5. Үлгiлердi алу құқығы судьяда, сарапшыда, дәрiгерде немесе басқа маманда болады.
6. Үлгiлердi алу сараптамалық зерттеудiң бiр бөлiгi болып табылатын жағдайларда, оны сарапшы жүргiзуi мүмкiн.
7. Yлгiлер тараптардан, сондай-ақ үшiншi тұлғалардан алынуы мүмкiн.
8. Судья адамды өзiне шақырады, оны үлгiлердi алу туралы ұйғарыммен қолхат ала отырып таныстырады, оған және осы процестік әрекеттерге қатысатын өзге де адамдарға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi.
9. Судья жеке өзi немесе маманның қатысуымен қажеттi әрекеттердi жүргiзедi, үлгiлердi алады, оларды орайды және оларға мөр басады.
10. Үлгiлердi алу нәтижелерi процестік әрекет (сот отырысы) хаттамасында тiркеледi, онда жүргiзiлген ретi сақтала отырып: үлгiлердi алу үшiн жасалған әрекеттер, бұл ретте қолданылған ғылыми-зерттеулер және басқа да әдiстер мен рәсiмдер, сондай-ақ үлгiлердiң өздерi сипатталады.
775-бап. Дәрiгердiң немесе басқа маманның, сондай-ақ сарапшының үлгiлердi алуы
1. Судья өзiнен үлгiлер алынуға тиiс адамды, сондай-ақ тиiстi тапсырмасы бар ұйғарымды дәрiгерге немесе басқа маманға жiбередi. Ұйғарымда осы процестік әрекетке қатысушылардың барлығының құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлуге тиiс.
2. Дәрiгер немесе басқа маман судьяның тапсырмасы бойынша қажеттi әрекеттердi жүргiзедi және үлгiлердi алады. Үлгiлер оралады және мөр басылады, одан кейiн дәрiгер немесе басқа маман жасаған ресми құжатпен бiрге судьяға жiберiледi.
3. Сарапшы зерттеу процесiнде эксперименттік үлгiлер дайындауы мүмкiн, бұл туралы ол қорытындыда хабарлайды.
4. Судья мұндай үлгiлердi дайындау кезiнде қатысуға құқылы, оны өзi жасайтын хаттамада көрсетедi.
5. Сарапшы зерттеу жүргiзгеннен кейiн үлгiлердi оралған және мөр басылған түрде өзiнiң қорытындысына қоса береді.
6. Егер үлгiлердi судьяның тапсырмасы бойынша маман немесе сарапшы алған болса, ол ресми құжат жасап, оған процестік әрекетке қатысушылардың барлығы қол қояды және iс материалдарына қосып тігу үшiн судьяға берiледi.
7. Алынған үлгiлер оралған және мөр басылған түрде хаттамаға қоса беріледi.
776-бап. Үлгiлердi алу кезiнде жеке бас құқықтарын қорғау
Үлгiлердi алу әдiстерi мен ғылыми-техникалық құралдары адамның өмiрi мен денсаулығы үшiн қауiпсiз болуға тиiс. Қатты ауыру сезiнуiн тудыратын күрделi медициналық рәсiмдердi немесе әдiстердi қолдануға үлгiлер алынуға тиiстi адамның жазбаша келiсiмімен ғана, ал егер ол кәмелетке толмаған немесе психикалық аурумен ауыратын болса, онда оның заңды өкiлдерiнiң келiсiмiмен ғана жол берiледi.
777-бап. Заттай дәлелдемелер
1. Құқық бұзушылықтың құралы не нысанасы болған не оның iздерi қалған заттар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша заттай дәлелдемелер болып табылады.
2. Қажет болған жағдайларда заттай дәлелдемелер суретке түсiрiледi немесе өзге тәсiлмен тiркеледi және iске тiгiледi, бұл жөнiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға немесе осы Кодексте көзделген өзге хаттамаға жазба жазылады.
3. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) iс мәнi бойынша шешiлгенге дейiн заттай дәлелдемелердiң сақталуын қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолдануға, сондай-ақ iстi қарау аяқталысымен олар туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.
778-бап. Ғылыми-техникалық құралдар
1. Сот, орган (лауазымды адам) және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізудің қатысушылары ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде алынған нақты деректерді пайдалануға және ұсынуға құқылы.
2. Егер ғылыми-техникалық құралдар:
1) заңда тікелей көзделсе немесе оның нормалары мен қағидаттарына қайшы келмесе;
2) ғылыми негізделген болса;
3) іс бойынша іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз етсе;
4) қауіпсіз болса, оларды пайдалануға жол беріледі деп танылады.
3. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде алынған нақты деректер әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыда көрсетіледі.
779-бап. Құжаттар
1. Егер ұйымдар, лауазымды адамдар және жеке тұлғалар баяндаған немесе куәландырған мәлiметтердiң әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс үшiн маңызы болса, құжаттар iс бойынша дәлелдемелер деп танылады.
2. Құжаттар жазбаша да, өзге де нысанда тiркелген мәлiметтерді қамтуы мүмкiн. Құжаттарға, оның ішінде осы Кодексте көзделген тәртiппен алынған, талап етiп алдырылған немесе ұсынылған компьютерлiк ақпаратты, фото- және кинотүсiрiлiмдерді, дыбыс- және бейнежазбаларды қамтитын материалдар жатқызылуы мүмкiн.
3. Көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігі оның төлнұсқалығын тексеру және жеке тұлғаны көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы шешім қабылдау жағдайларында ғана іс үшін маңызы бар құжат болып табылады.
4. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) iс мәнi бойынша шешiлгенге дейiн құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолдануға, сондай-ақ iстi қарау аяқталысымен олар туралы шешiм қабылдауға мiндеттi.
5. Құжаттарда осы Кодекстiң 777-бабында көрсетілген белгiлер болған жағдайларда, олар заттай дәлелдемелер болып табылады.
780-бап. Қосымша мәлiметтерді талап етіп алдыру
1. Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судья, орган (лауазымды адам) ұйымдардан, қоғамдық бiрлестiктерден iстiң шешiлуiне қажеттi қосымша мәлiметтерді талап етіп алдыру туралы ұйғарым шығаруға құқылы.
2. Судьяның, органның (лауазымды адамның) қосымша мәлiметтерді талап етіп алдыру туралы ұйғарымында қаралып жатқан iстiң мәнi қысқаша баяндалып, анықтауға жататын мән-жайлар көрсетiледi. Осы ұйғарым жiберiлiп отырған сот үшiн мiндеттi болып табылады және белгiленген мерзiмде орындалуға жатады.
3. Талап етiлетін мәлiметтер талап алынған күннен бастап үш тәулік ішінде жiберiлуге тиiс.
4. Көрсетілген мәлiметтердi ұсыну мүмкiн болмаған кезде ұйым, қоғамдық бiрлестiк ұйғарым шығарған судьяны, органды (лауазымды адамны) бұл туралы үш тәулік ішінде жазбаша нысанда хабардар етуге мiндеттi.
781-бап. Дәлелдеу
1. Дәлелдеу әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы iстердi заңды, негiзді және әдiл қарау үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында дәлелдемелердi жинаудан, тексеруден және бағалаудан тұрады.
2. Құқық бұзушылықтың әкімшілік жауаптылық негіздері мен кiнәсiнiң болуын дәлелдеу мiндетi әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға уәкілеттік берілген органға (лауазымды адамға) жүктеледі.
782-бап. Дәлелдемелерді жинау
1. Дәлелдемелерді жинау осы Кодексте көзделген әрекеттерді жүзеге асыру арқылы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша іс жүргізу процесінде жүргізіледі.
2. Нәрселер мен құжаттар оларды бағалағаннан кейін iске тігіледі, бұл жөнінде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамада тиісті жазба жасалады немесе бөлек хаттама жасалады.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша іс жүргізуге қатысушылар болып табылатын адамдардан нәрселер мен құжаттарды қабылдау өтінішхат негізінде жүзеге асырылады.
