4. Кәсіпкерлік субъектілерінің қайырымдылықты жүзеге асыру бойынша құқықтарының іске асырылуына және жеке және заңды тұлғалардың қайырымдылық көмек алуына кедергі келтіретін мемлекеттік органдардың лаузымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
79-бап. Мемлекет және қайырымдылықпен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерінің өзара іс-қимылы
1. Мемлекет қайырымдылықты жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінің, сондай-ақ олардың бірлестіктерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
2. Қайырымдылықты жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ олардың бірлестіктері мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтаса алады және өзара іс-қимыл жасап, олармен келісімдер жасаса алады, сондай-ақ шарттар негізінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген белгілі бір жұмыстарды орындай алады.
3. Осы Кодекстің нормалары филантропиялық қызметтің мақсаттары үшін пайдаланылмайтын байланысты және байланысты емес гранттарды тарту, бағалау, мониторингтеу және пайдалану тетігіне қолданылмайды.
2021.24.06. № 52-VII ҚР Заңымен 6-1-тараумен толықтырылды
6-1-тарау. ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІК
79-1-бап. Әлеуметтік кәсіпкерлік
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтар мен қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуге ықпал ететін, осы Кодекстің 79-3-бабында көзделген шарттарға сәйкес жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызметі әлеуметтік кәсіпкерлік болып табылады.
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
79-2-бап. Әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі міндеттері
Әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік проблемаларды шешуге, оның ішінде әлеуметтік инновацияларды ендіру және осы Кодекстің 79-3-бабында көзделген әлеуметтік қызметтер көрсетуге жәрдемдесу арқылы қатысуын қамтамасыз ету.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін әлеуметтік инновациялар деп қоғамда әлеуметтік өзгерістер туындататын әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге ықпал ететін жаңа идеялар, стратегиялар, технологиялар түсініледі;
2) осы Кодекстің 79-3-бабында аталған халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге жәрдемдесу және олар үшін қоғамдық пайдалы қызметке қатысуға басқа азаматтармен тең мүмкіндіктер жасау;
3) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері өндіретін тауарларды, орындайтын жұмыстарды, көрсететін қызметтерді нарыққа, оның ішінде осы Кодекстің 79-3-бабында көрсетілген халықтың әлеуметтік осал топтарының өз еңбегімен қатысуы арқылы жылжыту.
79-3-бап. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері осы бапта санамаланған шарттардың біріне немесе бірнешеуіне сәйкестігіне қарай мынадай санаттарға бөлінеді:
1) бірінші санат - әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі азаматтардың мынадай санаттарын:
мүгедектерді;
мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарды және басқа да заңды өкілдерді;
зейнеткерлерді және зейнеталды жастағы азаматтарды (жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне құқық беретін жасқа келгенге дейін бес жыл ішінде);
балалар ауылдарының тәрбиеленушілерін және балалар үйлерінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлектерін - жиырма тоғыз жасқа дейін;
қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінен жазасын өтеуден босатылған адамдарды - босатылғаннан кейін он екі ай ішінде;
белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды;
аз қамтылған, көпбалалы немесе толық емес отбасыларға жататын ата-аналарды және басқа да заңды өкілдерді, сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарды;
наркологиялық науқастарды медициналық-әлеуметтік оңалтудан немесе психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділікті емдеуден өткен адамдарды - оңалту немесе емдеу жүргізілгеннен кейін он екі ай ішінде;
қандастарды әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі қызметкерлерінің арасында осындай санаттардың кез келгеніне (осындай санаттардың біріне немесе бірнешеуіне) жататын адамдардың орташа жылдық саны алдыңғы күнтізбелік жылдың қорытындысы бойынша кемінде елу пайызды құраған (бірақ осындай санаттарға жататын кемінде екі адам болған), ал еңбекке ақы төлеу шығыстарында осындай санаттардың кез келгеніне (осындай санаттардың біріне немесе бірнешеуіне) жататын адамдардың еңбегіне ақы төлеуге арналған шығыстардың үлесі кемінде жиырма бес пайызды құраған жағдайда, жұмыспен қамтуға ықпал етеді (жұмыскердің әлеуметтік мәртебесі еңбек шартын жасасқан кезде белгіленеді);
