170-бап. Орындарда тауарға қатысты өкілеттіктерге ие тұлғаның өтініші бойынша уақытша сақтау
1. Тауарға қатысты өкілеттіктерге ие тұлғаның өтініші бойынша тауарларды уақытша сақтау:
1) уақытша сақтау орындары немесе қоймалары иелерінің тізіліміне енгізілмеген алушының қоймасында;
2) көлік құралы алушының меншігіндегі, шаруашылық жүргізуіндегі, жедел басқаруындағы немесе ол жалдау құқығында пайдаланатын үй-жайларда немесе ашық алаңдарда болған жағдайда автомобиль көлік құралдарында;
3) алушының меншігіндегі, шаруашылық жүргізуіндегі, жедел басқаруындағы немесе ол жалдау құқығында пайдаланатын теміржол жолының учаскесіндегі теміржол көлік құралдарында;
4) алушы немесе өздерінің габариттері салдарынан 165-баптың 1-тармағында және осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген уақытша сақтау орындарда орналастыруға мүмкін болмайтын ірі габаритті тауарларға қатысты өкілеттіктерге ие өзге тұлға айқындаған орындарда көрсетілген тауарларды мұндай орындарда сақтау мүмкіндігін растайтын құжаттар ұсыныла отырып жүзеге асырылады.
2. Тауарларды уақытша сақтау осы Кодекстің 10-тарауына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын міндетті түрде қамтамасыз ете отырып, осы баптың 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Тауарларды осы Кодекстің 28-бабының талаптарына сәйкес келетін көлік құралдарында уақытша сақтау осындай тауарларды уақытша сақтаудың бүкіл мерзімі ішінде сәйкестендіру құралдарының тұтастығы қамтамасыз етілген кезде жүзеге асырылады.
4. Тауарларды осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес уақытша сақтаған кезде тауарға қатысты өкілеттіктерге ие тұлға осы Кодекстің 165-бабы 3-тармағының 1), 4) және 5) тармақшаларында және 5-тармағында белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
Тауарларды осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес уақытша сақтаған кезде тауарға қатысты өкілеттіктерге ие тұлға осы Кодекстің 165-бабының 5-тармағында белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
171-бап. Тауарларды уақытша сақтауға орналастыруға байланысты кедендік операциялар және оларды жасау тәртібі
1. Тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін тасымалдаушы немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлға кеден органына тауарлар, тауарларды жөнелтуші және алушы, оларды жөнелтуші ел және межелі ел туралы мәліметтерді қамтитын көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) кедендік құжаттарды не электрондық құжат түрінде ұсынылған алдын ала ақпараттың тіркеу нөмірі туралы мәліметтерді қамтитын құжатты ұсынады.
Құжаттарды кеден органына беру электрондық нысанда жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Кеден органы тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды осындай құжаттар кеден органына берілген кезден бастап бір сағаттан кешіктірмей тіркейді және осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғаға құжаттардың тіркелгені туралы растаманы береді.
Кеден органының тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды тіркеуге және олардың тіркелгені туралы растаманы беруге байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды кеден органы тіркегеннен кейін тауарлар уақытша сақтауда тұрған болып есептеледі.
4. Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға қоныс аудару, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес босқын, қандас мәртебесін алу ниеті бар шетелдік жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарларын уақытша сақтауға орналастыруға байланысты кедендік операциялар осы Кодекстің 342-бабын ескере отырып жасалады.
5. Тауарларды екінші немесе үшінші типтегі куәліктері бар уәкілетті экономикалық оператордың кедендік бақылау аймағы болып табылатын құрылыстарына, үй-жайларына (үй-жайларының бөліктеріне) және (немесе) ашық алаңдарына (ашық алаңдарының бөліктеріне) жеткізу кезінде тауарларды уақытша сақтауға орналастыруға байланысты кедендік операциялар осы Кодекстің 539-бабы ескеріле отырып жасалады.
172-бап. Тауарларды уақытша сақтау мерзімі
1. Тауарларды уақытша сақтау мерзімі кеден органы тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды тіркеген күннен кейінгі күннен бастап есептеледі және осы баптың 2-тармағында және осы Кодекстің 342-бабында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, төрт айды құрайды.
Комиссия тауарлардың жекелеген санаттары үшін уақытша сақтау мерзімін осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімнен кем айқындауға құқылы.
