2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Сот үкімді шығарумен бір мезгілде осы Кодекстің 401-бабында санамаланған мәселелерді шешуге тиіс.
Үкімнің көшірмесі шығарылған күннен бастап бес тәуліктен кешіктірілмей сотталған адамға, оның қорғаушысына және прокурорға табыс етіледі.
Келісімдік іс жүргізуде қаралған іс бойынша соттың үкіміне осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде жалпы негіздерде шағым, наразылық жасауға болады.
628-бап. Басты сот талқылауы барысында келісімдік іс жүргізуді қозғау
1. Мемлекеттік айыптаушы, сотталушы және оның қорғаушысы қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы барысында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы.
Кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат келіп түскен кезде судья сот талқылауын үзеді және тараптарға процестік келісім жасасу үшін ақылға сыйымды мерзім береді.
2. Кінәні мойындау туралы процестік келісім жасалғаннан кейін ол судьяға беріледі, ол істі келісімдік іс жүргізуде қарауды жалғастыру туралы қаулы етеді. Тараптар процестік келісімнің талаптары бойынша келісімге қол жеткізбеген кезде соттың қылмыстық істі қарауы жалпы тәртіп бойынша жалғастырылады.
629-бап. Сотта жасалатын процестік келісімнің құрылымы мен мазмұны
1. Сотта жасалатын процестік келісім нысаны мен мазмұны бойынша осы Кодекстің 616-бабы бірінші бөлігі 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақтарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Егер сотталушы қылмыстар жиынтығын жасады деп айыпталып отырса, онда келісімде әрбір қылмыс үшін жазаның түрі мен мөлшері, сондай-ақ түпкілікті жазаның түрі мен мөлшері көрсетіледі.
3. Егер сотталушыға үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындалса, онда келісімде түпкілікті жазаның түрі мен мөлшері де көрсетіледі.
4. Келісім оған прокурор, сотталушы және оның қорғаушысы қол қойғаннан кейін жасалды деп есептеледі.
5. Прокурор қол қойылған келісімді сотқа береді және істі келісімдік іс жүргізу шеңберінде шешу туралы өтінішхат береді.
14-БӨЛIМ. ІСТЕР БОЙЫНША АЛҚАБИЛЕРДIҢ ҚАТЫСУЫМЕН IС ЖҮРГIЗУ
65-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
630-бап. Істер бойынша алқабилердiң қатысуымен iс жүргiзу тәртiбi
Сот алқабилердiң қатысуымен қарайтын қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу осы бөлiмде белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодекстiң қағидаларына сәйкес жүргiзiледi.
631-бап. Істердің алқабилер қатысатын сотқа соттылығы
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 170 (төртiншi бөлiгiнде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртiншi бөлiгiнде), 263 (бесінші бөлiгiнде), 286 (төртiншi бөлiгiнде), 297 (төртiншi бөлiгiнде), 298 (төртiншi бөлiгiнде), 299 (төртiншi бөлiгiнде)-баптарында көзделген қылмыстар, сондай-ақ төтенше жағдайларда және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру туралы, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар туралы iстердi қоспағанда, жасалғаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар туралы, сондай-ақ 125 (үшінші бөлiгiнде), 128 (төртiншi бөлiгiнде), 132 (бесiншi бөлiгiнде), 135 (төртiншi бөлiгiнде) көзделген қылмыстар туралы iстердi алқабилердiң қатысуымен қарайды.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Егер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң бiрнеше бабында көзделген қылмыстар жасады деп айыпталса, егер қылмыстардың осындай жиынтығына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 170 (төртiншi бөлiгiнде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртiншi бөлiгiнде), 263 (бесiншi бөлiгiнде), 286 (төртiншi бөлiгiнде), 297 (төртiншi бөлiгiнде), 298 (төртiншi бөлiгiнде), 299 (төртiншi бөлiгiнде) - баптарында көзделген қылмыстар, сондай-ақ төтенше жағдайларда және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру туралы, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар туралы iстердi қоспағанда, жасалғаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстардың ең болмағанда бiреуi кiрсе, сондай-ақ 125 (үшінші бөлiгiнде), 128 (төртiншi бөлiгiнде), 132 (бесiншi бөлiгiнде), 135 (төртiншi бөлiгiнде) көзделген қылмыстар туралы iстердi айыпталушының өз iсiн сотқа алқабилердiң қатысуымен қаратуға құқығы бар.
