2. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлар (осы баптың 3-тармағында көрсетілген тауарларды қоспағанда):
1) мынадай:
құбыржол көлігімен өткізілетін шетелдік тауарлар әкелу орнынан әкету орнына дейін тасымалданатын (тасылатын);
құбыржол көлігімен өткізілетін шетелдік тауарлар әкелу орнынан межелі орынға дейін тасымалданатын (тасылатын);
құбыржол көлігімен өткізілетін шетелдік тауарлар және экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған, құбыржол көлігімен өткізілетін Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары осы Кодекстің 222-бабының 2-тармағы 1) тармақшасының екінші абзацына сәйкес Комиссия айқындаған жағдайларда жөнелту орнынан әкету орнына дейін тасымалданатын (тасылатын);
құбыржол көлігімен өткізілетін шетелдік тауарлар жөнелту орнынан межелі орынға дейін тасымалданатын (тасылатын) жағдайларда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша оларды тасымалдау (тасу) үшін;
2) егер құбыржол көлігімен өткізілетін Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары әкету орнынан әкелу орнына дейін тасымалданатын (тасылатын) жағдайда, Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері болып табылмайтын мемлекеттердің аумақтары арқылы оларды тасымалдау (тасу) үшін кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылады.
3. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша тасымалдау (тасу) үшін құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлар, егер мұндай тасымалдау (тасу) басталғанға дейін осы тауарлар ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен, кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімімен, ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен, уақытша әкелудің (рұқсат берудің) кедендік рәсімімен немесе кері импорттың кедендік рәсімімен орналастырылса, кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылмайды.
Кедендік транзиттің кедендік рәсімі, егер мұндай тасымалдау (тасу) табиғи газды құбыржол көлігімен тасымалдаудың (тасудың) технологиялық ерекшеліктеріне негізделсе, экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған, уақытша әкетудің кедендік рәсіміне сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан бұрын әкетілген табиғи газды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы бойынша тасымалдау (тасу) үшін қолданылмайды.
4. Декларант кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес іс жүзінде тасылған (тасымалданған), құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлар туралы нақты мәліметтерді Қазақстан Республикасының аумағында осындай кедендік рәсіммен орналастыру кезінде жеткізудің әрбір күнтізбелік айы үшін тауарлар құбыржол көлігімен іс жүзінде өткізілетін әрбір күнтізбелік айдан кейінгі айдың 10-ынан кешіктірілмейтін мерзімде ұсынуға міндетті.
5. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарлардың кедендік транзиттің кедендік рәсімінің қолданысы:
1) әкелу орнынан немесе жөнелту орнынан әкету орнына дейін тасымалданатын (тасылатын) шетелдік тауарларға, сондай-ақ жөнелту орнынан әкету орнына дейін тасымалданатын (тасылатын), осы Кодекстің 222-бабының 2-тармағы 1) тармақшасының екінші абзацына сәйкес Комиссия айқындаған жағдайларда, экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты - осы Кодекстің 189-бабына сәйкес белгіленетін кедендік декларациялаудың ерекшеліктеріне сәйкес берілетін кедендік декларацияда кедендік транзиттің кедендік рәсімі қолданысының аяқталғаны туралы кеден органының белгісін қою арқылы тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкеткеннен кейін;
2) жөнелту орнынан немесе әкелу орнынан межелі орынға дейін тасымалданатын (тасылатын) шетелдік тауарларға қатысты - осы баптың 4-тармағына сәйкес іс жүзінде тасымалданған (тасылған) тауарлар туралы нақты мәліметтерді кеден органына ұсыну үшін белгіленген мерзім шегінде не осы Кодекстің 189-бабына сәйкес белгіленетін кедендік декларациялаудың ерекшеліктеріне сәйкес берілетін кедендік декларацияда кедендік транзиттің кедендік рәсімі қолданысының аяқталғаны туралы кеден органының белгісін қою арқылы шетелдік тауарларға қатысты қолданылатын кедендік рәсімдермен тауарларды межелі орында орналастырумен;
3) әкету орнынан әкелу орнына дейін тасымалданатын (тасылатын) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты - тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелгеннен кейін және осы Кодекстің 189-бабына сәйкес белгіленетін кедендік декларациялаудың ерекшеліктеріне сәйкес берілетін кедендік декларацияда кедендік транзиттің кедендік рәсімі қолданысының аяқталғаны туралы кеден органының белгісі қойылғаннан кейін аяқталады.
