11) техникалық құралдарды (оның ішінде аудио- және бейнежазбаларды, фототүсірілімді жүзеге асыратын аппаратураны), сондай-ақ тексерілетін тұлға электрондық нысанда ұсынған ақпаратты өңдеуге арналған бағдарламалық өнімдерді пайдалануға;
12) тексерілетін тұлғадан бухгалтерлiк есепке алуды автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтылымның және (немесе) бастапқы есепке алу құжаттарының, бухгалтерлік есепке алу тіркелімдерінің тексерiлетiн тауарларға қатысты деректері қамтылған ақпараттық жүйенің деректерін көруге рұқсат беруді және (немесе) электрондық жеткізгіште және (немесе) қағаз жеткізгіште ұсынуды талап етуге;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де әрекеттерді жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Кеден органының лауазымды адамдары кедендік тексеруді жүргізу кезінде:
1) тексерілетін тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға, тексерілетін тұлғаға құқыққа сыйымсыз шешімдермен және әрекеттермен (әрекетсіздікпен) зиян келтіруге жол бермеуге;
2) осы Кодекстің 19-бабына сәйкес кедендік тексеруді жүргізу кезінде алынған ақпаратты пайдалануға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік тексеру жүргізу кезінде алынған және жасалған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге, олардың мазмұнын тексерілетін тұлғаның келісімінсіз жария етпеуге;
4) қызметтік әдепті сақтауға;
5) тексерілетін тұлғаға оның кедендік тексеруді жүргізу, кедендік сараптама тағайындау, тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу кезіндегі құқықтары мен міндеттері туралы, сондай-ақ кедендік тексеруді жүргізу кезінде кеден органы лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат беруге;
6) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезеңінде тексерілетін тұлғаның белгіленген жұмыс режимін бұзбауға;
7) тексерілетін тұлғаның талап етуі бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының кедендік тексеруді жүргізу тәртібіне қатысты ережелері туралы қажетті ақпаратты ұсынуға;
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (2020 ж. 30 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезінде тексерілетін тұлғаның өкілдеріне көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы нұсқаманы, сондай-ақ өздерінің қызметтік куәліктерін не сәйкестендіру карталарын көрсетуге;
9) мемлекеттік, салықтық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны (құпияларды) құрайтын мәліметтерді, сондай-ақ кедендік тексерулерді жүзеге асыру кезінде белгілі болған басқа да құпия ақпаратты жария етпеуге;
10) осы Кодексте көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
422-бап. Тексерілетін тұлғаның кедендік тексеруді жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері
1. Кедендік тексеруді жүргізу кезінде тексерілетін тұлға:
1) кеден органдарынан Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және (немесе) өзге де заңнамасының кедендік тексеруді жүргізу тәртібіне қатысты ережелері туралы ақпаратты сұратуға және алуға;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және (немесе) өзге де заңнамасының сақталуын растайтын өзінде бар барлық құжаттар мен мәліметтерді ұсынуға;
3) осы Кодексте белгіленген тәртіппен кеден органдарының шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2020 ж. 30 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органының лауазымды адамдарынан көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы нұсқаманы, сондай-ақ қызметтік куәліктерін не сәйкестендіру карталарын көрсетуді талап етуге;
5) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезінде қатысуға және көшпелі кедендік тексеру нысанасына қатысты мәселелер бойынша түсініктемелер беруге;
6) осы Кодекстің 418-бабының 20-тармағына сәйкес көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық ұсынуға;
7) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
2. Тексерілетін тұлға кедендік тексеру жүргізу кезінде:
1) көшпелі кедендік тексеру жүргізілетін тауарларды көрсету мүмкіндігі бар болған кезде осындай тауарларды көрсетуге;
