Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколын бекіту туралы
(Үзінді)
(2019.09.10. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2021 жылғы 18 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасында Мемлекеттік протоколдың бірыңғай нормаларын сақтау мақсатында қаулы етемін:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколы бекітілсін.
2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2006 жылғы қазанның 12-сі.
№ 201
ҚР Президентінің 2013.18.04. № 553 Жарлығымен Мемлекеттік протокол жаңа редакцияда
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2006 жылғы 12 қазандағы
№ 201 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
МЕМЛЕКЕТТІК ПРОТОКОЛЫ
І-тарау. Шетелдік делегациялар сапарларының жіктелуі
2-тарау. Шет мемлекеттер басшыларының мемлекеттік сапарлары
І-параграф. Әуежайда қарсы алу рәсімі
2-параграф. Президенті Сарайында ресми қарсы алу рәсімі
3-параграф. Шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер
4-параграф. Екіжақты құжаттарға қол қою
5-параграф. Баспасөз конференциясы
6-параграф. Мемлекеттік қабылдау
7-параграф. Отан қорғаушылар монументіне гүл себетін (гүл шоғын, гүлдесте) қою және мемлекеттер басшылары аллеясына ағаш отырғызу рәсімі
8-параграф. Ел аралау сапары
9-параграф. Қазақстан Республикасы Парламентінің палаталары депутаттарының алдында сөз сөйлеу
10-параграф. Елдің жоғары оқу орнында сөз сөйлеу
11-параграф. Әуежайда шығарып салу рәсімі
12-параграф. Естелік сыйлықтар
3-тарау. Шет мемлекеттер басшыларының ресми сапарлары
1-параграф. Әуежайда қарсы алу рәсімі
2-параграф. Президент Сарайында ресми қарсы алу рәсімі
3-параграф. Жүзбе-жүз кездесу
4-параграф. Жұмыс бабындағы таңғы (түскі) ас
5-параграф. Екіжақты құжаттарға қол қою
6-параграф. Баспасөзге мәлімдеме жасау
7-параграф. Әуежайда шығарып салу рәсімі
8-параграф. Естелік сыйлықтар
4-тарау. Шет мемлекеттер басшыларының жұмыс бабындағы сапарлары
1-параграф. Әуежайда қарсы алу (шығарып салу)
2-параграф. Келіссөздер, әңгімелесулер, құжаттарға қол қою
3-параграф. Қабылдау
5-тарау. Шет мемлекеттер басшыларының жеке сапарлары
6-тарау. Шет мемлекет басшыларының жол-жөнекей сапарлары
7-тарау. Шет мемлекеттердің басшыларын қабылдау тәртібі
8-тарау. Сайланған Президенттің қызметіне кірісуі салтанатты рәсімін дайындау және өткізу тәртібі
9-тарау. Президенттің шетелдерге және ел ішіндегі сапарларын протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету
10-тарау. Шет мемлекеттердің үкімет басшыларының ресми сапарлары
11-тарау. Шет мемлекеттердің үкімет басшыларының жұмыс бабындағы сапарлары
12-тарау. Шетелдік үкімет басшыларының жол-жөнекей сапарлары
13-тарау. Шет мемлекеттердің үкімет басшыларын қабылдау тәртібі
14-тарау. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің шетелдерге және ел ішіндегі сапарларын протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету
15-тарау. Шет мемлекеттердің орталық өкілді органдары басшыларының, мемлекеттік хатшыларының, үкімет басшылары орынбасарларының сыртқы саясат ведомстволары басшыларының Қазақстан Республикасына сапарлары
1-параграф. Шет мемлекеттердің орталық өкілді органдары басшыларының сапарлары
2-параграф. Шет мемлекеттердің мемлекеттік хатшыларының сапарлары
3-параграф. Шет мемлекеттердің үкімет басшылары орынбасарларының сапарлары
4-параграф. Шет мемлекеттердің сыртқы саясат ведомстволары басшыларының сапарлары
16-тарау. Қазақстан Республикасының Парламенті палаталары төрағаларының, Мемлекеттік хатшысының, Сыртқы істер министрінің шетелдерге және ел ішіндегі сапарларын қамтамасыз етудің ұйымдастырушылық мәселелері
