2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 17-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 222, 225, 226 (бiрiншi бөлiгiнде), 227, 228 (бiрiншi бөлiгiнде), 229 (бiрiншi бөлiгiнде), 230 (бiрiншi бөлiгiнде), 234 (бiрiншi бөлiгiнде), 236 (бiрiншi бөлiгiнде), 239 (бiрiншi бөлiгiнде), 241, 242, 243 (екiншi бөлiгiнде), 244 (бiрiншi бөлiгiнде), 246-баптарында көзделген қылмыстық терiс қылықтар бойынша хаттамалық нысандағы сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi экономикалық тергеу қызметі жүргiзедi.
18. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 186 (бірінші бөлігінде), 458 (бірінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстық теріс қылықтар бойынша хаттамалық нысандағы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің органдары жүргізеді.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 19-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
19. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 195 (бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде), 196 (бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде), 197 (бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде), 198 (екiншi бөлiгiнде), 199 (екiншi бөлiгiнде)-баптарында көзделген қылмыстық терiс қылықтар бойынша хаттамалық нысандағы сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi iшкi iстер органдары не экономикалық тергеу қызметі жүргiзедi.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 19-1-бөлікпен толықтырылды
19-1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 363, 414 (төртiншi бөлiгiнде)-баптарында көзделген қылмыстық терiс қылықтар бойынша хаттамалық нысандағы сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi ішкі істер органдары не сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргiзедi.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 19-2-бөлікпен толықтырылды
19-2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 419-бабында (бірiншi бөлiгiнде) көзделген қылмыстық терiс қылықтар бойынша хаттамалық нысандағы сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi ішкі істер органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет немесе экономикалық тергеу қызметі жүргiзедi.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 20-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
20. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 437 (бірінші және бесінші бөлiктерiнде), 438 (бірінші бөлігінде), 440 (бірінші және екінші бөліктерінде), 443 (бірінші бөлігінде), 447 (бірінші бөлігінде), 448 (бірінші бөлігінде), 449 (бірінші бөлігінде), 460, 463 (бірінші бөлігінде), 466 (бірінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстық теріс қылықтар бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында әскери қызметтi шақыру немесе келiсiмшарт бойынша өткерiп жүрген әскери қызметшiлер; әскери жиындардан өтуі кезінде запастағы азаматтар; әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң азаматтық персоналының адамдары өз қызметтiк мiндеттерiн орындауға байланысты немесе осы бөлiмдер, құрамалар және мекемелер орналасқан жерде жасаған, осы баптың он алтыншы, он жетінші, он тоғызыншы, жиырма екінші - жиырма төртінші бөліктерінде көрсетілген iстер бойынша хаттамалық нысандағы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді әскери полиция органдары жүргізеді.
21. Осы баптың жиырмасыншы бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылықтар бойынша, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың әскери қызметшілері мен қызметкерлері жасаған, олар бойынша анықтау жүргізу міндетті емес және жиналған материалдары істі сотта қарау үшін негіз болып табылатын барлық өзге де қылмыстық теріс қылықтар бойынша хаттамалық нысандағы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери полициясы органдары жүргізеді.
22. 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
23. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287 (бірінші бөлігінде), 337 (бірінші және екінші бөліктерінде), 345 (бірінші бөлігінде), 348 (бірінші бөлігінде), 353 (бірінші бөлігінде), 378, 379 (бірінші бөлігінде), 382 (бірінші бөлігінде), 390 (бірінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша хаттамалық нысандағы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ішкі істер органы не егер олар күзету іс-шаралары өткізілетін аймақта жасалған және тікелей тізбесі заңда белгіленген күзетілетін адамдарға қарсы бағытталған болса, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі жүргізеді.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 24-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 24-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
24. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 385 (үшiншi бөлiгiнде)-бабында көзделген қылмыстық терiс қылық туралы iс бойынша сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi iшкi iстер, ұлттық қауіпсіздік органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу қызметі не егер ол күзету iс-шаралары өткiзiлетiн аймақта жасалған және тiзбесi заңда белгiленген күзетiлетiн адамдарға тiкелей қарсы бағытталған болса, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк күзет қызметi жүргiзедi.