2) кеден органының талап етуі бойынша белгіленген мерзімдерде құжаттар мен мәліметтерді қағаз жеткізгіште, ал қажет болған кезде өзге де жеткізгіште ұсынуға;
3) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органы лауазымды адамдарының және мұндай тексеру жүргізуге қатысу үшін тартылатын лауазымды адамдардың тексерілетін тұлғаның объектілеріне кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге және оларға жұмыс орнын ұсынуға;
4) егер кедендік тексеру мақсатында қажетті құжаттама қазақ және орыс тілдерінен басқа өзге тілде жасалған жағдайда - кедендік тексеруді жүргізетін кеден органының лауазымды адамдарына көрсетілген құжаттаманың аудармасын ұсынуға;
5) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы нұсқама көрсетілген күннен бастап күнтізбелік екі күннен кешіктірмей, кедендік тексеруді жүргізетін кеден органының лауазымды адамдарына құжаттар мен мәліметтерді ұсыну үшін жауапты тұлғалар аясын айқындауға;
6) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезінде түгендеудің жүргізілуін қамтамасыз етуге;
7) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органының лауазымды адамдары кедендік сараптаманы тағайындау туралы шешім қабылдаған жағдайда, тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге;
8) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органы лауазымды адамдарының талап етуі бойынша тексерілетін тұлғаның қызметі мәселелері бойынша жазбаша және ауызша түсініктер беруге, сондай-ақ анықтамалар мен есеп-қисаптар ұсынуға;
9) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы нұсқаманың түпнұсқасына алғаны туралы қол қоюға;
10) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органдарының лауазымды адамдарына көшпелі кедендік тексеруді жүргізу үшін қажетті құжаттарға (ақпаратқа) қол жеткізуді қамтамасыз етуге;
11) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін кеден органдарының лауазымды адамдарына бухгалтерлiк есепке алуды автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтылымның және (немесе) бастапқы есепке алу құжаттарының, бухгалтерлік есепке алу тіркелімдерінің тексерiлетiн тауарларға қатысты деректері қамтылған ақпараттық жүйенің деректерін көруге рұқсат беруді және (немесе) электрондық жеткізгіште және (немесе) қағаз жеткізгіште ұсынуды қамтамасыз етуге;
12) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
423-бап. Кедендік тексеруді жүргізу үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсыну
1. Қазақстан Республикасының салық және өзге мемлекеттік органдары кеден органының сұрау салуы бойынша ұйымдарды және дара кәсіпкерлерді тіркеуге, салықтарды төлеуге және есептеуге қатысты өзінде бар құжаттарды және мәліметтерді, бухгалтерлік есепке алу мен есептілік деректерін және (немесе) құжаттарын, сондай-ақ кедендік тексеруді жүргізу үшін қажетті, оның ішінде мемлекеттік, коммерциялық, банктік, салықтық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны (құпияларды) құрайтын өзге де құжаттар мен мәліметтерді Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, ұсынады.
2. Банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар кеден органының талап етуі бойынша ұйымдар мен дара кәсіпкерлердің банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы құжаттар мен мәліметтерді, сондай-ақ кедендік тексеру жүргізу үшін қажетті, мұндай ұйымдар мен дара кәсіпкерлердің шоттары бойынша ақшаның қалдықтары мен қозғалысына қатысты, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктік құпиясы бар құжаттар мен мәліметтерді ұсынады.
3. Тексерілетін тұлғамен кедендік тексеру жүргізілетін тауарлармен мәмілелер (операциялар) бойынша байланысты тұлғалар кеден органының талап етуі бойынша тексерілетін тұлғамен немесе осындай тауарлармен мәмілелерге (операцияларға) қатысы бар үшінші тұлғалармен жүргізілетін операциялар және есеп айырысулар бойынша кедендік тексеруді жүргізу үшін қажетті құжаттардың көшірмелерін және өзге де ақпаратты ұсынуға міндетті.