17-тарау. Конституциялық мәртебесі бар мемлекеттік орындардың басшылары, мемлекеттер басшыларына тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, министрлер, Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың басшылары, ведомстволардың басшылары қатысатын іс-шараларды қамтамасыз етудің ұйымдастырушылық мәселелері
18-тарау. Мемлекеттер басшыларының және үкіметтер басшыларының арнаулы өкілдері қатысатын іс-шараларды протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету
19-тарау. Халықаралық ұйымдар басшыларының және олардың орынбасарларының Қазақстан Республикасына сапарларын протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету
20-тарау. Бұрынғы мемлекет басшыларының, үкімет басшыларының және сыртқы істер министрлерінің сапарлары
21-тарау. Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің басшылары қатысатын іс-шараларды протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету
1-параграф. Сенім грамоталарын тапсыру
2-параграф. Шет мемлекеттердің ұлттық мерекелеріне орай мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктеріндегі іс-шаралар
3-параграф. Шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері басшыларының ел басшылығына протоколдық сапарлары
4-параграф. Президенттің дипломатиялық миссиялар басшыларымен жыл сайынғы кездесуі
22-тарау. Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің ұлттық мерекелеріне, басқа да оқиғаларға байланысты іс-шаралар
1-қосымша Мемлекетішілік іс-шараларды өткізу кезіндегі Қазақстан Республикасы лауазымды адамдарының протоколдық үлкендігі
2-қосымша Халықаралық іс-шараларды өткізу кезіндегі Қазақстан Республикасы лауазымды адамдарының протоколдық үлкендігі
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколы (бұдан әрі - Мемлекеттік протокол) қалыптасқан халықаралық практикаға сәйкес Қазақстан Республикасының басшылығы қатысатын ресми іс-шараларды өткізудің рәсімдік қағидаларын реттейді.
2. Мемлекеттік протокол бірыңғай протоколдық-ұйымдастыру нормаларын белгілейді және қамтамасыз етеді, мемлекетішілік және халықаралық іс-шараларды өткізген кезде Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарының протоколдық үлкендік реті қағидатын Мемлекеттік протоколға 1, 2-қосымшаларға сәйкес бекітеді және протоколдық іс-шараларды жоспарлау мен жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік органдары мен ұйымдарының орындауы үшін міндетті болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының Мемлекеттік протоколды сақтауын бақылауды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі - Сыртқы істер министрлігі) жүзеге асырады.
І-тарау. Шетелдік делегациялар сапарларының жіктелуі
4. Шетелдік ресми делегацияға протоколдық рәсімдер мен сый-құрмет сапардың форматына, делегацияны басқаратын адамның мәртебесіне (мемлекет басшысы, үкімет басшысы, сыртқы саясат ведомствосының басшысы, халықаралық ұйымның басшысы немесе басқа да жоғары лауазымды адам), екіжақты қатынастардың деңгейіне сәйкес, сондай-ақ өзара сыйластық қағидаты ескеріле отырып көрсетіледі.
5. Мейманның Қазақстан Республикасына сапары Қазақстан Республикасына келген кезінен басталады.
6. Шетелдік делегациялардың деңгейіне байланысты сапарлар «аса жоғары деңгейдегі» және «жоғары деңгейдегі» сапарларға бөлінеді.
«Аса жоғары деңгейдегі» сапарларға мемлекеттер немесе үкіметтер басшыларының, «жоғары деңгейдегі» сапарларға - сыртқы саясат ведомстволары басшыларының, басқа да ресми адамдардың сапарлары жатады.
7. Форматына қарай сапарлар мемлекеттік, ресми, жұмыс бабындағы, жеке және жол-жөнекей сапарларға бөлінеді.
8. Шет мемлекеттер басшыларының Қазақстан Республикасына сапарлары мемлекеттік сапарлар болып табылады. Сапарлардың бұл аса жоғары санаты шет мемлекетпен екіжақты қарым-қатынастың жоғары саяси деңгейін баса көрсету мақсатында өткізіледі.
