2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған және қолданылуы тоқтатылмаған, жер қойнауын пайдаланушы олар бойынша тарату қорына аударымдарды жүзеге асыра бастаған және оларды Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес 2009 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салықтық кезеңде шегерімге жатқызған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша көрсетілген аударымдар сомасы Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген екінші деңгейдегі банктегі арнаулы депозиттік шотқа орналастырылуға тиіс. Арнаулы депозиттік шотқа орналастырылуға жататын осы аударымдар сомасы жер қойнауын пайдаланушы осындай тарату қорының қаражаты есебінен кен орындарын әзірлеу салдарын жоюға пайдаланған сомаға азайтылады.
Бұл ретте тарату қорын пайдалануды жер қойнауын пайдаланушы құзыреттi органның, ал облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен жасалған келісімшарттар бойынша аталған органдардың рұқсатымен жүзеге асырады. Тарату қорын қалыптастыру тәртiбi, тарату қорына аударымдардың мөлшерi, осындай төлемдердiң кезеңділігі туралы шарттар келiсiмшартта белгiленедi.
7. Егер жер қойнауын пайдалану объектілерін жоюға арналған нақты шығындар тарату қорының мөлшерінен асып кетсе, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану объектілерін жоюға қосымша қаржыландыруды жүзеге асыруға міндетті. Егер жоюға арналған нақты шығындар тарату қорының мөлшерінен аз болса, онда қалған ақша жер қойнауын пайдаланушыда қалады.»;
16) 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылатын 121 және 122-баптардың ережелері қосылмайды.
Бұл ретте осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға берілген рұқсаттар мен лицензияларға, сондай-ақ көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналып жасалған келісімшарттарға қатысты 111-баптың 6 және 7-тармақтары осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап отыз алты ай ішінде қолданыста болады.
278-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы тарауда көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін берілген және жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған рұқсаттар, лицензиялар және келісімшарттар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы атқарушы органдарының олармен байланысты барлық актілері өз күшін сақтайды деп белгіленсін.
Жер қойнауын пайдалануға бұрын берілген лицензияларға қатысты лицензиялық органның - Қазақстан Республикасы Үкіметінің функциялары құзыретті органға жүктеледі.
Құзыретті орган, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары өздерімен жасалған келісімшарттар талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асырады.
2. Жерасты суларын өндіруге арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленушілер осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл ішінде Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес келісімшартта айқындалған жер қойнауы учаскесінің аумағы шекараларының шегінде арнайы су пайдалануға рұқсат алуға міндетті деп белгіленсін.
Жерасты суларын өндіруге арналған келісімшарт арнайы су пайдалануға рұқсат берілген күннен бастап не егер арнайы су пайдалануға рұқсат алынбаған болса, көрсетілген мерзім өткен соң тоқтатылады.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күнге дейін өткізілген пайдалы қатты қазбалар немесе кең таралған пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурс жеңімпазы болған тұлғаға, сондай-ақ өзіне қатысты құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы тікелей келіссөздер нәтижелері бойынша не өтпеді деп танылған жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурс қорытындысы бойынша пайдалы қатты қазбалар немесе кең таралған пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасасу туралы шешім қабылдаған тұлғаға жер қойнауын пайдалану құқығын беру төмендегілер ескеріле отырып, осы Кодекс қолданысқа енгізілген күні қолданыста болған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен және шарттарда құзыретті органмен немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен келісімшарт жасасу арқылы жүзеге асырылады деп белгіленсін:
1) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт құзыретті орган бекіткен модельдік келісімшарттардың ережелері негізінде жасалады;
2) осы Кодекстің 196-бабына сәйкес әзірленген және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы алынған, бекітілген барлау жоспары бар пайдалы қатты қазбаларды немесе кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға арналған келісімшарт жобасы құзыретті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурс қорытындысы жарияланған (конкурс өтпеді деп танылған) немесе тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған күннен бастап он айдан кешіктірілмей ұсынылуға тиіс. Көрсетілген мерзімді құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жер қойнауын пайдалану құқығы берілетін тұлғаның өтініші бойынша ұзартуы мүмкін;
3) осы Кодекстің 216-бабына сәйкес жасалған және осы Кодексте көзделген келісулер алынған, тау-кен жұмыстарының бекітілген жоспары бар пайдалы қатты қазбаларды немесе кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарт жобасы құзыретті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурс қорытындысы жарияланған (конкурс өтпеді деп танылған) немесе тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған күннен бастап жиырма бір айдан кешіктірілмей ұсынылуға тиіс. Көрсетілген мерзімді құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жер қойнауын пайдалану құқығы берілетін тұлғаның өтініші бойынша ұзартуы мүмкін.