3. Егер iс бойынша бiрнеше адам айыпталса, егер олардың ең болмағанда бiреуi қылмыстық iстi алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтiнiшхат мәлімдесе, соттың оны алқабилердiң қатысуымен қарауы барлық сотталушыларға қатысты осы бөлiмде көзделген қағидалар бойынша жүргiзiледi.
632-бап. Алқабилер қатысатын сот құрамы
Қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотта және қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық әскери сотта алқабилер қатысатын сот бiр судьяның және он алқабидiң құрамында әрекет етедi.
633-бап. Алқабиге ықпал етуге жол бермеу
Алқабилер қатысатын бүкiл сот талқылауы барысында мемлекеттiк айыптаушының, жәбiрленушiнің, сотталушының және оның қорғаушысының, сондай-ақ процестiң басқа да қатысушыларының осы iстi қарауға қатысатын алқабилермен белгiленген тәртiптен бөлек қарым-қатынас жасауына тыйым салынады.
634-бап. Соттың істі алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат
1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзудi осы бөлiмде көзделген қағидаларға сәйкес жүзеге асыру күдіктінің, айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты бойынша жүргiзiледi.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адам тергеу әрекеттерін жүргізу аяқталғаннан кейiн күдіктіні iстiң барлық материалдарымен таныстыру кезiнде оған соттың істі алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат беру құқығын, сондай-ақ алқабилер қатысқан соттың үкiмiне шағым жасау және шағымды қарау ерекшелiктерiн қоса алғанда, осындай өтiнiшхатты қанағаттандырудың құқықтық салдарын түсiндiруге мiндеттi.
3. Істiң барлық материалдары танысу үшiн ұсынылған кезде, сондай-ақ келесi кезеңде, оның iшiнде сотта iстi алдын ала тыңдауда, бiрақ сот басты сот талқылауын тағайындағанға дейiн күдіктінің, айыпталушының iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат мәлiмдеуге құқығы бар.
4. Күдіктінің, айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы не өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарату құқығын пайдаланудан бас тартуы туралы өтiнiшхаты күдіктіге тергеу әрекеттерiнің аяқталғанын хабарлау және оның құқықтарын түсiндiру туралы хаттамада көрсетіледі. Кейiннен мәлiмделген өтiнiшхатты күдікті, айыпталушы жазбаша түрде баяндайды және ол осы іс соттылығы бойынша сотқа дереу жiберiледi. Істі алдын ала тыңдау барысында мәлімделген өтінішхат жазбаша және ауызша болуы мүмкін.
5. Сот басты сот талқылауын тағайындағаннан кейiн айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты қабылданбайды.
6. Айыпталушы алдын ала тыңдау жүргiзiлгенге дейiн және алдын ала тыңдау барысында өз iсiн алқабилердiң қатысуымен қарау туралы мәлiмдеген өтiнiшхатынан бас тартуға құқылы. Айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты алдын ала тыңдау барысында расталғаннан кейiн оның одан бас тартуы қабылданбайды.
66-тарау. СОТ ОТЫРЫСЫН ТАҒАЙЫНДАУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
635-бап. Алдын ала тыңдауды өткізу
Осы Кодекстің 631-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген істер бойынша алдын ала тыңдау өткізу күдіктінің, айыпталушының істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхатының болуына немесе болмауына қарамастан міндетті.