192-бап. Сотқа дейiнгі тергеп-тексерудің мерзімі
1. Сотқа дейiнгі тергеп-тексеру қылмыстық істің күрделілігі, тергеу әрекеттерінің көлемі және істің мән-жайларын зерттеудің жеткіліктілігі ескеріле отырып, қисынды мерзімде, бірақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде белгіленген қылмыстық қудалаудың ескіру мерзімінен аспайтын мерзімде аяқталуға тиіс.
Қылмыстық сот ісін жүргізудің қисынды мерзімін айқындаған кезде қылмыстық істің құқықтық және нақты күрделілігі, сотқа дейінгі іс жүргізуге қатысушылардың процестік құқықтарды іске асыруы, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өз өкілеттіктерін сотқа дейінгі іс жүргізуді уақтылы жүзеге асыру мақсатында іске асыру тәсілі сияқты мән-жайлар ескеріледі.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі арыз бен хабарды Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркеген кезден бастап қылмыстық іс айыптау актісімен немесе істі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені қарау үшін сотқа беру туралы қаулымен прокурорға жіберілген күнге дейін не іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарылған күнге дейін есептеледі.
Анықтау істері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бір айдан және алдын ала тергеу істері бойынша екі айдан аспауға тиіс.
3. Осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мерзімге қылмыстық процеске қатысушылардың осы Кодекстің 296-бабында көзделген тәртіппен қылмыстық іс материалдарымен танысу уақыты, сондай-ақ күдіктінің, жәбірленушінің шағымы бойынша қылмыстық істің сотта және прокуратурада болған уақыты кірмейді.
4. Осы баптың екінші бөлігінде белгіленген сотқа дейiнгі тергеп-тексеру мерзімін тергеушінің, анықтау органы бастығының уәжді өтінішхаты бойынша:
істің күрделілігіне байланысты аудандық және оған теңестірілген прокурор - қисынды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге;
істің ерекше күрделілігіне байланысты немесе қылмыстық істің материалдарын қылмыстық қудалауды жалғастыру үшін шет мемлекетке жіберу туралы мәселені шешу кезінде - облыс прокуроры мен оған теңестірілген прокурор және олардың орынбасарлары қисынды, бірақ он екі айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
5. Сотқа дейiнгi тергеп-тексеру мерзiмiн одан әрi ұзартуға айрықша жағдайларда ғана жол берiледi және оны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары қисынды, бірақ осы баптың бірінші бөлігінде белгіленгеннен аспайтын мерзімге жүзеге асыра алады.
6. Сотқа дейiнгi тергеп-тексерудiң мерзiмiн ұзарту туралы қаулыны тергеу бөлімінің, анықтаудың бастығы, прокурор ауданның, облыстың прокурорына және оларға теңестiрiлген прокурорларға сотқа дейiнгi тергеп-тексеру мерзiмi аяқталардан - бес тәулiктен кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына, оның орынбасарларына - он тәулiктен кешіктірмей ұсынуға мiндеттi.
7. Прокурор істі қосымша тергеп-тексеру үшін қайтарған кезде сотқа дейiнгi тергеп-тексеру прокурор белгілеген, бірақ іс қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын адамға келіп түскен кезден бастап бір айдан аспайтын мерзімде жүргізіледі. Мерзімді одан әрі ұзарту жалпы негіздерде және осы бапта көзделген тәртіппен жүргізіледі.
8. Күдікті, жәбірленуші тергеп-тексерудің негізсіз созылуына шағым жасауға және қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын адамның оның барысында істі тергеп-тексеруді толық көлемінде аяқтауына қажетті белгілі бір мерзімді белгілеу туралы өтінішхатты прокурорға мәлімдеуге немесе осы Кодексте көзделген тәртіппен сотқа шағым жасауға құқылы.