2) екінші санат - әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі осы баптың 1) тармақшасында аталған санаттар қатарындағы азаматтар өндіретін тауарларды, орындайтын жұмыстарды, көрсететін қызметтерді өткізуге ықпал етеді. Бұл ретте, алдыңғы күнтізбелік жылдың қорытындысы бойынша осындай қызметті (осындай қызмет түрлерін) жүзеге асырудан түсетін кірістердің үлесі әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі кірістерінің жалпы көлемінің кемінде елу пайызын құрауға тиіс, ал әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде алған таза кірістің ағымдағы күнтізбелік жылда осындай қызметті (осындай қызмет түрлерін) жүзеге асыруға бағытталған үлесі көрсетілген кіріс мөлшерінің (алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде таза кіріс болған жағдайда) кемінде елу пайызын құрайды;
3) үшінші санат - әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі мүгедектердің тыныс-тіршілігіндегі шектеулерді еңсеруге немесе орнын толтыруға мүмкіндік беретін жағдайлар жасау мақсатында мүгедектерге, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке қатысу үшін басқа азаматтармен тең мүмкіндіктер жасау мақсатында осы баптың 1) тармақшасында аталған өзге де адамдарға арналған тауарлар өндіру, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету жөніндегі қызметті алдыңғы күнтізбелік жылдың қорытындысы бойынша осындай қызметті (осындай қызмет түрлерін) жүзеге асырудан түсетін кірістердің үлесі әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі кірістерінің жалпы көлемінің кемінде елу пайызын құраған, ал әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде алған таза кірістің ағымдағы күнтізбелік жылда осындай қызметті (осындай қызмет түрлерін) жүзеге асыруға бағытталған үлесі көрсетілген кіріс мөлшерінің (алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде таза кіріс болған жағдайда) кемінде елу пайызын құраған жағдайда, мынадай:
тұрмыста тыныс-тіршілікті қолдауға бағытталған әлеуметтік-тұрмыстық қызметтерді көрсету жөніндегі;
күтімді ұйымдастыру, сауықтыру іс-шараларын жүргізуге жәрдем көрсету, азаматтардың денсаулық жағдайының өзгеруін анықтау үшін жүйелі түрде байқау арқылы денсаулықты қолдауға және сақтауға бағытталған әлеуметтік-медициналық қызметтерді көрсету жөніндегі;
әлеуметтік ортаға бейімдеу үшін психологиялық жай-күйін түзетуде көмек көрсетуді көздейтін әлеуметтік-психологиялық қызметтерді көрсету жөніндегі;
мінез-құлқындағы ауытқушылықтардың профилактикасына бағытталған әлеуметтік-педагогикалық қызметтерді көрсету жөніндегі;
жұмысқа орналасуда және еңбекте бейімделуге байланысты өзге де проблемаларды шешуде көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік-еңбек қызметтерін көрсету жөніндегі;
коммуникациялық әлеуетті арттыруды, оңалту мен әлеуметтік бейімдеуді көздейтін қызметтерді, әлеуметтік қолдап отыру бойынша қызметтерді көрсету жөніндегі;
аурулардың профилактикасы, мүгедектерді оңалту, оның ішінде мүгедек балаларды медициналық абилитациялау үшін ғана пайдаланылуы мүмкін медициналық техниканы, протездік-ортопедиялық құралдарды, цифрлық денсаулық сақтау саласындағы бағдарламалық қамтылымды, сондай-ақ техникалық құралдарды өндіру және (немесе) өткізу жөніндегі;
мүгедектер мен зейнеткерлердің демалысын және оларды сауықтыруды ұйымдастыру жөніндегі;
қосымша білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыру жөніндегі;
мүгедектер мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін әлеуметтік, көліктік және рекреациялық инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділікті, көлік құралдарын пайдалануды, ақпарат беру кезінде әмбебап байланыс қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ету бойынша жағдайлар жасау жөніндегі қызмет түрлеріне сәйкес жүзеге асырады;