48-тарау. КЕДЕНДІК БАҚЫЛАУДЫҢ ЖҮРГІЗІЛУІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН ШАРАЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚОЛДАНУ
424-бап. Кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралар
1. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кедендік бақылау объектілеріне қарай кеден органдары осы Кодекске сәйкес кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін мынадай шараларды қолдануға құқылы:
1) ауызша сауалнама жүргізу;
2) кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұрату, талап ету және алу;
3) кедендік сараптаманың жүргізілуін тағайындау, тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу;
4) тауарларды, құжаттарды, көлік құралдарын, үй-жайларды және басқа да орындарды сәйкестендіруді жүзеге асыру;
5) кеден органдарының кедендік бақылаудың техникалық құралдарын, өзге де техникалық құралдарын, су және әуе кемелерін пайдалану;
6) кедендік алып жүруді қолдану;
7) тауарларды тасымалдау маршрутын белгілеу;
8) кедендік бақылаудағы тауарларды, олармен жасалатын кедендік операцияларды есепке алуды жүргізу;
9) маманды тарту;
10) басқа мемлекеттік органдардың мамандары мен сарапшыларын тарту;
11) тауарлар мен көлік құралдарына қатысты жүк және өзге операциялардың жасалуын талап ету;
12) кедендік байқауды жүзеге асыру;
13) тауарларды есепке алу жүйесінің болуын және тауарларды есепке алудың жүргізілуін тексеру;
14) тауарлардың арнайы маркалармен таңбалануын, оларда сәйкестендіру белгілерінің болуын тексеру;
15) электрондық кедендік алып жүруді қолдану.
2. Кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралар дербес немесе кедендік бақылау нысандарының қолданылуын қамтамасыз ету үшін қолданылады.
3. Кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шаралар - осы тарауға сәйкес, ал кедендік сараптаманың жүргізілуін тағайындау осы Кодекстің 54-тарауына сәйкес қолданылады.
425-бап. Ауызша сауалнама
Кедендік бақылауды жүргізу үшін маңызы бар мәліметтерді алу мақсатында кеден органдарының лауазымды адамдары жеке тұлғалармен, олардың өкілдерімен, сондай-ақ ұйымдардың өкілдері болып табылатын адамдармен, сауалнама нәтижелерін ресімдеместен, ауызша сауалнама жүргізуге құқылы.
426-бап. Кеден органдарының кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратуы, талап етуі және алуы
1. Кеден органдары кедендік бақылау жүргізу кезінде декларанттан, тасымалдаушыдан, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардан және өзге тұлғалардан кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратуға, ал осы Кодексте белгіленген жағдайларда - талап етуге, сондай-ақ сұрау салынатын (талап етілген) құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну үшін жеткілікті болуға тиіс оларды ұсыну мерзімін белгілеуге құқылы.
2. Сұрау салынатын (талап етілген) құжаттардың және (немесе) мәліметтердің тізбесін кеден органы мәміле (операция) шарттарын, тауар сипаттамаларын, оның мақсатын, сондай-ақ өзге де мән-жайларды ескеріп, тексерілетін құжаттарды және (немесе) мәліметтерді негізге ала отырып айқындайды.
3. Кеден органы құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну туралы сұрау салуда (талапта) белгілеген мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну мерзімі сұрау салу (талап), жіберілген тұлғаның уәжделген өтінішінің негізінде, оның ішінде жоғалған құжаттарды қалпына келтіру үшін ұзартылуы мүмкін. Құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың ұзартылатын мерзімі сұрау салу жіберілген тұлғаның өтініші негізінде айқындалады, бірақ ол құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынудың кеден органы белгілеген мерзімі өткен күннен бастап екі айдан аспауға тиіс.
4. Кедендік бақылауды кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру нысанында жүргізген кезде, кеден органы құжаттарды және (немесе) мәліметтерді осы бапқа сәйкес сұрататын осы Кодекстің 411-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 410-бабына сәйкес құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратады.
5. Егер Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында құжаттардың түпнұсқаларын міндетті түрде ұсыну белгіленбесе, кеден органдары сұратқан құжаттардың түпнұсқалары немесе көшірмелері, оның ішінде электрондық құжаттардың қағаз көшірмелері ұсынылады.