9. Мемлекеттік сапар кезінде мейманды қарсы алудың, шығарып салудың айрықша жоғары деңгейі және рәсімдік сый-құрметін барынша толық көлемі қамтамасыз етіледі. Мейманның Қазақстан Республикасында болуы, әдетте үш күннен аспайды. Жылына көп дегенде 5 мемлекеттік сапар өткізілуі мүмкін.
10. Мемлекеттік сапарлар кезінде бағдарлама жасағанда: Президенттің «Ақорда» сарайында (бұдан әрі - Президент Сарайы) ресми қарсы алу рәсімі, шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер, екіжақты құжаттарға қол қою, бірлескен баспасөз конференциясы, мемлекеттік қабылдау, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен және Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының төрағаларымен кездесу, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталары депутаттарының алдында немесе елдің жоғары оқу орнында сөз сөйлеу, гүл себетін (гүл шоғы, гүлдесте) қою, ағаш отырғызу (ауа райы қолайлы болса), қаланың көрікті объектілеріне бару, сондай-ақ мейманның қалауы бойынша бизнес-форумға қатысу және елді аралау көзделеді.
11. Мемлекеттік сапар барысында мейманның автомашинасына мотоциклшілердің құрметті эскортының ілесе жүруі көзделеді.
12. Аса жоғары және жоғары деңгейлердегі сапарлар ресми сапарлар болып табылады.
13. Ресми сапарлар кезінде бағдарламада, әдетте: Президент Сарайында ресми қарсы алу рәсімі, жүзбе-жүз кездесу, жұмыс бабындағы таңғы (түскі) ас, баспасөзге мәлімдеме, сондай-ақ келісім бойынша, екіжақты құжаттарға қол қою, қаланың көрікті объектілеріне бару, бизнес-форумға қатысу, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен, Парламенті палаталарының Төрағасымен/төрағаларымен кездесу секілді іс-шаралар көзделеді.
14. Нақты мақсатқа арналған сапарлар (келіссөздер, консультациялар жүргізу, көрмелерді немесе қандай да бір объектіні ашу, көпжақты кездесулерге, халықаралық кеңестер мен конференцияларға, мерейтойлық күндерді, мемлекеттік және ұлттық мейрамдарды мерекелеуге қатысу, осы тектес басқа да іс-шараларға қатысу) жұмыс бабындағы сапарлар болып табылады.
15. Шет мемлекет басшысының жұмыс бабындағы сапарын өткізу кезінде делегацияны қонақүймен, автокөлікпен, жеке күзетпен қамтамасыз ету көзделеді.
16. Жеке сапарларға шетелдік мемлекет қайраткерлерінің Қазақстан Республикасына жеке істері бойынша (демалысқа, туризм мақсатында және басқа жеке мақсатпен) келуі жатады.
17. Жол-жөнекей сапарлар Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтетін аса жоғары немесе жоғары деңгейдегі ресми делегацияның Қазақстан Республикасында қысқа мерзімге аялдауына байланысты болады.
2-тарау. Шет мемлекеттер басшыларының мемлекеттік сапарлары
18. Шет мемлекеттер басшыларының мемлекеттік сапарлары кезінде мынадай протоколдық іс-шаралар көзделеді.
І-параграф. Әуежайда қарсы алу рәсімі
19. Шет мемлекеттің басшысын қарсы алу үшін әуежайда мейман елінің және Қазақстан Республикасының мемлекеттік тулары көтеріледі.
20. Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік протокол қызметінің басшысы мен шет мемлекеттің Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдігінің басшысы (бұдан әрі мейман елінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі) ұшақтың бортына көтеріледі және мейманды сыртқа шығуға шақырады.
21. Ұшақ басқышы алдында мейманды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі (бұдан әрі - Сыртқы істер министрі), Қазақстан Республикасының бекітілген лауазымды адамы (Үкімет мүшесі), Қазақстан Республикасының тиісті шет мемлекетте аккредиттелген шетелдік мекемесінің басшысы (бұдан әрі - Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі) және қала әкімі қарсы алады.