783-бап. Дәлелдемелерді тексеру
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы iс бойынша барлық жиналған дәлелдемелер мұқият, жан-жақты және объективтi тексеруге жатады. Тексеру алынған дәлелдемелердi талдауды, оны басқа дәлелдемелермен салыстыруды, қосымша дәлелдемелер жинауды, дәлелдемелердi алу көздерiн тексерудi қамтиды.
784-бап. Дәлелдемелердi бағалау
1. Дәлелдемелерді бағалау - бұл дәлелдемелерді талдау мен синтездеуден тұратын және жеке дәлелдемелердің тиесілігі, жол беруге болатындығы, анықтығы мен маңызы және қабылданған шешімді негіздеу үшін олардың жиынтығының жеткіліктілігі туралы түйінмен аяқталатын логикалық ойлау қызметі.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыратын судья, орган (лауазымды адам) дәлелдемелердi заң мен ар-намысты басшылыққа ала отырып, дәлелдемелердi өз жиынтығында жан-жақты, толық және объективтi қарауға негiзделген өзiнiң iшкi сенiмi бойынша бағалайды. Ешбiр дәлелдеменiң алдын ала белгiленген күшi болмайды.
3. Әрбiр дәлелдеме тиесiлiлiгi, жол беруге болатындығы, анықтығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында iстiң шешiлуi үшiн жеткiлiктiлiгi тұрғысынан бағалануға жатады.
4. Егер дәлелдеме iс үшiн маңызы бар мән-жайлардың болуы туралы түйіндерді растайтын, жоққа шығаратын немесе оған күмән келтiретiн нақты деректерді білдірсе, дәлелдеме iске қатысты деп танылады.
5. Егер дәлелдеме осы Кодексте көзделген тәртiппен алынса, ол жол беруге болатын дәлелдеме деп танылады.
6. Егер тексеру нәтижесiнде дәлелдеменiң шындыққа сәйкес екендiгi анықталса, ол анық дәлелдеме деп танылады.
7. Егер дәлелденуге жататын мән-жайлардың барлығы және әрқайсысы туралы ақиқатты даусыз анықтайтын, iске қатысты жол берiлетiн және анық дәлелдемелердiң бәрi жиналса, дәлелдемелердiң жиынтығы iстiң шешiлуi үшiн жеткiлiктi деп танылады.
40-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану
785-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзудi қамтамасыз ету шаралары
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жолын кесу, оны жасауға күдiктiнiң жеке басын анықтау, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жерде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасау мүмкiн болмағанда, оны жасау, iстi уақтылы және дұрыс қарауды және iс бойынша қабылданған қаулыны орындауды қамтамасыз ету, адамдардың өміріне немесе денсаулығына тікелей қатерді, авария немесе техногендік апат қатерін болғызбау мақсатында уәкiлеттi лауазымды адам өз өкiлеттiктерi шегiнде жеке тұлғаға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз етудің мынадай шараларын қолдануға құқылы:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалатын жерге жеткiзу;
2) жеке тұлғаны әкiмшiлiк ұстап алу;
3) күштеп әкелу;
4) жеке басын жете тексеруді және жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеруді;
5) көлiк құралдарын, шағын көлемдi кемелерді жете тексеру;
6) құжаттар мен заттарды алып қою;
7) көлiк құралын немесе шағын көлемдi кеменi басқарудан шеттету және оның алкогольден, есiрткiден, уытқұмарлықтан масаң күйiн куәландыру;
8) көлiк құралын немесе шағын көлемдi кеменi ұстап алу, жеткiзу және пайдалануға тыйым салу;
9) қарап-тексеру;
10) жеке тұлғаның алкогольден, есiрткiден немесе уытқұмарлықтан масаң күйiн медициналық куәландыру;
11) осы Кодекстің 48-бабының тәртібімен қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не оған тыйым салу.