Ұсынылған құжаттардың көшірмелерін оларды ұсынған тұлға куәландыруға тиіс.
Кеден органдары ұсынылған құжаттардың көшірмелерінің олардың түпнұсқаларымен сәйкестігіне тексеруге құқылы.
Егер ұсынылған құжаттар қазақ немесе орыс тілінен басқа өзге тілде жасалған жағдайда, оларды ұсынған тұлғалар кеден органы лауазымды адамының талап етуі бойынша көрсетілген құжаттардың аудармасын қамтамасыз етуге міндетті.
6. Декларант, тасымалдаушы, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар және өзге тұлғалар кеден органдарына кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ауызша, жазбаша және (немесе) электрондық нысандарда ұсынуға міндетті.
7. Кеден органдары Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің мемлекеттік органдарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттердің өзге де ұйымдарынан кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сұратуға және алуға құқылы.
8. Кедендік бақылауды жүргізу үшін кеден органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан жүзеге асырылатын мәмілелер бойынша ақша операциялары туралы құжаттарды және (немесе) мәліметтерді алуға құқылы.
427-бап. Тауарларды, құжаттарды, көлік құралдарын, сондай-ақ үй-жайларды және басқа орындарды cәйкестендіру
1. Кедендік бақылаудағы тауарларды және оларға құжаттарды, көлік құралдарының жүкжайларын (бөлекжайларын), кедендік бақылауға жататын тауарлар орналасқан немесе орналасуы мүмкін үй-жайларды, ыдыстарды және өзге орындарды кеден органдары cәйкестендіру құралдарын қолдану арқылы, сондай-ақ тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу, тауарларды егжей-тегжейлі сипаттау, сызбаларды жасау, ауқымды бейнелерді, фотосуреттерді, безендіруді жасау, тауарға ілеспе құжаттаманы және өзге құжаттаманы пайдалану арқылы, сондай-ақ өзге де тәсілдермен cәйкестендіруі мүмкін.
2. Сәйкестендіру құралдарына пломбалар, мөрлер, цифрлық, әріптік және өзге де таңбалау, cәйкестендіру белгілері, мөртаңбалар, сейфті-пакеттер және тауарлардың cәйкестендірілуін қамтамасыз ететін өзге де құралдар жатады.
Кеден органдары пайдаланатын cәйкестендіру құралдарын қолдану тәртібін және дайындау бойынша оларға қойылатын талаптарды уәкілетті орган бекітеді.
3. Кеден органдары пайдаланатын cәйкестендіру тәсілдерін қолдану тәртібін, оның ішінде осы Кодекстің 247, 260, 272, 286 және 295-баптарында көзделген cәйкестендіру тәсілдерін қолдану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
4. Кеден органдары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің кеден органдары, сондай-ақ тауарларды жөнелтушілер немесе тасымалдаушылар қолданатын пломбаларды, мөрлерді немесе өзге де cәйкестендіру құралдарын сәйкестендіру құралдары ретінде тануы мүмкін.
Кеден органдары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің кеден органдары, тауарларды жөнелтушілер және (немесе) тасымалдаушылар қолданатын пломбаларды, мөрлерді немесе өзге де cәйкестендіру құралдарын тану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
5. Тауарлардың жойылуының, қайтарымсыз жоғалуының немесе елеулі түрде бүлінуінің нақты қатері болған жағдайларды қоспағанда, cәйкестендіру құралдары кеден органдары арқылы немесе олардың рұқсатымен ғана өзгертілуі, алып тасталуы, жойылуы немесе ауыстырылуы мүмкін. Көрсетілген жағдайларда кеден органына cәйкестендіру құралдарының өзгертілгені, алып тасталғаны, жойылғаны немесе ауыстырылғаны туралы дереу хабарланады және аталған қауіптің бар екендігіне дәлелдемелер ұсынылады.