Қазақтың ұлттық киімін киген бойжеткен мейманға гүл ұсынады, егер мейман зайыбымен (жұбайымен) бірге келсе, мейманға және зайыбына (жұбайына) ұлттық киім киген бойжеткен мен бозбала гүл ұсынады.
22. Мейман демалыс және/немесе мейрам күндері, таңертең ерте немесе тым кешкі уақытта келген жағдайда Қазақстан тарапынан қарсы алатын ресми адамдардың деңгейі төмендетілуі мүмкін.
ҚР Президентінің 2014.04.05. № 814 Жарлығымен 23-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Президентінің 2017.05.05. № 471 Жарлығымен 23-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
23. Сыртқы істер министрі мейманға Қазақстан тарапынан қарсы алушы ресми адамдарды таныстырады. Содан соң мейман Сыртқы істер министрімен бірге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Объектілерді қорғау қызметінің (бұдан әрі - Объектілерді қорғау қызметі) құрметті қарауылы оның бойымен екі жағынан сапқа тұрған кілемше үстімен қысқаша әңгімелесу үшін әуежай ғимаратының VІР-бөлмесіне өтеді (әңгімелесу кезінде шай, сусын беріледі).
24. Сыртқы істер министрімен қысқаша әңгімелескеннен кейін мейман мен бекітілген лауазымды адам автокөлікке қарай өтіп, жайғасады. Мотоциклшілер эскортының еріп жүруімен кортеж қалаға бет алады.
25. Бекітілген лауазымды адам мейманмен тұратын орнына дейін бірге барады. Егер мейман зайыбымен (жұбайымен) бірге келсе, оны бекітілген басқа лауазымды адам (тиісті жыныстағы) қарсы алады және бірге жүреді.
26. Мемлекеттік сапарлар уақытында мотоциклшілердің құрметті эскортының еріп жүруі ауа райы қолайлы болғанда ғана және кортеж әуежайдан қонақүйге (резиденцияға) дейін және кері, қонақүйден (резиденциядан) Президент Сарайына дейін және кері жүргенде ғана көзделеді.
27. Мейманның әуежайдан жүретін жолының бойына мемлекеттік тулар тігіледі. Тұратын аумағында мемлекеттік ту немесе мейманның жеке байрағы тігіледі.
2-параграф. Президенті Сарайында ресми қарсы алу рәсімі
28. Мейманмен бірге жүретін ресми адамдар, шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасында аккредителген елшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының (бұдан әрі - БАҚ) өкілдері Президент Сарайына рәсім басталғанға дейін ертерек келеді.
29. Мейманның автомобилі Президент Сарайының орталық басқышына келіп, кілемшенің жиегіне тоқтайды, ол жерде мейманды (зайыбымен/жұбайымен) Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының (бұдан әрі - Президент Протоколы) қызметкері қарсы алады және оларды Президент Сарайына шақырады.
30. Салтанатты рәсімдер залында мейманды (зайыбымен/жұбайымен бірге) Қазақстан Республикасының Президенті (бұдан әрі - Президент) (зайыбымен/жұбайымен бірге) қарсы алады. Өзара сәлемдесуден кейін мейман мен Президент таныстыру үшін екі елдің делегацияларына және шет мемлекеттердің елшілеріне жақындайды. Одан кейін Президент мейманды подиумға өтуге шақырады, бұл ретте мейман Президенттің оң жағына тұрады (зайыптары жұбайлары подиумның оң жағынан арнайы бөлінген орынға өтеді).
ҚР Президентінің 2014.04.05. № 814 Жарлығымен 31-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
31. Құрметті қарауыл бастығы мейманға сәлемдік баянат береді. Президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындайды (мейман елінің мемлекеттік әнұраны бірінші болып орындалады). Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін мейман мен Президент кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүреді, оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдіреді. Одан кейін мейман және Президент құрметті қарауыл сапының бойымен өтеді (мейман сапқа жақын жүреді), мейман басын сәл иіп құрметті қарауыл бастығымен қоштасып, шағын құрамдағы кездесуге өтеді.
