық капиталға қатысу үлестерінің (акцияларының) жиырма алты пайызынан аспайтыны мемлекетке тиесілі болуы шартымен мемлекеттік емес заңды тұлға, оның ішінде шетелдік заңды тұлға айқындалуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған басқарушы компаниялардың жарғылық капиталға қатысу үлестерін (акцияларын) мемлекетке беру тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы индустриялық аймақтың орналасқан жері бойынша «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен тіркеледі.
6. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы құрылтайшысының шешімі бойынша бірнеше индустриялық аймақта бір басқарушы компанияның жұмыс істеуіне жол беріледі.
7. Республикалық және өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларын басқару үшін адамдарды іріктеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.
Бұл ретте республикалық маңызы бар индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларын басқару үшін адамдарды іріктеу уәкілетті органмен келісу бойынша жүзеге асырылады.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы құрылған немесе айқындалған күнінен бастап екі ай ішінде республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың жылдық нысаналы индикаторларды қамтитын, үш жылдық кезеңге арналған даму стратегиясын бекітеді.
Бұл стратегия республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың даму динамикасы ескеріле отырып, әрбір үш жыл сайын қайта бекітілуге жатады.
Республикалық маңызы бар индустриялық аймақтың даму стратегиясы - уәкілетті органмен, өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың даму стратегиясы жергілікті атқарушы органмен келісуге жатады.
Индустриялық аймақтың кейіннен тартылған басқарушы компаниялары өз қызметін индустриялық аймақтың бұрын бекітілген даму стратегиясына сәйкес жүзеге асырады.
Уәкілетті орган және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы тиісті индустриялық аймақтың даму стратегиясын келіп түскен күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қарайды.
Уәкілетті орган және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы тарапынан ескертулер мен ұсыныстар болған жағдайда республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың пысықталған даму стратегиясы бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына келісу үшін қайта енгізілуге жатады.
9. Республикалық маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының бірінші басшысы қызметтің шешуші көрсеткіштеріне қол жеткізбеген жағдайда, уәкілетті орган директорлар кеңесінің қарауына еңбек шартын бұзу туралы ұсыну енгізеді.
Директорлар кеңесі еңбек шартын бұзу бойынша тиісті шаралар қабылдамаған жағдайда, осындай басқарушы компаниямен индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларын тиісінше орындау жөніндегі шарт бұзылады.
10. Өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының бірінші басшысы қызметтің шешуші көрсеткіштеріне қол жеткізбеген жағдайда, жергілікті атқарушы орган директорлар кеңесінің қарауына еңбек шартын бұзу туралы ұсыну енгізеді.
Директорлар кеңесі еңбек шартын бұзу бойынша тиісті шаралар қабылдамаған жағдайда, осындай басқарушы компаниямен индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларын тиісінше орындау жөніндегі шарт бұзылады.
45-бап. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының функциялары
Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының функцияларына:
1) индустриялық аймақтардың жұмыс істеу мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасасу;
2) индустриялық аймақтың қатысушыларына жер учаскелерін беру және инфрақұрылым объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) немесе қосымша жалдауға (қосалқы жалға) беру;
3) қызметті жүзеге асыру туралы шарттарды жасасу және бұзу;
4) индустриялық аймақтар қатысушыларының тоқсан сайынғы есептері негізінде, уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен уәкілетті органға және бірыңғай үйлестіру орталығына индустриялық аймақтар қызметінің нәтижелері туралы есептілікті ұсыну;
5) индустриялық аймақтың әлеуетті қатысушыларын тарту;
6) инфрақұрылым объектілерін салу және индустриялық аймақтардың өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін инвестициялар тарту;
7) индустриялық аймақтың қатысушыларына берілмеген жер учаскелерінде бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес инфрақұрылым объектілерін салуды жүзеге асыру;
8) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «бір терезе» қағидаты бойынша және индустриялық аймақтардың қатысушылары үшін көрсетілетін қызметтер ұсынатын өзге де ұйымдардың жұмыс істеуі үшін қабылдау орындарын ұйымдастыру;
9) қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеу;
10) индустриялық аймақта жаңа өндірістерді құру бойынша маркетингтік зерттеулер жүргізу;
11) индустриялық аймақтарды дамыту және ілгерілету жөніндегі іс-шараларды өткізу;