193-бап. Прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысындағы өкiлеттiктерi
1. Прокурор, сотқа дейiнгi тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды, сондай-ақ қылмыстық қудалауды жүзеге асыра отырып:
1) қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды тіркейді және оны қылмыстық қудалау органына береді не өзінің іс жүргізуіне қабылдайды және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырады;
2) қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды және қылмыстық қудалаудың бір органынан келіп түскен, қолдағы материалдарды тергеулігі және соттылығы бойынша береді;
3) қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыздарды және хабарларды қабылдау және тiркеу кезiнде заңдылықтың сақталуын тексереді;
4) оқиға орнын қарап-тексеруге қатысуға құқылы, сондай-ақ осы Кодексте көзделген өз өкілеттіктері шеңберінде басқа да әрекеттерді жүзеге асырады;
5) қандай да бір тергеу әрекеттерін жүргізу туралы жазбаша нұсқаулар береді;
6) осы Кодексте көзделген жағдайларда сотқа дейiнгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның әрекеттерін және (немесе) шешімдерін санкциялайды;
7) осы Кодексте белгіленген жағдайларда және тәртіппен жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарына іске қосып тігу туралы жазбаша нұсқаулар береді;
8) қылмыстық қудалаудан иммунитетi мен артықшылықтары бар адамдарды қол сұғылмаушылығынан айыруға және қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім алу үшін ұсыну енгізеді;
9) тексеру үшін қылмыстық қудалау органдарынан қылмыстық істерді, құжаттарды, материалдарды, оның ішінде жедел-іздестіру іс-шараларының және жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін алады, тергеп-тексеру мерзімдері үзілген қылмыстық істерді одан әрі тергеп-тексеру жүргізу үшін жібереді;
10) тергеушiнiң, анықтаушының, анықтау органының заңсыз қаулыларының, сондай-ақ тергеу бөлімі мен анықтау органы бастықтарының, төмен тұрған прокурордың қаулылары мен нұсқауларының күшiн жояды;
11) қылмыстық iсті қосымша тергеп-тексеру жүргізу үшін қайтарады не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді толық көлемде немесе нақты адамдарға қатысты тоқтатады;
12) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органнан істі алып қояды және оны сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа органына береді; айрықша жағдайларда тергеп-тексерудің объективті және жеткілікті болуын қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық қудалау органының жазбаша өтінішхаты бойынша не өз бастамасы бойынша істі бір органнан екінші органға береді не өзінің іс жүргізуіне қабылдайды және оларды осы Кодексте белгіленген тергеулігіне қарамастан тергеп-тексереді;
13) осы Кодексте белгіленген жағдайларда және тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін ұзартады, сондай-ақ осы Кодекстің 192-бабының жетінші және сегізінші бөліктерінде көзделген жағдайларда тергеп-тексеру мерзімін белгілейді;
14) осы Кодексте тергеу судьясының кұзыретіне жатқызылған мәселелер қаралған кезде сот отырыстарына қатысады;
15) күзетілудегі адамдарды ұстаудың заңнамада белгiленген тәртiбi мен шарттарының сақталуын тексереді;
16) айыптау актісін, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы бекітеді, айыпталушыны сотқа береді және қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жібереді;
17) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның осы Кодексте көзделген негіздер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулысын бекітеді;
18) сот қаулысы бойынша нәтижелерін сот прокурордың өтінішхаты бойынша іс материалдарына қоса тігетін тергеу әрекеттерін жүргізуді ұйымдастырады;
19) процестік келісімге бастамашылық етеді және оны жасасады;
20) осы Кодексте көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Прокурорлардың сотқа дейiнгi тергеп-тексеру сатысындағы өкiлеттiктерiнiң аражiгiн ажыратуды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайды.
Прокуратура органы басшысының айрықша өкiлеттiктерiне:
1) ынтымақтастық туралы процестiк келiсiм жасасу;
2) тергеушiнiң, анықтаушының, анықтау органының заңсыз қаулыларының, сондай-ақ тергеу бөлiмi мен анықтау органы бастықтарының, төмен тұрған (бағынышты) прокурордың қаулылары мен нұсқауларының күшiн жою;
3) сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адамнан не органнан қылмыстық iстi алып қою және оны сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi жүргiзу үшiн басқа адамға не органға беру;
4) қылмыстық қудалаудан артықшылықтары бар адамдарды қол сұғылмаушылығынан айыруға және қылмыстық жауаптылыққа тартуға келiсiм алу үшiн ұсыну енгiзу;
5) қылмыстық iстердi тергеп-тексеру мерзiмдерiн ұзарту;
6) тергеушiнiң, анықтаушының, анықтау органының, тергеу бөлiмi және анықтау органы бастықтарының, сондай-ақ төмен тұрған прокурордың әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдарды қарау;
7) заңдылық бұзылған кезде тергеушiні, анықтаушыны қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi тергеп-тексеру жүргiзуден шеттету;
8) процесс прокурорының қылмыстық iстi қосымша тергеп-тексеру жүргiзу үшiн қайтару туралы қаулысын бекiту жатады.