636-бап. Алдын ала тыңдау өткiзудің ерекшелiктерi
1. Судья алдын ала тыңдауды сотталушыларды, оның ішінде өздеріне iстi алқабилердiң қатысуымен қарау құқығы тиесілі емес сотталушыларды және олардың қорғаушыларын мiндеттi түрде қатыстыра отырып, жеке-дара өткiзедi.
2. Судья сот отырысының басында қай iстiң қаралуға жататынын хабарлайды, отырысқа қатысатын адамдарға өзiн таныстырады, кiмнiң мемлекеттiк айыптаушы, қорғаушы, хатшы екенiн хабарлайды, сотталушының жеке басын анықтайды, мәлiмделген қарсылық білдірулерді шешедi. Мемлекеттiк айыптаушы айыптау актісін жария етедi. Судья сотталушыға айыптаудың түсiнiктi-түсініксіз екенін анықтайды, қажет болған жағдайларда оған айыптаудың мәнiн түсiндiредi және оның өз iсiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы берген өтiнiшхатын растайтын-растамайтынын сұрайды. Егер істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімделмесе, судья сотталушыға оның осы сот отырысында тікелей мәлімделуі мүмкін екенін түсіндіреді. Сотталушының ауызша өтінішхаты сот отырысының хаттамасына енгізіледі, жазбаша өтінішхат іске қоса тігіледі. Сотталушының істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өз өтінішхатынан бас тартуы, сондай-ақ оның осындай өтінішхатты мәлімдегісі келмейтіні сот отырысының хаттамасында не іске қоса тігілетін сотталушының жазбаша өтінішхатында көрсетіледі.
3. Егер сотталушы өз ісiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы өз өтiнiшхатын растаса, онда судья осы өтiнiшхатты қанағаттандыру туралы шешiм қабылдайды, бұл ретте басқа сотталушылардың пікірі ескерілмейді және мемлекеттiк айыптаушы, жәбiрленушi, сотталушы және оның қорғаушысы мәлiмдеген басқа өтiнiшхаттарды қарауға көшедi.
4. Қажет болған жағдайда, алдын ала тыңдауда дәлелдемелер ретiнде жол берілетінін тексеру үшiн iс материалдары жария етiлуi мүмкiн.
5. Егер сотталушы өз iсiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы өз өтiнiшхатын растамаса, судья осы Кодекстiң 321-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген басқа негiздер болмаған кезде алдын ала тыңдау аяқталды деп хабарлайды. Iс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 42-тарауында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
6. Судьяның iстi алқабилер қатысатын соттың қарауы туралы мәселе жөніндегі қаулысы түпкiлiктi болып табылады. Одан әрі қаулы сотталушының ұстанымының өзгеруіне орай қайта қаралмайды.
637-бап. Алқабилер қатысатын сот отырысын тағайындау кезiнде алдын ала тыңдау тәртiбiмен шығарылатын шешiмдердiң ерекшелiктерi
1. Судья алдын ала тыңдау қорытындысы бойынша осы Кодекстiң 322 - 327-баптарында көзделген шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
2. Егер сотталушы істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе немесе бұл туралы бұрын мәлімделген өтінішхатты растаса, судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда iстi алқабилер қатысатын соттың қарайтынын көрсетедi және осы сот отырысына шақырылуға жататын алқабиге кандидаттардың санын айқындайды, олардың саны жиырма бестен кем болмауға тиiс.
3. Судья алдын ала тыңдау нәтижелерi бойынша осы Кодекстiң 112-бабына сәйкес iс материалдарынан дәлелдемелер ретiнде жарамсыз деп танылған нақты деректердi алып тастайды.
638-бап. Сот талқылауына қатысу үшiн алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдау тәртiбi
1. Судья істi алқабилер қатысатын соттың қарауына тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейiн сот отырысының хатшысына саны қаулыда көрсетiлген алқабиге кандидаттарды алқабиге iрiктеу үшiн олардың сот отырысына келуiн қамтамасыз ету туралы өкiм бередi.
2. Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейiн төрағалық етушiнiң өкiмi бойынша сот отырысының хатшысы соттағы бiрыңғай және қосалқы (жылдық) тiзiмдерден алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдауды жүргiзедi.