6. Құбыржол көлігімен өткізілетін, кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тасымалданатын (тасылатын) тауарлардың өзіндік ерекшелікті сипаттамаларын Қазақстан Республикасында қолданылатын техникалық регламенттерге және стандарттарға сәйкес тасымалдаудың (тасудың) технологиялық ерекшеліктері салдарынан өзгертуге жол беріледі.
7. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды тасымалдау (тасу) кезінде кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес осы Кодекстің 28, 224, 225, 227-баптарының, 228-бабы 1 және 2-тармақтарының, 231, 232, 233, 387, 388, 389, 392, 429 және 430-баптарының ережелері қолданылмайды.
8. Құбыржол көлігімен өткізілетін, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бірнеше мемлекеттің аумақтары бойынша тасымалданатын (тасылатын) шетелдік тауарларға қатысты кедендік транзиттің кедендік рәсімін қолдану Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шартқа сәйкес, ал осындай халықаралық шарт қабылданғанға дейін - Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
378-бап. Құбыржол көлігімен өткізілетін, кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттердің туындауы және тоқтатылуы, оларды төлеу мерзімі және есептеу
1. Құбыржол көлігімен өткізілетін, кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет декларантта кеден органы транзиттік декларацияны тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Құбыржол көлігімен өткізілетін, кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет декларантта мынадай мән-жайлар:
1) осы Кодекстің 377-бабы 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес кедендік транзиттің кедендік рәсімі қолданысының аяқталуы;
2) осы баптың 4-тармағына сәйкес есептелген және төленуге жататын мөлшерлерде кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетті орындау және (немесе) оларды өндіріп алу;
3) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кеден органының аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан шетелдік тауарларды жою және (немесе) қайтарымсыз жоғалту фактісін не тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайлары кезіндегі табиғи кему нәтижесінде осындай тауарларды қайтарымсыз жоғалту фактісін, осы Кодекске сәйкес мұндай жоюға немесе қайтарымсыз жоғалтуға дейін осы шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі басталған жағдайларды қоспағанда, тануы;
4) транзиттік декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетке қатысты - кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығарудан бас тарту;
5) транзиттік декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетке қатысты - осы Кодекстің 184-бабына сәйкес транзиттік декларацияны кері қайтарып алу және (немесе) осы Кодекстің 192-бабының 5-тармағына сәйкес тауарлардың шығарылымын жою басталған кезде тоқтатылады.
3. Осы Кодекстің 377-бабы 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес құбыржол көлігімен өткізілетін шетелдік тауарларға қатысты кедендік транзиттің кедендік рәсімінің қолданысы аяқталмаған жағдайда Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндет орындалуға жатады.
Көрсетілген мән-жайлар басталған кезде құбыржол көлігімен өткізілетін шетелдік тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырған күн кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі болып есептеледі.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары құбыржол көлігімен өткізілетін, кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлар тарифтік преференцияларды және кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктерді қолданбай, ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылғандағыдй болса төленуге жатады.
Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін кеден органы транзиттік декларацияны тіркеген күнге қолданыста болатын кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
5. Кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды осы Кодекстің 209-бабының 7-тармағына сәйкес кедендік рәсімдермен орналастырған немесе кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетті орындағаннан және (немесе) оларды өндіріп алғаннан (толық немесе ішінара) кейін кеден органдары осындай тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідірткен жағдайда, осы бапқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомалары осы Кодекстің 11-тарауына және 141-бабына сәйкес қайтарылуға (есепке жатқызылуға) жатады.