Кеден органының cәйкестендіру құралдарын өзгертуі, алып тастауы, жоюы немесе ауыстыруы нысанын Комиссия айқындайтын cәйкестендіру құралдарын өзгерту, алып тастау, жою немесе ауыстыру туралы актіні жасау арқылы не кеден органына ұсынылған көліктік (тасымалдау), коммерциялық немесе кедендік құжаттарда cәйкестендіру құралдарының өзгеруі, алып тасталуы, жойылуы немесе ауыстырылуы туралы белгілер қоюмен ресімделеді.
428-бап. Кеден органдарының кедендік бақылаудың техникалық құралдарын, өзге де техникалық құралдарын, су және әуе кемелерін пайдалануы
1. Кеден органдары кедендік бақылауды жүргізу кезінде кедендік бақылаудың техникалық құралдарын (жабдық, аспаптар, өлшеу құралдары, құрылғылар және керек-жарақтар) және өзге де техникалық құралдарды пайдалануы мүмкін.
Кедендік бақылаудың техникалық құралдарының тізбесі мен оларды қолдану тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
2. Кедендік бақылаудың техникалық құралдары адамның, өмірі мен денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктерге қауіпсіз болуға тиіс және адамдарға, тауарларға және көлік құралдарына зиян келтірмеуге тиіс.
3. Комиссия кеден органдары пайдаланатын кедендік бақылаудың жекелеген техникалық құралдарына қойылатын үлгілік техникалық талаптар бойынша ұсынымдарды қабылдауға құқылы.
4. Кедендік бақылаудың техникалық құралдарын кеден органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кеден органдары жүзеге асыратын мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) өзге түрлерін жүргізу кезінде пайдалануы мүмкін.
5. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты кедендік бақылау кеден органдарының су және әуе кемелері пайдаланыла отырып жүргізілуі мүмкін.
Кедендік бақылауды жүргізу мақсатында кеден органдарының су және әуе кемелерін пайдалану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
429-бап. Кедендік алып жүру
1. Кеден органдары кедендік бақылаудағы тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тасымалдануын қамтамасыз ету мақсатында кедендік алып жүруді қолданады.
2. Кедендік алып жүру кедендік бақылаудағы тауарларды тасымалдайтын көлік құралдарын немесе кедендік бақылаудағы көлік құралдарын алып жүруді білдіреді.
3. Кедендік алып жүруді кеден органдарының лауазымды адамдары жүзеге асырады.
4. Кеден органдары кедендік алып жүруді:
1) кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарлар мынадай жағдайларда:
осы Кодекстің 226-бабына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ұсынылмаған не мұндай міндеттің орындалуын қамтамасыз ету осы Кодекстің 226-бабына сәйкес айқындалған мөлшерден кем мөлшерде ұсынылған;
тасымалдаушы, егер әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы заңды күшіне енген қаулылардың кемінде біреуі орындалмаса, көрсетілген қаулыларда белгілі болған, кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде міндеттерді бірнеше рет орындамаған;
тасымалдаушы осы Кодекстің 233-бабына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша міндетті белгіленген мерзімде орындамаған;
Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттарды және актілерді және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтамау белгілері анықталған кездегі өзге де жағдайларда тасымалданған кезде;
2) осы Кодекске сәйкес кедендік бақылаудағы шетелдік тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылмай тасымалдануы мүмкін болғанда осындай тауарларды тасымалдау кезінде қолдануға құқылы.
5. Егер бірінші немесе үшінші үлгідегі куәлігі бар уәкілетті экономикалық оператор кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарлардың декларанты болса, осы баптың 4-тармағының 1) тармақшасы бесінші абзацының ережелері қолданылмайды.
6. Кеден органы кедендік алып жүруді қолдану туралы шешім қабылдаған жағдайда, кеден органы тасымалдаушыға мұндай шешімнің қабылданғаны туралы хабарлайды және мұндай шешім қабылданған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірмей кедендік алып жүруді ұйымдастырады.
7. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы ғана көлік құралдарын кедендік алып жүру кезінде кедендік алып жүруді ұйымдастыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
8. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екі және одан көп мемлекеттің аумақтары арқылы көлік құралдарын кедендік алып жүру кезінде кедендік алып жүруді ұйымдастыру тәртібі Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шартта айқындалады.
9. Осы баптың 4-тармағы 1) тармақшасының үшінші абзацын қолданудың мақсаты үшін кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезіндегі тасымалдаушының міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тарту және оларды орындау жөнінде заңды күшіне енген қаулылартуралы ақпарат алмасу Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
430-бап. Тауарларды тасымалдау маршруты
1. Тауарларды тасымалдау маршрутын кеден органдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы кедендік бақылаудағы тауарларды тасымалдауға бақылауды қамтамасыз ету мақсатында белгілейді.
2. Тауарларды тасымалдау маршруты кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты не осы Кодекске сәйкес кедендік бақылаудағы тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылмай тасымалдануы мүмкін болатын осындай тауарларға қатысты белгіленеді.
3. Тауарларды тасымалдау маршруты шетелдік тауарларды Қазақстан Республикасының және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ішкі су жолдарына кірмей, Қазақстан Республикасының және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің теңіз порттары арасында су кемелерімен, оның ішінде аралас жүзу (өзен-теңіз) кемелерімен тасымалдауды қоспағанда, тауарларды автомобиль және су көлігімен тасымалдау кезінде белгіленеді.
4. Кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты белгіленген тауарларды тасымалдау маршрутын жөнелтуші кеден органы көліктік (тасымалдау) құжаттарда көрсетілген мәліметтерді негізге ала отырып белгілейді.
5. Тасымалдаушының кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты белгіленген тауарларды тасымалдау маршрутын өзгертуіне жөнелтуші кеден органының не оның жүру жолындағы кез келген кеден органының рұқсатымен жол беріледі, ол тасымалдаушының назарына электрондық немесе жазбаша нысанда жеткізіледі.
6. Тауарларды тасымалдау маршруты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалданатын тауарларға қатысты белгіленген жағдайда, кеден органдары көлік құралдарының орын ауыстыруына және тауарларды тасымалдаудың белгіленген маршрутын сақтауға қашықтықтан бақылауды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді және кедендік бақылаудың техникалық құралдарын пайдалануы мүмкін.
7. Кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты белгіленген тауарларды тасымалдау маршрутын белгілеуге, өзгертуге және сақтауға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін Комиссия айқындайды.
Кедендік бақылаудағы тауарларға қатысты тасымалдау маршрутын белгілеуге және сақтауға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібін осы Кодекске сәйкес осындай тауарлар кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылмай Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тасымалдануы мүмкін болғанда, уәкілетті орган айқындайды.
431-бап. Кедендік бақылаудағы тауарларды және олармен жасалатын кедендік операцияларды есепке алу
1. Кеден органдары кедендік бақылаудағы тауарларды және олармен жасалатын кедендік операцияларды есепке алуды жүргізеді.
Кедендік бақылаудағы тауарларды және олармен жасалатын кедендік операцияларды есепке алуға ақпараттық жүйелер мен ақпараттық коммуникациялық технологиялар пайдаланыла отырып, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жол беріледі.
2. Кедендік бақылаудағы тауарларды және олармен жасалатын кедендік операцияларды есепке алуды жүргізу тәртібі мен нысанын уәкілетті орган бекітеді.
432-бап. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде маманның қатысуы
1. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдары кеден органдарына жәрдем көрсету үшін, қажет болған жағдайда жекелеген әрекеттерді жасау үшін мұндай әрекеттердің нәтижесіне мүдделі емес, оның ішінде кедендік бақылаудың техникалық құралдарын қолдану кезінде қажет болатын арнайы білімдері мен дағдылары бар маманды тартуы мүмкін.