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт талаптарын осы баптың 12-тармағының алтыншы бөлігіне сәйкес құрылатын, құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жұмыс тобы айқындайды. Тараптар келіскен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасы құқықтық сараптамаға жатады. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған келісімшарт жобасы да мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті органның экономикалық сараптамасына жатады. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарт жобасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының экономикалық сараптамасына жатады. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес келісімшарт жобасы ұсынылған күннен бастап алты айдан кешіктірілмейтін мерзімде жасалуға тиіс. Көрсетілген мерзімді құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жер қойнауын пайдалану құқығы берілетін тұлғаның өтініші бойынша ұзартуы мүмкін.
Осы тармаққа сәйкес жасалған өндіруге арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушы өндіруге арналған келісімшарт жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей пайдалы қатты қазбалар жөніндегі уәкілетті органның кешенді сараптамасының оң қорытындысы алынған жою жоспарының болуын қамтамасыз етуге міндетті. Жою жоспарына енгізілетін кейінгі өзгерістер және жою жоспарына кешенді сараптама жүргізу осы Кодекстің 217-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Осы тармаққа сәйкес жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар осы тараудың ережелерін қолдану мақсаттары үшін осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға теңестіріледі.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Өтініш берушінің жазбаша өтініші бойынша мемлекеттік меншіктегі жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, теміржолдарды салу (реконструкциялау) мен жөндеу үшін, сондай-ақ гидроқұрылысжайларды және гидротехникалық құрылысжайларды реконструкциялау мен жөндеу үшін пайдаланылатын кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге құқық 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жазбаша рұқсатын беруі арқылы пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен беріледі деп белгіленсін. Осындай рұқсаттың қолданылу мерзімі жүзеге асырылуы үшін жер қойнауын пайдалану құқығы берілген, мемлекеттік меншіктегі жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, теміржолдарды, гидроқұрылысжайларды және гидротехникалық құрылысжайларды салу (реконструкциялау) мен жөндеуге арналған тиісті шарттың қолданылу мерзімінен аспауға тиіс. Мемлекеттік меншіктегі объектілерді салуға (реконструкциялауға) және жөндеуге тапсырыс беруші болып табылатын мемлекеттік орган мердігерлердің (қосалқы мердігерлердің) тізбесін бекітеді, олар салу (реконструкциялау) және жөндеу мақсаттары үшін кең таралған пайдалы қазбаларды барлауды немесе өндіруді жүзеге асыруға құқылы. Осы тармаққа сәйкес берілген рұқсат негізінде кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар оларды үшінші тұлғаларға иеліктен шығаруға құқылы емес.
Кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған рұқсат тапсырыс берушісі тиісті мемлекеттік орган болып табылатын, реконструкцияланатын немесе жобаланған жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарынан, теміржолдардан, сондай-ақ гидроқұрылысжайларды және гидротехникалық құрылысжайлардан он шақырымнан аспайтын қашықтықта орналасқан аумақтар шегінде беріледі. Бұл ретте мұндай рұқсат осы Кодекстің 70-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілмеген аумақта беріледі.
Осы тармақ негізінде берілген кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған рұқсаттың болуы осы Кодекске сәйкес басқа тұлғаларға жер қойнауын пайдалану құқығын беруге кедергі келтірмейді. Бұл жағдайда бірнеше жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуі осы Кодекстің 24-бабымен реттеледі.
Кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған рұқсат басқа жер қойнауын пайдаланушылар алып жатқан аумақта олардың алдын ала жазбаша келісімімен және осы Кодекстің 24-бабының 2-тармағында көзделген келісім жасалған жағдайда берілуі мүмкін.
Кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған рұқсат Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес реттелетін рұқсаттарға жатқызылмайды.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасы осы Кодекстің 70-бабының 3-тармағында көрсетілген мәліметтерден басқа қосымша мыналарды:
1) осы Кодекс қолданысқа енгізілген күнге дейін пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансына енгізілген, кең таралған пайдалы қазбалар мен уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбалардың өнеркәсіптік санаттары қорларын қамтитын жер қойнауы учаскелерінің географиялық координаттарын;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қала құраушыларға жатқызылған заңды тұлға болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін жасаған пайдалы қатты қазбаларды өндіруге немесе бірлескен барлауға және өндіруге арналған келісімшарттың тау-кендік телім (өндіру учаскесі) шекараларының сыртқы периметрінен отыз шақырымнан аспайтын қашықтықта орналасқан сызықтардан құралған аумақтардың географиялық координаттарын қамтуы мүмкін деп белгіленсін.
Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілген жер қойнауы учаскесінің аумағы екі жүз блоктан аспауға тиіс.
278-баптың 4-тармағының үшінші бөлігі ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілді
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген аумақтар тиісті жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізіледі. Өтініш аумақтың географиялық координаттарын көрсете отырып және оны енгізу қажеттілігінің негіздемесін келтіре отырып құзыретті органға осы Кодекс алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін үш айдан кешіктірмей жазбаша нысанда беріледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген аумақтар шегінде пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскелері аукцион негізінде пайдалануға беріледі. Аукцион өткізу және оның қорытындысы бойынша пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия беру тәртібін құзыретті орган айқындайды. Аукцион құзыретті органның шешімі бойынша өткізіледі. Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген аумақтар бойынша құзыретті органның аукцион өткізу туралы шешімі соның өтініші бойынша тиісті аумақтар мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына енгізілген жер қойнауын пайдаланушының ұсынысы бойынша қабылданады.
Аукционды конкурстық комиссия өткізеді, оның құрамын құзыретті орган бекітеді. Конкурстық комиссия аукцион шарттарына жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті лицензия үшін осы Кодексте көзделген жыл сайынғы ең төмен шығыстар мөлшеріне неғұрлым жоғары талаптарды енгізуге құқылы. Осы Кодекстің 191 және 208-баптарында көзделген міндеттемелерден басқа жер қойнауын пайдалануға берілген лицензия жер қойнауын пайдаланушының қосымша міндеттемелерін және көрсетілген міндеттемелерді бұзғаны үшін лицензияны қайтарып алудың немесе тұрақсыздық айыбын төлеудің негіздерін қамтуы мүмкін.
Аукцион өткізу қағидаларында белгіленетін өзге де талаптардан басқа, аукционға қатысуға:
барлау жөніндегі операцияларды жүргізу үшін - бірінші жыл ішінде кемінде он блокта барлау жөніндегі операцияларға арналған ең төмен шығыстарды жабу үшін жеткілікті кәсіптік және қаржылық мүмкіндіктер;
өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін - бірінші жыл ішінде кемінде бір жүз гектарда өндіруге арналған ең төмен шығыстарды жабу үшін жеткілікті кәсіптік, техникалық және қаржылық мүмкіндіктері бар өтініш берушілер жіберілуі мүмкін. Өтініш берушінің көрсетілген талаптарға сай келмеуі аукционға қатысуға жіберуден бас тарту үшін негіз болып табылады.
Аукционды өткізу туралы хабарландыру өткізілетін күніне дейін үш айдан ерте жарияланбауға тиіс. Аукционды өткізу, оның шарттары мен қорытындысы туралы хабарлама Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады. Аукцион шарттарында қол қою бонусының бастапқы мөлшері көзделуге тиіс. Қол қою бонусының ең үлкен мөлшерін ұсынған қатысушы аукцион жеңімпазы болады. Аукцион қорытындысына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оның қатысушылары шағым жасауы мүмкін.