3. Бiр сол адам сот отырыстарына алқаби ретiнде жылына бiр реттен артық қатыса алмайды.
4. Қылмыстық iстi қарауға қатысу үшiн алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдау аяқталғаннан кейiн олардың тегi, аты, әкесiнiң аты және үйінің мекенжайлары көрсетiле отырып, алдын ала тiзiм жасалады, оған сот отырысының хатшысы қол қояды.
5. Алдын ала тiзiмге енгiзiлген алқабиге кандидаттарға сот талқылауы басталғанға дейiн жетi тәулiктен кешiктiрiлмей, сотқа келетiн күнi мен уақыты көрсетiлген хабарлама табыс етіледі.
6. Хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге мiндеттi.
67-тарау. СОТ ТАЛҚЫЛАУЫНА ҚАТЫСУ ҮШIН АЛҚАБИГЕ КАНДИДАТТАРДЫ IРIКТЕУ
639-бап. Жалпы ережелер
1. Кандидаттар ішінен алқабилердi iрiктеу осы Кодекстiң 350 - 363-баптарының талаптары орындалғаннан кейiн:
1) төрағалық етушiнiң алқабиге кандидаттарды iстi қарауға қатысудан босатуы;
2) өздiгiнен бас тарту туралы мәселелердi шешу;
3) қарсылық білдіру туралы мәселелердi шешу;
4) алқабиге кандидаттарға уәжсіз қарсылық білдіру арқылы жүзеге асырылады.
2. Сот отырысының хатшысы төрағалық етушiге алқабиге кандидаттардың сот отырысына келуi туралы баяндайды және алқабиге кандидаттың әрқайсысына оның тегiн көрсете отырып билет жазып бередi.
3. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттар алдында:
1) өзiн таныстырып;
2) тараптарды таныстырып;
3) қандай iс қаралуға жататынын хабарлап;
4) заңға сәйкес алқабилердiң мiндеттерi және олардың осы қылмыстық iстi қарауға қатысу тәртiбi туралы хабарлап, қысқаша кіріспе сөз сөйлейдi.
4. Алқабиге кандидатты iстi қарауға қатысудан босату туралы мәселенi объективтi түрде шешу мақсатында төрағалық етушi алқабилердi iрiктеу кезiнде кандидаттарға прокурор, жәбiрленушi, айыпталушы және оның қорғаушысы жазбаша нысанда ұсынған сұрақтарды, сондай-ақ өзiнiң қалауы бойынша, алқабилер алқасын құру үшiн маңызы бар басқа да сұрақтарды қоя алады.
5. Алқабиге кандидат iстi қарауға қатысу үшiн iрiктеу кезiнде төрағалық етушi қойған сұрақтарға шынайы жауап беруге, сондай-ақ оның талабы бойынша өзi туралы және iске қатысатын басқа адамдармен қарым-қатынасы туралы өзге де қажеттi ақпараттар беруге тиiс.
6. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардың абыройы мен қадiр-қасиетiн түсіретiн сұрақтар қоймайды.
Төрағалық етуші сұрақ пен жауаптың процеске басқа да қатысушылар мен залда қатысып отырған адамдар үшін қолжетімді болмауын сақтай отырып, алқабиге кандидатқа кейбір сұрақтарды қоюға құқылы, ал кандидат оған жауап беруге құқылы.
7. Төрағалық етушi алқабиге кандидатты iстi қарауға қатысудан босатуға байланысты барлық мәселелердi, сондай-ақ өздiгiнен бас тартуларды және алқабиге кандидаттарға мәлiмделген қарсылық білдірулерді кеңесу бөлмесiне кетпей тұрып, сот отырысының хаттамасына судьяның қаулысын енгізе отырып жеке-дара шешедi.