2. Халықаралық пошта алмасу орындарында (мекемелерінде) сақталатын халықаралық пошта жөнелтілімдеріне қатысты, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы әуе көлігімен өткізілетін жолаушы алмаған немесе талап етпеген жүкке қатысты уақытша сақтау мерзімі алты айды құрайды.
3. Тауарларды уақытша сақтау мерзімі аяқталған соң шығару жүргізілмеген не оларға қатысты тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан шығарылуына кеден органының рұқсаты алынбаған тауарларды, егер шетелдік тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарлардың орын ауыстыру жерлерінде сақталса, кеден органы осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідіртеді.
Егер кедендік декларацияны кеден органы уақытша сақтау мерзімі аяқталғанға дейін тіркеген, бірақ кеден органы тауарларды уақытша сақтау мерзімі өткен соң тауарларды шығаруды жүргізбеген не тауарларды шығарудан бас тартпаған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тауарларды кеден органы кідіртпейді. Тауарларды шығарудан бас тартылған жағдайда, уақытша сақтау мерзімі өткен тауарларды кеден органы осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кідіртеді.
173-бап. Уақытша сақтауда тұрған тауарлармен жасалатын операциялар
1. Уақытша сақтауда тұрған тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғалар осындай тауарлармен олардың өзгермейтін күйде сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті операцияларды жасауға, оның ішінде тауарларды қарап-тексеруге және өлшеуге, уақытша сақтау орны шегінде олардың орнын ауыстыруға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген операциялар, оның ішінде тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін алу, зақымданған орамасын түзету, тауарлардың санын және (немесе) сипаттамаларын айқындау үшін орамасын ашу, сондай-ақ тауарларды кейіннен тасымалдауға (тасуға) дайындау үшін қажетті операциялар кеден органының рұқсатымен жасалады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген рұқсатты алу үшін уақытша сақтауда тұрған тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлға қызмет аймағында осындай уақытша сақтау орны орналасқан кеден органының уәкілетті лауазымды адамына еркін нысанда жасалған өтінішті ұсынады.
Осындай өтінішті қарау мерзімі кеден органының уәкілетті лауазымды адамы көрсетілген өтінішті алған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген операцияларды жүргізуге арналған рұқсатты не мұндай рұқсаттан бас тартуды өтінішке белгілер қою арқылы кеден органының уәкілетті лауазымды адамы ресімдейді.
Егер оларды жүзеге асыру тауарларды жоғалтуға немесе олардың
күйін өзгертуге алып келетін болса, кеден органы мұндай операцияларды жүргізуге рұқсат беруден бас тартады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген операцияларды жүргізуден бас тартылған жағдайда, кеден органының уәкілетті лауазымды адамы мұндай бас тартудың негізін көрсетеді.
3. Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға қоныс аударуға, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес босқын, қандас мәртебесін алуға ниеті бар шетелдік жеке тұлғаның уақытша сақтауда тұрған жеке пайдалануға арналған тауарларымен жасалатын операциялар осы Кодекстің 342-бабына сәйкес жасалады.
174-бап. Тауарларды уақытша сақтау кезінде кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің туындауы мен тоқтатылуы, оларды төлеу мерзімі және есептеу
1. Уақытша сақтауға орналастырылатын шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет:
1) тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін құжаттарды ұсынған тасымалдаушыда немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғада - кеден органы осы құжаттарды тіркеген кезден бастап;
2) уақытша сақтау қоймасының иесінде - тауарларды уақытша сақтау қоймасында орналастырған кезден бастап;
3) уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орында тауарларды уақытша сақтауды жүзеге асыратын тұлғада - кеден органы тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Уақытша сақтауға орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет мынадай:
1) тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін құжаттарды ұсынған тасымалдаушыда немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғада:
тауарларды уақытша сақтау қоймасына орналастыру не оларды уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орында уақытша сақтауға өзге тұлғаның қабылдауы;
осы баптың 4-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейін тауарларды шетелдік тауарларға қолданылатын кедендік рәсімдермен орналастыру;
2) уақытша сақтау қоймасының иесінде:
тауарларды уақытша сақтау қоймасынан оларды кедендік рәсіммен орналастыруға байланысты беру;
тауарларды осы баптың 4-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейін шетелдік тауарларға қолданылатын кедендік рәсімдермен орналастыру;
3) уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орында тауарларды уақытша сақтауды жүзеге асыратын тұлғада - тауарларды осы баптың 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейін шетелдік тауарларға қолданылатын кедендік рәсімдермен орналастыру;
4) осы баптың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тұлғаларда:
кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындау және (немесе) оларды осы баптың 5-тармағына сәйкес есептелген және төлеуге жататын мөлшерлерде өндіріп алу;
кеден органы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен шетелдік тауарлардың авария немесе еңсерілмейтін күштің әсері салдарынан жойылу және (немесе) қайтарымсыз жоғалу фактісін не қалыпты тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау жағдайлары кезіндеосы тауарлардың табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалу фактісін таныған кезде тоқтатылады, бұған осы Кодекске сәйкес осындай жойылғанға және (немесе) қайтарымсыз жоғалғанға дейін осы шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демапингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі басталған жағдайлар жатпайды;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тауарларды тәркілеу немесе мемлекет меншігіне айналдыру;
кеден органының тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес ұстауы;
қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарды тексеру барысында, қылмыстық іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу барысында алып қойылған немесе тыйым салынған және егер бұрын осындай тауарларды шығару жүргізілмеген болса, соларға қатысты оларды қайтару туралы шешім қабылданған тауарларды уақытша сақтауға қою немесе кедендік рәсімдердің бірімен орналастыру мән-жайлары басталған кезде тоқтатылады.
3. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндет орындалуға жатады.
4. Мынадай мән-жайлар басталған кезде мыналар кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі болып есептеледі:
1) тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін құжаттарды ұсынған тасымалдаушы немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлға үшін:
авария немесе еңсерілмейтін күштің әсері салдарынан жойылуды және (немесе) қайтарымсыз жоғалуды не қалыпты тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау жағдайлары кезінде табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалуды қоспағанда, уақытша сақтауға орналастырылған тауарлар уақытша сақтау қоймасына орналастырғанға немесе оларды уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орында уақытша сақтауға өзге тұлға қабылдағанға дейін жоғалған жағдайда - осындай жоғалу күні, ал егер бұл күн белгіленбесе - тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды кеден органы тіркеген күн;
уақытша сақтауға орналастырылған тауарлар оларды уақытша сақтау қоймасына орналастырғанға не оларды өзге тұлға уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орында уақытша сақтауға қабылдағанға дейін алушыға немесе өзге тұлғаға кеден органының рұқсатынсыз берілген жағдайда - осындай беру күні, ал егер бұл күн белгіленбесе - тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды кеден органы тіркеген күн;
2) уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орында тауарларды уақытша сақтауды жүзеге асыратын тұлға үшін:
авария немесе еңсерілмейтін күштің әсері салдарынан жойылуды және (немесе) қайтарымсыз жоғалуды не қалыпты тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау жағдайлары кезінде табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалуды қоспағанда, уақытша сақтауға орналастырылған тауарлар уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орында орналастырғанға дейін жоғалған жағдайда - осындай жоғалу күні, ал егер бұл күн белгіленбесе - тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды кеден органы тіркеген күн;
уақытша сақтауға орналастырылған тауарлар уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орында оларды орналастырғанға дейін алушыға немесе өзге тұлға кеден органының рұқсатынсыз берілген жағдайда - осындай беру күні, ал егер бұл күн белгіленбесе - тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды кеден органы тіркеген күн;
3) уақытша сақтау қоймасының иесі не уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орында тауарларды уақытша сақтауды жүзеге асыратын тұлға үшін:
авария немесе еңсерілмейтін күштің әсері салдарынан жойылуды және (немесе) қайтарымсыз жоғалуды не қалыпты тасымалдау (тасу) және (немесе) сақтау жағдайлары кезінде табиғи кему нәтижесінде қайтарымсыз жоғалуды қоспағанда, уақытша сақтау қоймасында немесе уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орында сақталатын тауарлар жоғалған жағдайда - осындай жоғалу күні, ал егер бұл күн белгіленбесе - тауарлар уақытша сақтау қоймасында не уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орында орналастырылатын күн;
уақытша сақтау қоймасында немесе уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орында сақталатын тауарлар кеден органының рұқсатынсыз алушыға немесе өзге тұлғаға берілген жағдайда - осындай беру күні, ал егер бұл күн белгіленбесе - тауарлар уақытша сақтау қоймасында не уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орында орналастырылатын күн;
тауарларды алушының қоймасында сақталатын тауарлар тауарларды уақытша сақтау мақсатында пайдаланылмаған жағдайда - осындай пайдалану күні, ал егер бұл күн белгіленбесе - тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды кеден органы тіркеген күн.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары тауарлар кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі тарифтік преференциялар мен жеңілдіктерді қолданбай, ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылғандай төленуге тиіс.
Кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары осы Кодекстің 8 және 13-тарауларына сәйкес есептеледі.
Кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін осы баптың 4-тармағына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі болып табылатын күнге қолданыста болатын кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшерлемелері қолданылады.
Егер тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасында төлеуге жататын кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін шетелдік валютаны Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына қайта есептеу талап етілетін жағдайда, мұндай қайта есептеу осы баптың 4-тармағына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімі болып табылатын күнге қолданыста болатын валюта бағамы бойынша жүргізіледі.
Егер кеден органында тауарлар (сипаты, атауы, саны, шығарылған жері және (немесе) кедендік құны) туралы дәл мәліметтер болмаған жағдайда төленуге жататын кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін база кеден органында бар мәліметтер негізінде айқындалады, ал тауарларды сыныптау осы Кодекстің 40-бабының 4-тармағы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Егер тауардың коды Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес таңба саны оннан аз топтау деңгейінде айқындалған жағдайда:
кедендік әкелу баждарын есептеу үшін осындай топтауға кіретін тауарларға сәйкес келетін кедендік баждар мөлшерлемелерінің ең жоғарысы қолданылады;
салықтарды есептеу үшін қосылған құн салығы мөлшерлемелерінің ең жоғарысы, соларға қатысты кедендік баждар мөлшерлемелерінің ең жоғарысы белгіленген, осындай топтауға кіретін тауарларға сәйкес келетін акциздер мөлшерлемелерінің ең жоғарысы қолданылады;
арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін осы тармақтың жетінші бөлігін ескере отырып, осындай топтауға кіретін тауарларға сәйкес келетін арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары мөлшерлемелерінің ең жоғарысы қолданылады.
Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары осы Кодекстің 5-тарауына сәйкес расталған тауарлардың шыққан жеріне және (немесе) көрсетілген баждарды айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтерге сүйене отырып есептеледі. Егер тауарлардың шыққан жері және (немесе) көрсетілген баждарды айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтер расталмаған жағдайда, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, егер тауарды сыныптау он таңба деңгейінде жүзеге асырылса - Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының дәл сол коды бар тауарларға не егер тауарлардың кодтары Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес таңба саны оннан аз топтау деңгейінде белгіленген болса, топтауға кіретін тауарларға қатысты арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары мөлшерлемелерінің ең жоғарысын негізге ала отырып есептеледі.
Кейіннен тауарлар туралы дәл мәліметтер анықталған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары осындай дәл мәліметтерге сүйене отырып есептеледі, кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының артық төленген және (немесе) артық өндіріп алынған сомаларын есепке жатқызу (қайтару) осы Кодекстің 11-тарауына және 141-бабына сәйкес жүзеге асырылады не осы Кодекстің 87 және 137-баптарына сәйкес әрекеттер, осы Кодекстің 12-тарауына және 142-бабына сәйкес осы төленбеген сомаларды өндіріп алу жүргізіледі.
6. Тауарлар шетелдік тауарларға қолданылатын кедендік рәсімдермен орналастырылған, кеден органдары тауарларды осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес ұстаған, кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндетті орындағаннан кейін уақытша сақтауға орналастырылған және (немесе) олар (толық немесе ішінара) өндіріп алынған жағдайда, осы бапқа сәйкес төленген және (немесе) өндіріп алынған кедендік әкелу баждарының, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомалары осы Кодекстің 11-тарауына және 141-бабына сәйкес есепке жатқызылуға (қайтаруға) жатады.
18-тарау. КЕДЕНДІК ДЕКЛАРАЦИЯЛАУ ЖӘНЕ КЕДЕНДІК ДЕКЛАРАЦИЯНЫ БЕРУГЕ, ТІРКЕУГЕ ЖӘНЕ КЕРІ ҚАЙТАРЫП АЛУҒА, КЕДЕНДІК ДЕКЛАРАЦИЯДА МӘЛІМДЕЛГЕН МӘЛІМЕТТЕРДІ ӨЗГЕРТУГЕ (ТОЛЫҚТЫРУҒА) БАЙЛАНЫСТЫ КЕДЕНДІК ОПЕРАЦИЯЛАР
175-бап. Кедендік декларациялау туралы жалпы ережелер
1. Тауарлар кедендік рәсіммен орналастырылған кезде не осы Кодекстің 341-бабының 4-тармағында, 355-бабының 4-тармағында және 364-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда кедендік декларациялауға жатады.