Прокуратура басшысының осы бөліктің 2), 3), 6), 7) және 8) тармақтарында санамаланған өкілеттіктерін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалауды қамтамасыз ететін департаменттерінің (басқармаларының), облыстық прокуратуралардың және оларға теңестірілген прокуратуралардың бастықтары жүзеге асыруы мүмкін.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Прокуратура басшысы нақты қылмыстық iс бойынша осы бапқа сәйкес қадағалауды жүзеге асыратын прокурорды (процесс прокуроры) айқындауға құқылы.
Процесс прокуроры қылмыстық іс бойынша қадағалауды сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап жүзеге асырады және бірінші сатыдағы сотқа мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысады.
Процесс прокуроры алмастырылмайды, бірақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда, прокуратура басшысының шешімі бойынша басқа процесс прокурорымен ауыстырылуы мүмкін.
4. Прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, қылмыстық қудалау органының бастығына осы Кодексте көзделген тәртіппен берген нұсқаулары міндетті болып табылады, бірақ оларға жоғары тұрған прокурорға шағым жасалуы мүмкін. Алынған нұсқауларға жоғары тұрған прокурорға шағым жасау олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.
194-бап. Тергеу, жедел-тергеу тобының сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуі
1. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ол күрделi немесе үлкен көлемді болған жағдайда тергеушiлер және анықтау органының қызметкерлері тобына (тергеу, жедел-тергеу тобына) тапсырылуы мүмкiн, бұл туралы қаулы шығарылады. Бұл туралы шешiмдi тергеу бөлімінің немесе анықтау органының бастығы қабылдауға құқылы. Қаулыда тергеп-тексеру жүргiзу тапсырылған барлық тергеушiлер, анықтау органының қызметкерлері, оның iшiнде топ жетекшiсі - тергеушi көрсетiлуге тиiс.
Күдіктi, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi тергеушiлер, анықтау органының қызметкерлері тобының тергеп-тексеретіні туралы қаулымен танысуға тиiс және оларға осы топ жетекшісіне, сондай-ақ топ құрамындағы кез келген тергеушiге, анықтау органының қызметкеріне қарсылық білдіру құқығы түсiндiрiледi.
2. Топқа сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын бірнеше органның тергеушілері, анықтау органының қызметкерлері кіруi мүмкiн. Мұндай топты құру туралы шешiм прокурордың нұсқауы бойынша да, тергеу бөлімі немесе анықтау органы бастықтарының бастамасы бойынша да қабылдануы мүмкiн. Мұндай шешiм осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген талаптарды сақтай отырып шығарылатын бiрлескен қаулымен ресiмделедi.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар айрықша жағдайларда тергеп-тексерудің толық және объективті болмау фактілері, істің күрделілігі мен маңыздылығы анықталған кезде прокурорлар, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын бір немесе бірнеше органның тергеушілері мен жедел қызметкерлері арасынан топ құра алады, бұл ретте прокурорды осы топтың жетекшісі етіп тағайындап, бұл шешімді өз қаулысымен ресімдейді.
195-бап. Топ жетекшiсiнiң өкiлеттiктерi
1. Топ жетекшiсi өз қаулысымен iсті өзінің іс жүргiзуiне қабылдайды, топтың жұмысын ұйымдастырады, басқа тергеушiлер мен анықтау органдары қызметкерлерінің әрекеттерiне басшылық жасайды.
2. Қылмыстық қудалауды, қылмыстық істі толықтай немесе оның бір бөлігін тоқтату, қылмыстық істерді бiрiктiру және бөлу, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімін ұзарту туралы өтінішхат қозғау туралы, сот санкциялайтын бұлтартпау шараларын қолдану және оларды ұзарту туралы шешiмдердi топ жетекшiсi ғана қабылдайды.
3. Айыптау актісін, істі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені қарау үшін сотқа беру туралы қаулыны, іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыны топ жетекшісі жасайды және оларға қол қояды.
4. Топ жетекшiсi осы Кодексте белгіленген тәртіппен қылмыстық іс бойынша басқа тергеушiлер жүргiзетiн тергеу әрекеттеріне қатысуға, тергеу әрекеттерін жеке өзi жүргiзуге және шешімдер қабылдауға құқылы.