12) индустриялық аймақтардың әлеуетті қатысушыларын, өтініш берушілерді, индустриялық аймақтардың қатысушыларын ақпараттық қолдап отыруды қамтамасыз ету, оның ішінде индустриялық аймақтардың әлеуетті қатысушыларының, өтініш берушілердің, индустриялық аймақтар қатысушыларының мемлекеттік органдардың, жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің өкілдерімен кездесулерін ұйымдастыру;
2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) индустриялық аймақта өнеркәсіптік-инновациялық және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инвестициялар тарту;
14) индустриялық аймақтардың әлеуетті қатысушыларымен, өтініш берушілермен, индустриялық аймақтардың қатысушыларымен «бір терезе» қағидаты бойынша өзара іс-қимыл жасасу және жұмыс жүргізу;
15) коммуналдық, логистикалық және сервистік көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
16) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қатысу;
17) бизнес-жоспарларды, техникалық-экономикалық негіздемені, жобалау-сметалық құжаттаманы және өзге де жобалау құжаттамасын әзірлеу бойынша қызметтер көрсету;
18) индустриялық аймақтың аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру және индустриялық аймақтың қатысушыларына осындай көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
19) индустриялық аймақтың аумағын абаттандыру және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
20) индустриялық аймақтың қатысушыларына консалтингтік және маркетингтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
21) индустриялық аймақтың аумағында тұрғызылатын инфрақұрылым және кәсіпкерлік қызмет объектілері бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында техникалық қадағалауды жүзеге асыру және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
22) «бір терезе» қағидатын іске асыру шеңберінде, оның ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алған кезде мемлекеттік органдармен және өзге көрсетілетін қызметтерді алған кезде өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасу кезінде индустриялық аймақтар қатысушыларының мүдделерін білдіру;
2021.01.04. № 26-VII ҚР Заңымен 22-1) тармақшамен толықтырылды
22-1) тиісті аккредиттеу негізінде ерекше индустриялық аймақтың аумағында құрылыс салуға арналған объектілердің жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасына ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асыру;
2021.01.04. № 26-VII ҚР Заңымен 22-2) тармақшамен толықтырылды
22-2) ерекше индустриялық аймақтың аумағында барлық жобалардың іске асырылуын оның кез келген сатысында мониторингтеу;
2021.01.04. № 26-VII ҚР Заңымен 22-3) тармақшамен толықтырылды
22-3) басқарушы компания бекіткен және қатысушылардың сақтауы міндетті ерекше индустриялық аймақтың қызметін жүзеге асыру және жұмыс істеу қағидалары мен тәртібі бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде ерекше индустриялық аймақтың қатысушыларына қатысты тиісті шаралар қабылдау;
23) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де функциялар жатады.
46-бап. Индустриялық аймақ қатысушыларының құқықтары мен міндеттері
1. Индустриялық аймақтың қатысушылары:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құқықтық қорғау кепілдіктерін пайдалануға;
2) Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және осы Заңда көзделген тәртіппен индустриялық аймақтың аумағында өз қызметін жүзеге асыру үшін жер учаскелерін алуға және инфрақұрылым объектілерін салуға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
2. Индустриялық аймақтың қатысушылары:
1) индустриялық аймақтың басқарушы компаниясына өз қызметі туралы жыл сайынғы есепті ұсынуға;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында және қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген міндеттерді адал және тиісінше орындауға міндетті.
47-бап. Индустриялық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеу
Қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеуді:
индустриялық аймақтардың басқарушы компаниялары тұрақты түрде, қызметті жүзеге асыру туралы шартты орындау шеңберінде индустриялық аймақтар қатысушыларының бастапқы құжаттамасы, сондай-ақ жыл сайынғы есептері негізінде;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары және бірыңғай үйлестіру орталығы индустриялық аймақтардың басқарушы компаниялары есептілік нысанында ұсынатын ақпарат, сондай-ақ осындай индустриялық аймақтардың қатысушылары туралы ақпарат негізінде осы Заңға сәйкес жүргізеді.
48-бап. Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының қызметін қаржыландыру
Индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының қызметін қаржыландыру:
1) индустриялық аймақтың қатысушыларына басқарушы компания ұсынатын көрсетілетін қызметтер үшін сыйақы;
2) нысаналы қарыздық қаржыландыру;
3) инфрақұрылым объектілерін, жер учаскелерін, сондай-ақ өзге де мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) және қосымша жалдауға (қосалқы жалға) беруден түсетін кірістер;
4) жарғылық капиталды толықтыру ретінде енгізілген қаражат;
5) бюджет қаражаты;