2. Заңды тұлғаға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз етудің мынадай шаралары қолданылуы мүмкiн:
1) заңды тұлғаға тиесiлi үй-жайларды, аумақтарды, ондағы тауарларды, көлiк құралдарын және өзге де мүлiктi, сондай-ақ тиiстi құжаттарды қарап-тексеру;
2) заңды тұлғаға тиесiлi құжаттарды алып қою;
3) заңды тұлғаға тиесiлi тауарларға, көлiк құралдарына және өзге де мүлiкке тыйым салу немесе алып қою;
4) осы Кодекстің 48-бабының тәртібімен қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не оған тыйым салу.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалғанға дейін (жеке басты жете тексеруді, жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын жете тексеруді қоспағанда), іс бойынша іс жүргізу кезеңінде, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыны орындау сатысында қолданылуы мүмкін.
4. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде санамаланған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларының әрқайсысы жеке немесе егер бұл қажеттіліктен туындаса, бір мезгілде басқа шаралармен бірге қолданылуы мүмкін.
5. Лауазымды адам әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын заңсыз қолданудан келтiрілген зиян үшiн жауапты болады.
6. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын қолдануға осы Кодекстiң 44-тарауында көзделген тәртіппен шағым жасалуы мүмкiн.
786-бап. Жеткiзу
1. Құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ хаттаманың жасалуы мiндеттi болып, оларды әкiмшiлiк құқық бұзушылық анықталған жерде жасау мүмкiн болмаған кезде, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасау не қорғау нұсқамасын шығару мақсатында жеке тұлғаны, заңды тұлғаның өкiлiн, лауазымды адамды, ал осы баптың 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген жағдайларда көлік құралын және құқық бұзушылық жасаудың басқа да құралдарын:
1) көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын, жол жүрісі тәртiбi мен қауiпсiздiгiн қорғау жөнiндегi қағидаларды, көлiктегі жүктердiң сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған қағидаларды, өрт қауiпсiздiгi қағидаларын, көлiктегі санитариялық-гигиеналық және санитариялық эпидемияға қарсы қағидаларды бұзушылықтар жасалған кезде - егер оның жеке басын куәландыратын құжаттары және ол туралы қажеттi деректерді хабарлайтын куәлар жоқ болса, сондай-ақ егер оның көлiк құралына қажеттi құжаттары болмаса, осыған уәкiлеттiк берiлген тұлға iшкi iстер органына (полицияға);
2) орман тәртібін бұзушылықтар немесе аң аулау қағидаларын, балық аулау және балық қорын қорғау қағидаларын бұзу және жануарлар дүниесiн қорғау мен пайдалану туралы заңнаманы басқаша бұзушылықтар жасалған кезде - орман және аңшылық шаруашылығы мемлекеттiк және ведомстволық күзетiнiң жұмыскерлерi, аң аулау қағидаларының сақталуына мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдардың, балық қорғау органдарының осыған уәкiлеттiк берілген лауазымды адамдары, жануарлар дүниесiнiң қорғалуы мен пайдаланылуына мемлекеттiк және ведомстволық бақылауды жүзеге асыратын басқа да органдардың лауазымды адамдары, қорықтардың және басқа да ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың лауазымды адамдары, сондай-ақ iшкi iстер органдарының (полицияның) қызметкерлерi iшкi iстер органдарына (полицияға) немесе жергiлiктi басқару органына;
3) қорғалатын объектiлерге, басқа да бөтен мүлiкке қолсұғушылықпен байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасалған кезде - әскерилендiрiлген күзет жұмыскерлерi әскерилендiрiлген күзеттiң қызметтiк үй-жайына немесе iшкi iстер органына (полицияға);
4) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекара режимiн, шекара режимін және кедендік режимдi, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы және Кеден одағының кедендiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiндегi режимді бұзушылықтар, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметi әскери қызметшiсiнiң, өзге де әскерлер, әскери құралымдар әскери қызметшiлерiнiң, iшкi iстер органдары (полиция) қызметкерiнiң заңды өкiмiне немесе талабына қаскөйлікпен бағынбаушылық жасалған кезде - әскери қызметшi, iшкi iстер органдарының (полицияның) қызметкерi немесе Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын күзету жөнiндегi мiндеттi орындайтын басқа жеке тұлға бөлiмшеге, әскери бөлiмге, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметiне, iшкi iстер органына (полицияға), жергiлiктi басқару органына;