Тауарлар осы Кодекстің 284-бабының 4-тармағына сәйкес еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімімен орналастырылған кезде, сондай-ақ осы Кодекстің 369-бабының 3, 13, 14, 15 және 16-тармақтарында және 384-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларда кедендік декларациялауға жатпайды.
2. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік декларациялауды декларант не кеден өкілі жүзеге асырады.
3. Кедендік декларациялау электрондық нысанда жүзеге асырылады.
4. Мынадай жағдайларда жазбаша нысанда кедендік декларациялауға:
1) тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырған кезде;
2) жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты;
3) халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты;
4) халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты;
5) көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге құжаттарды, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген құжаттарды осы Кодекстің 176-бабы 6-тармағының екінші бөлігіне сәйкес кедендік декларация ретінде пайдаланған кезде;
6) Комиссия айқындайтын өзге де жағдайларда және Комиссияда көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында жол беріледі.
5. Осы баптың 4-тармағының ережесіне қарамастан, егер кеден органында кеден органдары пайдаланатын ақпараттық жүйелердің техникалық іркілістерден, байланыс құралдары (телекоммуникациялық желілер және Интернет) жұмысының бұзылуынан, электр энергиясының сөндірілуінен, авариядан, еңсерілмейтін күштің әсерінен немесе кеден органдары пайдаланатын ақпараттық жүйелердің істен шығуына алып келген өзге де мән-жайлардан туындаған жарамсыз болуына байланысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін өзге де жағдайларда декларанттың кедендік декларациялауды электрондық нысанда іске асыруын қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаса, кедендік декларациялау жазбаша нысанда жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Кедендік декларациялау нысанына қарай электрондық құжат түріндегі кедендік декларация (бұдан әрі - электрондық кедендік декларация) немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түріндегі кедендік декларация (бұдан әрі - қағаз жеткізгіштегі кедендік декларация) пайдаланылады.
7. Егер шетелдік тауарлар кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданған жағдайларда, кедендік декларация осындай тауарларға қатысты олар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінгенге дейін немесе тауарлар жөнелтуші кеден органы айқындаған жеткізу орнына жеткізілгенге дейін берілгенде кедендік декларациялау (бұдан әрі - алдын ала кедендік декларациялау) ерекшеліктері осы Кодекстің 185-бабында айқындалады.
Егер тауарларға арналған декларация беру кезінде декларантта тауарларға арналған осындай декларацияда мәлімдеу үшін қажетті дәл мәліметтер болмаған жағдайда кедендік декларациялау (бұдан әрі - толық емес кедендік декларациялау) ерекшеліктері осы Кодекстің 186-бабында айқындалады.
Егер тұлға тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуді беру кезеңі ішінде екі немесе одан көп партиямен бірдей шарттарда жүзеге асырған жағдайда кедендік декларациялау (бұдан әрі - мерзімдік кедендік декларациялау) ерекшеліктері осы Кодекстің 187-бабында айқындалады.
Егер Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын Қазақстан Республикасы аумағының қалған бөлігінен АЭА, еркін қойма аумағына әкелу және Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын АЭА, еркін қойма аумағынан Қазақстан Республикасы аумағының қалған бөлігіне әкету беру кезеңі ішінде екі немесе одан көп партиямен бірдей шарттарда жүзеге асырылған жағдайда, тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктері (бұдан әрі -АЭА, еркін қойма аумағына әкелінетін немесе АЭА, еркін қойма аумағынан әкетілетін Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын мерзімдік кедендік декларациялау) осы Кодекстің 188-бабында айқындалады.
Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды, сондай-ақ соларға қатысты саны және (немесе) кедендік құны туралы дәл мәліметтерді ұсыну мүмкін болмайтын тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктері (бұдан әрі - уақытша кедендік декларациялау) осы Кодекстің 189-бабында айқындалады.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктері осы Кодекстің 190-бабында айқындалады.
8. Комиссия осы Кодекстің 216-бабы 2-тармағының бірінші бөлігіне және 306-бабының 2-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес соларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет туындамайтын тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктерін айқындауға құқылы.