4) төртінші санат - әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі қызметті алдыңғы күнтізбелік жылдың қорытындысы бойынша осындай қызметті (осындай қызмет түрлерін) жүзеге асырудан түсетін кірістердің үлесі әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі кірістерінің жалпы көлемінің кемінде елу пайызын құраған, ал әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде алған таза кірістің ағымдағы күнтізбелік жылда осындай қызметті (осындай қызмет түрлерін) жүзеге асыруға бағытталған үлесі көрсетілген кіріс мөлшерінің (алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде таза кіріс болған жағдайда) кемінде елу пайызын құраған жағдайда, мынадай:
отбасын нығайтуға, балалардың отбасында тәрбиеленуін қамтамасыз етуге және ана мен баланы қолдауға бағытталған психологиялық-педагогикалық және өзге де қызметтерді көрсету жөніндегі;
балалардың демалысын және оларды сауықтыруды ұйымдастыру жөніндегі;
мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыру жөніндегі;
мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, негізгі орта және жалпы орта білімнің оқу бағдарламаларын меңгеруде, дамуда және әлеуметтік бейімделуде қиналатын білім алушылар мен тәрбиеленушілерге медициналық және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі;
әлеуметтік бағдарланған коммерциялық емес ұйымдардың қызметтер ұсыну сапасын арттыруға бағытталған, осы ұйымдардың қызметкерлері мен еріктілерін (волонтерлерді) оқыту жөніндегі;
мәдени-ағартушылық (оның ішінде, жеке музейлердің, театрлардың, кітапханалардың, архивтердің, мектеп-студиялардың, шығармашылық шеберханалардың, ботаникалық және зоологиялық бақтардың, мәдениет үйлерінің, халық шығармашылығы үйлерінің қызметі);
қоршаған ортаны қорғау жөніндегі;
осы Кодекстің 79-3-бабында аталған халықтың әлеуметтік осал топтарына гериатриялық және геронтологиялық көмек көрсету, денсаулық және ұзақ өмір сүру орталықтарын, саламатты өмір салтын жүргізу бойынша іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі қызмет түрлерінің ішінен жүзеге асырады.
79-4-бап. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі
1. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары туралы деректерді пайдалану үшін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізеді.
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар туралы мәліметтерді, атап айтқанда:
1) дара кәсіпкердің атауын не заңды тұлғаның атауы мен тіркелген күнін;
2) сәйкестендіру нөмірін;
3) заңды мекенжайын (тұрған жерін);
4) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілу күнін;
5) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісінің санатын қамтитын электрондық дерекқор әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі болып табылады.
Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін алдыңғы күнтізбелік жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша ағымдағы жылғы 1 ақпаннан кешіктірмей бекітеді.
Көрсетілген мәліметтерді кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган арнаулы комиссияның қарау қорытындылары бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынған мәліметтерді ескере отырып, осы Кодекстің 79-3-бабында көзделген шарттарға сәйкестігі тұрғысынан алдыңғы күнтізбелік жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша жыл сайын жаңартып отырады.
Дара кәсіпкер немесе заңды тұлға осы Кодекстің 79-3-бабында көзделген шарттарға сәйкес келген кезде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган арнаулы комиссияның қарау қорытындылары бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға ұсынған мәліметтердің негізінде күнтізбелік тоқсанның 1-күні тізілімге жаңа әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін енгізуге құқылы.
Арнаулы комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктер мен кәсіптік одақтардың өкілдері кіреді. Арнаулы комиссияны қалыптастыру тәртібін және ол туралы ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін орналастырады.
3. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
7-тарау. КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 80-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
80-бап. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің мақсаттары, міндеттері және шектері
1. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің мақсаттары кәсіпкерлік субъектісі өндіретін және өткізетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіздігін, олардың заңды мүдделерін қорғауды, қоршаған ортаға қауіпсіздігін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін, мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету және ел экономикасының өсуін ынталандыратын кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.
2. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің міндеттері:
1) адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауды, қоршаған ортаны қорғауды;
2) ұлттық экономикаға инвестициялар тартуды ынталандыратын реттеуші ортаны және инновациялық қызметке қолайлы экожүйе қалыптастыруды;
3) адал бәсекелестікті дамытуға жағдайлар жасауды;
4) кәсіпкерлердің іскерлік беделіне негізделген бизнестің адал, әдепті жүргізілуін ынталандыруды;
5) өзін-өзі реттеуді дамытуға жәрдемдесуді;
6) тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтиды.
3. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу реттегіш құралдар арқылы жүзеге асырылады және:
1) Қазақстан Республикасының заңдары;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтары;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулылары;
4) Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының өзге де басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
5) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілері;
6) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті талаптарды қамтитын өзге де құжаттар деңгейінде мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті талаптарды белгілеуіне негізделген.
4. Осы тараудың күші Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасы саласындағы кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуге, қаржы ұйымдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент – банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент – сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент – сақтандыру брокерлері филиалдарының және сақтандыру топтары мен банк конгломераттарының құрамына кіретін тұлғалардың қызметіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына қолданылмайды.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 81-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
81-бап. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің нысандары мен құралдары
1. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу:
1) кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеу;
2) техникалық реттеу;
3) бағалар мен тарифтерді мемлекеттік реттеу;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;
5) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу нысанында;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің өзге де нысандарында жүзеге асырылады.
2. Мынадай реттегіш құралдар:
1) кәсіпкерлік субъектілерінің жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруының рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі;
2) мемлекеттік бақылау мен қадағалау;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігін белгілеу;
4) ақпараттық құралдар;
5) өзін-өзі реттейтін ұйымға міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті талаптардың орындалуын қамтамасыз ету құралдары болып табылады.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 81-1-баппен толықтырылды
81-1-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті реттегіш құралдарды және (немесе) талаптарды қалыптастыру шарттары
1. Реттегіш құралдар және (немесе) талаптар мынадай шарттар:
1) негізділік;
2) кәсіпкерлік қызметті реттеудің теңдігі;
3) ашықтық;
4) орындаушылық;
5) айқындық;
6) мөлшерлестік және ұтымдылық;
7) дәйектілік және болжамдылық негізінде қалыптастырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шарттардың мынадай анықтамалары бар:
1) негізділік деп реттегіш құралдардың және (немесе) талаптардың жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін қорғау мақсатында ғана енгізілуі түсініледі;
2) кәсіпкерлік қызметті реттеудің теңдігі деп, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, осы реттеуді жүзеге асыру кезінде нарықтың жекелеген субъектілері үшін, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілері мен табиғи монополиялар субъектілері үшін неғұрлым тиімді құқықтық жағдайлар белгілеуге жол бермеу түсініледі;
3) ашықтық деп енгізілетін (өзгертілетін) реттегіш құрал және (немесе) талап туралы ақпараттың қолжетімділігі, оларды енгізу уәждерінің анықтығы түсініледі;
4) орындаушылық деп кәсіпкерлік субъектілерінің енгізілетін реттегіш құралдың және (немесе) талаптың шарттарын орындау мүмкіндігі түсініледі;
5) айқындық деп реттегіш құралдарды және (немесе) талаптарды регламенттейтін нормативтік құқықтық актілердің нормаларын екіұдай түсінуге жол бермейтіндей етіп түсінікті, қолжетімді нысанда баяндау түсініледі;
6) мөлшерлестік пен ұтымдылық деп кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің әсер ету деңгейінің Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында қорғалатын құндылықтар үшін қолайсыз оқиғалардың басталу тәуекелі дәрежесіне сәйкестігі түсініледі;
7) дәйектілік пен болжамдылық деп енгізілетін және (немесе) қолданыстағы реттегіш құралдардың және (немесе) талаптардың Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігі түсініледі.
3. Реттегіш құралдарды және (немесе) талаптарды енгізу, сондай-ақ қолданыстағыларын өзгерту осы бапта белгіленген шарттар сақталып жүзеге асырылады.