8. Егер сотқа шақырылған алқабиге кандидаттардың жиырма бесiнен азы келсе не олардың кейбiрiн сот талқылауына қатысудан босатқаннан кейiн немесе төрағалық етушi судья өздiгiнен бас тартулар мен қарсылық білдірулерді қанағаттандырғаннан кейiн олар он жетiден азайып қалса, төрағалық етушi сот отырысының хатшысына алқабиге кандидаттар құрамының жетiспейтiн санын қосалқы тiзiмнен толықтыру туралы өкiм бередi. Бұл жағдайда сот отырысында алқабиге қосалқы кандидаттарды шақыру үшiн үзiлiс жарияланады.
640-бап. Төрағалық етушiнiң алқабиге кандидаттарды iстi қарауға қатысудан босатуы
1. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттарға олардың осы Кодексте белгiленген мiндеттерiн түсiндiредi, содан кейiн алқабиге кандидаттардан iстi қарауға өздерінің алқаби ретiнде қатысуына кедергi келтiретiн мән-жайлардың бар-жоғы туралы сұрайды.
2. Төрағалық етушi:
1) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдiк келтірілетін немесе айыпталатын;
2) сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамдарды, мылқауларды, саңырауларды, зағиптарды;
3) мүгедек болып табылатын басқа да адамдардың сот отырысына толыққанды қатысуын қамтамасыз етудің ұйымдастырушылық не техникалық мүмкiндiктері болмаған кезде, оларды процеске қатысушылармен талқыламастан, алқаби мiндеттерiн атқарудан босатады.
3. Төрағалық етушi:
1) алпыс бес жастан асқан адамдарды;
2) үш жасқа толмаған балалары бар әйелдердi;
3) өзiнiң дiни нанымына байланысты өзінің сот төрелiгiн жүзеге асыруға қатысуы мүмкiн емес деп есептейтін адамдарды;
4) қызметтiк мiндеттерiн орындаудан алаңдатылуы қоғамдық және мемлекеттiк мүдделерге едәуiр зиян келтiруi мүмкiн адамдарды (дәрiгерлер, мұғалiмдер, әуежолдарының ұшқыштары және басқалар);
5) сот отырысына қатыспау үшiн дәлелдi себептерi бар өзге де адамдарды, олардың ауызша немесе жазбаша өтiнiшi бойынша, процеске қатысушылармен талқыламастан, алқаби мiндеттерiн атқарудан босатуы мүмкін.
4. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардан сотта қаралатын iстiң мән-жайлары туралы хабардар екенін анықтайды.
5. Төрағалық етушi алқабиге кез келген кандидатты осы адамға заңсыз көрсетiлген ықпал ету, онда теріс пiкiрдің болуы, ол iстiң мән-жайларын процестік емес көздерден емес, басқа көздерден бiлуi салдарынан оның объективтiлiгiне негiздi күмән келтiрiлсе, сондай-ақ алқабиге кандидат алқаби ретiнде iстi қарауға қатысқан кезде объективтi болмау мүмкiндiгiн көрсететiн басқа да себептермен iс бойынша алқабидiң мiндеттерiн атқарудан босатады.
641-бап. Алқабиге кандидаттардың өздiгiнен бас тартуы туралы мәселелердi шешу
Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардан олардың қайсыбiрiн iстi қарауға қатысудан босату үшiн заңда көзделген себептердiң бар-жоғы туралы сұрайды. Келген алқабиге кандидаттардың әрқайсысы өзінің алқаби мiндеттерiн орындауына кедергi келтiретiн дәлелдi себептерін көрсетуге, сондай-ақ өздiгiнен бас тартуды мәлiмдеуге құқылы. Төрағалық етуші тараптардың пікірін тыңдап, алқабиге кандидаттың өздігінен бас тартуын қанағаттандыру не қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
642-бап. Алқабиге кандидаттарға қарсылық бiлдiру туралы мәселелердi шешу
Алқабиге кандидаттардың әрқайсысына мынадай жағдайларда, егер:
1) алқабиге кандидат осы iс бойынша жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер болып табылса, куә ретiнде шақырылса не шақырылуы мүмкiн болса;
2) алқабиге кандидат осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге сарапшы, маман, аудармашы, куәгер, сот отырысының хатшысы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, қорғаушы, күдіктінің, айыпталушының заңды өкiлi, жәбiрленушiнiң өкiлi, азаматтық талапкер немесе азаматтық жауапкер ретiнде қатысса;
3) алқабиге кандидат жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, айыпталушының, сотталушының немесе оның заңды өкiлiнiң, прокурордың, қорғаушының, тергеушiнiң немесе анықтаушының туысы немесе жекжаты (аға-iнiсi, апа-қарындасы-сіңлісі, ата-анасы және ерлi-зайыптылардың баласы) болып табылса;
4) алқабиге кандидат осы iске жеке, тiкелей немесе жанама мүдделi деп санауға негiз беретiн өзге де мән-жайлар болса, прокурор, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi, сотталушы және оның қорғаушысы оған қарсылық білдіруді мәлiмдеуге тиiс.