32. Егер мейманмен зайыбы (жұбайы) бірге жүретін болса, ресми қарсы алу рәсімінен кейін екі елдің мемлекеттік туларының жанында мемлекеттер басшыларының зайыптарымен (жұбайларымен) бірге протоколдық суретке түсуі көзделеді. Одан кейін мейманның зайыбы (жұбайы) жеке бағдарламаға сәйкес бөлек кетеді.
3-параграф. Шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер
33. Қазақстан тарапынан келіссөздерге қатысушылардың құрамы жөніндегі ұсыныстарды Сыртқы істер министрлігі енгізеді және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі (бұдан әрі - Президент Әкімшілігі) бекітеді. Президенттің келіссөздер жүргізу тәртібін Президент Протоколы айқындайды.
34. Шағын топтағы келіссөздер 1+1 форматында (тараптардың келісімі бойынша қатысушылар форматы өзгеруі мүмкін) өткізіледі. Әдетте, келіссөздерге қатысушылардың қатарына екі мемлекет басшысының көмекшілері кіреді. Протоколдық суретке түсу көзделеді (2-3 минут). Келіссөздер барысында шай, кофе, сусындар беріледі.
35. Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер мемлекеттік сапарлар кезінде ғана көзделеді, 1+10 форматында өткізіледі (тараптардың келісімі бойынша қатысушылардың форматы өзгеруі мүмкін). Протоколдық суретке түсу жүргізіледі (3-5 минут).
4-параграф. Екіжақты құжаттарға қол қою
36. Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер аяқталғаннан кейін, әдетте, екіжақты құжаттарға қол қою рәсімін өткізу көзделеді.
37. Құжаттарға қол қою кезінде Сыртқы істер министрлігінің қызметкері қазақ тілінде, аудармашы мейман елінің тілінде қол қойылатын құжаттардың атауларын оқиды және құжаттарға қол қоятын ресми адамдарды жариялайды.
38. Егер бағдарламада мемлекетаралық және үкіметаралық құжаттарға қол қою көзделсе, бірінші болып мемлекетаралық, содан соң үкіметаралық құжаттарға (тараптардың келісімі бойынша) қол қойылады.
39. Президент және Қазақстан Республикасының өзге де лауазымды адамдары (делегация мүшелері) құжаттарға қол қойған кезде, оларға Сыртқы істер министрлігінің қызметкері көмектеседі.
40. Құжаттарға қол қою аяқталғаннан кейін құжаттары бар папкалармен алмасып, қол алысады. Соңғы құжатқа қол қою аяқталғаннан кейін рәсімге қатысушылар үшін залға шампан құйылған бокалдар (тараптардың келісімі бойынша) әкелінеді.
5-параграф. Баспасөз конференциясы
41. Екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі аяқталғаннан кейін баспасөз конференциясын өткізу немесе баспасөзге мәлімдеме жасау (тараптардың келісімі бойынша) көзделеді. Президент баспасөз конференциясын ашады, содан кейін мейманға сөз беріледі, одан соң журналистер сұрақ қояды. Сұрақтардың саны алдын ала келісіледі (әдетте, әр тараптан екі сұрақтан аспайды).
6-параграф. Мемлекеттік қабылдау
42. Шет мемлекет басшысының мемлекеттік салаларының бағдарламасы шеңберінде Президенттің атынан мемлекеттік қабылдау ұйымдастыру көзделеді.
Қабылдауға ресми делегация мүшелері, бірге жүретін адамдар, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен Парламенті қос палатасының төрағалары, екі ел жұртшылығының және бизнес-топтарының өкілдері, сондай-ақ мейман елімен шекаралас орналасқан елдердің елшілері (келісім бойынша) қатысады.
Мейман зайыбымен (жұбайымен) келген жағдайда қабылдауға Президенттің зайыбы/жұбайы қатысады (тараптардың келісімі бойынша).