5. Жетекшi болып тағайындалған прокурор тергеушiнiң осы Кодексте көзделген барлық өкiлеттiктерiн пайдаланады.
196-бап. Анықтау органдарының алдын ала тергеу жүзеге асырылатын iстер бойынша қызметi
1. Алдын ала тергеудің жүзеге асырылуы қажет қылмыс белгiлерi болған жағдайда, анықтау органы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға және қылмыс iздерiн анықтау және бекiту бойынша кезек күттірмейтін тергеу әрекеттерін: қарап-тексеруді, тiнтудi, алуды, куәландыруды, күдіктілерді ұстап алу мен олардан жауап алуды, жәбiрленушiлер мен куәлардан жауап алуды және басқа да тергеу әрекеттерін жүргізуге құқылы. Анықтау органы анықталған қылмыстық құқық бұзушылық және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғаны туралы прокурорды дереу хабардар етеді.
2. Кезек күттірмейтін тергеу әрекеттерін орындағаннан кейiн, бiрақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған күннен бастап бес тәулiктен кешiктiрмей, анықтау органы тергеулігі туралы мәселелер болмаған ретте бұл туралы жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорды жазбаша хабардар ете отырып, iстi дәл осы органның тергеушiсіне беруге мiндеттi. Қалған жағдайларда қылмыстық іс тергеулігін айқындау үшін прокурорға беріледі.
3. Iстi тергеушiге бергеннен кейiн анықтау органы ол бойынша тергеу әрекеттерін, жасырын тергеу әрекеттерін, сондай-ақ iздестiру шараларын тек тергеушiнiң тапсырмасы бойынша ғана жүргiзе алады. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды табу мүмкiн болмаған iстi тергеушiге берген жағдайда, анықтау органы тергеушiні нәтижелері туралы хабардар ете отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды анықтау үшiн iздестiру шараларын қолдануға мiндеттi.
197-бап. Тергеу әрекеттерін жүргiзудiң жалпы қағидалары
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам заңда көзделген тергеу әрекеттеріне қатысуға адамдарды тарта отырып, олардың жеке басына көз жеткізеді, оларға құқықтары мен мiндеттерiн, сондай-ақ тергеу әрекетін жүргiзу тәртiбiн түсiндiредi.
2. Кейінге қалдырылмайтын жағдайларды қоспағанда, тергеу әрекетін түнгi уақытта жүргiзуге жол берiлмейдi.
3. Тергеу әрекеттерін жүргiзу кезiнде ғылыми-техникалық құралдар қолданылуы және қылмыстық құқық бұзушылықтың iздерi мен заттай дәлелдемелердi анықтаудың, тіркеу мен алудың ғылыми негiзделген тәсілдері пайдаланылуы мүмкiн.
4. Тергеу әрекеттерін жүргiзу кезiнде азаптауға, зорлық-зомбылық көрсетуге, қорқытуға және өзге де заңсыз шараларды, қатыгез қарым-қатынасты қолдануға, сол сияқты оған қатысатын адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндіруге жол берiлмейдi.
5. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеу әрекеттеріне қылмыстық қудалау органының басқа да қызметкерлерiн тартуға құқылы.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Осы Кодекстiң 255-бабы үшiншi бөлiгiнiң 2) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, 220-бабының он үшiншi және он төртiншi бөлiктерiнде, 252-бабында, 254-бабының төртінші бөлігінде, 255-бабында көзделген тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде куәгерлердi тарту мiндеттi болады.
Қалған жағдайларда тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде олардың барысы мен нәтижелерін тіркейтін ғылыми-техникалық құралдар міндетті түрде қолданылады.
Ғылыми-техникалық тіркеу құралдары болмаған немесе оларды қолдану мүмкін болмаған жағдайда, тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде куәгерлер тартылады.
Әрекеттердің барысы мен нәтижелерін тіркейтін ғылыми-техникалық құралдарды қолдану тәртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры тиісті мемлекеттік органдармен келісу бойынша айқындайды.
198-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында шығарылатын қаулылар
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесiнде осы Кодекске сәйкес қандай да бiр процестік шешiмді қабылдау кезiнде сотқа дейінгі тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адам қаулы шығарады, онда оның жасалған орны мен уақыты, осы адамның тегі және лауазымы, қабылданатын шешiмнiң мәнi мен негiздерi, олардың негізінде қаулы шығарылған осы Кодекстiң баптары көрсетiледi.