6. Құбыржол көлігімен өткізілетін, кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған), Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумақтары арқылы тасымалданатын (тасылатын) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндет декларантта кеден органы транзиттік декларацияны тіркеген кезден бастап туындайды.
7. Осы баптың 6-тармағында көрсетілген Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндет декларантта мынадай мән-жайлар:
1) осы Кодекстің 377-бабы 5-тармағының 1) және 3) тармақшаларына сәйкес кедендік транзиттің кедендік рәсімі қолданысының аяқталуы;
2) осы баптың 9-тармағына сәйкес есептелген және төленуге жататын мөлшерлерде кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндетті орындау және (немесе) оларды өндіріп алу;
3) транзиттік декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндетке қатысты - кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығарудан бас тарту;
4) транзиттік декларацияны тіркеу кезінде туындаған кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндетке қатысты - осы Кодекстің 184-бабына сәйкес транзиттік декларацияны кері қайтарып алу және (немесе) осы Кодекстің 192-бабының 5-тармағына сәйкес тауарлардың шығарылымын жою басталған кезде тоқтатылады.
8. Кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндет осы Кодекстің 377-бабы 5-тармағының 1) және 3) тармақшаларына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларына қатысты кедендік транзиттің кедендік рәсімінің қолданысы аяқталмаған жағдайда орындалуға жатады.
Көрсетілген мән-жайлар басталған кезде Еуразиялық экономикалық одақтың құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларын кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырған күн кедендік әкету баждарын төлеу мерзімі болып есептеледі.
9. Осы баптың 8-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкету баждары құбыржол көлігімен өткізілетін, кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумақтары арқылы тасымалданатын (тасылатын) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары кедендік әкету баждарын төлеу бойынша жеңілдіктерді қолданбай, экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылғандағыдай болса төленуге жатады.
Кедендік әкету баждарын есептеу үшін кеден органы транзиттік декларацияны тіркеген күнге қолданыста болатын кедендік әкету баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
44-тарау. ЖЕКЕЛЕГЕН ТҰЛҒАЛАР САНАТТАРЫНЫҢ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ КЕДЕНДІК ШЕКАРАСЫ АРҚЫЛЫ ТАУАРЛАРДЫ ӨТКІЗУІНІҢ, ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ПОШТА МЕН КОНСУЛДЫҚ ВАЛИЗАНЫ ӨТКІЗУДІҢ ТӘРТІБІ МЕН ШАРТТАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
379-бап. Жекелеген тұлғалар санаттарының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу тәртібі мен шарттарының ерекшеліктері туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің, мемлекеттердің халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктерінің, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасындағы халықаралық шарттарға сәйкес артықшылықтарды және (немесе) иммунитеттерді пайдаланатын халықаралық ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің, өзге де ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің ресми пайдалануына арналған тауарларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы халықаралық шарттарға сәйкес артықшылықтарды және (немесе) иммунитеттерді пайдаланатын жеке тұлғалардың жекелеген санаттарының жеке пайдалануына арналған тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу осы тараудың ережелерi ескеріле отырып осы Кодексте белгіленген тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан халықаралық ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің персоналы (қызметкерлері, лауазымды адамдары), мемлекеттердің халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктерінің қызметкерлері, өзге де ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің персоналы және олардың отбасы мүшелері жеке пайдалануға арналған тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы осы Кодекске сәйкес осындай тұлғаларға Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы халықаралық шарттармен берілген артықшылықтардың және (немесе) иммунитеттердің көлемі ескеілре отырып өткізіледі.
380-бап. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің, мемлекеттердің халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктерінің, өзге де ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің ресми пайдалануына арналған тауарларды кедендік рәсімдермен орналастыру
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің ресми пайдалануына арналған, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар осы Кодекстің 38-тарауына сәйкес арнайы кедендік рәсіммен не осы Кодексте көзделген өзге де кедендік рәсімдермен осы баптың ережелерi ескеріле отырып орналастырылады.