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) кәсiпкерлiк қызмет, сауда және қаржы, салық салу, кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар жасалған кезде - экономикалық тергеу қызметі қызметкерлерi;
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) белгіленген басқару тәртібіне және мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын құқық бұзушылықтар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасалған кезде - сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері;
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын жүргізу кезінде құқық бұзушылықтар жасалған кезде - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметiнің қызметкерлері;
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) өзге де әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған кезде прокурордың тиiстi тапсырмалары немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға уәкiлеттiк берілген лауазымды адамдар тарапынан өтiнiш болған кезде - iшкi iстер органдарының қызметкерлерi iшкi iстер органына (полицияға) немесе өзге де мемлекеттiк органға жеткiзудi, яғни мәжбүрлеп келтiрудi жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының континенттiк қайраңында, аумақтық суларында (теңiзiнде) және iшкi суларында құқық бұзушылықтар жасалған кезде, жеке басын сол жерде анықтау мүмкiн емес тәртiп бұзушы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының континенттiк қайраңында, аумақтық суларында (теңізінде) және ішкі суларында заңсыз қызметті жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын, тиесілігі қарап-тексеру кезiнде анықталуы мүмкiн емес кемелер мен әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралдары құқық бұзушылықтың жолын кесу үшiн, сондай-ақ тәртiп бұзушының жеке басын және ұстап алынған кемелердiң, құқық бұзушылық жасау құралдарының тиесілігін анықтау және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасау үшiн Қазақстан Республикасының портына (шетел кемелерi - шетел кемелерiнiң келiп кiруiне ашық Қазақстан Республикасы порттарының бiрiне) жеткiзiлуге жатады.
3. Жеткiзу мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде жүргізілуге тиiс.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Жеткiзу туралы хаттама жасалады не әкiмшiлiк құқық бұзушылық немесе әкiмшiлiк ұстап алу туралы хаттамаға тиiстi жазба жазылады.
Адамды әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін көзделген мерзімде оны жеткізуді жүзеге асыру мүмкін болмаған кезде, өтініш беруші органның (лауазымды адамның) атына жеткізудің жүргізілмеу себептері көрсетіліп, жазбаша түрде не электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында хабарлама жіберіледі.
787-бап. Әкімшілік ұстап алу
Әкiмшiлiк ұстап алуды, яғни құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе іс жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында жеке тұлғаның, заңды тұлға өкілінің, лауазымды адамның жеке бас бостандығын қысқаша мерзімге шектеуді:
1) Осы Кодекстің 685-бабына сәйкес бұл жөніндегі істерді ішкі істер органдары (полиция) қарайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар не осы Кодекстің 804-бабының бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес бұл жөніндегі істер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалатын әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталған кезде - ішкі істер органдары (полиция);
2) төтенше жағдай режимi бұзылған кезде және төтенше жағдай кезiнде құқықтық тәртiптi бұзуға итермелейтін iс-әрекеттер кезінде - төтенше жағдай жарияланған жердiң комендатурасы мен әскери патрульдер;
3) терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимi бұзылған немесе терроризмге қарсы операцияның жариялануына байланысты белгiленген талаптар орындалмаған кезде - терроризмге қарсы операцияға белгiленген құзыретi шегiнде қатысатын лауазымды адамдар;