199-бап. Тергеу әрекетінің хаттамасы
1. Тергеу әрекетінің хаттамасы тергеу әрекетiн жүргiзу барысында немесе ол аяқталған бойда жасалады.
2. Хаттама қолмен жазылуы, машинкамен не компьютермен басу тәсілі арқылы жасалуы мүмкiн. Хаттаманың толық болуын қамтамасыз ету үшiн стенографиялау, киноға түсiру, дыбыс- және бейнежазба немесе өзге де ғылыми-техникалық құралдар қолданылуы мүмкiн. Стенографиялық жазба, дыбыс- және бейнежазба материалдары немесе өзге де ақпарат жеткізгіштер хаттамаға қосып тігіледі және iспен бiрге сақталады.
3. Хаттамада: тергеу әрекетiн жүргiзу орны мен күнi; оның басталу және аяқталу уақыты минутына дейiнгі дәлдікпен; тергеу әрекетін жүргізген адамның лауазымы мен тегі, тергеу әрекетіне қатысқан әрбір адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) көрсетiледi.
Хаттамада процестік әрекеттер олардың болған ретiмен, оларды жүргiзу кезінде анықталған iс үшiн елеулі мән-жайлар, сондай-ақ тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан адамдардың мәлiмдемелерi жазылады.
4. Осы Кодекстің 97-бабы қолданылған жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеу әрекетінің хаттамасында жәбірленушінің, оның өкілінің, сондай-ақ куәлардың (куәгерлердің) жеке басы туралы деректерді келтірмейді, қорғалатын адам өзі қатысатын тергеу әрекеттерінің хаттамаларында таңдайтын адамның бүркеншік аты мен қоятын қолын қолданады.
5. Егер тергеу әрекетін жүргiзу кезiнде фотосуретке түсiру, киноға түсiру, дыбыс- және бейнежазба немесе өзге де ғылыми-техникалық құралдар қолданылса не iздiң баспа-таңбалары мен бедерлері әзірленсе, сызбалар, схемалар, жоспарлар жасалса, онда хаттамада сондай-ақ оны жүргiзу барысында қолданылған ғылыми-техникалық құралдар, оларды пайдалану талаптары мен тәртiбi, осы құралдар қолданылған объектiлер және алынған нәтижелер көрсетiлуге тиiс. Хаттамада бұған басқа ғылыми-техникалық құралдарды қолданудың алдында бұл туралы тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан адамдардың хабардар етiлгенi аталуға тиiс.
6. Хаттама танысу үшiн тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан барлық адамдарға ұсынылады. Оларға хаттамаға енгiзiлуге жататын ескертулер жасау құқығы түсiндiрiледi. Хаттамаға енгiзiлген барлық ескертулер, толықтырулар, түзетулер келісілуге және осы адамдардың қолдарымен куәландырылуға тиiс.
7. Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам, жауап алынған адам, аудармашы, маман, куәгерлер және тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан барлық өзге де адамдар қол қояды. Тергеу әрекетінің хаттамасына қол қоюдан бас тартылған немесе қол қою мүмкiн болмаған жағдайда, бұл фактiнi куәландыру осы Кодекстiң 123-бабының жетіншi және оныншы бөлiктерiне сәйкес жүргiзiледi.
8. Хаттамаға тергеу әрекетін жүргiзу кезiнде орындалған фотографиялық негативтер мен суреттер, кинотаспалар, диапозитивтер, фонограммалар, бейнежазба кассеталары, өзге ақпарат жеткізгіштер, сызбалар, жоспарлар, схемалар, iздiң баспа-таңбалары мен бедерлері қоса тiркеледi.
9. Егер тергеу әрекетін жүргiзу барысында маман өз зерттеу нәтижелерi бойынша ресми құжат жасаса, осы құжат хаттамаға қоса тiркеледi, бұл туралы хаттамаға тиiстi жазба жасалады.
200-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнiндегi ұсыну
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтай отырып, тиiстi мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға немесе онда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға осы мән-жайларды немесе басқа да заң бұзушылықтарды жою жөнiндегі шаралар қолдану туралы ұсыну енгізуге құқылы.