2. Қазақстан Республикасының үшінші тараппен халықаралық шарттарына және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы халықаралық шарттарға сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босату көзделген, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында орналасқан мемлекеттердің халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктерінің, халықаралық ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босату көзделген, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өзге де ұйымдардың немесе олардың өкілдіктерінің ресми пайдалануына арналған тауарлар осы Кодекстің 38-тарауына сәйкес арнайы кедендік рәсіммен не осы Кодексте көзделген өзге де кедендік рәсімдермен осы баптың ережелері ескеріле отырып орналастырылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген тауарларды арнайы кедендік рәсімге қарағанда өзге кедендік рәсімдермен орналастырған кезде Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер, халықаралық ұйымдар немесе олардың өкілдіктері, мемлекеттердің халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктері, өзге де ұйымдар немесе олардың өкілдіктері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес көзделген кедендік баждарды төлеу бойынша жеңілдіктерді және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктерді пайдалануға құқылы.
4. Осы Кодекстiң 149-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген тұлғалар, осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген кедендік транзиттің кедендік рәсімін қоспағанда, осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдермен орналастырылатын тауарлардың декларанттары болып табылады.
381-бап. Дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер басшыларының, дипломатиялық өкілдіктердің дипломатиялық персоналы мүшелерінің, консулдық мекемелердің консулдық лауазымды адамдарының, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу шарттары
1. Дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, дипломатиялық өкілдіктердің дипломатиялық персоналының мүшелері, егер олар келу мемлекеті болып табылатын Қазақстан Республикасында тұрақты тұрмаса және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелері, егер олар келу мемлекеті болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса:
1) кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына:
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес расталатын, келу мемлекетінде осындай тұлғаларға артықшылықтар беру мерзіміне жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын;
бастапқы жайғасуға арналған тауарларды қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған өзге де тауарларды әкелуге;
2) кедендік баждарды төлемей, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан жеке пайдалануға арналған тауарларды әкетуге құқылы.
2. Консулдық мекемелердің басшылары және консулдық мекемелердің өзге де консулдық лауазымды адамдары, олармен бірге тұратын олардың отбасы мүшелері, егер аталған адамдар келу мемлекеті болып табылатын Қазақстан Республикасында тұрақты тұрмаса және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса:
1) кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына:
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес расталатын, Қазақстан Республикасында мұндай тұлғаларға артықшылықтар беру мерзіміне жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын;
бастапқы жайғасуға арналған тауарларды қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған өзге де тауарларды әкелуге;
2) кедендік баждарды төлемей, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан жеке пайдалануға арналған тауарларды әкетуге құқылы.
3. Осы баптың 2-тармағының ережелері:
1) құрметті консулдық лауазымды адамдар;
2) құрметті консулдық қызметшілер басқаратын консулдық мекемелерде жұмыс істейтін консулдық лауазымды адамдар;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында аталған адамдардың отбасы мүшелері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізген кезде қолданылмайды.
4. Дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, дипломатиялық өкілдіктерінің дипломатиялық персоналының мүшелері, егер олар келу мемлекеті болып табылатын Қазақстан Республикасында тұрақты тұрмаса және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелері, егер олар келу мемлекеті болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, иесімен жөнелтілетін және (немесе) иесімен жөнелтілмейтін багажда Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарлар, мұндай багажда оларға қатысты әкелуге және (немесе) әкетуге тыйым салулар енгізілген немесе осындай тауарларды әкелудің және (немесе) әкетудің рұқсат беру тәртібі қолданылатын, сондай-ақ оларға санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар мен радиациялық талаптар қолданылатын тауарлар бар екеніне елеулі негіздер болмаса, кедендік жете тексеруден босатылады. Осындай тауарларды кедендік жете тексеру аталған адамдардың немесе олардың өкілдерінің қатысуымен ғана жүргізілуге тиіс.