43. Қабылдаудың басында ресми тост айту көзделеді. Алғашқы болып Президент тост айтады, кейін мейман жауап тост айтып, сөз сөйлейді. Тостың ұзақтығы 3-4 минут. Тостар алмасу кезінде мемлекеттер басшыларының жеке операторлары мен фотографтарының протоколдық фотосуретке түсіруі және бейнетүсірілім жасауы көзделеді.
44. Мемлекеттік қабылдау музыкалық бағдарламамен сүйемелденеді. Қабылдаудың орташа ұзақтығы 1,5-2 сағатты құрайды.
45. Қабылдау уақытында бірге жүретін адамдар үшін (мейман елінің протокол, баспасөз қызметінің қызметкерлері және қауіпсіздік офицерлері үшін) «техникалық үстел» ұйымдастыру көзделеді.
7-параграф. Отан қорғаушылар монументіне гүл себетін (гүл шоғын, гүлдесте) қою және мемлекеттер басшылары аллеясына ағаш отырғызу рәсімі
ҚР Президентінің 2014.04.05. № 814 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2019.10.09. № 151 Жарлығымен (бұр.ред.қара) 46-тармақ жаңа редакцияда
46. Мейман бекітілген лауазымды адаммен бірге Отан қорғаушылар монументіне (бұдан әрі - монумент) келеді. Мейманды монументтің жанында құрметті қарауыл бастығы және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі (әкімнің орынбасары) қарсы алады.
ҚР Президентінің 2014.04.05. № 814 Жарлығымен 47-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
47. Мейман құрметті қарауыл бастығымен бірге құрметті қарауылды бойлай өтіп, гүл шоғын көтерушілерге беттейді. Салтанатты-рәсімдік музыка ойнайды. Мейман елінің делегациясы монументтің төменгі алаңында сапқа тұрады. Гүл шоғын көтерушілер монументке қарай жүреді. Мейман олардың соңынан 1,5-2 м қашықтықта жүріп отырады. Монументтің іргесіне гүл себетін (гүл шоғын, гүлдестені) қойғаннан кейін мейман гүл себетіне (гүл шоғына, гүлдестеге) жақындап келіп, лентасын түзейді. Бір минут үнсіздік. Бұдан кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалады. Мейман елінің мемлекеттік әнұраны бірінші болып орындалады.
ҚР Президентінің 2014.04.05. № 814 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2019.10.09. № 151 Жарлығымен (бұр.ред.қара) 48-тармақ жаңа редакцияда
48. Содан кейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі (әкімнің орынбасары) мейманды монумент кешенімен таныстырады. Кешенді қарап болғаннан кейін мейман құрметті қарауыл бастығымен бірге құрметті қарауыл ротасының салтанатпен жүріп өтуін қарау үшін арнайы бөлінген орынға келеді.
Содан соң мейман Нұр-Сұлтан қаласының әкімімен (әкімнің орынбасарымен) бірге ағаш отырғызатын жерге бағыт алады. Ағаш отырғызу рәсімі аяқталғаннан кейін делегация кортежге беттейді де жүріп кетеді.
8-параграф. Ел аралау сапары
49. Мейманның тілегі бойынша мемлекеттік сапар бағдарламасы шеңберінде ел аралау сапары (техникалық аялдамаларды қоспағанда, астанаға қайта айналып соқпастан) болуы мүмкін.
Ел аралау сапарында шет мемлекеті басшысымен бекітілген лауазымды адам немесе оның орынбасары, Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі бірге жүреді.
50. Әуежайда мейманды облыс әкімі (әкімнің орынбасары) және облыстық маңызы бар қаланың әкімі (әкімнің орынбасары) қарсы алып, шығарып салады. Әуежайдың ұшу алаңында екі елдің мемлекеттік тулары тігіледі.
Шет мемлекет басшысының болу бағдарламасында облыстың (қаланың) тарихи, мәдени және әлеуметтік орталықтарымен танысу және облыстың (қаланың) әкімі атынан қабылдау өткізу көзделеді.
9-параграф. Қазақстан Республикасы Парламентінің палаталары депутаттарының алдында сөз сөйлеу
51. Мемлекеттік сапар бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірінде депутаттар алдында сөз сөйлеуі көзделуі мүмкін.