4) Осы Кодекстің 726-бабының үшінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнің лауазымды адамдары қарайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар не осы Кодекстің 804-бабы бірінші бөлігінің 44) тармақшасына сәйкес бұл жөніндегі істер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалатын әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталған кезде - осы қызметтің лауазымды адамдары;
5) күзетiлетiн объектiлерге, басқа да бөтен мүлiкке қолсұғушылықпен байланысты құқық бұзушылықтар жасалған кезде - күзетiлетiн объект орналасқан жердегi аға әскери қызметшi, iшкi iстер органдарының, арнаулы мемлекеттiк органдардың қызметкерi, әскерилендiрiлген күзеттiң лауазымды адамы;
6) балық қорғау органдары, аң аулау қағидаларының сақталуына мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдар мен орман және аңшылық шаруашылығы органдары сақталуын бақылауды жүзеге асыратын қағидалар бұзылған кезде - осы органдар;
7) көлiк бақылау органдары сақталуын бақылауды жүзеге асыратын қағидалар бұзылған кезде - осы органдар;
8) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының көлiк құралдарын басқаратын жүргiзушiлер немесе басқа да адамдар жол жүрісі қағидаларын бұзған кезде - әскери полицияның лауазымды адамдары;
9) табиғат қорғау заңнамасы бұзылған кезде - қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды, қорықтар мен басқа да ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылау органдары;
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10) кәсiпкерлiк қызмет, сауда және қаржы, салық салу, кеден ісі салаларында құқық бұзушылықтар жасалған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердiң ведомстволық бағыныстылығына сәйкес - мемлекеттік кіріс органдарының лауазымды адамдары;
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) белгiленген басқару тәртiбiне және мемлекеттiк билiк институттарына қол сұғатын құқық бұзушылықтар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасалған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердiң ведомстволық бағыныстылығына сәйкес - сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің лауазымды адамдары;
12) Қазақстан Республикасының континенттiк қайраңында, аумақтық суларында (теңiзiнде) және iшкi суларында рұқсат етiлген қызметтi регламенттейтiн лицензия шарттарының бұзылуына, ресурстық немесе теңiзде ғылыми зерттеулердi жүргiзу қағидаларының бұзылуына, қалдықтар мен басқа да материалдарды көму қағидаларының бұзылуына, Қазақстан Республикасының континенттiк қайраңын, аумақтық суларын (теңiзiн) және iшкi суларын қорғау органдары лауазымды адамдарының кеменi тоқтату туралы заңды талаптарының орындалмауына немесе оның жүзеге асырылуына кедергi келтіруге байланысты континенттiк қайраңда, аумақтық суларда (теңiзде) және iшкi суларда әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасалған кезде - мемлекеттiк тау-кен қадағалау органдарының, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң, геология және жер қойнауын пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның, қоршаған ортаны және табиғи ресурстарды қорғау жөнiндегi органдардың, балық аулау жөнiндегi республикалық органның лауазымды адамдары;
13) 2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
14) егер құқық бұзушылық күзетiлетiн адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi күзет iс-шараларын жүргiзу кезiнде жасалса - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметiнiң лауазымды адамдары;
15) сот отырысы кезiнде залда, сондай-ақ атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату барысында құқыққа қарсы әрекеттердi тоқтату туралы талаптар орындалмаған кезде - сот приставтары жүргізе алады.
788-бап. Әкiмшiлiк ұстап алудың тәртiбi
1. Әкiмшiлiк ұстап алу жөнiнде хаттама жасалады. Хаттамада оның жасалған күнi, уақыты (минутына дейінгі дәлдікпен) және орны; хаттама жасаған адамның лауазымы, тегі және аты-жөні; ұстап алынған адамның жеке басы туралы мәлiметтер; ұстап алынған уақыты, орны және оның негiздерi көрсетiледi. Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам мен ұстап алынған тұлға қол қояды. Ұстап алынған адам хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, бұл жөнінде хаттамада жазба жазылады. Ұстап алу туралы хаттаманың көшiрмесi әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн ұстап алынған адамға тапсырылады.