5. Консулдық мекемелердің басшылары және консулдық мекемелердің өзге де консулдық лауазымды адамдары, егер олар келу мемлекеті болып табылатын Қазақстан Республикасында тұрақты тұрмаса және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, иесімен жөнелтілетін және (немесе) иесімен жөнелтілмейтін багажда Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарлар, сондай-ақ аталған адамдармен бірге тұратын олардың отбасы мүшелері, егер олар да келу мемлекеті болып табылатын Қазақстан Республикасында тұрақты тұрмаса және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, иесімен жөнелтілетін және (немесе) иесімен жөнелтілмейтін багажда Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарлар, мұндай багажда оларға қатысты әкелуге және (немесе) әкетуге тыйым салулар енгізілгеннемесе осындай тауарларды әкелудің және (немесе) әкетудің рұқсат беру тәртібі қолданылатын, сондай-ақ оларға санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар мен радиациялық талаптар қолданылатын тауарлар бар екеніне елеулі негіздер болмаса, кедендік жете тексеруден босатылады. Осындай тауарларға кедендік жете тексеру аталған адамдардың немесе олардың өкілдерінің қатысуымен ғана жүргізілуге тиіс.
6. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасындағы халықаралық шарттарда осы бапта көрсетілген, оның ішінде келу мемлекетінің азаматтары болып табылатын және (немесе) онда тұрақты тұратын жеке тұлғалар үшін осы бапта көзделген көлемнен көп артықшылықтар және (немесе) иммунитеттер көлемі көзделсе, онда мұндай тұлғаларға Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты Қазақстан Республикасының осындай халықаралық шарттарында және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасындағы халықаралық шарттарда көзделген артықшылықтардың және (немесе) иммунитеттердің көлемі беріледі.
382-бап. Дипломатиялық өкілдіктердің әкімшілік-техникалық персоналы мүшелерінің, консулдық мекемелердің консулдық қызметшілерінің, консулдық мекемелердің қызмет көрсетуші персоналы жұмыскерлерінің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу шарттары
1. Дипломатиялық өкілдіктердің әкімшілік-техникалық персоналының мүшелері және олармен бiрге тұратын олардың отбасы мүшелері, консулдық мекемелердің консулдық қызметшілері, егер олар келу мемлекеті болып табылатын Қазақстан Республикасында тұрақты тұрмаса және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса:
1) кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бастапқы жайғасуға арналған:
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес расталатын, Қазақстан Республикасында мұндай адамдарға артықшылықтар беру мерзіміне жеке пайдалану үшін көлік құралдарын;
жеке пайдалануға арналған өзге де тауарларды әкелуге;
2) кедендік баждарды төлемей, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан жеке пайдалануға арналған тауарларды әкетуге құқылы.
2. Консулдық мекемелердің консулдық қызметшілерімен бірге тұратын, келу мемлекеті болып табылатын Қазақстан Республикасында тұрақты тұрмайтын және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын олардың отбасы мүшелері, егер олар да келу мемлекеті болып табылатын Қазақстан Республикасында тұрақты тұрмаса және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса:
1) кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бастапқы жайғасуға арналған:
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес расталатын, Қазақстан Республикасында мұндай адамдарға артықшылықтар беру мерзіміне жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын;
жеке пайдалануға арналған өзге де тауарларды әкелуге;
2) кедендік баждарды төлемей, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан жеке пайдалануға арналған тауарларды әкетуге құқылы.
3. Консулдық мекемелердің қызмет көрсетуші персоналының жұмыскерлері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері, егер олар келу мемлекеті болып табылатын Қазақстан Республикасында тұрақты тұрмаса, кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес расталатын, Қазақстан Республикасында мұндай адамдарға артықшылықтар беру мерзіміне жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын және жеке пайдалануға арналған өзге де тауарларды әкелуге, егер бұл Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасындағы халықаралық шарттарда көзделсе, құқылы.