Төрағалық етуші тараптардың пікірін тыңдап, алқабиге кандидаттықтан өздігінен бас тартуды қанағаттандыру не қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
643-бап. Алқабиге кандидаттарға уәжсiз қарсылық бiлдiру
1. Егер осы Кодекстiң 642-бабының талаптарын орындау нәтижесiнде сот отырысына қатысу үшiн алқабиге кандидаттардың он жетiден астамы қалса, төрағалық етушi алқабиге кандидаттардың қалған санын жариялайды, одан кейiн олардың тегi көрсетiлген билеттердi жәшiкке салады, билеттердi араластырады және жәшiкте он жетi билет қалу үшiн одан қанша қажет болса, сонша билеттi алып тастайды.
2. Төрағалық етушi осы баптың бiрiншi бөлiгiнің талаптары орындалғаннан кейiн мемлекеттiк айыптаушының, сондай-ақ сотталушының және (немесе) оның қорғаушысының уәжсіз қарсылық білдіруді жүргiзуі үшiн алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген қалған он жетi билеттi бередi, оның нәтижесiнде алқабиге он екi кандидат қалуға тиiс.
3. Мемлекеттiк айыптаушы, сотталушы және оның қорғаушысы төрағалық етушi арқылы алқабиге кандидаттардың қайсыбірінен өзiн таныстыруын сұрауға құқылы.
4. Егер iске бiр сотталушы қатысса, алқабиге екі кандидатқа уәжсіз қарсылық білдіруді - мемлекеттiк айыптаушы, одан кейiн алқабиге үш кандидатқа уәждеусіз қарсылық білдіруді сотталушы және (немесе) оның қорғаушысы көрсетiлген кезектiлiкпен жүргiзедi.
5. Егер iске бiрнеше сотталушы қатысса, мемлекеттiк айыптаушы әрi кеткенде алқабиге екi кандидатқа қарсылық білдіруге құқылы. Бұл ретте алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру - сотталушылардың өзара келiсуi бойынша, ал мұндай келiсу болмаған жағдайда, егер мүмкiн болса, қарсылық білдірілетін алқабиге кандидаттардың санын олардың арасында тең бөлу арқылы жүргiзiледi.
6. Осы баптың бесiншi бөлiгiнің талаптарын орындау мүмкiн болмаған жағдайда, бiрнеше сотталушының алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіруі барлық сотталушының тегі көрсетілген билеттердi жәшiкке салып, жеребе тастау арқылы жүргiзiлуге тиiс. Жеребе тастау қарсылық білдірілмеген алқабиге кандидаттардың санына тең санда жүргiзiледi. Төрағалық етушi сотталушының тегi көрсетiлген билеттi жәшiктен қанша рет алса, алқабиге сонша кандидатқа сотталушы қарсылық білдіруге құқылы.
7. Сотталушылардың қайсыбiрiнiң алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығынан бас тартуы басқа сотталушылардың алқабиге кандидаттардың кемiнде он екiсi қалғанға дейiн оларға қарсылық білдіру құқығына шек қоюға әкеп соқпайды.