Аукцион мынадай:
1) аукционға қатысуға өтініштер болмаған;
2) аукционға қатысуға өтініш екеуден аз болған;
3) аукционға жіберілген тұлға екеуден аз болған жағдайларда өткізілмейді.
Егер аукцион осы тармақтың тоғызыншы бөлігінің 3) тармақшасында көзделген негіз бойынша өткізілмесе, жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия аукционға қатысуға жіберілген жалғыз тұлғаға беріледі.
Аукцион мынадай:
1) аукцион өткізетін күні аукционға тіркелген қатысушы екеуден аз болған;
2) аукцион өткізетін күні аукционға бірде бір қатысушы тіркелмеген жағдайларда өткізілмеген болып танылады.
Егер аукцион осы тармақтың он бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша өткізілмеген деп танылса, жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия аукционның тіркелген қатысушысына беріледі.
Егер оның негізінде осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген аумақтың шегінде пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операциялар жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығы берілетін аукцион осы тармақтың тоғызыншы бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда өткізілмесе немесе осы тармақтың он бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда өткізілмеген деп танылса, бұл аумақ осы тармақтың мақсаттары үшін жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасынан алып тастауға жатады. Мұндай жағдайда осындай аумақ шегінде пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операциялар жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығы осы баптың 5-тармағының ережелерін ескере отырып, осы Кодекстің 9-бөлімінде көзделген тәртіппен беріледі.
Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілген аумақтар шегінде жер қойнауы учаскелері бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын берудің ерекше тәртібі осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларына сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған пайдалы қатты қазбалар бойынша өндіруге арналған келісімшарт (өндіру жөніндегі операциялар жүргізілген бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт) мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, тоқтатылған келісімшарт бойынша келісімшарттық аумақты қозғайтын жер қойнауының учаскесі құзыретті органның шешімімен осы тармақта белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы баптың 4-тармағында көзделген тәртіппен өткізілетін аукцион қорытындысы бойынша пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін пайдалануға беріледі.
Аукцион өткізу туралы хабарландыру жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған күннен бастап не құзыретті органның жер қойнауын пайдалану құқығын тоқтату туралы шешіміне шағым жасалған жағдайда, соттың шешімі күшіне енген күннен бастап үш айдан кешіктірмей жариялануға тиіс. Аукцион өткізу туралы хабарландыру мен оны өткізу күні арасындағы мерзім кемінде бір айды құрауға тиіс.
Егер пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия берілмесе, қолданысын тоқтатқан келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші болып табылатын тұлға осы Кодексте көзделген тәртіппен жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жоюға міндетті.
Аукционға шығарылған жер қойнауы учаскесіндегі пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия берілген жағдайда, қолданысын тоқтатқан келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші болып табылатын тұлға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою жөніндегі міндеттемеден босатылады. Осындай жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою бойынша міндеттемелер аукцион нәтижелері бойынша берілген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны иеленушіге осы Кодекстің 219-бабына сәйкес өндіру салдарын жоюды қамтамасыз етуді ұсынғаннан кейін толық көлемде өтеді.
Қолданысын тоқтатқан келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын иеленуші болып табылатын тұлға келісімшарт тоқтатылған күннен бастап және пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия берілгенге дейінгі не жою жөніндегі жұмыстар басталғанға дейінгі кезеңде жер қойнауы учаскесінің аумағын қоршаған ортаның және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жай-күйде ұстап тұру жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.
6. Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасында құзыретті органның жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына алғаш рет енгізілетін және осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетілген аумақтарға жатпайтын аумақтар шегінде пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияларды беруге өтініштерді қабылдауды бастау күні көзделуге тиіс деп белгіленсін. Көрсетілген күн жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасы бекітілген немесе оған тиісті өзгерістер енгізілген күннен бастап екі айдан ерте белгіленбейді.
Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына алғаш рет енгізілетін аумақтар шегінде пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияларды қараудың және берудің мынадай ерекшеліктері белгіленсін:
1) қабылдау басталатын күннен бастап бір ай ішінде келіп түскен өтініштер осы Кодекстің 188-бабының 1, 2 және 3-тармақтарында көзделген ережелер ескерілмей қаралады және бірдей басымдығы бар деп есептеледі;
2) егер осы бөліктің 1) тармақшасында көзделген мерзім ішінде келіп түскен өтініштерді қарау нәтижесінде сол бір блок (блоктар) лицензияны беруден бас тарту туралы шешім қабылданбаған бірнеше өтініштерге енгізілгені анықталса, осы блок (блоктар) бойынша өтініш иелері арасында құзыретті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде аукцион өткізіледі. Өтініш иесінің аукционға қатысудан бас тартуы немесе аукционға келмей қалуы тиісті блок бойынша оның өтінімін қабылдамауға негіз болып табылады.
3) аукцион қорытындысы бойынша осы бөліктің 2) тармақшасында көрсетілген өтініштер бойынша лицензияларды беру аукционның жеңімпазы деп танылған тұлғаның өтініші аукцион өткізілген блокқа (блоктарға) қатысты басым деп есептелетіні ескеріле отырып, осы Кодекстің 188-бабына және 189-бабының басымдық туралы ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Осы бөліктің 1) тармақшасында көзделген мерзім өткеннен кейін берілген, барлауға арналған лицензияны беруге өтініштер осы Кодекстің 27-тарауында көзделген, пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияны қараудың және берудің ережелері бойынша қаралады.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Индустрияландыру картасына немесе Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына енгізілген индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыратын, қызметі (технологиялық процесі) жер қойнауын пайдаланумен байланысты индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері, осы тармақта көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодекстің 70-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілмеген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесіне берілген өтініш негізінде пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензияны алуға құқылы деп белгіленсін. Бұл құқықты индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап бес жыл ішінде іске асыруы мүмкін.
Осы тармаққа сәйкес берілген пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензияны беру туралы өтінішке, осы Кодекстің тиісінше 187-бабында немесе 204-бабында көзделген құжаттардан басқа, индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органның өтініш иесінің өндірістік қызметі (технологиялық процесі) жер қойнауын пайдаланумен байланысты екенін растайтын қорытындысы қоса беріледі.
Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің өндірістік қызметін (технологиялық процесін) жер қойнауын пайдаланумен байланысты қызмет (технологиялық процесс) деп тану тәртібін кәсіпкерлік саласындағы индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Осы тармаққа сәйкес берілген пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензиялардың шарттары, осы Кодекстің тиісінше 191-бабында немесе 208-бабында көзделген шарттардан басқа, мыналарды көздеуі тиіс:
1) индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің индустриялық-инновациялық жобаны іске асыру бойынша міндеттемесі;
2) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің өндірістік қызметінің (технологиялық процесінің) мұқтажы үшін басымдық тәртіппен өндірілген пайдалы қатты қазбаларды жеткізу бойынша міндеттемелер.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармақтың ережелеріне сәйкес берілген жер қойнауы учаскесіндегі тиісті индустриялық-инновациялық жоба бойынша өндірістік объектіні пайдалану басталғанға дейін пайдалы қазбаларды өндіруді бастауға құқылы емес.
Осы тармаққа сәйкес берілген барлауға немесе өндіруге арналған лицензия, осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген міндеттемелер орындалмаған жағдайда, осы Кодекстің тиісінше 200-бабына немесе 221-бабына сәйкес көзделген негіздерден басқа кезде қайтарып алынуы мүмкін.
8. Жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық компаниялар осы Кодекстің 25-бабына сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге жол берілмейтін аумақтарды қоспағанда, осы Кодекстің 70-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілмеген аумақтар шегінде орналасқан жер қойнауы учаскелеріне қатысты өтінім беру арқылы пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензияны алуға құқылы деп белгіленсін. Бұл құқықты жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық компаниялар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық компаниялар қызметінің аражігін ажыратуды ескере отырып, осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде іске асыруы мүмкін.