Реттегіш құралдар және (немесе) талаптар осы Кодекстің 3 және 80-баптарында белгіленген кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу мақсаттарына, міндеттеріне және кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимыл жасау қағидаттарына сәйкес келуге тиіс.
4. Енгізілетін және қолданыстағы реттегіш құралдардың және (немесе) талаптардың шарттарына сәйкестікті бағалау реттегіш құралдардың және (немесе) талаптардың реттеушілік әсеріне талдауды жүргізу және пайдалану қағидаларына сәйкес реттеушілік әсерге талдау жүргізу шеңберінде жүзеге асырылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 82-бап жаңа редакцияда
82-бап. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құралдарды және (немесе) талаптарды енгізуді, реттеуді қатаңдатуды көздейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ерекшеліктері
1. Егер мемлекеттік органдар кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жаңа реттегіш құралды және (немесе) талапты енгізуді, реттеуді қатаңдатуды жоспарлаған болса, мемлекеттік органдар кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.
Кәсіпкерлік субъектілеріне қосымша міндеттер белгілеу немесе жүктемені өзгеше ұлғайту реттеуді қатаңдату болып табылады.
2. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жаңа талапты енгізу немесе реттеуді қатаңдату, халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне жаппай қатер төндіруі мүмкін жағдайларды қоспағанда, реттегіш құралдардың және (немесе) талаптардың реттеушілік әсеріне талдауды жүргізу және пайдалану қағидаларында айқындалған тәртіппен кәсіпкерлік қызметті құқықтық реттеудің нақ сол саласындағы екі талаптың күшін жоюды көздеуге тиіс.
Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде тиісті құқықтық қатынастарды реттеу алғаш рет енгізілетін жағдайларға, сондай-ақ осы баптың 3-тармағы екінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген жағдайларға осы тармақтың ережелері қолданылмайды.
3. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеушілік құралдарды және (немесе) талаптарды енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды көздейтін Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының жобалары, Қазақстан Республикасының заңдары жобаларының тұжырымдамалары, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жобалары, Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің жобалары реттеушілік әсерін талдауға жатады.
Бұл ретте, кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құрал және (немесе) талаптар енгізілгенге дейін және енгізілгеннен кейін және (немесе) реттеу қатаңдатылғанға дейін және қатаңдатылғаннан кейін реттеушілік әсерге талдау жүргізу туралы талап:
1) авариялардың, дүлей зілзалалардың және өзге де төтенше жағдайлардың салдарларын еңсеру жөніндегі мәселелерді реттеуге;
2) қару-жарақ пен әскери техниканың айналымын, азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымын, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың айналымын реттеуге;
3) қаржы ұйымдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент – банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент – сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент – сақтандыру брокерлері филиалдарының және сақтандыру топтары мен банк конгломераттарының құрамына кіретін тұлғалардың қызметін реттеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына;
4) Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігіне және оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төнген жағдайда арнаулы валюталық режим енгізуге;
5) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына;
6) адамдардың инфекциялық және паразиттік аурулары мен жануарлардың жұқпалы аурулары туындаған жағдайда, тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып карантиндік аймақты, сондай-ақ карантинді немесе шектеу іс-шараларын белгілеу туралы шешімдер қабылдауға;
7) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мәселелерді реттеуге;
8) қарсы барлау және барлау қызметі саласындағы мәселелерді реттеуге;
9) жедел-іздестіру қызметі саласындағы мәселелерді реттеуге;
10) күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет іс-шараларын жүргізу мәселелерін реттеуге;
11) соғыс жағдайын енгізуге және қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді реттеуге қолданылмайды.
Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жаңа реттегіш құралды және (немесе) талапты енгізу немесе реттеуді қатаңдату кезінде реттеушілік әсерге талдау жүргізу туралы талаптар Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген заң жобаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Парламентінде заң жобаларын қарау процесіне де қолданылмайды. Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауындағы заң жобаларына депутаттардың түзетулері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қорытындысы шеңберінде, осы бапта белгіленген негіздер бойынша реттеушілік әсерге талдау жүргізілуі мүмкін.