8. Мемлекеттiк айыптаушы, сотталушы немесе оның қорғаушысы алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген билеттерге уәждерiн көрсетпей-ақ, қойылған қолдарымен бекітілген «қарсылық білдіру» деген жазу арқылы алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіруді мәлімдеуі мүмкiн.
9. Сотталушы өзiнiң қорғаушысына алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығын жүзеге асыруды тапсыруға құқылы. Егер сотталушы өзiнiң алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығынан бас тартса, онда қорғаушы оның келiсiмiнсiз алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіруге өз бетiнше қатысуға құқылы емес.
10. Сотталушы немесе iске бiрнеше сотталушы қатысса, барлық сотталушы өздерiнiң алқабиге кандидаттарға қарсылық білдіру құқығынан бас тартқан жағдайда, олардың қарсылық білдіруі жеребе тастау арқылы жүргiзiледi, оның барысында сот отырысының төрағалық етушiсі не хатшысы алқабиге кандидаттың қаншасына қарсылық білдірілуі мүмкiн болса, қарсылық білдірілмеген сонша алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген билеттердi жәшiктен алып тастайды.
11. Тараптар уәжсіз қарсылық білдірген алқабиге кандидаттардың тегi көрсетiлген билеттер iс материалдарына қоса тiгiледi.
644-бап. Жеребе тастау арқылы алқабилер алқасын құру
1. Сотта iстi қарайтын алқабилер алқасы негiзгi құрамдағы (алқабилер алқасының құрамын құрайтын) он және қосалқы екi алқаби құрамында жеребе тастау арқылы құрылады.
2. Алқабилер алқасын құру үшiн төрағалық етушi қарсылық білдірілмеген алқабиге кандидаттардың тегi көрсетілген билеттердi жәшiкке салады, оларды араластырады және бiр-бiрлеп он екi билеттi алады, әрбір ретте билетте көрсетiлген алқабиге кандидаттың тегiн жариялайды. Егер алқабилер алқасын құрудың дұрыстығына ықпал ететiн қандай да бiр бұзушылыққа жол берiлмесе, алқабилер алқасы құрылды деп танылады. Бұл ретте жеребе тастау арқылы iрiктелген алғашқы он алқаби - негiзгi құрамның алқабиi, ал соңғы екеуi қосалқы алқаби болып есептеледi.
3. Қарсылық білдіру туралы мәселенi шешу кезiнде немесе алқабилер алқасын құру кезiнде оның құрылуының дұрыстығына ықпал еткен қандай да бiр бұзушылыққа жол берiлсе, сондай-ақ бiр немесе одан да көп алқабиді мемлекеттiк құпияға жіберуден бас тартылған жағдайда, төрағалық етушi алқабилер алқасының құрылуын жарамсыз немесе ол құрылған жоқ деп жариялайды және алқабиге кандидаттарға толық көлемiнде қайта iрiктеy жүргiзедi.
4. Сот отырысының хатшысы жеребе тастау арқылы iрiктелген он екi алқабидiң тегiн жәшiктен билеттер қалай алынса, сол тәртiппен сот отырысының хаттамасына енгiзедi. Жеребе тастау арқылы iрiктелген алқабилердiң тегi және олардың саналатын реттік нөмірі көрсетiлген билеттер iс материалдарына қоса тiгiледi.
645-бап. Алқабилердiң сот талқылауына қатысуының жалпы шарттары
1. Алқабилер алқасын құру аяқталғаннан кейiн төрағалық етушi алқабилердiң негiзгi құрамына алқабилердің орындығында оларға бөлiнген орындарға жеребе тастаумен айқындалған тәртiпке сәйкес отыруды ұсынады. Алқабилердiң орындығы сот отырысы залында қатысып отырғандардан бөлек болуға және, әдетте, сотталушылардың орындығына қарама-қарсы орналасуға тиiс. Қосалқы екi алқаби алқабилердің орындығынан өздері үшiн арнайы бөлiнген орындарға отырады.