52. Мейман келген кезде оны Парламенттің тиісті Палатасының Төрағасы қарсы алады. Парламент Палатасының Төрағасымен қысқаша әңгімелесу. Содан кейін мейман отырыстар залына шақырылады.
53. Парламент Палатасының Төрағасы сәлемдесу сөзін сөйлеп, мейманға сөз береді. Соңында Парламент Палатасының Төрағасы мейманға сөз сөйлегені үшін алғыс айтады.
10-параграф. Елдің жоғары оқу орнында сөз сөйлеу
54. Мейманның тілегі бойынша мемлекеттік сапар шеңберінде елдің жоғары оқу орнында сөз сөйлеу ұйымдастырылуы мүмкін.
55. Мейманды жоғары оқу орнының ректоры қарсы алады. Оқу орнымен қысқаша танысу. Мейман профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің алдында сөз сөйлеу көзделген залға шақырылады.
56. Ректор сәлемдесу сөзін сөйлейді және жоғары оқу орнының ғылыми кеңесі шешім қабылдаған жағдайда мейманға құрметті профессор (доктор) атағы берілгендігі туралы хабарлайды. Соңында ректор мейманға сөз сөйлегені үшін алғыс айтады.
11-параграф. Әуежайда шығарып салу рәсімі
57. Мейманды әуежайда шығарып салу рәсіміне Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасының бекітілген лауазымды адамы, Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі және қала әкімі қатысады.
Мейман әуежайға келгеннен кейін қысқаша әңгімелесу үшін Сыртқы істер министрімен бірге VІР-бөлмеге өтеді. Бұл уақытта мейман елі делегациясының мүшелері ұшу алаңына өтеді және екінші басқышпен ұшаққа көтеріледі.
58. Қысқаша әңгімелесуден кейін мейман Қазақстан Республикасы делегациясының мүшелерімен қоштасады, құрметті қарауыл оның бойымен сап түзеп тұрған кілемшенің үстімен ұшақ басқышына өтеді.
12-параграф. Естелік сыйлықтар
59. Мемлекеттік сапарлар кезінде мейманға және мейман елі делегациясының мүшелеріне Президент атынан естелік сыйлықтар тапсыру көзделеді. Делегация мүшелеріне сыйлықтар тапсыру екі елдің протокол қызметтері арқылы жүзеге асырылады.
3-тарау. Шет мемлекеттер басшыларының ресми сапарлары
60. Шет мемлекеттер басшыларының ресми сапарлары кезінде, әдетте, мынадай протоколдық іс-шаралар көзделеді.
1-параграф. Әуежайда қарсы алу рәсімі
61. Әуежайда шет мемлекеттің басшысын қарсы алу үшін мейман елі мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік тулары көтеріледі.
62. Ұшақ басқышы алдында мейманды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасының бекітілген лауазымды адамы (орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары деңгейінде), Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі және қала әкімінің орынбасары қарсы алады.
Егер мейман зайыбымен (жұбайымен) келсе, оны бекітілген басқа лауазымды адам (тиісті жыныстағы) қарсы алады және бірге жүреді.
Қазақтың ұлттық киімін киген бойжеткен мейманға гүл ұсынады (егер мейман зайыбымен (жұбайымен) келсе, мейманға және зайыбына (жұбайына) ұлттық киім киген бойжеткен мен бозбала гүл ұсынады).
63. Тұратын аумағында мейманның мемлекеттік туы немесе жеке байрағы ілінеді.
2-параграф. Президент Сарайында ресми қарсы алу рәсімі
64. Мейманмен бірге жүретін ресми адамдар, БАҚ өкілдері Президент Сарайына рәсім басталғанға дейін ертерек келеді (шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасында аккредиттелген елшілері рәсімге шақырылмайды).
65. Мейманның автомобилі Президент Сарайының орталық басқышына келіп, кілемшенің жиегіне тоқтайды, ол жерде мейманды (зайыбымен/жұбайымен) Президент Протоколының қызметкері қарсы алады және Президент Сарайына шақырады.